«Мәдениет порталында» ең көп оқылған 7 әңгіме

ӘДЕБИЕТ
7798

«Мәдениет порталында» 2020 жылдың сәуір айында ең көп оқылған 7 әңгімені ұсынамыз. Бұл топтама (05.05.2020) бүгінгі күнге дейін. Алдағы уақытта өзгеруі мүмкін.

1. Гүлнұр Ембердиева. Сағындым сені, KZ

Университет бітірген соң жұмысты бір жыл іздедім. Дұрысы өзім іздеген жоқпын әкем іздеді. Оқуды жаңа бітірген, оң-солын танымайтын мен сияқты кішкентай ғана түйіршікті кім көзіне іле қойсын. Сондықтан үйде отырып әкемнің әкелетін жаңалығын күттім. Екі ай дегенде хабар жетті. Әдеттегідей үйге асығыс кірген әкем жаңалығын қысқа қайырды. 
- Қыркүйектің жиырмасында мектепке жұмысқа шығасың. 
- Неге мен бірінші қыркүйек күні бармаймын? - деп шар ете қалдым. Шынында қалыпты мектептерде солай ғой. Жаратылысынан сөзге сараң әкем бұл жолы да көп сөйлемеді. 
- Құжаттарыңды апарып өткіз. Жаңадан ашылған мектеп. 
Әкемнің сөзі талқыланбайды, артық сұрақ қою бос әурешілік. (жалғасы)

2. Бекен Қайратұлы. Жынды қойдың етін жеген қасқыр

Ол да бір заман еді-ау. Кеңес үкіметі төңкеріліп түсіп, әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ дүниенің астаң-кестеңі шығып жатқан кез. Сонау 93-тің тақырланған тауық жылы-­тұғын. Қараша айының соңғы парақтары қырқылып, сүреңсіз желтоқсанның сұрғылт бұлты қоюланып әне-міне терістен орай соғатын сырғыма ақ боран басталатын сыңайда, аспан толғағы ауырлап, еңсені зіл басқан көңілсіз күндердің бірі еді. Жиегі қырқылып ақтазданған, әрі ыстанып түтін иісі сіңген түлкі тымағын милықтата киіп Кәден шал сыртқа шықты. Желді күнгі көлдің толқынындай қатпар-қатпар әжімін тыржитып аспанға қарады. (жалғасы)

3Темірғали Көпбай. Киіктің бұрқағы

Молдалар бал аштыру күнә дейді. Солай да шығар... Желіккен жас қыздар болмаса, ақыл тоқтатқан адам жетіскеннен бал аштыра ма? Әдетте балгерге маңдайын тасқа соғып, тауы шағылып жүргендер мен тұйықтан шығар жол таба алмай пұшайман болғандар барады. Қырықтың қырқасынан асқанда құмалақшыға барамын деген ой Қалибектің қаперіне кірмеген. Енді міне, құмалақ аштыруға келгендердің шұбатылған кезегінде бұл да тұр. 
 Дардай азаматты құмалақшыға жүгінуге көндірген көрші кабинетте отыратын Күмісай деген келіншек еді. Бірнеше күн бұрынғы әңгіме арасында Қалибек оған:
– Бір жаңа жобаны қолға алып едім. Нәтижесі қалай болар екен деп алаңдап жүрмін,– деген. Сол-ақ екен, қаншырдай қатқан қарасұр келіншек алақанын ысқылап, кірісіп кетті. 
– Ештеңе уайымдамаңыз,– деді ол сеніммен,– Мен білетін бір көріпкел құмалақшы бар. Қалай болатынын тайға таңба басқандай айтып береді. Сіз соған барып қайтыңыз. 
 Күмісай кезіккен сайын осы құмалақшы туралы айтумен болды. Кеше түске қарай Қалибектің кабинетіне әдейі бас сұғып:
– Не болды,аға? Бардыңыз ба?– деп сұрады. Бір қызық айтып қалар ма екен деп елеңдеп жүргені анық. 
– Қайда? Әлгі құмалақшыны айтасың ба?
– Сол... (жалғасы) 

Автордың дербес парақшасына өтіңіз


4. Асқар Алтай. Прописка

Күн ұзарған, түн қысқарған көкектің кәрі қыздай қылтың-сылтың басы. Өскеменнен түсте шыққан автобус Ұлан арқылы Самарға тікелей асып, Ертіс түсіп, Күршімнен бір-ақ шығуға бел байлаған. Көкек келсе де наурыз жылымығының қайырма қызыл шұнағы қала ішін дірдек қақтырып, Ұлан асуына қарай созылған ұзақ жол беті сиыр жалағандай. Жып-жылмағай көк мұз. Алды-арты бірдей тартатын шағын сары автобус ішіндегі азғана жолаушыларды селкілдете ұрып, соқтырып келеді. Күн аяздан шаңытып тұр. Автобустағылар өзді-өзімен шүйіркелесіп, қайсыбірі жорта қалғып отыр. Жолаушылар арасында нәресте құшақтаған жас келіншек қыңқылдаған сәбиін уатумен әлек. Ең артқы орындықта отырған Архат олардың іс-әрекетіне көз жіберіп, көңілсіздеу күйде көзін жұмған.(жалғасы)

