Леонид НузброхЛейб армия қызметін құрылыс батальонында өткерді. Семей облысында жер асты зымыран нүк...
Амангелді Кеңшілікұлы. ПЕТРАРКА МЕН БОКАЧЧО
(Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жоғарғы курс студенттеріне оқылған дәрістің жалғасы)
Франческо Петрарка
Сонымен құрметті студенттер. Данте туралы оқыған дәрісімді қорытындылайтын да уақыт келді. Мен сендерге ұлы ақын жайында жазылған көл-көсір еңбектердің тізімін беруден аулақпын. Олардың бәрін оқып шығуға сендер бәрібір уақыт таппайсыңдар. Сондықтан мен сендерге орыс сыншысы Дмитрий Мережковскийдің «Данте» деп аталатын кітабын оқып шығуға кеңес беремін. Соны оқып шықсаңдар да аз олжа емес. Сосын міндетті түрде Дантенің «Құдіретті комедиясын» оқыңыздар. Академик Сейіт Қасқабасов ағамыз "мәтінді оқыңдар" дегенді бекерден-бекер айтып жүрген жоқ. Шығарманы оқымай жатып жазушы туралы бірдеңе айтуға болмайды. Ал, енді рұқсат етсеңіздер Петрарка туралы дәрісімді бастай берейін.
Әдетте, біз Данте, Петрарка және Боккаччолардың есімін италияндық ұлттық әдебиеттің негізін салушылар ретінде бір қатарға қоямыз. Бірақ соған қарамастан өз уақытында замандастары Петрарканы бір әйелге арнаған ғашықтық сезімін өмір бойы жырлаған ақын ретінде ғана бағалап келді. Ол әйелдің есімінің Лаура болғанын да жұрт жақсы біледі. Аталған шығармадан кейін әдебиетте «петраркистер» бағытын қалыптастырған ақындар легінің дүниеге келгені де мәлім. Осы тұрғыдан алғанда Петрарканы италияндық әдебиеттің көрнекті өкілі ретінде Данте және Бокаччомен терезесі тең тұлға ретінде бағалауға болатыны ешқандай күман туғызбайтын шындық. Өйткені Данте де, Боккаччо мен Петрарка да ақын немесе жазушы ғана емес, әдебиетке жаңа бағыт, тосын жаңалық әкелген, өз мектебін қалыптастырған сөз өнерінің аса көрнекті өкілдері. Бірақ соған қарамастан Петрарка мен Боккаччоның өнерлерінде де, шығармашылық көзқарастарында да Дантеден едәуір айырмашылық бар.
Орта ғасырдың ұлы ақыны Данте көп қиындық көріп, біраз жасқа келіп 1321 жылы дүние салғанда Петрарка мен Боккоччо өте жас, біреуісі - он сегізде, екіншісі бар жоғы - он жаста еді. Ендеше қанша жақындатқымыз келсек те, араларында жарты ғасырдай алшақтық жатқан Данте мүлде басқа ұрпақтың өкілі, басқа заманның ақыны болып табылады. Дантенің поэтикалық және прозалық туындыларын оқи отырып, біз оның әлі де болса орта ғасырлық көзқараста тұрған ақын екенін аңғарамыз. Петрарка болса, оның өмірбаянын жазушыларының бірі дәл байқағанындай «жаңа дәуірдің алғашқы адамы», «бірінші гуманист» болды. Ақынның замандасы Боккачо шығармашылығы да тап осындай өлшемнің биігінен бағалануы тиіс. Басқаша сөзбен айтсақ, Петрарка да, Боккаччо да - Ренессанс дәуірінің алғашқы қарлығаштары.
