Театр тіліндегі шындық (екі спектакль төңірегіндегі толғам)

ӘДЕБИЕТ
1401

Қыркүйек айының бас кезінде Қостанайдағы І.Омаров атындағы қазақ драма театры Астанаға екі күндік гастролдік сапармен келіп қайтты. Астаналық өнер сүйер қауым екі күн бойы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал драматург Жолтай Әлмашұлының «Қайырымды қаладағы қарлығаштар» және «Мұңмен алысқан адам» атты драмаларының сахналық қойылымын көріп, риза көңілмен тарқады. Екі күн бойы қаладағы Оқушылар сарайының үлкен залы кісіден босаған жоқ, өнер сүйер қауымның театр қойылымын іңкәрлікпен әлі де іздейтіні көрініп тұрды. Осы ретте біз де өзіміздің көңілімізге түйген ойларымызбен бөліскенді жөн санадық.

1. «...Қайтсек қайырымды боламыз?»

Ойды ой қозғайды. Ойдан ой туындайды. Алғашқы күні сахнаға қойылған (реж.Е.Қауланов) «Қайырымды қаладағы қарлығаштар» драма-абстракциясы әп дегеннен көңілімізге сан-сауал ұялатып,  әр саққа жүгіртті. Мәселе оқиғаның қоюлығында не болмаса тартыстың шымырлығында емес, былай алып қарағанда қарапайым ғана қойылым. Алып-жұлып бара жатқан түгі де жоқ сияқты. Бірақ... осы дүние неге бәрімізді бір мезет терең ой сонарына жетеледі? Бар гәп осында!

Спектакльдегі бас кейіпкер – Сәулеткер жігіт өте арманшыл да қиялшыл. Санасына бір соқталы ой кіріп, екінші бір ой оны дереу ығыстырып шығарып жатады. Қазақ азаматы. Өнерге ғашық жан. Архитекторлық білімі бар. Ендігі бар арманы – кісі таң қаларлық ғажайып қаланың макет-жобасын жасап, жұртты таң қалдыру! Міне, осы жолда әртүрлі қиял әлеміне қонақтап, ой сарайына «түнейді». Айтпақшы, оның екі досы бар, бірі – ақын, екіншісі – суретші. Ақын шын тілекші болса, суретшінің аздап ішкі қызғанышы байқалып қалады. Байқалып емес, тіпті бетпе-бет кездескенде ол ойын анық айтады да. «Сен менің ойымды ұрлап алғансың» деп қиялайды. Архитектор жігіт мүлде сабырлы, оған берер жауабы да орнықты. «Мен де өнер адамымын, менің де қиялым тұсауланып тұрған жоқ» дейді. Бастан-аяқ бітпес тартыс. Тіпті суретші ашу үстінде досының макет-жобасын жыртып, көңіліне қаяу түсіреді. Қиянатқа барады.

Қысқасы, осы үштіктің – сәулеткер, ақын және суретші арасындағы мөлтек тартыс бүкіл шығармаға негізгі арқау болып тартылған. Бұл спектакьді психологиялық-философиялық қойылым десе де болғандай.

Біздің түсінгеніміз – автор сәулеткер жігіттің ой-толғанысы арқылы бірде көне замандарға сүңгіп, қайырымды һәм иманды қаланы аңсаған бабалар – Әбунасыр әл-Фарабиді, абыз Ахмет Иассауиді, хан Абылайды елес арқылы көз алдымызға әкеліп, онымен бірге бүгінгі күннің асыл мұраттарын да көркем кестелеп, көрерменнің қиялын әр саққа жүгіртті. Қала ақылды әрі қайырымды болуы үшін тек сәулетті ғимараттар ғана емес, сонымен бірге иманды, парасатты адамдары мол болуы керектігін алға тартады. Адамдар арасындағы қарым-қатынаста шынайылық пен ізгілік орын алса ғана, ол қала тұрғындары шын мәнінде бақытты ғұмыр кеше алмақшы.

Драматург осы ізгі ойды өз шығармасы арқылы терең қиюластырып, қысқа уақытқа сығымдап сыйғыза алған.

Бұл туынды, біздің білуімізше, өткен жылы Мәдениет министрлігі жариялаған «Тәуелсіздік толғауы» байқауында «драматургия» номинациясы бойынша жүлделі екінші орынды иеленген-ді. Шығарманың мәтіндік нұсқасымен де танысқан болатынбыз, ал мына қойылымда көптеген көріністер мен оралымды тіркестер түсіп қалған. Бұған автордың қалай қарайтынын қайдам, өз ойымызша сәл-пәл жұпынылау болып, айтпақ идея көмескіленіп, өз биігінде көрінбей қалған тәрізді.

Сөйте тұрса да, осы қойылымға біршама тәнті болып, іштей ризашылық білдіргенімізді де жасыра алмаймыз және бір әттеген-ай дейтіні – сәулеткер бейнесін сомдаған актердің (арт. Қуаныш Маратұлы) тым сылбыр әрі сөздерді нық, түсінікті етіп айта алмай, сүрініп кетіп жатқандығы. Білгеніміз – бұл жігіт негізгі роль ойнаушы емес екен, екінші құрамдағы актер болып шықты. Еліміздің бас шаһарына арнайы сапарлап келген кезде әрине, ең мықты актер ойнағаны жөн-ақ еді.

Ал, алдағы уақытта осы басты рольді сомдауда аса биік талап болып жатса, спектакль бұдан да әсерлі бола түсер еді деп сенеміз.

2. Мұң астарында не бар?

Енді екінші қойылым туралы аз-кем сөз өрбітелік.

