Тоқсанға келген павлодарлық кейуана халықты ауызбірлікке шақырды.Танай әже бүгінде немере, шөберелер...
Назерке Серікқызы. Дүрмек (Әңгіме)
– Киімдерді қайтпексің?
– Енді үйде өлген адамның киімдерін сақтамайтын шығармыз? Үйдің арт жағына апарып өртеп жіберу керек. Сосын мына сөредегі заттарды да лақтыру керек.
– Өртегені несі? Есің дұрыс па? Бұл менің әке– шешемнің киімдері.
– Аслан, олар енді жоқ. Түсінесің бе? Жоқ. Босқа шаң жинаттырып қайтесің?
– Түсінбеймін! Түсінгім де келмейді! Осыдан бір затты орнынан қозғап, отқа жаққаныңды көрсем...
– Түф, мә, алшы. Ендеше, бұл қоқсықтарды өзің жина. Әйтеуір үйдің ішінен аулаққа апарып тасташы. Онсызда бұл жердің астаң– кестеңі шықты. Бір жағын жинап жатсаң, екінші жағы шашылып жатады. Атамның қайтқанына да екі апта өтті емес пе? Сонда да күніне жүз адам келіп көңіл айтады. Әр келген кісіге дастархан жайып әбден шаршадым. Ыдыс жуып, үй жинаймын деп қолдарымның бәрі қап– қара боп, саусақтарым ойылып бітті. Аслан, осы қара жамылғаның да жетпей ме? Қалаға қашан қайтамыз?
– Қалаға қайтпаймыз, осында қаламыз.
– Қалай сонда? Не деп тұрсың? Біз бұлай келіскен жоқпыз Аслан!
– Сенде өзі жүрек бар ма? Менің ата– анам бірінен соң бірі өмірден өтті. Маған оңай дейсің бе? Анамның топырағы құрғамай жатып әкемнен айырылдым. Қайдағы келісімді айтып отырсың өзің? Үй жинап, ыдыс жусаң, ол сенің келіндік міндетің!
– Маған дауыс көтерме! Ұмытсаң есіңе салайын, менің аяғым ауыр! Сонда да осы хәліме қарамай жағдайыңды жасап жүрмін. Маған оңай болып жүр ме?
– Болды, кешір. Аида, менің әбден басым қатты. Соңғы жағдайлар бәрімізді есеңгіретіп тастады. Әлі бұл хабарды Айбарға жеткізуім керек. Өткен жолы анамды жерлеуіне үлгеру үшін командирімен де төбеліскен еді. Ал енді әкемізден айрылып қалғанымызды білсе, осы жолы әскерден қашып кетуден тайынбайды.
– Оған бәрібір айтуың керек.
– Иә. Айтпақшы Аянат қайда?
– Білмеймін. Тағы да зират басына кеткен шығар.
– Бәрімізден бұрын соған қиын болды. Қошақаным небәрі он бір жаста ғана ғой. Ал оның қайтып оралмайтын балалық шағы күн сайын анамның жастығын құшақтап жылаумен өтіп жатыр...
– Аслан, болды жыламашы енді. Өмір ғой...
– Дұрыс айтасың, енді жыламаймын. Үйдің үлкені ретінде барлық жауапкершілікті өз мойныма алуым керек. Енді олар тек маған ғана арқа сүйей алады. Мен қазір Аянатты алып келейін. Сен кешкі ас жасап жіберші. Бәріміз ес жиып кішкене әлденейік.
– Мхм.
– Ал мына киімдерге тиіспе. Келген соң өзім реттеп аламын.
***
Аслан бөктер жақтағы қақ ортасынан екі бөлікке бөлінген көп зираттың жанына таяды. Арғы шеттегі мазарларда осы ауылдың бай– манаптарының туыстары ғана жерленген. Олар өліп бара жатса да баратын мекенінің бір екенін, жататын қара жердің ортақ екенін ұмытса керек? Ал екінші жағы ауылдың қарапайым жұртына бұйырды. Асланның ата– анасы да осы жерде. Ол екі ай бұрын ғана анасының басына қызыл кірпіштен тас қойдырып, күмбез орнатқан еді. Енді қасында аядай ғана дөмпешік болып әкесі де жатыр. Кішкентай Аянат қатты жылағаннан тез шаршап, әлі қашқан болуы керек екі мазардың ортасында талықсып ұйықтап қалыпты. Қарындасының жерде жатқанын көргенде Аслан жаны қалмай жүгіріп Аянатты оята бастаған еді. Ол енді бір қазаны көтере алмайды. Қарындасымнан да айрылып қалдым ба деп қатты қорықты.
– Аянат, тұршы, көзіңді ашшы, Аянат! Жоқ, неге оянбайсың? Қошақаным, көздеріңді ашшы, бізді тастамашы, құлыным!
– Аға...
– Аянат! Тірі екенсің ғой. О, Құдайым. Тәубе! Уф, жүрегім– ай.
Аслан қарындасын бетінен де маңдайынан да шашынан да құшақтап сүйе берді.
– Мені әбден қорқыттың ғой.
– Неден қорықтың? Мені де ата– анамыз сияқты өліп қалды деп ойладың ба?
– Олай деп айтпа. Тұр, үстіңді қағайын, топырақ болып қалыпты. Бұл жерге жалғыз келме деген едім ғой, неге мені тыңдамайсың?
– Сені оятып едім тұрмадың. Сосын өзім кетіп қалдым.
– Аида жеңгеңе неге айтпадың?
– Бұл оның ата– анасы емес қой. Барғысы келмейтін болар деп ойладым.
– Сені үйге арқама салып апарайын ба? Кел, отыра ғой.
– Жоқ, отырғым келмейді. Маған енді жадырап күлуге болмайды.
– Неге олай дедің? Бұл сөздерді саған кім үйретті?
– Өзім біліп алдым. Былтыр біздің сынып жетекшіміздің әкесі қайтыс болғанда ол кісі күлмей кеткен. Менің де әкем өлді ғой, енді мен де күлмеймін.
– Қошақан, біздің ата– анамыз қазір жұмақта. Ол жақ өте жақсы.
– Құдай неге оларды жұмаққа жіберді?
– Сендей тәп– тәтті әрі тәртіпті қызды өсіріп баққандары үшін. Сен әрдайым күліп жүруің керек, себебі қасыңда мен бармын, Балауса әпкең мен Айбар ағаң бар. Біз бәріміз сені қорғаймыз және ешқашан жылатпаймыз. Сондықтан бұдан былай «күлмеймін»,– деген сөзді айтушы болма. Жарай ма?
– Жарайды.
– Ақылдым менің. Кел, арқама мін. Қазір өте алысқа ұшамыз!
Таңертең Аслан әкесінің зиратын тұрғызуға кірісіп кеткен. Бұл жолы да оған ауыл азаматтары қол ұшын созды. Күндерін осы зират тұрғызумен көріп жүрген Ертай мен Әсет те көмектескендері үшін Асланнан бір тиын да алған жоқ. Қайта барлығын тиянақты жасап, қолдау білдірді.
– Ертай, мына кірпіш жетпесе айтарсың, тағы алдырамын.
– Жоқ, бауырым, осы жетіп қалар. Анаңның мазары сияқты етіп жасаймыз ғой?
– Иә, солай болсын. Екеуіңе қиын емес пе? Көмекке адам шақырмадыңдар ма?
– Қазір Көпес екі інісімен келеді. Біз демалғанда олар жұмыс істей береді. Алаң болма.
– Көп рахмет, жігіттер. Туған бауырдай қайғымды тең бөлісіп, көмектесіп жатырсыңдар.
– Оның не? Ырысбек аға мен Маусымжан апай өте жақсы кісілер еді. Сен мектеп бітіргелі қалада жүрдің ғой. Көп жағдайды білмейсің. Бес жыл бұрын менің екінші балам туа бітті сал ауруымен ауырды. Сол кездері туған– туыс жағалап, тегіс елге қарызданып кеттім. Барлық жерге барып емдеттік. Тәуібіне де, ең мықты дәрігеріне де. Ақыр соңында екі жасқа толмай жатып ұлым шетінеп кетті. Содан ес жия алмай ішкілікке салындым. Сондай бір мастығым тарқамаған күні үйіме Ырысбек аға іздеп келді. Маған қарады да: «Ертай, сен де менің бір ұлымсың. Сабырға кел. Құдай өзі бергенін өзі алады. Мына ақшаны ал да ел– жұрттан алған қарызыңды түгел қайтар. Бұлай еңсеңді түсірме»,– деп үйден шығып кетті. Кейін өз– өзіме келіп ақшаны санап қарасам шынымен қарызымнан құтылатындай сомма екен. Артынша әкеңді өзім іздеп бардым. Сөйтсем, ол кісі менің жағдайымды көрші– қолаңнан естіп, үнсіз ғана қорасындағы бес сиырын сатып, ақшасын маған әкеліп беріпті. Ақшаны қайтып қолына ұстатып едім, алмады. «Екі дүниеде де мойныңда қарыз қалмасын балам, еңсеңді көтергенің менің алдымдағы қарызымды өтегенің деп есепте»,– деді. Сол күннен бастап арақты аузыма алған емеспін. Қарыздарымнан құтылып, сабырға келіп үйрендім. Ал енді бүгін Ырысбек ағаның зиратын көтеремін деп кім ойлаған?
– Иә, әкем парасатты адам еді.
– Аслан, сен қазір қандай қызметтесің?
– Аудармашымын.
– Ааа, иә. Әйтеуір Маусымжан апай «Асланым Чехияға кетті, Түркиядан келді»,– деп отыратын. Сонда сендерді ол жаққа демалсын деп жібере ме?
– Жоқ. Тапсырыс берушінің қасында аудармашы ретінде барамыз. Францияға барса, французша сөйлеп, екеу ара келіссөздерді аударып беріп отырамыз.
– Сөйлегенін сөзбе– сөз аудару үшін шет елге алып шығатын болса жақсы екен. Сонда барлығы қанша тіл білесің?
– Әзірге алты тіл.
– Әзірге дейсің бе? Мынауың керемет қой. Сен онда әлгі кімсің ғой... Бундер... қалай еді? А– а– а, бундеркент!
– Әсет– ау, бундеркент емес вундеркинд деп айтылады.
– Иии, кім біліпті. Біз сияқты ауылда оқымай қарайып қалғандарға бәрібір емес пе? Не деп айтсам да кешірімді.
– Әне, Көпестерде келе жатыр. Жақсы болды, біз аздап бел жазып алайық. Суды әперіп жіберші.
Шынымен де Көпес екі інісін екі жағына ертіп келе жатыр екен. Сәлден соң Асланның қасына тақап, оны құшағына қысты.
– Ассалаумағалейкүм, тағы да қазаның арты қайырлы болсын бауырым.
– Рахмет ағасы.
– Аслан, сен жүре берсеңші, біз өзіміз реттестіре береміз. Үйде аяғы ауыр әйелің бар, келімді– кетімді көңіл айтуға келетін кісілерің бар. Сен үйіңе қайта бер.
– Жақсы онда жігіттер. Біраздан соң тағы келіп қайтармын.
– Бопты. Жолыңнан қалма.
Аслан әкесінің ескі нивасына отырып үйіне қарай беттеді. Үйге келсе әйелі есік алдындағы орындықта отыр екен.
– Келдің бе? Тамақ ішесің бе?
– Жоқ, кейін ішермін. Өзің неге мұнда отырсың?
– Жәй, баланың дамуы үшін таза ауада көп жүру керек екен.
– Мейлің, Аянат көрінбейді ғой.
– Ол... Әлгі...
Әйелі ақталып үлгерем дегенше көлік ішінен Асланның телефоны шырылдап дамыл таптырмады. Көлігіне жүгіріп алып қараса қарындасы екен.
– Алло, Балауса?
– Аға, қалайсыз?
– Шүкір, болады. Өздерің?
– Бізде де. Аға, Аянат біздің үйде. Өзінен сұрасам сіз оның бұнда екенін білмейді деді. Алаңдамасын деп айтып жатырмын.
– Сендердікіне кеткені несі? Жолдан адаспай қалай жетіп алып жүр?
– Бұрын әкемдермен еріп бір– екі рет келген. Содан есінде қалған болуы керек. Бүгінше қасымда болсын.
– Мен қазір барамын.
Аслан телефон тұтқасын қойған бетте сыртта отырған әйеліне қарай атылды.
– Аида, Аянат үйден кетіп қалды деп неге айтпадың?
– Аулада ойнап жүрген болар дедім.
– Қалайша бейқам қарайсың? Ол әлі кішкентай бала ғой. Қайда, не істеп жүр деп уайымдамадың ба? Аулаңдағы ит– мысығың жоғалса да іздейсің ғой, оның қасында Аянат қайын сіңлің емес пе?
– Аслан, сен тіптен қызықсың. Менің неше көзім бар?
– Болды, үндеме! Мен Балауса жаққа Аянатты алып кетуге барамын. Бірге барасың ба?
– Жоқ, барғым келмейді.
– Онда, үйде қал. Үйде қал да өзіңнің мінезің жайлы жақсылап ойлан!
Аслан осы ашулы күйде өз ауылынан алты шақырымдай жердегі күйеу баласы мен қарындасы тұратын ауылға жүйткіп жетті. Оны есік алдынан Жарас күтіп алды. Балауса жақында ғана екінші баласын босанған еді. Сондықтан төркінінде көп бола алмады. Аслан үйге кіргенде қос қарындасы кішкентай жиенін ойнатып отыр екен.
– Ааа, аға, келдіңіз бе?
– Келдім, күнім. Ал мына тентек саған қалай жетіп алған а?
– Мен әпкемнің қасында қаламын. Осы үйде тұрғым келеді.
– Қошақан, олай жасауға болмайды. Әлде сенің бізбен бірге тұрғың келмей жүр ме?
– Интернатта тұрғанша осы үйде тұрғаным жақсы. Мен сендермен қалаға кетпеймін.
– Оны саған кім айтты?
– Аға, қайтесіз, ашуланбаңызшы.
– Балауса, сен тұра тұр. Аянат, саған интернатта оқисың деп кім айтты?
– Сенің әйелің!
– Аяөш, дөрекі сөйлеме, жеңгем деп айт.
– Айтпаймын. Ол мені жек көреді. «Жылап– сықтай берме, бәрібір өлген ата– анаң қайтып келмейді»,– деді. Бағана анамның иісі қалған құс жастықтың қабын тартып алып жуып тастады. Жумашы деп жалындым. «Сасып кеткен жастықты не қыласың»,– деп маған ұрысты. Енді ол үйде мені жақсы көретін адамдар жоқ, бармаймын.
Аянат осы сөздерді айтты да төргі бөлмеге кіріп кетті. Асланның жүзі бозарып, өзін әрең ұстады. Балауса болса күйеуі тысқа шығып кеткенін күтіп тұрды да, ағасын сабырға шақырмақ болды.
– Аға, расымен де Аяөш бүгін біздің үйде қалсын. Реніші басылған соң алып кетерсіз.
– Саған күйеуің сөйлеп жүрмей ме?
– Жоқ, Жараспен сөйлестім. Қарсы емес. Әрі бізде сағынышымызды басар едік аға.
– Мейлі, онда осында қала тұрсын. Көңілі ашылғанда хабарласарсың. Жақсы мен кеттім.
– Аға, әкемнің зиратын тұрғыздыңыздар ма?
– Иә, кеше бастағанбыз. Ертең күмбезі дайын болады. Жарас, жиендерім мен қарындастарым өзіңе аманат!
– О не дегеніңіз аға– ау! Балдызым қанша тұрам десе де тұра берсін. Аман есен жетіңіз!
Оның өн бойын үйге қарай ашу мен ыза қысып келді. Әйелі ас бөлмеде телефон арқылы әлдекіммен сықылықтап күліп сөйлесіп отыр екен. Күйеуінің түрін көріп бірден тұтқаны тастай салды.
– Сен Аянатқа интернатта тұрасың дедің бе?
– Мен, енді біз, қалаға кететін болған соң...
– Қаршадай қызға неге олай деп айтасың? Сен неге осы мейірім дегеннен жұрдайсың? Неге жастықтың қабын жуып тастадың? Аянат онда анамның иісі бар деп құшақтап ұйықтап жүрді ғой.
– Солай жасасам анасын тезірек ұмытар дедім.
– Анасын ұмытар дедім? Бала қалай өз анасын ұмытады? Аида, сен әдейі істеп тұрсың ба жоқ әлде бұрыннан осындай қатыгез бе едің? Сен көзі ашық, оқыған– тоқыған, саналы адамсың ғой. Қалайша он бір жасар балаға аузыңа келгенді айта саласың? Ол қазір Балаусаның үйінде «Үйге қайтпаймын, жеңгем мені жек көреді»,– деп жылап отыр. Неге балаға сонша суықсың?
– Аслан, бәрінен жалықтым, шаршадым. Бұл жерде енді қалғым келмейді. Мен бәрін ойластырып қойдым. Үйді сатуға қоямыз, егер қарындасың сол үйде қалам десе сонда тұра берсін. Қайта бізге жақсы болады, интернат жағалап жүрмейміз. Айтпақшы, інің әскерден келгенде үйді сатқандағы өз үлесін сұрайтын шығар. Оған сұрағанын берерміз. Балауса онсызда тұрмыста. Бізді бұл жерде ештеңе ұстап тұрған жоқ қой. Енді Аянат үшін осы ауылда өмір бойы қалып қалмайтын шығармыз?
– Кет!
– Не дейсің?
– Кет деймін! Кет! Сендей әйелмен енді тұрғым келмейді. Қалаңа қазір кет! Сосын бірден ажырасуға арыз бер.
– Аслан, сен не айтып тұрсың? Менің аяғым ауыр!
– Алдыртып таста! Бұл саған проблема емес қой. Бірінші баламызды да дене бітімім бұзылады деп маған айтпай алдыртып тастамап па едің?
– Бірақ біз бұл баланы үш жыл күттік қой? Аслан, қалайша алдыр деп отырсың?
– Осы күнге дейін мен сенің шынайы жүзіңді танымаппын. Бұндай қатыгез, тасжүрек әйел екеніңді білмей келіппін. Марқұм ата– анамның неге жылына бір рет болсын үйімізге қонақ болып кеткілері келмей жүретіні енді түсінікті болды. Дәл қазір заттарыңды жина да қалаңа тайып тұр, ұқтың ба? Саған таксиді өзім– ақ тауып беремін.
– Кете алмайды деп тұрсың ба? Кетемін!
– Бар, жолың ашық!
– Енді мына өлігі көп үйге қайтып келмеспін!
– Байқап сөйле!
– Өзім білемін, сен менің күйеуім емессің! Осы шыдағаным жетеді. Өз үйімде істемеген жұмысты істетіп... Әке– шешеңді мен көрге тыққандай!
Ашуға булыққан әйел аузына келгенін айтып жүріп, жүктерін жинады да Асланның шақырған көлігімен қалаға тайып тұрды. Соңғы сөзінде «Енді мені де, балаңды да көрмейсің»,– деген еді. Аслан болса ойдым– ойдым жолдарда шаңы бұрқырап кетіп бара жатқан көліктің артынан қарап, үй сыртында жалғыз қала берді...
***
Үйіне бас сұға бергені сол еді, мал қора жақтан «Аслан аға!»– деп айқайлап жатқан бір дауыс шықты. Осы кезде барып оның есіне мал– жайы бар екені түсті. Қара жамылып жүріп, тіршілігінің тоқтап бара жатқанын енді түсінді. Өткенде Ырысбектің жаназасына келгенде іргелес көршісі Темірхан Асланға жолығып: «Малыңа алаңдама, сен есіңді жинағанша өзім қарап, өріске айдап, жем– шөбін салып отырамын»,– деген. Бірақ бұл дауыс қырықты еңсерген Темірханның қатқыл– күрең дауысына ұқсамайды. Аслан дереу қолшамын алып, сол жаққа қарай беттеді. Қораның ішіне кірсе, шаштары кірпінің тікендеріндей үрпиген, тыртиған денелі қара бала тұр екен.
– Сен қай баласың?
– Темірханның ұлымын. Атым– Әлихан. Бүгін қойды Майлыбайдың қойшысы баққан. Біздің ауылдың қойы басқа отарға қосылып кетіпті. Әкем солардың арасынан өз қойларымызды тауып әкелуге кетті. Ал маған сіздің үйдің малын жайғастыруды тапсырды.
– Ааа, өзің нық сөйлейді екенсің. Жарайсың!
