Қуандық Түменбай. Қырмандағы қара торғай (хикаят)

фотосурет aqshamnews.kz

ПРОЗА
200

Қызыл «Беларусь» таздың басындай ала-құла тас жолдың шаңын бұрқыратып, төрт дөңгелегі жерге тимей сар желіске салды. Дыр-дыр еткен үні сондай ащы, түтіктен шыққан түтін де тұщы емес. Артында шынжыры шұбатылып, адам кейпіндегі сүйріктей бір дене сүйретіліп келеді. Мойнын қылқындырған шынжырдан шыға алмай жерді тырнап, шоқырақтаған трактордың соңынан қалар емес. Тірі жан болса бір қыңқ демей ме, жоқ, мынау жансыз денеге  ұқсайды. Ауылдағы төрт «Беларустің» ақсақ Сейітқазы айдаған су жаңасы бүдір-бүдір дөңгелегі жерге тимей зыр қағады. Артындағы адам сұлбасы оң қолын көтерген күйі мойнына ілінген қара шынжырдың қармауында шалқасынан түсіп, бешпент киген бейнесімен қара жолдың тұла бойын тырмалап, әр түтіннің тұсынан үрей шақырып өтеді.

Астапыралла! – Көше жаққа шыққан кейуана тракторге сүйретілген адам бейнесін көрді де, жүрегі лоблып, қорасына қайта кірді. Екі-үш ойын баласы «Ленин атаны сүйретіп келе жатыр! Ленинді сүйретіп келе жатыр!» деп шуылдап, біраз жерге дейін соңынан қуып барды. Сосын қою шаңға қақалып, техникаға ілесе алмай жарым жолда қалып қойды.

Сейітқазы рөлге отырса өзіне-өзі таң қалады. Сүйегі қисайып біткен маймақ аяғы күшейткішті басқанда көзіне түп-түзу боп көрінеді. Тежегішті басқанда да сау аяғымен бірдей боп теңеліп тұра қалады. Ақсақ деген атынан трактор айдағанда ада болып, рөлде отырып, өзін сондай бақытты сезінеді. Озат механизатор боп кеудесіне «Еңбектегі ерлігі үшін» медалін тақты, қайда жұмсаса да Сейітқазы бүгежектеп, тірліктен басын алып қашқан емес. Сөзбұйдаға салып, сылтау айту деген бұнда болмайды, енді, міне, көсемнің жансыз бейнесін айдау жолда дырылдатып сүйретіп келе жатыр.

Кеше кешке колхоз бастық шақырды. Үйіне бастықтың хатшысы Айымкүл келіп, «Сейітқазы, ертең нөл-нөл тоғызда бастықтың бөлмесіне кел» дегенде мәз боп қалды. Шәй ұрттап, сәл терши бастаған қарақошқыл өңі алаулап, танауы делдиіп, "шәй іш" деген сөз аузынан шығып кетті.

Жоқ, асығыспын, соны айтайын деп келдім, - деп жас келіншек бұрыла бергенде, самауыр түбіндегі жұбайы саңқ ете қалды.

Байың тастап кетеді. Нан ауыз ти!

Келіншек Сейітқазының тершіген қарақошқыл өңіне бір қарап ап тізесін бүгіп, туралған таба наннан бір сындырып аузына салды да, табалдырықтан кері аттады.

Сейітқазы аң-таң. «Бастық неге шақырды екен? Мені жұмсаса трәктір міқайнік, болмаса бас инженер жұмсаушы еді» деп ойлады да, өзінің не әжетке жарап, бастықтың шақыртуына ділгір боп қалғанына бойын масат жеңіп, кіршең футболкасын кіндіктен жоғары көтеріп бір қасынып ап, қосағы Күнімайға күлімдей қарап, шойнаңдап жатын бөлмеге жөнеп кетті.

Таң атып, тура тоғызда бастыққа келсе, парторг екеуі бұны күтіп отырғандай алаңдаулы екен. Сөзді парторг бастады.

Сейтқазы, қазір қайта құру басталды. Кеше ауданда жиналыс өтті. Бүкіл жерге қойылған Лениннің ескерткішін аламыз. Ол өткен заманның адамы. Бізде де бала бақшаның алдында біреуі тұр. Соны әуелі тартып құлат та, шошқа баздың түбіне сүйреп апарып, көміп таста. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалін кеудеңе не үшін тақтық. Көрсет ерлігіңді, - деді бетіне тура қарап.

Бастық ләм деген жоқ, тек есіктен шыға бергенде:

Қасыңа ешкімді ерітпей-ақ қой, - деді.

Бәрі осы ма? – деді Сейітқазы әңгіменің тоқ етеріне көңілі толмай.

Бастықтың, не парторгтың туған-туысының біріне бір тележкі шөп, не бір тележкі жыңғыл түсіріп бер деп айта ма деп тұспалдап келіп еді, тапсырма ауыл арасының оп-оңай тірлігі екен.

Бәрі осы. Шынжыр тросың бар ғой, - деді бастық.

Бар. Жетеді, - деп бұрылып, шойнақ аяғымен табалдырықтан кері аттай берді.

