Марфуға Бектемірова КӨКШЕТАУКөкшетау көркіңе көз тоймаған,Сен жайлы жазамын деп...
ХАЛЫҚ ПІКІРІ НЕМЕСЕ ШӘКӘРІМ МҰРАСЫ ҚАЛАЙ АҚТАЛДЫ?
1987 жылы қаңтар айында сол кездегі Жазушылар одағының бірінші хатшысы Олжас Сүлейменов одақтың жанынан Құқық комиссиясын құрып, мені төрағалыққа бекітті. Сосын желтоқсан оқиғасына қатысты деректерді жиып, хабардар етіп отыруды тапсырды. Содан кейін алаш мұраларымен таныс екенімнен мағлұмдар ақын 1988 жылы қаңтар айында мені сол кездегі жоғары соттың төрағасы Тамаз Айтмұхамедовке жіберіп: «Міне, күні туды олардың. Ұстазыңның (профессор Хайыржан Бекхожиннің) үмітін ақтайтын кез келді. Алаш қайраткерлерін ақтауымыз керек. Сен солардың тергеу ісімен танысып шығып, әдеби эксперт бол»,– деді.
Күрделі кездің қиын үкімдеріне қол қойып жүрген жоғары соттың төрағасы: «Біздің ұлтымызға жанымыз ашымайды дейсіңдер ме? Дайындалып келген үкімге қол қоямыз. Біз қоймасақ, басқаға қойдыртады. Олжас жіберсе – сенемін. Бұл орайда Олжаспен пікір алысып едік. Сонда бір адам жіберемін деген. Қазір «Алаш» қайраткерлерінің тергеу ісін қарап жатырмыз. Онымен Жоғары соттың мүшесі Қазыхан Кенжебаев айналысып отыр. Сонымен бірігіп өзіңе керекті деректермен таныс. Бізге де кеңес бер»,– деді. Қазыханды шақырды. Жарқын амандастық. Екеуміздің қатар оқығанымызды және оның келіншегі Гүлнар Сейітбекқызы мен менің әйелім Әмина Сейітқызының кластас екенін білген соң: «Ендеше күнде таңертең сағат оннан бастап келіп менің бөлмеме отыр. Сағат үште босат. Қалғанын Қазыхан ұйымдастырады»,– деді. Сөйтіп, «Ұраным – Алаш!..», «Алаш қозғалысы – Движение алаш» атты үштағандарға (жиыны алты том) пайдаланылған деректердің алғашқы көшірмелері Жоғары Соттың кеңсесінде түсіп еді. 1988 жылы көкек айында «Алашорданың» 14 мүшесінің азаматтығы ақталып, Қ.Кенжебаев дайындаған бір жарым беттік хат О.Сүлейменовтің атынан Г.В.Колбинге жолданды. Енді істің толық нәтижелі аяқталуы үшін «халықтық пікір» қажет еді. Біз, ең алдымен алаш қайраткерлерінің атынан жоғары жаққа хат ұйымдастыру қажет деп шештік.
Рухани әкеміз санайтын Ахаңның қызы – Шолпан Ахметқызы Байтұрсыновамен мені Бейсенбай Байғалиев марқұм архивтің оңаша бөлмесінде таныстырды. Әкесінің атын өзгертпей алып жүргенінің өзі сол тұста біз үшін құбылысты қасиет еді. Байыппен орашолақтау сөйлейтін мұңлы жанарына сондай бір махаббатпен сүйіне қарадым. Жоғары соттың алашордашыларды ақтаған шешімін (алғашында 14 адам ақталды) және оның анықтамасын көрсеткенімде көзінен мөлдірей моншақтап аққан жас тамшылар әлі де көз алдымда. Дауыс та шығармады. Үнсіз егілді. Енді жоғары жаққа олардың шығармашылығын ақтау туралы хат жазу қажеттігін, Жазушылар Одағы тарапынан Олжастың атынан ресми хаттың жолданғандығын айттым. Ол кісі үнсіз орынынан көтеріле берді... Кейін маған сол хаттың көшірмесін ұсынды. Сөйтсем, Гүлнар Міржақыпқызымен, архивтанушы тарихшы А.Игенбаевпен, А.Ижановпен ақылдасып, әкесіне қатысты сенімді деректерді жинастырып, осы хаттың негізінде заңсыз қысымға ұшырағандардың ісін қарайтын комиссияға қарата барынша байыпты хат жолдапты (Ол хат «Алаш қозғалысы – Движени алаш» атты үш томдық авторлық басылымның бірінші томында жарияладым).
