СЫН ЕСТІГЕН, МІН ЕМЕС (Серік Сағынтай әңгімелері хақында)

ӘДЕБИЕТ
3338

Ертеректе газет-журналдарға ұсынған дүниелеріңе не бір танымал қаламгерлерден жауап келіп, ақыл-кеңестер алып отырушы едік. Ол да арнайы жүйеге қойылған тәрбие жұмысы екенін енді бағамдай бастадық. Бүгіндері идеология жоқ деген желеуді көп айта береміз. Идеологияны сырттан таңатын ұстаным яки қолға ұстата салатын жалау іспетті санайтын тәріздіміз. Идеология - ұлттың болмысы болар. Осы орайда әдебиеттің ойнайтын рөлі қашанда аса зор болғаны тарихтан мәлім. Термоядролық бомбадан да қуатты СӨЗ деген құдірет бар. Жаратылыстың өзін - сол СӨЗден бастау алды негіз де тегін емес.

Тағы бір айта кетерлік әттегенай, қазіргі таңдағы көзі тірі классиктеріміздің өзінен кейінгі жастарға деген немқұрайлылығы. Тіпті, кейбірі жазу (проза) өзінен соң мүлдем тоқтап қалатындай көреді екен... Жазушылар бір-бірін оқымайды. Елеп-ескеріп ара-тұра пікір де айтыспайтын сыңайлы. Бір кездегі қазаны бұрқырап жататын қазақ әдебиетінің ошағы суып, емен-жарқын шұрқырасқан төрінен ел қашқандай ма? 

Ақын-жазушылық басына қонған кісі – киелі адам. Әлде, ақын-жазушы деп жүргендеріміздің талайы сол киеден жұрдай, үш қайнаса «сорпасы» әдебиетке татым бермейтін қара суды сапырған біреулер ме? Дейтұрсақ та соңғы кездегі қазақ әдебиеті аспанындағы Айдың туысы «өзіне жәйсіз болса да елге жәйлі» секілденеді...

Шығармашылығымен танымал бола бастаған Серік Сағынтай деген қаламгердің үш әңгімесін оқып шығып, азғана түйген ойымызбен бөліскенді жөн санадық.

«Гүлмира», «Қарға» және «Теңіз толқынындағы кафе» деген әңгімелері. Тілі өте жатық. Кейбірлеу құсап «жаңа сөздерге» аса таңсық еместігі көрініп тұр. Табиғат суретін де әдемі келістіріп бере біледі: 

«Сарыесіктің жазығы Қояншоқыдан өзенге қарата қодыра шөпті, ерменді боп кетеді. Топ тобылғысына қараған араласа, күбі ыстар майлы бұта тікенекті тапал тоғайға айналады. Еспе құм да емес, топырағы майлы. Бірақ, қодыра шөп, жусан басқан. Мұндай топыраққа көде байланатын, шалғынымен шұрай бітетін.» Бұл «Қарға» деген әңгімесінен алынған сурет. 

Бұл әңгіме қарғалардың тіршіліктері және олар туралы адамдардың не ойлайтыны жайлы басталады. 

«...Қарғалар өзара сөйлеседі екен. Қарқ-қарқ етіп, қиялай ұшып бара жатқанда маңындағы тамырына әлденені ескертіп айтады-мыс. Не айтатынын кім білген?! Өз кебімізге түсіріп, «Қу құлқын шығар?» дейміз кейіп. «Қарқ-қарқ. Кеттік. Егістік жаққа барып қайтайық, туыстарымыз келе бастаған сыңайлы. Бұл қораның маңында аса мардымды тағам жоқ тәрізді, қарқ-қарқ...» Не айтады дейсің басқа?!» деп кете береді.

Алғашқыда елге онсыз да белгілі қарға тірлігін осынша несіне тәптіштеп кетті екен деген күдікке де қаласың. Неде болса әйтеу бір ақпарат қой деп жылжи бересің. Содан: «Совхоз ыдыраған соң төрт-бес жыл жапырылмай жатты. Бір жылы өртеніп кетіп, келер көктемеде көдесі ту бітіп, жасыл жазираға айналар деп күткен ел. Олай болмады. Тусырап, шала иленген тулақ құсап, қаудырап жатты. Тобылғының түбірі қалып, қарағанның қаңқасы жасыл тікен-тырнағын сойдитты. Арыған өзеннің жел жемірген жарына қаңбақ паналап, қаңғыбас құйын шаң көтергенде бұлғаққа араласа кететін. Сол жазықты былтыр ерте көктемде Жәкем әкімнен қағаздап, қалап алғанда біздің ауылдың білгіштері жағасын ұстады. «Қу тақырға қала салайын деп жүр ме? Анау жылы қарбыз еккен кәрістер темекі өсіріп, оған жуа ма, пияз ба, әйтеуір өздері қуырып жейтін ащы бірдеңелерін қоса отырғызып, ақыры шөп шықпастай ғып кеткенін біледі ғой». «Әй, бұл түйе асырайын деп жүр». «Түйе асыраса қуырдаққа қарық қылады да...» дегізген қаңқу сөздерді тудырып, Жәкем деген кісі іске кіріседі. 