        Сейітқазы да бала бақшада болған. Шешесі Тотия бір ұл, бір қызды бақшаға беріп, қара жұмысқа жегілген колхозшы еді. Кішкентайлар оң қолын алға созып, аулада тұрған күн көсемнің әппақ ескерткішінің айналасында ойнаса, бұл бір күні тырмысып шығып, ескерткіштің мойнына мініп ап, атқа шапқандай тақымын жазып, ескерткіш-адамды тобығымен тепкілесін кеп. Бір сәт тәрбиеші Тойсары апа шыға кеп: «Жүгермек, түс дегесін түс, ойнайтын жер табылмай қалды ма?! Лениннің мойнына мініп ап... біреу көрсе айлығымыздан айрыламыз ғой» деп айқай салғанмен әп-сәтте түсе қоймады. Ескерткіштің мойны отыруға жайлы әрі атқа мінгендей делебесі қозып кетті. Сол сәт меңгеруші Раушан кеп қалды да, «Түс дегесін түс, жүгермек, сен де шешең сияқты усойқысың ғой. Әкеңнің мойнына мініп ойнарсың» дегенде, әкесін көрмеген шала жетімнің көңілі кілт ете қалды.

Әкемнің мойнында отырмын ғой.

Түс деймін, ойбай!

Ол ақсақ аяғын жинай алмай ескерткіш-адамның құлағынан ұстай бергенде қалқан құлақ ортасынан қақ бөлінді.

Ой-бу, жүгермек-ай, ертең кәмәсия келе қалса, не бетімізді айтамыз, - деп меңгерушінің жан даусы шыққанда алты жасар ақсақ бала жерге секіріп түскен кезде тәрбиеші Тойсары шапалақпен жағынан шып еткізді.

Баланы ұрушы болма. Онан да дұрыстап, бақылап ойнатпайсыңдар ма?! Шешесіне айтып барса, ертең Тотия кеп шашыңды бір талдап жұлады. Ал кәмәсия кеп, «Ленин шұнақ болмаған ғой» десе, не бетімізді айтамыз, - деп меңгеруші тәрбиешіге тарпа бас салды.

Шешем бар, әкем Ленин, - деп қисықтық қанында бар бала шойнаңдай басып, бақшаны айналып, құмда үйшік ойнап отырған қыздарға қосылды.

Кәмәсия келсе, шұнақ құлақ Ленинді көрсе, шетімізден сотталамыз ғой. Бүгіннен қалдырмай құлағын желімдеп, әктеп, білдіртпей қойыңдар. Әйтпесе жеп отырған нанымыздан айрылып, түгел істі боп кетеміз, - деген меңгерушінің дызақтаған даусы әудем жерге дейін естіліп жатты...

Сейітқазыға бала бақша ұнамайтын. Үстеріне алабажақ киім кигізіп, түсте тор-тор қоршауы бар кереуетке жатқызып ұйықтатады. Ойнайтын ойыншық та жоқ, тек қол басындай темір күрекпен құмды үңгіп арық қып қазып,  кейде төрт бұрыштап кірпіш құйып, там соғып әуреге түсетін. Сейітқазы ескерткішке жеткенше балалық шағының бақшадағы осындай көріністерін көз алдынан өткізді. «Беларусін» дар еткізіп артқа шегіндіріп, шынжыр арқанды ескерткіштің мойнына ілді. «Кері тартсам шалқасынан түседі. Аяғына ілсем, етбетінен түсіп, бет-аузынан түк қалмайды. Жолай өткендер көрсін, көсемнің бет-жүзін» деп, ескерткіштің мойнына мініп, жеген шапалағы да есіне түсті. «Иә, сәт!» деп күшейткішті басқанда оң қолын алға созып, оң аяғын сәл алшақ алған аппақ тас мүсін сәл дір-дір етті де, ауаны сүзіп кеп щалқасынан түсті. Төртбұрыш тұғыр қарайып, нән салмақтан айрылып, иығы жеңілдеп қалғандай көрінді. «Шынжыр арқанды мойнынан алмай-ақ қояйын. Ештеңеге тиісудің керегі жоқ. Бәрі сәтімен болды. Енді шошқабазға дейін шыдасаң болды, ұлы көсем» деп, «Беларусіне» отырып, күшейткішті басып, пар еткізгенде қара түтін трактордың өңешінен будақтап, ескерткіш бір бұлт етіп, қара жермен сүйретіле жөнелді. Сейітқазы серейіп жатқан сидам денеге мойнын бұрып бір қарады да, «Кеттік!» деді өзіне-өзі. Сол күйі төте жолмен тартып келеді. Енді анау арнаға салынған ағаш көпірді кесіп өтсе, шошқабаз сідік шаптырым жер. Әуелі қызыл қырманның қасынан өтеді, онда қазір қара-құра көзге шалынбайды. Түнімен дән бастырып, астық тиеген қырманшылар тірлікті сәскеге таман бастайды. Әне, шошқа баздың төбесі көрінді. Бұл ауылда қой мен сиыр, түйе мен жылқы бар, сонымен бірге ауыл шетінде Шпанков деген қақол шошқа бақты. Оқушы кезінде жылына бір рет шошқабазды тазалауға келетін. Ауасы сондай сасық, жақындағаннан қоңсық иіс қолқаңды қабады. Сейітқазының сыныбы бір күн шошқабазға қолқабысқа барып, үш күн ауыратын. Балдар мен қыздардың көбі жаман иістен жиреніп, аузы-басын ұщық қаптап кететін. Бірақ, амал жоқ, сынып жетекшісі өзі бастап келгесін қашып кете алмайсың. Онан да қой қырқымға барып, су кешіп жүріп, күріштің арамшөбін отап, иіліп масақ терген маза екен.