Автордың дербес парақшасына өтіңіз


5Қуандық Шамахайұлы. Сүрткіш

Мұхиттың арғы жағындағы алып қаланың орталық алаңында серуендеп жүрген едім. Елден келгелі үш айдан астам уақыт өткен. Қанша жерден өркениетті елдің әлемге әйгілі шаһарында жүрсем де, туып өскен ел-жеріме тез жетуді армандап, көңілім алып ұшып, асығумен көп күндерім өтті. Міне, ертең таң сәріде елге қайтамын. Уақыт жақындаған сайын тағатсызданып, бұрынғыдай күнді емес, енді, сағат, минутты да санап кетеді екенсің. Бала-шағамды сағындым ба, осында өткізген үш айды ой елегінен өткіздім бе, алаңда қанен-қаперсіз баяу ғана адымдап жүр едім. Қасымнан өте берген біреудің: 
- Excuse me, are you Kazakh? (Кешіріңіз, сіз қазақсыз ба?) - деген тосын даусы еріксіз жалт қаратты.
- Иә, қазақпын!
- Ассалам әлейкум, бауырым! - деп, күректей үлкен алақанымен қолымды қысқан жігіт ағасы, танысудың ишарасын білдіріп, өз есімін: - Ақмырза! - деді. Мен де аты-жөнімді айтып, қолын қыстым. (жалғасы)

Автордың дербес парақшасына өтіңіз


6Ұларбек Нұрғалымұлы. Қар суымен кеткен жылқы 

Талай дастархан басында айтылып, ауыздан-ауызға аңыздай таралған осы бір әңгімені қағазға түсірудің сәті түспей-ақ қойған. Сізге өтірік, бізге шын, «жазамын» деп оқталғалы үш-төрт жылдың жүзі болыпты.
Қаншама рет бапталып отырып бастамақ болғам, неге екенін қайдам, көкейдегі көркем әңгіме ақ қағаз көрсе аттай үркіп ала қашады. Одан кейін маңына жуытпайды. Құлағына қол апартпай осқырынып, одырайып. Ал енді қағаз-қаламыңды тастап құр қол, қара жаяу жақындасаң басын шұлғи аяңдап, оқыранып қолға тұра қалады. Сөйтіп, жалынан сипап, жайдақ мініп дегендей біраз жерде тыңдағанның құлақ құрышы қанып еді. Тіпті қазақы әңгімеге жаны құмар кей ағалар іздеп келіп арнайы тыңдағанын да айта кету артық болмас.

* * *
Біздің ауыл тура Қытай мен Моңғолияның шекарасында еді. Ол кезде шекара қазіргідей тышқан жорғаламастай торланбаған, кей жерінен үйірлі жылқы өтердей алан-ашық жататын. Жылқысы өз аяғымен өтіп кетсе де «моңғол айдап кеттіге» санап, түн қатып жортқан «жоқшылар» жоғының өзі табылмаса да, топанын толтырардай өзге қылқұйрықтарды шұрқыратып айдап келетін кез. (жалғасы)

Автордың дербес парақшасына өтіңіз


7. Қанат Тілеухан. Шатырдағы әйел

Шырылдаған телефон тұтқасын көтеріп едім, арғы жағында Айсамал ағыл-тегіл жылап тұр. «Не боп қалды?» деген сұрағыма жауап бере алар емес. Өксігін тия алмай тұр. «Құрман аға, тез келіңізші. Мекен-жайды WhatsApp-қа жазып жіберем» деп айтуға ғана шамасы келді де, телефонын қоя салды.Бір қалада тұрсақ та немере қарындасымды көрмегелі қай заман. Өткенде Айнабұлақ шағын ауданынан несиеге бір бөлмелі пәтер алды деп естігем. Жеңгесімен соңғы рет сөйлескенде күйеуінің Оңтүстік Кореяға жұмысқа кеткенін айтыпты.Лифтісі әлі іске қосылмаған тоғыз қабатты жаңа үйдің ең соңғы қабатына әрең көтерілдім. Есік ашық тұр екен. Айғай-шу, ұрыс-керіс байқалмайды. Бірі төртке, екіншісі үшке толған Дидар мен Дамир ойнап жүр. Ыдыс-аяқ жуып тұрған Айсамал мені көрген бетте бас салып құшақтап, солқылдап жылай бастады.(жалғасы)  

Автордың дербес парақшасына өтіңіз


Құрметпен, "Мәдениет порталы"
author

Асқар Алтай

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...