Әйтсе де бұл екі ақынның шын мағынасындағы тарихи маңыздылығын түсіну үшін гуманистік қозғалыстың, индивидуализмнің (бір адамның мүдделерін қоғам мүдделеріне қарсы қоятын көзқарас) және шын білімге деген қозғалыстардың ара жігін ажырата білмек парыз. Көп жағдайда ғалымдардың осыны білмей, жұртты адастырып жататыны бар. Мысалы, италияндық гуманизмнің тарихы туралы жазылған жақсы кітаптардың бірі, Фохтаның еңбегінде Петрарканың ежелгі әдебиетпен тым қатты әуестенгенін айтып, асыра сілтеп жібереді. Автор өз кітабында Петраркадағы гуманистік көңіл-күйді байқамай, классикалық дүниелердің тақырыбын жазған шығармасының мазмұны етіп алған латын тіліндегі туындыларға сүйеніп, оны латынша жазылған туындыларды қайталаған ақын ретінде ғана бағалайды. Бұл түбегейлі қате пікір. Мәселе, Петрарка немесе Боккаччоның ежелгі ақындардан қандай да бір форманы алып, классикалық тақырыптарды латын тілінде жазғандарында ғана емес, олардың шығармаларынан гуманистік қозғалыстың мәні болып табылатын, жаңа рух, жана көңіл-күй немесе сөз өнеріндегі тың талпыныстардың көрініс тапқанында болып тұр. Сондықтан да біз Петрарка мен Боккаччоны ұлттық әдебиетінің тарихында маңызды қызмет атқарған жазушылар немесе италияндық поэзия мен беллетристикада көрініс тапқан жаңа дүниетанымның өкілдері ретінде де бағалаймыз.
Ежелгі заман гуманизмнің алтын қайнары болған жоқ. Тек оның көрінісі, тірегі, күрестегі қаруы болды. Біздің бұл сөзіміздің шындығына көз жеткізгісі келгендерді белгілі ғалым Михаил Сергевич Корелиннің «Ежелгі италияндық гуманизм» атты іргелі еңбегін оқып шығуға кеңес беремін. Ол өз кітабында гумманистік қозғалыстың негізінде жаңа уақыттың дара құлшынысы жатқанын тілге тиек етеді. Әлемге әйгілі мәдениет тарихшысы Якоб Буркхардтың «Қайта өрлеу дәуіріндегі Италияның мәдениеті» атты еңбегінде өнердегі дара тұлғалардың католиктік философияның догмаларына қарсылықта болғаны және нағыз мәдениетті шіркеудің ықпалынан алып шыққысы келгені жайлы баяндалады. Сол себептен де өнерге гуманистік бағытты әкелген Петрарка мен Боккаччоның жазғандары орта ғасырда дүниеге келген туындылармен салыстырғанда жаңа бағыттағы өркениеттің әдебиеті болып табылады. Гуманистер орта ғасырлық догмалық жүйені қиратып, нағыз білімнің дамуына даңғыл жол салып берді. Өкінішке қарай діннің ықпалын күшейту қажеттілігі туған реформация мен католиктік реакция дәуірінде бұл қозғалыс жойылды. Бірақ ХVІІІ –ғасырда ағартушылар қайтадан бой көрсетіп, Еуропа әдебиеті тағы да биік шыңдарды бағындыра бастады.
Енді Франческо Петрарканың өміріне де тоқтала кетейін. Ұлы ақынның ата-аналары кезінде туған қаласынан қуылған флорентиялықтар еді. Әкесінің қалауы бойынша ұлы ақын Монпелье мен Болоньеде құқық мамандығына оқыды. Бірақ жастайынан поэзия мен классикалық әдебиетке ықыласы қатты ауған Петрарканың әке-шешесінің айтқанын тыңдамай, бәрі басқа жолға түсті. Әлемге танылған ақын болды. Жетпіс жыл жасаған Петрарка Еуропаның біраз елдерінде тұрды –Францияда, Германияда, Италияда...
Петрарканың әдеби шығармашылығы өте ауқымды болғандықтан бірнеше топқа бөлінеді. Солардың бірін ақынның Лаура есімді әйелге деген махаббатын жырлаған италияндық сонеттері, канцондары, балладалары, одан кейінгілерін Дантеге еліктеп жазған аллегориялық поэмасы, латын тілінде жазған «Африка» поэмасы, өлең түріндегі жолдаулары, моральдық философиялық трактаттары, тарихи сипаттағы шығармалары, хаттары мен сөздері және тағы да басқа дүниелері құрайды.
