Ақын Арман Әділбектің 7 өлеңі

ӘДЕБИЕТ
3530

Әлемнің үмітіне үрей туғызып, көңіліне қаяу түсіріп, жан әлемін құлазытып тұрған осынау пандемия кезінде "Мәдениет порталы" кішкене болсын жүректерге жылу сыйлағысы келеді. Осы мақсатпен портал ұжымы қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік орыны бар ақындарға сауын айтып, өздерінің көңілінен шығатын 7 өлеңін сұрап, жариялап келеді. Бұған дейін елге белгілі бір топ ақын өлеңдерін ұсынған болатын. Ақындарға алғысымыз шексіз!
Бүгін қазақ поэзиясының жас буын, жаңашыл ақыны - Арман Әділбектің 7 өлеңін ұсынамыз! Мархабат!

Ақын Арман ӘділбекАқын Арман ӘділбекКітап өртеуші

Кәдуелгі жолдар,
Кәдуелгі жандар,
Кәдуелгі қайшалысқан көлеңкелер.
Көз ұшында қарауытқан тау сұлбалары,
Түнге айланған рухы
Құрғап кеткен сары топырақтай үгіліп
Өз жүзін өзі жапқан дала.
…
Мен бүгін күз келгеніне Қураған шалғынды көргесін барып сенемін.
Қыс кеткеніне гүлдер ашылғанда барып сенемін.
Секундтардың табанында ұматылғаным сонша
Мен туғанда бірге туған Әлдебір жүдеу қорымның
қабырғаларын бұзып,
Тағанын қазғаным,
Тапқан олжаларым,
Аққан терім…
Жоқ,
Сәттер,
Сәттер меннен барлығын тартып алған сияқты.
…
Тоғыз жолдың торабы арбаған сол бір жанның
Ең соңында 
Тізесі қалтырап тұрып
Аспанға қол жая күңіренген үні құлағымда жаңғырып,
Кеудемдегі жұмақ пен тозақты алып
Орнына сиқырдай шүңет силаған нән елесті
Өзіммен қоса өмір сұру азабына салған
бала көңілімменің, 
Сол бала көңілімнің сарғайған сәті.
…
Бұл да анау ескі,
Һәм қарт келісімнің бірі болатын,
Түн сұлтанына кигізген нұрлы тәжінің мифінен есілген
Ұзыннан ұзақ шұбалған дар арқанына қадала қараған сәтім -
Адамзаттың ақыл- парасатын шексіз жеккөрген сәтім.
Мұхит ортасындағы жетім аралда 
Шөлден қажыған сәтім.
Дүниенің тарлығына көзім жеткен сәтім.
Дар арқанын өзімнің ескенімді мойындаған сәтім.
Тобығымды көмген
Оттай ыстық шаң-топырақта жатқан Көлеңкеме сәжде қылып
Жүзімді тас қиршықтарымен жуған сәтім,
– Қолыма қылыш алман!– деп ант берген сарбаздың
Құшағына қысқан тасының* қиршықтарына
Жүзімді жуған сәтім.
Аза білдіруге дәтім шыдамаған сәтім.
…
Кәдуелгі бағыттар,
Кәдуелгі бейнелер,
Кәдуелгі қабырғалар,
Кадуелгі сенімдер…
Күйреген,
Менімен бірге,
Сенімен бірге құлаған.
…
Жылы сөйлемдер,
ыстық лебіздер
Жүректерді шарап толы шарадай лыпылдатса,
Сол шараға құлаған сынық стрелканың жөнін кім ұғар,
Жолын кім сызар?
Мастықтан,
Мағынадан айыққан сөздердің бүлігінен шағылған күмбездер арасындағы құлазу-
Ата-анаңның сені жетімханадан бағып алғанын сезгендегі емсіз құлазу.
Хауананың құрсағына Ібіліс бітірген сол ұлдың,
сол ұлдың,
сол ұлдың …
…
Көз ұшында қарауытқан тау сұлбасы,
Түнге айланған рухы
қурап кеткен сары топырақтай үгіліп
Өз жүзін өзі жапқан дала.
Соның бәрін оқыстан көріп қалған жарықтық
қарсы алдында жымя қарап тұрған
Жаңа һәм 
Қарт келісімнің қолынан шарап ұрттаған.
Шарап уы оны қарғыс өртіне айландырған,
Қарғыс өрті–
Ол кітаптарға оқылған қарғыс дұғасы болатын.
…
Есіксіз алып сарай ішінде,
Бір бөлмеден бір бөлмеге өту үшін сарып болған ғасырлар-
Елеусыз қалған дәуірлер,
Ұмыт болған жылдар.
Ешбір сұраққа мизеп көрмеген ұлы үнсіздіктің құшағында мүлгіген мүсін төбесіне қонып-ұшқан,
қонып- ұшқан,
қонып- ұшқан құстар.
…
Кәдуелгі өрттің иісі.