Сөйте бергенде тағы қарға араласып кетеді. 

«...Қарғаны қолға үйретіп, жемдеп, тұқымын сұрыптап, қап-қарасын аласымен будандастырып, жыл аралатып тағы сұрыптап, бәлкім, қараңғыда ұстай ма, тамағына маңызды мәзір ойластыра ма, қайткенде де ақ қарға тұқымын шығаруға бола ма екен?..» деп келе: «Әйтеуір, қарға туралы әңгіменің бір шеті өкінішке кеп тіреледі. Қалада, далада да құзғын көрсең, ескі бір елестер тірілетіндей. Сол жылы ауылға барып, күнбағыс плантациясын қорығандағы өкініш естен кетпес...» деп аяқталады.

«Апыр-ай, мына қарғалар қыр соңымнан қалмады-ау, қара-құласы аздай енді ағы, ала-құласы қаптады!» деп нали бастайсың. Сөйтсем, шөңгедей жабысатын жөні де бар екен. Алдыда тосып тұрған уақиға осы қарғалар төңірегінде өрбиді екен. Оған жеткенде ғана бұл туындының басты өзегі қарға мен адам арасындағы трагедия екенін ұғасың.

Қаламгердің жазу мәнері, тіл байлығы, суреткерлік қабілетіне еш шәк келтіре алмайсың. Тек, біршама жазбагерлерге тән бір олқылық бұл азаматтан да аңғарылды. Жалпы, көркем әдебиеттің негізгі мақсаты – осы дүниені көркемдік тәсілмен бір немесе бірнеше кейіпкердің ішкі жан-дүниелік толғаныстары арқылы бейнелеу емес пе? Әңгіменің ішіндегілер аты-жөндері аталғанымен - егер мінез-құлық, ойы, әрекеті суреттелмесе оның жанды яки жансыз зат екені неғайбыл және еш ерекшелігі жоқ көлеңке іспетті қараң-құраң болып қалмасына кім кепіл? Мүмкін, автордың өзі олардың барлығын таныр. Сондықтан да шығар, Жәкем, Қабекең тағы басқалар деп өзімсінетіні. Шығарма бірінші жақтан жазылғанымен ол автордың өзі емес қой. Осы орайда қарғаларды кім айтып жатқанынан көз жазып қаласың. Әрбір орам соңынан ой қорытқан баяндаушы кейіпкер ме әлде автордың өзі ме деп те... 

Бұл жазбаны – аяғы аяусыздықпен аяқталатын, ақыры қарғыс-налаға соққан, тіршілік заңына қайшы келетін қатігездікті әшкерелейтін ұлағаттық маңызы бар әңгіме жазуға жинақталған нобайлар жиынтығы деп қабылдадым, 

Өйткені, уақиға сыртта өрбіген сияқтанғанмен, оны қабылдау, бағалау, сарабын жасау: адамның санасы мен жанында. Өзгеше келтірсек, күллі төңірек біздің ойымыздың туындысы. Осыдан барып, авторлық позициядан сырттай суреттеп, баяндау тырманың басын басқанмен бірдей. Оқырманға кейіпкер керек. Соның жан-дүниесі оған таңсық. Егер кейіпкер дана яки шала ой айтса да кешірімді. Себебі, ол да оқырман сынды бір пенде. Ал автордың өз бетін ашуына ешқандай мұрсат жоқ. (Айтары тасыса, ғылыми еңбек жазсын.)