Осы біздің ауыл шошқа бақпаса болмай ма? Емге бір орыс жоқ қой, - деп сабақты жақсы оқитын Рәуішкүл апайдан сұрап еді, сынып жетекшісі түтігіп кетіп, ара-тұра сөзін жұтып қойып, жауап берді.

Бұл – үкімет пен партияның бұйрығы. Біз соны орындауымыз керек. Қойдан басқа түк көрмей өскілерің келе ме? Шошқаны да көруіміз керек. Аузыңды жауып жүр! – деді.

Колхоз тарайды деген сыбыс шыққасын-ақ шошқашы Шпанков артық малын етке өткізіп, ауылдасқа «қош!» деместен қиырдағы отаны – Украинаға көшіп кетіпті.

Қаңсық иістің қалдығы алыстан сезіледі, шошқабаздың қорасында қалған сарқынды иіс әлі де сақталыпты. Кіршең футболкасының жеңімен тәмпіш танауын бір сипап, қолына жұққан кілегей қалдығын дөңгелек рөлді айналдыра жаққан Сейітқазы шошқабаз ауласының шүңеттеу тұсына кеп кілт еткізіп тежегішті басты да, трактордың артынан тұрқы қысқа күректі алып, әлгі шүңет жерді кең ғып қаза бастады. Жансыз сұлбаны шынжырмен сүйреп әкеп шалқасынан жатқызды. «Жеп-жеңіл ғой, темір емес, сірә, ішіне бірдеңе тыққан қалайы болса керек» деп бала күнінде мойнына мінген сұлбаға соңғы рет көз салды. «Топырағың торқа болсын!» деп бір күрек қиыршық аралас боз топырақпен бетін жапты. Сол сәт ескерткіштің мойнынан секіріп түскенде тәрбиеші Тойсары апаның жағынан сарт еткізген шапалағы тұлабойын сыздатып өтті. «Мейлі, қазір Тойсары апа бұ дүниеде жоқ, Ленинді өз қолыммен жерлегенімді, ең болмаса, естігенде ғой» деп шұңқырды жермен-жексен ғып тегістеп, бетін бүдір қалдырмай күректің жақтауымен тағы бір сипап өтті. Қимылдап жүріп, өзімен-өзі сөйлесіп қояды. «Шошқабаздан өз орнын тапты ғой, жарықтық» деп күбір-күбір етеді.

Шынжыр арқанды қолын ауырта ұйпалақтап жинап ап, трактордың артына ілді де, пар еткізіп жолға түсті. Қызыл қырманда қара-құра көбейіп, дән тазалағыштар мен тиегіштердің төбесі шошая бастапты. «Жақында алтын күз, қырман той» деп қасынан су жаңа «Беларуспен» теңселіп өткен Сейітқазы тапсырманы мүлтіксіз орындап қайтқанын бастыққа жеткізгенше көңілі алай-дүлей боп, шойнақ аяғымен күшейткішті қатты басып, қырманның қасынан шаңдатып өте шықты.

***

Таңғы шәйді ұрттай бергенде колхоз бастықтың шәй көйлек киген хатшысы Сейітқазының  табалдырығын тағы да аттады. Көйлегінің етегі делеңдеп тұрып, іші шыққан арық келіншек тақпақ айтқандай тақылдап тіл қатты.

Сейітқазы, бастық сені тез келсін деп жатыр, - деп бұрыла бергенде, жұбайы әдеттегідей саңқ ете қалды.

Нан ауыз ти. Байың тастап кетеді.

Тастай алмайды. Ішімде баласы бар, - деп дастарханға қол тигізбестен шығып жүре берді.

Сені орнына қойғысы келіп жүр ме? Неге шақыра береді? – деп келіншегі кесеге қолын созған күйі күлімдей қарады.

Адам таппай жүр деп еді, - деп күйеуі кесенің бетін басты, келіншегі қолын созған күйі қалды.

Сейітқазы киіне бастады. Бастық шақырғасын жан бар ма? Бұрын бас инженер түгілі механиктің өзі жұмсауға жолдама берерде қоқиланып сөйлейтін. «Білсін, бастықтың Сейітқазыны шақырып алып қалай сөйлесетінін». Тракторын пар еткізіп тартып кетті. Колхозға келген жаңа «Беларусь» жаңалығын көрсетіп, қос қабатты кеңсенің дәл алдына көлденеңдей тоқтады. Кеңсе алдында колхоз бастық пен парторг қабырғаға қарап, саусақ ұшын шошайтып бірдеңе айтып тұр екен.  Қабырғада осы колхозды аяғынан тік тұрғызған диқан, күріштің бермесін алған Ыбан қарттың суреті ілулі.

Өзі де келді, - деп екеуі кірер есікке беттеді.

Сейітқазы соңдарынан ерді.

Төрдегі орнына жайғасқан колхоз бастық Рсымбет бірден сөз бастады.