*Ежелгі көшпенділер тасты Қорқыттың жеті кебінің бірі деп ұғып тасқа қарап ант ішкен. Мәселен, Қабанбай батыр жәйлі бір аңызда қолға түскен жұңғар жасақтарына тас құшақтатып ант алып қайтаратыны бар.

Бұлдыр көлеңке

Терезе Жақтауына сүйенді.
Жанары көктегі
От шалған сөздей бір жұлдыздармен түйісіп.
Мыңдаған жылдардың алдында
Осынау жұлдыздардың дәл осы қалпы Жылтылдап тұрғанына сенді.
…
Көшеге көз салды.
Адамдар жүрісін доғарған.
Жүз рет өртеседе жаны шықпайтын әлдебір ұлы тыйымның барын сезді.
…
Таңда ғана жанын шалқытқан жып-жылы ән сөзі
Қара шынжырдай зәр шашып ойына оралған.
Ызыңдай соққан самалдың
Епсіз тырнағы сыйпаған жүзін көтеріп,
Сұқ саусағын айға қадады
(қиялымен)
Жыбыр етті сосын еріні.
…
Терезенің Жақтауына сүйенген күйі
Қыбырсыз тұра берді,
Ғұдды бір мүсіндей сазарып.
…
Үкімін күткен күнәкардың жаурынын 
Мағынасыз көзімен қарып
Сұлап жатыр еденде
Бір көлеңке.
Бұлдыр.

Терезе

Ілкіде пердені жек көруші едім.
…
Ыстық, һәм дымқыл ауа терезеден ішке құйылуда,
Өкпемді керуде.
Ыстық, һәм жарық сәуле терезеден ішке құйылуда,
Жанарымды керуде.
…
Ілкіде пердені жек көруші едім.
…
Ауаға тұншықтым.
Жарыққа тұншықтым.
Тірідей қабырғаға жерленген күнәһар секілдімін.
…
Терезеден тек терезелер ғана көрінді.
Терезелер ғана,
Оның өзі ыстық ауада дірілдеп,
Аласапран жарық ішінде мұнартып тұрады.
Жылыстай алыстап бара жатады.
…
Ілкіде пердені жек көруші едім.
…
Көзімді жұмдым. 
Тас қараңғы,
Бұлдырап тағы терезе көрінді.
Пердесіз терезе,
Ішінде тұңғиық шүңет,
Мұздай суық шіріген ауа…
…
Терезелер маған қарап тұр.
…
Ілкіде пердені жек көруші едім.

ЖАПЫРАҚ ПЕН ЖАПЫРАҚТАР

Күз.
Жапырақтар талықси құлап жатыр,
жел олармен ойнағанды жақсы көретін,
Ұдайы,
Көктемде де…
Олардың да ең жақын досы жел еді.
Әне, енді оларды оятқысы келіп жан ұшырады,
Оятқысы келеді бір рет болса да.