– Бірақ мен бұл үйдің малын сіз үшін қарап жүргем жоқ. Әкем «Егер ағасының көңілінен шықсаң, өскенде кіші қарындасына құда түсуге барамыз»,– деді. Мен ер жеткен соң Аянатқа үйленемін. Солай, аға.
– Пысығын қарай гөр. Демек, саған менің Аянатым ұнай ма?
– Мен оған жас кезімнен ғашықпын.
– Жас кезім дейсің бе? Айта ғойшы, қазір сонда нешедесің азамат?
– Төрт күн бұрын он екіге толдым. Аянат екеуміз бір сыныпта оқимыз.
– Солай де. Ал ер жеттің делік, бірақ мен саған қарындасымды бермей қойсам ше?
– Бересіз аға. Менің әкем ешқашан екі сөйлемейді. Ол әрдайым уәдесінде тұрады. Құда түсеміз десе демек, түсеміз. Мені қойшының баласы деп менсінбей тұрсыз ғой, бірақ сыныпта оқу озатымын. Кейін сіз сияқты қалада оқып келіп, көп ақша тауып келемін де Аянатқа үйленемін.
– Баламысың деген. Мақұл, алдымен дәу жігіт болып ал, содан соң көрерміз. Бірақ егер бұзық болып өссең қарындасымды саған бермеймін.
– Құп болады, аға. Мен мүлде бұзық емеспін. Тек өзіме бірінші болып тиіскендерді ғана ұрамын. Әкем «Өзіңді қорғап үйрен»,– деген.
– Темірхан аға сені жақсы тәрбиелепті.
Өз әкесі жайлы жақсы сөз естігені құлағына майдай жағып кішкентай Әлиханның кеудесін мақтаныш кернеп кетті. Сөйтті де, Асланға одан сайын жақындай түсіп өзі тындырған жұмыстарын кезек пе кезек айта бастады.
– Аслан аға, міне қарап көріңіз, қораның астын тазалап, малдарға шөптерін беріп қойдым. Мал басы түгел. Сауылатын жеті сиырыңыз бар екен. Оларды еміздіртіп жүрміз, бұзаулары риза. Ұмытып барады екем ғой, бір қара сиырыңыз ғана келген жоқ. Ол ылғи да кеш келеді. Түнде өзіңіз есікті ашып кіргізіп аларсыз. Бірақ басқа біреудің сиырын кіргізіп алып жүрмеңіз, сіздікінің оң жақ мүзінің жартысы жоқ және екі көзінің астында да ақ дақ бар.
– Өзің бәрін біледі екенсің ғой. Тұра тұр, мә, ала ғой, еңбегің адал екен.
– Жоқ, аға, алмаймын.
– Неге? Шын ниетіммен саған риза болып беріп тұрмын.
– Егер алсам сіз маған кейін Аянатты бермей қоясыз.
– Ой, ғашығым– ай, қарындасымды ақшаға айырбастамайтын шығармын? Мә, қалтаңа салып қой. Тойыңа қазірден бастап ақша жинай бер.
– Рахмет аға. Мен онда сіздің үйдің малын күнде өзім қарап тұрамын. Сау болыңыз!
Әлихан қораның темір есігінен екі аттап секіре салды да, бала жүзі жадырап үйіне қарай жүгіріп кетті. Ал Аслан сол ақкөңіл балаға қарап өзінің кішкентай кезін есіне алғандай болды. Аулаға қайта келген соң, қараңғылық тұмшалаған үйге кіргісі келмей сыртта біраз тұрды. Себебі, жүрегі дауаламады. Бұл Ырысбек пен Маусымжанның жаңадан жанұя құрғандағы алғаш ата– енеден енші алып бөлек шыққан үйлері еді. Төрт перзенті де осы үйде өніп– өсті. Енді міне, қолдарын жылы суға салып, немере сүйгізіп, қызығын көрсетемін бе дегенде қос қанатынан да қапыда айырылып отыр. Ауылды тегіс түн басып, көшеде әлдебіреудің жүрісіне ызыланып үрген иттердің дауысы ғана естіліп жатты. Бұдан артық сыртта тұрудың мәні жоқ. Аслан көздерін қолдарымен уқалап үйге кіріп кетті. Өз– өзіме келіп, еңсемді көтеремін бе деп ойлаған, бірақ бергі бөлмедегі ата– анасының шашылған киімдерін көргенде көз жасы одан сайын төгіле берді. Көз алдындағы заттардың бәрі оған бақытты күндерді еске салған. Мына бір жүн шәліні анасына Аслан ең алғашқы жалақысына сатып әперген еді. Ал әкесіне ана бір жерде жатқан күдері аяқ киімді іс– сапармен Германияға барған жылы әкеліп берген болатын. Бұл бөлмедегі көп затты оларға ұл– қыздары әсіресе Аслан сыйға тартқан. Әр мейрам сайын бір келіп шет елден әкелген сыйлықтарын таратып, ата– ана, бауыр– қарындастарын балаша мәз етіп кететін. Сөреде шаң басып тұрған талай құнды кітаптар, радио, әкесіне сыйланған ең қымбат қолсағаттар, анасының күміс көзілдірігі осының барлығы олардың артында қалды. Аслан бұл бөлмедегі ешбір затты орнынан қозғамады. Шашылған киімдердің әрқайсысын барынша мейірлене иіскеп, қайтадан шкафтарға бүктеп салып қойды. Шығарында бөлменің жарығын өшіргенімен, есігін дәті барып әрең жапты.
Түнде даңғарадай үйде жалғыз өзі қалғандықтан мазасы қашқан болуы керек қонақ бөлмедегі диванда көз ілген екен. Бірақ телефонына бейтаныс нөмірден шалынған қоңыраудан оянып кетті. Ойына ештеңе кіріп шықпаған Аслан бірден тұтқаны көтере салған.
– Алло?
– Алло, аға? Қалайсыздар? Бұл мен ғой – Айбар. Үйде бәрі тыныш па?
Аслан інісінің дауысын естігенде орнынан үре түрегеліп, абдырап қалды.
– Айбар?
– Иә, аға. Мен осындағы досымның телефонынан хабарласып тұрмын. Сіз ауылдасыз ба? Қалаға кетпедіңіз бе?
– Жоқ, кетпедім, ауылдамын.
– Дұрыс жасапсыз. Әкем қайда? Хабарласып едім телефоны өшіп тұр екен. Өз– өзіне келді ме?
Осы кезде Асланның тамағына ащы өксік тығылды. Інісіне «әкемізден де айырылып қалдық» деп қалай айтпақ?
– Аға? Бәрі дұрыс па?
– Жақсы– жақсы. Әкем әлгі көрші кімге кеткен, әлгі...
– Берен ағаға ма?
– Иә– иә, сол кісіге. Жаңа көршілерді жөнді танымаймын.
– Ааа, Берен аға екі– үш жыл бұрын басқа ауылдан көшіп келген. Жақсы кісі. Әкем екеуі қолдары босаса болды, тоғызқұмалақ ойнайды. Айтпақшы, Аяөш қайда? Тұтқаны беріңізші, өзін қатты сағындым.
– Ол Балаусаның үйінде. Бір– екі күн ойы бөлінсін деп сол жаққа жібергенбіз.
– Түсінікті. Менің келуіме де аз уақыт қалды аға. Бекем болып мені күтіңіздер. Барған соң бір жағыңызға шығысамын.
– Бізге алаң болма. Мен бәріне өзім бас– көз боламын.
– Ал жақсы аға, командир көріп қоймай тұрғанда тұтқаны қоюым керек. Сіздерді қатты құшақтадым.
– Өзіңе абай бол!
Байланыс үзілген бойда Асланның маңдайынан суық тер бұрқ ете қалды. Осы қалпында өзін– өзі іштей жазғырып, көңілі алай– дүлей күй кешкен. «Айтпағаным дұрыс болды ма? Әлде айтуым керек пе еді? Жоқ, келгенде бірақ біле жатар. Әзірге ол жақта алаңсыз жүре тұрсын. Тәңірім, өзің жар бол! Мейірім– шапағатыңнан айырма...»
Түс қайта қаладан биік күмбез де келіп жетті. Аслан дереу Ертай мен Әсетке хабарласып, зират басына бірге барып күмбезін орнатты. Мола басында ешкім артық сөз айтқан жоқ. Барлығы Асланның көңіліне қарап сөйледі. Ертайлар тасты бірдей етіп қалапты. Міне сөйтіп, Ырысбек пен Маусымжанның аты жазылған зират та Асланның көз алдында қатар тұрды. Кетер алдында қасындағы жігіттер жиналды да, Аслан өзі ата– анасына құран бағыштады. Әкесі сонау «Құдай жоқ» деп оқытқан совет үкіметін көрген адам болса да, ұлдарына құран сүрелері мен ақіретте қойылатын сұрақтарды жаттатып жүретін еді.
Содан бері араға екі күн салып Асланды үйге Аянаттың сынып жетекшісі іздеп келген еді. Аз– маз таныстықтан кейін сөз төркініне көшті.
– Әрине, отбасылық жағдайларыңызға біз мектеп ұжымы үлкен түсіністікпен қараймыз. Дегенмен де, оқу жылы енді басталып жатыр. Биыл Аянат алтыншы сыныпқа көшті. Оның ендігі басты қамқоршысы ретінде сізге келіп отырмын. Қарындасыңыз мектепке бару керек. Бұдан ары сабағынан қалмағаны дұрыс болады. Әйтпесе оқу бағдарламасын дұрыс меңгере алмай қалады.
– Гүлмира апай, келіп ескерткеніңізге рахмет. Басым қатып жүріп бұл жайлы ойланбаппын. Ертеңнен қалмай сабағына жіберемін.
– Жақсы болар еді. Мен құр келмей қажетті деген кітаптарын кітапханадан ала келдім. Қалғанын біртіндеп әкеліп аларсыздар.
– Рахмет. Аянатты өзім тәрбиелеп жеткіземін, ол жағына алаңдамасаңыз болады.
– Сізді білімді адам деп естідім. Яғни тілмаш екенсіз. Сондықтан Аянаттың сабағына салғырт қарамайтыныңызға сенемін. Сау болыңыз.
– Сау болыңыз!
Ұстазының үйге іздеп келгені дұрыс болды. Аслан ай мен күннен жаңылып жүріп, Аянаттың мектепке баратынын мүлде ұмыт қалдырыпты. Жалма– жан телефонын қолына алып күнтізбе қараса, уақыт қыркүйек айының екінші аптасына да келіп үлгеріпті. Тез арада көлікке отырып Аянатты алып кетуге барды. Түскі шайдың дастарханын енді ғана жинастырып жатқан Балауса мен Аянатты қақпаның тарс еткен дыбысы шошытып жіберді. Аулаға шықса, ағалары келіпті.
– Аға, қалыңыз қалай? Келіңіз, төрлетіңіз.
– Осы жер болады, ботам. Мен момақанымды алып кетуге келдім.
– Мен ол үйге бармаймын.
– Аянат, қошақан, тыңдашы. Саған енді ешкім, ешқашан дөрекі сөйлемейтін болады. Себебі, ол үйде екеуміз ғана тұрамыз. Қалай? Менімен тұрғың келе ме?
– Аға, түсінбедім, жеңгем ше?
– Мен оны сол күні– ақ үйден қуып жібердім. Ата– анамды тірі кезінде сыйламаған әйел, өлген соң ошағын ортасына түсірері анық. Бұл жолы бәрі бітті. Енді өмір бойы әйелсіз өтсем де оны қайтып қабылдамаймын! Әке– шешем сендерді біреу табаласын деп баққан жоқ. Бауырларым үшін жаным садаға.
– Ағатайым...
– Шын айтасың ба? Сен сонда мені ешқашан тастамайсың ба?
– Жоқ әрине момақан. Туғандар бір– бірінен ажырай ма екен? Қане, қолыңды берші. Қара, туғандар деген мына сенің саусағыңдағы тырнақ пен ет сияқты. Міне, олар ешқашан бір– бірінен ажырай алмайды ғой?
– Иә.
– Демек біз де осылай ажырамаймыз!
Аянат бірден ағасының мойнына асылып, оны құшақтай кетті. Ал Балаусаның ойында бір ғана сұрақ тұрған.
– Аға, бұл шешіміңіз дұрыс қой, бірақ жұмысыңыз не болмақ? Сіз ауылда қалсаңыз...
– Уайымдама. Бұл жақтан да екі қолға бір күрек табылар. Қалаға сотқа барғанда жолай жұмысымнан шығып, құжаттарымды әкеліп алармын. Осы ауылдың мектебіне шет тілі мұғалімі болып орналасармын. Тіпті болмаса тіл үйірмесін ашармын. Әйтеуір, бір амалын табуға тырысамын ғой.
– Өзіңізге ыңғайлы жолын қарастырарсыз. Аға, ұят та болса сұрайын. Жеңгем сол күні үйден кетіп қалса, демек сіздің дұрыс тамақтанбағаныңызға екі– үш болды деген сөз. Қазір, дереу ішке жүріңіз. Мен сізді жақсылап тамақтандырайын. Аздан соң Жарас та келіп қалар. Үйден ауқаттанып бірақ қайтыңыздар.
Аслан Балаусаға еш қарсылық танытқан жоқ. Себебі қарындасының айтқандарының бәрі рас еді. Сол күннен бері дұрыстап нәр тартпағаны шындық. Қара суға қанағат етіп жүр. Ал осы күйінде Аянатты қалай қамқорлығына алмақ? Ол жағы әлі белгісіз еді...
***
Қарындасының кешкі асы дайын болғанша Аслан енді ғана қырқынан шыққан жиенін қолына алып, жұпар иісін құмарлана жұтып жатқан еді.
– Тфәй, балапан, май сасиды өзі. Сен өскенде ата– анаңа қамқор болып өс жарай ма? Ақылды болсаң нағашың саған үлкен ойыншық алып береді, жақсы жерлерде қыдыртады. Жарығым сол, иісіңнен сенің!
– Менің ұлым нағашысына еркелеп жатыр ма екен а? Қане, аға, Азаматты маған бере қойыңыз, төсегіне жатқызайын. Сіз дастарханға жайғаса беріңіз, тамақ дайын. Аяөш, сенде ағамның қасына отыра бер. Мен қазір келемін.
Аслан үстел басына жайғасты. Қарындасы ағасының құрметіне қып– қызыл етіп шашпа палау жасап қойыпты. Иә, Балауса кішкентай күнінен пысық қыз болатын. Себебі, анасының да тәрбиесі қатты еді. Пысықтығы сонша ағасынан бұрын тұрмыс құрып, үйлі болып кетті. Алғашында Аслан бұл некеге қарсы болған, өйткені, Балауса ол кезде университеттің екінші курсында ғана оқып жүрген еді. Сондықтан алдымен оқуын аяқтап, жақсы маман иесі болғанын қалады. Және бір жағынан қарындасын ұзатуға жүрегі шыдамай, іштей қызғанып жүрді. Бірақ Жарас тағы екі жыл күтсе Балаусаны басқа жігіт алып қашып кетер деп уайымдап, ақыры өзі алып қашты. Олар бір– бірін шынайы қалап қосылғандарын білген соң, Асланның да ата– анасының да атарға оғы болмай, келісімдерін берген еді. Балауса оқуын сырттай бөлімге ауыстырып, көрші ауылға келін болып түскен. Қазір тұңғыш қыздары үш жаста, одан кейін міне жақында ұлдары дүниеге келді. Аслан өткен күнді есіне алып отырып, енді астан ала бергенде Балауса да келіп үлгерді.
– Мені күтпей астан ала бермедіңіз бе аға. Қазір шай құйып жіберейін.
– Жиенім Жарастан аумай қалыпты. Тіл көзден аман болсын.
– Иә, аға, соған өзім де іштей ренжіп қоямын. Маған тартқан бір жері жоқ. Тапты деген атым ғана.
– Аружаның саған ұқсаған ғой. Сен сияқты сүйкімді.
– Қайдам, ол ата– әжесінің қызы. Тұңғыш немереміз деп жекешелендіріп алған. Әжесінен бір елі қалмайды, қазір сол кісілермен бірге Манастың үйінде тұрып жатыр.
– Манас? Қайсы әлгі былтыр үйленген кіші қайның ба?
– Мхм.
– Жарас мектепте істеп жүр ме?
– Иә, биыл дене шынықтырудан мұғалім болып жұмысқа кірді. Айлығы аздау, сондықтан кейде көлігімен қалаға таксилетіп келіп жүреді.
– Онысы дұрыс екен. Аянат, сен ініңді көріп келе ғойшы, бара ғой.
– Қазір.
– Өзім– ақ көріп келер едім ғой аға.
– Жоқ, сен қал. Балауса, сенен болған жағдайды сұрауға ыңғайы келмей жүрді. Әрі анамыз өмірден өткенде сен босанып жаттың. Ол кісі ауырған ба еді, неге аяқ асты айырылып қалдық?
– Нақты мына жерім ауырып жүр деп шағымданған емес. Білесіз ғой, анам ешқашан сыр білдірмейтін. Бірақ бізге айтпай аудандағы дәрігерлерге қаралып жүріпті. Қан қысымы жиі көтерілген екен. Қайтыс болар алдында Аянатты далаға ойнап кел деп жіберіп өзі төсегіне жантая кетіп, үнсіз ғана жүріп кетіпті. Әкем де қора жақта малмен әуре болып, үйге кеш оралған екен. Анамды іздеп бөлмесіне кіргенінде... әкемнің жүрегі қатты қысып кетіпті. Көршілерді үйге айқайлап шақырған Аянат екен. Әйтеуір, жедел жәрдем келем дегенше ауылдың медбикесі әкеме жүректің дәрісін беріп, аман алып қалыпты.
– Бірақ ол кісі бәрібір де бұл қазаны көтере алмады. Сөйтті де, анам жалғыз қалмасын деп артынан кете барды...
– Аға, енді біз сізге арқа сүйейміз.Үшеуміздің сізден артық жақынымыз да қалмады. Айбар бәрібір келген соң әкем жайлы естиді. Сондықтан мықты болуыңыз керек.
– Алаңдама. Мен сендерді ешқашан тастап кетпеймін.
– Асыл ағам. Сіз болмағанда қайтер едік...
– Балауса, саған тағы бір нәрсе айтайын дегенмін. Білемін, сен өте ақылдысың, оған дауым жоқ. Бірақ менің осы бір сөздерімді қаперіңде ұста. Қашанда ата– енеңді сыйла, оларға әрдайым құрмет көрсет, көңілдеріне кірбің түсіретін әрекеттерден аулақ бол, әркез жағдайларын жасап, қабақтарын бақ. Олар кіші келінінің қолында тұрса да, жиі– жиі қонақ етіп өз үйіңе шақырып тұр. Қайын жұртыңа адал қызмет жаса. Одан жаман болмайсың.
– Жеңгеңнің қателігін қайталама дегіңіз келе ме? Ұқтым, аға. Сөзіңізді есімде сақтаймын.
– Алтыным...
Ағалы– қарындас қою шайдан алып осылай шүйіркелесіп отырғанда Жарас та келді. Барлығы емен– жарқын әңгімелесіп, Асланды өз ауылдарының жай– күйімен қысқаша таныстырып өтті. Аслан арасында Балаусаға білдірмей қарап қойып отырды. Себебі, қарындасының жүзінен анасын көргендей болған еді. Кетер алдында Балауса ағасының қолына жылтыр дорбаға салынған біраз азық– түлік пен тамақ ұстатты. Және Жарастан жиі– жиі тамақ жіберіп тұратындығын да айтқан. Бірақ Аслан «Бізден бұрын алдымен өз отбасыңды биік қой»,– деп анық ескертті. Аянат үйіне қайтып оралған соң, сынып жетекшісіне хабарласып, ертеңгі болатын сабақтардың тізімін алды да, біртіндеп кітаптарын сөмкесіне сала бастады. Аслан болса, қарындасының қас– қабағын бағып қасында жүр.
– Қошақан, құрал– жабдығың түгел ме?
– Иә, аға.
– Биылдыққа жаңа киімдер алдың ба? Ақ жейдең үтіктелген бе еді?
– Киімдерімнің бәрі жаңа. Мамам өлмей тұрып киімдерімнен бастап, қалам– қағазыма дейін сатып алып берген. Сен бізге ай сайын ақша жіберіп тұрушы едің ғой, сол ақшаға алдым деп айтқан. «Ағаң ауылға келгенде, киімдеріңді көрсетіп рахметіңді айтарсың»,– деген... Рахмет...
