Театр - мәдениеттің алтын бесігі. Ұлттық театр - ұлттық мәдениеттің алтын қазығы. Театр - тағылым ме...
Күн сәулесіне шағылысқан оксюморон – І
Уақыттың уағызы
Адамды Жаратушыға жақындатып, мына кең дүние мен байлық атаулының жалғандығын ұғындыра түсетін Ұлы нәрсе – Уақыт қана. «Ұлы» деген сөзді бақырбастыдан қызғансақ та, Уақытқа қиналмастан қия салатынымыз жомарттығымыздан гөрі, «Жоғары Сана» алдындағы дәрменсіздігімізден болар-ау деп ойлаймын. Уақыт пен адам – ұқсас ұғымдар. Ол да ойлай алады, оның да жаратушысы – Құдай. Оның асау мінезі, ерекше сезімі, соғып тұрған жүрегі, алабұртқан көңілі, бәрін көретін көзі, Біздің сөзімізді еститін құлағы, ауадағы оң өзгерістің исін сезетін мұрны, ақиқатты кесіп айтатын аузы, парасат-пайымы... ең бастысы – уайымы бар.
Біз бен Сізді уайымдап, Кеңістік атты мамық төсекте дөңбекшіп жата алмай, ағарған шашы ағара түсуде. Жатса-тұрса ойлайтыны – Біз – адамдар! Осы жылы қазақ сөз өнері біраз есеңгіреп қалды. Елге еңбегі сіңген қабырғалы қаламгерлер мен талай тарландар фәниден бақиға озды. Аты-жөні аталғандардың астына мөрін басып, қолын қойған да сол – Уәкең еді! Таяуда ғана, Әбені – Әбдіжәміл Нұрпейісті соңғы сапарға, мәңгілік сапарға шығарып салып, ұлт көркем кеңістігінің тағы бір парасын жаптық. Оның орны ойсырағаны өз алдына, мәдениетіміздің бір жақ қабырғасы қақырап, үңірейген бос жер қалғанын енді ғана сезінгендейміз.
Уақыт дегенде көз алдымызға шашы – аппақ қудай, жүзін әжім торлаған, қолында – асасы, аузында – Алласы, шапаны жер сызған, өзін әркез сергек ұстайтын, жады – ғаламат, ойы – терең, шешен де ділмәр, әділетті, кейде пенделерге миығынан күле қарайтын, күле отыра адами надандықты, дүниеқоңыздықты, қараниеттілерді қарғап-сілейтін, көрсоқырлықты мазақтайтын маңғаз, қарны ашқанда қойнынан күлшесін шығарып бір үзіп, асап-асап алатын адал қарт, Уақыт деген ұлы шалекең елестейді. Ол – қырандай қырағы, он сегіз мың ғаламдағы бірде-бір жаңалықты назардан тыс қалдырмайтын нағыз байқампаз! Оның патшакөңіліне ие болғандар өзгелерден оза шауып, қарақұрым топтан қара үзіп, басына бақ дарып жатады. Ашуланса қабағын қарс түйіп, тас-талқан болатын әлгі қартыңның қырсық та қыңыр мінезіне, қырына іліккендер көштің көтінде, көптің ішінен көрінбей қалатыны тағы бар, ұмытпаңыздар. Ішкі драматизмді сан түрлі уақиғалар ушықтырған мына заманда біз Уақытты, оның аппақ сақалын, ақ шалған басын, жасын сыйлаудан қалып барамыз. Уәкең саналы ғұмырын санасыздардың бірін-бірі сынаған арызын, кертартпа сындарын оқуға немесе біреуді аяқтан шалып, тобықтан қағуға емес, әркез үлкен бастама, ұлы істің жанынан табылатыны – «HOMO SAPYENS»-ке үлгі. Кеңдігі мен кесектігін де содан байқаймыз. Көңілді жүргенінде адамды қуантып, ренжігенде суық хабар жеткізетіні – Алла пәрменінен. Тасты тескен тамшыдай әлгі Ақсақал таза әрі жақсы нәрсеге ұмтылатынын, өлімнің өзінен өмірді көре алатын нұрлы, сәулелі қасиетін тірі жанға үйретуден талмай келеді. Ұстаздығы ұстамдылығымен астасып, кісімсігенін кішіпейілдігі жеңіп, тіршілік кешіп жатқан жайы бар. Уақыт пен адам қатарласа өмір сүріп келгендіктен, бірінен-бірі үйреніп те, жиреніп те үлгерді. Бірақ Уақыт бойын пендеауилықтан аулақ ұстап, асқақ сезімге, аспанға қарай қол созуға дағдыланған. Болмыс-бітімі сондай шығар. Бойынан адамгершілік тапсақ та – адами мінезге қаны қарсы. Заманның ызғарлы дені көп көңілді ақпанның аязындай мұздатып үлгерді.