Енді «Алашорда» қайраткерлерінің тергеу ісінде аты аталмаған Шәкәрім Құдайбердіұлының жеке басы мен шығармашылық мұраларын ақтаудың амалын қарастырдық. Өйткені, Шәкәрім Құдайбердиевті жоғары сот ақтайтындай еш ілік табылмады. Себебі, ол кісінің үстінен қылмыстық іс қозғалмаған, тергеу жүргізілмеген, сондықтан да сот үкімі шықпаған. Барлық айыптаулар Кеңқоныс пен Керегетастың арасындағы кезеңде таңға жуық оқыста оққа ұшқан қанды оқиғаны баяндауға құрылған Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің мұрағатындағы «Шәкәрімнің кеңес өкіметіне қарсы қарулы көтерілісті басқарғаны және бандыларды бастап аудан орталығына шабуыл жасауға бара жатқан кезінде алдына ала қойылған тосқауылдың барысындағы атыс кезінде оққа ұшқаны» туралы жергілікті жерден берілген жеделхаттар мен жазбаша түсініктер. Бұл мағлұматтардың барлығы қарулы көтерілісті жаныштауға бағытталған ерекше әскери жасақтың жазалау жорығы туралы есеп ретінде тіркелген. Ондағы оперативтік мәліметтерде: Бақанас пен Қарауылдағы кеңес өкіметіне қарсы ұйымдастырылған қарулы көтерілістің жетекшілерінің бірі Бердеш Әзімбаев пен ақынның ұлы Зият Шәкәрімұлының сол топтың ішінде болғаны, олардың қашып құтылып кеткені, қазір олардың Шығыс Түркістанда тұратыны жөніндегі барлау ақпараттары көрсетілген. Сондай-ақ, «аудандық ішкі істер жасағының командирі А.Қаражігітов пен Қауіпсіздік комитетінің Ш.Құдайбердіұлының кеңес үкіметіне қарсы қарулы көтерілісті ұйымдастырғанын, оның арнайы жасақпен атыс кезінде оққа ұшқанын растайтын» құпия құжатқа негізделген елінші жылдардың соңында, алпысыншы жылдардың басында Шәкәрімнің жеке басы мен шығармашылық мұраларын ақтау туралы құрылған Қазақстан Орталық партия комитетінің арнайы комиссиясының қорытындысы ғана бар. Комиссияның ол қорытындысына қол жеткізудің мүмкіндігі бізде болмады. Сол тұста ол мүмкін де емес еді.
Бұл тұйықтан амалын тауып шығу үшін Қазақстан Жазушылар одағының жанындағы «Ағалар алқасы» мен праволық комиссияның құрамындағы ардагер қаламгерлердің шағын тобымен пікір алысу өткізуді ұйғардық. Қойылатын мәселені ақынның шығармашылық жолына қарай бағыттау үшін шағын хабарлама жасау керек болды. Шындығын айтқанда, ақсақалдар мен әжелер өзара «қажы» деп қана атайтын Шәкәрім ақынның ұзына тағдыры маған таныс еді. Ақынның арғы атасы Ырғызбайдан тарайтын Сирақбай Досмағамбетов ақсақал 1966 жылы мені үйіне шақырып алып, қажының төрде ілулі тұрған суретін көрсетіп, ол суретті сол кездегі аудандық милиция бөлімшесінің күзетшісі Шәуеннің отқа өртеліп жатқан ақын қолжазбаларының ішінен байқатпай тығып алып, оны кейін Мұхтар Әуезовке бергенін айтып, араб қарпімен жазылған бір топ қолжазбаларды көрсетіп, оқып берді. Оның ішінде біраз өлеңдерімен қоса «Қоңыр атпен қоштасу», «Жолсыз жаза», «Айсұлу – Нартайлақ» атты дастандары болды. М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасымен таныс болғандықтан да әрі оның оқиғасын айтып беремін деп мектептен шеттеп қалғаным есіме түсіп, тек оқиға өткен жер өзіме жақсы таныс «Айсұлу-Нартайлақ» дастанын ғана алып, оны араб жазуын жақсы танитын мұғалима апайым Гүлбаран Самиеваға көшіртіп алдым (ол қолжазба дәптер қазір де бар). Ал «Қалқаман-Мамыр» қиссасын шопан Күмісбек Әбілақашев бабына келтіре жырлайтын. Кейін «Абыздың аңызы» атты шағын эссе жаздым. Ол «Лениншіл жас» газетінде 1971 жылы «Қиссашы шопан» деген атпен жарияланған еді. Сирақбай ақсақал бір жазда Шәкәрімнің қыстауын, Қодардың «Қаражартасын», Шақпақтағы «Шәкәрімнің тошаласын» көрстеіп, ол жерге белгі орнатып қайтқан. Содан бастап қажы туралы әңгімеге құлағым түрік жүретін болды. Соның ішінде ауылдағы ақжарқын, өзім жақсы көретін жылқышы Серікқазы Құрманов ағамыздың шешесі Жамал Ернбалина апа қажы туралы әңгімені мөлдірете айтушы еді. Сондағы: «Менің құдай қосқан қосағым қажыны сондай қадір тұтатын, қақ-соқпен ісі жоқ, біртоға адам еді. Бақанас бойын жақсы біледі. Мен жаңа ұзатылып келгем. Қажының ауылына, әсіресе, жастары мен балаларының күндізгі қылығына алыстан қызыға қараймыз. Өйткені олардың барлығы даланың түсі сияқты гүлді, түрлі түсті киім киіп, шөптің арасына ойнауға кіріп кеткенде, қайда кеткенін білмей қалатынбыз. Тек шөп пен бұта басының қимылдағанына қарап болжайтынбыз. Мұны: қажы аңшы емес пе. Аң-құсқа қалай көрінбеуді балаларына