Олар желдің құшағында соңғы рет тербеледі,
Соңғы рет сыбдырласады,
Соңғы рет құлайды,
Соңғы рет ұшады,
Соңғы рет күледі,
Соңғы рет құлазиды.
…
Олардың бәрі жалғыз,
Ешқашан қайталанбайды,
Біз сияқты бірـақ рет өмір сүреді.
…
Олар көп.
Келесі көктемде олардың орнына жаңа жапырақтар шығады.
Жаңа жапырақтар,
Бала жапырақтар…
Олар да күзде қурамақ,
Олар да соңғы сәттерін өткізбек.
Бірақ олардың соңғы сыбдыры,
Соңғы үні мынау жапырақтардікіне ұқсай ма екен деші?
…
Бұл бір азалы мезгіл екен,
Айналада қалқыған азалы күбірлер көзіңді жанай ұшады екен,
Көкірегіңді шимайлайды екен,
Қолыңнан жетелейді екен.
…
Көзімнің ішіне күз көшіп алған сияқты.
Көзімнің ішіне жапырақтар құлап жатқан сияқты,
Сұп-суық жапырақтар…
 
ТАЗҚҰМАЙ

Ұзын-сонар баспалдақтың төменгі жағынан
аяқ дыбысы білінеді әлдебіреудің
жеңіл һәм дәрменсіз басылған,
Мен оны аруақ деп ойламаймын.
Мен оны
тұйық,
қараңғы бөлменің бұрышында бүктетіліп жатқан біреудің
көкірегіне
ұялап алған тазқұмайдың үніне ұқсатамын.
Көзімді жұмсам болғаны
Көпір үстінде өртеніп жатқан көздер елестей береді,
елең-алаңда
бозарған белден асып
бұлттарға сіңген ескі аауылды
түнерген елесі сіңген көздер.
Көпірді кім салғаны жайлы ойланған да емеспін,
тек,
өртке оранған көздерден аққан тамшылардың
қаңсып қалған арнаға тамып жатқанын көремін.
Бағанағы ауылдың рухын көтеріп ұшқан тазқұмайлар
неге ұшпаққа емес,
қараңғы,
тұйық бөлменің бұрышында бүктетіліп жатқан
бейбақтың кеудесіне қарай ұша береді?
Аңызға сенетін адамдардың тұқымы құрығанымен,
ау, салынбаған суреттер,
жазылмаған өлеңдер,
сендер айтыңдаршы,
бұдан өткен қарғыс болар ма?…
…
Терезе бетін тырналаған жым-жырттықтың мұздай жымиысынан
қайсы бір данышпанның үңгірінде
лапылдай жанған алаудың шаттығы білінеді.
Сол алауды жындана айналған көбелектердің бірі
пойыз кейпіне еніп даланы айқыш-ұйқыш кескілеп жүргендей,
дала,
сен менің түсіме кірмейсің,
экрандардан көре-көре көңілім қалған.
Дала,
Мен
түсімде
Сенің құлпытасыңның
қараңғы,
тұйық бұрышында бүктетіліп жатқан біреудің сұлбасын ғана көремін.
…
Терезе сыртында тазқұмайлар қалықтай ұшып жүр.
Көктемнің ескілігі сонша
ұзын-сонар баспалдақтың төменгі жағынан
әлдененің күлімсі иісі еміс-еміс мұрынға ұрады.
…
Ал мен темекімді құшырлана сорып
құмайларға мұңая қарап отырмын,
Әне, олар көк тұңғиығына сүңгіп барады,
бұл, бәлкім, түсім шығар,
сонда да
Қанаттарынан себілген өлім ызғарының өзі қандай ыстық,
ол енді оны ешкімге бермейтін шығар,
Көздер өртенбейтін шығар.