Петрарка өте ерте танылды, шығармашылығының арқасында қоғамда үлкен орны болды. Ақынның атақ-даңқының зор болғаны сондай, әлі қырыққа да толмаған кезінде ол бір күнде мемлекеттік дәрежедегі екі үлкен салтанаттың тұсауын кесуге шақыру алады, біріншісі париждік университеттің канцлерінен, екіншісі римдік сенаттан. Петрарка өз таңдауын екінші шақыруға жасағанда, оның келу құрметіне орай Капитолияда салтанатты рәсім ұйымдастырылады. Император Карл ІV –ші оны үш рет өзіне тартпақ болады, король Роберт оның туындыларын жоғары бағалап, рим сенатымен бірге ақындар-сайысына шақырады. Папа оны алақанына салып аялап, түрлі қызметтер береді. Петрарканың достарының арасында қоғамда үлкен орны болған тұлғалар көп. Италияндық князьдар ақынға үнемі қамқорлық танытты. Флоренция кезінде әкесінен тартып алған жер меншігін ақынға қайтарып беріп, классикалық әдебиеттің кафедрасын ашып, оны жұмысқа шақырады. Венециандық сенат Петрарка ұлы қаламгер дегенді заңмен бекітті. Туған Отаны Ареццо ақынның еліне келу құрметін зор салтанатқа атап өтіп, ол туған үйге тиісуге тиым салады. Петрарка шығармашылығына табынушылар да өте көп болды. Ұлы жазушы Джовани Боккаччо шығармашылығына сүйсініп, ақын өмірбаянын жазды. Жас күнінде көптеген көзі ашық италияндықтар мен француздар оны бір көру үшін ғана Авинонға келді. Петрарканың сөзін бір тыңдау ұлы арманы болған, көзі көрмей, зағип болып қалған, өзі де өлең жазатын бір ұстаз ақынның шәкірттерінің көмегімен оны тауып алғанда, қолын сүйіп, қуаныштан жылап жібереді. Бір күні Миланға алтыннан бұйым жасайтын бір шебер келіп, ақынның құрметіне үлкен той жасайды.
Ұлы ақынның қаламынан туған дүниелердің бәріне тоқталу уақыт тығыздығына байланысты мүмкін бола қоймас. Дей тұрсақ та Петрарка жайлы әңгіме қозғалғанда ақынның Лаура туралы өлеңдер топтамасын тілге тиек етпеу мүмкін емес. Петрарка жырлаған Лаура өмірде болған әйел. Бірақ осыған қарап ақын өмір бойы Лаураны ғана сүйді деген мағынадағы ұғым тумауға тиіс. Ақын бір әдемі символдық көріністі тауып алғанда сол арқылы сұлулықты, адалдықты жырлап, адамдардың жүрегіне ізгіліктің сәулесін түсіруге тырысады. Байрон біз сөзінде «Егер Петрарка мен Лаура үйленсе, дәл осындай алапат сезіммен оны өмір бойы жырламас еді» деген екен. Карамзин де ұлы ақынның осы ойларын толықтырып: «Петрарка арманына жетіп, Лаурамен некелескенде тап осындай жалынмен жазылған жырлар ақын жүрегінен тумайтыны айдан-анық» дегенді айтқан болатын. Петрарка тұңғыш рет Лаураны 22 жасында діни мейрамдардың бірінде шіркеуден көріп, есінен тана жаздап, оған ғашық болып қалады. Осы кездесуден кейін жүрегіндегі ғашықтық дертін қалай басарын білмей Лаураға арнап өлең жаза бастайды. Тура 21 жыл өткеннен кейін Лаура оба аурына шалдығып, дүние салады. Лаура мен Петрарканың одан кейін кездескені немесе кездеспегені жайлы қандай да бір дерек жоқ. Зерттеушілер Лаураның бірнеше баласының болғанын айтады. Лаура өмірден өткеннен кейін де Петрарка оған арнаған махаббатын жырлауын жазуын тоқтатпаған.