үйретіп жүр емес пе – дейтін үлкендер. Мойынсерікке жаңа кіргенбіз. Аудандық милиция өкілі келіп: бандыларды ұстайтын жасақ құрамыз – деп менің қосағымды қосып әкетті. Бұрын мылтық ұстап көрнмеген. Тек жасақтың қарасын көбейтіп, соңында жүріп отыруды біледі. Кімді аңдып жүргенін де айтпайды. Бір күні түнде Шақпаққа бет алады. Ол: «Тұман қалың, күн суық. Аттиарын қосақтап, бірн біріне ықтап ұйықтап қалады. Бір сәтте апыр-топыр боп, банды келіп қалды десіп, шуласып, мылтық атылды да кетті. Қырдың басына шыға келген бір адам: «Мен ақпын!» – деп айқайлап, қолын көтеріп бізге қарай жүрді. Сол кезде оқ тиіп, жерге құлады. Сақалы тобылғы, қарағанның басын шалып барып құлады. Бәрніміз таныдық. Ол – қажы екен. Сөйтіп, жазықсыз оқыста оққа ұшты. Жасаққа қаратып оқ атқан жоқ. Неге атылды, кім атылды десіп қалдық. Ақыры екіге бөліндік те бет-бетімізге тарап кеттік», – дейтін марқұм – деп Жамал апай маған әңгімелеп берген еді. «Бесігіңді түзе!..» атт роман-эссенің бірінші кітабі жазылып бітіп, «Еңлік-Кебектің» дастандық және пьесалық нұсқасы, «Қодар» дастанындағы өмір деректері талданып хатқа түскен кез еді. Соларға қоса «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Шәкәрімнің прототиптік сиптаты сараланып, Шәкәрімнің протипі Шұбар месе, бірінші – екінші кітапта Шәке, үшінші кітаптан бастап Дәрменге ауысқаны дәлелденген болатын. Біләл Ысқақұлы мен Арабтың қызы, Кәкітайдың тоқалы Бибіге қатысты даудан кейін «Алашорданың» бас биі қызметінен өз еркімен кеткендігі де сылтау етілді. «Дубровский» дастанынан мысал келтірілді. Ең соңында Шәкәрімнің елуінші жылдардың соңында «Қазақ әдебиетінде» жарияланған бір топ өлеңі, алпыс бір – алпыс екінші жылдары жарық көрген «Қазақ әндері» жинағындағы «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дейтін әні, жетпісінші жылдардың екінші жартысында М.Мағауиннің құрастыруымен Ленинградта басылған «Қазақ ақындары» жинағындағы өлеңдер топтамасының аудармасы назарға ұсынылды. Мұның өзі жинақтала келгенде тәп-тәуір ақтау материалы болып шықты. Бұл ретте Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиев ақсақалмен көп мәрте кездескедегі әңгімелер де еске алынды.
«Ағалар алқасындағы» бас қосу кезінде Ғалым Ахмедов дегдар 1957 жылы Шәкәрімнің шығармаларын ақтау туралы Жазущылар одағының орталыққа ұсыныс жасағаны туралы айтты. Архивке барып із шалғанымызда Ахат Құдайбердиев пен Ғабит Мүсіреповтің хаттары табылды. Мақсатына жете алмаған сол хаттардың мәтіні мынадай екен:
«ПРЕДСЕДАТЕЛЮ ПРЕЗИДИУМА ВЕРХОВНОГО СОВЕТА СОЮЗА ССР КЛИМЕНТУ ЕФРЕМОВИЧУ ВОРОШИЛОВУ
от учителя 70-школы колхоза имени Калинина Алма-Атинского района Алма-Атинской области Ахата Шакаримовича ХУДАЙБЕРДИЕВА
ПРОСЬБА
Я, сын казахского писателя, поэта Худайбердиева Шакарима, племянника основоположника казахской литературы просветителя Абая Кунанбаева.
Мой отец Шакарим после смерти своего отца Худайберды, старшего сына Кунанбая, с 7 лет воспитывался у Абая и благодаря его стараниям стал одним из образованных людей своего времени, хотя официально не обучался ни в каких учебных заведениях. В условиях кочевого быта казахского аула второй половины XIX века, будучи оторван от культурных центров, мой отец, под влиянием своего дяди Абая очень рано проявил интерес к русскому языку, к русской классической литературе, к отдельным представителям которой он до конца жизни питал глубокую симпатию. В частности великие творения А.С.Пушкина, Л.Н.Толстого – всегда вызывали у него чувство восторга и преклонения перед гениями русской и мировой литературы. В целях ознакомления казахского народа с русской литературой он перевел отдельные произведения Пушкина и Толстого на казахский язык, в частности «Дубровский» Пушкина был переведен им на казахский язык в стихотворной форме, так как именно такая форма в то время была обычной для народа, в подавляющем большинстве без грамотного и передававшего свои устные творения в виде стихотворных сказаний из поколения в поколение. «Дубровский» переводе моего отца нашел широкое распространение в степи и уже в Советское время, в 20-х годах, был издан в гор. Семипалатинске.
Мой отец немало уделял внимания и восточной литературе, в частности, он с подлинника читал произведения Физули, Хафиза и других классиков восточной литературы.
