Мен жан жоқ, өлген соң өмір жоқ дегенге таңғаламын. Оларға мұндай сөзді қандай ой айтқызып отыр екен...
Көмейден жыр төккен, Салауат ең!
Жаздың соңғы күні еді. Суық хабар жанымызды жабырқатты. Салауаттай азаматты жоқтап, Жайық та іштей күрсініп аққан шығар. Жайықтай жарқылдаған жыр едің, Салауат! Жайықта еркелеген ұл едің, Салауат! Келместің кемесіне мініп сен де кете бардың дәл қырық төрт жасыңда…
«Біреудің аспандағы асылымын, біреудің жұртта қалған жасығымын» деп жырлаған ақиық ақын Қасым Аманжолов та қырық төрт жасында бақиға аттанып еді. Қасымдар салған қасқа жолдың, өлең-жырдың керегесін көтеріп жүрдің, жырдың шоғын маздатып жүрдің. Жалынды отты сөздеріңмен елдің жүрегінен орын алдың, жырсүйер қауымның сүйіктісіне айналдың бала жастан.
Тоқсаныншы жылдардың басында Атырауда, Оқушылар сарайында ғажайып айтыс өткен. Жылыойдан келген оныншы сынып оқушысы, қағылез құйттай бала қолындағы домбырасын төпелете тартып, ұшатын құстай қомданып, көмейінен атқылаған жыр шумақтарын төгіп жатыр. Үлкен қара көздерінен от шашырап, қиғаштау қалың қастары көтеріле түсіп, толқынды қара шаштары өзіне жараса қалған жас айтыскердің асау арындылығы байқалады. Қарсыласы Шынарбек Қабиев болатын. Бұл Салауаттың алғашқы сахнаға шығуы болса да, суырыпсалма ақындық талантымен, ерекше сүйкімділігімен жиналған қауымды өзіне баурап алды. Айтысқа қатысып отырған сол кездегі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры Хисмет Табылдиев Салауатты студент қылып қабылдайтынын айтты. Жатқан жері жарық болсын Хисмет ағайымыз талантты студенттерге жақсы қолдау көрсететін.
Есікте елпең қаққан таланттың төрге оза алмайтынын академик, ректор Х.Табылдиев жақсы білді. Салауат сөйтіп, университеттің студенті атанды, жатақханадан бір өзіне жеке бөлме берілді. Ол кезде мұндай жағдай болмайтын.
Сол жылдары жер-жерде бабалардың тойы өтіп жатады, жапырақтай боп домбырасын құшақтап ректормен бірге Салауат ұшақта ұшып бара жатады. Бұл да кез келген таланттың маңдайына бітпейтін шырайлы сәттер болса керек. Өзі ерке әрі еркін Салауат студенттің айында сабаққа бір барғаны да – шоу. Ал, кеш сайын оның бөлмесі кілең жігіттер жиналған той-думанға айналады. Түнімен қарлығыңқы даусымен Салауат Мұрат Мөңкеұлының «Үш қиянын» жырлайды:
«Заманнан заман оралған,
Дүние шіркін соны алған –
Адыра қалғыр бұ қоныс
Қайырсыз екен озалдан.
Қайырсыз неге десеңіз,
Асанқайғы, Қазтуған,
Орақ, Мамай, Телағыс –
Қалған екен солардан.
Біз де бір сондай болармыз,
Артық па едік олардан?!».
Оны тауысса әрқайсысын жырға қосып, төкпе жырдың тиегін ағытып жатады.
Салауаттың айқайлаған қарлығыңқы даусы, оны қостаған қолпаштаушылардың «әй, бәрекелдісі» мен шапалағы бүкіл жатақханаға естіліп жатады. Сол кездің студенттері шетінен сөз өнеріне ғашық па, әлде Салауатқа ғашық па, «мына Салауат ұйқы бермейді, түнімен жыр жырлайды» деп бірі арыз айтпайды. Осындай кеңдік, еркіндік, арнасынан асып тасыған өр өзендей шалқу, шамырқану, шарықтау Салауатқа керек еді. Ол өзін осылайша өсірді. Ара-арасында қызуқанды мінезімен жігіттер арасындағы төбелеске де кіріп кететін, бірақ, артынан сөз де ермейді, таяқ та тимейді, әйтеуір аман шығатын.
Асау құлындай беймаза мінезді балаң ақынды ректор Х.Табылдиев қолдады әрі қорғады. Салауат бірде шай ішем деп, бөлмемізге келді де, «Бес ғасыр жырлайды» деген кітапты парақтап отырғанын көргем, бір-екі күннен кейін кешкілік бөлмесіндегі той-думаннан тағы Салауаттың домбыраға ұласқан зор даусы естілді. «Бес ғасыр жырлайдыны» жырлап, тіпті аударып-төңкеріп мына заманға лайықтап, жігіттердің әрқайсысын жырға қосып, жырды одан әрі дамытып отыр. Сонда мен оның жадының, есте сақтау қабілетінің және ішкі қуатының мықты екенін ұқтым.
