Қызылорда қаласынан ең үлкен әпкем хабарласып, жағдай сұрасып болғасын, «Үйіңде немесе таныста...
Камал Әлпейісова. Сіздей жанды іздеп ем...
(әңгіме)
Қызыл жолақты «Жедел жәрдем» төбесіндегі шамын жағып қойғаны аздай, қиқулатқан дыбысын қосып, Жәмиланы перзентханаға лезде-ақ алып келді. Мұның дәрігер екенін естіген соң бастапқыдағы суық жүздері жылып, анау-мынау ресімдерге тым шұқшимай, тіпті көлік ішінде де жайын табуға тырысып жатқан әріптестеріне ризашылықпен күлімсірей көз салды.
- Толғағың піскен кезде де осылай күлімсіреп жатсаң, балаң жылауық болмайды, - деді жасамыс акушер әйел бұған көзін қысып қойып.
- Рас па? Менің қызым неге жылауық десем... Содан екен ғой...
Тәжірибесі жоқтығын білдіріп алмайын деген оймен барынша салмақты болуға тырысып, жүкті әйелдің қасында тапжылмай отырған жас дәрігердің жаңалық ашқандай түріне қарап, екі әйел қосыла күлген.
Осындай әдемі көңіл-күйде перзентханаға жетіп, босану залына өткен соң, анасы айтатындай «ащы толғақ» басталды. Өзі де талай рет әйелдердің босанғанын, олардың жерді тырмалап, жар жағалап кететінін, шаштары дудырап, көз жастары тарам-тарам болып жылағандарын, айқайлап, шыңғырғандарын көріп жүріп, толғақ қысқанда ол байғұстар тап осылай – шыбын жанын қоярға жер таппай, қиналады деп ойламапты...
Толғағы бір қысып, бір басылып, сүйек-сүйегі жарылып кетердей бебеулеткенде, кеудесіне ауа жетпей, санасы тұманданып, не істеп, не қойғанын білмейді... Әйтеуір, бір топ ақ халаттының сапырылысып, біресе оттегі толтырылған жастықты аузына тосып, біресе қарына ине шаншып, айналасында у-шу боп жүргені, со-сыы-ын баланың құмыға іңгәлағаны ғана еміс-еміс есінде қалыпты...
Көзін ашқанда төсегінің қасындағы кішкентай керуетке мейірлене төніп тұрған ақ халатты әйелді көріп, аң-таң қалды. Ардақ?! Бес жыл бір бөлмеде жатқан кезде аралары ажырамастай болса да, оқу бітіргелі өткен жиырма жылдай уақытта бір де бір рет жолығысудың сәті түспеген досы! Өңі ме, түсі ме?.. Көзін қатты-қатты жыпылықтатып, тағы қарады. Сол!
- А... аар-даақ!
Жалт қараған Ардақ ақсия күліп кеп, мұны құшақтай алды.
- Жаным-ау! Жәмөгім-ау, сені де көретін күн бар екен-ау...
Жәмила көзіне жас ала, кемсеңдей күлімсіреді. Сосын лықсып келген сезіміне ие бола алмай, солқылдап жылап жіберді. Ардақ та қосыла жылаған. Дегенмен, дәрігерлік парызы – дәл қазір жас босанған әйелдің көңіл-күйін түсіруге болмайтын қағида есін тез жидырып, құрбысын жұбата бастады. Бірақ іштен тынып, қыстығып жүрген Жәмила жан құрбысы «Қоя ғой! Қоя ғой!» деп арқасынан қаққан сайын одан әрмен булығып, өкси түсті.
Ардақ көз жасын көпке дейін тыя алмаған құрбысын құшақтап отырып «Толғағы ауыр болды. Әбден қиналды ғой – жыламай қайтсін?» деп ойлаған. Бірақ көңіл түкпірінде «Босанғаннан кейінгі күйзеліске түсіп кетпесе жарар еді» деген күдік қылаң беріп, жалма-жан Жәмиланың көңілін аулап, оның назарын қуанышты жайларға аударуға тырысты.
- Ал, батырыңның бауы берік болсын!
Жәмила езу тартты.
- Өзің шынашақтайсың, ал баламыздың салмағы төрт жарым келі, бойы елу алты сантиметр. Әкесі бір батыр тұлғалы жігіт болар деп отырмын...
Жәмила кең жауырынды, еңсегей бойлы Бақтиярды көз алдына елестетіп, тағы да жылап қоя берді. Ардақ құрбысының бағаналы бергі жылауында бір мән бар екенін енді ұққандай... Сұрақ қоюды сап тыйды.
Ардақ түк өзгермепті. Студент кездеріндегідей ақжарқын, бауырмал. Қолы сәл босаса болды Жәмилаға жүгіріп келіп жүріп, палатадағы әйелдерді де баурап алды. Ал өз құрбысын ерекше қамқорлығына бөлеген. Жәмила біресе мұның ішін тарта байлап, біресе «сәл ұйықтап ал» деп баласын тербетіп, күнара ыстық сорпасын тасып жүрген досына қарап, анасының: «Не нәрсенің де қайыры болады. Сабырлы бол!» дейтінін еске алды. Ардақтың жолығуын жаны қиналып жылап жүрген күндерінің өтеуіндей шүкіршілікпен қабылдап, сабырлы қалпына түсті.
Перзентханадан Ардақ пен күйеуі шығарып алды. Мейірман студент кезде-ақ ұйымдастырушылық қабілеті мол, пысық жігіт болатын. Бұл жолы да өмірге келген сәбидің алғашқы тойын өткізуді өз мойнына алғаны көрініп тұр: Ардақтың бөлмесінде жайылған дастарханды басқарып, бір-екі өнерпазға ән салғызып, отырысты кәдімгідей дуылдатып жіберді.