– Аянат, келші, тіземе отыра ғой. Тыңда, біз енді жаңа өмір бастаймыз. Яғни, екеуміз ғана. Мен тұрғанда сен ешқашан жыламайтын боласың. Кішкентай жүрегіңнің осындай ауыр жағдайларды көтеріп жүргені үшін бізді кешір. Сен біздің еркемізсің, менің жанымның бір бөлшегісің. Сенің жүзіңнен тек күлкіні көргім келеді. Сол үшін де жадыңда ата– анамызды тек жарқын бейнесін ғана сақта. Және олардың бөлмесіне енді кірме, жарай ма? Олар онсызда әрдайым жаныңда болып, сені жамандықтардан қорғап жүретін болады.
– Періштелер сияқты ма?
– Иә, періштелер сияқты. Міне, бүгінгі күннен бастап мен сенің анаң да, әкең де, ағаң да боламын. Қандай жағдай болса да, ең алдымен маған айт. Мен саған қамқор болуға уәде беремін ал сен әрдайым күліп жүруге уәде бер?
– Уәде!
– Ағасының ақылдысы сол. Қанеки, сатып алған су жаңа киімдеріңді көрмейміз бе енді?
– Қазір, алып келемін, айтпақшы менде тіпті екі сөмке бар. Білесің бе?
– Солай ма?
– Иә, мамам біреуі жыртылса, екіншісін ұстарсың деген. Менің сабақтан кейін алысып ойнап қайтатынымды біледі ғой.
Аянаттың көздері күлімдеп ағасына жымиып қарай кетті.
– Бұзығым сол, қанша ойнағың келсе де ойнай ғой. Бұл екеуі жыртылса басқасын алып бере саламын. Бастысы, қайтадан жадырап күлсең болғаны.
Аслан бер жағымен Аянаттың жігерін қайта шыңдайтын сөздер айтып тұрса да, енді сол жаңа өмірді қайдан, қалай бастайтынын білмей уайымға батты. Ертеңіне таңғы асқа жұмыртқа қуырып, Аянатты сабағына жіберді. Ас үйде өзді– өзіне сұрақ қойып, ол сұрағына өзі жауап беріп тұрған ер адам сырт көзге оғаш көрінері анық. Десе де Аслан ең алдымен қарындасының жайын ойлап бас қатырған еді. «Мақұл, бүгін жұмыртқамен құтылдым, ал ертең, одан арғы күні қалай амалдамақпын? Бұрын студент кезде тәп– тәуір тамақ жасай алушы едім, қазір ешбірі есте қалмапты. Жоқ, бір мәнісін жасау керек. Бұл ауылда тамақты жақсы дайындай алатын әйел адамдар бар шығар. Солардан өтініп көрермін, ақшасын төлеп сатып алып отырсам болады ғой. Аянатты дүкеннің тамағымен асырай алмаймын, оған жақсы күтім керек». Аслан осылай ас үйде өз– өзімен күбірлесіп, ыдыстарды жинастырып жатқанда терезенің ар жағынан әлдебіреудің сұлбасы көрінді. Аздан соң сыртқы есік қағылып, оның ар жағында сұңғақ бойлы келген он алты– он жеті жасар бойжеткен қыз тұрды.
– Сәлеметсіз бе. Мен іргелес көршіңіз Берен ағаның кіші қызымын. Әкем Аянат екеуіңізді кешке үйге тамаққа шақырды. Соны айтайын деп келген едім.
– Ааа, солай ма? Көп рахмет. Бірақ мен ауылды жөнді білмейтін едім. Берен ағаның үйі қайсысы?
– Сол жақтан санағанда үшінші үй. Оюлы қоңыр қақпамыз бар.
– Жақсы, түсінікті.
– Келесіздер ғой?
– Әрине, кешке барамыз.
– Ендеше әкеме солай деп айтайын. Сау болыңыз.
– Кешке кездескенше.
Аслан бұл шақыртуға іштей қуанды, сөйтті де қарындасы сабақтан келгенше сырттағы жұмыстармен айналысып, мал қораның жағдайын өз көзімен көріп қайтты. Ол мектепті тәмәмдағалы бері қалада жүрсе де, уақыты болған кездері ауылға келіп, әкесінің бір жағына шығысып, қиды да ойып, шөпті де түсіріп беріп кететін. Ешқашан ақсаусақ болып кеткен жоқ. Нағыз «перзент парызы» деген осы болса керек.
Кешкісін Аслан Аянатты ертіп жас қыз айтқан оюлы қоңыр қақпасы бар үйге келді. Оларды есік алдынан Береннің өзі күтіп алды.
– Ассалаумағалейкүм аға.
– Қош келдіңдер балам. Келіңдер, төрлетіңдер. Нұргүлжан, етіңді түсіре бер, қонақтарымыз келді.
– Сәлеметсіз бе жеңеше.
– Сәлеметсің балам. Ішке кіре беріңдер. Ұялмаңдар.
Берен Аслан мен Аянатты төрге шығарып, өзі қастарына жайғасты.
– Балам, бұл барлығымыз үшін де орны толмас қаза болды. Біздің осы ауылдан қоныс тепкенімізге де үш жылға енді ғана жуықтады. Сонда да сенің әке– шешеңмен бірге туған бауырдай болып араласып кеттік. Алғаш осы үйді сатып алып, көшіп келгенімде ең бірінші болып көмек қолдарын созған сенің әкең болатын. Сол үшін де, мен Ырысбек ағаны екі дүниеде де сыйлап өтемін. Және оның артында қалған ұрпағын да жетімсіретпеуге тырысамын. Сондықтан, өзіңді жақсы танымасам да, бүгін төрімді ұсынып, адал асымды алдыңа қойып отырмын. Мен де сенің бір әкеңмін. Осыны ұмытпа.
– Қатты толқып отырмын аға. «Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» деуші еді. Осы сөздің мәнісін енді түсінгендеймін. Мен өз ата– анамды тірі кезінде бағалай алмадым, қадірлеріне жете алмадым.
– Олай айтпа балам. Ырысбек аға пен Маусымжан апай сені ылғи да сөз арасына қосып мақтап отыратын. Шет елдерде жиі жүрсең де күн ұзартпай хабарласып, жағдайларын жасап тұрғаныңды естіп, әйелім екеуміз, «Шіркін– ай, осы жақсы ұлды бір көрсек»,– деп отыратынбыз. Өткенде үйіңде көп адамның арасында дұрыстап таныса алмаған едік. Міне, жақынырақ танысудың сәті енді түскен екен.
– Ал, ортамызға ас та келді. Тамақтан алыңдар, Аянат ұялмай асап– асап жей ғой. Қыздар, қонақтың алдына шанышқы қоймағансыңдар ма?
– Бар– бар, жеңеше. Бәрі жеткілікті, рахмет.
– Ааа, жақсы, қыздар сендер де тездетіп келіңдер енді. Асты күттірмеңдер.
Қонақ бөлмеге жайылған үлкен ақ дастарханға апалы– сіңлі қос қыз келіп жайғасты. Бірі бағана Асланды кешкі асқа шақырып кеткен бойжеткен қыз, ал екіншісін ойша шырамытып қана отырды. Иә, есіне түсірді. Өткен жолы анасының да әкесінің де жаназасында сол үйдің жақын адамындай, жанын салып қызмет жасап, алыстан келген адамдарға сусын ұсынып жүргенін бір– екі рет көзі шалған еді. Демек, осы үйдің қызы екен.
Кешкі ас үстінде Берен Асланға ата– анасы жайлы жақсы естеліктерді молынан айтып, кейде ағынан жарылып көңілдене күліп, кейде көзіне жас алып жылап алды. Нұргүл де күйеуінің сөзін толықтырып, қоштасарда өз сөзін «Құдайға да жақсы адамдар керек қой»,– деп аяқтады.
– Ал, Асланжан, біздің үй осы. Қандай көмек қажет болса да ұялмай келіп сұрай бер. Қолымыздан келгенін аянып қалмаспыз.
– Рахмет аға. Негізі жеңгейге бір өтініш айтсам деп едім.
– Айта ғой?
– Шынымды айтсам бізді осылай қонаққа шақырғандарыңызға іштей қуандым. Бүгін кешкі асқа Аянатқа қандай тамақ жасап берерімді білмей басым қатып тұрған еді. Тамақ жасау онша қолымнан келмейді. Сіз өте дәмді жасайды екенсіз, сондықтан, қиын болмаса, бізге күнделікті ас дайындап беріп тұра аласыз ба? Ақысын төлеп сатып аламын. Өзімнен бұрын қарындасым үйдің тамағын ішсін деймін.
– О не дегенің Аслан– ау? Қайдағы ақша? Мен саған тегін– ақ жасап берейін. Қажетті азық– түлігіңді алып қойсаң болды.
– Жоға, ыңғайсыз болады. Ақыңызды жемейін.
– Ыңғайсызданатын несі бар, балам? Берен ағаң айтты емес пе енді сендерде біздің бір баламызсыңдар. Қайта қарындасыңды далаға тастамай, қара шаңыраққа ие болып қалғаныңның өзі неге тұрады. Сен еш уайым қылма, күнде таңертең және кешке келіп тамақ жасап беріп кетіп отырамын.
– Рахмет, ата– анамның көзін көрген жандарсыздар. Бұл жақсылықтарыңызды ұмытпаймын.
Ертеңіне Нұргүл уәдесінде тұрып, таңғы шайға молырақ етіп бауырсақ пісіріп, түскі астарына деп дәмділеп қуырдақ жасап кетті. Аслан ол кісіге алғысын қалай айтарын білмей жанары жасаурап кете берген. Отыздан асқан соқталдай еркектің бұлай жылауы мүмкін бе дерсіз? Мүмкін... Өйткені, бұл қара шаңыраққа енді ғана жылу кірді және анасының сөнген оты қайта жана бастады...
***
Осылай күн артынан күн жалғасып өте берді. Аслан мен Аянат ата– анасыз өмірге де біртіндеп мойынсұна бастады. Алғашында Аянат түнімен шошынып, ұйқы сұрап шығатын. Әйтеуір Нұргүл ауылдағы әулие атанған Нұржамал кемпірді шақырып, Аянатты үш күн ұшықтатқан. Содан бері жағдайы жақсарып, ұйқысы дұрысталды. Айтпақшы, әлгі күйеу бала болғысы келіп жүрген еңбекқор Әлихан да әкесінен өзін осы үйге жіберуін өтініп, Асланның малын түгелдеу үшін күн батпай келіп алатын болған. Жас та болса өзі сондай тиянақты, есті бала. Кез келген нәрсені екі айтқызбай істеп тастайды. Сонысы үшін Аслан оған жомарттық жасап, ақы төлейді. Кейде екеулеп сырттың біраз жұмысын атқарып тастайтын еді. Сондай да Аслан оған іштей риза болып: «Еее, мен әкемді енді түсіндім, шынымен де ұлдың болғаны жақсы екен ғой» деп ойланып қалатын. Бүгін күн жексенбі. Аслан Нұргүлге таңертеңгілік шайды бірге отырып ішуді өтінген. Аянат тәтті тоқаш пен сүтін ішіп алды да, сабағын қарау үшін бөлмесіне кетті. Аздаған тыныштықтан соң ас үйдегі үнсіздікті Асланның телефонының шырылы бұзып жіберді. Ол – Аида екен. Асланның жауап қатқысы келмеді, бірақ Нұргүлдің жанарынан сұрақ белгіні байқады ма, әйтеуір телефонын алып сыртқа шығып кетті.
– Алло? Айта бер.
– Қалайсың, Аслан?
– Жақсымыз. Неге хабарластың? Ажырасуға өтініш бердің бе?
– Аслан, оны қоя тұршы. Саған жаңалығым бар. Кеше УЗИ ге түстім. Ішімдегі сәби ұл екен.
«Ұл» деген сөзді естігенде Аслан қуанышын жасыра алмады. Дегенмен өткен жағдайларды әлі ұмытпаған еді, сондықтан салқын сөйлесуді жалғастыра берді.
– Ммм, жақсы екен.
– Болды ма? Бар айтарың осы ма? Мен саған ұлың болады деймін. Үйіңді сат та, қалаға кел. Сені бір жолға кешіремін. Бәрін басынан бастайық. Біздің ренжіскенімізді мен әлі әкеме айтқан жоқпын. Егер ол кісі естісе саған не болатынын білесің ғой?
– Сен мені қорқытып тұрсың ба? Маған дұрыс әйел болып, осы үйдегі ошағымның отын қайта жаға білгеніңде сені ешкім де қумас еді. Мені бала арқылы қайтарып аламын деп ойлама. Келесі апта қалаға барамын. Сол уақытқа дейін тезірек ажырасайық. Сенің енді біздің тегімізде жүргеніңді қаламаймын.
– Бұл соңғы сөзің бе? Сол тегің керек еді маған бір... Сен менсіз далада қаласың, осыдан көр де тұр. Әлі– ақ аяғыма келіп жалынатын боласың. Саған сот керек болып жүр екен ғой? Ендеше соттасамыз! Әкемнің прокуратурада істейтінін білесің. Ол кісі сені жайыңа қалдырмайды. Бүкіл дүние– мүлкіңді, қаладағы үйді де, бірігіп жинаған ақшамызды да бәрін түк қалдырмай сыпырып аламын. Көр де тұр осыдан.
– Білгеніңді істе. Бір ғана өкінішім бар. Ұлымның сен сияқты анасы болғаны үшін қиналып тұрмын. Сен оны кейін қанша жерден маған қарсы тәрбиелесең де, егер ол анық менің ұлым болса, бойында тектілігі сақталатын болады.
– Тегіңмен қоса құрышы сен!
– Иә– иә, сотта кездесуге жазсын!
– Ұятсыз, мен саған әлі көрсетемін...
Аслан бұдан ары қарайғы лас сөздер мен бос айыпталуларды тыңдағысы келмеді де тұтқаны тастай салды. Бұл әңгіменің шет жағасын Нұргүл естіп қалған болатын, бірақ дымын ішіне сақтап, ештеңе сұрамады.
– Ал, балам, мен осымен үйге қайта берейін, түскі астарыңа тауық сорпасын жасап кеттім.
– Рахмет жеңгей.
– Айтпақшы, кешкісін екі үйге бірақ көбірек етіп үлкен қасқанға манта жасайын деп шештім. Сосын қыздарым әкеліп берер, жақсы ма?
– Мейлі, негізі екі тамақ жасап әуреленбей сөйте салсаңыз да болады.
– Онда мейлің. Сөйтейін...
Күн шақырайып көгілдір аспанның дәл ортасына келіп тұра қалғанда Аянат ас үйге жүгіріп кіріп, үстел басына отыра кеткен.
– Аға, тез болшы, қарным ашып кетті.
– Қазір, міне, тамақты ысытып алайын. Қомағайым сол. Өзінің кішкентай асқазаны бір тынбайды. Нұргүл апайың саған деп тауық етін асып, сорпа жасапты, бәрін тауысып ішіп ал.
– Келістік, айтпақшы біздің Таймас қайда кеткен аға? Кеше ыдысына тамақ салып кеткенмін. Жаңа барып қарасам сол күйі тұр, жемепті.
– Білмедім, ботам. Қазір тамақ ішіп болған соң іздеп келейін. Бауырмалым менің, итіне тамақ беріп жүр өзі. Ал, ас болсын. «Бисмиллә» деп бастап жей ғой.
– Ой аға, осы сөзді күнде айтасың, әкем де сен сияқты «Бисмиллә деп айтып барып же»,– деп айта беретін.
– Әкеме ұқсаймын ғой енді. Қане, тамақ ішейік.
– Аға, бүгін ыдысты өзім жуамын, жарай ма?
– Жоға, қайтесің, одан да сабағыңа дайындал.
– Мен үлкейдім ғой енді, тым болмаса ішкен асымды ыдыс жуып ақтайын. Онсызда түк істетпейсің.
– Ақтаймын дейді? Айтпайтының жоқ екен, сен маған мүлде қарыз емессің, қайта сабағыңды жақсы оқысаң ақысы сол болмақ.
– Сонда да, көмектесемін дедім, болды көмектесемін.
– Мейлі, өнерің ұзаса бір– екі күн шығар, оны да көрейік.
Аслан қарындасының сөздерін алғашында жай айтыла салған сөз деп түсінген, бірақ Аянат айтқанынан қайтпай, әлденіп алған соң ас үйді тап– таза етіп жуып жинап тастады. Тіпті бірде бір ыдыстың сатыр еткен дыбысы естілген жоқ. Ағасы Аянаттың шынымен бой түзеп келе жатқанына енді көзі жеткендей еді. Сәлден соң күн шуақта Аянаттың велосипедін жөндеп отырған Аслан, үй алдына бір атты ер кісінің келгенін байқап, алдынан шықты.
– Ассалаумағалейкүм, Ырысбектің үлкен ұлымысың?
– Уалейкүмсалам, иә менмін. Тыныштық па?
– Сол тыныштық болмай тұр. Осы уақытқа дейін қара жамылып жүр ғой, кейін барармын деп шыдап келдім. Бірақ енді, өзіңе келген боларсың. Мен Ораз деген ағаң боламын. Дәтті Ораз десең бүкіл ауыл таниды. Сенің марқұм әкең үш ай бұрын өзінің нивасымен менің үш қойымды таптап кеткен еді. Бірақ ақысын «әне төлеймін, міне төлеймін»,– деп жүріп алды. Қайткенмен бір ауылда тұрғасын жасын сыйлап арыз жазбадым, негізі үш қой емес еселеп алты қой беремін деген. Сөйтіп жүріп өзі марқұм боп кетті, енді саған айтпаған да кімге айтамын? Әкеңнің бұл дүниеде мойнында қарыз кетпесін. Құнын төлеп бер, балам.
– Бұл жағдай туралы өзіңізден естіп тұрмын. Жақсы, егер анық осылай болса, төлеймін. Кешкісін қой өрістен келгенде келіп алты қойыңызды жетектеп кетерсіз.
– Болды, мәселе мен ойлағаннан да тез шешілді. Сені дауласа ма деп едім, мәрт жігіт екенсің. Риза болдым. Кешке келемін онда.
– Әрине, әкем үшін сізден тағы да кешірім өтінемін.
– Түк етпес, орнын толтырсаң бопты.
Дәтті Ораз атына мінді де «шүуу, шүуулетіп» кете барды. Бірақ Асланға бір ой маза бермеді. «Әкем ешқашан біреудің ақысын жеп немесе өзі елге қарызданбаушы еді. Десе де, неге бұл кісінің қойларын сол кезде– ақ төлеп бермеді? Әлде ат– шапан айыбын дұрыстап өтегісі келді ме екен? Түкке түсінбедім».
***
Кеш қарайып, сағат тілі кешкі жетіні көрсеткен шақта Береннің үлкен қызы шұңғыл табаққа салынып, ақ орамалмен беті оралған ыстық мантаны Асланның үйіне әкеле жатты. Осылай темір есіктен ішке енді бас сұғып кіре бергені сол еді, аула сыртында үсті басы қанға малынған Аслан жер бауырлап ауырсынып жатыр екен. Жас қыз қолындағы табағын жерге тастай салып, жан ұшырып оның қасына жетіп барды. Алакөлеңкеде Асланның бет– жүзі анық көріне қоймады. Қыз оны көтеріп үйге алып кірмек болған, бірақ әлі жетпеген соң дереу әкесіне хабарласып, тез жетуін өтінген. Берен де екі аттам жерден алып ұшып жетіп келді. Әкесі мен қызы Асланды екеулеп қонақ бөлмедегі қоңыр диванға жатқызғанымен Асланның өне бойы шыдатпай одан сайын ауырып бара жатты. Сондықтан тілге келіп, сөйлей қоюы мүмкін болмаған еді. Береннің үлкен қызы осы ауылдың медбикесі екен. Асланның қансыраған жүзін көргенде ойбайлап, бақырып– шақырмағаны да сондықтан. Дәрігер болған соң қайткенмен де іштей дайындығы мықты болады. Ол бірден үйден тапқан спирт пен дәкені алып Асланның денесіндегі жарақаттарды біртіндеп тазалай бастады. Жан шыдатпай ауырып тұрса да ол да сыр білдірген жоқ, тек жарасына спирт тиген сайын қою қара қастарын тыжырайтып қана жатты.
– Бұлай емдеу жеткіліксіз, сізді аудандағы ауруханаға жеткізу керек.
– Қызым, жағдайы ауыр ма?
– Сыртқы ашық жарасы ауыр болмағанымен ішіне қан кеткен болуы мүмкін.
– Жо– жоқ, ауданға бармаймын, бәрі дұрыс.