Трудно передать в немногих словах широту его духовных запросов, но тот факт, что им было написано философское произведение, посвященное Аристотелю, может до некоторой степени дать понятие о нем не только как о писателе, но и как незаурядном мыслителе. Именно эта сторона его интеллектуальной жизни сильнее сказались в старческие годы, когда он почти отшельником проживал один вдали от аула, от семьи и сородичей. В степи его знали не только как автора популярных поэм «Калкаман - Мамыр» «Енглик - Кебке», устной, форме распространившихся по всему центральному Казахстану, но и как композитора, автора ряда популярных мелодий. Пользуясь огромной популярностью в народе, он уже в преклонные годы, после установления Советской власти, одно время работал народным судьей. В конце 20-х годов в Казахстане создалась весьма сложная ситуация в результате перегибов лжеактивистов, в последствии понесших заслуженное наказание. В этот период в отдельных волостях Семипалатинской губерний имели место вспышки кулацких мятежей, которые увлекали за собой и некоторые отдельные слои трудового народа.
Желая использовать популярное в народе имя отца моего, кулацкие элементы немало прилагали усилии втянуть его в свое бандитское движение, но не добившись никаких результатов от него самого, стали натравливать на него близких ему людей. В результате всей этой сложной ситуации, мой отец 73-х летним стариком покинул свой аул и вместе со своим младшим сыном вынужден был находится в бегах. Застигнутый отрядом активистов в 1930 году, он получил смертельную рану и его имя в официальных документах стало склонятся как имя врага народа, любовью которого он пользовался всю жизнь.
Эта трагедия одного из недюжинных сыновей казахского народа заслуживает того, чтобы разобраться в действительности положении вещей и восстановить доброе имя одного из крупных писателей Казахстана, произведения которого сейчас преданы забвению.
Как единственный, оставшийся в живых сын Худайбердиева Шакарима, будучи глубоко уверен, что правда восторжествует в конце концов и справедливый суд народов вынесет свой оправдательный приговор. Я собирал как опубликованные, так и неопубликованные произведения своего отца, но они сейчас лежат у меня как архивный материал, тогда как могли быть достоянием народа и послужить великому делу культурного строительства наших дней. Мои слова, как слова сына, не могут служить показанием беспристрастного свидетеля, но глубокое убеждение в честности и локальности отца к советской власти заставляет меня просить Вас дать указание об объективном расследовании этого вопроса и восстановлении имени его как писателя.
(Худайбердиев)»
20./VII.1957. (ҚР ОММ, 1778 қор, 2 тізім, 255 іс, 4-5 бб).
Ахат Құдайбердиевтің бұл хаты Кремльден төмен қарай құлдилап, Қазақстан Орталық партия комитеті арқылы Жазушылар Одағына жолданыпты. Бұл мәселе жазушылар арасында талқыланып, оған сұрауға Жазушылар одағының сол кездегі бірінші хатшысы Ғабит Мүсіреповтің тарапынан мынадай жауап қайтарылыпты.
«ЦК КП КАЗАХСТАНА ТОВАРИЩУ РАХМАНОВУ А.
На Ваш запрос о поэте Шакариме Худайбердиеве сообщаем:
Известный поэт конца XIX и первых трех десятилетий ХХ века Шакарим Худайбердиев – выходец из крупной феодальной семьи (его отец был старшим сыном ага султана Кунанбая). Оставшись сиротой, он с 7 лет воспитывался в доме великого поэта Абая Кунанбаева, что во многом способствовало и развитию таланта Шакарима и оказало большое влияние на направление его творчества.
Рано овладев арабской грамотой, под благотворным руководством Абая Шакарим Худайбердиев усердно изучает творчество восточных поэтов и русских классиков и вскоре становится одним из образованных людей своего времени. Наряду со стихами, он пишет трактат по этике, религии, и истории казахского народа.
В своих стихах Ш.Худайбердиев воспевает честность, гуманность, справедливость, призывает к овладению знаниями, обличает жадных баев, невежественных мулл и чванливых чиновников. О широте интересов поэта говорит дажа краткий перечень названий его стихов «Ей, көп халық» («0, множестве народа»), «Адамшылық» («Человечность»), «Кәрілік туралы» («Песня о старости»), «Жастық туралы» («Песня молодости»), «Ашу мен ынсап» («Злость и сдержанность»), «Мақтау мен сөгіс («Похвала и хула»), «Мінеу мен күндеу» (Порицание и зависть») и др.
Ш.Худайбердиевым созданы широко известные поэмы «Калкаман-Мамыр», «Энлик-Кебек», «Нартайлак-Айсұлу» и повесть «Адиль-Мариям». В поэме «Энлик-Кебек» поэт впервые в казахской литературе рисует образ женщины, которая смело заявляет о своем праве на счастье и активно борется за свою свободу, бросает вызов старым обычаям. Стройность композиции, образность языка, новизна трактовки традиционной темы, обрисовка характеров главных героев – особо выделяет эту поэму, как шаг вперед в развитии жанра поэмы в казахской литературе.
Ш.Худайбердиев был горячим поклонником и популяризатором русской классической литератур. Он перевел на казахский язык повесть А.С.Пушкина «Дубровский» и его рассказ «Метель». Переведенные стихами, оба эти произведения в свое время пользовались большой популярностью среди читателей, Шакарим перевел некоторое произведения Л.Н.Толстого, а также произведения ряда восточных поэтов Фзули, Хожа Хафиза и др.