Бұл енді Уақыттың кінәсі емес, ол ниеттен-ау... Ал Біздің ниетіміз түзу болғандықтан аңсарымыз сөз өнеріне ауады да тұрады. Өмір әдемі өрілген қамшы сияқты. Ұлы органика бар. Шығарма өмірге, өмір шығармаға тәуелді десек, Тәуелсіз сана туралы туынды әлі де ішімізде пісіп жатыр. Өзімізді сөйтіп жұбатамыз. Кейде тұрмыс таршылығына кейіп, кейде жолымыздың болмағанын «көз тидіге» жорығышпыз. Ал, сонда ниет деген қайда қалды?! Ниет, пейіл, рухани ахуал жаһанды соғыс пен лаңкестік жайлауына жол беріп қойды. Іштегі нәрсе сыртқа лықсып, ұлттың жан тұңғиығындағы бұлқыныстар су бетіне қалқып шығып, қоғамның бет-пердесі сыпырылды, елдің моральдық жағдайы күрт өзгерді. Бүгіндері халықты мазалаған басты сұрақ – доллар көтеріле ме, әлде құлдырай ма? Егер көтерілсе, жағдай ушыққан үстіне ушыға түседі, ал егер түссе, біз белгілі бір экономикалық кеңістікке шығамыз. Сөйдейді, ОЛАР. Біздікі – «екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өліптінің» кері. «Ұлттық ұстанымнан айырылдық» деген қанша ауыр естілсін, бұл қазаққа қойылған диагноз. Әлемдік қаржы дағдарысы я алпауыттар текетіресін фон деп алсақ, бұндай аумалы-төкпелі кезеңде қазақ өзін қалай ұстау керек, қандай жол таңдауы қажет, сүйенері, тіреуі, діңгегі не болмақ? Дүниежүзі тарихын бір парақтап ек, ақша үшін талас һәм Жерге өз билігін орнату ойы сонау Эллада мен Көне Рим империясы кезінде де болған екен. Сонда, адам болмысы жаралғалы бері жақсы жаққа өзгермеген бе? Қараған сайын түрленіп, көрген сайын көз тоймайтын, алыстан қол бұлғап арбайтын Дүние деген қу түлкі – Ібілістің адамға құрған тұзағы, қазған оры. Біреу сол тұзаққа түсіп, тұсалған атша айналшықтаса, енді бірі орда омпырайып жатты. Санасын Сайтанның мөрі бар доллар улаған рухани ауруға ұшырағандарға «ең алғашқы медициналық жәрдемді» қашан көрсете аламыз? Айналаны көзіңізбен бір шолып шығыңызшы... Белгісіздік әркез үрейлі екенін ескерсек – Әдебиеттің сол «жұтқа» қарсы тұрар дәрмені бар ма екен? Сөз өнерінің адамзат алдындағы парызы, қаншалықты поэтикалық естілсе де айтайық – үмітсіздікпен күресіп, бәрімізді жарқын болашаққа бастау, көкірегімізге ізгілік ұрығын сеуіп, кісілік келбетімізді қалпына келтіру. Тағы да, Уақыт туралы. Кезең, шақ, мезет, сәт, дәуір, заман, ғасыр, күн, ай, жыл, бәрі-бәрі – Уақыттың адамзатқа қызмет етіп жүрген ұрпағы.
ӘУЕЗОВ
Ресей 2015-жылды «Әдебиет жылы» деп белгілеген-ді. Ал, 2016-ны Киноға арнаған еді. «Әдебиет жылында» сан түрлі жиын-шара өтіп, үлкен істер атқарыла келіп, қорытындысы таң қаларлық болды. «Культура» телеарнасы Россияның 24, алыс-жақын шетелдің 10 қаласынан 1300-ге тарта оқырман Лев Толстойдың «Соғыс пен бейбітшілігін» жарыса оқыды. Мұғалімнен мұражай қызметкеріне, ғалымнан ғарышкерге, көше сыпырушыдан көрнекті жазушыға, саясаткерден сардарға дейін ұлы романды ұмытпағанын, керісінше оған деген ынта-ықыласы ерекше екенін аңғартқан-тұғын.
