Біржан АХМЕР. Мұнша аяулы болар ма сезім деген?

ӘДЕБИЕТ
6065

***
жүрегім жүрегіңмен үндеседі, 
үнсіз ғана сүйеді, тілдеседі... 
сөздерің – сағым тұнған самаладай, 
көздерің – қоюланған түн кешегі. 
ғажап қой.. жүзің, қолың, қастарың да, 
шаттықтан кірпігіңнен жас тамуда. 
алдыңнан Əлем болып қарсы аламын, 
таң келіп, терезеңді ашқаныңда. 
мен сені сүйем солай, ұялшағым, 
бұл ғұмыр – өң менен түс. Қиял. Сағым. 
өзгелер түсінбейтін сағынышпен, 
өзіңді жиі аңсадым. 
неге?.. 

***

Жарығым,
мұнша аяулы болар ма сезім деген?..
сезім деген – сенделген өзім дер ем.  
көкжиекке тығылған Күн нұрындай, 
ұяласың... 
 мөлдіреп  көзіңде өлең.
Күннің нұры – арыңның шұғыласы, 
білем, содан əр сəттің құны басым.
жылылығын сезінсең жүрегіңнің, 
ұлылығын бақыттың ұғынасың...
Содан кейін, 
 жаныңның тыңдашы үнін, 
жүректердің сездің бе «ымдасуын»?
ізгі əлемнен, 
 ал кейде күзгі əлемнен, 
іздейді екен құс-көңіл шын ғашығын.
өмір солай, секілді өң мен түсім,
өң мен түстен қалықтап келгенбісің? ..
періштедей жаныңа өлең арнап, 
пенде болып күн кешем 
 мен сен үшін. 
Жарығым...

***

күнім, саған жарасар еркелеген, 
еркелесең, көңілім шертеді əуен.
қоңыр үнді сарын кеп көкейіме, 
көкіректі қозғайды көркем өлең.
күнім, саған жарасар күрсіну де,
тылсымы көп көзіңе түн сіңуде.
ұятына періште ұялатып,
құс ғұмырды дәл сендей кім сүруде?..
күнім, саған жарасар барлығы да, 
кеңдігі де, өмірдің тарлығы да. 
оңаша қап өзіңдей шомыламын,
ойлы аспанның жып-жылы жаңбырына. 
күнім, саған жарасар гүлдегенің, 
гүлдегенің – үмітті үрлегенің. 
мені сосын өзіңе құштар етер,
біліп тұрып, ештеңе білмегенің,
Əдемі ғой...

***

Бүгін тағы саған келдім кешқұрым, 
(мен кешкендей сағынышты кешті кім?) 
Бəріне де көнем, қалқам, бірақта, 
Қоштасқалы маза бермес ескі мұң. 


Сені әлі де түсінбеппін тегі мен, 
Кейде тіпті түсінуге ерінем. 
Маңдайыма жазылмаған жұмағым, 
Дос болуым – қиямет қой сенімен. 


Сағынышым, жүрегімнің айт емін, 
Жанарымда шайқалып тұр Ай-көлі. 
Біз екеуміз дос болғанша, дұрысы, 
Танымайтын адам болсақ қайтеді?.. 


Бүгін тағы саған келдім кешқұрым, 
(Мен кешкендей сағынышты кешті кім?) 
Дос болуға шақырмашы сен мені, 
Достықпенен сүю қиын, 
Кеш, күнім...

КҮЗГІ ЭЛЕГИЯ 

Көңілсіз бақ. Қорқамын тегі неден, 
сан тараптар айырды сені менен. 
мың жапырақ билейді жүрек болып, 
маңдайдағы жазмыштың желіменен. 


содан ба екен, кісінеп құлын-арман, 
тұрса дағы таппадым жылынар маң. 
күз келеді тағы да нөсер болып, 
иығына бұлттардың бұрымы ауған. 


сыр қалықтап көңілдің ғаршысында, 
сен айналдың сағымның жаршысына. 
мұңым келді оралып қайта маған, 
күлкім кетті – көзіңнің тамшысында. 


...сары жолдар, сары бақ, Күнсіз көгім, 
қайтқан құстар құрап тұр мұң тізбегін. 
қолға ұстатып бір уыс сағынышты, 
бақытымды ұрлады бұл Күз менің.

***

аппақ Айдың жамалынанмұң сырғып,
айналаны тербетіп тұр үнсіздік.
бақ ішінде бір сағым бар беймәлім, 
сығырайтқан шам көздерін нұрсыз қып.

