Асхана. Төрде отырған қыз жанарын аударып, төңкеріп, жігіт атаулыны өзіне қаратып отыр. Бүлдірген ер...
Бөрілі байрақ туралы реквием
Бөрілі байрақ астында
Бөгеліп көрген жан емен.
Бөрідей жортып кеткенде,
Бөлініп қалған жан емен.
Сүйінбай,
Дешті Қыпшақ даласы,
Жетісу, XIX ғасыр
Ол — Отанының намысы мен рухы үшін жанын пида етуге әзір санаулылардың санатынан болатын.
Ол — намысын қалғытпаған, рухын таптатпаған қалың қолға жалғыз шапқан жаужүректердің қатарынан болатын.
Ол — жаманға жалынбаған, жақсыға табынбаған өзгеше жаратылған, Дешті Қыпшақ даласында еркін жортқан жалғыздардың тұяғынан болатын.
Ол — бітімі бөлек, ойы дара, ниеті ақ асылдардан болатын.
Ол — саналы жырау Сүйінбай Аронұлы бабамыз еді.
Жыраулар
жырлаған сертті сөздер, Дешті Қыпшақ даласының ар-ұжданы, қасиет борышы болып өмір кешкеніне ықылым замандар өткен.
Обал, Сауап, Борыш, Тағлым, Тағзым салтанат құрған, қазақ даласының мамыражай кезі көзден де, көңілден де ұшып кетіп жоғалған.
Дала цивилизациясы өркен жайған ғасырлар келмеске кеткен.
Қазақ халқын тобыр деп кемсіткен XIX ғасыр Дешті Қыпшақ даласына кәпір боп ентелей енген. Қазақтың ар-намысын қорлап, әні мен жырына тосқауыл қоймаққа әрекет жасауларын бір тоқтатпаған өткендегі Ресей патшалығы, кейінгі Кеңестер үкіметі, бүгінгі Ресей мемлекетінің көздегені бесенеден белгілі болатын.
Даласына ентелей енген сарысақалдыларды күтіп қана тұрғандай, қазақ ортасынан ойылып бір төбе озбыр-сатқындар бой көтерген.
Қазақ елінің арқасына тізе батырған, намысын талқандаған, ру тартысын үдеткен, бір руды бір руға қарсы қойып қанға бөктірген, барымтаға баулыған, араздық пен жаулықтың таусылмас отын маздатып жаққан сол озбыр-сатқындар, ел билеуші мәнсапқорлар, өзімшіл ақымақтар, дүмше молдалар болатын.
Сол озбыр-сатқындардың тұяқтары Дешті-Қыпшақ даласына қайтадан үдере көтеріліп, қазақтың соңғы қанын ішуге кіріскен. Бұл ұрпақтың, халқына арнаған сөздері де жалған, өздері де жалған, сынапша сырғанақ, желімше жабысқақ жеккөрінішті екі аяқтылар еді.
Жер жаһанды ауыздарында Құдай, қолдарында тапанша бар бөлек нәсіл басып келе жатқан. Сол бөлек нәсілге, қазақ ортасынан шыққан озбыр сатқындар да еркін қосылып жүре берген.
Оларда ұлт жоқ. Тіл жоқ. Олар қорқау құсап бір- бірін көздерінен ұғатын. Бір-бірін ымдарынан танитын. Олар өткен жерде түк қалмайтын. Үйткені, нені болса да түгімен жұтып жүре беруге дағдыланған. Ақырзаманның 21 белгісі болса, соның бірі осы озбыр-сатқындар болатын. Пәтуаға келмейтін, бойларына мейірім қонбаған қанқұйлы, өзімшіл топ, жер-жаһанда ғұмыр кешіп жатқан адамзаттың атаусыз жауы еді.
Олар өз халқын татымсыз тобыр деп таныды. Өз халқын бір үйір жылқы, бір табын сиыр, бір қотан қой құрлы көрмеді. Үйірді жалғыз ғана үйір басшысы басқарады. Пайданы да жалғыз көреді. Ие де өзі, жауыз да өзі. Бүкіл Дешті Қыпшақтың ендігі иесі де сол жалғыз. Адамға да иелік ететін Сол. Құдайды жолға қоятын да Сол.
Жауыз.
Сайтан.
Жемір.
Оның өзі де тойымсыз, оны мәпелей көтерген қасындағы жендеттері де тойымсыз. Олар өздерінің не істеп жүргендерін де білмеді. Құдайсыз істерді өршіте берді.
Қазақ даласын қандалаша сорған сол бассыздарға, өткеннің өршіл жырауларының сарқытындай болған Сүйінбай жырау жырдың алмас қылышындай жарқылдап қарсы шапқан.