– Балам– ау, саған бұлай жасаған кімдер? Қолы сыңғырлар– ай, сау жеріңді қалдырмапты ғой.
– Ештеңе етпейді. Әйтеуір бір күні осылай боларын сезгенмін. Қайта оңай құтылдым, үйіммен қоса өртеп жібере ме деп едім...
– Неге өйтеді екен? Әлде біреуге қарыз ба едің?
– Жоқ, қарызым жоқ. Жай сөзге келіспеген болатынбыз.
Сөздің ашығы, Асланды соққысы жыққан қайын атасы еді. Әлгінде қасына екі– үш жендетін алып, білектерін сыбанып жетіп келген болатын. Күйеу баласына аузына келгенін айтып жалғыз қызын не үшін қуып жібергенін сұраған. Аслан болса «Бұл сұраққа қызыңыздың өзі жауап берсін»,– деді. Деді де дөңкиген үш жігіттен аямай таяқ жеді. Асланның «әйтеуір жеңіл құтылдым»,– дегені, таз ашуын тырнадан алады деген мақалдың астары болатын. Бірақ қайын атасына соңғы сөзінде «Егер қызыңыз дұрыс әйел болып, менің ата– анама құрмет көрсете алғанда, мен оны өмір бойы аялап өтер едім. Бұл жағдайға сіздің де кінәңіз бар. Құда– құдағиыңыз бірінен соң бірі өмірден өткенде жұмыс пен жағдайды сылтауратып жаназаларына келмеген едіңіз, ал бүгін қызыңыздың бір ауыз сөзі үшін мені жазалауға тез– ақ жетіп келіпсіз. Сонда сіздің ісіңіз дұрыс па? Енді қатенің кімнен кеткенін ойланыңыз, аға»,– деген еді. Асланның сөзінен ұяты оянып кетті ме, қайын атасы одан ары тіл қатқан жоқ. Талатуға әкелген үш аш қасқырын ертіп алды да, теріс қарап қаласына тайып тұрды. Бірақ Аслан Беренге «Мені қайын атам соққыға жықты»,– деп атқысы келмеді. Сондықтан үндемеген.
– Қалай, денең әлі де ауырып тұр ма балам?
– Жақсымын. Берен аға, сізге бір өтініш айтсам деп едім, бағана әлгі жігіттер келгенде Аянатты Әлиханға қосып қашырып жібергенмін. Қазір Темірхан ағаның үйінде болуы керек. Қошақаным ол жақта қорқып отырған болар. Қиын болмаса Аянатты бүгінше үйіңізге алып кете аласыз ба? Мен дәл мына жағдайыммен қазір оған қарай алмайтын түрім бар.
– Әрине, әрине балам, қазір барып алып кетемін ғой. Өзің еш уайымдамай емдел. Қызым, сен мен келгенше Асланның қасында бол. Аздан соң қайтып келемін.
– Жақсы әке. Алаң болмаңыз. Аслан, орныңыздан тұра аласыз ба? Беліңізді дәкемен орауым керек.
– Қазір...
– Ақырын, асықпай көтеріліңіз. Иә, осылай отырсаңыз болды. Көгерген жерлеріне дәрі жағып орап қоямын, бірақ ертең міндетті түрде аудандағы ауруханаға барып тексерілгеніңіз жөн.
– Солай жасайын. Сіз дәрігерсіз бе?
– Осы ауылдың медбикесімін.
– Шынымен бе? Демек, менің әкемді бір рет өлім аузынан алып қалған медбике сіз екенсіз ғой.
– Мен ол кезде Ырыс ағаға жай ғана өзі ішіп жүрген жүректің дәрісін бердім.
– Сонда да, көмегіңіз тиді. Рахмет сізге.
– Не ғой, сізді ұрған кісілер бетіңізге әдемілеп сурет салып кетіпті. Неге қарсыласпадыңыз?
– Қарсыласпауым керек болды.
– Қызық адам екенсіз.
– Бағана бір көзімді ашқанда әйтеуір сіздің маған қарай жүгіріп келе жатқаныңызды көргенмін. Сонда, сіз де ол адамдарды көрдіңіз бе?
– Жоқ, мен сіздерге тамақ әкеле жатқам. Айтпақшы, манты... Ой, мен оларды жерге тастай сала жүгіріп едім. Қазір, қарап келейінші. Обал болды– ау...
Медбике қыз іле– шала аулаға шығып, жерде жатқан табақты көтеріп алды. Әйтеуір, абырой болғанда орамалмен мықты байланған екен. Жерге шашылмапты. Табақты қос қолдап көтеріп ас үйге алып кірді де, шәйнекке су қойып, үстел жасай бастады. Әкелген тамағын әдемілеп шыны тәрелкеге салып, дастархан дайын болған соң Асланды тамаққа шақырды. Ол болса белі бүктеліп қабырға жағалап ас бөлмеге әрең жеткен. Жеткені бекер болмапты. Медбике қыздың тамағы да, шайы да бапталып тұр екен. Осы кезде үйге Беренде кіріп келген. Ол да қызының құйған қызыл шайын құмарлана ішіп отырып сөз бастады.
– Аянатты Нұргүлдің қасына қалдырып кеттім. Көңілің жай болсын.
– Алғысым шексіз аға. Айтпақшы мені сыртта ешкім іздеп жүрген жоқ па? Бүгін кешке бір адамға қой беремін деп айтып қойып едім. Ұят болды.
– Қой? Кімге бермекші едің?
– Ораз деген кісіге. Бағана түсте үйге келіп әкең маған қой қарыз деген соң, «Онда кешке қой өрістен келген соң келіп аларсыз»,– деген едім.
– Қарызы несі?
– Білмеймін ғой. Айтуынша үш ай бұрын әкем көлігімен сол кісінің үш қойын қағып кетіпті. Бірақ өтеуін қайтармапты.
– Оттайды! Ырысбек ағаның Ораздың қойларын қағып кеткені рас, бірақ шығынын сол күні– ақ Оразға ақшалай төлеп, қолма– қол санап берген. Мен өзім куәмін!
– Сонда әкем оған қойларының ақшасын берді дейсіз бе?
– Иә, тіпті артығымен берген. Ол өзі өте ашкөз адам. Ауыл оны Дәтті Ораз деп бекер атамайды. Өзінше сені қаладан келді, ештеңе білмейді деп қайтадан ақша өндіріп алмақ болған ғой, ойын қарашы– ей суайттың!
– Ой, Алла бұндай да адамдар бар екен ғой.
– Айтпа, сен бірақ дер кезінде маған айтқаның дұрыс болды. Ертең ол оңбағанмен өзім сөйлесемін. Ал қызым, бізде енді үйге қайтайық. Аслан жатып демін алсын.
– Жақсы әке.
– Асланжан, сен енді тезірек сауығып кет. Бұл кімнің ісі болса да Құдай оларды жазасыз қалдырмас! Сенің де басыңнан қараңғылықтың бұлты да бір күн сейілер. Жақсылықтан үміт үзбегін...
– Бұйыртса аға. Сіздерге көп рахмет.
– Тағы да сауығып кетіңіз. Сау болыңыз.
– Тұра тұрыңызшы, бағанадан сөйлесіп отырып сіздің есіміңізді де сұрамаппын?
– Тұмар. Менің есімім–Тұмар.
– Тұмар... Есіміңіз ерекше екен, өте қуаныштымын.
– Менде.
– Жақсы ендеше, сау болыңыздар.
Тұмардың атын естігенде Асланның жанарында әлдебір жалын жылт ете қалғандай еді. Ол тіпті сол сәтте денесінің ауырсынып, мазалап тұрғанын да ұмытып кеткен– ді. Сөйтті де, Тұмар құйып берген күрең қызыл шайды тамсанып ұрттай берді...
Бірақ Тұмар сол күннің ертеңінде де, одан кейін де ауылдың медбикесі ретінде Асланның хәлін білу үшін үйіне келген емес. Бұл оның жұмысы болса да, жалғызбасты еркектің үйіне баруды жөн санамады. Аслан да жас қыздың өмірін қор қылғысы келмей, бүр жарып үлгерген сезімін өзі ішкен күрең шаймен бірге ішіне жұтып жіберді. Арада төрт күн өткенде Аслан соттан шақырту алып, Аянатты Балаусаның үйіне қалдырды да, өзі қалаға кетті. Кешкісін қайтып келуге уәде берген. Ендігі жалғыз арманы тезірек ажырасып, Аиданың сұраған үйін де, ақшасын да беріп, әйтеуір аман– есен басын босату еді. Сондықтан сот алдында әйелінің аузынан «ажырасқым келмейді» деген сөздің айтылмауын тіледі. Бірақ Аида сияқты әйелден бәрін де күтуге болатынын анық сезді. Сонда да оның жалғыз уайымы, әлі дүние есігін ашпаған ұлы болатын.
Қала мен ауылдың арасы екі жүз шақырымдық жолды құрайды. Аслан түскі екіге белгіленген сот процесіне қатысу үшін ауылдан таң азанымен шыққан еді. Ешкім де отбасын құрарда ақыры ажырасып тынамыз деп ойламайды. Аслан да өнегелі отбасым болады деген азаматтардың қатарынан еді. Қалаға жетер жол бойына әйелімен алғаш танысқан кездерін есіне алып, қалың ойға батып кеткен– ді. Аслан Аидамен осыдан алты жыл бұрын Түркияда танысқан болатын. Аслан жұмыс бабымен, ал Аида әкесінің ақшасын шашу үшін құрбыларымен демалуға барған. Екеуін таныстырған Жалын деген ортақ достары еді. таныстық барысында Аиданың көзі бірден жас, білімді әрі бойдақ Асланға түскен. Екеу ара әңгіме өрбіп, кеш соңы телефон нөмірлерін алмасумен аяқталған. Бірақ қайта жолығып қалулары мүмкін екенін екеуі де дөп басып айта алмаған. Алайда, шет елдегі таныстық елге оралғанда қайта жалғасын тапты. Аида Асланға бірінші болып хабарласып, кездесу күнін белгілеген. Содан соң, іштей жоспар құрып, артынша әкесіне еркелеп жүріп аяқ астынан шет тілдерін меңгертуге арналған кеңсе ашып алды. Осылайша, тілмаш Асланға бір табан жақындай түскісі келіп, оны кеңсесіне мұғалім ретінде жұмысқа шақырды. Аслан да қарсылық білдірген жоқ. Осылайша, жұмыс арасындағы қарым– қатынас, отбасылы болуға итермелей бастаған. Сол кезде Аида Асланның ата– анасы ауылда тұратын қарапайым кісілер екенін білді. Білді де іштей алданып қалғанын түсінді. Өйткені ол Асланның шет елде жүріп, жұмыс істеп жүргеніне қарап, оның да ата– анасы қалада тұратын беделді кісілер деп ойлап қалған еді. Бірақ олай болмай шықты. Аида сонда да өзін сабырға шақырып, ең бастысы етегінен қатты ұстап алсам болғаны, оған біртіндеп ауылбай өмірін ұмыттырармын деп шешті. Сөйтіп, Асланды өз ата– анасына таныстырды. Аиданың әкесі болашақ күйеу құдаларының ауылдың адамдары екенін білгенде қызына қатты ренжіген. «Бұлармен біздің тереземіз тең емес, сен не ауылда сиырдың артын тазалап, тезек тергің келіп жүр ме? Айналаңнан бұдан басқа дұрыс жігіт табылмады ма?» – деп ұрысқан еді. Алайда, қызы айтқанынан қайтпады. Асланды қайтсе де өз уысында ұстағысы келді. Оның барлық талап– арызына келісіп, үлкен тойды да ауылда жасады. Бірақ тойдың ертесінде «ауылдың ауа– райынан басым айналды, жүрегім қысты»,– деп сылтауратып, жас келін күйеуін алып қалаға қашып кетті. Ол кезде Аслан енді ғана бойдақтық өмірімен қош айтысқан соң, әйелінің көңіліне қарап, ата– анасын екінші орынға қойып кеткен еді. Ырысбек пен Маусымжан бұл ісіне ренжіген жоқ. «Қайтсін, жастар ғой. Олардың болашақтары қалада. Біз Айбарды үйлендірген соң да кіші келіннің шайын ішіп, қолында тұрып үлгерерміз»,– деп өздерін жұбататын. Кейіннен, Аида Асланды тіптен басқарып алды. Асланның ата– анама жіберемін деп жинап жүрген ақшасын тауып алып өзіне киім алып өзіне жарата бастады. Сол кез екеуінің алғаш ренжіскен уақыты болатын. Артынша, Аида өзінің аяғы ауыр екенін білген бойда Асланға айтпай баланы алдыртып тастаған болатын. Оны бұл істен ақтап алатын жалғыз жағдай дене бітімінің бұзылып кетпеу еді. Екі айдан соң бұл оқиға Асланның құлағына жетіп, үйде тағы да ұлы жанжал орнаған– ды. Әйелінің неге осындай шолақ ойлайтынын түсінбей ақыр аяғы өз үйінен безініп, туған ауылына кетіп қалатынды шығарды. Ырысбек ұлының келгеніне қуанса да өзі жалғыз екенін көргенде көрер көзге білдіртпей күрсініп алатын. Міне содан бері Асланның отбасылық өмірі қайтадан жақсарған емес. Ұрыс пен даудан көз ашпай келеді. Ал анасы дүние салды деген хабарды естігенде Аиданы өзімен бірге ауылға желкелеп алып барған еді. Және «Тірі кезінде жасамаған келіндік қызметіңді тым құрыса енді көрсетіп, енеңнің ризашылығын ал»,– деп кесіп айтты. Алайда, келін болып қызмет қылу да Аиданың қолынан келе қоймады. Екі жаназада да барлық үй тірлігін сол ауылдың қыз– келіншектері атқарып шыққан еді. Ал Аида біресе екі қабат екенін сылтауратып көзім қарауытты деп біресе тырнағым сынды, киімдерім май болды деп әбден есіріп кеткен еді. келіннің бұл қылығын көргенде ауыл әйелдері Маусымжан апайды қатты аяды. «Еее, келін қайын ененің топырағынан деуші еді. Бірақ бұл сөз мына көргенсізге айтылмаған екен. Енем өмірден өтті– ау деп қайғырып жүрген бұл жоқ. Қайран Маусымжан апай. Келініне шаң жуытпаушы еді– ау»,– деп күрсініскен...
Аслан ажырасуға шешім қабылдаған күннің ертесінде– ақ өзінің ең мықты адвокат досы Әлішер хабарласып сот барысында өзін қорғап, бірінші процестен кейін бірден ажырастыратындай етіп жасауын өтінген. Міне, қазір тұп– тура алты жылға созылған үлкен сол үлкен дауға нүкте қойылмақ. Ажыраспақ ниеттегі екеу дәлізде ұшырасып қалды. Аиданың іші үйкейіп қалыпты. Соттың басталуына жиырма минуттай уақыт қалғанда Аида Асланның қасына тақап, сөз бастады.
– Сенің кесіріңнен әкем екеуміздің арамыз бұзылды. Өткенде маған келіп айтпағанды айтты. «Күйеуіңе ие болып, дұрыс әйел бол!» – деді. Мен де сондықтан ажыраспауды шештім.
– Кеш қалдың, біз бүгін қайтсек те ажырасамыз. Тіпті сенің әкеңнің мені ұрғандығы туралы айғақтарды пайдалансам да сенен ажырасамын. Егер сот әкеңнің прокурор екенін білсе және қызметін асыра пайдаланып, маған әлімжеттік көрсеткені дәлелденсе ол кісі міндетті түрде қызметінен босайтын болады. Мен сол күні– ақ аудандағы дәрігерлерге экспертиза жасатып, анықтама жаздырып алдым. Енді шешімді өзің қабылда. Не менімен қазір тып– тыныш ажырасасың, не болмаса әкең жұмысымен оған қоса бар дүние– мүлкімен қош айтысады. Тіпті түрмеге тоғытылуы да мүмкін.
– Сен қандай зұлым болып кеткенсің?
– Маған осылай зұлым болуды сен үйреттің. Көзімді ашқаныңа рахмет. Тыңда, осындағы үш бөлмелі үйді саған қалдырамын. Бірақ ұлымды кез келген уақытта барып көремін. Оған тыйым сала алмайсың.
– Ал, мен ше? Мен не боламын?
– Алдымен мінезіңді өзгерт, жүрегіңе кішкене болсын мейірім бер. Әйтпесе, алдағы өмірің де осылай сот залында ажырасумен өтетін болады. Маған сен көп ештеңе керек болмаған, тек ата– анамды құрметтеп, жақсы әйел, жақсы келін болғаныңды қаладым. Бірақ сен оларды өзіңнен төмен санадың, ақыры өмірімізді құртып тындың. Аида, ұлымды қарсы тәрбиелеме, соңғы өтінішім осы болсын.
– Жақсы. Ажырасайық. Тек осыдан қара да тұр, мені осы қалпымда қабылдайтын адамды табамын. Міндетті түрде!
– Бақытыңды тапсаң қуанбасам ренжімеймін.
Аслан сөзін аяқтап үлгере бергенде сот залының қызметкері шығып олардың аты– жөндерін атай бастаған.
– Бекмаханов Аслан, Бекмаханова Аида от залына кірулеріңіз сұралады.
Осыдан соң ерлі– зайыпты екеу адвокаттарын ертіп залға кіріп кетті.
***
Сот процесі бастала салысымен Аиданың қорғаушысы Асланға қатысты әлдебір фактілерді тілге тиек етіп, қарша бората бастады. Сондағысы аяғы ауыр әйеліне мәжбүрлі түрде қысым көрсетіп, еркінен тыс ажырасуға әкеп соқтырып отыр деген жалғыз айғақ. Дегенмен, Әлішер де қалыс қалмай Аида жақтан кеткен қателіктер мен орынсыз іс– әрекеттер қорғалушысының ар– намысына тигендіктен осындай шешім қабылдауы тиіс болғандығын атап көрсетті. Әйтеуір Асланның тілегі орындалып, Аида қарсылық танытпай, тек дүние мүлікті бөліске салу керегін сұраумен болды. Екі жақтан да келтірілген дәлелдердің аздығы және де құрсақтағы сәбидің жағдайы ескеріліп сот оларға тағы үш ай мерзім уақыт тағайындамақ болған бірақ екеуі де қайта қосылуға құлықсыз екендіктерін ашық айтып, дәл бүгін ажырастыруын сұрады. Осылайша, Асланның тілегі орындалып үкімші оларды екі жаққа жіберді. Сот залынан шыққан соң Аида Асланнан бір ғана нәрсе сұрады. «Үйдің құжаттарын өз атына аударып беруін...»
Мәселе шешілген соң Аслан Әлішерді тамаққа шақырып, алғысын білдіргісі келді.
– Әйелімнің бірден ажыраса салуы қиын деп едің ғой? Аиданың бұлай құбыла сөйлегенін бірінші рет көріп тұрмын. Оған сонша не дегенсің?
– Бетімдегі жараны көріп тұрсың ғой, бұл қайын атамның ісі. Аидаға «егер ажырасудан бас тартсаң әкеңді де сотқа беремін», – дедім.
– Қалайша?
– Сөздің ашығы Аиданың оңай беріле салмайтынын білген соң «Ауданнан экспертиза жасаттым, жарақаттарым туралы анықтама алдым»,– деп жоқ құжатты ауадан құрастырып айтуыма тура келді. Бұл менің жол бойы ойлап тапқан жалғыз амалым болғандықтан оны қалай да пайдалануым керек болды. Аида әкесі үшін қатты қорқады, әрі мүліктері тәркіленіп, түрмеге тоғытылады деген соң келіспесіне болмады.
– Сонда әкесі мангат па?
– Жоға, оның әкесі прокурор – Өркен Қалимович.
– Қойшы, рас па? Мен ол кісіні сырттай танимын. Біраз жерде билігі жүріп тұр. білуімше казинолардан шықпайды дейді. Күні кеше ғана пара алды деген күдікке ілінген болатын. Бірақ қолы да, сөзі де ұзын ғой қайтадан бостандыққа шығыпты. Негізі бұдан да басқа былықтары жетеді ғой. Сонда да Аида сенің сөзіңе оңай сене қалды ма?
– Өткенде әкесіне біраз ауыр сөздер айтып жіберген едім. Соған шыдамай үйіне барған соң Аидаға қатты ұрысқан көрінеді. Әйтеуір, бұл жағдайда шешімін тапты. Енді алаңдамай ауылға қайта берсем болады.
– Айтпақшы, сен шынымен ауылда қалып қоймақсың ба? Мындағы жұмысың ше? Ауылда не істемексің?