- Ал, ағайындар, достар, танысып қойыңыздар – Ардақ! Жәмиланы босандырып, баланың кіндігін өзі кескендіктен, дәстүріміз бойынша да, медициналық факт бойынша да мына батырдың кіндік шешесі осы кісі болды, - деді айналасына маңғаздана қарап.
Отырғандар «Дұрыс! Болсын!» - деп шуласып жатқанда есік қағылып, Мейірман ішке ақ шапан киген ер кісіні ертіп кірді.
- Ал, енді менің Ардаққа жақын екенімді білесіздер ғой, - деді ол енді қуақыланып. - Сонымды пайдаланып қалайын: Жәмиланың сәбилі болу арманы орындалды деп, әрі Ардақ екеуміздің атымыздан құрап, баламызды Арман деп атамақпыз. Атын азан шақыртып қою үшін мешіттен имам шақырдық...
Жәмила ризашылыққа толы жанары жасаурап, сәбиін Мейірманның қолына ұстатты.
- Сенің атың – Арман! Арман! Арман! – деп үш рет қайталады имам.
Баланы қырқынан шығарған күні Мейірман Ардаққа қарап қойып бір әңгіменің шетін шығарды. Сірә, өздері алдын-ала ақылдасып алған сыңайлы.
- Жәмөк, біз бір атақты маманды шақыртып, инфаркт, инсульт алған адамды оңалту кезінде жасалатын арнайы уқалауды үйрететін курс өткізгелі жатырмыз. Сен соған қатысып, үйреніп алсаңшы.
- Басқаларға қарағанда сен тез үйренерің анық, қанша дегенмен кардиологсың ғой, - деп Ардақ та қоштап қойды. – Әрі... баламен декретте отырған кезде аздап тиын-тебен табар едің...
Иә, баламен отырған кезде керек болады деп, киім алмай, күнделікті тамағынан жырып жинаған азын-аулақ қаражаты бар. Бірақ ол қаншаға жетеді? Қарап отырса, жөргегінің өзіне әжептәуір ақша кетеді екен. Ал бұл бала өспей ме? Үнемі құндақталып жатпайды ғой... Киім де керек болады...
Шыны керек, бұл – өзін де қажытып жүрген ой еді. Содан да достарының уайымын дөп басқан ұсынысына елеңдей құлақ түрген. Бірақ, баланы кімге қалдырады? Сол ойын айтып күмілжіп еді, мұны да ойластырғандарын білдіріп, Ардақ досын иығынан құшақтай:
- Саспа! - деді. - Бізде санитарка боп істейтін бір қызбен келісіп қойдым. Сабағыңа барып келгенше баланы сол қарайды. Ақысын төлейміз дедім, оған қоса, кейін Мәкең оның жұмысқа тұруына көмектесетін болды.
Солай деп, күйеуіне еркелей, наздана көз тастап еді, Мәкесі «Оған сөз бар ма?» дегендей күлімсірей басын изеді.
Курсқа қатысып қана қоймай, Ардақ айтқандай, кардиолог дәрігер болуының арқасында әдіс-тәсілдердің мәнін ұғып, басқалардан бұрынырақ игерді. Жәмиланың аса сақтықпен жасалатын медициналық уқалауды өз біліміне сүйене отырып, еппен де болса, батыл жасай бастағаны тәжірибелі тәлімгердің назарынан тыс қалған жоқ. Он шақты күн өткенде өзіне ассистент етіп, тіпті инфаркт, инсульт ауруларынан кейінгі оңалтудың келесі, тереңдетілген курсына тегін жолдама берді.
Әркім өз саласының мықты маманы болуы керек деп санайтын Жәмила жүрек, қан тамырларының ауыр түріне шалдыққандардың бірқатары өмірден жастай кететініне, оған кей жағдайда оңалту емінің дұрыс жолға қойылмауы да себепші болатынын білетін. Бәлкім содан да болар, оңалту кезінде қолданылатын емдік уқалаудың өте тиімді жаңа тәсілдерін үйренгеніне қатты қуанып жүр. Іштей «Бұл емге мұқтаж жандар болмай-ақ қойсыншы» деп тілегенімен, кардиология саласындағы жағдайдан жақсы хабардар ол, өзінің көмегіне қол созатындар аз болмасын сезді.
Біртіндеп емдік уқалауды қажет ететіндер пайда болып, уақыт өте мұны іздеушілердің қарасы көбейе бастағанда тағы да Ардақ көмекке келді. Айналасында жүрген туыс қыздардың біреуін ертіп әкелді. «Өзіңе серік әрі қолғанат болады», - деп түсіндірген ол кетіп бара жатып: «Біз кіндік баламызды өз туысымыз бақсын деп шештік», - деп қалжыңдады.
Сол күні Жәмила ұйықтай алмай дөңбекшіп жатып, өткені мен бүгінін көп ойлады. Бұрынғыдай салт басы болса бір сәрі, баласын қалай жеткізеді? Ертең не боларын болжап білмейтін бұлыңғыр болашақта екеуінің тағдыры не болмақ? Әкесі бар балалар әлімжеттік жасап, шетқақпай етсе, балапаны өзін кем санап, қорланып қалады-ау деген уайымнан іші-бауыры борша үгітіліп, өз-өзіне ие бола алмай булыға жылады. Қанша ойламайын десе де Бақтияр есіне түсіп, жүрегі одан әрмен сыздады...
Жолына ұзақ қараған... Бой көрсетпеді. Бір қызметтестері хабарласып құттықтағанда «келіп-кетер» деп емеурін танытқан. Келмеді. Оның тату-тәтті күндерді тез ұмытқанын, тіпті аһ ұрып армандаған баласы дүниеге келіп жатқанда бір хабарласпағанын түсінбеді. Жаман ойға қимады. Іштей күйініп жүрсе де оны ойша ақтап, үмітін үзбейтін. Тым болмаса, жүзбе-жүз сөйлесіп, кетсе де жөнін айтып кетер деп жүргенде екеуі кездейсоқ кездесті.