Ел қадірін білмейсің,
Төремін деп мастанып,
Бұқараңа қас қылдың.
Жарлының ұрлап жалғызын,
Шығармай қырға аш қылдың.
Хан емессің, қиықсың,
Қалың елді айдап жеп,
Теріңе зорға сыйыпсың.
Ұры, қары, залымның
Жаныңа бәрін жиыпсың.
Жанға жауап бермейтін,
Дүлей-мылқау сияқты
Қиял-мінез тұйықсың.
Дүниені жұтса тоймайтын,
Түпсіз жатқан ұйықсың.
Қадірің жоқ халыққа,
Аққан судай сұйықсың.
Судан да сусын қанады,
Оппа балшық сықылды,
Жұтқыш ылай былықсың!
Бұл заманда хан болдың,
Елге жүріп әкімің,
Өзің бір жеке заң болдың.
«Айтқаным менің болсын», — деп,
Масаттанып паң болдың.
Өнерің —ұрлық-зорлықпен,
Бұқараға сор болдың.
Рұқсатсыз жан кірмес,
Есігің елге тар болды.
Рұқсатсыз кіргеннің
Тоғыз кесіп мойнына,
Одан да олжа табасың.
Ақысы үшін нашардың,
Тартып жүрме жазасын.
Мойныңа түскен айыптан,
Төрем-ау, қайтіп танасың?!
Тезек
төре ұлы жүздің XIX ғасырдағы белді аға сұлтаны, Абылай ханның тума ұрпағы еді. Ұлы жүзді ашсам алақанымда, жұмсам жұдырығымда ұстаймын деп дүркіреген төренің өзі болатын. Ол үшін халықтың мұқтажы да, мұңы да түкке тұрмайтын. Бұл Тезек төренің ғана саясаты емес, қазақ даласындағы барлық ел басыларының әрекеті болатын. Өз халқын өзі жейтін, жәбір көрсететін ел басылары еді. Сол ел басыларының сатқындығы мен қатыгез һарамдығының арқасында асқан білім иесі ШоқанУалиханов болыстыққа өте алмады. Қазақ ортасына Шоқанның керегі болмады. Қазақтарды өз топастары басқаруы керек болатын. Халық қандай болса, сондай басшысы болады, деген сөз өмірге ерте ғасырлардан жеткенін ұмытпаған абзал.
Хан Тезек, байлығыңа бас ұрмаймын,
Мен бірақ көргенімді жасырмаймын,
Шын дертім ұстап кетсе айнымалы,
Басымнан ұшқан құсты асырмаймын,
Төресің қанды қанға құйып жүрген.
Құдай сүйер бойыңда қылығың жоқ,
Қазаққа қайтіп басың сиып жүрген.
Албан, Дулат, Шапырашты ел емес пе,
Ел деген шалқып жатқан көл емес пе!
Көл толқыса көбігін кетер басып,
Төре сайтан болғанда, көк періште —
Бір сайтанды қаққан да пері емес пе?!
Бұл Қазақ даласына Ресей патшасы мен Қоқан хандығы бірге иелік еткен кез еді. Қоқан хандығы қазақтар мен қырғыздарды жиырма жыл бойы қорлықта ұстады. Қазақтың озбыр-сатқындары сол кезде де, халықтың рухын жаншып, қазақты құлшылыққа көмбістікке шақырған. Қоқан хандығын біз жеңе алмаймыз, деп екіжүзділік пен опасыздыққа белшесінен батқан ел басылары дәрменсіздік көрсеткен.
Сайтан
ел басылары елін халық болуға, Отанын сүюге баулымады. Намысы мен рухын ұран салып көтермеді. Жанына тыныштық тілеп, қарынның тоқтығын ғана ойлаған ел басылары, өмір бойы байлық базарында қалатындай күй кешті. Сонан да олар, ру-ру болып ұрысқан елдерін халық болуға емес, құл болуға үндеді. Сол құлдықтан төрт ғасыр өтсе де қазақ әлі құтылған жоқ. XIX ғасырда тағдырларын Қоқанның алтыны мен Ресейдің таба нандай ақшасына, кеудеге қадаған қызыл-жасыл теміріне сатқан елбасылары, атқамінерлері, озбыр-сатқындары өз-өздерін өлмейтіндей көрген. Қара жерге табан тіреп, мәңгі өмір сүруді арман еткен. Халқының амандығын емес, қара бастарының амандығын күйттеген. Бұ дүниеге жалаңаш келген пенде, о дүниеге де жалаңаш аттанатынын ойламаған. Оларға қара халық өлетін, ал елбасылары өлмейтіндей болып көрінген.
