Тамаша Қойшыбайтегі Омарқызы - Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақадыр кентінде 1979 жылы,...
Дәурен Қуаттың бір әңгімесі хақында
Әдебиет – осы дүниенің айнадағы бетпе-бет кескіні емес, қатарлас әлем секілді өз ойы, өресімен өрбіген тылсым кеңістік. Оған бойлау екінің бірінің қолынан келе бермес. Әйтсе де сол төңіректен әлдекімдерді іздейсің. Жан сусындатар шығарма тосасың. Ана жүлде, мына жүлдені алды дегендерді қарайсың. Қарайсың да қараясың. Сондай біреу көзіңе шалынса: сескенетін, үркетін хәлге жеттік. Оған да себеп бар...
Осы орайда Дәурен Қуат деген жазушының «Аспан таулар аясында» атты әңгімесіне интернет кеңістікте жолығып қалып, тас кенедей жабысып, сүйсіне оқып шықтым.
Жазушының шұрайлы тілі салған суреттер, кейіпкер бейнелері, тұрмыс көріністері әңгіме мұратынан шашау кетпей, басты қаһарман бала Дәрменнің төңірегінде өрбиді екен.
Әңгіме аспан таулардың қыспағындағы бір қыстақты суреттеуден басталады. Үй-жайды бейнелеудегі штрихтар, көзді қарықтырған қардың «көздің алмасын қарып» түсіретін өткірлігі, мал соңындағы малшының қарға ізін ғана қызықтай алатын көңіл алданышы - қара тұрмыстың ащы бейнесіy көз алдыңа тұндырады. «Малды малдай адам ғана бағады» деген түнек түсініктің ажары аямай ашылған.
Үйдегі үш жан мен сондағы дүние-мүлік те қашанда құлағы түрулі ғұмыр кешетіні байқалады. Алабөтен сыбдыр мен қараң-құраңнан елеңдеп, тау әмірі не дер екен дегендей елегізіп отырғаны. Азын-аулақ жихаздың өзі жазушы суреттеуінде жанды заттар секілденеді. Енді бір сәтте, өзіңді де сол қыспақтағы қыстақтың бір мүшесіне айналып жара жатқандай аңғарасың.
Осы сүреңсіз тірлікке өң кіргізетін бір шақ, отағасы оралып, отанасы дастарқан жәйіп, жарығы көмескі шамдалдың білтесі көтеріліп, үйге жарық шаттана жүгіретін кешкі мезгіл екен...
Бұл отбасының басты уайымы малдың амандығы. Қауіпі дала тағыларынан. Атын атауға дәті жетпейтін ит-құс атты перілер. Бірақ, олар да осы аспан тау аясының толыққанды мүшелері, олардың тағдыры мен жаны да тау әміріне тиесілі. Бір-бірінсіз күні жоқ, аңдысқан өмір. Қорқу мен сақтық қана жан сақтайтын табиғаттың қатал заңы тұнған орта.
Тіпті, шам жарығынан әкенің ту сыртына көлбеңдеген көлеңке де құбыжық болып көрінеді.Сәл желемік көтерілсе, үйдің іші-сыртына жан біте бастайды. Бөтен сыбдыр жақсылықтың нышаны емес, үрейді ғана оятады.
Әңгімені қай тұстан бастаса да сол ит-құс пен ауа райының маңы. Малдың амандығы ғана көңілге тоқтық әкеледі. Соноу сырттан бар екендігін білдіріп, дабыс беріп жатқан жылқы мен сиыр да медет.
Осыншалық сұрықсыз, тіпті сәуле түссе селк ете қалатын өмірге шуақ әкелетін бір ғана нәрсе бар-тын. Мынадай ит байласа тұрмас дейтін жерде адамның бойына ертеңге деген үміт отын жағып, бұдан өзге де өмір барын ұқтыратын бір ғана нәрсе, ол - халық ауыз әдебиеті еді.
«Көбіктен қалқып алып, үрлеп жасағандай бүйірлі, жұқа көзе желкелігіне қонған білтелі шам кенет самаладай жарқырап, төңірек түкпірлей ашылды.» деп жалғасқан әңгіме желісі қиялшыл баланың ішкі жан дүниесін аша түсетін сурет.