...Ойламаған жерден кезінде бірге істеген медбике телефон шалып, жыл қорытындысы бойынша үлкен көтерме айлық берілейін деп жатқанын хабарлаған. Бұның да істеген уақытына қарай материалдық көмек алуына болады екен, тек келіп, арыз жазып, бір-екі қағазға қол қойып кетсе болғаны.
Жәмила қуанып кетті: қаражаттан қысылып жүргені рас еді. Ертесіне баланы Ардаққа қалдырып, жұмыс орнына келген. Медицина кабинетінде отырған Бақтиярды көріп бір орнында қалшиып тұрды да қалды. «Әдейі ұйымдастырған ба?» деген ой жылт етті. Олай емес екен – жүрегі қағып, қан қысымын өлшетуге келіпті. Сасқаны болар, «Неғып жүрсің?» - деді бұған. «Арыз жазып әкелдім...»
- Арыз? Бақтиярдың өңі бұзылып кетті.
Мына сөз миын шаншып өткендей Бақтиярдың басы зыңылдап, жүрегі бұрынғыдан бетер тарсылдай жөнелді. Үстінен арыз жазған ба? Енді қайтті? Құритын болды ғой... қызметі, болашағы бәрі-бәрі... Өзінен де бар: жүкті екенін біле тұра және өз қаны екенін сезе тұра арақатынастарын адамдық жолмен реттеудің орнына теріс айналды...
Жалынып, «Арыз бермеші» дейін десе, тілі күрмеліп, икемге келмеді. Басы зыңылдап, теңселіп тұрды да, ләм-мим деместен шығып жүре берді...
Жәмила әріптестерінен қысылып, тезірек кеткісі келген – қол қоятын құжаттар басқа бөлімде екен, алып келуге кеткен медбике жуық арада орала қоймады. Тықыршып отырғанда есік сарт етіп ашылып, медбике жүгіре кірді:
- Бақтиярдың жүрегі ұстап, кабинетінде құлап қалыпты!
Тапырақтай жүгіре жөнелген дәрігерге еріп Жәмила да тұра ұмтылды...
Кабинет ортасында сұлап жатқан Бақтиярды қоршаған адамдарды кие-жара өтіп келе жатып, «Ауа! Ауа керек! Терезені ашыңдар!» деп айқайлады.
- Әрі тұрыңыздар! Шығыңыздар!
Құлағын Бақтиярдың кеудесіне тосып, ара-тұра лүп еткен жүрек қағысын әзер аңдады. Жанталасып, жүрекке тікелей массаж жасай бастады.
- Дем ал! Жалынам, дем ал!
Бақтиярдың ыңыранғаны естілді.
- Жедел жәрдем! Жедел жәрдем шақырыңдар! – деп айқайлады не істерін білмей тұрған дәрігерге.
- Өлме! Жалынамын, өлме! Сүйіктім! Тірі жүрсең болғаны! Жаным! Тек тірі жүр!
Серейіп жатқан еркектің қасында шыр-шыр етіп аласұрған талдырмаш әйелдің қимылы, өзін-өзі ұмытып, тек соның амандығын тілеп жалбарынуы сол жерде тұрғандарды таң қалдырды. Оның көз жасын төге жүріп, өлім мен өмірдің арасында жатқан адамды құтқарам деп жанталасқаны қара көбейтіп, топырлап тұрғандарға өз қолдарынан түк келмейтіндігін, ес-түссіз жатқан адамның тірі қалу-қалмауы мына әйелдің қолында екенін ұқтырды. Бір кезде Бақтияр «ууф...» деді де, ақырын ғана көзін ашты.
Сол сәтте топырлап жедел жәрдем бригадасы де келіп кірген.
- Бұл не тұрыс? Тараңыздар!
Буын-буыны босап кеткендей әлі құрып, тізерлеп отырған Жәмила орнынан баяу көтерілген... Тарай бастаған жұрт көзінен жасы моншақтап, аяғын әлтек-тәлтек басқан мұның сыртқы есіктен шығып бара жатқанын ғана көрді. Ешкім ештеңе демеді...
Күнұзаққа уайымдап, жанын қоярға жер таппаған ол кешке медбикеге хабарласып, Бақтиярдың жағдайы жақсарғанын естігенде ғана көңілі жайланды. Азаматтың тірі қалғанына шүкіршілік етіп, Алладан тағы да оның амандығын тіледі. Бұрынғыдай жаны езіліп, елжіремей, сабырмен тіледі. Жүрегінің әлдебір қылы үзіліп кеткендей...
Сүйгені одан кейін де қара көрсетпеді. Ортақ таныстардан Бақтиярдың денсаулығына байланысты қызметін ауыстырып, көшіп кеткенін естігенде «баласын іздеп келер» деген үміті түпкілікті үзілген. Міне, қазір де бейнесін көз алдына елестетіп жатып, «аман жүрсін» деді күбірлеп.
Арманның қыңқылдағаны естілгенде бағанадан бергі өкінішті ойларды сілкіп тастап, дереу баласын алдына алған. Бөпесі мәмесін ашқарақтана сора бастағанда тұла бойы балбырап, рахат сезімге бөленді. «Құдау-ау, мынадай ғажайып бақытты бастан кешкен адамда арман бар ма?!» деген ой жылт етті. Ұлының жүзіне мейірлене қарап отырып, күттіріп барып сүю сезімін сыйлаған, ана болу бақытын білгізген, көп жылатса да, көз жасын сүртер дос берген тағдырына шүкіршілік етті.
Енді бүйтіп жыламасқа бекінді. «Тағдырым алдан тосар сынақтар болса тайсалмай қарсы тұрам, сый ұсынса, қабыл етем» деп өзіне серт берді.