Дәл сол кезде, Жетісу елінің рухы мен намысын айбарлата көтерген тағы да Сүйінбай жырау болатын.
Батыс өлкеде өлмес Махамбет бар еді.
Басқа ақындар елбасылардың көтіне кіруден әрі аспаған. Сонан да олардың есімдері ел есінде қалмаған. Жұртын сатып елбасылардың құйыршығы болған ақын ақын ба екен? Ол бейбақтар қанша кеуіп-піссе де сайтан ғой.
Елінің жүрегін ерлері ғана елжіретеді.
Солар ғана рухын тіктейді.
Шапыраштының туының астында Сүйінбай баба жыр жүгіртеді.
Ұран жыр.
Егес жыр.
Отанын ардақтаған намыс жыры.
Опасыздық пен екіжүзділікке қарсы жүзі қайырылмайтын алмас жыр.
Бөрілі байрақ астында
Бөгеліп көрген жан емен.
Бөрідей жортып кеткенде
Бөлініп қалған жан емен
Жау тисе жаһан далада,
Бөрілі найза атамыз
Қарасайлап шабамыз
Қызыл қанға батамыз.
Бөрілі байрақ астында
Ту түсіріп жау алған
Қазыбек, Қастек атамыз.
Дәл осы ұран жыр қазақ батырларының көзсіз ерлігін Отанға деген шексіз адалдығы мен махаббатын жырлаған асқақ реквием.
Жоңғар басқыншыларын жоңғар қақпасына тығып Дешті Қыпшақ елін жаудан азат еткенде;
Беліне садақ байланып,
Алмас қылыш асынған.
Қол үзілмей қасынан,
Дулыға кетпей басынан,
Құрсанған жаудың әскерін
Қуып еді Қарасай
Жоңғардың қақпа тасынан —
деп Сүйінбай бабамыз тағы бір жасын жырын төгіп еді-ау!
Жоңғар басқыншыларын талқандаған қазақ батырларының қалың бір легін асау жырына қосқан.
Қайран қасиетті батырлар-ай!.. Біз сіздердің рухтарыңызды еске алдық; Абылай, Қабанбай, Бөгенбай, Қарасай, Олжабай, Арқалық, Жетіген бабаларымыздың Аруақтарына бас идік.
Ата баба жерін жау атының табаны таптағанда намысқа басқан батырлар тізе тіресіп жауға қарсы шапқан; Дешті Қыпшақ даласында тұңғыш рет қазақ қазақ болғалы батырлары бас қосқаны осы еді.
Қайтып қазақ батырларының басы қосылған емес. Қайтып Қазақ ұсақ тайпалық жан шақырудан ары аса алмаған. Батырлары төрт ғасыр жатырда жатқан жалғыз халық қазақ халқы. Бұл да қазақтың еті түгілі сүйегінен өтіп кеткен жазылмайтын жан жарасы болатын.
Адам
жер жаһанға адамға жақсылық жасау үшін, жан-жүрегіне мейірім, сүйіспеншілік, махаббат отын жағу үшін келген. Адамда онан өзге миссия да жоқ. Бұл дүниені сақтайтын сұлулық қана екенін түркі жыраулары сонау II-III ғасырларда жырлап кеткен.
Заман, заман дегенде,
Заманға қожа Адам ғой.
Наразы болсаң заманға
Бар кінәні соған қой.
дейді XIX ғасырда Сүйінбай жырау.
Мынау XXI ғасырда да Адамның Адам болып қалуы басты жаһан сұрағы. Дұрысы тілегі болар.
Сүйінбай бабамыздың еркін, асқақ жырларына, ой мен философияға толы толғау сарындары өзгеше өң береді. Өмірінің соңында Алып таудың бөктерінде қоныс теуіп жалғыздық атты әлемге еркін енген кезінде, терең тынысты ой қатпарлары өлеңдеріне ерекше мән-мағына артады. Ақынның қызғанышы жоқ, өкпесі жоқ, наз бен базына ғана бар ыстық жүрегінің ықыласты тілеуі халқының бақытына бой сұнады. Оның ендігі арманы, қазақ халқының кең тыныс алып, бақытқа қол жеткізуі ғана. Ақын көңілінде өзге ниет те жоқ болатын
Жақсы жігіт сөзіне тақ тұрады,
Қыранның қырдан байқар баласындай.
Жақсы парқы жаманмен бірдей емес,
Жақсы жігіт сенсең тонның жағасындай.
Нышаны кең болса да адалдықтың,
Әркім жүр жақсымын деп таласып-ай.
Жамандар өтірікші, өсегі көп,
Ел-жұрттың іріткі салар арасына-ай.