Ұйымдастырушылардың көздегені – «Толстой арқылы Әлемге осыншама ұлан-ғайыр жердің иесі орыстың қандай мықты ұлт екенін көрсету» болыпты. Бұны – «бір оқпен екі қоянды ату» дейді. Бір жағынан, «Әдебиет жылын» жалаулатқан Ресей билігін геосаяси жағдай алаңдатқаны анық. Наполеон Бонапарттың «Қара құрлық» – Африка мен «Кәрі құрлық» – Еуропаны жаулап келіп, Россияны жеңе алмағаны кім-кім үшін де тарихи сабақ. Бүгіндері «Соғыс пен бейбітшілікте» айтылған Кутузовтың: «Жерімді қорғаймын, елімді аман алып қаламын!» – деген сөзін орыс жастары көп айтып жүр. Сол себепті, бұл афоризм саяси, патриоттық (кейде шовинистік) мәнге ие боп жатса, таңырқаудың қажеті жоқ. Арғы жағында: «Көрдіңдер ме, бастан небір уақиғалар, соғыс пен зобалаң өтті...» деген емеурін жатыр. Ресей мен Түркия арасындағы қақтығыс (кезіндегі «Орыс-түрік соғысы») не Ресей мен АҚШ арасындағы текетірес (уағындағы «Қарулану жарысы») «тарих қайталанатынын» дәлелдесе керек. Осы орайда, Путин бастаған Россия билігі рухты көтеріп, жігерді жану үшін Толстой аса қажет екенін ұғынған еді. Кейде көрсоқыр Саясат Әдебиеттің көркемдік-эстетикалық құндылығын, нәрін, сөлін, күш-қуатын ескермейді. Әдеби-мәдени жобаның ғаламаттығын былай қойғанда, Батыс Еуропа әдебиеті ұстаз тұтқан Толстой эпопеясын қалқан етіп ұстау қаншалықты дұрыс шешім екенін Уақыт қана айта алар.
«Соғыс пен бейбітшілікті» бүкіл ел боп оқу үрдісі, шыны керек, көңілге қонымды. Бұрындары радиодан повест, әңгіме, радиоспектакль тыңдап келген әдебиетсүйер қауым үшін бұл үлкен тарту болған-ды. Рейтингі бойынша «Первый канал» мен «Россия-1»-ден кейінгі орынға орныққан «Культура» арнасындағы «Роман оқимыз» атты айдары жандана түсті. Енді келешекте, Михаил Шолоховтың «Тынық Дон», Федор Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтар» мен Николай Гогольдің «Өлі жандарын» оқу жоспарда бар екен... Иә, дерсің. Іште бір қызғаныш оянады. «Жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренетін» әдетке сай, Біз де қойын-дәптерге біраз нәрсе түртіп алсақ артық болмас еді ғой. «Ит үреді, керуен көшедінің» керімен, талай ой айтылғанымен, орындалу жағы кемшін түсіп, бәрі-бәрі келіп шенеуніктің: «Берілген тапсырма орындалып жатыр...», – деген жаттанды сөзімен тұйықталатыны бар. Оған құлақ та, Біз де, Сіз де, жалпы организм де үйренген. «Шартты рефлекс» деңгейіндегі дүние ғой. Сұрақ қойсаң болғаны, сақ етіп жауабың да дайын тұрмақ. 28 қыркүйек – Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза мен Оралхан Бөкей сияқты жазушылардың туған күні.