көкірекке шермен бірге толса мұң,
жібек желмен ұшып кетер сол сағым.
сонда бақта қалатыны жалғыз-ақ,
саған деген аңсарым...

сіңіріп ап талдағы бар тылсымды,
жерге түсіп, жапырақтар күрсінді.
жарты әлемге сыя алмаған аңсарым,
жұлдызы жоқ түн сынды.

саған жазған қайда жырым,
қайда әнім?
санамдағы сағынышқа айналдың.
мен ешкімнің таңғалмаймын сөзіне,
бірақ саған қайранмын...

бақ ішінде...
сырласуға бір батпай,
сен де маған қарап тұрсың үн қатпай.
екеуіміз қос шам болып жаралдық,
жеткізбеген жол-өмірді ұнатпай...

***

мен сенің тəтті қылығыңды сүйем, 
бұрымыңды сүйем өрілген. 
періште сынды ұғымыңды сүйем, 
жылуыңды сүйем төгілген.

мен сенің мөлдір жанарыңды сүйем, 
қабағыңды сүйем сəн кірген. 
ұялшақ, нəзік жамалыңды сүйем,
қадамыңды сүйем əр жүрген. 

мен сенің аппақ алқымыңды сүйем,
әр күніңді сүйем – арайлы.
тіл қатқандағы жарқылыңды сүйем,
қатеңді де сүйем, жарайды... 

ерніңнен сосын еріп мен сүйемін,
еліткен шығарсың Күндейін.
осының бəрін неліктен сүйемін, 
неліктен сүйемін? Білмеймін...


***

сөз – ғаламнан, ғалам – Хақтан жаралған. 
құсни хаттай шимайланған жер беті. 
өмір мəні – қара жүрек, ақ арман, 
əр күн сайын алмасады келбеті. 
пенде дейсің... кімді, нені білмедім, 
ақтау үшін бір ғажайып сөз ол да... 
сезіндің бе мынау ғажап Түн демін, 
сезіндің бе, жүрек соқты ғазалда. 
мұң мен шаттық – жаратылыс ділі ме, 
жан əлемі – барлығыңның елесі. 
керуендеп ой көшетін күніге, 
ішімізге үңілмейміз неге осы?.. 


***

Ымырт түссе, қанат жайып адырға əн, 
аңсарыма дем салады жел ескі.
күнмен бірге күңгірт ойға шомылған, 
қиялымды жан түсінбес көмескі. 
қызыл іңір. Қабағында шоқ тұнып,
селеу қырға түсіреді сəулесін.
бозала бұлт торып жатыр аптығып, 
манар таудың мұз балқыған сəлдесін.
жырыма ұқсап қоңырланған жер беті, 
Тəңір сыйы – айырмайды кімді естен?
О, ғаламның мінсіз сұлу келбеті, 
мен ақынның жүрегімен тілдескен.    
қоңыр төбе. Оңашада қоңыр мұң.
жерді шарлап қоңыр ойдың құсымен,
арлы өлеңге жан бітіріп отырмын, 
жүректегі Құдіреттің күшімен. 

***

 желдің гуілін, 
 топырақтың тынысын, 
 бозаң қырда өсетін Өлең-шөптің сыбысын, 
 жапырақтың жүзінен ғарыш жаққа бет алған, 
 қыз-ауаның күлкісін, 
 ардан ғана именер ақылымның сөздерін, 
 жүректердің дүрсілін, 
 аққулардың аспандағы əуенін, 
 қыраттардың қыбырын, 
 көк теңіздің кісінеген дауысын, 
 жастығымдай бұлқынған жанартаудың дүмпуін, 
 өзім сынды ақын-ғалам өлеңін, 
 барлығын да, 
 Сеземін!..


ƏЛДИ-АНА


кірпік ілмей жатырсың неге, анашым?..
қараңғы түн. Ұйқысыз сен ғанасың.
«жас теректі» несіне уайымдадың,
жел соғады, əйтеуір жел болғасын.

жұлдыз біткен жұтылып жанарыңа,
мейірімге тұншықты-ау ғалам мына.
жер дегенің – пендеге болса мекен,
аспанды əкеп қоямын табаныңа!

таусылмашы... Емес бұл жанашуым – 
аналардың қашан да бағасы ұлы!
сенің көзің – Құдайға сыйынатын,
он сегіз мың ғаламның қарашығы.