Не айтса да тура айтатын, көздеген ойдың көзін айқара ашатын, алып жырау бұ дүниеде ешнәрседен қаймыққан емес. Айтатын сөзге іркілмей, шындықты шырқырата айтуға дағдыланған жырау ешқашан ақиқаттың айылын жимады.
Ақиқат, жыраудың өнер кредосы, азаматтық белгісі, адамдық жолы болып қалыптасқан, һәм тағдыры болып көк аспанның астында дүниеге бой түзеген. Сол тағдыр тартуынан алып жырау бір сәтке де тайқыған емес.
Сүйінбай тағдыры — жыры, жыры — тағдыры болып дүние кешкен; сол Сүйінбай Дешті-Қыпшақтың сайыпқыран жырауларының топ жарған үркердей тобынан болатын. Бұлардың тағдыры, бәйге атының ғұмырындай қуаныш пен қайғыға, бәсеке мен ерлікке, егес пен мейірімге толы еді. Бұлардың өмірі байлық пен мерекеге толы болды деп ешкім айта алмас. Әлемнің озық өнер адамдарының арасында дәулеті өзіне де, өзгеге де жеткен тұлғалар саусақпен санарлық қана. Лев Толстой, Абай, Тургенев одан ары ойлануға тура келеді. Бірақ, сол ғажайып жаны бай, ниеті өлшеусіз, арманы аласармаған тұлғалар алыптар тобынан болатын.
Ақын боп, жиырмада желдей болдым,
Отызда асқар биік белдей болдым.
Отыз асып, қырыққа келгенімде
Қаптаған жердің жүзін селдей болдым.
Қырықтан асып, елуге келгенімде
Қамысты, түбі терең көлдей болдым.
Өршіл жырау Сүйінбай сексенге келген шағында да, санасы сергектігінен, жаны жомарттығынан, жүрегі қызу қанды жырынан ажырамаған.
Айтыс
өнерінің алтын діңгегі Сүйінбай деп толғанған Мұхтар Әуезовтің сөзі кәусар судай шындықпен суарылған. Қырғыз ақыны Қатаған мен Сүйінбайдың айтысы XIX ғасырдағы ірі, мәні жоғары, ойы терең, арманы биік айтыстар қатарына жатады.
Қатаған қырғыздың бай манаптарын, хандарын мақтайды. Сүйінбай болса, қашанда адам жағында, оның жыр алаңы Адам, адамның жүрегі мен жаны... Ең терең сыр, ең баға жетпес шындық алаңы адамның ішкі ойы, қалтарыс қалысы, тылсым қозғалысы, сана тебіренісі.
Қатаған сөйлейді:
Сүйінбай, тоқтат сөзіңді,
Ояйын ба көзіңді?!
Ақынмын деп ойлайсың
Мен тұрғанда өзіңді.
Сыртыңнан іздеп жүруші ем,
Келтірді құдай кезіңді
Тырнағыма іліндің,
Күтірлетіп шайнайын,
Қыбырлаған жеріңді.
Орман батыр көсемім,
Қырғыз бенен қазаққа,
Сөз бермеген шешенім,
Қарабек ұлы хан Жантай.
Орман елге тізесі батқан ірі бай, шоң манап. Ол қырық сегіз жасында (1840 жылы) хан атанған. Орман ханды халық батыры Қылыш найзамен шаншып өлтірген.
Жантай хан алпыс бес кедей малшыны ат бәйгесіне байлаған. Қатаған ақынның мақтаған адамдарының сұр-сипаты осы еді.
Ал Сүйінбай жыры өзгеше қиырға анталайды, жыр өрнегі адамгершілік, ынтымақ, махаббат. Рух биіктігі. Адалдық кеңдігі.
Бәйге атындай көсілсем
Көре алмассың шаңымды.
Қызып тұрған темірге
Қатаған келіп қарылды.
Менен қашан алып ең
Кегің менен арыңды.
Қабағын шытса Сүйінбай,
Тарту қылып бересің
Қойныңдағы жарыңды.
Қазақ халқының бойындағы қадір-қасиетті, гуманистік кредоны Сүйінбай бабам жырлайды-ай келіп!..
Былай барсаң Албаным,
Албанымды қозғасам,
Саған түсер салмағым.
Бойыңда қалмас иманың.
. . . . . . . . . . . . .
Шапырашты елім бар,
Асқар таудай белім бар.
. . . . . . . . . . . . .
Дулаттан туған төрт бала
Жердің жүзін жасырды.
Ерегіскен дұшпаны
Алдына келіп бас ұрды.
Дулаттан туған Сиқымым,
Сиқымымды қозғасам,
Басыңа салар қиқуын.