Колхоз тарады, бұл біздің соңғы тұяқ серпуіміз. Сені «Құрмет белгісі» орденіне ұсынғанбыз, амандық болса, алып қаларсың. Колхоз тарағанмен, орден, медаль тарамайды. Кеше көсемді ың-шыңсыз көміп келдің. Иманды болсын! – деп езуі жиырылып парторгке қарады.

Бүгін жалпы жиналыс. Колхоздың тарау себебін айтамыз. Алтын күз де келді, қырмандағы соңғы астықты сен тасисың. Қазір жиналыста біраз отыр да, үйіңе барып демал. Қызыл «Беларусіңнің» құйрық-жалы төгіліп тұр ғой. Толтырып май құйып ал. Түнгі сменге шығып, түнімен астық тасисың. Қалғанын парторг айтады. Мен асығыспын. – Бастық есікке беттегенде жон арқасынан қобалжудың шимай жазулары оқылып қалды. Екеуі ілесе шығып, парторг қарсы есікке алып кірді. Өз төріне өзі отырып ап тістеніп сөз бастады. Бұл болса жақ ашпай үнсіз тыңдады.

Түсіндің ғой.

Түсіндім...

Кеңседен шыққанда әлгінде екеуі саусақ шошайтып көрсетіп тұрған диқан атаның төртбұрыш суретінің қарайып қалған орнын көрді. «Мейірбан адам еді. «Тракторды айдаса, Сейітқазы айдасын» деп көрген жерде көңілімді көтеріп қоятын. Осы ауылдың жаманын жасырып, жақсысын асырған шаруа адам еді ғой. Кетпен шабудан басқаны білмейтін, не жазып қалды екен?" Қарсы беттегі клуб алдына қара-құра шоғырланып қалыпты. Бірінен кейін бірі ішке кіріп, орын-орнына жайғасып жатыр. Қара колхозшының көңілінде қармаққа ілінбей тұрған сауал бар. «Сүттей ұйып отырған колхозды таратып не көрінді? Бұдан артықты қайдан табамыз!» дейді бәрі де. Бірақ, әзірге сауалдың бәрі су бетіндегі қалытқы боп қалқып жүр.

Колхозшылардың жалпы жиналысын ашық деп жариялаймын. Бұл – біздің соңғы жиналысымыз, - деп бастық Рсымбет сөзді шымыр бастады. – Неге соңғы дейсіздер ғой, колхоз тарап жатыр. Бәрі жекеменшікке өтіп жатыр. Енді бұрынғы соцалистік қоғам жоқ. Бүкіл совет жеріндегі Лениннің ескерткіші алынып тасталып жатыр. Біз де кеше бала бақшаның алдындағы ескерткішті алдық.

Оу, кеңсенің алдындағы Ыбекеңнің суретін неге алдыңдар? Оның күріш еккеннен басқа не жазығы бар? «Өзі жоқтың көзі жоқ» дегендерің бе? Оның көзі осы отырған бәріміз емес пе? Шалдың кетпен шапқаннан басқа кінәсі не? – Ауылдың көрік басқан кәнігі ұстасы Сейтімхан шыдай алмай бастықтың сөзін бөліп жіберді.

Сәке, айтып тұрмыз ғой, заман өзгерді деп. Ол да социалистік қоғамның адамы. Ендігі өмір тек жекеменшік болады.

Сен өзің қай тесіктен шығып едің? Әй, Рсымбет, әкең соғыста жүргенде сол Ыбан сенің үйіңе бригадтан  тығып, жарты қап күріш әкеп беріп,  сені аштықтан аман алып қалған.

Ой, Сәке, сіз де бір қайдағыны айтып... Соғыс кезінде мұндай мысалдар көп қой.

Әй, Ыбанның елді күрішке қарық қылған кетпенін өз қолыммен соғып едім. Сол анау мүзейлеріңде тұр. Керек қылмасаңдар алып кетем. Үйімде сақтаймын, - деп шал орнынан қалтылдап тұрып, шығар есікке беттеді.

Бастық жеңілдеп қалғандай сөзін жалғады.

Қырмандағы соңғы дәнді бүгін-ертең қамбаға апарып құямыз. Енді біз бұрынғыдай бригадқа бөлініп күріш екпейміз.

Не дейд?! – деп біреу шаян шаққандай ыршып түсті.

Бригадқа бөлініп, звено боп егін екпейміз. Жерді бөліп береміз, әркім жер сатып алып, өз егінін өзі егеді, өз қотырын өзі қасиды.

Жерді сатқан деген сұмдықты қай атаңнан естіп едің?! – Бойы көк тіреген Бекмаш дір-дір етіп ұшып тұрды. Колхоз бастық боп жүріп соғысқа аттанып, тұтқынға түсіп қап, жазасын «штрафбатта» өтеген ардагер жиналыс жүргізушіге қаһарын төге сөйледі. – Сен не деп оттап отырсың? Мен өлсем көму үшін де жерді сатып ала ма? Мен үш жыл немісте тұтқында болдым. Әй, сендерден неміс мейірімді шығар. Тексіз, - деп бұрылды да, шығар есікті бетке алды.

Осылай біртіндеп шығып кетіп, жұрт қарасы селдіреп қалды.