Салауат облыстық, республикалық айтыстарға барып жүрді. Айтыста оның өзгеге ұқсамайтын мәнер-машығы, әдемі тілі болды. Ең бастысы, ол ешкімді қайталаған жоқ, ешкімге ұқсаған жоқ. Салауатша сөйледі. Салауатша айтысты.
«Ақсұңқар жемін шашып жейді» дегендей, жаны жомарт ақынның қолы да жомарт еді. Сондықтан да оның достары, тілеулестері көп болды. Салауаттың ақындық мінезі тазалығында еді, пенделік пен қызғаныш оған серік болған емес. Жүрген жері бір мереке, әзіл-қалжыңы дорбасынан ақтарылып жүргендей әсер қалдыратын.
Жатақханадағы оның бір аты «Елдің еркесі» болатын. Қыздар жағы оны кезектесіп қонаққа шақырады. Қызыл балық, қара уылдырық, сүр ет, ақ қаймақ, тары-талқан, ол кезде қолға түсе бермейтін тәттінің бәрі «ел еркесінің» алдында. Көшеге шықса Салауат жалғыз жүрмейді, жанында үнемі өлеңді сүйген жігіттер еріп жүреді. Сал-серілердің соңғы сарқытындай болып, ортасында «балпаң-балпаң басқан күн, бай ұлынан асқан күн» деп өлеңдетіп өзі кетіп бара жатады. Оның тағы бір жақсы қасиеті қарапайымдылығы еді.
Салауаттың өмірде де, өнерде де жеңген де, жеңілген де сәттері болды. Бірақ, ғажабы сол, ол өзінің шыққан деңгейінен төмендеген емес. Не сөзден жаңылып, не тоқырауға ұшыраған сәті болмаған шығар. Оқу бітірген соң, туған жері Жылыойға келіп, жүрегі дала деп соққан Салауатты бауырына басып, ағалық қамқорлығын танытқан асыл жан – Мақсым Ізбасов болатын. Мамандығы мұғалім Салауатты мұнайшы қылып жұмысқа қабылдаған да осы кісі. Салауат Жылыойдың бауырын жылытып, мұнай мен мұнайшылардың мерекесінің алауын лаулатып жатты.
Он жыл бұрын республикалық телевизиялық ақындар айтысында Салауат финалға Мэлс Қосымбаевпен шықты. Сол кездегі Мәдениет министрі сахнадан екі айтыскерге «ҚР Мәдениет қайраткері» атағы беріледі деп хабарлағанмен, кейін министрлер ауысып кетіп, ол атақ иесіне жетпей қалды. Салауат атақсыз болған жоқ. Оған халықтың берген «Ақын» деген атағы өзіне лайықты атақ болды. Айтыста Салауатқа дем беріп, ақыл-кеңесін берген Қойшығұл Жылқышиев ағасы да оның бағасын білді әрі құрметтеді.
«Поэзия кішкене ақымақтау болуы керек» деген екен Пушкин. Пушкиннің философиясы күрделілеу, сондықтан да бұл сөзді біреулер дәл мағынасында түсініп жатады. Пушкинше «ақымақтау болу», бұл – мінезділік. Мінезсіз ақынның сөзінде де, өзінде де жалғандық, жарамсақтық басым түсіп жатады. Ал, Қадыр Мырза Әли ақын табиғатын қазақ жанына жақындатып түсіндіріп берген: «Ақынға ақыл көп керек, бірақ, асаулық та керек аздаған». Салауатта ақыл да, асаулық та, мінез де бар еді. Армандары көп еді, бітірер істері көп еді. Салауат он жігіттің орнына жүрер азамат еді. Он жігіт жабылып бір Салауаттың орнын толтыра алмас.
«Әркімнің ақырзаманы, ұрланып келген ажалда» деп Меңдекеш Сатыбалдиев жырлағандай, қара түнде қара жолды торыған ажал арамыздан Салауатты тым ерте алып кетті. Әлде Меңдекеш, Табыл ағаларының соңынан асығып кетті ме?! «Қадірі болмас адамның, Қасыңда тірі жүргенде. Орыны қалар ойсырап, Бір күні көрге кіргенде» деген Жәнібек Кәрменов жырындағыдай, Салауаттың орны қалды ойсырап. Тағдырға не шара?! Жылыойға келгенімде, Салауатпен қауышуды емес, қоштасуды жазыпты. Жерлеуіне жиналған қалың жұрттың жанары мұңды, жүзі сынық. Жұбайы Баршагүлге, балаларына сабыр берсін деп тіледім. Қара торқа топырақ жамылып сен қалдың, Құлсарыдан асар бұрылыста. Қош, бақұл бол, ақын бауырым! Көңілім Салауат жоқ дегенге сенбейді әлі. Салауаттың артында сөзі қалды, ізі қалды. Ардақты ақынымыздың есімін есте қалдыру мақсатында оның қағазға түспеген жыр мұрасын жинақтап, кітап етіп шығару – соңындағы сөз түсінер, сөз бағалар туған еліне сын.
Маржан ЕРШУ,
ақын-аудармашы,
филология ғылымдарының кандидаты