«Теңіз толқынындағы кафе» деген шығармағасы да жіпсіктеп, қайғылы уақиғаға жетелейді. Жоғарыда айтқанымыздай: бұл жерде де сырт суреттеу мен баяндаулар орын алып кеткен тәрізді. Автор салған суреттерді тебірене көріп, иланасың. Шындыққа өте жанасымды көріністерді бере алған. Бәр әттенайы, тағы сол уақиғаның төбе үстіне шығып кетуі.  Кейіпкердің тағдыры яғни оның ойда қалатын кейіп-кеспірі мен жан тебіренісін уақиға жұтып алған. Қаншама көрікті суреттеу мен өмірдің жақсы-жаманын ажыратып, адами бағалалықты дәріптейтін автордың ерен еңбегі - газет бетіндегі хабарлама сынды болып қала береді. Өйткені, бұнда адамның аттары бар, өздері жоқ. Соған қарамастан оқырман үшін тартымды болу себебі: бойымызда әлі де гумандық қасиеттердің сақталуы, жанашырлық, қайғыға ортақтаса білуімізден шығар. Өмірі көрмеген, білмеген біреулер апатқа ұшырапты деп жатса, «обал болған екен» деп жаның ашыры күмәнсіз. Ал көркем шығармадағы өзіңмен жаны таныс, туысыңдай  кейіпкерің - ондай күйге душар болса, жәй обалдық білдіріп қана қоймай, өгіздей өкірер ме едің?! Менің тұспалым сол ғой...

Келесі «Гүлмира» әңгімесі ауыл балаларының бастан кешетін таныс уақиғасы. Қаламгердің сөз саптауы еркін, әңгімені де оқырманын өзімсініп, бауырына тарта бастайды. Ақынжанды баланың бала махаббаты хақында. Ұл аңғалдау болса, Гүлмира есімді қыздың тәрбиелі, естияр екенін аңғарамыз. Кейіпкер образдары біршама ашылған. Ноқай деген қарадүрсін жігіт те өзін таныта алады. Осы тұстан алғанда тұрмыста кездесіп жататын жат оқиға желісі болған бұл әңгіме көшілгері көрінді. Қалай дегенмен тағдыр бар.

Алдыңғы әңгімедегі тықақтап соңымыздан қалмаған қарғалар құсап, бұнда да ішкі сезімді суреттеу сәттерінде жанартауға жолыға бересің. Әрине, көкіректегі асау сезімді бір қабат жанартаудың жалынды атқағына теңеп қойса еш айыбы жоқ. Кейіпкердің тебіренісін жеткізу үшін өзге де амал жетіп жатқан сияқты. Саусақтың бедері секілді адам психологиясы да өзінше әр қыйлы емес пе. Сондықтан, махаббат деген атау ортақ болғанымен оны әркім өзінше қабылдайды. Жазушының мақсаты сол ерекшелікті таба алуында; сүйіспеншіліктің қаперге келмейтін небір керемет қырын оқырманға аша білуінде.   

Қорыта келгендегі тұнған ой: көркем дүниенің алтын діңгегі - кейіпкер екенін ұмытпауымыз керек. Қалғанының барлығы - Күнді айналғандай, сол төңіректі толтыратын «жабдық» болуы тиіс. Кейіпкер болмысын сомдау жазушының шеберлігіне байланысты. Кейде, автор кейіпкерін сырттай суреттеп, таныстырып жатады. Ал шығармадағы кейіпкердің сөзі, іс-әрекеті ала-бөтен сайып, бағынбай кетуі де мүмкін. Жалпы алғанда әңгімеге жанр белі көтеретін жүкті ғана артуға тырысып, артық-ауыстың бәрін қырып-жонып, сүйріктей дүние шығаруға талпынған жөн сияқты. Тым үстірт кетуге де болмайды. Сосын сөз қорым мол екен деп шешенсіп, білгірсіну де авторға зиян. Шекті сезіп, сезімге де шектеу қоя білу абзал. Осындай да «Автор – идиот, который не знает, о чем пишет» деген қағытпа сөзді еріксіз еске аласың. Әрине, жетісіп жүрген ешкім жоқ. Тек, ара-тұра қаламгерлер арасында - осындай наз секілді пікір алмасуды дәстүрге айналдырып, бір-бірімізге қол ұшын созып жүрсек, ұтыла қоймаспыз...  

Сондықтан жазушылық мәнері қалыптасқан Серік баурымызды сынап-мінеп, одан береке табуды көздеп отырмағаным енді түсінікті болар. «Не бір керемет уақиға болса да соның жетегінде кетпей, мынадай шұрайлы тіліңмен - терең ой мен жарқын сезімді кейіпкер жүрегінен жанартауша атқылатып, «Жазушы – жан инженері» деген ұстанымды таңдағаныңды қалар едім.» деген тілекпен пікірімді түйіндегім келді.  

З. Самалбекұлы

Жаңалықтар

Оқиға Алматының Наурызбай ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде күндіз орын алған, деп хаб...

Жаңалықтар

Журналист Гүлмира Әбіқай «Елге көмек» қайырымдылық қоры туралы тың мәлімет жариялады, де...