Мектеп, лицей, колледж, университет қабырғасындағы қатып, сіресіп қалған «динозаврларды» академиялық құрсаудан алып шығып, қабырғалы қаламгерлерді елмен қайта таныстыру секілді игі бастаманы неге жүзеге асырып көрмеске?! Егер романды ауырсынсақ, көлемді әңгімеден, я повестен бастасақ, қайтеді?! Бұл әдебиетті ел арасында насихаттап, халыққа жол табудың бір формасы болар еді. Себебі, рухани дүние һәм мәдени мұрамен қаптаған қаулы-қарар қатарласқан осынау бір заманда заңғар жазушылардың аты тіптен аталмайтын болды. «Өз қазанымызда өзіміз қайнаған» деген сөз жиі айтылып жүргеніне, әне-міне дегенше 30 жыл болыпты. Зырғыған жүйрік пойыздай «алға» (!) ғана ұмтылудамыз, алайда бір сәт артқа қарап, барды бағалап, ұлт ұпайын түгендеп жүрген біреу болсашы. Осы күнге дейін не істелді? Негізгі сауал – осы. Мойындау керек, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында біраз дүние шықты. Оның қапталында қазақтың қаншалаған көне әдеби шығармалар, жоғалып барып қайта табылған авторлар мен тарихи жәдігерлер ортамызға оралуда. «Баласағұн кітапханасы», «Алтай-Ертіс кітапханасы», «Сырдария кітапханасы», «Қазыналы Оңтүстік», «Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы», «Ақтөбе кітапханасы» сияқты сериялар түсінген адамға аз олжа емес. Кейде жекелеген демеушілер, ал кейде мемлекет қолдауымен жарық көріп жатқан осы том-том жинақтар оқимын, білемін, ізденемін деген тек Алаш жұрты емес, өзге де қазақ дүниетанымымен танысқысы келген талапкер үшін үлкен қазына екені сөзсіз. Қош! Әр өңір өз жоғын түгендеп, бабадан қалған бар байлығын жинақтады. Құптарлық іс. Бірақ, бұныңыз бірінші баспалдақ қана емес пе?! Енді сол барды өскелең ұрпаққа насихаттап, жалпыұлттық сипат алу үшін бір кешенді жоспар қажет-ақ. Мәдениет, әдебиет және өнер саласындағы азды-көпті жетістіктер спорт пен шоудың далдасында қалып қойып жүргені айтылып та, жазылып та жүр.
Библиографиялық көрсеткішке айналған, сөрелерде шаң басқан көптеген жазушыны халыққа таныстырудың ұтымды жолын қарастырсақ деген ой бар. Әлеуметтік жағдайы төмендеу, билік те, басқа да назар аудара бермейтін саланың бірі – кітапхана. Бүгіндері Біз ол жаққа қандай мақсат-мұратпен баратынымыз айқындалып қалды. Ұстаз ұсынған тізімді бір пысықтап шығу, ескі тігінділерді қарау я болмаса бәзбіреудің тапсырмасымен баруға мәжбүрміз. Өз еркімен келіп, «рухани мұраға» ден қойып жүргендер аз болуы заңдылық та шығар, бірақ оқырман қатарының көбеюі ұлттық ұстанымға тікелей байланысты. «Интеллектуалды меншік», «ақыл-ой жемісі» секілді ұғым-түсініктер қара жұмыстан биік тұрғанда ғана балаңдықтан арылған, кез келген мәселеге Парасат шыңынан қарағанда ғана шынымен де Ел деген атқа лайық боламыз. Ойсыздықтың арты опасыздыққа алып келетінін сан мысал табуға болады. Бұдан шығатын қорытынды, Қазақ елі «интеллектуалды қоғам» түзіп, өресі биік абзал азамат пен ақылына көркі сай азаматшаларды тәрбиелеудің мән-маңызы қалай артпақ? Сондықтан кітап пен оқырман, оқу мен тоқу, жазушы мен туынды секілді ауқымды дүние ұлттық сыпат алып, қолдауға ие болса деп армандап болдық. Енді тек нақты қадамдарға бару қажет.
Толстой Әлем, оның ішінде орыс жұрты үшін қаншалықты бағалы болса, қазақ үшін де Әуезовтің орны ерекше. «Абай жолы» роман-эпопеясын бүкіл қазақ боп жабылып оқымасақ та, жаңа бір формат шеңберінде, жаңа бір форма тауып жүзеге асыруға болады ғой. Бұндай бір бастама «Сөз өнерінен» ажырай бастаған халықты серпілтіп, құлықсыздық, немкеттілік, бей-жайлық сеңін бұзып, Ұлы шөлді бір басар ек. Қазақ әдебиеті дегенде ауызға алдымен Абай, кейін сол Абай мен оның дәуірінің көркемдік полотносын жасаған Әуезов ілігетіні айқын. Екі алып арқылы Қазаққа жақындаудың жолын тауып, Қазақ жанына үңілсек қана, алға жылжи алатынымызды ұғынсақ екен.
Серік Қирабаев
Уақыт аямайды...