Келесі айда Мейірманның қызметі өсіп, отбасымен көшіп кетті. Елдегі үлкен шипажайлардың бірі әрі астанаға жақын болған соң халық көп келе бастағанда жаңа қарқынға ілесе алмаған соң бүкіл басшысы ауыстырылыпты. Мейірман тағайындала салысымен емдік-сауықтыру орнының байырғы жақсы атын қайтаруға білек сыбана кіріскен. Қызметке алатын әр адаммен жеке сөйлесу, шипажай аумағын абаттандыру, жаңа жабдықтарға тапсырыс беру, бұзылып тұрғандарды жөндету деп тыным таппады. Тамақ мәзірін де жаңартып, тіпті асханаға барып, өзі дәм татып көріп жүрді. Ардақтың сөзімен айтқанда «оларды байланыс аясынан тыс қалдырған» кез болды. Есесіне, көп ұзамай ел ішінде шипажайдың жақсы аты тарай бастады.
Осылайша, бірнеше айдан бері тек телефонмен тілдесіп жүрген Ардақ пен Мейірман екі кештің арасында кіріп келгенде Жәмиланың қуанғанын-ай! Қолына біресе шәйнегін алып, біресе кастрөлін шығарып әуре болып жатқан оны Ардақ тоқтатты.
- Жәмөк, отыршы. Бір-біріміздің түрімізді дұрыстап көріп алайық, - деді құрбысын құшақтап, диванға отырғызып жатып. - Біз жаңа ғана ет жеп шықтық. Сендерді көріп, тез жолға шығып кетейік деп келдік. Асығыспыз.
Абыр-дабыр дауыстан Арман оянып, төсегінде уілдей бастады. Ардақ «Жаным! Жаным!» деп балаға тұра ұмтылды.
- Саған ұсыныс бар, - деді Мейірман, - біздің шипажайдың жүрек-қан тамырлары ауруына шалдыққандарды оңалту бағытында жұмыс істейтінін білесің ғой. Бізге уақытша кардиолог дәрігер керек. Денсаулық сақтау бөлімі жұрт уақытша деп істегілері келмейді дейді. Соған сені шақыра келдік.
Жәмила бұған дейінгі жайлар сияқты бұл жолы да ерлі-зайыпты екеу өзара әбден ақылдасып, шешім қабылдап келіп отырғанын түсінді.
- Мәкеңе берілген қызметтік үй өте үлкен, бірге тұра береміз, - деді Ардақ. - Бөлек тұрам десең, шипажай қызметкерлеріне арналған жатақхана бар. Бірақ демалыста бізге келесіңдер, Мәкеңнің ақылды қызы: «Бір үйде өскен балалар тату, бір-біріне қамқоршы болады» деп мақалдап отыр...
- Бізге жүрек талмасынан кейінгі оңалту емін алуға кісілер бірінен кейін бірі келіп жатыр. Көмегің керек, Жәмөк, - деді Мейірман қиыла қарап. - Өткенде ем алған бір кісіге телефоныңды бергем. Кеше аяғымды бастым деп хабарласқанда, сені шипажайға алдыру керек деп шештім.
- Ол кісінің әлі бір курсы бар, - деді Жәмила, - Аяғына нық тұруы үшін толық курстан өтуі керек.
- Әрине. Курсыңды аяқта. Сосын машина жіберіп, көшіріп аламыз. Арманға таза ауа пайдалы болады. Өзің де сергіп қаласың... – деп, шегінерге жер қалдырмай шешімдерін айтқан достары асығыс аттанып кетті.
Шипажайға келген алғашқы айларда Жәмила өзін жұмақта жүргендей сезінді: аулада небір ғажайып гүлдер өсіп тұр, айналасы жап-жасыл ну орман, терезесінен айдынында желкенді қайықтар сырғыған шалқар көл көрінеді. Қаланың у-шуынан кейін мұндағы тыныштықтан, тамылжыған табиғаттан рақат күй кешіп, кәусар ауасына қанбай жүр. Кәдімгідей сергіп қалды, әрі жұмысы да қаладағы емханадай қиын емес екен.
Жайбарақат тіршілікке бойы үйреніп қалған Жәмила таңертең есігі дүрс-дүрс қағылғанда шошып кетті. Кеше бір адам ауыр науқастан кейін оңалтуға келіп түсті деп естіп еді, сол кісі қысылып жатыр екен. Асығыс жиналған ол тез-тез адымдаған Мейірманға ілесу үшін жүгіре басып келеді.
- Жәмөк, сен шошып кетпе. Ол кісінің бір жағы жансызданған. Инсульттан кейін. Өзі жоғары шенді әскери адам. Бір қатты жарылыста жарақаттанған екен. Тұла бойы тыртық. Және... бетін тұмшалап алған, - деді Мейірман асыға сөйлеп.
Палатаның алдында қаздиып тұрған екі сарбаз ысырылып, жол берді.
Бұлар келгенше қатердің беті қайтарылған екен. Науқастың емдеу карточкасында аты-жөні жазылмағанын оның құпия қызметінің талабы деп түсінді. Жазбаларды зерделеп шықты да, фонендоскопты алып, науқастың жүрек соғысын тыңдады... Денесінің тыртықтарынан қымсынды ма, дәрігер жүрек қағысын тыңдай бастағанда науқас қозғалақтап, тынышсызданып кетті. Саусақтарын сәл жыбырлатып «керегі жоқ» дегендей белгі берді. Оның әр қимыл-қозғалысын бағып тұрған Мейірман өзіне сұраулы жүзбен қараған Жәмилаға «шығайық» деп иек қақты.