Былай қашсаң Ботбайым,
Күйдіремін шоқтайын.
. . . . . . . . . . . . .
Мұнымен жалғас Жанысым,
Жанысымды қозғасам,
Жанып кетер қамысың!
. . . . . . . . . . . . .
Тағы, тағы айтайын,
Алыстан орап қайтайын.
Былай барсаң Найманым,
Құлашты кең жайғаным.
Найманымнан қозғасам,
Пана болмас жиғаның.
. . . . . . . . . . . . .
Анау жатқан — Арғыным,
Арғыным атқа қонғанда,
Басыңнан аттап қарғыдым.
Арғын деген сансыз ел,
Мекен еткен қоныс қып,
Дүниенің жарымын.
Ешкім басып көрген жоқ
Бұлардың қарқын, арынын!
Жерге кіріп кетерсің,
Олардың бассаң тамырын.
. . . . . . . . . . . . .
Одан былай орайын,
Тобықтыға барайын.
Байлық десең сол елде,
Барыңды әкеп салсаң да,
Көре алмайсың маңайын.
. . . . . . . . . . . . .
Еділ, Жайық — екі су,
Сырдарияның саласы.
Арасында сол жердің
Кіші жүздің баласы.
. . . . . . . . . . . . .
Еділ, Жайық — екі су,
Сырдарияның саласы.
Арасында сол жердің
Кіші жүздің баласы.
. . . . . . . . . . . . .
Он екі ата Байұлы,
Жеті аталы — Жеті ру,
Әлім менен Шөмекей,
Халқымның еді жағасы!
. . . . . . . . . . . . .
Былай барсаң Қаңлым бар.
Қаңлым келсе өзіңе,
Бет-аузыңды қан қылар,
Кең дүниеңді тар қылар!
Қойныңдағы жарыңды
Тартып алып зар қылар.
Қазақты жинап алғанда,
Тоқсан екі ұлы бар,
Қыпшағымды айтайын.
Тоқсан баулы Қоңыратты
Әңгіме ғып қозғасам,
Жүре алмассың жалғанда!
Күнің қандай болады
Ноғайлыға барғанда?!
Ноғайлыға қосымша
Тағы бар жалғас Тамасы.
Батыр болсаң, кәнеки,
Бетіме тура қарашы!
. . . . . . . . . . . . .
Келтірді Құдай кезіңді.
Қозғалма енді, Қатаған,
Оярмын екі көзіңді!
Мен бір емен ағашпын
Білесе де сынбаймын!
Алдаспанға жолықтың
Түбіңе жетпей тынбаймын!
Осы бір үлкен, кең тынысты айтыста, Сүйінбай қазақ деген халқының мейірімді көңілі, адамгершілікке толы жүрек жылуымен мақтанады.
Соншама алып жерге ие болған, батыр халқының кеңдігі мен биіктігін сөз етеді. Үш жүздің әр руы мен әр ауылының сырға толы, батырлыққа толы өмір тынысын саралайды. Елдік пен бірлікке толы қазақ ғұрпын қырғыздың алдына тартады. Алоотауы бар, Ыстық көлі бар, ержүрек қырғыз халқы, қазақ жырауы Сүйінбайдың адалдық пен алғырлыққа, ең бастысы ақиқатты екі ел алдына тартқан санасына риза болады. Отты жырына алғысын білдіреді.
Қазақ халқының бойындағы адалдықты, адамдықты, Сүйінбайдай жырлаған жыршы жоқ. Сүйінбайдың сөздері ертедегі грек философтарының теңдессіз дария ақыл ойларымен ұштасып жатады. Сүйінбайдың сөздері қарапайым, ал сол сөздердің қалқаны болған ойлары қандай кең, биік.
Еш адам баласына қастық ойламаған халық көрдіңіз бе?
Еш халықтың бостандығына қатер төндірмеген халық көрдіңіз бе?
Өзгенің жерін жауламаған, жесірін қорламаған халық көрдіңіз бе?
Көрген жоқпысыз?!.
Онда көріңіз!
Ол — Қазақ Халқы!
Қазақстан Республикасында халықтар Ассамблеясы құрылды. Оны құрған үкімет. Президент билігі. Халық емес.
Қазақ халқына халықтар Ассамблеясының түкке де керегі жоқ. Өзгеге өкпесі жоқ, өштігі жоқ, қызғанышы жоқ қазақ халқына Ассамблея не тәйірі, Құдай-ау?.. Ол саясаткерлерге, ел басыларына керек болуы мүмкін.
Қазақтың гуманистік болмыс-бітімін қазақтар V—VIII ғасырларда жырауларының жырымен-ақ жеткізген.