Әдеттегідей кешкісін:
« – Бастасаңшы, – деді апасы.
– Бастасақ бастайық, – деді көкесі.
Апасы білте шамның жарығын молайта түскен. Шамның жарығы жайылып, көкесі қолына алған кітаптың бетіне үңілеген мезет қой көздері үлкейіп, жайнап сала берді. Бір қырындап тізе бүккен апасы бұған әредік қарап қояды. Дәрмен көкесіне: «Көке, дауыстап оқыңызшы», – дейді күндегі әдетіне басып.
«Заманнан көп замандар өтті дейді,
Біреудің жалғыз ұлы бопты дейді».
Бозжігіт. Жеті жасында хат таныды. Қарашаш деген хас сұлуға ғашық еді. Екеуі бір бірін түсінде көріп, тілдесіп жүрді. Сөйткенде Бозжігіт ғайып болды. Бозжігітті анасы жоқтап аңырайды.
Түйе неге боздайды? – Ботасы оның жоқ шығар.
Жылқы неге кісінейді? – Құлыны оның жоқ шығар.»
Біраздан соң, тәтті ұйқы меңдеген Дәрмен түс көреді. Бозжігіт пен Қарашаш арасындағы бақытсыз махаббатты жырлайтын лиро-эпостық шығарманың ендігі кейпкерлері - көкесі мен апасы болып шыға келеді. Көкесінің таққа отырып ханның кейпіне енуі, тас үйінің кең сарайға айналуы, апасының алтын-күміске малынғаны - мына сұрықсыз тұрмысқа қатарлас өмірдің қол жетпес шындығы іспетті. Дәрменнің өзі де түсінде сол ғажап әлемге күп береді.
«Дәрмен мұнда адасып келгенін ұқты.
– Сен кімсің?! – деп ақырды тақтағы хан.
– Дәрменмін.
– Дәрмен емессің!
– Иә, Дәрмен емес, Бозжігітпін. Түсімде ғана тілдесетін Қарашашты іздеп келдім. Мен де бір ханның ұлы едім. Ғайыптан тайып осында тап болыппын.»
Ақсақ-тоқсақ қойларды бағу да Дәрмен бала үшін аса күрделі тапсырма сынды. Оларға әмірі жүреді. Шәңкілдеген бала дауыспен қайырады. Сес танытады. Бір тостақ қымыз оған қайрат пен қиял бітіріп, батырға айналады. Естіген ертектері мен қиссалар желісінде оның ойында уақиға өрбиді. Халқына бүйідей тиген Қызылбастың елін шаппақ болады. «Мен мұнда егескелі келгенмін, батырыңмен алысып, теңескелі келгенмін» - деп айбаттанады. Оның бойында ер балаға тән қорған болуға ынтық сезім атша тулайды.. Сол отансүйгіштік қасиет ата-атаның әлгіндей жыр-қиссалары арқылы бүр шашып, ұрпақ сабақтастығының бекем болуына себепкерлігі айқын аңғарылады.
Қиялдың ең бір шоқтығына жете бергенде шынайы жау малға шапты. Ол қылыш, күрзі ұстанбай, үлкендерден естіп құлақсіңді болған бетқаратпас ащы боқтықпен тікқұлақ жауға айбат шеге қарсы шықты.
Ер азаматқа тән еркектік мінез танытты. Оның осындай ғайбат сөйлеп, жауын жасқай алғанына көкесі де дән риза болған тәрізді. Ал «Апасы мейрлене тіл қатты: «Батыр болды деген осы, жарығым». деп...
Дәрмен баланың ата-анасын ойлап уайымдауы да негізді. Мынадай қиямет-қайымы айтып келмейтін тірлікте келесі сәтте не тосып тұрғаны беймәлім. Бұл - бала болса да Дәрменнің өмір шындығын танудағы көзашықтығы. Өзінің амандығының кепілі ата-анасының аман-саулығына байланысты екенін түйсіне білуінен. Адамның келешегі - табиғаттың қабағына байланған әлдебір тылсым күштің құзырында тәрізденеді.
