Димаш Құдайберген елордада жаңадан ашылған театрдың музыкалық кеңесші болды. Ал театрдың актерлік құ...
ОТАНДЫҚ ТЕХНИКА ҮЛЕСІ АРТУДА
Қазіргі уақыт талабы: жерді жыртып, егінді сеуіп тастаған соң, «Аспаннан жаудыр, жерден өндір» деп қол қусыртып отырғызбайды. Не бір агротехнологиялық операцияларды атқаруға тура келеді. Оны сапалы өткеру үшін әрине қолдағы техникаң да сол іске бейім болуы тиіс.
2018 жылдың 1 қаңтарына қарасты мәліметке сүйенсек, республикадағы ауыл шаруашылығы техникасының негізгі түрлері паркі: 148,3 мың трактор, 40,0 мың астық жинаушы комбайн, 3,7 мың егу кешендерін, 80,7 мың тұқымсепкіш пен 15,0 мың бірлік дестелегішті құрайды екен. Олардың арасындағы пайдалану мерзімі 10 жылдан асып кеткен тракторлар саны – 86%; комбайндар – 72 %; тұқымсепкіштер – 88 %-дан астам; дестелегіштер – 84 % көрсеткішке жетіпті.
Ауыл шаруашылығы техникасының орташа амортизациялық мерзімі 10-12 жылдан аспайтынын ескерсек, пайдаланудың нормативтік мерзімінен 3-10 жылға дейін алшақтық шығып отыр. Осыдан барып, ауыл шаруашылығы техникасының (егу кешендерінен басқа) негізгі түрлерін жыл сайын жаңартып отыру көзделген.
Елімізде ауыл шаруашылығы техникасын және оның жиынтық бөлшектерін өндіретін 30 кәсіпорын (зауыт) қызмет етеді. «Семаз» ЖШС (МТЗ тракторлары), «Вектор» комбайн зауыты», ЖШС (комбайндар), «Агромашхолдинг» АҚ (Есіл комбайндары), «Дафа» фирмасы» ЖШС (аспалы жабдық), «ДонМар» ЖШС (дестелегіштер), «КазКИОТИ» ЖШС (тракторлар) және тағы басқалары. Отандық құрастыруда: 93 %-ы тракторлар мен комбайндарды, 7 %-ы аспалы жабдықтарға тиесілі.
Сонымен қатар бұл саланы техникалық жарақтандыруы мен ауыл шаруашылығы машиналарын жасауда бірқатар проблемалар да жоқ емес. Атап айтсақ: негізгі деп саналатын ауыл шаруашылығы техникасы түрлерінің тозуы жоғары; оларды жаңарту деңгейі төмен; сервистік қызмет жүйесі ақсауда; мал шаруашылығы фермалары тиісті дәрежеде механикаландырылмаған; нақты егіншілік жүйелерін пайдалану межесі де солғын.
Осы орайда, «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында Министрлік тарапынан жаңа бастамалар қолға алынды. Шаруларды ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға ынталандыру үшін қаржылай қолдау көрсетіледі. Биылдан бастап лизинг бойынша сыйақының пайыздық мөлшерлемесі төмендетіліп, инвестициялық субсидиялау бағдарламасы да өзекті арнаға түспек.
Осы бағдарламаны жүзеге асыруға бюджеттен 21,3 млрд. теңге бөлініп, 17% аспайтын жылдық лизинг сыйақысын субсидиялау жобалануда. Соның 10% өтеуді республикалық бюджет өз мойнына алып отыр.
Бұған дейін техниканы сатып алған кездегі инвестициялық субсидия техниканың 25%-ын құраған болатын. Тағы бір мысал: шетелде шығарылған бір комбайнды сатып алу үшін 30 млн теңгеден астам субсидия керек болатын-ды. Енді бұндай қаражатқа отандық 3 комбайнды субсидиялауға болады.
Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласын өркендету үшін - көрнекті өзгеріс ендіру күн тәртібіне көтерілді. Осы мақсатта: техникалық паркті жаңарту және заманауи жабдықтау мәселесі жедел түрде іске асырылуда. Жыл сайынғы тиісті қаржыландыру нәтижесінде алдағы 4-5 жыл ішінде техника өндірісі 2 есеге артып, импорттық үлес 20%-ға кемиді және 2021 жылы қарсаңында еліміздегі ауыл шаруашылығы техникалары толық жаңартылады деген болжам бар.
Шаруагер ағайындар өнімділігі жоғары, сапасы мықты, бағасы қолжетімді, пайдалану тетігі жеңіл, комфортты техникамен толық қамтамасыз етілетін күн де алыс емес.
З. Самалбекұлы