Мейіз
сұлуды, екі тазыны, бір бүркітті, алтын бесікті, қырғыз-қазақтың айтулы айтысында ұтқан Сүйінбай Ыстық көлді жағалап Алатауға бет бұрған.
Сол кезде сұлу Мейіз қыз:
— Көгілдір көлдің шетіне жеттік. Енді қазақтың елі мен жеріне аяқ тірейміз. Ыстық көліммен қоштасайын, деп тілек айтады.
Сүйінбай бастаған топ тоқтайды. Ыстық көлдің салқын көгілдір суына жұрт беті-қолдарын жуады. Көбі жалаңаштанып алып суға секіреді. Көл жағасына қой сойылып, ас көтеріледі.
Сүйінбай Мейіз сұлуды шақыртқанда, жас қыз ұяла басып, атақты жыраудың қасына тақап келіп, тізесін иіп басын төмен салады. Бұл тәрбие көрген жастың инабатты ізеті болатын. Мейіз басын әнтек көтергенде, жырау жас сұлуға риза көңілмен сүйсіне қарайды. Қыздың аласы мол үлкен қара көзіндегі үйірілген мұңды, көз жасынан сәл ісіңкіреген оң қабағын жырау байқап қалады. Туған жермен қоштасу, өзге бөтен елге мәңгіге сапар шегу, белгісіз қазақ жырауына үшінші ме, төртінші ме қатын болу өрімдей қызға ауыр сынақ болатын. Мейіздің жол бойы басы қатқан, не істеуге білмей дал болып ат үстінде құр сүлбесі келе жатыр еді.
Сүйінбай жырау қасына ерген топтың барлығын дастархан басына шақырады. Мейіз сұлуға қасынан орын береді.
— Ыстық көлдің жағасында қырғыз елімен қоштасып отырмын. Екі елдің араздасқан, өкпелескен кезі ұзақ ғұмырда аз болмаса керек, бірақ біздер ешқашан жауласқан емеспіз. — деп Сүйінбай сөз бастады — жаны бір, ниеті бір, тілегі бір түрік тілдес егіз халықпыз. Кезінде қазақ, қырғыз, өзбек, түрік деген бөлісу болмаған. Дешті Қыпшақ даласын түркі тілдес қабырғалы ел жайлаған. Біздің даланың төрімен Жібек жолы өткен. Жібек жолы — біз үшін мәдениет жолы, салт-дәстүр жолы, бәріміз үшін өмір жолы болып саналған. Жібек жолы — Дешті Қыпшақ даласының қызыл қаны жүйіткіген күре тамыры болатын. Біз соны ұмытпауымыз керек. Мейізжан күндей күлкіңнен айналдым, мен бастаған аз ғана қолдың көшінің сәнін сенің шолпыңның сылдыры келтіргенін тірімде ұмытпаспын. Аз күнгі сапарда бізді күн болып шуағыңа бөлеп жадыраттың, ай болып алысты жақындатып жолымызды сәулеге толтырдың Мейіз жан. Мен саған бостандық силадым, еліңе орал, сұлу қыз. Сенің ендігі атақ-абыройың қырғыздың сұлуы, Сүйінбайдың қарындасы болсын, Мейіз жан!
Нағыз Жырау, нағыз Адам Сүйінбай, Мейізді құшағына басып, қара жорға атқа отырғызып еліне қарай шығарып салады.
Ойхой, қара жорғаның туған елге қарай ұмтылғаны-ай! Аппақ жібек көйлек, қырмызы желетке киіп, жорға үстінде тіп-тік отырған Мейіз сұлудың шолпысының сылдырының үні-ай...
Көгілдір Шолпан Ата беліне қарай асыға ұмтылған қырғыздың қара жорғасы, аппақ көйлекті, қырмызы желеткелі асқан сұлу Мейізі, оның күміс шолпысының сылдыры... Көгілдір әлемді теңселткен неткен сурет Құдай-ау! Неткен ғажайып бейне?!. Қайталанбас қайтып келмес, сиқыр сурет!..
Дешті Қыпшақ даласының ең соңғы озық жыршысы Сүйінбай, сол суретке қимай қадала қарап қалып еді!..
Бұл XIX ғасырдың ортасы, орыс патшасының қазақ елін отарлап болған сұмпия кезі болатын.
Батыр
елдің бағы. Ақын мен Батыр тумаған ел жетім. Ақын мен Батыр тумаған Ана жатыры көк тулақ.
Қай халық та батыр жаратылған ұл-қыздарын ардақ тұтқан. Ел амандығы үшін, жер амандығы үшін солардың тілеуін тілеген.