Түн жарымында жұмыс бабымен сау ете түскен қос ақсақал да әңгіме танабына тосын сарын әкелген. Ел басына күн туған шақ пен сыңарын жоқтаған зарлы баян, тарих қойнауынан күмбірлей шыққан бәйіт-жыр шығарма мазмұнын байытып, бала Дәрменнің қиялына тағы қанат бітіреді. Кезектесе түн қысқартып, ұзақ-сонар хикаят соғып, жатқа жыр айту сол кездегі салттың бірі еді. Жалғанның тәлейі ажыратып, қапелімде көз жазып қалған егіз ұл - осы қарттардың бейнесінде қайта табысып отырғандай әсер алады, Дәрмен. Бұлар да көкесінің ертегісінен түскен суреттер сынды болатын-ды. «Бурыл қабақ бұғыдай кісі күндердің күнінде Алтыншаңырақ тауының басынан түсіп әңгіме айтатын шығар дейтін қиялында Дәрмен бала.», «Мына екі шал: Ғалисина мен Әбілхарис. Қоржынның қос басына таңылып үдере босқан елдің көшіне ілескенде бір-бірінен көз жазып қалған. Бірақ, кейін табысқан. Осы таулардың арасында табысқан. Алыстан арып-ашып жеткен, сосын қарт адамдардың кейіпіне еніп, Дәрменнің үйіне келіп отыр.»...
Таудың терең құшағында ұйып қалғандай тыныштықтың селт еткен ауасы Дәрменнің қаперінен қалт кетпейді. Оның қағылез ойын жетектей жөнеледі. Осындай табиғи тәрбие оны аса бір зеректікке, көпшілік көре бермейтін құбылыстарды байқайтын аңғарымпаздыққа апарды.
Дәрмен үшін ең үлкен қуаныш көктемнің келуі. Соған орай алты ай қыс зарыға күткен не бір қызықты күндер де ілесе жететініне сенімді. Ата-анасының қас-қабағын бағып өсіп келе жатқан Дәрменнің көкесі мен апасы да өз тараптарынан табиғаттың қас-қабағын аңдумен ғұмыр кешуде. Әңгіме арасында көктемнің алғашқы құсы ұзақ екені айтылып, күн сына сол жыл құсын тосуға көшетіндей. Қый оюға, көшіруге кісі келеді деген хабарлар да ертеңге деген үмітті қаузай түсетіндей. Осы бір төбесінде алақандай ғана аспаны бар, қиямет шұңқырындағы тіршілік иелері үшін өмірдің шектеліп қалмағаны байқалады. Тыс дүниемен қарым-қатынасы, араласып істер шәруалары бар екені көрініп тұр. Бұл отбасының қара бастың қамымен ғана осы аспан таулардың қапасында қамалып отырмағаны расталады. Мойындарында аса үлкен жауапкершілік артқан, қоғамның маңызды мүшелері. Арық-тұраққа бас көз болған Дәрмен де сол қоғамдық іске өз үлесін қосып жүр.
Әңгімедегі тілге тиек етілген көріністердің барлығы басты кейіпкердің образын ашып, оның жан-дүниесін тануға қызмет етеді. Басы артық ешқандай бояу, сурет, көлеңке, қыймылды аңғармайсың. Әңгіме жанрының талабы қатаң сақталған. Тіпті тұтқиылдан келген қос қонақтың әңгіме-қиссалары да Дәрмен баланы қиялға бөлейді. Оның енді-енді жетіліп, қанаттанып келе жатқан өмірге деген құштарлығын аша түседі.