Бір түйгенім – мына маңғаз Ғалам үшін ештеңе таңсық емес екен. Ал кеңқолтық, қамқор әрі мейірбан Жер-Ананы да таң қалдыру тіптен қиын. «Кім келіп, кім кетпеген?!» – дерсің күрсініп. Бірақ та, құнарлы топырақтан өніп-өскен, саналы ғұмырын ұлтына арнаған ұлыларды Құдай да, ел де, қойны-қонышы дерек-дәйекке толы Тарих-шал да ұмыт қалдырмас деген үміт бар. Сондай кісінің бірі – академик, ұстаз, сыншы, әдебиеттанушы Серік Смайылұлы Қирабаев!..
Серік Қирабаев – абайтану, көбеевтану, аймауытовтану, сейфуллинтану, майлинтану іліміне қомақты үлес қосқан ғалым. Қырандай қырағы сыншының Жүсіпбек туралы: «Ол әдебиеттанудың, көркем шығарманы бағалаудың қайшылықты жолын көрегендікпен болжап айта алған» деген сөзі өзіне де аса қатысты екенін ақсақал аңдамаса керек. Ел еркесі, «сын серкесі – Сер-ағаң» – Серік Қирабаев Әуезов, Мұқанов, Мүсірепов, Қаратаев, Жароков, Орманов, Молдағалиев, Ахтанов, Ысмайылов, Ғабдуллин, Мұхамеджанов, Қабдолов, Айтматов секілді алыптардың алдын көріп, кіл мықтылармен аралас-құралас тіршілік кешкен – ғасыр досы, сырласы, құрдасы. «Адамды орта қалыптастыратын» әдеті ғой, соғыстан кейінгі ауыр ахуал мен жоқшылық жаңаарқалық ғалымды ел ісіне ерте араласуына, жиырма бесінде-ақ мектеп оқулығын құрастыруына түрткі болған-ды. Бала кезінде аздап өлең жазған Серік Смайылұлының ғылымға келуіне Қажым Жұмалиевтің ықпалы аз болмаған. «Тура биде туған жоқты» ту еткен ғалым турашылдығымен сыйлы болды. Чеховтың қайбір кейіпкері: «Мен сенімен бір дәуірде тіршілік кешкенім үшін ғана Құдайға алғыс айтамын», – дегеніндей, Біз де Серік Қирабаев сықылды алыппен бір заманды бөлісе өмір сүргенімізге шын қуаныштымыз. Академик аға тұтып сыйласқан Ғабиден Мұстафин турасында: «Оның адамдық мұратының биіктігі мен тазалығы, еңбекқорлығы мен адамға, өмірге деген түсінігі жағынан сирек кездесетін жан еді», – деп сондай бір сүйіспеншілікпен жазуынан-ақ оның адамға деген сый-құрметі, жан-айнасы анық байқалатындай. Айта берсең, академик еңбегі – ұшан-теңіз. Ерекше атап өтетін нәрсе ол кісінің – Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Мағжан шығармаларының зерттеу ісіне мықтап араласқандығы. Жалпы, жады деген дүние – қиын дүние. Сер-ағаң «Ләйлі-Мәжнүн», «Еңлік-Кебек» дастандарын жатқа соғатын», – деседі, жұрт. Ғалым 1988 жылы М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына директор боп сайланған тұста-ақ анау бір шалғайдағы таланттарды орталыққа тартып, қанатының астына алыпты. «Алыптар тобы» аталынатын бейресми шоғырдың ішінен қос академик – Серік Қирабаев пен оның жанжары Әлия Бейсенова да табылатынына еш күмән-күдік жоқ, алайда қазақы қарапайымдылық деген тағы бар. Өйткені, ұлылар өзін ұлымыз деп ешқашан айтпайды екен ғой.
Светлана Алексиевич
Әр жылдың қазан айында Швеция Ұлттық Академиясы әлемнің ең үздік жазушысын таңдайды. 2015 жылы кезекті Нобель сыйлығының Әдебиет номинациясы бойынша лауреаты беларусь жазушысы Светлана Алексиевич атанғанын білесіздер. Біреулер бөркін аспанға атты, енді біреулер санын соқты. Жазушының әкесі – беларусь, шешесі – украин, өзі орыс тілінде жазады.