– Иә, ауылдағы әке– шешемнің қара шаңырағын иесіз қалдырмайын деп шештім. Жұмысымнан шығып кеттім, міне, құжаттарым да қолымда. Әлішер, сен де ауылыңа жиі барып тұр. Жұмыс ешқашан таусылып бітпейді. Ал ата– анаң өмірден өткен соң уақытты кері қайтарып ала алмайсың. Қалған өмірің өкінішпен өткенін қаламасаң туған үйіңе ат басын бұрып тұруды ұмытпа.
– Сөзіңнің жаны бар. Анама күнде хабарласып жиі ақша жіберіп тұрамын, бірақ сонда да «Ақшаңның керегі жоқ, өзің бір келіп кетші, мауқымды басайын»,– деп отырады. Ертеңнен қалмай бір аптаға демалыс алып Керекуге тартып отырмасам ба?!
– Дұрыс, бар досым. Ата– ана, туған– туысыңа барып қайт.
***
Аслан қаладан шықпас бұрын үйдегі заттарын жинап жолай Аянатқа пен Әлиханға қызықты кітаптар да алып үлгерді. Ауылға тақаған бойда Балаусаға хабарласқан. Бірақ Аянат «бүгін осы үйде болып, бауырымды қарағым келеді»,– деп қайтқысы келмегенін жеткізді. Аслан да қарындасының көңілін қимай сөзін мақұлдап, өзі үйіне тартып отырды. Қыркүйектің түнгі ауасы салқындап, ағаштар теңселе бастаған екен. Көлігін ішке кіргізіп енді үйге кіре беріп еді, біраз бөлмелердің шамы жанып тұр екен. Таңертең асығып жүріп сөндіруді ұмытып кеткен болармын деп ішке асықпай бас сұқты. Кіріп келсе, үйдің іші тап– таза болып жарқырап тұр екен. Аслан алғашында «Балауса келіп жинап кетті ме?» деп ойлады. Олай емес екен. Осы кезде түпкі бөлмеден әлдебіреудің айқайлаған дыбысы шықты. Аслан жүгіріп барса, үйде Береннің екі қызы жүр екен. Кішісі сол бөлмедегі пердені құрып жатып, орындықтан аяғы тайып құлап түсіпті.
– А– й– й, аяғым, Тұмар, аяғым ауырып барады.
– Абайламайсың ба енді? Қане, көрейінші.
– Қарындасым, бәрі дұрыс па? Қатты ауырып тұр ма?
– Аслан аға сәлеметсіз бе? Қолым да ауырып бара жатыр. Бітті, аяқ– қолым сынды.
– Тұра тұршы, ойбайлай берме. Жай ғана еті ауырсынып қалған ғой. Кішкентай орындықтан құлағаннан қол– аяғың шығып кетпейді.
– Сонда да ауырып тұр деймін.
– Тұмар, мүмкін шынымен де дәрігерге көрсетерміз.
– Мен де дәрігермін. Сынған жері жоқ. Тахмина, қане тұр. Жүр үйге кеттік.
– Тым құрыса көлікпен апарып тастайын?
– Жоқ, жап– жақын жер ғой. Әуре болмаңыз.
– Тұмар, әкемді шақыршы, тез.
– Қазір. Күте тұр.
Сәлден соң, Берен де келіп жетті. Кіші қызының қол аяғын ұстап жылап отырғанын көргенде шошып кетті.
– Қызым– ау, не боп қалды?
– Орындықтан құлап кеттім әке.
– Болды, болды жылама. Асланжан, қаладан келдің бе?
– Иә, жаңа ғана келгем. Үйде қыздарыңыз бар екенін білмедім.
– Ааа, біз Нұргүл екеуміз сенің қалаға кеткеніңді пайдаланып қыздарға үйіңді жинаттырып алмақ болғанбыз. Сен қуанып қалсын деп айтпадық.
– Босқа әуре болғансыздар аға. Өзім де ептеп жинастырып алар едім ғой. Сіздерге көп рахмет.
– Ештеңе етпес.
– Берен аға, жүріңіздер сіздерді көлікпен жеткізіп тастайын.
– Сөйтсең дұрыс болар еді, Тахмина жүр балам. Тұмар, сенде жүр.
– Жоқ әке, мен әлі жинастырып біткен жоқпын. Енді екі бөлменің пердесін құрып тастауым керек.
– Мейлі– мейлі, ендеше жұмысың біткен соң келерсің. Дұрыс, бастаған ісіңді тиянақты жасап кеткенің жөн. Қайыр қылсаң бүтін қыл дейді қазақ.
Аслан Берен мен оның кіші қызын жеткізіп тастаған соң үйіне қайтып келген. Бұл кезде Тұмарда жұмыстарын аяқтап енді кеткелі жатыр екен.
– Аслан, келдіңіз бе?
– Мхм, сізде кеткелі жатыр ма едіңіз?
– Иә, барлық бөлмені әктем, жуып– тазалап қойдық. Тек есігіне құлып салынған бөлмеге ғана тиіскен жоқпыз.
– Ол менің ата– анамның бөлмесі.
– Өзім де солай деп ойлап едім. Сондықтан есігін ашпауды жөн көрдік.
– Сіздерге көп рахмет. Әсіресе сізге. Алғашқы күннен бастап көп көмегіңіз тиді.
– Мен тек ата– анамның тілегін орындадым. Жақын күндері әкеңіздің қырық күндік асы беріледі ғой. Сол үшін де анам мен әкем бір пайдалы іс жасауды тапсырды. Олар сіз бен Аянатты қатты уайымдайды.
– Ол күн де жақын қалыпты...
– Жақсы, олай болса мен кетейін. Тоңазытқышта тамақ тұр. Ысытып ішерсіз.
– Тұмар, кеш болып кетті, сізді үйіңізге дейін шығарып салайын?
– Жоқ, өзім қайтқаным дұрыс болады. Ауылдың бізді сөз қылғанын қаламаймын. Онсызда бір рет жаза басқаным жетер. Мен үшін ата– анам туған жерлерін тастап осында көшіп келген болатын. Енді қателесуге хақым жоқ!
– Неге олай дейсіз?
– Аслан, кейде адамның сырт келбеті алдамшы болады. Сау болыңыз!
– Тұмар...Тұмар?
Аслан қалай ойланса да бұл сөздердің мәнісін түсіне алмады? Ал Тұмар өткен өмірін қайтадан басынан кешіргісі келмей, артына бұрылып қарамастан үнсіз кетіп бара жатты...
Ертеңіне Аслан тек іскерлік кездесулерге ғана киіп баратын қымбат костюмін киіп, жолай көлікпен Аянатты сабағына жеткізіп тастады да, өзі де бір жағынан мектеп директорына жолығуды жөн көрді. Мектеп директоры елуді еңсерген Төребек Жұманұлы деген азамат еді. Бұл мектеп осы уақытқа дейін қаншама директор орын ауыстырып үлгерді, ауылдан ауылға көшіп– қонып қызмет ауыстырып жүрген Төребек те солардың бірі болатын. Сөз барысында Аслан екі қызыл дипломын, басқа да жетістіктерін директордың алдына қойған соң, келген жайын түсіндіре бастады.
– Осы ауылда қалсам деп шешім қабылдап отырмын. Сол үшін де жұмысқа тұрып қарындасымды асырауым керек. Өзіңіз көріп отырғандай жоғары білімім бар. Алты тілді еркін меңгергенмін. Мектептен маған бір жұмыс берсеңіз деп едім...
– Өте сауатты адам екенсің. Сауаттылығың түріңнен– ақ байқалып тұр. Аудармашы болып қызмет жасағаның жақсы– ақ бірақ мектепке жұмысқа тұруың үшін педагогикалық білімің мен тәжірибең болу керек. Ал сенің дипломың бұған жарамайды.
– Қалай сонда? Менің жоғары білімім бар ғой. Әрі қаладағы әр түрлі курстарда оқушыларға деңгей бойынша сабақ бердім. Еңбек кітапшамда барлығы жазулы тұр.
– Енді... Не деп айтсам екен? Алдыма жұмыс сұрап келетін адамдар көп, бірақ бізде орын қалмады. Штаттардың барлығы бос емес. Дегенмен қарастырып көрейін. Мына түйіндемең менде қала берсін. Өзім хабарласамын.
– Мақұл, өзіңізден жағымды хабар күтемін.
Аудармашы жігіт бұл кездесуден көп үміт күтті. Осында жұмысқа тұрсам Аянатты да қарап көз қырымды сала жүрермін деп ойлаған. Осы оймен үйіне қайтып келе жатқан жолда сол баяғы торы атын астына байлап, малақайын бастыра киген Дәтті Оразды көзі шалды. Көлігін барынша қатты жылдамдықпен айдап, дәл Ораздың қасына келіп тоқтай қалды. Асланды көргенде оның көздері бадырайып, дегбірі қашып кеткен еді.
– Аманбысың балам?
– Балам дейсіз бе? Маған неге өтірік айттыңыз? Әкем қойларыңыздың құнын сол күні– ақ өтеп беріпті ғой аға. Адамда кішкене ұят, қанағат деген болу керек.
– Иә, сөйткен екен ғой. Қайдан білейін, менде ес қалды ғой дейсің бе? Ұмытып кетіппін. Бірақ сен ол жағдайды неменеге ел– жұртқа жайып жүрсің? Ана Берен деген жылмықай Ырысбектің тірі кезінде қасынан шыққыштап қалмаушы еді, енді сенің де шашпауыңды көтеріп жүретін болған ба?
– Ол кісінің атына күйе жақпаңыз.
– Сен де менімен байқап сөйлес. Көрейік, шамаң қанша күнге жетер екен? Ертең– ақ әкеңнің малына ие бола алмай, ойбайлап қалаңа тайып тұрарсың, сілімтік неме! Шүуу– шүуу қараң қалғыр, бас аяғыңды!
Аслан одан әрі дауласып аузын бұлғағысы келмеді. Бірақ ішін бір өкініш кернеп «Адамдар ашкөздік атаулының құрығынан қашан құтылады екен?», деп ойланып еді. Шынына келсек, бұл Ораздың қанына сіңген қасиет. Оның әкесі де кеңес заманында осы ауылдың калхозын басқарып, халықтың маңдай терімен баққан малын бөліске салып, оған да көзі тоймаған соң, ақыр аяғы көпшілік болып жетім– жесірге деп жинаған тиын– тебенді қалтасына басып, жеті жылға сотталып кеткен еді. Алайда Ораз әкесінің сол қылығымен мақтанатын. «Өй, сендер не білесіңдер? Менің әкем кезінде дүрілдеген адам болған. Мына ауылды осындай дәрежеге жеткізген менің әкем. Әйтпесе сендер әлі күнге дейін біреудің қаңсығын жалап жүретін едіңдер!» – деуден жағы бір тынған емес. Тектілік дегеннің не екенін осыдан– ақ түсінуге болады. Балаға арғы атадан тек жақсы қасиеттер ғана емес жаман әдеттердің де тарайтынын қаперде сақтаған жөн.
***
Нұргүл түскі асқа деп дәмділеп, үлкен қазанға сірне жасап жатыр екен. Бұл кезде Аслан ас бөлмеге су ішуге кірген. Нұргүл Асланды бұрын соңды классикалық киім үлгісінде көрмегендіктен таң қала қарады.
– Жеңеше? Бәрі дұрыс па?
– Мәссаған, сен өзің сұңғақ бойлы, тәп– тәуір сымбатты жігіт екенсің ғой. Күнде үй киіммен көріп үйреніп қалғанға кескін– келбетіңді байқамаған екем. Қазір, тура ана түрік сериалдарындағы жігіттер сияқты болып тұрсың.
– Сізде айтасыз– ау. Бұл менің жай ғана өскен сақал– мұртымды алып адам кейпіне түскен түрім ғой.
– Сонда да. Ырыс ағадан аумай қалыпсың. Ол кісі де «Әкімшілікте жиналыс болғалы жатыр»,– дегенді естісе болды үстіне сұр костюмін киіп алып, сымдай тартылып кетіп бара жататын. Білесің бе, біз Берен ағаң екеуміз саған сондай ризамыз. Тәрбиеңе, біліміңе, кішіпейілдігіңе, бәріне ризамыз балам.
– Жеңгей, жыламаңыз енді. Қоя қойыңыз.
– Қайтейін, көңілім босап кете береді. Қой, ойбай, менікі не отырыс тамағымның асты күйіп кетер. Қазір дайын болып қалды. Аянат нешеде келуші еді?
– Негізі ендігі келетін уақыты болды. Мен онда киімімді ауыстырып келейін.
– Иә, сөйте ғой.
Аслан тысқары шыққан соң Нұргүл көз жасын құрғатып, өзін сыбап алған. Сөйтіп, енді екеуінің де алдында көңілі түсіп, жыламауға бекінді. Бір қарағанда Асланның ендігі уайымы тек Аянаттың болашағы болар деп ойлайтын едік. Бірақ оған одан да бөлек бір ой маза таптырмаған еді. Ол кеше ғана Тұмардың айтқан сөздері. «Онсызда бір рет жаза басқаным жетер. Мен үшін ата– анам туған жерлерін тастап осында көшіп келген болатын. Енді қателесуге хақым жоқ!». Тұмар бұнымен не айтқысы келді екен? Берен ағалар не үшін бұл ауылға көшіп келді? Аслан осы сұрақтарына қайтсе де жауап табу үшін үйіне қайтуға асыққан Нұргүлді кідірткен.
– Жеңгей, тамағыңызға рахмет.
– Оқасы жоқ балам. Ыстықтай жеп алыңдар. Ал мен кетейін онда.
– Жеңгей, тоқтай тұрыңызшы. Мен бір жағдайды сұрағым келіп жүр еді. Сіздер бұл жаққа не үшін көшіп келдіңіздер? Яғни туған жерлеріңізді неге тастап кеттіңіздер дегенім ғой?
Осы кезде Нұргүлдің көздері қыпылықтап, өзі дайын болмаған сұраққа жауап таба алмай, аздап сөзден тосылып қалды. Аслан да оның бір жағдайды ішіне бүгіп тұрғанын сезді.
– Ой, балам– ау. Оның ешқандай да сыры жоқ, жәй біздің Тұмарға ол жақтың ауа– райы жақпады. Терісі құрғап, мазасы кете берді. Өзі де көп ауырды. Сондықтан қызымызды жалғыз жібергенше деп бәріміз бірге көшіп кеттік.
– Ааа, ендеше дұрыс жасаған екенсіздер. Бірге болғанға не жетсін?!
– Солай әрине. Мен үйге қайттым ал, сау болыңдар балалар.
– Сіз де сау тұрыңыз. Ағаға сәлем айтыңыз!
Аслан Нұргүлдің сөзіне сенген жоқ. Және бұның артында бір үлкен құпияның жатқанын жүрегі сезді. Оның кеуде тұсы бір түрлі Тұмарды іздейтіндей, ол үшін уайымдайтындай еді. Кейде отырған жерінде аяқ астынан Тұмарды көргісі келіп, оның нәзік дауысын естіп, онымен тілдескісі келіп кетеді де, өзінің оған лайық еместігін түсініп сезіміне тұсау салып тастайтын. Алайда Тұмар бұл сезімге жауап қата алар ма екен? Кеше ғана ата– анасынан айырылып, кеше ғана ажырасқан жігітті қабылдай алар ма екен? Асланды осы жағдай әуре– сарсаңға салған еді. «Жоқ, болмайды. Мен жас қыздың басын қатыра алмаймын! Ол менен де жақсырақ жігітке лайық».
***
Таңертең Аслан малды өріске айдап келген соң, тезірек үйіне жетіп аздап көз шырымын алып алмақ болған. Бірақ үй алдында оны Тұмар күтіп тұр екен.
– Тұмар? Қалыңыз қалай?
– Жақсымын. Өзіңіз?
– Ептеп. Бүгін жексенбі ғой, Нұргүл апайға демалыс күндері таң атпай келмей– ақ қойыңыз деген едім.
– Жоқ, мен ол үшін келген жоқпын. Сізге айтар бір ауыз сөзім бар еді.
– Құлағым сізде?
– Аслан, сіз кеше мектеп директорынан жұмыс сұраған екенсіз?
– Иә, дәл солай? Тыныштық болар?
– Тыңдаңызшы, мектепте шет тілінен сабақ беретін мұғалім менің осы ауылдағы Құралай деген құрбым еді. Ол кеше жұмысыма жылап келді. Айтуынша, директор кеше Құралайды кабинетіне шақырып алып «жұмыстан шығасың»,– деген көрінеді. «Орныңа жаңа маман келді, сол жігітті аламын»,– депті. Құралай бұл жұмысқа жалынып жүріп, алты ай бұрын ғана тұрған еді, әрі оның бір жалақысына үйіндегі ата– енесі мен екі баласы қарап отыр. Күйеуі өткен жылы тоққа түсіп қайтыс болды.
– Менің ол кісінің орнын тартып алайын деген ойым болған жоқ. Тек бос орын сұрап қана барғанмын.
– Бұл жағдайдан хабарсыз екеніңізді білемін. Сондықтан сізге өзім шет жағасын айтайын деп келдім. Жесір әйелді жеп отырған нанынан айыра көрмеңіз.
– Әрине, дәл қазір директорға жолығып, жұмысқа тұрмайтынымды айтамын.
– Рахмет, сіздің де қиын жағдайда тұрғаныңызды түсінемін. Бірақ...
– Жоқ ештеңе етпейді. Бәрі дұрыс, мен ер азаматпын ғой, бір жөнін табармын.
– Аслан, тағы бір өтінішім, менің сізге келгенімді Құралай білмей– ақ қойсын жарай ма? Оның менің алдымда ыңғайсызданғанын қаламаймын.
– Түсіндім.
– Жақсы, мен жұмысыма барайын, сау болыңыз!
– Сау болыңыз, Тұмар!
Есік алдындағы қоштасудан кейін Аслан Аянатты оятып алмайын деп үйге ақырын кірді. Тамағынан таңғы шай өтер емес, содан соң шамалы ұйықтап алғысы келген бірақ көзі ілінбеді. Ақыры үлкен қос төсектен атып тұрып дүйсенбінің келуін күтпей директордың үйіне барып мәселені шешуді жөн көрді. Көшедегі көрші– қолаңнан сұрастырып жүріп әйтеуір дегенде Төребек Жұманұлының үйін тапты. Демалыс күні ешкімді қабылдап, жұмыс туралы сөйлескісі келмеген Төребек бәйбішесінен «Бір күн күте алмады ма? Мазамды ала бермей, ертең мектепке бірақ келсін»,– деп айтып жіберіпті. Аслан бұл сөзіне құлақ аса қоймады. Директордың мансард етіп соғып алған үлкен үйінен шығуын күтіп тұра берді. Қаланың жігіті дегеніне қоймаған соң, Төребек те амалы таусылып сыртқа шыққан. Асланға жақтырмай қарап амандасты.
– Өзің күнтізбе дегенді білмеймісің? Бүгін жексенбі ғой, онсызда ертең сені жұмысқа шақыртқалы отыр едім. Тағы бір күн күте тұрсаң болатын еді ғой.
– Демалысыңызды бұзып алсам кешірерсіз, алайда мен жұмысқа тұрмайтынымды айтуға келіп едім.
– Не? Алдыма басың салбырап келгенің кеше ғана емес пе еді? Бір күннің ішінде не өзгерді?
– Менің кесірімнен басқа біреудің жұмыссыз қалғанын қаламаймын.
– Ақыры құлағыңа жеткен екен ғой, жарайды. Сөздің ашығы сені өзім– ақ жұмысқа алғым келер еді, егер жөн– жоралғысын жасасаң әрине?
– Ол не деген сөз?
– Ой, пәлі. Осындайда түсінбей қаласыңдар ә– ә– ә, қаланың қу аяқтары. Менде мына қарын қайдан пайда болды дейсің? Бұл қарын сен сияқтыларды жұмысқа алғаннан пайда болған.
– Сіз сонда маған пара бер деп отырсыз ба?
– Парасы несі ей? Ол менің сені жұмысқа алғандағы еңбек ақым болып есептелмей ме? Мен онсызда әлгі Құралайды бұл орынға амалдың жоқтығынан яғни бұрынғы шет тілі мұғалімі зейнетке шыққан соң ғана алғанмын. Енді орнына сен келдің. Маған ол келіншектің қайын атасы бір қошқар ғана берген. Ал сендер жақта, ана қалаңда дегенім ғой доллармен беретін шығар иә? Шіркін– ай, бізге ондай алу қайдааа? Мен сенен көп те сұрамаймын, бір жылқы берсең болды. Сосын мектепке бар да толық бір штатты ала бер.