«Бүгін кешке дейін демал» деп бастықтың өзі айтты». Сейітқазы өзіне өзі бұйрық беріп, шойнаңдай басып, клубтан шыға берді. Бұнын шыққанын жан баласы сезбей де қалды...

Міне, енді түн жамылып, бастық пен парторгтің тапсырмасын орындамаққа аттандап шауып келеді. Үлкен арна – «дәу канал» да тартылып,  ұшып түскен жапырақ пен шөп-шалам су бетіне күз суретін шимайлап сала бастапты. Арнаның ағаш көпірінен өтсең ар жағы қызыл қырман. Қыркүйек бойы мұнда тынымсыз тірлік бір толастаған жоқ. Тау-тау боп үйілген ақ маржан күріш, дән тазалағыш дегенің мойны сорайып, зырыл қаққан әуенінен бір танбайтын. Студент қыздар жаулықтары желбіреп, ағаш күректерімен алма кезек астық тазалағыштың көмейіне дән ытқытса, белдерін қынай буынып, қыздарға қырындай қараған солдат жігіттер машина қорабын толтырып ап, қол бұлғап, астық қоймасына тартып бара жататын. Қазір қырманда қыбырлаған жан жоқ, тек бір шетте өгей баладай боп мойны сорайып «СК-4» комбайны тұр. Күріштен күрмекті айыру үшін тапжылмай тұрған комбаинның да күні біткен сияқты. Асфальт төселген қырманда биылғы жылдың ең соңғы астығы үйме-жүйме боп үюлі жатыр. Сейітқазы осының бәрін түн жамылып көріп келеді. Қиялында таң атқанда айтқан әңгіме, көз алдында мына көрініс.

...Парторг тістеніп отырып бетіне тура қарады. Шүңірек көзімен ішіп-жеп барады.

Бірінші тележкіні дарияның арғы бетіндегі «Қарғалыда» бастықтың туған інісі тұрады, соның үйіне апарып түсіресің. Жеткізсең болды, өздері тып-типыл қылады. Қайтып кеп бір тележкіні біздің сарайға түсіресің. Сосын бас агроном мен бас инженердің үйіне де сөйтесің. Қалғаны өзіңе. Жиналыстан қайтарда дүкенге соқ, саған тегін екі бөтелке арақ береді. Соны ал да біреуін үйіңде іш, біреуін қарауыл Битұрсынмен іш. Битұрсыннан бір ауыз сөз шықпасын, шығатын болса, қырманның шетінде комбаин тұр ғой, «бункерде отырып ішейік» деп сонда апар да алқымнан ал. «Араққа уланып өлген өзінен көрсін» дейміз. Сен «Еңбектегі ерлігі үшін» медалін не үшін алдың. Көрсет ерлігіңді. Көсемді көмген адамға Битұрсын не тұрады. Күріш құятын сарайың бар ма? Ешкімнің көзіне түсіп қалма.

Бар, - деп міңгір ете қалды. Тележкіден ақтарылып жатқан мұрты сояудай сары дән көз алдын қарпып өтті. «Сарайға симаса, бастырмаға сақтаймын» деп тойымсыз көкірек аузын ашып қоя берді.

Қызыл қырман түн жамылып тұр. Бағанға ілінген екі-үш шам күңгірт жанып, жарықты айналған сары маса ызыңдап, соратын қан таппай сандалып жүр. «Беларусь» тұмсығын қырманға тірегенде көзім мен құлағыма қорған болсын деп әйелінің шыт орамалын басына орай шыққан Сейітқазы сөйлеп келе жатқан Битұрсынды көрді.

Қалған астықты сен тасисың ба зәгатзәрнаға? Колхоз тарайды дегесін ешкім жұмысқа шықпай қойған ба?

Сол кезде әудем жердегі қырманға арнап тігілген киіз үйден әліқұдыққа жетіп қалған екі бала жүгіріп шықты. Бұл – бас агроном мен бас инженердің ұлдары еді.

Бізді астық тиеңдер деп жіберді.

Тиеңдер, - деді қарауыл Битұрсын екеуіне безірейе қарап.

Сейітқазы Битұрсынның сұрынан сескеніп тұр. Ауылдың қара жұмысына қолының иі қанған сом білекті колхозшы, шөп орса, бір қарпығаны – бір бау, сексеуілге барса, жігерді балта ұстамай бір-біріне ұрып сындырар қара күштін иесі өзін шынтағымен түртіп жіберсе қаңбақтай домалап, біраз жерге барып қайтады. Сұрынан кісі сескенеді, көз қиығынан адам аласы сыртқа шығып тұр. Екі бала ағаш күрекпен құлаштай лақтырып, тележкі қорабын дәнмен көміп жатыр.

Битеке, - деді қорқақтай тіл қатып. – Менде бір бөтелке бар. Көресіз бе?

Битұрсын басын бұрды. Арақтан аузы босамайтын қара күш иесі күздің салқын желінен денесі тоңазып, бой жылытар бір нәрсе іздеп тұрғандай. Оның үстіне қызыл қырман қазан боп, қимылдап жүрген қара-құраға көзі үйренген түнгі қарауылдың көңілі құлазып, көкірегі көште қалған кедейдей азан-қазан.

Көрсек көрейік. Қырманның қазаны бойды суытып барады. «Алтын күз» деп бір алайық. Жүр, кеттік қар (киіз) үйге.