Оның орталық тақырыбы – соғыс. Сезім соғысы – ой соғысы – идея соғысы – ар соғысы. Қаламгердің қырық жылдан астам шығармашылық жолында – адамға деген махаббат пен ғалам тағдырына деген алаңдаушылығы шығармашылық кредосына айналып үлгеріпті. Шығармагер туындыларында белгілі бір образдар жоқ десе де болады. Тек өмірінің жанына батқан, азапты кездерін ғана сипаттап берумен шектелетін кейіпкерлер ғана бар. Дәл осы тұсқа келгенде әдебиетшілердің пікірі екіге жарылған-ды. Бірі оны – «деректі-көркем прозаның шебері» деп бағасын асырса, екіншілері – «жазғанында журналистік сарын басым» деген. «Цинковые мальчики» кітабы жарық көре салысымен-ақ жазушының басы дауға қалып, интернационалист-сардарлардың аналары оның үстінен арыз жазып, сотқа сүйрепті. Уәждері – «Ауған соғысына қатысқан солдаттардың бейнесін аса жағымсыз жағынан көрсеткен». Қайбір жылы Лукашенконың саясатына қарсы шығып, соның салқыны тисе керек, кітаптары мемлекеттік баспалардан шығуын тоқтатыпты. Нобель сыйлығы жазушыға «көпқырлы шығармашылығында қасіретке толы уақыт пен өршіл рухтың ескерткіші іспеттес шығармалары» үшін беріліпті. Алексиевич ел-жер аралап, Әлемнің «ең ыстық нүктесінен» кейіпкер іздеуді әдетке айналдырған-ды. Уақыт сыры, ғасыр жанайқайы, адам жанын жегідей жеген дерт автор жолықтырған адамдардың монологында жатқандай. Соғыс жағдайында жүргендер үшін өмір мен өлімнің шекарасы тұтасып кеткендей көрінсе керек. Аққан қан мен оққа ұшқан ұлының өксіп жүріп өлігін сүйреген ананы көріп өскен өскелең ұрпақ қалайша қаныпезер, қалайша тасбауыр болмайды. Ал, бейбіт жағдайдағы адам ол бейбақтардың ауыр азабын терең сезіне алмаса керек. Уылжыған Украина жік-жік боп бөлінгеніндей, жаһанда да қақ жарылды. Бір жақ – «Үшінші дүниежүзілік соғыс» ашқысы келіп, адамзатты аяусыз қыруға дайын тұрса, екінші жақ – бейбітшілікті көксеп, Көк жүзінде көгершіндер ұшқанын қалайды. Зорлық-зомбылық, аштық, жемқорлық, қатыгездік, атыс-шабысты көріп өскен ұрпақ жүрегінде Жаратушыға деген махаббатқа, адамға деген сүйіспеншілікке орын бар ма екен?! Лауреат өз кітаптарында осы бір мәңгілік сұраққа өздігінше жауап іздейді. Алексиевич Путин саясатын сынға алғаны үшін орысшыл қаламгерлерінің қырына ілігіпті. Іліккені былай тұрсын, әлгілер топ құрып, жазушының сыйлық алмауына барынша қарсы болған, ал сарапшылар өз шешімін шығарған соң, кертартпа рецензияларды қарша боратқан-ды. Әділдік қайда, сонда? Василь Быков пен Алесь Адамовичты өзінің ұстазы санайтын Алексиевич ұлы Достоевскиймен де «дос» екен. Өз жазуына – өзек етіп «кішкентай адамның» үлкен трагедиясы, жан тұңғиығындағы тұнық суды лайлайтын шайтанмен үміт және махаббат арқылы күресу идеясын ұсыныпты. Жазушы өз лекциясында әлсіз әйел емес, деревнядан шыққан, соғыстан кейінгі кезең тәрбиелеген ермінезді азаматша ретінде таныстырады. Қаламгердің басқа дүниелерінен гөрі, рухы асқақ «Чернобыль дұғасында» қайғы-қасірет шеккен қаншама жазықсыз жанның үнін, санасын саясат улағандар ести алды ма екен, осы? «Адамзаттың бәрін сүюге» шақырған Абайдың түпкі ойы – адамның «жүрек көзін» ашып, Алла алдындағы ісіміз имани-таразыға тартылғанға дейінгі уақыт аралығында барынша тазару еді ғой. Адамзаттық ойдан қазақ та кенде емес. Беделді сыйлықтың жағрафиялық картасы өзгеріп, Орталық Азияға қарата ойысқанын ескерер болсақ, Нобель қазақтың қанжығасын қашан майлайтынын Уақыт мырза шеше жатар. Дегенмен, арзу-арманымыз бізге, біз оған жақындай түскен сияқтымыз.