Жұмбақ науқас шипажайда ұзақ жатты. Емдік уқалаудың арқасында алғашында сіресіп, кескен теректей болып жататын денесі бірте-бірте босаңсып, жансызданған оң жағы икемге келе бастады. Жәмила палатаға келгенде оның алақанын ашып-жұмып немесе қолын көтеріп, саусақтарын жаңа көргендей қарап жататынын талай байқаған. Бірақ бұған ешқандай сыр бермейді, ләм-мим деп тіл қатпайды. Араға уақыт салып, балдаққа сүйеніп, аяғына тұрғанда да эмоциясын сыртқа шығарған жоқ. Жәмила «Бетін тұмшалап алғанына қарағанда жақ жүйегі қатты жарақаттанып, бәлкім, тіліне де зақым келген болар» деп, оны іштей аяйтын.
Мейірманның там-тұмдап айтқан әңгімесінен оның қауіпті әскери операция кезінде ауыр жарақаттанғанын ұққан. Жұмбақ жанның кім екенін білгісі келіп, өзінен сыр суыртпақтағандарға иығын қомдап жауап беретін Өзі емдеп жүрген адамның әйелі мен баласы жол апатынан қаза болғаны, содан бері салт басты екенін де солардан естіп, жасырын жайды білуге құмар адамдардың кәнігі барлаушылардай тірлігіне таң қалғаны болмаса, науқастың жеке басындағы жағдайға қызығушылық танытқан жоқ. Тек бірде оның неке жүзік салар саусағындағы тушьпен піскілеп жазылған «Ж» деген әріпті көргенде «сірә, есімі Ж-дан басталатын шығар» деп ойлаған да қойған.
Емшара кезіндегі «денеңізді бос ұстаңыз», «терең тыныс алыңыз», «жүрек қағысы жиілеп тұр, ұйқыңыз қалай?» деген сияқты сөздерге басын шайқап, не болар-болмас изеп жауап беретініне үйреніп қалған Жәмила әдеттегідей «Сәлеметсіз бе?» деп кіргенінде оның «Сәлеметсіз бе?» деп амандасқанына қатты қуанды. Ұстаздары мұндай науқастың тілі икемге келуі – сауығудың басы деуші еді...
Мейірман «жұмбақ» науқастың жағдайы жақсара бастағанын естіген соң біртіндеп, қарқынды емшаралар жасай беру керек деп шешкен. Сөйтіп, қасындағы көмекшілері бассейнге апарып тұратын болды. Әрине, ол үшін басқа демалушылар бармайтын кез – таңғы алтыдан жетіге дейінгі уақыт таңдалды. Сақтық үшін Жәмилаға ешкімнің көзіне түспей, сол жерде болуды тапсырған.
Жәмила отыратын қуықтай бөлменің бассейнге қарайтын кішкентай терезесі кісі бойы жетпейтін биікте екен. Бассейн жаққа құлақ түре отырып, ешқандай абыржу, асып-сасу дыбыстары естіле қоймаған соң, әрі сәлден кейін судың бір қалыпты шолпылынан жұмбақ жанның әжептәуір малти алатын адам екенін түсінді. Уақыт өте науқастың қимыл-қозғалысы ширай бастағанынан бұл емшараның да шипасы тигенін түсінді. Арада екі айдай уақыт өткенде жұмбақ науқас шипажайдан сән үшін ұстаған сияқты әдемі таяққа сүйене, сәл ғана сылтып басып шығып, есік пен төрдей машинасына қиналмай мінді де, аттанып кетті.
Содан бері бірнеше жыл өтсе де, Жәмилаға кейде өмір бір орнында тұрып қалғандай көрінетін. Сол қызмет орны, сол жатақхана... Кішкентай бөлме баласы екеуіне тарлық етіп жүр. Әсіресе, Арман 5-ке толғанда кіндік әке-шешесі батарея қуатымен жүретін машина алып келгенде бұл анық байқалды. Бөлмеде әр жерге бір соқтығыса берген соң Мейірман жатақхананың ұзын дәлізіне шығарып, біраз сырғанатты. Сырттан беті бал-бұл жайнап кірген баласына қарап Жәмила достарын құшақтап: «Қандай қуаныш сыйладыңдар! Рахмет!», - деп, көз жасын бір сығып алды.
- Қуаныштың көкесі алда, сүндетке отырғызғанда болады, – деді Ардақ күйеуіне қарап қойып.
- Иә, кіндік әке-шешесі ретінде ол – біздің парызымыз, - деді Мейірман. - Сол мәселені бүгін ақылдасып, көпке шегермей өткізіп тастайық.
- Оған Арманды қалай көндіреміз? Ол әлі дайын емес, - деді Жәмила үркектей сөйлеп. Шындығында, Арман емес, өзі дайын емес еді.
Мейірман бұған күле қарады да, Арманды алып, алдына отырғызды.
- Қалай, балам, машина күшті ме екен?
- Күш-тііі...
- Келесі жолы үлкен қайық әкеп берем...
- Қайық? Оны қайда жүзгіземіз?
- Теңізде... Сен теңізді көргім келеді деп ең ғой...
- Иә... Ол қай жерде?
- Алыста. Жазда бәріміз барамыз. Қайыққа мініп, қыдырамыз...
- Менің қайығыма ма?
Ардақ пен Жәмила күліп жіберді. Арман бұртиып қалды. Мейірман екеуіне қарап қабағын түйді де, әңгімесін жалғастыра берді:
- Иә, сенің қайығыңа балалар мінеді, біз үлкен қайыққа мінеміз... бірақ ол үшін сен күшті жігіт болуың керек. Боласың ба?
- Болам! - деді Арман нық сөйлеп.
- Ендеше дайын жүр. Мен бір дәрігер ағаны ертіп әкеліп, әпшуіңді нағыз жігіттікіндей етіп жасаймыз. Жарай ма?
- Жарайды! Сосын теңізге кетеміз бе?
- Иә, сен тұрып кеткен соң теңізге барып той жасаймыз!