– Демек, сіз мектепті осылай басқарып отыр екенсіз ғой? Алдыңызға жұмыс сұрап келген жас мамандардың басындағы біліміне емес қалтасындағы ақшасына қарап аласыз ба? Ендігі сөз былай, директор мырза! Менің облыстық білім бөлімінде басшы болып отырған досым бар. Сіздің осы іс– әрекетіңіз оны бей– жай қалдырмайтыны сөзсіз. Сондықтан ертеңнен бастап облыстан келетін тексеріске дайындала беріңіз.
– Не, не айтып кеттің бауырым– ау? Мен жай қалжыңдаған едім ғой. Сабыр етші, кел, отыршы. Асланжан, сен мені қате түсіндің. Мен өмірімде пара алып көрген емеспін. Имандай шыным. Ей, қатын, тез мына жерге дастархан жаса!
– Жоқ, ештеңеге әуре болмаңыз жеңеше. Ал сіз Төребек Жұманұлы, ертең міндетті түрде май– шелпекке айналдырған орныңызды босататын боласыз!
– Тоқтай тұр, тоқташы деймін, бауырым. Олай ете көрме! Кім, атың кім еді? Бауырым деймін...
Қап, Құдай жазаңды бергір– ай! Асылық айтып нем бар еді. Құр отырмай енді сау басыма сақина тілеп алдым. Тфуй, атаңа нәлет иттің баласы!
Аслан бұл жолы шынын айтты. Директордың үйінен шыға сала облыстағы білім басқармасының орынбасары болып отырған Мейірбек деген досына хабарласып, мән– жайды баяндап берді. Екеуі студент кездерінен бір– бірін жақсы таниды. Аслан бір тілмен шектеліп қалмай, одан әрі оқуды жалғастырып жүргенде, Мейірбек басшылықтың көзіне түсіп, кейіннен баспасөз хатшысы болып қызмет жолын бастаған еді. Содан бері міне орынбасарлықтан бірақ шықты. Ол Асланның екі сөйлеп, жалған айтпайтынын білетін. Сондықтан, ертеңнен қалмай, ауылға комиссия мүшелерін өзі бастап келетінін айтты. Осы жағдай Асланға қатты әсер еткен болатын. Ол өзін бейне бір аш қасқырлардың апанында қамалып қалғандай сезінді. Алдымен көзі ақшадан басқа ештеңені көрмейтін тойымсыз Аида мен оның әкесінен құтылдым ба дегенде, енді бұл тізімге қара ниетті, ашкөз Дәтті Ораз бен көрсе қызар Төребек те қосылды. «Қайда барсаң Қорқыттың көрі» дегендей Аслан да қайда барса өмірін тек қолда бар дүниесімен өлшейтін сараң адамдардан құтыла алмады.
Аздап сабырға келген соң жолай медициналық пунктіге соғып, Тұмармен жолығып кеткісі келді. Ішіне кірсе, Тұмардың кабинетінің алдында бір топ адам кезекте тұр екен. Бұл ауыл аудан орталығынан шамалы алыстау болғандықтан ем іздеген адамдар осы жерге тексерілуге келеді. Асланның шыдамы таусылып кезекте отырған кісілерге бір– екі ауыз сөзге ғана кіріп шығайын деп айтқысы келіп еді Тұмардың «Елдің сөзіне қаламыз»,– дегені есіне түсіп ішінен тынды. Тұмар бір жарым сағат дегенде барлық емделушілерді қабылдап бітті. Есік сыртында Асланның күтіп тұрғанын ол да байқаған, сол үшін де өзінің нәзік дауысымен «Келесі, кіре беріңіз»,– деп үн қатты. Ішке жасқаншақ жанарларын жетектеп Аслан кірді.
– Иә, қай жеріңіз ауырады?
– Қан қысымымды өлшетіп алайын деген едім.
– Осыған бола есік сыртында екі сағат күттіңіз бе? Кіре берісте отыратын медбиекелерге өлшете бермедіңіз бе?
– Сіз сонда менің күтіп тұрғанымды білдіңіз бе?
– І– і– і, қолыңызды әкеліңіз. Қазір.
– Тұмар...
– Тыныш, сөйлемеңіз. Әйтпесе аппарат дұрыс көрсетпей қалады.
– Болды, үндемеймін...
Арадағы шамалы үнсіздіктен соң Тұмар Асланның қолындағы тонометрді шешіп, күліп жіберді.
– 120 да 80. Қан қысымыңыз қалыпты.
– Солай ма? Онда жақсы екен.
– Болды ма? Басқа еш жеріңіз ауырмай ма?
– Жоқ, осы ғана. Тұмар, мен біраз бұрын директормен сөйлестім. Ол енді Құралайды жұмыстан шығармайтын болады. Керісінше жақында өзі жұмыстан кетеді.
– Қалай сонда?
– Ол жағын кейін біле жатарсыз. Ең бастысы құрбыңызға уайымдамасын деп айтыңыз. Ааа, айтпақшы ол біздің сөйлескенімізден хабарсыз екен ғой. Ендеше, ертең өзі ести жатар.
– Аслан, сіз қалай жасаңыз да дұрыс шешім қабылдадыңыз деп сенемін. Рахмет!
– Тұмар, сіздің менен неге қашқақтайтыныңызды жақсы білемін. Дегенмен олай етудің қажеті жоқ. Мен сіздің жас өміріңізді қор қылудан аулақпын. Соны біліңіз.
– Менің жас өмірім баяғыда– ақ қор болған. Керісінше мен сізді өзімнен қорғағым келеді. Сіздің жаман атқа қалғаныңызды қаламаймын. Аслан, сіз өте жақсы адамсыз...
Ауасынан дәрі– дәрмек пен спирттің иісі ғана шығып тұратын осынау сұрықсыз, салқын кабинетте тағдырлары қосылуы бек мүмкін екеу үнсіз ұғысқан. Аслан Тұмардың жасаураған көздерін алақанымен сүртіп, жанында ұзақ отырды. Дәл қазір сағаттың қанша болғаны, көшедегі ауа– райының қалай екені, әнекей күннің де ұясына батып бара жатқандығы оларға мүлде қызық емес болатын. Олар тек осы әдемі сәттің ешқашан аяқталмауын тіледі.
– Тұмар, айтпақшы бүгін жексенбі емес пе? Заң бойынша сізде демалыс болуы керек? Ал сіз осында отырсыз?
– Иә, алайда, біз сонда да кезекшілікпен жұмыс істей береміз. Ауылдағы екпе салдыруға келетін кейбір науқастарға, әсіресе аурулары асқынған үлкен қарт кісілерге «Бүгін бізге демалыс, ертең келіңіз» деп айта алмаймыз ғой. Сондықтан медбикелер өз арамызда емделушілерге осылай көмектесуді жөн көрдік.
– Бастамаларыңыз жақсы екен. Әлгінде кезегімді күтіп тұрғанда байқадым, көп адамдар басқа медбикелерге емес, сізге ғана қаралғысы келеді екен. Бұның сыры неде?
– Білмедім.
– Ал мен білемін. Себебі, сенімде! Олар сізге өз өмірлерін толықтай сеніп тапсыра алады деген сөз.
– Асыра айтпаңыз, біздің қызметкерлердің барлығы дерлік жақсы мамандар.
Тұмар Асланның өзін мақтағанына ұялды ма, әлде не деп жауап қатарын білмеді ме белгісіз, баяу қимылмен үстеліндегі кітапшаларды жинай бастаған. Аслан да оның әр жасаған қимыл– қозғалысын қалт жібермей көздерінің қиығымен ғана бақылап үнсіз отырған. Дәл осы сәтте қараңғылық сіңіп үлгерген даланы терезеден көзі шалған медбике қыз орнынан атып тұрып Асланға қарады.
– Сағат қанша болған? Қараңғы түсіп кетіпті ғой. Аслан, сіздің тезірек бұл жерден кетуіңіз керек. Қазір мені алып кетуге әкем келеді. Тіпті келіп те қалған шығар.
– Берен аға ма? Неге келіп алып кетеді, ауыл іші тыныш сияқты ғой?
– Өткенде айтып едім ғой, біздің ішкі тәртіп сондай. Әкем барлығын бірінші болып естуі керек және мені жұмыстан, ал сіңлімді мектептен күнде өзі ғана алып қайтып отырады.
– Тәртіптеріңіз қызық екен.
– Иә, сондаймыз. Қайтейін енді? Өтінемін, әкем келмей тұрғанда үйіңізге қайтыңыз. Өтінемін сізден.
Аслан Тұмардың қорыққан жанарларын көріп, үнсіз ғана басын изеген бойда кабинеттен шығып кеткен. Тұмардың алдында ыңғайсызданғаны соншалық, тіпті, қарсы беттен жаяулатып келе жатқан Беренді байқаған да жоқ еді. Сәлден соң кабинетінің есігін бекітіп Тұмар да тысқа шықты. Берен ауладағы орындыққа жайғасқан күйі қызын күтіп отыр екен.
– Жұмыстарың бітті ме қызым?
– Иә, әке. Кете берсек болады.
– Онда жүрелік. Бүгін адамдар көп келді ме?
– Әдеттегідей.
– Ааа, кеше төменгі көшедегі Оңалтай әже барып қызыңа тексерілемін деп жатқан.
– Иә– иә, бүгін үлкен немересі ертіп келді. Ол кісінің қанты көбейіп кетіпті. Алдымен аудандағы дәрігерлердің тексерісінен өтуі керек, кейін олар қаладағы орталық емханаға жолдамамен жіберетін болады.
– Е– е– е, ол кісі негізі сексеннен едәуір асып кетті ғой. Десе де, әлі күнге дейін тың. Өткенде Дүйсен айтады Оңалтай әже ешкімге оңайлықпен бағына қоймайтын көрінеді. Киімдерін де өзі жуып алады дейді. Тіпті кіші шөберелерін де қасына алып жатады екен. Құдай бізге де сондай күнді көрсетер ме екен? Зуылдап өтіп жатқан дүние– дәурен– ай...
– Анам екеуіңіз ол күнге де жетерсіздер әке. Кеш кәдімгідей салқындап кетіпті ғой.
– Енді күз келді деген осы. Тұмар, қызым?
– Ау, әке?
– Жаңа осы маңайдан Асланның көлігін байқап қалдым. Ол жігіт саған келіп жүр ме?
– Н– н– не ғой, әке, қан қысымын өлшетуге келіпті. Сол үшін ғана келді.
– Еее, дұрыс– ақ. Жалпы ол жақсы азамат, бірақ егер сенде бөтен ойы бар болатын болса әңгіме басқаша болады. Менің мінезімді білесің...
– Олай емес әке. Біздің арамызда ештеңе жоқ.
– Өз басым Тахмина екеуіңнің құтты орынға қонғандарыңды аналарыңнан кем тілемеймін. Сондықтан, алды– арттарыңды аңдап жүргендерің дұрыс.
– Әке, мен бәрін де жақсы түсінемін. Әрі қандай жағдай болса да бірінші болып сізге айтуым керектігін де жақсы білемін. Алаң болмаңыз.
Берен қызының сөзіне құлақ асып, одан әрі бұл тақырыпта сөз қозғамады. Үй маңына жақындап келе жатқанда Асланның ауласында көлігі тұр екен. Бұны Берен де, Тұмар да байқаған. Байқады да, ештеңе болмағандай өте шықты.
***
Аслан ішке енгенде қонақ бөлмедегі үстел үстінде Аянат сабағын оқып отыр екен. Қабағы қатулы көрінді. Ағасының келгенін байқап, көздерін төмен салып, ренжи сөйледі.
– Қайда жүрсің аға? Таң атқаннан көзім бақырайып сені күттім ғой. Жауапкершілігің қайда кеткен?
– Апырмай, тергеу басталып кетті ме? Кешірші енді қошақан. Уақыттың қалай тез өтіп кеткенін байқамай қалыппын.
– Менен жалықсаң айт, әпкемнің үйіне барып тұрамын. Жарас жездем мені бұлай жалғыз қалдырып кетпейді.
– Кешірім сұрадым ғой енді. Тыңда, екінші рет «менен жалықсаң»,– деп айтушы болма. Мен қатемді түсіндім. Болды, өкпелей бермеші. Өзіңмен екі күннен бері дұрыстап сөйлесе де алмадық, сен не ағаңды мүлде сағынған жоқсың ба?
– Сағындым...
– Ендеше неге отырсың, кел құшақтасып мауқымызды басайық. Тентек қыз, ағасына ренжіп қалыпты ғой.
– Өзің ғой енді, мені үйде қалдырып кеткен.
– Ааа, айтқандай, жазамның өтеуі ретінде саған қаладан әкелген сыйлықтарымды берсем мені кешіресің бе?
– Қаладан маған сыйлық әкелдің бе? Рахмет аға!
– Саған және Әлиханға да алдым. Ертең оның сыйлықтарын өзіңмен бірге ала кетші. Сабақ үстінде берерсің.
– Оған неменеге алып жүрсің? Ол сенің бауырың емес қой?
– Бауырым болмаса да, біздің үйдің шаруасын істеп, мал– жанымызға қарап жүр емес пе? Олай іштарлық танытуға болмайды қошақан.
– Жарайды, апарып берейін.
– Кімнің ақылдысы екен өзі?
– Сенің ақылдыңмын!
– Мкмкмк, жүр, сыйлықтарды сөмкемнен шығарайық.
Аянат өзінің кішкентай аяқтарымен ағасының артынан ілесіп жүре кетті. Ол бұл әлемде өзіне Асланнан артық жанашыр жанның жоқ екенін білетін...
Келесі күні ауыл мектебіне облыстан бірнеше комиссия келіп, Төребек Жұманұлының төбесіне жай түсіргендей болған. Мейірбек пен оның адамдары мектептегі барлық меңгерушілер, оқытушылар мен басқа да қызметкерлерден жауап алды. Солардың арасында осы уақытқа дейін директордан көрген қорлықтары мен қысымына шыдамаған ұстаздар да табылып жатты. Өтірікке толы мектеп ұжымының былығынан шаршаған Мейірбек түске таман Асланға хабарласып үйіне барып қайтатын айтқан. Бұл кезде Аслан да дүкеннен мол етіп азық– түлік әкеліп, Нұргүлге жақсылап дастархан жасатып алған еді. Мейірбек келген бетте ең алдымен Асланға көңіл айтып, құшағына басты. Досының басынан өткен жағдайларды естімей қалғанына қатты ұялып, ақталуға сөз таба алмай қалған– ды. Бірақ Аслан оған ренжіген жоқ, қайта үйінен дәм ұсынып, екеуі өткен– кеткенді әңгіме қылып айтып біраз отырды. Сөз арасында ауыл мектебінің де жағдайын қозғаған еді.
– Шыны керек, бұл былықтың шетін кеше сен хабарласып айтпағаныңда ана директор осы ауылда әлі біраз жыл тайраңдайтын еді. Өзі облыстағы жиналыстарда қой аузынан шөп алмай, тып– тыныш тыңдап отыратын. Үндемегеннен үйдей пәле шығады деген осы екен ғой.
– Осылай боларын өзім де білген жоқпын. Алдына адамша жұмыс сұрап барғанмын, сөйтсем мені жұмысқа алу үшін жесір әйелді орнынан қумақ болыпты. Әрі менен бір жылқы дәметіп, барған сайын аузы көпіріп, шартиған қарнын сипап, ақыр соңында өз– өзін ұстап бере бастады. Сосын бірден ойыма сен түстің.
– Дұрыс жасадың досым, әйтпесе қол астымдағы қызметкерлерді дұрыс қадағаламағым үшін менің де басым кетер еді. Қайта дер кезінде ұстадық.
– Сөзімді жерге тастамағаныңа рахмет.
– Ай, Аслан– ай! Осы бір сыпайы мінезің қалмайды екен. сонымен, өзің жұмыс іздеп жүрмін дейсің бе?
– Иә, бірақ енді мектепке жолағым келмей қалды.
– Оның не? Сенен мықты мұғалім шығар еді. Бір– екі күнде мына мектепке шет жақтан жаңа директор жібереміз. Қаласаң сенің атыңды айтып қояын, жақсы жұмысқа алсын.
– Жо– жоқ, Мейірбек, шынымен керек емес. Мен өзім...
– Енді онда өз қалауың білсін. Менікі жай достық ниет қой. Ойланып жатсаң бір хабарын берерсің.
– Қане, тамақтан ал.
***
Түскі астан соң Аслан Мейірбекті мектепке апарып тастамақ болған. Бірақ мектеп директоры Мейірбекке арнайы көлік жібертіпті. Бұнысы әлі де болсын орнын сақтап қалудың амалы болар деп топшыладық. Екі дос есік алдында қоштасып тұрғанда, дәл Асланның үйінің жанынан ешкімге назар аударып қарамастан түз– түзу жол бойын жағалап Тұмар өте шыққан. Жұмысына кетіп барады екен. Тұмарды көргенде Мейірбек ерніндегі темекісін сол қолындағы саусағының екі ортасына қыстыра салып, жас қыздың соңынан аяңдап жүре кетті. Досының бұл қылығын түсінбеген Аслан Мейірбекті қолынан ұстап тоқтатқан.
– Бұның не? Ұят емес пе?
– Бұл қыз осы ауылда тұрушы ма еді?
– Иә, не болды?
– Анық соның өзі ме білмей тұрмын, бірақ сол қыз сияқты.
– Не айттып кеттің? Мейірбек, адам құсап түсіндірші.
– Бұл қыздың есімі кім еді? Ұмытып тұрмын...
– Тұмар!
– Ааа, иә, Тұмар екен ғой. Соның дәл өзі. Әлі де сол қалпы екен. Бұрын да осындай талдырмаш сұлу болатын. Тұмар бұл ауылда қайдан жүр?
– Ол осы жақтың медбикесі. Біздің ауылда ата– анасымен бірге тұрады. Мейірбек не деп кеттің өзі? Тікесін айтшы.
– Тікесін дейсің бе? Жарайды.
Мейірбек темесін барынша ішіне үрледі де, мұрнынан бұрқырап шыққан көк түтінге ілесіп сөз бастады.
– Шамамен осыдан үш жыл бұрын болуы керек. Мен ол кезде жай ғана орынбасардың көмекшісі едім. Сол жылдары біздің басшылық «ауылдық жерлердің жағдайын жақсарту керек!» – деген желеумен әр аудан мен ауылдық жерлерге кезек– кезек тексеріс жүргізетін болып шешті. Мүшеліктің ішінде мен де бар едім. Сондай аудандардың бірінде біздің басшымыз Сейфолла ағаның бауыры әкім болып отыр екен. Ол кісі күні ертең жолға шығатынымызды естіп, бірден телефон шалды. «Ештеңені тексермейсіңдер, ештеңе сұрамайсыңдар! Тек алдарыңа қойған асты ішіп, тыныш қайтып кетесіңдер!» – деді. Біз мақұл деп ауданға аттандық. Бастықтың бауыры алдымыздан қарсы алды. Өзі ірі денелі отыз бестердегі азамат екен. Ұмытпасам аты Сұңғат болу керек. Біз де сырт көзге күдік туғызбас үшін аудан ішіндегі мектептерді, ауруханалар мен балабақшаларды көріп шықтық. Ал кешкісін үлкен мейрамханада дастархан жасап бәрімізді жақсылап күтті. Аз уақыттан соң, әлгі аудан әкімі біреуге телефон шалып «Осында алып келіңдер»,– деп бұйырды. Мен әкімнің дәл жанында отырғанмын. Шамалыдан соң, бір жылпоз жігіт оның жанына келіп, құлағына әлдене деп сыбырлап кетті. Бізбен бірге айқайлап қарқ– қарқ күліп отырған жаңағы әкімнің түрі бір– ақ сәтте бозараңдап, дүниені төңкеріп жіберердей болып қызарып кетті. Сол ішкеннен бас көтермей таң атқанша ішті. Мен істің жай– жапсарын кейін барып білдім. Сөйтсем, бұл әкімсымақтың ауруханада жұмыс істейтін бір дәрігер қызда көңілі болыпты. Әлгі үлкен отырыста әдейі сол қызды жанына алдыртып алып бізге «көңілдесім» деп мақтанбақ ой болған екен. Алайда, жас қыз әкімнің дегеніне көнбеген. Бұл жай сол жерде қалып келесі күні тып– тыныш елімізге қайттық. Содан бері бәрі өз орнына келгендей болған. Бірақ тұп– тура бір аптадан соң, жұмыстағылардың арасында «Біз барған ауданның әкімі бір қызға зорлық көрсетіпті»,– деген сыбыстар тарай бастады. Артынша іс насырға шауып, қыздың әкесі облысқа дейін келіп шулатты. Сөйтіп, біздің ұжым комиссия мүшелері болып қайтадан сол ауданға тексеріске бардық. Жас болдым ба, әлде аңқау болдым ба білмеймін, қызуқандылық танытып полиция бөлімшесіне мен де бардым. Барсам бір бұрышта басын төмен салып, көйлегінің етегін жұлмалап жылап отырған жас қыз отыр екен. Ішімнен осы қыз болды– ау деп топшылап едім, күдігім шынға айналды. Ол қыз, міне, жаңа ғана алдымнан өткен Тұмар болатын. Білуімше, Тұмар оқуын тәмәмдаған соң қалада қалмай, өз ауылындағы ауруханаға жұмысқа тұрған екен. Ал сол аудандағы қыз– қырқынның дәмін алғашқы болып татып үйреніп қалған әкімсымақ бұл жолы да ескі әуеніне басып дәрігер қызға көз салыпты.