Петрарка шығармашылығы қазақ ақындарына да игі ықпалын тигізді. Қазақтың ғажайып ақыны - Жұматай Жақыпбаевтың Ләйлаға арнаған өлеңдер топтамасын оқығанымда одан Петрарка шығармашылығының әсерін қатты сезем. Екі ақынның тағдырларында да қатты ұқсастық бар. Жұматай да тап осы Петрарка сияқты Ләйләні бір-ақ рет көргеннен ғашық болып, өмір бойы оны жырлады. Енді хабарымыздың соңында қазақ поэзиясының Петраркасы деп айтуға болатын Жұматай Жақыпбаевтың бір өлеңін оқып берейін.
Ешкімге мұндай мінез берілмеген,
Күнім ең көптен бері көрінбеген.
Ойымда ештеме жоқ,
домбыра ойнап
Жатыр ем нағашымның төрінде мен.
Үстіне артылған соң дара білек,
Шанақта бір оқшау күй барады үдеп.
Төр. Бөлме. Бір кездері әжем кірді;
Бесінім қаза болып барады деп.
Мұратқа соныменен жетті ме екен,
Бір тілде күбірлеп ап кетті бөтен.
Селк еттім. Не деп кетті? Сөйтсем әжем
"Ләйлә, илло-алло"... деп тұр екен.
Онсыз да жойылса да саны аз күнә,
Сүреге ұйи қалды сабаз мына.
...Өлең не? Ішінде атың бар болған соң
Оқығым кеп жүр менің намазды да.
Кетер күнім... Келер, келер ол дағы,
Бір қаралы шеру шығар жолға әлі.
Сол бір кезде жан баласы жыламай
Ләйлә, жалғыз сен өксісең болғаны...
Джованни Бокаччо
Шындығында да Қайта Өрлеу дәуірінің екі ұлы өкілі Петрарка мен Боккаччо замандастар ғана болған жоқ. Бір-бірінің шығармашылығынан рухани үндестік тапқан оларды суреткерлік мүдделері мен филологиялық қызығушылықтары да қатты байланыстырды. Уақыт өте келе бұл қарым-қатынас тереңдей түсіп, рухани достыққа ұласты. Бокаччо он жастай үлкендігі бар Петрарканы аға ретінде ғана емес, италияндық гуманизмнің негізін салған әдебиеттің көрнекті өкілі ретінде де жоғары бағалап, ұстазы санады. Петрарканың өмір жолын жазған биографтарының бірі болды.
Дей тұрсақ та, гуманизмнің негізін салған ренессантық екі тұлғаның табиғатында үлкен айырмашылық та бар. Петрарка ортағасырлық қалыпты қабылдай алмай, адамзаттық ойдың жаңа жолын салған, жаны тыныштық таппай, өмір бойы қоғаммен және өз-өзімен күресіп, сол күресте қатты қалжырағанымен, келісімпаздыққа көнбей өткен ақын. Мінезі жұмсақ Боккаччо, керісінше сыртқы күштің ықпалына тез беріліп кететін адам болды. Тым қызба және тұрақсыздау Боккаччо өзінің мінезіне сәйкес, терең ойшыл бола алған жоқ. Бір заманда өмір сүрсе де Бокаччо заман қайшылығын Петраркадай сезіне қоймады. Дәуірдің қарама-қайшылығы Петрарканың ой санасына қатты әсер етіп, жан әлемінің трагедиясына айналса, Бокаччо оның бәрін де қалыпты құбылыс ретінде қабылдады. Ескіліктің белгілері, Дантенің ықпалы, ортағасырлық поэтиканың әсері байқалатын Бокаччо туындыларында стилистикалық ала-құлалық та көп. Алайда терең синтез байқалмағанымен, бір жағынан шығармашылық стилінің жеңілдігі мен еркіндігі, екінші жағынан жаңа мәдени ағымға еліктеушілігі мен одан терең әсер алуының арқасында, жаңа ренессанстық поэтикалық жанр мен стиль қалыптастыруда Бокаччо ұстазы Петраркадан озып кетті. Сонымен қатар Бокаччоның үлкен философиялық дүниетанымы мен моральдық беделі болмағанымен, бәрібір ол Петраркамен салыстырғанда Ренессанстың демократиялық кезеңінің табиғатын суреткерлік шеберлікпен жан-жақты жеткізе білген италияндық ұлттық жазушы болып табылады.
