Астанада Еуразиялық әдеби форум өз жұмысын бастады

ӘДЕБИЕТ
1086

Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Жазушылар одағы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өткізіп отырған «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» атты Еуразиялық әдеби форум өз жұмысын бастады. Аталған форум Елордамыздың 20 жылдық мерейтойы шеңберінде ұйымдастырылған. 



Форум Еуразия халықтарының көркем әдебиетін танымал ету, ұлттық мәдениет өкілдерінің арасындағы байланысты нығайту, бірыңғай еуразиялық әдеби кеңістікті қалыптастыру, сондай-ақ, жастар арасында таланттарды анықтау мақсатында өткізіліп жатыр. 

Айта кету керек, дәл осындай ауқымды форум 1973 жылдан бері араға 45 жыл салып өткізілуде. Бұл биылғы жылдың интеллектуалдық ресурстарды жинақтайтын және халықаралық ынтымақтастық пен мәдени сұхбаттарды дамытуға арналған ең ірі әдеби жобасы болмақ. 



XXI ғасырдағы жаһандық мәдениеттің күн тәртібіндегі мәселелері сөз болатын форумға Еуразия құрлығының түкпір-түкпірінен шет ел қаламгерлері (Ұлыбритания, Германия, Қытай, Ресей, Түркия, Латвия, Венгрия, Польша, Молдова, Армения, Украина, Болгария, Моңғолия, Әзірбайжан және өзге де мемлекеттер) қатысады. 

Форум аясында белгілі жазушылар мен әдебиет сыншылары бірге қатысатын конференциялар, дөңгелек үстелдер және шығармашылық кездесулер, кітап көрмесі мен секциялар ұйымдастырылады. 

Атап айтар болсақ, «Әдебиет және жаһандық мәселелер», «Аймақтық әдебиеттердің дамуы» тақырыптары бойынша пленарлық отырыс, «Жаңа заман поэзиясы: көтеретін негізгі тақырыптар мен мәселелер», «Жаңа заман прозасы: көтеретін негізгі тақырыптар мен мәселелер», «Драматургияның өзекті мәселелері», «Қазіргі аударма ісінің хал-ахуалы» тақырыптары бойынша жеке-жеке секциялар жұмыс жасайды. 

Сонымен қатар, форум аясында Қазақстан Жазушылар одағы мен Иран жазушыларының қауымдастығы арасындағы ынтымақтастық меморандумға қол қойылады. Сондай-ақ, шара аясында Қазақстан-Ресей қаламгерлерінің кездесуі жоспарланған. 

Әдебиет тынысын зерделеуге арналған форумды өткізу еліміздің әлемдік әдеби кеңістіктегі интеграциясына мол септігін тигізіп, мәдени байланыстың өрістеуіне жол ашпақ.


madeniportal.kz


Жаңалықтар

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі алтын, күміс, қорғасын, мырыш және басқа да қатты пайдалы қазба қ...

Спорт

Қазақстандық Шавкат Рахмонов пен ирландиялық Иан Гэрри арасындағы айқасқа екі аптадан сәл-ақ астам у...