Бұл спектакль – «Мұңмен алысқан адам» (реж.Е.Төлеубай) деп аталады. Тақырыбы – өткен ғасырдың 30-жылдары қазақ топырағынан амалсыз қашып шыққан бір отбасының тағдыры туралы шерлі толғам. Шетелде, дәлірек айтқанда Францияның түбіндегі бір провинциясында ұзақ уақыт тұрақтап қалған Асан қарияның туған елді аңсауы қазақ топырағына жетсем-ау деген ізгі арманы және екі ұлының арасындағы пікір таласына ұласқан сахналық көрсетілім.

Асан – жасы сексеннен асқан қарт. Кезінде елден қашқан әке-шешесіне ілесіп кеткен жас бала еді, енді міне өзі де қария. Жасы ұлғайған сайын өзі туған топырақты аңсайды, елін бір көруге зар. Міне, осы ойын екі ұлы – Марат пен Елжанға айтады. Бизнес саласында жап-жақсы жетістіктерге жетіп отырған Марат әке сөзін құп көрмейді, елге оралуға тіптен де құлықсыз. Ал, Елжан болса... әке арманын түсінгендей. Көзіндегі мұңды сезінгендей.

Сахнада бетпе-бет келіп, ұзақ айтысатын (кішкене созылыңқы ма) Марат пен Елжан диалогы еріксіз екі түрлі ойға жетелейді. Қазіргі қазақ жастары арасында осындай екіұдай психология бары рас емес пе! Кей жастар шетелшіл, ал кейбіреуі – ұлтын, туған топырағын сүйеді. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Бұл енді өмір бойы тайталасар мәңгілік пікір қақтығысы.

Қойылым осындай ұтымды ойымен де мейлінше қымбат.

Спектаклде Марат (А.Шәкіржанов) бейнесін сомдаған жігіт біршама сәтті ойнаса, керісінше Елжан (Н.Кенжеахметов) образы ашылмай тұрғандай. Актер тым жадағай, өте жылдам, асығыс сөйлейді. Сосын да әсері әлсіреп шығады.

Бірақ, драматургтің айтпақ ойы мен идеясы бүкіл қойылым бойына жүрегіңді толқытып, көзіңе жас үйіреді. Жыламасыңа қоймайды.

Осы ретте айта кету керек, драматургтің бұл туындысы еліміздің бірқатар драма театрларында сахналанып, өз бағасын алған, тіпті «Егемен Қазақстан» газетіндегі бір мақалада «бұл шетелдегі қамкөңіл қандастырымзға орнатылған көркем ескерткіш» деп баға берілген-ді.

Қойылым аяқталғанда өзіңе-өзің «мына мұң астарында не сыр бар?» деп сауал қоюға мәжбүрсің. Асан қария – бүгінгі елі мен жерін сүйетін, туған топырақты сағынып жүрген барша ұлтжанды азаматтардың жиынтық бейнесі десек, артық айтқандық бола қоймас.

* * *

Екі спектакль! Екі қойылым!

Екеуінің де авторы – Жолтай Әлмашұлы!

Былай алып қарасаңыз – жалғыз драматургтің екі күндік шығармашылық кеші іспетті. Қостанай драма театры мұндай сапарға неліктен тәуекел етті? Басты себебі неде? Автордың мерейтойы ма? Жоқ! Әйтпесе театрдың бүгінгі жеткен биігін көрсету ме? Бәлкім, ол да бар болар. Біздіңше, театр ұжымының мұндай іске тәуекел етуі – екі драманың да тақырыбы мен идеясының аса маңызды және өте зәрулігінде жатса керек.

Қазақ елінің тәуелсіздігін оның жаңа елордасы – Астанасыз көз алдыңызға елестете алмайсыз. Бұл – бір. Екінші бір мәселе – осы тәуелсіздіктің арқасында шетелде ұзақ уақыт тұрақтап қалып қойған қандастарымыздың атажұртқа емін-еркін орала бастауы.

Міне, екі күндік гастролдік сапардың мақсаты осымен түсіндірілсе керек.

Қойылымдардың тақырып ауқымы ұқсас, үндес, сабақтас. Екеуінде де туған жерге деген іңкәрлік, туған топырақты сүюге жетелеу! Тақырып пен айтар ойға ешқандай да алып-қосарымыз жоқ. Тек... қойылым туралы өз түйіндеулеріміз әрі ұсынысымыз бар.

Жалпы, мұндай өзекті де өміршең тақырыпты қозғаған сәтті драмаларды облыс театрының сахнасынан көруіміз, әрине, қуанышты. Бұл – бір жағы. Содан соң еріксіз сұранып тұрған сауал: неге біздің мықты-мықты режиссер ағайындар мұндай туындыны Алматы не Астана театрларының сахнасында қоюға ынта танытып, ұмтылыс жасамайды? Драма жоқ деу жалғыз сөз, ал барды ұқсату – үлкен шығармашылық ерлік емес пе! Тағы бір тоқталып айтарлығы: осы күні неліктен облыстық театрлардың репертуары мейлінше терең талданып-талқыланып, ең үздік дегендері мәртебелі сыйлықтарға батыл ұсынылмайды? Мысалы, мемлекеттік сыйлыққа...

Осы жайынан ойлап, өз сауалымызға өзіміз жауап таба алмай, қинала мүдіріп қалдық.

Айнұр Найманбай,

Филология ғылымдарының кандидаты, мәдениеттанушы

 

 

author

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Павлодар облысының полиция департаменті белгісіз адамдардың банк қабырғасын бұзып кіргенін мәлімдеді...

Жаңалықтар

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының мәліметінше, ауыр салдарға алып келге...