Екеуінің әңгімесін тыңдап тұрып, Жәмиланың іші өкініштен өртенді: бұл әңгімені Бақтияр айтуы керек еді ғой. «Осындай сәтте, баласы өмірдің бір сатысына көтерілер сәтте ұлының қасында болуы керек еді ғой», - деп қамығып тұрып, Мейірманға тіл қатты:
- Мәке, бекер айттыңыз ба? Бұл енді «теңізге қашан барамыз?», - деп менің құлақ етімді жейтін болды...
- Бекер емес. Жазда барамыз бәріміз. Жолдама қалтада деуге болады...
- Ол енді... бізге қиынырақ болатын шығар? - деп күмілжіді Жәмила.
- Күні бұрын уайымдама, саған салмақ түспесі анық, - деді Ардақ мұны құшақтап, - Мәкең мәселені пісіріп алмай сөйлемейтінін білесің ғой...
Осы жерге келгенде Мейірман шыдамай, ағынан жарылды. Бәріне себепші баяғы «тұмшалы» емделуші болып шықты. Бұлардың емінен кейін құлан-таза айығып кеткен, жағдайы өте жақсы. Бір ғана уайымы болыпты: «Мына тұмшаны алсам, жұрт түгіл өзім шошимын» депті бірде Мейірманға. Бұл қанша жылдан бері емдеп келе жатқан дәрігері ретінде шет елге барып, бетіне косметикалық операция жасатуға кеңес бергенін, ол мәселенің де оң шешілгенін жымия отырып жеткізді.
«Ой, Алла, соның бәрін қалай ішіңде сақтап жүрсің?», - деп бұртиған Ардақты иығынан құшақтай: «Жаным, дәрігерлік құпия туралы менен артық білесің ғой», - деп бір-ақ ауыз сөзбен тоқтатты да, екеуіне жадырай қарап:
- Ол қазір отставкаға шығып, теңіздегі демалыс үйінің қауіпсіздік қызметін басқарып жүр. Өткенде елге келіп, теңізге жолдамаларды қолыма ұстатып кетті. «Өмір мен өлімнің арасында жатқанымда қасымда болдыңдар. Сендердің емдеріңнен аяққа тұрдым. Бұл жақсылықтарыңды қалай қайтарам? Тым болмаса, теңізге келіп демалыңдаршы. Мен де бірер шаруамды бітіріп, соңдарыңнан іле барам» дегенде, қарсыласа алмадым...
Мұны естігенде Жәмила қатты қуанды. Теңізді өзі де көрген емес-ті...
Шілдені баласынан бетер күтіп, алдынан әлдебір бақыт күтіп тұрғандай жүрегі алып-ұшқан ол, міне, көк теңіздің жағаға келіп жығылып жатқан толқындарын жалаңаяқ кешіп келеді. Келгендері кеше болса да бұл жаққа бірден бауыр басты. Шеті-шегі көрінбейтін теңіздің көкжиекте аспанмен астасып кететіні қандай ғажап! Әр сәтке, болмашы нәрсеге қуанып жүр.
Көгілдір айдында қалқыған үлкенді-кішілі кемелерде думандатып жүрген, шат-шадыман, бақытты адамдардың күлкісін естіп, солармен бірге шаттанады. Осында келгелі көңіл-күйі көтеріңкі, демалыс үйі ұйымдастырған саяхаттар бірінен бірі қызық: ақ кемеге мініп, теңізде ұзақ-ұзақ серуендеді. Тау-тасқа өрмелеп шықты. Тіпті акваланг киіп, су астына да түсті. Бүгін де міне, ақ мақта-қала – Pamukkalaға бармақшы.
Күннің қатты ысып кетуіне және мақта-қала ауа райының балаларға қолайсыз екеніне байланысты гид оларды апармаған дұрыс деп ескерткен. Үлкендердің екі ойлы боп тұрғанын көрген Мейірманның қызы: әдетінше «Баланың өзіне сенімді боп өсуі ата-анасының сенуінен басталады» деп мақалдаған. Оның осындай сөздерді тауып ала қоятынына сүйсінген үлкендер автобусқа қарай беттеді.
Автобус ауладан шығысымен балаларға аяқ астынан біреулер теңізде қыдыру туралы ұсыныс жасай қоймасы бар ма: кеше ашық теңізге барғанда түрлі қызық ойынға құмарлары қанбай қалған олар бірден келісе кетті. Бұл саяхатты ақша табуды мақсат еткен топтың ұйымдастырғанынан балалар хабарсыз еді. Тек кеменің тозыңқы түріне, күрк-күрк дыбысына таңырқаған ересектеу балалар ептеп сезіктенген. Теңіздің ортасына жеткенде қисая бастағанын көріп, шулаған да солар еді.
Көзге қораш, жүрісі оғаш кеме теңіздегі күзет қызметінің назарын да аударып, дереу жағалауға хабар берілді. Балалар мінген яхта суға батып бара жатыр деген дабылды естіген демалыс үйінің күзет қызметінің сарбаздары да дүрк көтерілді. Шұғыл жеткен күзет басшысы саяхатты ұйымдастырушыдан бала санын сұрады. Ол суда шүпірлеп жүрген балаларды қайта-қайта санап, «Екеуі жоқ. Төменгі каютада болуы мүмкін» деді жыламсырап.
Күзет басшысы қисайып, суға батып бара жатқан қайықтың төменгі қабатына қарай ұмтылды. Судан басын бір шығарып, кеудесін кере дем алды да сүңгіп, каюталарды аралай бастады. Бір-екі мәрте демі жетпей, су бетіне шығып, тағы сүңгіді. Түпкі каютада бір-біріне жабысып, қимылсыз отырған екі баланы қаусыра құшақтап, кері жүзді. Теңіздің тұзды суы көзін ашытып, бірер рет жұтып та жіберді. Дем жетпей, басы зыңылдап, есінен танып бара жатқанын байқады. Әлі құрып бара жатқанын сезіп, жанталаса қимылдап, жарыққа қарай ұмтылды: осы кезде бір бала қолынан сусып түсіп кетті.