Осы арада келісе салуға қанша өзімді азғырсамда бой бермеген бір кілтипан бар. Ол көктемді аңсаған Дәрменнің ой-арманы туралы толғанысты баяндау тұсы. Жүректен шыққан толғаныстан ешқандай кінәрат іздеп отырғам жоқ. Өйткені, бұл - жасандылықсыз ақтарылған ақуыз пейіл. Тек, ішкі түйсікте бір ой қылаң етті. Егер осы келешекке деген экскурсты өз жарасымымен өрілген әңгіме арасына қыстырмай, соңын қорытындылау ретінде берсе, яки желіден мүлдем алып тастаса қайтер еді деген сауалға қалдым. Әрине, автордың бала Дәрменнің образына еніп, осынау өмір суреттерін тамылжыта жазуы аса шеберлікті қажет етеді. Автор сол үдеден шыға да алған.
Егер жүрегі алабұртқан бала Дәрмен көктемді өз ішінен сағынса, күні ертең осы киелі орынға келіп тағзым етерін өз кеуілінде аңсаса, мынадай күпті ой келмес пе еді. Соншалықты елжіреп, автордың егіле жазуы бала Дәрменді жанындай жақсы көруінен, қимастықтығынан. Автордың шығармаға арқау болған өмірді еркіне жібергісі келмеген мөлдір махаббаты - оны ақыры еркінен тыс араластырды.
«Көктем келе жатыр! Жым-жырт табиғаттың жарығында үлкендердің қас-қабағын бағып қана күн кешетін Дәрмен баладай көктемді сарыла күтетін жан бар ма екен бұ жалғанда? Сірескен қары ертең-ақ сылқ-сылқ еріп кете беретін таулардың тынысынан көктемгі көрікті дүниенің нұржамалын сезініп қуанатын жүрек Дәрменде ғана бар шығар… Соқпағы мен сүрлеуі мың түлеп, мың түрленген өмірді адам қай нүктеден бастағанын ұмытпаса, Дәрмендей балақайдың тас қыстауына түбі бір соғар еді. Соғар еді де, қайта табысар еді. Өзімен. Сонда ол, бір кезде көңіліне байланған, көкейіне қонақтаған ыстық ұясын мүлде ұмытқанына ұялып: апыр-ау, мен қайда кетіп қалғанмын деп ойланатын да еді. Дәрмен ертең-ақ ер жетерін, ер жеткен соң бүгінгі күндерін сағынып, «Сарытау» деп аталатын қыстауына қиялымен келіп-қайтып жүретінін білетін-ді. Оған дейін әлі көп күндер, айлар, жылдар бар, әрине.»
Дәрменнің күні ертең ержетіп, мықты азамат боларына еш күмән жоқ. Аспан таулар аясындағы тас қора мен тас үйдің маңындағы тұғылдарда қиялын қанат қылып, ойнап жүрген Дәрменнің бала бейнесі сол төңіректің жадында мәңгілік сақталған. Ал, ержеткен Дәрмен сол қоныспен сағына барып, қайта қауышса, ұзап кеткен бүгіні де - сол балдай тәтті балалық шағын ғана көруге ынтызар екені даусыз.
Ертегіден төгілгендей бала Дәрменнің бейнесі көз алдымда сол қалпында мөлдіреп тұрғанын қаладым. Сондықтан болар, автордың баяндауына наразы болғаным...
Шығарманың тұтастығы зардап шекпейтін кейбір дүниені қымбаттылығына қарамай, қиып тастауға тура келетін жәйттер болады. Одан шығарма шымырлана түспесе, ұтыла қоймас.
* * *
Жуырда, Дәурен Қуат Білім күніне орай әлеуметтік желіге шағын жазба салыпты.
«1- қыркүйек болған соң ойға оралып отыр: дәл осы күні мен таудан түсіп, бұл өмірде өзім құралпы балалардың болатындығын алғаш рет көріп едім».
Бұл жазба – осы ой қорытқан әңгімеміздің автобиографиялық туынды екенін растайтын айғақ. «Өмірбаяны жоқ жазушы – халтурщик».
Дәурен Қуаттың жазушылық машығы классикалық дәрежеде қалыптасқан, көкірек көзі: ерекше суреттер мен құбылыстарды көріп, тосын да танымдық ой түзуге бейім. Әдебиетте айтылмаған не қалды деген де: осы қаламгердің шығармаларынан жауап табылатынына бек сенімдімін.
З. Самалбекұлы