«Өтеген батыр» дастанында Сүйінбай былай толғайды:
Батырды халық сағынып,
Қайғы, уайым жамылып
Жаудан көріп зорлықты
Тар кешу, қиын жылдарға
Жетісу елі жолықты.
Қара күн туған көп халық
Шабуылдан зарықты
Көз жетпей сәуле, жарыққа,
Уайым мен опық жеп,
Тебінгі деп тер кеппей,
Күнде аттанып жорыққа,
Қиналған қамсыз халықтың
Тілегі батыр болыпты.
Дала цивилизациясының иелері түркілердің басынан бақ тайған соң-ақ, Дешті Қыпшақ даласын әуелі жоңғарлар, сонан соң, Ресей мен Қоқан хандығы талан-таражға түсірген. Өтеген батыр туралы дастан жоңғар басқыншыларымен болған қанды ұрыстарды жыр етеді. Бұл дастан — қазақтың өз дербестігін қорғаған қаһармандық күрес жыры; өжет ерлік жыры.
Туған Отанның азаттығы мен еркіндігін сақтау үшін Өтеген батыр жанын салады. Бұл дастан қазақ батырлары туралы жырлардың шоқтығы биік көркем үлгісі. Қазақ елінің батыры мен ақынының үндескен, үйлескен кезінің ерекше айқын көрінісі.
Өтеген батыр қанды ұрыс кезінде де, жоңғар басқыншыларын қирата жеңіп жоңғар қақпасына қайтып тыққан тұста да, ұзақ жылдар батырлар белдерінен қылыштарын шешпей, қолдарынан найзаларын түсірмей аласұрған қанды балақ кезең кейінге қалып, Абылайдың ақ туы қазақ топырағының көгінде желбіреген тұста да, өз халқы үшін жанына жайлы, малына мекен, шаруасына берекелі жер іздеуден бір талмайды.
Отаны үшін жерұйық іздеу бүкіл адамзат баласының батырларына тән мінез, тән ұмтылыс. Батырлары іздеген Жерұйықты халқы да арман қылады. Халық арманына қол жеткізсін, деп Алла Тағала сол халыққа Батыр жібереді. Сол Батырға қуат, қорған болсын деп сол халықтың Аналары жарыса өжет ұлдар туады. Бұл жаншылып болған халықтың қайтадан намысы мен рухын дүлей күшпен аспанға арқырата секірткен кезіне тап келеді.
Ол кез қазақ халқы үшін қашан туатыны беймәлім. Тумай кетуі де бек мүмкін.
Бірақ Сүйінбай бабамыз сол күндерге имандай сенді. Сол күндердің қазақ аспанының астында тезірек дүниеге келуін арман еткен асау жүрек жыр алыбы еді. Дешті Қыпшақ даласының ең соңғы дауылпаз ақыны Сүйінбай бабамыз болатын.
Бүгінгі күні қазақтың батырлары бесікке әлі де түскен жоқ.
Бұл да өкініш.
Орны толмас өкініш те осы. Қазақ ұлтының қайғы тұнған, жүрек жарған трагедиясы да осы.
Бұ дүниеде ел басына Отаны үшін жандарын салатын есті азаматтар отырғыза алмаудан асқан бақытсыздық көрдіңіз бе?!
Батырлар жырының қазақ даласында тас-талқан болып қанға бөккен кезін, жоғала бастаған тұсын көру сұмдығы Сүйінбай бабамызға бұйырыпты.
Жалғыздық
кімді жұтпаған?! Санасы берік, ойы анық, тілеуі таза Сүйінбай сексеннен асса да жалғыздыққа құрық салдырмай, Алып Алатаудың көгілдір кілемінде жалғыз қалған. Көкіректі көгала үйрек жыр шіркін де баяғыдай қоздырмайтын болған.
Ескі таныстай Еңлік бәйбіше ғана кәрі жыраудың жан-дүниесіндегі аласапыран дүлей қозғалыстарды дәл басып, дәл танитын. Тілеуін екі етпей орындаудан бір талмапты. Өз-өзімен оңаша қалып, дала кезіп кететін Сүйекеңнің соңынан балаларын ілестіріп отыратын. Онда да алыстан бағып қағу үшін ғана.
Жалғыздықты Сүйінбай бабадай ардақтаған адам дүниеде аз кездесер-ау!..
Сүйінбай баба туралы реквием-сыр күйзеліп келіп көмбесіне жетті.
Тарлан таланттардың бағы да, соры да туған халқы туралы шерменде ой ғой. Олар халықтың ары мен бақыты үшін күресуге туған. Бастарын сол үшін бәйгеге тіккен.
Бұл ұмтылыстардың иесі — Алла.
Орындаушысы — Тұлға.
