Әбдікерім Мұратов, қырғыз жазушысыҰшақ көкпеңбек аспанда бір нүкте болып жап-жасыл теңіздің үстінен...
Алматыда QALAMDAS әдеби сыйлығының жеңімпаздары марапатталды
2022 жылдың 25 қыркүйегінде Ольга Маркованы еске алуға арналған Qalamdas әдеби сыйлығының бірінші маусымы жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімімен аяқталды.
1 наурыз бен 15 мамыр аралығында өтінім қабылдау кезінде Қазақстанның бірқатар өңірлерінен (Алматы, Астана, Көкшетау, Қарағанды, Павлодар, Петропавл, Тараз, Талдықорған, Өскемен, Шымкент қалаларынан және Ақмола, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан облыстарынан) байқауға 172 өтінім келіп түсті, соның ішінде 76 өтінім қазақ тілінде, 96 өтінім орыс тілінде болды.
1 шілдеде жарияланған ұзын тізімге 45 қазақтілді, 56 орыстілді автор және орыс пен ағылшын тілдерінен қазақшаға, қазақ пен ағылшын тілдерінен орысшаға аударатын 17 аудармашы енді. Атап өтетін жайт, әдеби сыйлықтың 20 үміткері ұзын тізімге екі-үш аталымы бойынша енді. Қысқа тізім 1 қыркүйекте жарияланды. Ақын-жазушылар, әдеби сыншылар мен аудармашылардан тұратын кәсіби қазылар алқасы 45 авторды таңдап алды (соның ішінде 19 қазақтілді, 20 орыстілді автор мен 6 аудармашы бар). 25 қыркүйекте Алматыда өткен марапаттау рәсімінде лауреаттар есімдері жария етілді. Жеңімпаздардың ішінде алматылық, астаналық, шымкенттік, көкшетаулық авторлар бар.
«Өтінімдер бізге бүкіл Қазақстаннан келіп түскені, ал жеңімпаздар төрт қаладан шыққаны екі тілде жазатын қазақстандық жас авторларды қолдауға бағытталған әдеби сыйлықтың мақсаттары пен міндеттеріне сәйкес келеді», – деді әдеби сыйлықты ұйымдастырушы және үйлестірушісі Ирина Гумыркина.
Байқаудың ашық пен әділ өтуі үшін үміткерлер ұзын және қысқа тізіміне анонимді түрде іріктелді. Сондықтан тіпті қазылар алқасының мүшелері де жеңімпаздар есімдерін тек марапаттау рәсімінде, марапат табысталар алдында білді.
«Бүгінгі таңда әдеби сыйлықтар ауадай қажет. Qalamdas байқауының ерекшелігі: барлық шығармалар анонимді түрде бағаланды, жеңімпаздар тек марапаттау рәсімінде белгілі болды. Бақылауға әр алуан тақырыпта, әр алуан мәнерде қазақша әрі орысша жазылған шығармалар келіп түсті. Жалпы байқауға түскен мәтіңдер қимасы әлемдік әдеби трендтерге сай келеді деуге болады», – деді қазылар алқасының төрайымы Орал Арукенова.
Кейбір жеңімпаздар үшін бұл алғашқы ірі жетістігі, оларға қанат бітіретін алғашқы марапаты.
«Тілі мен дүниетанымы бөлек әдебиетшілерді бір арнаға тоғыстырып, Qalamdas әдеби сыйлығы танылмаған таланттардың жарқ етіп шығуына мүмкіндік берді. Алғашқы қатысып отырған байқауымның әділ өткені мені қуантады. Мұндай әдеби байқаулар халтураның, әділетсіздіктің қолдаушысы болмауы керек, есесіне әдебиетті шын сүйетін нағыз таланттардың алға ұмтылуы үшін мотивация болуы қажет деп ойлаймын», – деді қазақ тіліндегі «Поэзия» аталымының жеңімпазы Жұлдыз Молдағалиева.
«Qalamdas әдеби сыйлығы маған ұнаған эссе аударуға ғана емес, оны көптен бері әдебиетпен айналысып келген қауымға көрсетуге де тамаша мүмкіндік берді. Мен байқауға ұсынған Элизабет Гилберттің шығармасы қазылардың көңілінен шыққанына қуаныштымын», – деп қосты орыс тіліндегі «Көркем аударма» аталымының жеңімпазы Юлия Губанова.
Ольга Маркованы еске алуға арналған Qalamdas әдеби сыйлығының жеңімпаздары (қазақ тілі):
«Проза» аталымындағы жеңімпазы Ануар Қошқарбаев, Алматы
«Поэзия» аталымындағы жеңімпазы Жұлдыз Молдағалиева, Алматы
«Балалар әдебиеті» аталымындағы жеңімпазы Айгерім Нұрмағамбетова, Көкшетау
«Әдеби сын» аталымындағы жеңімпазы Бақытбек Қадыр, Астана
«Көркем аударма» аталымындағы жеңімпазы Әсел Төлепберген, Алматы
Ольга Маркованы еске алуға арналған Qalamdas әдеби сыйлығының жеңімпаздары (орыс тілі):
«Проза» аталымындағы жеңімпазы Александр Селин, Алматы
«Поэзия» аталымындағы жеңімпазы Амангелді Рахметов, Шымкент
«Балалар әдебиеті» аталымындағы жеңімпазы Дамина Мұхитанова, Алматы
Әдеби сын» аталымындағы жеңімпаздары Людмила Сафронова, Эльмира Жанысбекова, Алматы
«Көркем аударма» аталымындағы жеңімпазы Юлия Губанова, Алматы
«Мусагет» қоғамдық қорының негізін салушы Ольга Маркованы еске алуға арналған Qalamdas әдеби сыйлығы Қазақстандағы АҚШ Дипломатиялық Миссиясы және «Шеврон» компаниясының Мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясында Алматылық ашық әдебиет мектебі мен қазақстандық «Дактиль» онлайн әдеби журналының ұйымдастыруымен құрылды. Әдеби сыйлық қазақ пен орыс тілдерінде жазатын дарынды қазақстандық авторларды қолдауға ғана емес, олардың алдағы бірлесіп өркендеуі үшін ортақ шығармашылық кеңістікті қалыптастыруға арналған. Сонымен қатар, әдеби сыйлықтың тағы бір мақсаты – Қазақстанда көркем аударма мен әдеби сынды қолдау және дамыту.
madeniportal.kz