ал, мына түн – өзгермес байырғы түн,
қайырсыз кім, білмеймін қайырлы кім...
ұйықташы, анашым, алаңдамай,
ұйықтаңдар, аналар, қайырлы түн!

әлди, Ана...




Аудармалар


КҮЗ 

 Сарғайған гүлдер, сірə, көп, 
 Күз келсе, баққа үңілем. 
 Тамшылар – дымқыл тұман боп, 
 Қалықтап тұрды күнімен.

 Жауратты ызғар жер-шөпті, 
 Аулақта – Орман, шерлі едім, 
 Сүйінші сұрап көрсетті, 
 Алтыннан тіккен көйлегін. 

 Тыңдап көр сен де жаныңмен, 
 Тыныштық – ол да сырлы өлең.
 Ұлиды бұл күз сағыммен, 
 Ұлиды қоштасуменен...

 Аралап көрші бұл күнде, 
 Алқоңыр бақтың арасын.
 Жолдарға, шамға, гүл, түнге, 
 Жас төкпей көзің қарасын.


 Ес жиып, сосын көктегін, 
 Үміт қыл келер уақытты.
 Қайтармас бірақ көктемің, 
 Бұйырмай кеткен бақытты... 


(Иван Бунин)




***

 
Сүю бұл – бір күннің бесінші бөлігі, 
Кеш емес, түн емес, күн де емес, таңы да.
Сен келсең – түнде де Күн нұры төгілді, 
Сен кетсең – кеш түсер таңсəрі жаныма.

Сүю бұл – бір жылдың бесінші уақыты, 
Күз де емес, Һəм көктем, жайдарлы жазың да.
Қыс та емес, сірə бұл – жаныңның бақыты, 
Өзіңнің еркіңде: шаттығың, назың да.

...Сүюге ұқсамас əлемде ештеңе, 
Бала шақ, қарттық та, жастық та – бəрі емес!
Сүю бұл – өмірдің бесінші бөлігі, 
Жай ғана...

 (Вадим Шефнер)

ЭЛЕГИЯ 

 Ессіз күндердің елесі сөніп, 
 Бұлыңғыр тартып, кетті ме менен?
 Шараптан құйшы, бəріне көніп, 
 Қайғымды үнсіз шектірген, өлең.
 Мендік жол – мұңлы. Басқанда түнек, 
 Кешірсін ғалам болсақ күнəлі. 
 Құрғақ уəдеден қашқанда жүрек, 
 Теңіздің исін аңсап тұрады.

 Алайда, достым, өлгім келмейді, 
 Аңсаудан мені арылтпа бекер.
 Көктемнің жүзін көргім келмейді, 
 Көгінен күздің қалықтап өтер.
 Көзімде сосын егілер ғалам, 
 Кеудемді жұмбақ тылсыммен тіліп.
 Жалт етіп сонда көрінер маған, 
 Күлімдеп тұрып күрсінген үміт.


(Александр Пушкин)


 ***

 Əнбісің, жаным, əуелеп тұрған,
 Бұлбұлдың əлде дауысы?
 Жалығар ма едің көбелек мұңнан, 
 Бір ғұмыр – қанат қағысы. 

 Сыры не сендік күрсінісіңнің,
 Жүрсің бе мұңға оранып? 
 Үрлесең отын құлшынысыңның, 
 Жалғыздық кетер жоғалып. 

 Тыңдашы, əнін сырнай-ғаламның, 
 Өзіңдей ол да əнші еді. 
 Тағаттап сосын тыңдай қалармын, 
 Құшағыма алып мен сені. 

 Меңзейді бізге періште жел кеп, 
 Жалғыздық жолы – өліммен тең деп.


(Уильям Шекспир) 


***

 Сырнайы сығанның – самал жел сыңсыды, 
 Көрікті ару қыз, күлкісі өзгеше. 
 Көгілдір көзінен сырғанап мұң шығы, 
 Тұрғанын мен көрдім, өзі тек сезбесе. 

 Жырақта - екеуміз, жанымыз – бір демде, 
 Сен – алау жалынсың, мен – шоқтай маздадым. 
 Айналып ақ қарға, сен тағы күлгенде, 
 Төбеңнен өлең боп төгіле жаздадым... 

 Мен үшін қоңыр жел – қоңыр сөз, ақырғы, 
 Пәк күлкің – тудырды-ау адамнан ақынды.

(Сергей Есенин)


Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...