Несколько особняком стоит поэма «Лейли-Межнун». Шакарим считал ее переводом из Фзули. На самом деле это не простой перевод и даже не переложение сюжетов, ранее бытовавших у восточных народов, под названием «назира», а скорее оригинальная поэма на известный сюжет «Леили и Межнун».
Умело используя новаторские приемы Абая, внесенные им в форму казахского стиха, Ш.Худайбердиев несомненно внес известный вклад в казахскую литературу и в частности – в развитие жанра сюжетной поэмы.
Разумеется, в мировоззрении поэта встречаются противоречия, ограниченность, обусловленные сложной эпохой, в которой он жил и творил. Эти слабости особенно ясно видны в его философских, публицистических работах. Во многом Ш.Худайбердиев оставался на позициях просветительства, гуманизма и это получило свое отражение на его художественных произведениях.
Считаем, что сектор литературы Академии Наук Казахской ССР должен внимательно изучить творчество Ш.Худайбердиева, подготовить к изданию его лучшие произведения, а также принять меры к тому, чтобы его творчество вошло в курс истории литературы для Вузов и средних школ.
Лучшие произведения Ш.Худайбердиева заслуживают того, чтобы они стали достоянием широкого круга читателей.
Секретарь Правления Союза писателей КазахстанаМусрепов
1957 (ҚР ОММ, 1778 қор, 2 тізім, 255 іс, 7-9 бб)».
Әрине, бұл ұсыныстың жүзеге аспай қалғаны белгілі. Оның себептеріне бұл арада тоқталып жатпаймын.
Сөйтіп, тілге тиек табылды. Олжас ағамыз: «Енді Орталық комитетке өтініш жазатын және олар жауап қайтаратындай нақты адесі бар адам табыңдар», – деп тапсырма берді. Өкінішке орай Ахат ағамыз ол кезде марқұм болып кетіп еді. Ал Зияттың ұлы Мереке ағамыз Қапшағайдың құмында қойшы көрінеді. Нақты мекен-жайын табу үшін бір апта кетеді екен. Ахат ағаның ұлы Фзулидің Дәулет атты жас баласымен Алматыға қоныс аударған келіншегінің (атын есіме түсіре алмадым) некелік және мұрагерлік құжаттары толық расталмапты. Сол арада Талдықорған облысында тұратын Ғафур Шәкәрімұлының қызы Камила апайды тауып, телефон арқылы сөйлестік. Ол кісі ертеңінде келді. Комиссияның адвокаты Нұрғайша ханым өтінішті заңдастыра хатқа түсірді. Бір ызғарды сезгендей Қарағандыдағы Жайық Бектұров ағамызға мән-жайды түсіндіріп, мүмкін болса хат ұйымдастыруын, болмаса көзқарақты болуын өтіндім. Оның себебі де жоқ емес еді. Сонымен қатар сол кездегі журналистика факультетінің жоғары курс студенті Айгүл Рамазановаға Камилә апайдың естелігін хатқа түсіруді тапсырып, өзім ақпан айының ортасында Семейге жол тарттым. Бірден Абай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Хафиз Матаев ағамызға арнайы барып, Ш.Құдайбердіұлын ақтау туралы ардагерлер атынан хат ұйымдастыру үшін келгенімді айттым. Ол кісі бірден жауапкершілікті өз мойнына алып, бұл мәселенің әбден пісіп-жетілгенін, ардагерлер кеңесімен ақылдасатынын, хатты шұғыл түрде ұйымдастыратынын айтып, іске кірісіп кетті.
Мен Алматыға қайтып оралғаннан үш күннен кейін Орталық партия комитетіне Абай ауданының соғыс және еңбек ардагерлерінің Шәкәрімді ақтау туралы өтініш еткен хаты да келіп түсті. Ақын досым Төлеген Жанғалиевтің «Құр құдықтағы ақын» туралы толғауын «Жұлдыз» журналының кезекті санына шұғыл түрде салу туралы ұсынысымды бас редактор Бекежан Тілегенов ағамыз дереу қолдады. «Жұлдыз» журналы оқырманға жетіп үлгермей Қарағандыдан «кеңес өкіметінің қас дұшпаны Шәкәрімді ақтағалы жатырсыңдар ма. Төлеген Жанғалиевтің мына айтып отырған «құр құдықтағы ақыны» – Шәкәрім. Оның атын атап, шығармасын жариялауға Орталық комитеттің арнайы комиссиясы мен пен қауіпсіздік комитеті тиым салған болатын. Біз тіріміз. Оған жол бермейміз» – деген арыз түсті. Әрине, Жазушылар одағы мен «Жұлдызға» келген хат менің қолыма тиді. Ал жоғарыдағы праволық комиссия ұйымдастырған хаттар тиісті мекемелерге жолданған арыздардың алдын орап үлгерді. Оның үстіне Хафиз ағамыз аудандық партия комитетінің бюросында бұл мәселені нақты қойып, аудандық «Совхоз туы» газетінде ашық пікір алысуды бастап та жіберіпті. Сол хаттардың біразын маған өзімнің еңбек жолындағы ұстазым, байырға журналист Жағыпар Жүнісжанов ағамыз менің атыма жолдапты.