Жауапкері — Халық.
Сол халық мәңгі жасасын!
Халқы ұлдарынан, ұл-қыздары халқынан жерімесін.
Асқар Алатаудың бауырындағы Сүйінбай бабамның қабырының басында тұрмын. Өзім ғана емес, жарымды, балаларымды, жанымнан жақсы көретін немерелерім Назарды, Асқарды, Назымды әкелдім.
Қара қойды құрбандыққа шалдым. Сүйінбай бабама, 21 ғасыр талмай Дала жырын жырлаған түркі тілдес жырауларға құран бағыштадым. Қақ маңдайда алып Алатау тұр еді. Қар басқан найза биіктері сұсты да, сұлу бүкіл алқапқа өзгеше салтанат танытады.
— Әл-Фарабидің, Яссауидің, Махамбеттің, Абайдың, Сүйінбайдың жырлары бізге не берді?!. Олардың жырлары бізге тамақ болды ма? Киерге киім болды ма? Жоқ. Тамақта болмады. Киімде болмады. Ендеше ол сақалдылар бізге не керек, ағайын? Бізге ақша ұстататын көке керек, ағатай, білдің бе? Ақша ұстататын, балаларымызды асырайтын көке... Ол көке жоқ. Ал өлген шалдар да, олардың топырақтары да бізге түкке керегі жоқ. Олардың кітаптарына түкіргеніміз бар ма, ағайын?! — деп базар қуалап безілдеген қазақтың қатындары мен күнге қап-қара болып күйген қазақтың жігіттерінің дарақы айғайлары тән азығын жан азығынан биік қойған талапсыз, санасыз қазақ қоғамының деградацияға белшесінен батып, талан-таражға түсіп күйреген тұсын танытады.
Бұл атаусыз трагедия еді. Бұл жаһандану — тажалдың аузында кетіп бара жатқан қара қазақтың қылқынған жан айғайы — қазақ трагедиясы болатын.
Сүйінбай бабам туралы бұл реквием-мақаланы Семейде Ертістің жағасында, Абайдың, Шаһ-кәрімнің, Мұхтардың елінде жазып бітірдім-ау. Бір жазғанымды Алатаудың биігінде жоғалтып едім. Әлде шуылдаған көп қатынның қолында кетті ме?.. Әлде Сүйекең менен, мен Сүйекеңнен адасып қалдым ба, кім білсін?!.
Ұлы Бабаларыма менің қай жерде, қай елде, қай тұста ақ қағазға соңғы нүкте қойғанымның түкке де керегі болмас.
Мен табан тіреп, ой тербеп отырған жер Сіздер еркін шарлаған аяулы Дешті Қыпшақ даласы ғой.
Күн бүгін ашық. Түнде сіркіреп жауын жауған, жеңіл жел тұрған. Қара Ертіс күн көзінде жалт-жұлт етіп көгеріп ағып жатыр. ол әрине бұрынғы Асау Ертіс емес.
Қуаты қайтқан, қарт Ертіс, Қытайдан қойылған тоғандардан құтыла алмай аласұруда.
Бүгін Дешті Қыпшақ даласын еркін жайлаған асау Түркі елі де жоқ.
Заман өзгерген.
Ел де өзгерген.
Адам да өзгерген.
Қазақ халқы әлі тірі. Шықпа жаным шықпа деп аласұруда.
Қазақ тірі болмаса, бұл реквием де дүниеге келмес еді ғой.
Ертең көкек айы туады. Жер жылиды.
«ӨМІР ЕСТИМІСІҢ, МЕН СЕНІ СҮЙЕМІН.»
Бұл арқыраған Сүйінбай бабамның зор үні еді.
Бар даусымен таймай ақиқатты айтқан адам ғана өмірді сүйе алады.
Ұлы Адам
Нағыз Адам.
Соның бірі қазақ жырауы Сүйінбай бабам болатын. Сүйекең қазағының бақытын көздеп, намысын тіктеп баққан.
Ал сол қазақ, қазыналы жырау Сүйінбайды біле ме екен?!.
Сүйінбайдай асылын Дешті Қыпшақ даласында өзге жұрт түгілі, өз жұрты түстеп тани алмады-ау, сол қасиеттіміздің аһ ұрған арманды жырларын қазақ шіркін жүрегіне сіңдіре де алмады-ау, деп жалғыздық тұғырында ой соққы болып түңіле күн кешкен —
Роллан СЕЙСЕНБАЕВ
06.05 — 09.05.2013
Семей. «Күшікбай — Қара Ертіс» шипажайы
05.07 — 07.07.2013
Талдықорған. «Айсер» қонақ үйі
Роллан СЕЙСЕНБАЕВ