Қазақтың ұлттық автономиясы Алашорда үкіметі таратылған соң алаш оқығандары халық ағарту ісі мен біл...
Ерболат Баятұлы. Жат келін
Қарашаның қара суығы өңменінен өтеді. Солтүстік батыстан азынай соққан жел қойны-қонышын тінтіп, қалтыратып жіберген. Басын ораған ескі түбіт шәлі болмаса, көнетоз драп пальтоның етегінен кеулеген сумақай суық жел өне бойын түгел аралап, сүйегіне жеткендей сезінеді. Оң қолының қарына ілген көк түйіншек те желмен бірге ұйтқып, ілгері басқан аяғына әжептәуір салмақ болып келе жатқандай. Күн әлдеқашан екіндіге қарай еңкейген. Мидай далада көз тоқтатар ештеме жоқ. Қураған қурай мен селеудің ызыңы мынау сүреңсіз даланы онан бетер сұрықсыздандырып, жапан түздегі жалғыз адамға үрей шақыратындай. Әредік болса да бұта түбінен қорғалай көтерілген суықторғайлар ғана меңіреу даланың тіршілігінен әлсіз хабар беретін секілді. «Аманқарағайға аман жетсем!» – деген жалқы тілек қана жаяу жүргіншіні дедектетіп әкеле жатыр. Ертерек шықпағанына енді өкінген сыңайлы. – Бәдіш-ау, бір түнге сен де шыдарсың, біз де шыдармыз, ертең елең-алаң да шықсаң жөн еді, - деген абысынның да өтінішіне құлақ аспаған еді. Расында енді бұған қарайлап тұрар не жай бар? Не үміт, не қайыр қалып еді? Мұның айтқаны, «Мені Аманқарағайға таман жеткізіп салатын адам табылмас па екен?!» деген жалғыз өтініш болатын. Қарасақал қайынағасы болса, кешегі әңгімеден кейін жауар бұлттай түнеріп жүріп, ақыры торы атын ерттеп, үйінен кетіп қалған.
Кеше кешкісін ел аяғы саябырсыды-ау дегенде сығырайған білте шамның айналасына сайтан көбелектей ұйлығысып отырғандардың ішінен тамағын кенеп алып, сол қайын ағасы сөз бастаған. - Қарағым, Бәдіш, мына заманның сиқын көріп-біліп отырсың. Зауалы мен зардабын бізден де сен жақсы білесің. Түбі қайырлы болсын, түсініксіз бір уақыт болды ғой. Сенің осында келгеніңді біреулер сырттан әңгіме қылып жүрген көрінеді. Иә, солай деседі... Кімнің аузына қақпақ боламыз... Біздің де жағдайымызды көрдің, шықпа, жаным, шықпа деп, сауысқанша бір шоқып, екі қарап отырғанымыз осы. Әркімнің тірлік тілеуі өзіне. «Бірге тумақ болса да, бірге өлмек жоқ» деген... Ренжімесең осы үйден кеткенің дұрыс. Қысқасын айтқанда жазықсыз жаламен менің де кеткім келмейді. Мен сондай жағдайға душар болсам мына көген көздердің күні не болмақ – деп, пеш түбінде отырған осы тоқалынан туған төрт баласын иегімен нұсқай сөйлеген. Оң жағында отырған бурыл сақалды да: - Е, сенікі де жөн сөз. Құдайдан сұрап алған кімнің екі жаны бар дейсің. Бірдің нәлеті көпке тиіп жатқан заманда ауызыңды бағып, артыңды қысып отырғаннан дұрысы жоқ. Келін оқыған адам ғой, жүйелі сөзді түсінер. Анау Алматыдан іздеп, осы ауылды тауып келген де, мына тұрған Аманқарай дегенің сөз бе екен тәйірі?! Бірдің қырсығы мыңды алмасын деп, біз осындай шешімге келдік, келін-жан, - деп аузын қиғаштай бұрап сөйлеп, тоқ етері осымен бітті деген сыңай танытты. Солай десті де орындарынан түп қопарыла көтерілген қорқынышты үш көлеңке есікке қарай беттеген...