Міне, бұл хаттар – Олжас ағамыз айтқан «халықтық пікірдің» нағыз өзі еді. Сол «халық пікірі» Шәкәрім ақынның шығармашылық өмірінің алаш ардагерлерінен бұрын ақталуына шешуші себеп болды. Хафиз Матаев пен Жағыпар Жүнісжанов бастатқан ел ағаларына шын жүректен алғыс айта отырып, ол күндердің де тарихқа айналып бара жатқанын ескеріп, араға ширек ғасыр өткен соң барып сол бір хатты жариялауды жөн көрдім.
«Тұрсын қарағым, аман-есенсін бе, үй-іші, бала-шағаң аман ба?
Саған хат жазып отырған Жүнісжанов Жағыпар. Мені 1967 жылдан бастап білетін шығарсын деп ойлаймын. Өйткені мен редактор болып істеген кезімде сенің жазған мақалаларыңнан үміттеніп, ынталандыру мақсатында жиі-жиі «Совхоз туы» газетіне жариялап тұрдық. Сен сол үмітті ақтап қазір Қазақстанға белгілі жазушы болдың. Тақауда СССР жазушылар одағының материалынан фамилияңды оқып қуанып қалдым. Мен сені ылғи өзімнің туған ауылым – Сарғалдақтан шыққан азамат деп есептеп, іштартып, жақсы шығармаларыңа риза болып жүрем. Сен менің Мәден апам жөніңде бірнеше рет жаздың («Қаралы сұлу»). Ол кісі 1987 жылдың декабрь айында қайтыс болды. Алматыға барып жерлеуіне қатысып қайтқам.
Ал, осы хатты жазу себебім: сен Шәкәрімді жарыққа шығаруға тілектес болып, қолдан келген көмегіңді жасап жатқан көрінесін. Ғафиз Матаевичтің тапсыруымен мен «Совзох туы» газетінде Шәкәрімді жарыққа шығаруды талап еткен қоғамдық пікір ұйымдастырып жүрмін. Ондай пікір 5-6 нөмірге шығып та үлгерді. Дайындалған, әлі де шығуға тиісті материал да көп. Олар, редакциядағы жігіттер, «Совхоз туының» Шәкәрім жөнінде материал шыққан нөмірлерін саған беріп жіберіп тұрмақ болатын. Х.М. (Хафиз Матаевич) екі номерін бердім – деді.
Ал осы хатпен бірге «Совхоз туының» бір номерін және Оспанов Зейнелдің «Ашық хатын» жіберіп отырмын. Осыны Шәкәрім творчествосы мен өмірін зерттеп анықтау жөнінде құрылған комиссияға табыс етуіңізді сұраймын. Осы хат және «Совхоз туында» жарияланған материалдар Шәкәрімді ақтайтын документтер болып табылады. Егер соңына түсіп зерттейтің азамат болса, Шәкәрімді ақтайтын материалдар көп. Шәкәрім 1912 жылдарда Шақпақтан шошала салдырып, творчестволық жұмыспен алаңсыз шұғылдану үшін оңаша өмір сүруді кәсіп еткен. Ол өзінің «Қоңыр ат» деген шығармасында былай дейді ғой.
Жапанда жалғыз жаттым елден жырақ,
Ел іші болмаған соң маған тұрақ.
Жасымнан сүйген өмірім – онашалық
«Қартайып, алжып жүр ме?» – деме шырақ.
Шәкәрім оңаша өмір сүргені үшін орынсыз күдікке ұшырап, әділетсіздік пен надандықтың құрбаны болды. Оны өлтіргендер оған жала жапты, оған алдын ала тергеу жүрген жоқ, сот болған жоқ, беталды далаға апарып тастады. Генеральный прокурордың оны ақтаған қағазы бар.
Қайта құру, бетбұрыс, демократия, жариялылық рас болса, Шәкәрім жарыққа шығу керек. Біздің талап осы.
Жауап күтем, туысқандық сәлеммен Жағыпар Жүнісжанов
16.ІІІ.1988 жыл.
Оспанов Зейнелдің хатының түп нұсқасы бізде сақтаулы.
Ж.Жүнісжанов».
Шындығында да, нағыз «халықтық пікір» деген осы ғой. Ал Жағыпар ағамыздың жолдаған төмендегі «Ашық хатының» құндылығы тіпті ерекше еді (түпнұсқалық орфография сақталды):
«Қазақтың ғалым академиясына. Алма-ата қаласы.
Абай ауданы, Күлмен ауыл советі Сталин атындағы колхоз мүшесі – пенсионер Зейнел Алиасқарұлы Оспановтан
АШЫҚ ХАТ
1957 жылы сентябрь айында, қазақтың Ғалым Академиясының қызметкері (ұмытпасам) Исмайылов (Есмағамбет) деген жолдас, Абай ауданына келіп, Шәкерім Құдайбердиевтің шығармаларынан түрлі анықтама-мағлұматтар жинастырып жүргенінде менімен кездесіп, әңгімелесіп еді.
Мен Исмайылов жолдастың қолындағы документін көрген соң, Шәкерім жайында біздің ауданымызда әр кім әр түрлі аңыз құрастырып айтып жүргенін айтумен бірге, өзім білетін (жайларды), көргендерімді қысқаша жазып берген едім.
Мұнан кейін Семей облыстық Прокурорының заместителі Гришин жолдас екі рет жауап алды. Оған да Шәкерім жайында өзімнің білгенімді, көргенімді айтып, жауап берген едім.