Енді бір сәт Боккоччоның өмірі мен жазушылық жолды таңдауына қандай жағдайлардың әсер еткенін де әңгімелей отырайық. Қайта Өрлеу дәуірінің үш ұлы өкілі - Данте, Петрарка және Бокаччо флорентиялық қаламгерлер. Бокаччоның әкесі белгілі саудагер болды. Сауда ісімен Парижге сапар шегіп, сол жақта бір француз ақсүйек әйелімен көңілі жарасып, болашақ ұлы жазушы дүниеге келеді. Шешесі тым ерте дүние салып, әкесі некесіз әйелінен туған ұлын Флоренцияға алдырады. Әкесі ұлының саудагер болғанын қалайды, бірақ ол кәсіпті жан-тәнімен ұнатпаған Боккаччо бос уақытын латын және италиян авторларының шығармаларын оқумен өткізеді. Кейін әкесі үйленгеннен кейін екеуінің қарым-қатынасы суып кетіп, әкесі он төрт жасар Боккаччоны сауда ісі бойынша оқуын тәмамдауы үшін Неапольға жібереді.
Неаполь ол уақытары ірі мәдени орталық болатын. Жан-жақты білімі бар. Петрарканың қолдаушысы король Роберт Анжуйский сол жылдары сарайының маңына білімді адамдарды тарта бастаған еді. Кейіннен Боккаччо да сарай зиялыларына жақындауға мүмкіндік алады. Корольдың кітапханашысы Паоло Перуджино оған ежелгі классиканы, Андалоне дель Негро астрономияны үйретеді. Сол жылдары ол Овидий шығармаларын сүйсіне оқиды. Корольдың сарайында жүріп сұлу қыздарға қырындап, өлең шығарады. Король Роберттің некесіз жағдайда туған қызы Мария д'Аквиноға өлердей ғашық болып қалып, ол оның шығармашылық музасына айналады. Боккаччо өзінің ғашығын 1336 жылы Сан-Лоренцо шіркеуінде кездестіріп, оны құлай сүйіп қалады. Біраз уақыт Мария жазушыға ыңғай танытпай жүргенімен, бәрібір Боккаччо сүйгенінің жүрегіне жол табады. Әйтсе де махаббат қызығының шаттығы ұзаққа созылған жоқ. Мінезі жеңіл сұлу қыз Боккаччоның көзіне шөп салып, кейін оны тастап кетті. Бақытсыз махаббаттың күйігінен жаны күйзелген жазушы ұзақ уақыт бойы біресе өзін-өзі жазғырумен, енді біресе жалынып-жалбарынумен Мариямен қайтадан көңілін жарастыруға тырысқанымен, еш нәтиже шығара алмады.
Неапольда өткізген жылдарын Боккаччо өмірінің ең бақытты, сонымен қатар жазушы ретінде қалыптасқан кезеңі ретінде бағалай аламыз. Сол уақытта туған Боккаччо туындыларының барлығы да Марияға арналған. Өз туындыларында ол Марияны «фьяметта» деп атайды. Италиян тілінен тәржімалағанда ол «ұшқын» деген ұғымды білдіреді.
Бір ғасырда өмір сүрген үш ұлы ақын Данте де, Петрарка да, Бокаччо да өздерінің ғашықтарына арнап өлеңдер жазды. Алайда олардың ғашықтық жырларының бір-бірінен айырмашылықтары болды. Марияға махаббаты Боккаччоның барлық болмыс-бітімін жаулап алып, шығармашылығында ізін қалдырғанымен Дантенің Беатричеге, Петрарканың Лаураға деген ғашықтық сезімімен салыстырғанда бұл туындыда реалистік өмірдің шуағы мол. Данте үшін Беатриче жартылай абстракция, шығармашылығының барлық бағытын белгілеп берген періште құбылыс. Петрарканың Лаурасы жердің әйелі. Петрарканың барлық өмірі мен шығармашылығы жалғыз Лаураға ғана арналмаған. Оның шығармашылығында басқа тақырыпқа арналған туындылар да жеткілікті. Дей тұрсақ та Лаура бейнесі Петрарка үшін ақын шығармашылығын шабыттандырып, жақсы дүниелерді туғызуға рухтандырған құдірет болып табылады. Мария болса Боккаччо шығармашылығының бір кезеңіне ғана сәулесін түсірген өмірінің бір сәттік көрінісі ғана. Кейін Боккаччо басқа нәзік жандыларға да тап осындай мағынадағы туындылар арнады.