Атар таң ұзаққа созылған. Кірпігі айқасапай көп жатты. Ішіне тығылған өксік пен қорлық удай ашытып, жүрек басына тұрып алған. Көзден шығар бір тамшы жас та жоқ. Басынан мұндай зілмауыр, азапты түндер талай өткен болатын. Бірақ дәл осы түндей үмітсіз, қорқынышты, мейірімсіз уақытты бұрын сезбеген секілді. Көрдей қараңғы, аласа сабан үйдің бір бұрышында жатқан сорлы әйел жел айдаған қаңбақтай тағдырына тағы да лажсыз көніп, ертеңгі күннің өлмеусіреген жетім сәулесіне үміт еткен-ді. Өлмегесін тірі адам дегенің осындай сорлы екен ғой. Ажал аранын ашып төніп келмесе, жан далбаса әрекетімен ит тірлікке көніп жүре береді екен-ау?! Жанталас өмір, жансебіл сірілікке әбден үйреніп, соған еті өліп кеткендіктен де болар, анау-мынау қиындыққа бордай егілгенді қойған қазір. Балалар үйіне беріп кеткен жетімек қызы Шолпанды еріксіз ойлады. Енді бұл Алматыға қайтып орала ма, байқұс қызды көре алама, ол жағы тіпті бұлдыр. Ол не күйде жүр екен. «Ұзақ жолдан аман-есен оралып, өзіңді алып кетемін, қызым!» - деп өзін де, оны да сендіргені қайда?! Көкірегі қарс айырылды. Жазықсыз абақтыға қайта жабылған күйеуінің айтуымен ағайын-туыс сағалап келгендегі күні мынау болды. Енді ағайыны да жау көріп, жат санап, жатырқай қарап, қиын сәтте жалт берген жоқ па, міне?! Бұлардың пәлесі жұғады екен. Олардың аман қалуы керек екен... Бұл не болса да осы ауылдан қарасын батырмаққа бел буған. Бірақ қайда барады? Күйкентайдан зәбір көрген торғай екеш торғайды да паналатпаушы ма еді бұл қазақ? Анау жылы «қара басып істі болдым, құтқар да құтқар!» деген қара сақал осы қайын ағасын ояздық милицияға айтып жүріп, Итжеккеннен аман алып қалған жары Ахмет емес пе еді?! Үш-төрт ай амалдай тұрса, арғы жағын тағы көрер еді ғой. Көк өзекке де ілінер еді. Алақұйын заманның да ырқы бір ыңғайға келіп қалар деген үміт те жоқ емес болатын. Алайда, осы соңғы «қара боранның» қарқыны тым қатты екенін байқаса да, көңілі сенгісі жоқ. Шынымен де бұл дүние бұлардан теріс айналып бара ма?! Бұл кешкі әңгімеде тіс жарып бір ауыз сөз де айтқан жоқ. Жыртық пештен жылт-жылт етіп көрініп, айналасына болмашы сағым ойнатып жатқан сумақай жалынға меңірейе қарап тілсіз отырған. Барлығы түсінікті ғой, бұл не десін. Ойына оралғаны қазақтың жалғыз мақалы болды. Ол – «жақсы ит өлімтігін көрсетпейді». Таң алдында ғана көзі ілініп кеткен екен. Түсінде ақ жейделі күйеуін көрді. Сақал-мұрты өсіңкіреген, жүзі шаршаңқы, қабағында кейіс бар. Әлдебір ұзақ сапардан оралған сыңайлы. Қайтадан кетемін дейді. Қоңыр қоржынның түбін тінтіп жүріп, нарттай қызыл алма ұсынды. «Алматының апорты ғой, мынаны саған әкелдім», - дейді. Бұл енді қолын соза бергенде қайын ағаның даладан естілген қаһарлы дауысынан оянып кетті. «Мені Аманқарағайға жеткізіп салатын адам табылмас па екен?!» деген ақырғы өтініші де аяқсыз қалды. Ажары солғын болса да, аздап ақылы бар абысыны, «Бұл елде есі дұрыс біреу қалды дейсің бе, түге! Жақынын жау санаған өңшең боқташақ!» - деп ер адамша ызбарлы дауыспен күңк еткен де қойған. Мүмкін бірі болмаса бірі арбалы атпен кеш қараңғысында алып шығар деген сенімсіз үміт те болмай қойған жоқ еді. Естияры бар ел ғой бұл! - деп ойлап еді. Жоқ, бұл жаман қателесіпті. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» деген осы екен ғой. «Құлан құдыққа құласа, құрбақа құлағында ойнайды» деп пе еді қазақ?! Қарашаның ертерек еңкейетін ірің көз күні Қызбелдің арқасына асылғанда қараша үйден амалсыз жалғыз жаяу аттанып бара жатқан «жат келінді» есік алдында еріксіз шығарып салып тұрып, көк түйіншектің ішіне талқажау етер үш шақпа құрт пен жарты күлше салған абысыны «Алла жар болсын!» айтып қалған болатын. Осы сөз де бұған қанат бітіргендей болып, көз ұшында мұнартып, суық ауада бұлдырап көрінген терістік жаққа адымдай жөнелген. Артына қайырылып қараған да жоқ. Иә, мұның кімі қалып барады...
Қас қарая бастады. Айналаны түгел қымтаған қою қараңғылық аждаһадай жұтып қойған. - Тек бағытымнан айырылып қалмасам болды - деген әйел жанұшыра безектеп келе жатқандай көрінді. Жоқ, мұның аяқтары қоюлап, белі үзіліп әншейін әзер ілбіп келеді екен. Сол жақ етігінің сірі өкшесі бір жағынан қажап ауырсынған аяғын демалдырған болып, аз-кем аял қылады. Шоқаңдап тағы жүреді. Малта құртты ұртына салып, соны сорып келеді. Әлсірегенін енді сезген. Аспанға қарап еді, бағыт айырар Жеті қарақшы да көрінбейді. Суық жел үрлеген қараңғы қапастың ішінде қалғандай. Жүрегін үрей билеп, денесі онан әрі қалтырағандай болды. Түбіт шәлісін қымтана орап, жұқа қолғап киген сол қолымен өңірін қаусыра ұстап алған. Ентігін басып, тың тыңдап сәл тұрғаны сол еді, алыстан бөрінің ұлығаны, әлде баланың жылағаны сияқты жағымсыз үзік дыбыс естілген сыңайлы болған.
– Астағфиралла! – Дауысы оқыс шығып кетті. Арқаның мидай даласында үйір-үйірімен жүретін түз тағылары туралы талай әңгімелерді естіген. Мына заманмен бірге ол да құтырып, ыңыршағы шыққан шалғайдағы елді қан қақсатып, бірі-екілі тұяқтарын жәукемдеп кеткені жайында кеше ғана ауылдағылар айтысып отырған болатын. Біраздан кейін қорғалап Ай да туды. Желмен жөңкілген ала шұбар бұлттардың топаны азайса, Ай да аспанның әнеу шетінен күміс табақтай боп көрініп, көңілге медеу болады екен. Осының алдында ғана ат шашасынан түскен қарды жел ұйтқыта боратып жатыр. Бұтаға сүрініп әйел етпетінен бір құлап та алған. Жан дәрмен орнынан тұра салып, ілгері жүрген. Ана жылғы Томскдегі айдаудағы жылдар мұның денсаулығына қатты тиген екен. Екі өкпесі қысып, ентігіп, зорға келеді. Алқынған жүрегі де аузына тығылып, бір жағынан шөл қысқандай тамағы кеберсіген. Сонда ғана құтыға құйған сүт есіне түскен. Тұра қалып түйіншекті ақтарып, құтыдағы сап-салқын сүтті лақылдата жұтқан. Әлденгендей болған әйел енді қозғала бергенде, анадайдан екі от жарқ еткендей болған. Иә, кәдімгі жарқыраған қос жанар! Көзін уақалап-уақалап жіберіп, қайта қарап еді енді ол төртеу секілді болып көрінді. Төбесінен суық су құйып жібергендей бар денесі бір сәтке мұздай болып қатты да қалды.