Битеке, бастық па, парторг па, біреуі кеп қалса, үстімізден түсіп, күстәналап жүрмей ме? Анау комбаинның бункеріне барайық та. Итпен іздесе де таба алмайды.

Битұрсын аларып бір қараы.

Райком келуі де мүмкін. Бүгін ғана ғой, ешкімнің келмей қалғаны, - деп маңқиып тұрған көне комбаинға қарай сөйлеп бара жатты.

Сейітқазы шойнаңдап соңынан ерді. Ақсақ аяғын шолтаңдатып, темірден тістене ұстап, төртбұрыш бункерге түскенде Битұрсын маңқиып, арқасын жақтауға сүйеп ой кешіп отыр екен. Сейітқазы қолына ұстай келген кенеп дорбадан апыл-ғұпыл бір бөтелке «Айрықша» мен таба нан шығарды да, қырлы стаканға толтыра құйды.

Қызыл қырман үшін, - деп Битұрсын бірден өңешін қылқылдатып тартып жіберді. Сейітқазы серігінің бүлк-бүлк еткен өңешіне қорқақтай қарап отырып ауылға тарап кеткен бір сөзді есіне алды. Бірде шөп асарға барып, асардан кейінгі ішкілікте үлкен ғой деп Битекеңе сөз берсе, «Шөптерің малдарыңа жұғымды болсын, сол үшін алайық» деп тост айтыпты. «Аржағы аққан судай таза адам ғой. Осы кісімен бүгін бункерде отырып арақ ішем деп ойлап па едім» деп, өзі де қырлы стаканды жартылай сімірді.

Сен, байқа, арлы-берлі жол жүресің, - деп Битекең өзіне секем ала қарағандай болды.

Битеке, енді бір алыңыз, мен келгесін... – деп қырлы стаканды қолына ұстатып, бір аяғы шойнаңдап жерге түскенде төрт бұрышты қорап дәнге толып қалыпты.

«Беларусін» пар еткізіп оталдырды да, жолға шықты. Бұрынғыдай емес, ақ арақтың буы көңілін баптап, ақсақ аяғы күшейткішке қайта-қайта тиген сайын түзуленіп, тракторы тұлпардай тулап келеді. Артына бір қарап еді, тракторға ілескен тіркеме-тележкі бұраңдап, сары дән ай нұрына шомылып, мөлт-мөлт етіп көз жауын алып жатыр екен. Арлы-берлі жол – елу шақырым. Кәрі Сырдарияны кесіп өтіп, қызыл құм көмкеріп, қара қарға қонақтаған «Қарғалы» аталған ауылға барып-келгенше кемінде төрт сағатты түгендейсің.  Түсіруі тағы бар. Бұл төңкеріп тастайтын бас бармаққа бағынған тележкі емес. «Мейлі, тағы бір бөтелке бар ғой» деп, қасында мойны қылқиып, шайқатылып жатқан ақ арақтың арқасынан сипап қойды.

Қайтып ауылға кіргенде тірі жанның бәрі тәтті ұйқы құшағына шомыпты. Аспандағы жаңа туған ай ғана қияқтанып, күз түнін әдемі көрініске бояп тұр, басқа дүниенің бәрі көзге түртсе көргісіз қап-қараңғы.

Трактор қырманға тұмсығын тірей бергенде алдынан қорбандап Битұрсын шықты.

Кешіктің ғой, - деді күдіктене қарап.

Масасы құжынаған күңгірт шамның астында бір суық ызғарды байқады. Бағанағы қос қырлы стакан арақ та бойына сіңіп, түк болмағандай бақырайып қарап тұр.

Кезек көп екен. Бүгін-ертең соңғы жанталас қой. Кезек көп екен. Колхоз тарап жатыр, - деп тракторын пар еткізіп алға жылжытып, қорапты үюлі дәнге тақап қойды.

Бағанағыдан бар ма? Төрт сағатта ыстық су да қатып қалмай ма...

Битеке, тағы біреуі бар.

Жомарт екенсің, - деп бір өкшесі көтеріліп тұрған Сейітқазының серілігіне секемдене қарады.

Ешкім келген жоқ па?

Жоқ. Колхоз тараған күні қырман кімге керек, - деп көне комбаинға қарай сөйлеп бара жатты.

Салақтаған дорбасын иығына ілген Сейітқазы мұздай темірді қос уыстап өрмелеп шығып, өлгенде әрең бункерге түскенде Битұрсын арқасын мұздай темірге тіреп, аспанда жылт-жылт еткен бірді-екілі жұлдызға қарап тұнжырап отыр екен.

Битеке, не ойлап отырсыз?

Кіші бала бүгін-ертең әскерден келу керек. Соны күтіп жүрмін ғой.

Анау... Әділханнан кейінгі Оразхан ғой. Соның аман-есен келуі үшін, - деп толтыра құйған қырлы стаканды қолы дір-дір етіп ұсынды.

Иә, сол баланың келгенін көрсем, - деп қаракөлеңкеде ащы арақты өңеші бүлкілдей тартты.

Сейітқазы желінбей қалған таба наннан бір үзіп ап ұсынып еді, қолын созбай күпәйкесінің жеңін иіскеді.