Мариямен қарым-қатынасының үзілуі Боккаччоның жан әлемін күйзелтіп жіберген жоқ. Одан кейін де ұлы жазушының талай әйелді сүйгені, талай нәзік жандылардан некесіз жағдайда туған балаларының болғаны тарихтан белгілі.
1343 жылы зиялылардың қамқоршысы болып, оларды сарайға тартқан король Роберт дүние салып, немересі ханшайым Джованна таққа отырады. Кейін сарайда қанды оқиғалар орын алып – ханшайымның күйеуі өлтіріліп, Неапольдағы ахуал күрделене түседі. 1349 жылы әкесі дүние салып, ол Флоренцияға қайтып оралып, қалған өмірін туған елінде өткізді.
Әрине, уақытымыздың шектеулігіне байланысты Боккаччо шығармаларының бәріне бір дәрістің төңірегінде тоқтала алмаймыз. Алайда Боккаччо туралы сөз болған соң жазушының негізгі шығармасы «Декамерон» жөнінде бір-екі ауыз әңгіме айтуға тура келеді. Шындығында да Джованни Боккаччоның әлемдік даңқы шамамен 1353 пен 1354 жылдар аралығында жазылған «Декамерон» туындысымен тікелей байланысты. Италияндық көркем прозаның дамуындағы елеулі оқиға болған бұл кітапта Боккаччо қоғамның діни дүниетанымына соққы беріп, өмірдің шындығын жан-жақты көрсете білді. Боккаччоның жас кезінде жазылған шығармаларынан-ақ көрінген ренессанстық реализмнің нәші «Декамеронда» бұрынғыдан да бетер айқындала түсті. Егер де Данте өнер әлеміне «құдайлық комедияны» әкелген болса, «адамдық комедияның» дүниеге келуі Боккаччодан бастау алады. Орта ғасырдағы хикаяшылардың дәстүріне сүйене отырып, Боккаччо өзінің ізбасарларынан барлық жемісті элементтерді алды: анекдоттық фабуланы, тұрмыстық белгілерді, өмірлік табиғилықты, тапқырлық пен өткірлікті дәріптеуді және т.б. Реалистік бояудың молдығының арқасында стиль мен жанр жаңарды. Өз кітабында Боккаччо тұңғыш рет жаңа композициялық тәсіл – әңгімелеу үшін әңгімелеуді енгізді. «Декамеронда» 1348 жылы Флоренциядағы оба ауруы кезінде үш жігіт пен жеті қыздың Санта-Мария шіркеуінде кездесіп, дерттің басылуы тарқағанын тоса тұру үшін қала сыртына кетіп қалып, он күн бойы бір-біріне неше түрлі оқиғаларды айтып береді. Академик Н.Веселовский осыған байланысты «Боккаччо жанды психологиялық белгіні – өлім алдындағы өмірге құштарлықты әдемі ұстап алды» деген болатын. «Декамеронның» әңгімелеушілері обаны ұмытып, дүниені өлім жалмап бара жатқан уақытта өмірді жырлайды.
«Декамерондағы» идеялардың, сюжеттердің, оқиғалардың байлығы, оның жазу стильінен де көрініс табады. Әдебиет зерттеушілері «Декамеронның» тіл байлығының молдығын да ерекше атайды. Бұрын-соңды бір-бірімен байланысы болмаған, дұрыс өңделмеген жазу мәнерін өзгертіп, Боккаччо жаңа бағыттағы италияндық прозаның стильін қалыптастырды.