– Иә, қасқыр ғой мынау! - деген қорқынышты ой сап етті. - Астағфиралла! Осы сөз аузынан тағы шығып кеткен. Мүмкін елес шығар. Жо-жоқ, енді алтау-сегіз, он-он екі болып жамырай жарқыраған. – Үйірлі қасқырға жем болған деген осы. Сорлы басым айдалада ит-құсқа жем болып, қаңқа сүйегім де қалмайтын болды ғой - деген үрейлі қорқыныш алпыс екі тамырын қуалай тарап, төбе шашын тік тұрғызған. Басы айналып, алақұйын меңіреу дала жарқыраған отты көздерге толып кеткендей сезілген. Қауқар қыларға дәнеңе жоқ. Қалтасына салған шолақ қара пышақтың сабынан тас қылып ұстап алған. Ыстық қан шекесіне теуіп, жүрегінің қатты соғысын миымен сезіп тұр. Қатты, қайратты азу тістерін шықырлата қайраған. Бусанып терлегендей болды ма кім білсін, ескі түбіт шәлісін желкеге қарай ысырып тастап, пальтосының өңірін ағытты да пышақты ұмсына ұстаған қалпы жақынырақ тұрған отты жарыққа қарай бар дауысымен айқайлай ұмтылған. Қатты қорыққанда адамның долырып кететіні рас екен-ау. Әйелдің ащы, қайратты дауысы түннің қараңғы пердесін тіліп түскендей болды. «Ол да маған қарай атылатын шығар» деп ойлап еді, бірақ әлгі жарық кенеттен зым-зия жоғалып кетті де, алыстау жерден қайта жанды. – Жоқ, бұл қасқыр емес! Шайтан шығар!
- Биссимилла! – Әйел осы сөздің аузынан қалай шыққанын аңдамай қалған. Енді бір сәт о, тоба, ішінен «Спаси бог! Спаси бог!» деп жалына тіл қатқанын анық білді. Жоқ, бұл мұсылмандықты қабылдап еді-ғой, енді мұнысы несі?! Дір-дір еткен саусақтарын ойымен тауып ала қойды да, алақанына күбірлеп дұға оқыған. Бойы сәл жеңілдеп қалғандай болған соң, жасқаншақтана тағы қараса, әлгі отты шырақ әлі жанып тұр екен. Енді мұның шайтан еместігіне сенді. Созалаңдап орнынан тұрған. Оң құлағы шың еткендей болған. Әлдебіреу бұған: - «Осы шырақтың соңынан ере бер!» - дегендей болды. Әйел дауысы. «Қолдап тұрған Бибіфатима пірім шығар!» - деген санаға тығылған көмескі ой жылт еткен. Шәлісі ысырылып желкесіне кеткен, қалың шаштары бұрқырап, көнетоз пальтосының түймелері ағытылған қорғансыз әйел мең-зең күйде отты шырақтың соңынан ілби аяңдап кетіп бара жатыр еді...
Ертесінде аудан орталығы Меңдіқараға шұғыл тапсырмамен аттанған НКВД-нің екі чекисі малшы қыстағына жақын жердегі өзек бойынан ес-түссіз жатқан әйелді тауып алған болатын. – Ойбай-ау, мына орыс әйелі қайдан қаңғырып жүр екен! Қой, кім болса да адам баласы емес пе, аудандық ауруханаға жеткіз, өлсе сонда өлсін!! - деген милиция Иманғазы тілдей хатты бақташы Ыдырысқа беріп жатып. Ыдырыстың сабан төсеген ескі ат арбасында көздерінің алды көгіс тартып, ұясы шүңірейген, жағы суалып, әбден қажыған, мынау дүниеге ызалы, өкпелі кейіпте сұлық жатқан бақсыз, сорлы әйел Алаштың Ақаңы атанған Ахмет Байтұрсынұлының адал жары - ғазиз жан Бадрисафа екенін олар білген жоқ еді.