Сол бала аман-есен келсе екен...

Келеді, Битеке, келеді, - деген кезде төменнен «Тележкі дайын» деген айқайлаған дауыс шықты.

Сейітқазы бүкеңдеп төмен түсті, Битұрсын бункерде қалды. Төрт қабырғасы түгел дәнге толған тележкені сәл кейін шегіндіріп, сосын шаңдақ жолға дөңгелек тигізіп тартып кетті. Ауыл арасындағы парторгтің үйі де дайын отыр екен, төрт баласы тележкінің төрт бұрышын көзді ашып-жұмғанша жылан жалағандай ғып тақырлап тастады. Ізінше дарылдатып кері қайтты. Бұл жолы Битұрсын алдынан шықпады. Екі жігіт ағаш күректерін шошайтып дайын тұр екен.

Қайда? – деп еді:

Бункерде, - деп жарыса жауап берді.

Сейітқазы бункерге түсті. Төрт бұрыш темір қуыстың іші түн түрілген сайын суып кетіпті. Бір бұрышта аузы жаңа ашылған бөтелке мен таба нан салынған кенеп дорба жатыр. Битұрсын мұздай темірге арқасын тіреп, шалқалап отыр. Жұлдыздың көмескі жарығы астында қоңқақ мұрны дорбадай боп дөңкиіп, сопақша жүзі күреңітіп кетіпті.

Жерге түспегенсіз бе? – деп сөйлей кірсе де, Битұрсынның біртүрлі өң-жүзін көріп, жүрегі зу етіп, үн шығармай тілі күрмеліп қалды.

Тез келдің ғой, - деді басын көтермеген күйі.

 Кезек жоқ екен, кезек тіпті сейіліп қалыпты.

Апыл-ғұпыл қырлы стаканға толтыра құйды да, қарсы алдындағы қаһарынан сескенген адамға қолы қалтырап ұсынды. Ол басын көтермей бүлк етпестен тіл қатты.

Осы, сен, дәнді қайда апарып жүрсің?

Мен бе?

Иә, сен.

Апаратын жерге...

Қай жерге?!

Зәгатзәрнаға...

Өзің іш!

Сейітқазы қолы дір-дір етіп, қырлы стакан толы арақты сіміріп салды. Анау көз алмай қарап отыр. Бір тамшы қалдырмай жұтты, қалдыруға алдында отырған сұсты адамның  сұлбасынан сескенді. Наннан бір үзіп ап аузына апара бергенде қолын қағып жіберді.

Жеңіңді иіске! Арам қолмен адал нан ұстауға болмайды!

Сейітқазы кіршең футболкасының сыртынан іле салған көне күпәйкесінің жеңіне мұрнын тигізіп еді, ешқандай иіс сезілмеді. Сосын қолы қалтырап, тағы да қырлы стаканға толтыра құйды.

Енді... өзіңіз... – деп ұсынғанда Битұрсын мұздай темірге арқасын сүйеп жатқан күйі стаканды оң қолына ұстап, ащы арақты кілкілдете жұтты. Сейітқазының құлағына бір дауыс саңқ етті. Парторгтің даусы. «Өзің... өзің... алқымнан. Әйтпесе...»  «Енді... бас инженерден кейінгі тележкі менің үйіме түсуі керек». Өз даусы арам көкіректен ытқып шығып, құлағына ап-анық естілді. Ол итініп жақын кеп, әбден темір ұстап күстенген қожыр-қожыр саусағын шалт бүгіп, тірі жанды бүлк-бүлк еткен алқымынан алып, буындыра бастады. Битұрсын болса ащы араққа шашалып,  тентек су  не әрі, не бері жүрмей тынысын тарылтып тұрып қалды. Оң қолындағы қырлы стакан шарт етіп жерге түсіп, сол қолымен ербеңдеп ауа қармай берді. Сейітқазының қара май сіңген тырнағы тамағын қанатып, алқымынан тырс етіп қан тамды. Тәттіні ащымен суғарып, бір жұтым ауаға зар болған алпамсадай адам бір сәт мойны бір жаққа қарай салбырап, жон арқасын мұздай темір қарыған күйі сылқ түсіп отырып қалды.

Дайын! – деп айқайлады жердегілер.

Қолын алқымнан алып, қылжиып қалған алпамсадай денеге қарап біраз тұрды. Қыбыр етіп қимылдамаған соң бұрыла бергенде домалап жатқан қырлы стаканды ақсақ аяғымен шатыр еткізіп жаншып, сау аяғымен нан салынған дорбаны теуіп өтіп, жерге түссем деп жанталасты.

Тележкі толып тұр. «Енді бұны бас инженердің үйіне апарсам, сосынғы кезек өзімдікі». «Беларусы» ентіге оталып, жолға түссем деп атырылып, түтінін аспанға атқылай бастады.

Қас қағым уақытта қайтып келді. Бас агроном мен бас инженердің баласы бағанға ілінген күңгірт жарықтың астында қожынаған сары масадан сақтанып, басы мен көзін сарт-сұрт ұрғылап, әбігерге түсіп тұр екен.

Бұл біздің үйге ғой, - деді бас инженердің баласы бір нәрсеге асыққандай боп.