Октавио Пас
1990 жылы Нобель сыйлығын алған ақын, жазушы, лингвист, дипломат, философ, аудармашы, эссеист Октавио Пастың (Мексика) лекциясын аударып, содан үзінді ұсынуды ұйғарған едік:
– Ілкі сөзімді рақметтен бастағым келіп тұр. Бұл сөз барлық тілде бар. Және, әр тілде оның бояуы әр қилы болумен қатар, мән-мағынасы да тым терең екені, тағы рас. Роман тілдерінде рақмет дегеніңіз кешірім, қайырымдылық, шабыт, ділмарлық, дарындылық пен өнерге деген адалдық, әдеп, һәм ең басқысы – кеңпейілділікті білдіреді екен. Мұның өзі Құдай-Тағала берген талантпен байланысты деп білген жөн. Егер кісі қайырымсыз болмаса, онда жақсылық жасауға бейім келеді. Швед әдебиетінің алтын ұясы және Әлем әдебиетінің орталығы боп саналатын осы жерде, алдарыңызда тұрған сәтте бойымды қорқыныш билеуімен қоса, Сіздерге деген құрмет пен асқан таңданыстың бар екенін жасырудың қажеті жоқ шығар. Жалпы, әдебиет арасындағы байланыс ешқашан үзілмеген. Мен классик санайтын қарымды қаламгерлер – бұлар өз тілімде, яғни испан тілінде жазатын, өзімді солардың ізбасары санайтын: Лопе мен Кеведо секілді жазушылар. Бірақ, мен испан ұлтынан емеспін. Дәл осыны ағылшын, португал және француз мәдениетінен аса алшақ емес өңге де латынамерикалық, АҚШ, Бразилия, Канада ақын-жазушыларының басым көпшілігі де айта алады деп сенем.
Америка жазушыларын тану үшін жапон, қытай және араб суреткерлерінің Еуропа әдебиетімен арадағы байланысқа: әр түрлі тілдердің мәдени диалогына аса мән берген абзал. Алайда, байқасам, сол диалог бір тілдің маңында ғана өрбиді екен. Біз бір қарағанда еуропалықпыз және еуропалық емеспіз. Сонда кімбіз? Оны анықтау – аса қиын шаруа. Дегенмен, Біздің орнымызға көркем шығарма сөйлейді. Америка әдебиетінің пайда болуы ғасырымыздың ең ұлы мәдени жаңалығы болғаны даусыз. Алдымен ағылшын-америкалық, XX ғасырдың екінші жартысында Латын Америка әдебиеті және бәйтеректің қос бұтағы – испан-америкалық және бразилиялық әдебиет дүниеге келді. Үшеуі үш түрлі болғанымен де, оларға тән ортақ қасиет бар. Бұл қасиет – космополитизм мен дәстүрлі тенденция, еуропеизм мен американизм арасындағы талас-тартыстан гөрі, идеологиялық. Бұл тартыстың арты немен тынды дейсіздер ғой? Олар ұмытылғанымен де, артында туындылары қалды. Мұнымен қоса, үш әдебиет айырмашылығының тамыры тереңде жатыр. «Бүгінгі» ұғымына үңіліп көрелік. Мұның өзі шартты нәрсе. «Бүгінгі» деген сөздің мәнін әлі толық аша алған жоқпыз. Мүмкін, бұл – идея, мүмкін, бұл – сағым, мүмкін, бұл – тарихи сәт қана болар. Біз – «бүгінгінің» белбаласы да шығармыз, бәлки, ол Біздің баламыз шығар, кім білсін?! Бұған ешкім толықтай жауап бере алмасы Айдай анық. Дегенмен, ол да маңызды дүние емес-ау, себебі, бүгінгімен тіршілік кешеміз. Бүгінгі адам өзінің тарихи жаратылыс екенін сезінді. Мен Бүгінгі үнді іздеу жолында көп адасқаныммен, ақыры жол таптым. Өзімнің өзегіме, түпнегізіме оралу арқылы, «бүгінгі» дегеніңіз тысқарыдағы емес, ішіміздегі фактор екенін ұғындым!..
Әлібек БАЙБОЛ