Бірақ екінші жылға айналды, Шәкерім мәселесі ешбір хабарсыз кетіп барады. Мұны жазу себебім мынау:
Біріншіден: Шәкерімнің еңбектерін жинастырып, анықтауға қазақтың ғалым академиясынан келген жолдас Шәкерімнің еңбектері тексеріледі, жарыққа шығады – деген еді.
Екіншіден: Шәкерімнің 1931 жылғы өлімі жайында шындық жағдайды анықтау керек, сондықтан бұған көзі жететін адамдардан толық мәліметтер жинаймыз – деген еді.
Осыған қарағанда, Шәкерімнің еңбегін жарыққа шығаруды Ғылым Академиясы қажетсіз деп тапты ма, жоқ, Шәкерімнің өлімі жайында шерік ғасырдан кейін тексерген тергеу материалы дұрыс қорытынды шығара алмады ма – деген болжаудамын. Шәкерімнің еңбегі зерттеліп, қажетсіз деп табылса, менің жазуымды кініләмандар, ал тергеу мәселесі бөгет болған болса, әлі де бұл істі аяқсыз қалдырмай, шындыққа жету керек деп санап, сіздерге өз көріп-білетіндерімді жеткізбекпін.
Мен 1912 жылы Шыңғыстау (қазіргі Абай) ауданының, Қарауыл ауылында туып өстім. 1924 жылдан Совет мектебінде тәрбие алып, оқып, оқуды аяқтай алмай, 1930-жылы аудандық милиция мекемесіне қызметке орналастым.
Сол жылдан бастап өз ауданымда болған көптеген оқиғалардың куәсімін, барынша қанықпын. Өйткені 1936 жылдың ақырына дейін үздіксіз 6 жыл осы ауданда милиция органында қызметте болдым.
Сөз – Шәкерім турасында болғандықтан, осы жылдарды Шәкерім жайында не білетіндігіме тоқталмақпын. 1930 жылдың ақырында, 1931 жылдың басында бұрынғы Шыңғыстау ауданында жағдайсыз толқымалы әрекеттер шыға бастады. Бұл әрекеттің шығуына, сол жылдардағы «асыра сілтеудің» қателіктері себеп болса, сол қателіктерді байлар, құлақтар өз мақсатына пайдаланды, өйткені олардың жан беру алдындағы жанталасу сағаты еді.
Сана сезімі толық ашылмаған кейбір шараулар байлардың үгітіне ерді. Бірақ толқушылық жағдай бір-екі айда тынышталды. Оны ұйымдастырушылар ұсталып, тиісті жазаларын алды.
Бұл күндерде Шәкерім Құдайбердиев «Шақпақ» деген жерде жалғыз өзі аң аулаумен кәсіп етті.
Сол 1931 жылы қысты күні, біздің отрядымыздың шолушылары, өзі жоқта Шәкерімнің иесіз үйіне кез болып, жылынып, аздап ауқаттанып келген күні болды.
Шәкерімнің осы турасында астындағы атымен айтысқан өлеңі кейін де ел аузында айтылып жүрді.
1931 жылдың қысында, өсектен аулақ болу үшін Шәкерім ешкіммен байланыс жасамай, жалғыз өзінің елден бөлек кеткенін әңгіме етіп жүрдік. Шынында да Шәкерім 1931 жылғы толқушылыққа қатысқан жоқ еді.
1931 жылы 3 сентябрь күні 150 шамасындай кісі (бытыра мылтықпен, шиті мылтықпен, бірлі-жарлы винтовкамен қаруланған) ауданға шабуыл жасады, екі-үш сағат атыстан кейін ауданға шабуыл жасаушылардың быт-шыты шығарылды. Аудан аман сақталынып қалды. Ауданға шабуылға қатысты дегендер қамауға алына бастады, тұтқын болудан қашқандар үй семьяларын тастап кетіп қалды, кейбіреулері даланы паналай қашып жүрді.
Мұндай уақытта Шәкерімнің де өз басын сауғалап, қашқалақтап жүруі таңданарлық іс емес еді. Шәкерімнің басқа жаққа кетпей, Шыңғыстың тауларын паналап жүргенінен хабардар болған соң, 15 шамасындай кісі іздеуге аттандық.
Шәкерімдердің ізіне 10 – 15 күндей түстік. Октябрь айының бас кезінде «Керегетас» деген жерде, таң атып, күн шығып келе жатқан кезде Шәкерімдердің үстімізден түскенін бір-ақ білдік.
Күннің тұмандығы сондай 100 – 150 метр жердегіні әзер көретін едік, шырт ұйқыда жатып, нарядтағы қарулардың сигналымен шошып оянған отрядтағылар, ештемені болжай алмай сасқалақтап, мылтық атумен болдық. Бұл уақытта Шәкерім атының басын ешқайда бұрмай, қарсылық көрсетпей қарсы оқ атып абыржып жүрген жаяу отрядтағыларға қарсы келе жатты. Мұны мен (шындығында) Шәкерімнің берілу үшін келе жатқаны еді деп білемін. Бірақ отрядтағылардың әр қайсымыздың өз бетімізбен оқ атуымыздың салдарынан Шәкерімге оқ тиіп өлді. Біз аттарымызды тауып, қашып кеткендерін қуғанша (аттарды қуып жүріп ұстағанша), кімнің қайда кеткен ізтүзін де білмей қалдық.