Үндемей бұрылып кетті. Шойнандай басып, маймылша өрмелеп бункерге түскенде Битұрсын арқасын темір жақтауға тіреген күйі ұйқыға бөккен адамдай басын солға қарай салбыратып отыр екен. Жүрегі зу етті. Қорқып тұрып, аяқ астында жатқан қырлы стаканның  сынығын теріп ап ескі күпәйкесінің қалтасына салды. Дорбаны қолына ұстады. Қисық аяғы бүгіліп, комбаиннан түсті де, суы тартылып, күз жапырағы бетін бүркеген арнаға қарай ақсаңдай басып бара жатты. «Мынау ақсақ қайда барады?» деді тележка қорабын дәнге толтырған екі бала бір-біріне қарап. Ол арна жағасына келді де, қалтасынан стакан сынықтарын шығарып, ағыны қайтқан лай суға қарай құлаштай лақтырды. Саусағы шым етіп, қан жұғыны көрінді. Қожыр-қожыр кіршең саусақты шыны тіліп, ай сәулесінің астында алақанынан айғыз-айғыз қан көрінді. Қалтасын түгел қағып-сілкіп, қырманға келгенде екі бала күректерін иықтаған күйі асыға сөйледі.

Болдық, - деді бас агрономның баласы.

Бұл біздің үйге, - деді бас инженердің баласы бұйыра сөйлеп.

Түк қалдырмапсыңдар ғой, - деді төбедей шошайып жатқан дәнге көңілі толмаған Сейітқазы.

Саған осы да жетеді, - деп бас агрономның баласы асығып кеп «Беларустің» кәбеңкесіне тырмыса бастады.

Аз ғой, тым аз ғой, - деді Сейітқазы өзінен мүшел жас кіші балаға кішірейе сөйлеп.

Кеттік! – деп айқайлады кәбеңкедегі бала.

Бас инженердің астық сақтайтын жертөлесі бар екен. Екі бала қараңғыда күйбеңдеп жүріп қас пен көздің арасында тележкіні тақырлап тастады.

Жүріңдер, кеттік, - деді Сейітқазы асықтырып.

Өзің бара бер, қалған дән өзіңнен артылмайды, - деді бас агрономның баласы.

Менікін кім тиейді? – деді түн ішінде сұлба боп тартылып, дір-дір еткен Сейітқазы.

Өзіңдікін өзің тиейсің. Бөтелкелес Битұрсын көкеңді оятып алып, көмекке шақырарсың.

Иә, сол бар екен ғой.

Екі бала үсті-бастарын қаққыштай бастады.

Сейітқазы артына бұрылмастан тракторын пар еткізіп жүріп кетті. «Аз ғой, аз... адам өлтіріп отырып... алғаным осы ма?» Қарағай көпірден өте бергенде арнаның түбінде қалған аз-кем су ай нұрының астында қарайып көзіне шалынды. Жағалауды қалқыған сары жапырақ пен шөп-шалам көмкеріп қалыпты. Күні біткен көк өскіннің тамырлары адырайып, су бетінде қалқып жүр. «Мынау арнадан аққан су, мынау көпір. Осы екеуін басып өтсем, ар жағы қырман. Соған жетіп жығылсам...». Арна мен көпір тізбектеліп, көз жанарын сиқырлап, шырмап тастады. Ақсақ аяқпен күшейткішті қатты басқанда су жаңа «Беларустың» дөңгелегі қарағай көпірден бұрылып кетіп, төңкеріліп бара жатты. Арнаның ақпай қалған суына шалқасынан түсіп малшынып, үздігіп барып үнін өшірген су жаңа «Беларусь» тоңқалаң асып жатыр, үстінде қорабынан дән иісі аңқып, төрт бұрыш тележкі қарауытады. Әудем жердегі тып-типыл болған қырманға төселген асфальт те жұқарып, күз демінің біткенін бетке басып тұрғандай. Бір бұрышта үйілген екі-үш қап дән көзге көмескі шалынса, оны да күңгіртте қара торғай біткен шұқып жеп қарық болуда.

Ең шетте көне комбаин маңқиып тұр. Оның қуысында алқымы қып-қызыл боп Битұрсын бүктүсіп жатыр.

***

Таңертең ерте көпірден өткен біреулер қара суға белшесінен батып жатқан трактор мен тіркемені көріп, кран шақырды. Ақсақ аяғы күшейткішті басып, қос қолы рөлді ұстап қарысып қалған Сейітқазы құтқарушыларды көргенде «қырман» деп сөйлеп, сылқ ете қалды.

Қырман тып-типыл. Науқан басталарда төселіп, жұқарып қалған асфальттің әр жер-әр жерінде қылтанақтай боп сары дән қылтияды. Сейітқазыға тиесілі төбедей боп үйілген екі-үш қап күріштің де орны  ғана қарауытып,  қарайып тұр. Кедір-бұдырға тығылған дәнді төрт-бес қара торғай түртінектеп шұқып жеп жерден басын көтермейді. Әредік үшкір тұмсықтарын айқастырып, бір-бірін итермелеп, таласып-тармасып та қалады. Олардың да бұл өлкеден татқан соңғы дәмі, бүгін-ертең қанаттарын қомдап, жылы жаққа ұшып кетуге қамданып жүр.

 

author

Қуандық Түменбаев

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...