Досының сөздері Асланның төбесінен жай түсіргендей болғанымен, ол есін ептеп жиып жағдайды толықтай білуге тырысқан– ды.
– Сонда оқиға қалай болған?
– Әлгі әкім Тұмарға оңайшылықпен қол жеткізе алмасын білген соң, оны қыспаққа алуға көшкен. Нақтырақ айтқанда өз адамдарын жіберіп жақсылықпен келісуді сұраған екен. Дәрігер қыз оған да көнбеген соң, әкімнің ит– аяқтары Тұмарды жұрт көзінен таса жердегі үйге апарып...
– Айт!
– Қысқасы, неше түрлі ішімдік ішкізіп әкімнің қойнына салып беріпті. Бұл жағдайды есту маған да оңай болған жоқ.
– Содан кейін не болды? Әлгі иттің баласы ше? Жазасын алды ма? Қанша жылға сотталды?
– Қайдам, оған қарсы ешқандай дәлел табылмады. Сұңғат сүттен ақ, судан таза болып шыға келді. Полицияға: «Менің кінәм жоқ, мойныма өзі келіп асылды»,– деп түсініктеме беріпті. Онымен қоса бөлімшеге әкімнің долы әйелі келіп Тұмарға: «Сен о баста, бұзылған қызсың» деген сөзден бастап, өзі онсызда әрең тұрған қызды бастан– аяқ балағаттап кетті.
– Ал сен неге араша түспедің? Неге Тұмарды қорғамадың?
– Аслан, оған менің дәрменім жете ме? Сұңғаттың ағасы басшылықта отыр деймін! Өзім де сол кездегі қателігім үшін қатты өкінемін. Әкесі қызын қорғаймын деп шыр– пыр болып аяғымызға жығылған еді. Бірақ біз де, полиция қызметкерлері де бәріне көз жұма қарадық. Иә, білемін, опасыздық жасадық, өйткені қызметімізден айрылып қалудан қорықтық. Бірақ қай жерде жүрсем де сол қыздың тағдыры ылғи да ойымда жүретін. Былтыр шенім өскен соң, әлгі ауданға арнайы адам жібертіп, жағдайды сұрастырғанмын. Қыздарына айтылған елдің өсегіне шыдамай, ата– анасы отбасын алып ол жерден көшіп кетіпті. Демек, содан бері олар осы ауылды паналаған екен ғой...
– Ал ана әкім қазір қайда?
– Сұңғатты айтасың ба? Ой, ол әлі де сол ауданды басқарып отыр. Ең өкініштісі, қазір өзім де қыз тәрбиелеп отырмын. Осы жағдай есіме түскен сайын денем түршігеді. Қазір бұл қыз мед пункте істейді дедің бе? Мүмкіндік болса қазір жұмысына барып, алдынан өтіп кешірім сұрасам деймін.
– Жоқ! Барма! Өткенін есіне түсіріп одан сайын жанын жаралап аларсың!
– Сен бұл қызды жақсы танитын сияқтысың ғой?
– О– ол, ол менің қарындасым! Яғни, осы ауылдың қызы менің де қарындасым...
– Сонда да, жаңа бұл қызды көзім шалғанда кеудемді бір ұят қысып кетті. Егер сол кезде қолымда билігім болғанда қайтсем де ақтап алар едім ғой... Мен енді мектепке жүре берейін досым. Кешкісін бірден сол жақтан қалаға қайтып кететін шығармыз. Үйіңе шақырып төріңді ұсынғаныңа рахмет!
– Жолың болсын! Мейірбек, Тұмарды іздеп соңынан барма! Шын сөзім.
– Ұқтым деймін. Бармаймын.
Аслан Мейірбекті көлігіне отырғызып, шығарып салған күйі аула сыртында есеңгіріп тұра берді. Ол Тұмардың «Менің жас өмірім баяғыда– ақ қор болған»,– деген сөздерін енді ғана түсінгендей еді. Ішкі ойлары аяқ асты жағадан соға жөнелген толқындай буырқанып бара жатты. Демек, Тұмар менен осы үшін қашқақтап жүрген екен ғой... Ал Берен аға осы жағдайдан кейін қыздарын қызғыштай қорғаштап үйіне өз алып кетіп жүрген екен. Әрине, әке жүрегі бұл сұмдыққа әрең төтеп берген болар? Үлбіреп тұрған қызының көз алдында солып бара жатқанын көру кімге де болсын оңай болмасы анық. Аслан Тұмардың алдына барып, «Мен өткен өмірің жайлы бәрін білемін, сен ол жағдай үшін өзіңді жазғырма» деп айта алмады. Себебі, онсызда өткен өмірін ұмыту үшін осы жақтан пана сұрап келген қызды оны одан сайын жасытып алудан қорықты. Қорықты да, үнсіз іштен тынып жүре берді.
***
Арада бір апта өткенде үйге қарындасы мен күйеу баласы келіп, әкелерінің қырық күндік асын өткізуге дайындықтарын бастаған еді. Ырысбек көзі тірісінде екі ұлына деп екі жылқы алып, баптаған болатын. Аслан соның біреуін союды шешіп, көрші– қолаң көмекке келген. Аз уақыт ішінде өзі етене жақын араласып үлгерген таныстарының бәрі осында жиналды. Естай мен Әсет, Темірхан да ұлы мен келіншегін ертіп әкелген. Көшенің сол жағынан Берен мен Нұргүл қос қызымен бірге келді. Еркектер жағы ірі қараны сойып, қазан– ошақтың отын дайындап жатты. Ал әйел адамдар үстелге қойылатын тағамдарды даярлауға кіріскен. Асланды бұл қиын жағдайдан осы ауылдың жомарт жандары алып шыққан еді. Себебі, оның өз жұрты да нағашы жұрты да болмаған– ды. Ырысбек ата– анадан жалғыз перзент, ал Маусымжанның бір ағасы ғана болған. Оның өзі жас шағында аты жаман аурудан көз жұмған еді. Ертесінде Ырысбектің қырқы ауылдағы үлкен мейрамханада өтті. Әкесін сыйлайтын шет жақтағы ет жақын, таныс– жолдас, бауырларының барлығы тегіс жиналды. Аслан қанша жерден өз– өзін ұстап, мықты болайын десе де, елдің әкесі жайлы айтқан жақсы естеліктерін естігенде еріксіз көз жасына ерік беріп қоя берді. Балауса мен Аянат та мейрамхананың сыртында құшақтасып еңіреп жылап алған. Десе де, бұл күндердің де сәулесі біртіндеп артта қала бастады. Аянат екеуі бұрынғы өмірлеріне қайта оралған. Аслан қалтасының жұқара бастағанын байқап, ауылдағы беделді кәсіпкер Мәуленнің қарамағына жүк тасушы болып жұмысқа тұрды. Мәулен осы ауылдағы ең дәулетті адам. Осы ауылдан бөлек басқа жақтарда дүкендері бар. Асланның міндеті үлкен жүк көлігіне тиеліп келген азық– түліктерді түсіріп алып, дүкендерге кіргізіп беру болатын. Алғашында Ертайлар оның бұл ісін құп көрмей «Біз сияқты емес, оқыған, білімді азаматсың ғой. Ауданға барсаң сені екі айтқызбай жұмысқа алады. Өзіңді бұлай қара жұмысқа жегіп, жаныңды қинамасаңшы»,– деген. Тіпті, «қораңдағы малыңды сатып– ақ күніңді көре бер»,– дегендер де табылды. Алайда, Аслан әкесінің жиған малға тиіскен жоқ. Себебі, оның барлығы Айбар мен Аянатқа тиесілі болатын. Осылай біртіндеп өз аяғына тұра бастады. Оның бұл жерде алатын жалақысы бұрындары бір елге ұшып баратын билет құнының жартысына ғана тең болатын. Аслан сонда да ауыр жұмыстан басын ала қашқан жоқ. Керісінше, Аянаттың оқуына керек болар деп шетінен артылған ақшадан жинай берген еді.
Осылай күн артынан түн шығып, мезгіл де, уақыт та білінбей өте берді. Аслан мен Тұмар соңғы рет сұрықсыз кабинеттегі тілдесуден кейін қайтып сөйлескен жоқ. Аслан оның жүрегін жаралап алмауды жөн санады, ал Тұмар әкесінің сөзіне құлақ асты. Бірақ оларға үнсіз көзбен тілдесуге ешкім тыйым сала алмаған. Аслан кеше де түнде келген кезекті жүк көлігіндегі заттарды қабылдап алып, үйіне таң ата бірақ келген. Далаға қазан айы келіп жайғасқан соң Аянат тоңып қалмасын деп жұмысқа кетер– кеткенше үйдің ішіне қайта– қайта от жағып жылытып қоятын. Ал қайтып оралғанда пештің түбінде түндегі жанған оттың шоғы ғана сығырайып өшкелі тұратын. Бір оянса үй ішінен екі адамның сыбырласып күлген дауыстары естіліп жатыр екен. Қанша жерден өне бойы сұққылап ауырып жатса да, Аслан мән– жайды көзімен көріп білмекке бекінді. Ұйқылы ояу, көздерін уқалап ас үйге кіріп келсе, үстел басында Тұмар мен Аянат таңғы астарын ішіп отыр. Екеуі де бір– бірінен ыңғайсызданып қалды. Үлкендердің әңгімесіне кедергі жасамайын деп Аянат ыстық шайын өзімен бірге алып, ас бөлмеден шығып кетті.
– Ааа, Тұмар сіз бе едіңіз?
– И– и– иә, мен әлгі... Бүгін анамның орнына келген едім. Кеше кешке әкем екеуі аяқ астынан жол жүріп кетті.
– Неге? Не болып қалды?
– Әкемнің нағашы ағасы ауруханаға түсіп қалған екен. Сол кісінің көңілін сұрауға кетті.
– Сауығып кетсін!
– Рахмет. Бүгін демалатын күнім еді, сондықтан кешкі асты да өзім жасап кетемін.
– Жоқ, әуре болмаңыз, одан да бір демалысыңызда жақсылап тынығыңыз. Мен өзім бір жөнін табармын. Онсызда Нұргүл апайдан ыңғайсыз болды. Үйімнің жарты тірлігін сіздердің мойындарыңызға артып қойдым.
– Оның еш сөкеттігі жоқ. Бұл ата– анамның қалауы.
– Ал сіздің қалауыңыз ше? Сіз нені қалайсыз?
– Түсінбедім?
– Егер бұл тек Берен ағалардың тілегі болса, ашығын айтқаныңыз жөн. Мен сізге еркіңізден тыс үйімді жинатып, тамақ істеттіріп қоя алмаймын.
– Олай емес.
– Сонда?
– Бұл менің де қалауым. Таңғы асқа келіңіз.
Ол екеуінің арасында әлдебір түсініксіз сезімнің шоғы қайтадан алаулап жана бастағандай еді. Бүгіндікке Тұмар Асланның үйінде қалып, қанша күннен бері әйелдің қолы тимеген жерлерді жинап, бөлмедегі төсек орындарды жаңалап, Аянаттың сабақ киімдерін жуып берді. Ал кешкі тамаққа кеспесін өз қолымен созып, лағман жасады. Ас үйдегі үстел басында үшеуі күлімдеп, күбірлесіп отырып тамақ ішкен. Иә, Асланға бұрынғы әйелінен тек осы қасиеттер ғана керек болған еді ғой. Оған тек осы бір шынайылық пен мейірім керек болған. Оның жанына осы бір жылу жетіспеген еді. Міне, ол енді өзіне сол алты жыл бойы жетіспеген жылуды Тұмардың жанынан жүзінен тапты. Содан бері Асланның бұрынғы мағынасыз, мәнсіз өміріне біртіндеп өң кіре бастаған. Бұл құлшыныс оның бойында Тұмар кездескелі бері пайда болды. Алайда Тұмарға қатты жақындай алған жоқ.
***
Қара күздің суығы өңменіңнен өтетіні соншалық бір– ақ сәтте салқын тиіп ауырып қалуың мүмкін еді. Көп ұзамай Аянат та сондай хәлге душар болды. Таңертең сабағына барсын деп Аслан оны ертерек оятқан, бірақ қарындасы төсектен басын көтере алмады. Өне бойы дірдектеп әлдебір сөздерді сандырақтап қайталай берді. Аслан да түнгі жұмыстан шаршап келген болатын. Десе де, Аянаттың қызуын өлшеп қасында шыр айналып жүр. Бұл уақыт та Нұргүл әлі келе қоймаған еді. Сол үшін Береннің үйіне өзі жүгіріп кірді.
– Аға, амансыздар ма?
– Ее, қалайсың ұлым? Жақсымысыңдар?
– Бізде қиын жағдай болып тұр, Тұмар үйде ме?
– Аманшылық па? Ааа, үйде– үйде. Қазір. Тұмар, қызым, мында келе ғойшы?
– Ау, әке. Сәлеметсіз бе Аслан?
– Тұмар, Аянат ауырып қалды. Қызуы қатты көтеріліп жатыр. Денесі тіпті қол тигізбестей ыстық. Не істерімді білмей бірден сізге келдім. Берен аға Тұмарды жібере аласыз ба?
– Ойбууу, әрине, жібермегенде ше?! Қызым– ау, тездетіп бара ғой.
– Рахмет, Берен аға, рахмет!
Сәлден соң Тұмар Аянаттың жағдайын көзбен көріп оған қызуды түсіретін дәрі беріп тынышталдырды.
– Жағдайы қалай?
– Аяғынан қатты суық өткен болуы мүмкін. Аслан, сізге бір нәрсені ескертуім керек.
– Айтыңыз?
– Аянат қазір физиологиялық тұрғыда даму үстінде. Яғни бұл осы жастағы әр балада болатын жағдай.
– Өтпелі кезең бе?
– Жоқ, бірақ сол кезеңге дайындық десе де болады. Бұл кезеңде қарындасыңыздың дене бітімімен қатар басқа да өзгерістер орын ала бастайды. Сондықтан қазірден бастап аяғын жылы ұстауы керек. Сіздің оған көп жұмыс жасатпайтыныңызды жақсы білемін, сонда да бұл жаста Аянатқа ауыр зат көтеріп, өзін шаршатуына болмайды. Әсіресе көп жүгірмесін. Әйтпесе абайсызда ішкі ағзаларына зақым келтіріп алуы мүмкін. Мені түсінген боларсыз?
– Түсінгендеймін. Демек, Аянат біртіндеп бой жетіп келе ме?
– Солай...
Аслан Тұмардың сөздерін ауыр қабылдады. Кішкентай ғана қарындасының бір– екі жылда бой түзеп шыға келетінін көз алдына елестетсе өзін қоярға жер таппай кетеді. Бұл енді Аянатқа басқаша көзбен қарау керек деген сөз. «Қалайша тез есейіп барады, кеше ғана қасымда тұлымы желбіреп мойныма асылып жүрген ерке қыз еді ғой. Ол енді маған еркелемейтін бола ма? Менің ары қарай не істеуім керек? Көбірек ақыл айтуым керек пе? Не істей аламын?»
Қазір ғана Аянат көзін ашып су сұрады. Тұмар Асланнан бөлмеден шыға тұруын өтініп Аянатпен жеке қалып сөйлескісі келді. Олар тұп– тура бір сағат әңгімелесті. Тұмар бөлмеден шыққанша Аслан тыпыршып бітті. Сәлден соң есік ашылып, ішінен күлімдеген көздер шыға келді.
– Бәрі дұрыс, еш алаң болмаңыз.
– Шынымен бе?
– Иә, дене қызуы да түсті. Менің жорамалым рас болып шықты. Аянатта физиологиялық өзгерістер басталыпты. Сіз уайымға салынбаңыз, бұл туралы онымен өзім сөйлесіп отыратын боламын.
– Рахмет, сөйтсеңіз дұрыс болар еді. Әйтпесе, мен ондайды түсіне бермеймін, әрі басқа ақыл сұрайтын ешкім де қалмады. Балауса ылғи телефон шалып сөйлесіп тұрады, дегенмен оның да екі баласы, күйеуі бар. Аянатқа көп көңіл бөле алмай кетеді.
– Түсінемін... Ендеше мен кете берейін, кешкісін тағы келермін. Сіз де өзіңізді күтіңіз. Бүгін де жұмысқа барасыз ба?
– Мхм, түнде тауар келеді.
– Олай болса, сіз жұмыстан келгенше Аянаттың қасында мен бола тұрайын?
– Сізге ауырлық салмасақ?
– Жоға, демек, кешке кездескенше!
Кеш түсемін дегенше Аслан қорадағы малды жайғастырып, үйдің ішін қайнатып қойды. Ол кезге дейін Аянаттың да көңіл күйі дұрысталып, Нұргүл жасап кеткен сорпаны ептеп ішіп алған еді. Үйге Тұмар келісімен Аслан жұмысына кетті. Бүгін түнде ол азық– түліктен бөлек басқа да заттарды қабылдап алуы керек болатын. Себебі, Мәулен осы ауылдан тағы бір дүкен ашқан. Бұл жолы ол дүкен көліктің ұсақ бөлшектерін сатумен айналысатын болады. Қайбір күні Аслан жүк көлігінің жүргізушісінен «Неге затты тек түнде әкеліп, кіргізуіміз керек?» – деп сұраған. Сонда ол «Біздің бастық өте қарапайым адам және дәулеті мен байлығын жұртқа мақтанып жария қылғанды ұнатпайды. Сондықтан бәрін ел көзінен таса уақытта жасайды»,– деген. Аслан осыдан кейін «Еее, жақсы адамдар әлі де бар екен ғой»– , деп ойлаған еді...
***
Ол тағы да үйге таң алдында келді. Тұмар отқа аздап көмір салып қойса керек, пештің іші алаулап жанып жатыр екен. Үйде танадай тыныштық орнапты. Аслан ақырын Аянаттың бөлмесіне келіп қараса, екеуі құшақтасып ұйықтап қалыпты. Олар сырт көзге апалы– сіңлідей, сондай жылы көрінеді. Ал Тұмар ұйықтап жатқанда тіптен әдеміленіп кетеді екен. Аслан оларды сыртынан ұзақ бақылап қарап тұрды. Бейне бір осы сәттің орындалуын ішінен тілегендей еді. Аздан соң Тұмар тақ– тұқ еткен дыбыстан оянып кетті. Бөлмеден шығып қараса Аслан оттың астын көсеп жатыр екен. Тұмардың ұйқылы– ояу жүзін көріп абдырап қалды.
– Сізді оятып алдым ба? Кешірім өтінемін.
– Жоқ, қайта оянғаным дұрыс болды. Аянаттың қасында жатып көзім ілініп кетіпті. Жұмысыңыз қалай өтті? Беліңіз ауырып жүрген жоқ па?
– Болады. Бұл жұмысқа үйреніп те кеттім.
– Онда жақсы екен.
– Тұмар, сіз мен үшін шынымен алаңдайсыз ба?
– Мүмкін. Аянатты аяққа тұрғызу үшін сіз де мықты болуыңыз керек қой.
– Сөзіңіздің жаны бар.
– Мен ендеше үйге қайтайын, әкем күтіп қалған шығар.
– Ол кісі сізді өзі алып кетпей ме?
– Қырсық қылғанда телефонымды үйге ұмытып кетіппін. Сізде әкемнің нөмірі жоқ па еді?
– Жоқ, жазып алмаппын. Олай болса сізді мен шығарып салайын? Сәлден соң таң да бозарып атады.
– Жақсы...