Қандала

Бұл өлкеде адамдар әлі өмір сүреді.
Былжыраған балшық жолдармен
Езілген етігін сүйрете басып
Еріне кетіп бара жатады
Жаназадан қайтқандай тұнжырап.
Сен оларға әр жолы күн батқан сайын назар саласың.
Күн батқан сайын жаңбыр жауады,
Күн батқан сайын қабырғалардан қандалалар саудырай төгіледі.
Қандалалар – түннің қожасы іспетті,
Саған ең таныс жан иелері де осылар,
Сенің жүздеген,
Әлде, мыңдаған көңіл-күйің,
Шерің,
Шеменің,
Қалтарыстарда,
Бұрыштарда жайғасқан.
Ал, қабырғалар – орта ғасырдағы поптардың көлбіреген кенеп шапанының тозған еетег
Отқа салса жанбайтын,
Суға салса батпайтын.
Сен ші?
Сен әлі де сол баяғы подвалда
Өзіңді қараңғы түннің қанжардай суық сұрақтарымен байлап-матап
Бүктетіліп жатқан дәрменсіз үйкүшіксің.
…
Телевизормен аралығың ұш-ақ адым,
Тереземен аралығың үш-ақ адым.
Бұл үш-ақ адымды кейде үш ғасыр деп те атауға болады.
Терезеден салбыраған көлеңкелердің икемсіз сұлбасына қарап сурет салғың келеді,
Бірақ, бәрібір сенің ойыңды жан-жағыңда қайшалысып жүрген қандалалар тозған мешіттерге қарай тартады.
Қанға тойып алып кәннен-кәперсіз телевизордың бетінде кетіп бара жатқан біреуін кітаппен былш еткізіп өлтіресің де
Шірк иіс мүңкіген айналаңа қарап
Шарап пен жезөкше жәйлі ойлай бастайсың.
Иә, бұл өлкеде әлі де адамдар өмір сұреді.

…
Қарашы,
Әне, тағы да жаңбыр сіберлей бастады,
Терезеңе үңіле қарап тұрған қарғаға бірдеңе айтқың келмей ме?
Әлде, сенің осында қашаннан бері тапжылмай жатқаныңа қарап әлденеден дәмелене ме екен…
Оның қабырғаға түскен солғын көлеңкесіне қарап
Көшедегі жалғыз шырақтың әлі өшпегенін білуге болады.
Ал, ол шырақтың түбінде бір топ бұралқы ит әлденеге таласып ырылдасып жатқан болар.
Қандалалардың сылдырлай өрген думанды жүрісіне қарап
Түсіңе тағы да мидай былжыраған батпақ жол кіретінін болжайсың,
Сосын, қолыңа кірпіштей ауыр кітаптан біреу аласың да
Пешке саласың,
Одан шыққан жылуға маужырап
Сеспей қатып ұйқтауыңа болатынын қандалалар да біледі.
…
Бүл өлкеде қандалалар әлі де өмір сүреді,
Сен де өмір сүресің олармен бірге
Үш ғасырдың алдындағы шірік подвалда бүктетіліп жатып-ақ.

Шағала мен шөл

Тымырсық ауа,
Құм татыған жел,
Мидай жазық қян дала көгінде,
Шаңқиған күннің ыстығы қанатын қарып,
Бір шағала ұшып жүр.

Мұнда көл жоқ,
Мұнда өзен жоқ,
Айнала түгел сарғылтым іреңге бөгіп,
Мүлгіп қана жатады,
Қарғаның қарқылы,
Ұзақтың шуылы әлдилеп.
Өзегі қаңсып қалған байырғы арнаның бойында,
Қаңбақтай жеңіл бір түбірдің үстінде отырмын,
Топыраққа бұлыттың суретін салып.

Ау, шағала деп айғайлайтын сяқтымын,
Аузымнан басқа сөз шығатын сяқты,
Сосын,
Шағалаға жетпей-ақ қурап,
Үгіліп,
Ауаға сіңіп кететін сияқты.

Ау, шағала дейтін сяқтымын тағы
Іштей күбірлеп,
Күбірім күмілжіп келіп кеудемді соғатын сияқты,
Сол соққыдан мен де күлге айланып,
Қапырық желмен ілесе шашылып кеткен сияқтымын.

Тымырсық ауа,
Құм татыған жел,
Мидай жазық қиян дала көгінде
Шаңқиған күннің ыстығы қанатын қарып
Бір шағала ұшып жүр.
author

Арман Әділбекұлы

АҚЫН

Жаңалықтар

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі алтын, күміс, қорғасын, мырыш және басқа да қатты пайдалы қазба қ...

Спорт

Қазақстандық Шавкат Рахмонов пен ирландиялық Иан Гэрри арасындағы айқасқа екі аптадан сәл-ақ астам у...