Су бетіне көтерілгенде жақындап келген бір құтқарушыға баланы ұстата салды да, өзі тағы сүңгіді. Бала қолынан сырғып кетті-ау деген жердегі дәлізді шарлап әрі-бері сүңгіді. Табылар емес. Әрі қайық тереңге батып бара жатқан болуы керек, іші де бағанағыдан қараңғыланып кетіпті. Бір кезде қолына каюта еденінде бүк түсіп жатқан бала ілікті-ау... Қаусыра құшақтап, жанталаса жоғары ұмтылғанда қарсы жүзіп келе жатқан екінші құтқарушы баланы алғанын біледі, сосын... әлі құрып, тұңғиыққа шым батып кете берді.
Мақта-қаладан мәз болып оралғандар болған жайды қонақ үйде бір-ақ естіді. Мейірманның ұл-қызы мен Арман ауруханаға жеткізіліп, жәрдем көрсетілгенін, қазір жағдайлары жақсы екенін айтса да, Жәмиланың жан даусы шықты. Оған Ардақ қосылып, екеуі ешбір сөзге құлақ аспай, ауруханаға барып, балаларды өз көздерімен көргенше жылаумен болған. Бар қорқыныш артта қалған соң өз беттерімен теңізге кеткендері үшін ұялып, көздерін ала қашқан балаларын құшақтап, бір күліп, бір жылаған әйелдердің қасында үнсіз отырған Мейірман:
-Ғабдолла реанимацияда жатыр екен, - деді үһілей күрсініп.
-Ғабдолла? Ол кім? – деді Ардақ пен Жәмила қосарлана сұрап.
- Балаларды құтқарған сол... - деді Мейірман. - Тағы бірдеңе дегісі келіп ұмсына берді де, үһілеп отырған әйелдерге қарап, қолын сілтей салды.
Әйелдер үнсіз қалды. Япырм-ай, ол құтқармаса жағдай қалай болар еді? Екі әйел енді Аллаға жалбарынып, балаларын құтқарған бейтаныс адамның амандығын тілей бастады.
Демалыстың мәні қалмағандай: елге қайтайын десе балаларды аман алып қалған адамның өмірі қыл үстінде тұрғанда кетудің өзі ұят. Жәмиланың қолынан келгені – Аллаға жалбарыну ғана. Есін жиса, көріп, басын иіп, қолын сүйіп, аналық ризашылығын білдірер еді. Тілегі көкте қабыл болды деген осы: келесі күні құтқарушының жағдайы жақсарып, жалпы палатаға ауыстырылғаны туралы хабар жеткенде Жәмила алды-артына қарамай ауруханаға қарай құстай ұшты.
Әппақ төсекте боп-боз боп жатқан ер адам бұл есіктен кіргенде басын көтермекші болып талпынды. Жәмила «қозғалмаңыз, қозғалмаңыз!» деп, тез-тез басып, жанына келді. Қалың қасты, көзі тұнжыраңқы екен – санасының бір қатпарынан «Кімге ұқсайды?» деген ой қылаң етті де жоқ болды. Жәмила баласын аман алып қалған осынау адамға деген шексіз ризашылығын айтып жеткізе алмасын сезді. Жүрегі кеудесінен шығып кетердей дүрсілдеп, көз жасы мөлтілдеп, төсек қасындағы орындыққа отыра кетті де оның қолына маңдайын тигізді. Сосын еңкілдей жылап, сүйе берді, сүйе берді...
Артынан іле жеткен Мейірман мен Ардақ оны осы күйде тауып, біразға дейін жұбата алмады. «Стресс қой...» деді құтқарушы баяу үнмен.
Келесі күні оған тағы келген. Құтқарушының реңі жақсарған сияқты көрінді – есіктен кіріп келе жатқан бұған жылы жүз танытқан. Оң жақ қарына тамшылатып құятын дәрі қойылған екен, қысыла күлімсіреп сол жақ қолын созды. Жәмила тағы да көңілі босап, ұсынылған қолға бетін басып жылап жіберді. «Рахмет!» деді көз жасын жұта сөйлеп. Ыңғайсызданған науқас «Жыламаңыз...» деп, қолын босатып алуға тырысқан...
Оның сабырлы даусын естіген Жәмила өзін қолға алып, құтқарушының жүзіне мейірім төге үңілді. Кенет ақ жайманың үстінде жатқан сол қолының неке жүзік тағар саусағынан «Ж» деген әріпке көзі түсіп, таңдана қарады...
- Иә, менмін, - деді құтқарушы күлімсірей қарап, - өзіңіз неше ай бойы емдеген «тұмшаланған» науқаспын...
Қайтып келе жатып Жәмила оны бұрын да көрген, даусын естіген сияқты сезімнен арыла алмай-ақ қойды. Бірақ қайдан, қашан? Ойына еш түсіре алмады.
Екі күн өткенде сауығып, қызметіне оралған Ғабдолла мұны бөлмесіне іздеп келіп, болған жайсыз жағдайға өтем ретінде қонақ үй иелері демалыс күндерін ұзартқаны туралы айтып кетті. Сосын көз жасын сығып тұрған бұған: «Сіз емес, мен сізге қарыздармын. Неше ай жасаған емдік уқалаумен аяғыма тұрғызғаныңыз үшін алғысым шексіз» деген толқи сөйлеп.
