Микропоэма«Кеңістік пен уақыт - бұл біздің өмірдің шарты емес, біздің ойларымыздың негізі&raqu...
ЕЛБАСЫМЕН КЕЗДЕСКЕН МАҚПАЛ АҚЫН
Күні кеше Мемлекет басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында жүзеге асырылған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының екінші кезеңінің жеңімпаздарымен кездескен болатын. 2388 үміткердің арасынан дара шығып, Елбасымен арнайы кездескен 29 жеңімпаздың бірі – Мақпал Тәжмағамбетова.
Әдеби ортада «Мақпал МЫСА» есім-сойымен танылған Мақпал – Тәуелсіз қазақ әдебиетінің үкілі үмітті буынының ең танымал өкілдерінің бірегейі. Ұлттық әдебиетіміздің қадірлі ақсақалдары ақын қыздың шығармашылығын жоғары бағалап, «Мақпалдың мақпал жырлары» деп тамсанған-ды. Міне, сол Мақпалымыз бүгінде әдебиетіміздің мерейі ретінде Елбасымен кездесіп, тағы бір ерлеп отыр. Мақпал ақынның Мемлекет басшысымен кездесуі – Тәуелсіздік тудырған талантты жастарымыздың ел алдындағы еңбектерінің бағалануы іспетті. Әрі туған әдебиетіміздің ең жас өкілінің шығармашылық жолына деген құрмет.
Замандасымыз Мақпал – «Алақандағы бақыт», «Мен керекпін», «Аспантаудың көктемі», «Шоған абыз» кітаптарының авторы, Қазақстан Жазушылар және журналистер одағының мүшесі. Өлеңдері әлем тілдеріне аударылған, көптеген антологиялық жыр жинақтарына енген. Сонымен қатар, жас ақынның шығармашылық қоржынында халықаралық, республикалық әдеби сыйлықтар өте көп. Нәзік сезім, мөлдір де тұнық жырларымен оқырманын қуантып жүрген ақынның шығармашылық жолы мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қарыштап, биік белеске көтерілді. Олай деуіміздің мәні, 2017 жылы талантты ақын замандасымыз ҚР Тұңғыш Президенті қоры ұйымдастырған халықаралық «Алтын тобылғы» әдеби байқауында ұлтымыздың тарихы мен әдебиетін, мәдениетін дәріптеуге бағытталған, елдік ұстанымдарды қалыптастыратын «Шоған абыз» поэмасымен Бас жүлдені иеленіп, лауреат атанған еді. Биылғы Жастар жылында да осы бағдарламаның игілігін көрген талапты жыр аққуы тағы да топ жарып, дүйім жұртын шаттыққа кенелтті.
Мақпал ақын кешегі мерейлі сәтінде өлең оқып, Елбасымызды да елжіреткен еді. Адамның бойындағы нәзік иірімдерді келістіре жырлайтын ақынның «Мақпал әні» өлеңін назарларыңызға ұсынамыз.
Мақпал әні...
Жанымды жыр қыла көр,
таңымды нұр,
Қос ішек пернесінен ағыл, дүбір.
Тамылжытшы, тамсанып мен тыңдайын,
Мақпал жайлы салшы, аға, әніңді бір!
Жазиралы сол кездің жазына енем,
Сағынышты сарғайтқан сазыңа ерем.
Әуеніңнен ән болып үзіледі
Мақпал қызға арналған нағыз өлең.
Аспан, жердің арасы –
Мақпал... Мақпал,
Сал-серінің сазынан тапқан бақ бар.
Өз алдына өлеңнің өрімі де,
Көз алдыма келеді ақтаңдақтар.
Көктем тумай көңілі көктемеген,
Айналайын, үніңнен төкпелеген.
Сегіз сері әні осы Мақпал жайлы,
Кешегіден бүгінге жеткен өлең.
Жанарынан сол әннің мұңды көрем,
Сырды көрем,
кей-кейде нұрды көрем.
Әуелеткен Әсеттің үкісіндей
Мақпал әні еді ғой үлбіреген?!
Көгімде жұлдызым боп жанбап па еді,
Асылын өлеңінің арнап тегі.
Арқада арда туған Ақан сері
«Мақпал-ау, Мақпал» деп ән салмап па еді?!
Бұл жайлы өткенім көп сыр айтады,
Қуантады,
көңілді мұңайтады.
Мұңдасы, сырласы да, тағдырласы –
Мақпалды Біржан айтпай кім айтады?
Бұл фәни ажыратса ақ, қараны,
Басынан баян көңіл бақ табады.
Сол әуен – бір ғұмыры қазағымның,
Сол ғұмыр – «Мақпал» әні,
«Мақпал» әні...
Фото: Ерлан Омаров