Тұмар Асланның ұсынысын қабыл алып екеуі салқын желді бетке алып іле шала бірге шықты. Екі үйдің арасын төрт шатыр бөліп тұр. Олар тез жетіп қойғылары келмеді ме, әйтеуір асықпай аяңдап жүріп бара жатты.
– Тұмар, мен сізді есіме түсірдім.
– Қалай сонда?
– Сізді алғаш анам қайтқан күні көрген екенмін. Сол күннен бастап қай кезде болсын менің жанымнан табылып келесіз. Ата– анам өмірден өткен кезде де, мен қансырап далада жатқан кезде де, құрбыңыздың орнына білмей жұмысқа тұрып, күнәға бата жаздаған кезде де, тіпті міне Аянат ауырып қалып, оның қасында қалдыратын ешкім болмаған кезде де. Сіз барлық уақытта менің жанымда болып келесіз.
– Бір көмегімнің тигені үшін қуаныштымын. Бастысы сіздің бақытыңыз.
– Ал менің бақытым сіз болсаңыз ше? Менің бақытыма айналғыңыз келмей ме?
– Мен...
Осы бір үмітке толы сәтті Асланға соғылған телефон қоңырауы үзіп жіберді. Бұл тағы да Аида болатын. Тұмар оның кім екенін жақсы білетін, сол үшін де бірден Асланға отты жанарын қадады.
– Тұтқаны көтергеніңіз дұрыс болар, түнде хабарласып тұрғанына қарағанда бір жағдайдың болғаны анық.
– Жақсы. Алло? Аида?
– Аслан! Аслан, мен жаңа ғана босандым. Ұлымыз дүниеге келді.
– Не? Босандың ба? Жарайсың! Ұлымның жағдайы қалай?
– Қазір қасымда пысылдап ұйықтап жатыр, салмағы үш келі. Торсықтай ұлдың әкесі болдың! Ертең келесің бе? Ұлым әкем қайда деп сұрап жатыр?
– Ертең бе? Барып қалатын шығармын. Сен де енді демал. Сосын тағы хабарласармын.
Асланның жүзі қуанышқа толғанымен Тұмарға қараған сәтте көңілі бір түрлі алабұртып кетті.
– Бауы берік болсын!
– Рахмет!
– Міне, осы үшін де мен сіздің бақытыңызға айнала алмаймын. Сау болыңыз, Аслан!
– Тұмар, сіз дұрыс түсінбедіңіз. Тұмар...
Аслан ақталуға сөз таба алмай кері бұрылып үйіне оралды. Неге өмір осындай тосынсыйларға толы екен? Күтпеген жерден өз бақытыңды кездестіріп оған енді қолың жете бергенде айырылып қаласың. Бәлкім, өмір осынымен қызық болар?
Келесі күні жас әке қаладағы орталық перзентханаға барып ұлын көріп қайтуға барған. Бұрынғы қайын жұрты да сонда жүр екен. Ол өзін бұл жерде ешкімнің күтіп тұрмағанын білсе де, ұлы үшін намысқа тырысып ішке кірді. Аида туыстарына «Асланға ауыр сөз айтпаңдар»,– деп ескертіпті. Олар да қыздарының сөзіне құлақ асып Асланға үндемеді.
– Кімге ұқсайды екен?
– Білмеймін, саған ұқсайтын сияқты. Оның сен сияқты сымбатты болып өскенін қалаймын.
– Қойшы, бастысы ақылды болсын. Атын кім деп қоямыз?
– Сенің ұлың, атын да сен қоюың керек.
– Мен бе? Ендеше, Арман болсын, Бекмаханов Арман Асланұлы!
– Жақсы есім. Ортамызға қош келдің, Арманым менің... Аслан, екеуміз ажырасқан соң мен көп нәрсені түсіндім. Қатты қателескен екенмін, сенен жоқ нәрсені талап етіппін. Кешір...
– Кеш те болса түсінгеніңе рахмет.
– Енді жолыңа тұрмауға уәде беремін, ұлыңды қай кезде де келіп көріп тұруыңа болады. Тіпті біраз өскен соң ауылға да жіберіп тұратын боламын.
– Аида, мені таң қалдырып барасың. Сені аяқ– асты не өзгертті?
– Ұлым. Ана болған деген ерекше сезім екен. Бірінші баламызды алдыртып тастағаныма әлі де өкінемін. Енді қалған өмірімді Арманымның болашағына арнасам деймін.
– Дұрыс. Тек өзіңе қарауды да ұмытпа. Егер жолыңа жақсы азамат кездессе міндетті түрде тұрмысқа шық.
– Сенің де дұрыс әйел алғаныңды тілеймін! Екінші рет қателесуге хақымыз жоқ!
– Иәәә...
Аслан мен Аида алғаш рет бір– бірін түсініп ешқандай жанжалсыз тілдескен еді. Оларды татуластырған анасының бауырында жатқан шынашақтай ғана сәби болатын.
***
Содан бері уақыт та өз кезегімен жылжып өте берді. Аслан ендігіде өзіне тіптен босаңсуға болмайтынын ұғынып жатқан. Себебі, оның қамқорлығына зәру адамдардың қатарында қарындасынан бөлек ұлы да бар еді. Аулада өз– өзімен әндетіп ыңылдап, ағаш шауып жатқан оның алдына үстіне әскери киім киген жас сарбаз келіп тұра қалды. Аслан басын көтеріп жоғары қараса, қарсы алдында Айбар тұр екен. Көздері жасаурап кетіпті. Аслан інісін көргенде қуанышы мен қорқынышын ажыратып үлгермеді.
– Айбар? Бауырым?
– Аға, әкем қайда?
– Айбар?
– Әкем қайда деймін? Маған жаңа неге көрші Сәбит аға мен Қалима апай «Әкеңнің арты қайырлы болсын»– , деп көңіл айтты? Әкем қайда? Қайда деймін? Жауап бер!
– Айбар... Әкем...
– Қашан? Қашан қайтыс болды? Неге маған ештеңе айтпадыңдар? Қоңырауларыма осы үшін жауап бермей жүрдің бе?
– Саған ауыр тие ме деп айтпадық. Әрі өтірік айтып, алдағым келмеді.
– Аға– а– а– а! Неге?! Неге әкем бізді тастап кетті?
Айбар сұлық құлап тізе бүккен күйі жерді ұрып жылай бастаған. Аслан бауырын жұбатқысы келіп арқасынан қаққысы келсе де, оның шері тарқап ақтарылып алғанын қалады. Шамалыдан соң Аслан Айбарды ата– анасының қабірінің басына алып барған. Інісі ол жерде де көз жасын ұстай алмады.
– Әкемнің өмірден өткеніне көп болды ма?
– Анамның қырқы өткен соң, қайтты...
– Аға, қайткенде де маған айтуларың керек еді. Мен әкеммен қоштаса алмадым ғой.
– Айта алмадық, түсінесің бе? Аузым бармады.
– Сен үйге қайта берші. Мен ата– анаммен оңашада қалғым келеді.
Айбар ағасына деген өкпесін жасыра алмады. Ағасы да өз қатесін түсініп інісінің сөзін мақұлдаған күйі үйіне қайтып кеткен.
Ертеңінде Аслан Балаусаны ауылынан алдыртып төрт көздері түгел қара шаңырақта бас қосты. Айбардың реніші аз да болса тарқаған екен. Әпкесі мен қарындасын қайта– қайта құшақтап, кіші жиенін қолына алып ойната бастады. Сәлден соң, үлкен дастархан басында Аслан сөз сөйледі.
– Біз Ырысбек пен Маусымжаннан туған төрт перзент бүгін әке– шешеміздің шаңырағында қайта бас қосып отырмыз. Осы жыл барлығымызға ауыр тигенін білемін, сонда да аяққа қайта тұрып өмір сүруді жалғастырып келеміз. Енді ортамызға Айбар да қосылды. Сондықтан сенің биылдан қалмай қаладағы оқуыңды жалғастырғаныңды қалаймын. Әлі жассың, оқып жақсы маман иесі болуың керек. Аянатқа уайымдамаңдар. Оған өзім бас– көз боламын.
– Аға, мен қасыңызда қалып бір жағыңызға шығысамын.
– Жоқ, бұл заманда сауатты болуың маңызды. Мен онсызда алатын білімімді алып, баратын елдеріме барып болғанмын. Ендігі кезек сенікі. Балауса, сенің міндетің ата– енеңе жақсы келін болып, балаларыңа дұрыс тәрбие беру. Ал Аянат, сен сабағыңды жақсы оқып, мен тыңдауың керек.
Асланның айтқандарын сонда отырған барлығы бір ауыздан мақұлдап, бастарын изеді. Бірақ олар ағаларының алдағы өмірі не болатыны жайлы да сұраған. Алайда, ол өзіне қатысты сұраққа жауап қатпады. Келесі күні Айбар өз– өзіне келіп, мал– жанын түгендеп, ағасына қолғабыс жасаған. Кешкісін Аслан жұмысқа кеткенде Аянаттан өзі жоқта ағасы екеуі қалай өмір сүргенін сұрады. Ол алғашында қиын болғанын содан соң кейін келе бәріне еттері үйреніп кеткендерін айтты. Сонымен қоса Нұргүл апайдың күнде ыстық тамақ әзірлеп беріп кетіп жүргенін және өзі ауырып қалғанда Тұмардың емдеп жазғанын айтып берген. Айбар Берен ағаның қыздарын сырттай ғана танитын еді. Сондықтан қайсысының Тұмар екенін есіне түсіре алған жоқ. Аянат болса әңгімесін ары қарай жалғастыра берді.
– Білесің бе, әкем қайтыс болғанда соң мен тіптен көп жыладым. Сол кезде ана Аида маған қатты ұрысқан. «Мына үйді сатып, сені интернатқа өткізіп жібереміз»,– деді. Сосын мен оған ашуланып Балауса әпкемнің үйіне кетіп қалдым. Аслан ағам мені алып кетуге артымнан келген бірақ мен үйге қайтпай қойдым. Ағам екі– үш күннен соң қайта келді. Әйелін қаласына өзін жалғыз қайтарып жіберіпті. Маған «Енді екеуміз бірге тұратын боламыз, сені ешқашан тастамаймын»,– деді. Айбар ағасының әрекетіне іштей риза болды. Себебі, Аида жеңгесін ол да жақтыра бермейтін. Қатты сөйлеп ренжіскен емес, десе де арада бір салқындықтың жел есіп, сол күйі тіл табысып кете алмады.
– Айбар аға, саған тағы бір нәрсе айтайын ба?
– Айта ғой?
– Аслан ағам Тұмарды жақсы көретін сияқты.
– Жақсы көре ме? Оны қайдан білдің?
– Олар бір– бірінен ұялып қызық сөйлеседі. Мен ылғи сырттарынан бақылап қарап жүретінмін. Ағам үйге Тұмар келгенде ерекше күлімдеп, көңілденіп жүретін. Бірақ қазір Тұмар біздің үйге келмей кетті.
– Неге?
– Білмеймін. Ренжісіп қалған шығар.
Айбар барлық мән– жайдан хабардар болған соң Балауса телефон шалып Тұмар жайлы сұраған. Балауса оған бұл жайлы мүлде білмей келгенін айтты. Сол үшін де інісі ағасынан сыр тартып көрмек болған. Бірақ Аслан тіс жарып ештеңе айтқан жоқ. Десе де, ойынан Тұмарды бір сәтке де ысырып тастай алмады. Қандай жауап алса да онымен ашық сөйлескісі келген. Ол үшін ең алдымен әкесінің алдынан өтуі керек болатын. Араға екі күн салып Аслан Беренді ауыл маңындағы көлге балық аулауға шақырды. Берен де осы бір аяқ асты шақыртудың соңында қызының тағдыры жатқанын сезген. Екеуі де қармақтарын суға салып қойып, өздері көл шетінде самаурынның ыстық шайынан ішіп отырды. Аслан осы қолайлы сәтті ұтымды пайдалуды жөн көріп бірден әңгімеге көшті.
– Берен аға, ең алдымен сізге маған көрсеткен барлық жақсылықтарыңыз үшін шексіз алғысымды білдіремін. Жеңгей екеуіңіз мені өз ұлдарыңыздай қабылдап, кеңпейілділік таныттыңыздар. Десе де мен сіздерге ұл ғана емес күйеу бала да болсам деймін. Менің Тұмарда көңілім бар. Бұл жайлы әлі оған айтқан емеспін. Бірінші болып сіздің алдыңыздан өтуді жөн көрдім.
– Е– е– е, Асланжан, осы күннің келерін сезіп– ақ жүргенмін. Алайда, сенің шетте қалған бір ұрпағың мен әйелің бар. Олардың ертең саған қайтып оралғысы келметініне кім кепіл?
– Оған өзім кепілмін аға! Менің Тұмарға деген сезімім шынайы. Алғашында осы кісі неге қос қызын қызғыштай қориды деп ойлайтынмын, жақында бұл сұрақтың жауабын таптым.
– Оны қайдан білдің? Әлде әлгі сұмырай осында келді ме?
– Жоқ. Өткен жолы мектепке тексеріс жүргізуге келген жігіт менің досым болатын. Оны сол күні түскі асқа шақырған едім. Қайтар жолда үй алдынан өткен Тұмарды бірден таныды. Сосын қызыңыздың басына өткен жағдайды, сіздің қалай қиналғаныңызды бәрін айтып берді. Берен аға, бұлай еңсеңізді түсірмеңіз. Мен өткен істі бетіңізге басудан аулақпын. Керісінше қыздарыңызды қорғап, қай кезде де қастарынан табылып жүргеніңіз үшін сізді одан әрі қатты сыйлап кеттім. Менің де бір басыма қайғым жетерлік. Бірақ мені сол қара түнектен Тұмар суырып алды. Егер мені қызыңызға лайық көрмесеңіз оны да айтыңыз. Мен бәріне дайынмын!
– Балам, бұған енді мен не дей аламын? Таңдау қызымның өз еркінде. Дегенмен оның өткен өмірін бетіне таңба қылып баспаймын деп уәде берсең...
– Сертім осы аға! Қызыңыздың көңіліне кірбің түсірмеймін. Әрі марқұм әкем анамды қалай аялап өтсе, мен де Тұмарды солай қастерлеп өтуге уәде етемін!
Берен Асланды кең құшағына басып, әкелік жүрегімен бақыт тіледі. Оның көз жасы ұзақ жылдар бойы жүрегіндегі өшпес жара болып қалған уайым– қайғының жасы болатын.
Кешке таяу Аслан Тұмарды жұмысынан алып кетіп, екеуі қыр басына серуендеп қайтқан.
– Тұмар, өткендегі жағдай...
– Сіз ақталуға міндетті емессіз.
– Иә, менің ұлым бар. Алайда, бұрынғы әйеліммен қайта қосылуды қаламаймын. Мен сізді...
– Өтінемін Аслан, арғы жағын айта көрмеңіз. Бұлай жасау үлкен қателік. Қазір сіз менің сырт келбетіме ғана алданып жүрсіз. Бірақ мен сіз ойлағандай бейкүнә қыз емеспін. Түсініңіз, біздің бұл махаббатымыздан түк шықпайды.
– Тұмар, өткен өмірің үшін мүлде ұялма. Мен бәрін де білемін. Ол жағдайда сенің ешқандай кінәң жоқ.
– Маған сонда да үйленгіңіз келе ме?
– Иә! Себебі, мен де бір рет өзім танып үлгермеген адаммен отбасын құрып жаза бастым. Жарасып кете алмағандықтан ажырастық. Бірақ сізге деген ойым да, ниетім де таза. Қазір ойлап қарасам, мен ғашықтық деген сезімді алғаш рет басымнан өткеріп тұр екенмін. Және оны сезіндірген адам сізсіз. Сондықтан, өткен өміріңіз үшін сізді жазғырмауға уәде етемін!
– Аслан...
– Дәл қазір менің қолымда сізге беретін ештеңе жоқ. Сіз тұратын ауылда сізге көрші болған қарапайым жігітпін. Ата– анам да жоқ, қолымдағы бар байлығым жалғыз түйір қарындасым. Қара жұмысшымын. Арманым, іні– қарындастарымды аяққа тұрғызып, осы ауылда мәңгі тұрақтап қалу. Егер осының барлығына қарамастан менімен бірге болуға дайын болсаңыз өзіңізге ұсынылған қолымнан ұстаңыз. Соңғы шешім өзіңізде...
Тұмар да көп ойланған жоқ, тек үнсіз ғана Асланның қолынан ұстап, иығына басын қойған. Бұл оның «Иә» деген жауабы болатын.
Қыздың рұқсатын алғаннан соң ертесінде Аслан үй– ішімен Тұмарға құда түсуге барды. Асланның бұлай асығыстық танытуының өзіндік себебі де бар еді. Ол– анасының өшкен отын қайта тұтату. Берен де кешегі әңгіменің шет жағасын Нұргүлге айтқан екен. Ана жүрегі де қызы үшін қуаныштан жылады. Барлығы дастархан басына жайғасса да, Аслан сөзді өзі бірінші болып бастауға ыңғайсызданды, сол үшін үйдің екінші перзенті ретінде жол Балаусанікі еді.
– Берен аға, Нұргүл жеңгей, біз сіздерді танығалы бері әрдайым марқұм ата– анамызбен сырлас дос бола білдіңіздер. Қазір ол кісілердің көзі қайтқанымен артында із болып біз қалдық. Бүгін міне Алланың қалауымен қыздарыңыздың қолын сұрап келіп отырмыз. Егер сіздер рұқсаттарыңызды берсеңіздер Тұмарды жеңге етіп алғымыз келеді.
– Қатты толқығаннан сөзді тіпті неден бастарымды білмей отырмын, шырақтарым. Ырыс ағалармен құда болып, төс қағыстыру Нұргүл екеуміздің орындалмастай көрінген арманымыз еді. Бірақ бүгін сол тілегім қабыл болыпты. Сендердің тәлім– тәрбиелеріңе ешқандай мін таға алмай отырмыз. Біз рұқсатымызды бердік! Солай ма, Нұргүлжан?
– Иә, рұқсатымды бердім отағасы. Бақыттарың баянды болсын құлындарым. Құдайым бізге сендердің тек жақсылықтарыңды ғана көрсетсін!
– Әумин жеңгей рахмет! Сенімдеріңізді ақтаймын.
– Қызым, келе ғой, сені де құшақтайын.
***
Екі жақ өзара құда атанып, туыс болғандарымен Тұмар Асланның ата– анасының өмірден озғандарына жыл өтпегенін ескеріп той жасаудың қажеттілігі жоқ екенін айтты. Бұл шешімге Берен мен Нұргүл де келіскен. Сөйтіп, олар тек заң жүзінде некелерін қиды. Алғашында бір– біріне үйренісе алмай, екеуі біраз уақытқа дейін «сіз– сіз» десіп жүрген. Кейіннен сыйластықтары нәп– нәзік махаббатқа айналып кетті. Тұмар бұл үйге өзімен бірге жап– жарық нұр алып келгендей болған. Жаңадан шаңырақ көтерілген соң, тұрмыс та біртіндеп түзеле бастады. Араға жарты жыл салып Айбар оқуын жалғастыру үшін қалаға кетті. Аянаттың да сабақ үлгерімі жақсарып, Әлиханның бала сезіміне көңіл бұрып қарай бастаған. Біраз күннен соң бұрынғыдай жүк тасушы болып, адал несібесін тауып жүрген Асланға да ауданнан хабарласып, тіл бөлімінен лауазымды қызмет ұсынылды. Ол көп ойланбастан білімін елдің игілігіне жұмсауды жөн санады. Асланның өміріндегі үлкен өзгерістерден кейін Аида да көп ұзамай өз бақытын кездестірген еді.
Міне, бүгін де Тұмар екеуінің шаңырақ көтергендеріне жеті жылдай уақыт өтті. Осы уақыт аралығында Айбар да отбасын құрып, ал Аянат ағасының ізін жалғап, филологияға оқуға түсті. Ал Тұмар Асланға екі ұл, бір қыз сыйлады. Ұлдарының алды биыл бірінші сыныпқа қадам басады. Аида да кезінде берген уәдесінде тұрып, әр жазғы демалыс сайын Арманды ауылға әкесінің қасына жіберіп тұратын болды. Дәл қазір Аслан ұл– қыздарын ертіп, ата– анасының басына құран бағыштауға келді. Және оны сол бір аласапыран, қайғыға толы дүрмектің ішінен алып шыққан Тұмар да оның қасында болатын...
Авторы: Назерке Серікқызы