Одан кейін де біресе бақ ішінде, біресе теңіз жағасында кездесіп қалып, бірге қыдырып, әңгімелері жараса түсті. Оны іздеп, елеңдеп тұратын болды. Серуендеген кездерінде қастарында ойнақтап жүрген Арманға қарап, кейде мұңдана күрсінгеніне жүрегі сыздаса, баласымен бала болып, асыр салып ойнағаны Жәмиланың жанын жадырататын. Бірде, сондай ойындарынан соң бұған: «Баламның аты Мақсат еді. Әйеліме «Енді ұлды болсақ, атын Арман қоямын, сөйтіп арман-мақсатымызға жетеміз» деуші ем. Сол көктен тілеген Арманым енді алдымнан шыққандай...» дегенде жүрегі шым ете қалса, тағы бірде көзіне қарап тұрып: «Бір ауыз сөз айтайыншы Сізге мен; Сіздей жанды өмір бойы іздеп ем...» деп өлең оқығанда... жүзі ду ете түскен.
Баласының Ғабдоллаға бауыр басып бара жатқанын, оның өзі де бұған ойлы жанарын көп қадайтынын байқаған Жәмила араларының жақындай түсуінен бір қорқып, бір қуанып жүрді. Жатса, тұрса: «Тағдырым тағы не ұсынып тұр?» деген ой маза бермейтін. Сол күйін ұққандай Ғабдолла да: «Өмір тек бақытқа толы болса, қызығын бағаламас едік» деген-ді бірде себепсізден себепсіз.
Балалар әке-шешелеріне өткізе алмаған өтініштерін «Ғаба аға» арқылы шешетін қулық ойлап тапты: «сиқыршы Ғаба ағаның» арқасында кезектен тыс саяхатқа шығып, елде жоқ жеміс-жидектің дәмін татып жүр. Еркелеп, еркін сөйлеседі. Сондай күндердің бірінде Мейірманның қызы: «Аға, атыңыз Ғабдолла болса, саусағыңызға неге «Ж» деп жазғансыз?» деп күтпеген сұрақ қойды. Осы сұрақ өз ішінде де жүрген Жәмила елеңдей құлақ түрді.
- Әскерде жүргенде еріккеннен істелген тірлік қой, - деді Ғабдолла күле сөйлеп. – Менің атымды айта алмай көбі Жора дейтін. Тушьпен піскілейтін кезде қорыққаннан көзімді тарс жұмып алғам ғой... Ашсам «Ж» деп тұр...
Бәрі ду күлді.
- Батыр да қорқады ма екен? - деді Ардақ сыңғырлай күліп.
- Қорыққанда қандай... - деген ол. Сосын көзінің астымен Жәмилаға қарап қойды. - Кім біледі, бұл да жаратушы Алланың бір ишарасы шығар...
Сол күні Ғабдолла Жәмиламен тағы біраз серуендеді. Оның өзіне айтар бір әңгімесі барын сезген Жәмила іштей қатты толқыса да, үнсіз күтті.
- Жәмила, сіз аса сезімтал адамсыз. Соңғы күндері бір ой мазаңызды алып жүргенін байқадым... мені қайдан көрдім деп...
Жәмила басын изеді.
- Біз бұрын кездескенбіз. Жақын араласқан жоқпыз, бірақ көп адам жиналған жерлерде бір-бірімізді көзіміз шалуы мүмкін... Мен Бақтиярмен бірге қызмет еткенмін... Араларыңыз... осылай болғаны... өкінішті...
- Сонда сіз?..
- Мен – Шолпанқұловпын. Әскери операцияда қатты жарақат алғам. Шет жағасын өзіңіз де білесіз. Бетімнің сау тамтығы қалмаған... былтыр шет елде косметикалық операция жасап, әдемілеп берді... Содан да танымаған шығарсыз, ал мен танысудың ретін таппадым, - деп қысыла күлімсіреді.
Бұл Жәмила үшін күтпеген жай еді. Тағдырдың шеберлігіне таң қалды.
Көп сөзге жоқ жан екенін байқаса да, Жәмила Ғабдолланың осыған дейін Бақтияр туралы шетін сөз айтпағанына іштей риза болды. «Өмір артқа қарап өкіну үшін емес, алға қарап қуану үшін берілген» деді ол бірде. Су астына сүңгуге жүрексініп тұрғанында «Қорықпаңыз, қолыңызды бір сәтке жібермеймін» деген сөзінен кейін соңынан ерген. Өзін бұл адамның қасында еркін сезінетінін, алаңсыз жүретінін түсінді.
Демалыстары аяқталып, бұлар ертең елге жүреміз деген күні Ғабдолла дастархан жайып, қонақ қылды. Барынша көңілді болуға тырысып, әдетінше әзіл-қалжың айтып жүрсе де, көзінде тұнған мұңды жасыру мүмкін емес еді.
- Сендермен бірге ел көшіп келгендей болып еді, енді жұртта қалатын сияқтымын, - деді бір сәтте. – Қала тұрсаңдар етті... балаларға жақсы ғой...
- О-о-о, мен де қалам ба? - деді қағыс естіген Арман көзі жайнап.
- Қал! - деді Ғабдолла оның алдына тізерлей отырып. - Диснейге апарамын. Стамбулға, Измирге қыдыртамын...
- Сен не, мені жақсы көресің бе?
- Жақсы көрем!
- Апамды ше?
- Апаңды да. Қарашы, 19 жасымда атын жазып қойғанмын. - Солай деп, «Ж» деген жазуы бар саусағын көрсеткенде Арман анасына қуана қарады.
- Апа, сен айтып едің ғой, әкең екеумізді жақсы көреді деп! Мені қорғап жүреді деп! Ол бізді тауып алды! Ура-а-а!
Айналдырған бірер минутта болған бұл әңгімеге үлкендер қалай араласарын білмей, состиып тұрғанда Мейірманның қызы әдетінше «Сәбидің аузына сөзді періште салады!» деп тұжырым жасап тастады...
- Оқи отырыңыздар: Камал Әлпейісова. Отырған қыз
Камал Әлпейісова