Егер Шәкерім берілу үшін келе жатпаса, қасындағылар қалай құтылып кетсе, ол да солай құтылып кетпес пе еді.
«Ауданға шабуыл жасаймыз» – деп Шәкерімнен бата сұрап келгенде, оның бата бермей: «Қойындар, шығынға ұшырайсындар. Тараңдар» – дегеніне еліріп алғандар көнбеді» – дегенді 1948 жылы, сол жылдағы көтеріліске қатысқан Қасымбек Солтабаевтан ауызба-ауыз естігенім мынау.
Мұнда бір айтылатын жағдай мынау: 1947-жылы жоғарыда аталған Қасымбек Солтабаев ұсталады. Ол 1931 жылғы 3 сентябрьдегі шапқан елдің басқарушының бірі есебінде қылмысы көрсетіліп, тергеу жүргізіледі. Сондықтан да, бұрынғы Шыңғыстау (қазіргі Абай) ауданының сол жылдардағы жағдайларын біледі – деген көптеген адамдарынан жауап алынады. Олардың кейбіреулері «өлген арыстаннан, тірі тышқан» деп Қасымбек Солтабаевты ағарту (ақтау) мақсатымен, бар-жоқты өлген Шәкерімге үйіп төгеді. Енді Шәкерім туралы олардан жауап алса, түлкі бұлталаққа салады. Сондықтан тергеу орнының шындықты шешуіне қиындық кездесуі ғажап емес.
Жалғыз-ақ ескеретін жағдай мынау еді: Солтабаев туралы, кейін де Шәкәрім туралы жауап берушілер кімдер? Дәлді жағдайларды көзбен көріп, білгендер ме? Жоқ, орта жолдан ел аузындағы аңызды теріп: «Біздің ауыл осы жақта» – деп жауап беруші қулар ма?
Меніңше, көпшілік «қулар» шын жағдайды білмейтін, тек ел аузындағы аңызбен сөз құрағандар ма – деймін. Ал ішінде болып, бұлталақ жауап бергендер болса, «өлгенге – өлі дау» деп, расында шындықпен жетпегендер деп білемін. Не өз заңсыздықтарын бүркелеушілер. Сіздер бұл жағдайды қалай білдің дерсіздер. Ол орынды сұрақ. Біріншіден, мен өткен уақиғалардың басы-қасындағы куәсімін. Екіншіден, көп жыл бойы істегендіктен, теріс жұмысынан да хабарсыз емеспін. Үшіншіден, Шәкерім жайында сөз көтеріле бастағаннан, істің жәйі қалай шешілер екен, шындығына жетер ме екен – деп, хабардар болып отырмын.
Мен көп уақыт мынандай ойларға да келдім. Шәкерім жөнінде менің күйінді болғаным не? Маған келер пайда не? Көрдім деген көп сөз... Нем бар, осында – деп, талай рет жазған хатымды талай рет жыртып та тастадым. Бірақ, шындық, әділеттілік өз дәрежесінде шешілетін күнге жетіп отырғанда, болған шыңдық бұрмаланып, шыңдықты білетін куәлар өз бастарын қорғап, іс дұрыс шешілмеді ме – деген ой мені тынышсыздандырып, көзім көрген, білген шыңдық шыдатпай, осыны жазуға мәжбүр етті.
Болған уақиғалардың түйінді әсерлерінен қысқартып жазғандағым осы болды. Осы жағдайды анықтауға не айтасыздар, ол енді сіздерге байланысты.
Менің бұл хатымды алғандықтарыңыздан хабар етулеріңізді сұраймын.
Оспанов (подпись)
Менің адресім:
Семипалатинская область, Абайский район колхоз им.Сталина, с. Каскабулак.
Оспанов Зейнел Алиаскарович.
24 декабрь 1958».
Бұ хаттың соңына осы жазудың иесінің қолын және оның түпнұсқа екендігін растаған ауылдық кеңестің мөрі басылыпты. Шыншыл қарияның «Ашық хаты» Қазақстан Орталық комитететіндегі талқылау барысында айғақ ретінде пайдаланылды. Септігі де ерекше тиді. Сол үшін де Жағыпар ағамызға, сол деректі ол кісіге жинақтап беруге көмектескен М.Түңлікбаев ағамызға да мың да бір рахмет айтамын.
Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармаларының алаш ардагерлерінен бұрын ақталып, халыққа жедел жетуінің «халықтық жолы» осындай еді. Ал тағдырлы ақынның жазықсыз жазмыш жазасына ұшырауы туралы әңгіменің жөні бір басқа. Әзірше, осы бір «халықтық пікірді» қозғаушы ағалардың еңбегін кешігіп те болса көпшілікке жеткізуді парызым деп санадым. Өйткені, осындай шешуші пікір иелері туралы мағлұматтар Шәкәрімнің өміріне қатысты арнайы ұйымдастырылған басылымдардың назарынан тыс қалып келеді. Ақын тағдырына араша түскен адамдардың есімін естен шығару тектіліктің белгісі емес болса керек. Қайырын халықтың қалыс тілегі берсін.
Тұрсын ЖҰРТБАЙ,
филология ғылымдарының докторы,
профессор
«Түркістан». Ақпан.