Қан дертімен қатты ауырып жүрсе де, аттап басқан әр қадамы шын мәнісінде азап болса да, Европаны көк...
· ШЕРМЕНДЕ ЖҮРЕКТІҢ ШЕРІН ШЕРТКЕН ШЕР- АҒА!!!
Қазақ руханияты орны толмас қазаға ұшырады. Халық жазушысы, көрнекті қаламгер Шерхан Мұртаза 86 жасында өмірден өтті. Ауыр қаза күллі алаш жұртының қабырғасын қайыстырып кетті. Ақындар қауымы өлеңмен аза тұтты.
Сарт та-сұрт шайқастарда сан атылған,
Көп жұрттан көш ілгері дара туған.
Мен білсем, иір бұтақ
осы кісі
Қазақтың намысынан жаратылған.
Қосылмай топ-тобырдың ағысына,
Қол берген алыбына, арысына.
Намыстан жаратылып,
сосын өзі
Қазақтың айналған ғой намысына!
Өткелін өз халқының ойлап көрген,
Үмітпен ертеңіне бойлап көрген.
Мен білсем, иір бұтақ,
осы жанға,
Қаратау қайыспа деп
қайрат берген,
Алатау майыспа деп
айбат берген.
Қашанда тайғақ емес,
мәрт шыдамы,
Күйінсе ойларынан
өрт шығады.
Осы жан иілместен, бүгілместен,
Сынса да шамырқанып
шарт сынады!..
Темірхан Медетбек
Арыстан
... Бөріден--
Бөрілінің байрағынан,
Ата жау сескенетін айбарынан!
Жасынның Оты лаулап тұрушы еді,--
Шағылған Күнге Алтын Айдарынан...
Хош, Қараорманымның Арыстаны!
(Алаштың қай жауымен алыспады?).
Келмеске о да кетіп, енді бізге
Заманы Арыстанның алыстады...
Қоян да, түлкі де енді би болады.
Біздің ми сол не айтса иланады.
... Арыстан гүрілдейді түсімізде,
Ол--бізді ит пен құсқа қимағаны.
Көз жасы омырауда тарамдалған,--
Әкең де қалған өстіп, анаң қалған;
Алаштың арыстары кеткен кезде,
Осындай алмағайып заман болған.
Заманы Арыстардың алыстады,
Жағымыз, қол да тұр ма қарысқалы?
Қараорман қалды бізде күңіреніп,
Қайтейін, жоқ қой, бірақ, Арыстаны?!.
10.10.2018 ж.
Серік Ақсұңқарұлы
***
Шер-ағам да өтті-ау, дүниеден...
Жалауым-жамау, ақ туым –сынық кезде де,
Нар-намысымды шөктірмеп едің өзгеге.
Есеңгіреген елдің еңсесін көтердің,
Есті сөз айтып ең биіктегі езге де.
Алаштың рухын болаттай құйып бойыңа.
Асқақ сөйледің, орман шөккендей ойыңа.
Шер-мұңын айтып елжіреп жүрді ел мен жұрт,
Шер-аға! – дейтін, еңселі есім-сойыңа.
Түбіңде – қызыр,
Үніңде – қыжыл, - сөзің – дүр.
Өзіңнен үріккен сорлылар әлі безіп жүр.
Көзіңнен қорыққан көзқамандар да - көз алды...
Сөзіңнен қорықса, «бір кем дүние» - кезім бұл!...
Ел менен жердің, тіл менен ділдің діңгегі.
Тәуелсіз елдің соқпағы менен сүрлеуі.
Бәрі де сенің жаныңның болды шырылы
Жұлдыз бен Айдай түндегі...
Ай менен Айша , Күн де жылайды бұлт іші...
Дүниенің қашан көрініп еді түр-түсі?
Шер-аға, кейде шерлі түс көріп жылаймыз,
Алты Алашымның оңынан болсын бұл-түсі!..
Бақыт Беделхан
* * *
Күркіреп айтар шындықты,
Шер-Аға сынды
Адам жоқ.
Күмпілдегенімен кіл «мықты»,
Көңілде күдік,
Алаң көп.
Құлазып қалған күй осы,
Өзектен біреу тепкендей.
Жоғалып сөздің киесі,
Ақиқат өліп кеткендей.
Әр сөзін көріп құрандай,
Қанығар ма екен ел жайға,
Қомданып енді қырандай,
Қорғайтын жерді ер қайда!?
Өзге жұртпенен тең көшіп,
Кешпей бір бейнет белшеден,
Кетпесе болды ел босып,
Кеудеге толып шер-шемен.
Көмейде сауал, сірә, көп,
Киеге енді кім ие?
...Қалғандай мәңгі мұра боп,
Бір емес,
Мың кем дүние.
Ғайсағали Сейтақ
***
Асыл тәжді тот баспас,
Шекпен сандықта сарғаймас,
Кәрі емендер сықырлар,
Жас қайыңдар майысар,
Заман заманмен көрісер,
Адам адаммен жыласар,
Ай өлмес, жаңасы туар,
Жебе сынбас, зулап ұшар,
Бәрі оңалар, әй, дүние,
Тұран Жолбарысы қайта тумас -
Ғасыр көзіндегі Шер болып қалар!
Ерлан Жүніс
***
ШЕР-ХАН
Көзін сұмдық шел басқандар бар,
Көкірегін шындық шер басқандар бар,
Ұлт үстінен ұпайын түгендеп,
Ұялмай-қызармай жер басқандар бар!
Бір кем дүние!..
Құлқын деп жеңін түретіндер бар,
Ұлтым деп өмір сүретіндер бар,
Үріп кеп ішіп, шайқап кеп төгіп,
Үйіне қарсы үретіндер бар!
Бір кем дүние!..
Ердің арқаға бататыны бар,
Сарттың сырттан сататыны бар,
Батыр сонда да моласымен-ақ,
Жаудан Жер қорғап жататыны бар!
Бір кем дүние!..
Мирас Асан
***
Қанжарым еді тіліп түсетін,
Қыраным еді іліп түсетін.
Көкжалым еді түріп түсетін,
Ұлтыма дара ұлық кісі еді!
Менменсігенді ықтыра білетін,
Тайғанақтарды бұқтыра білетін.
Ынтымағы бар ықыластыларға,
Ақиқат сөзін ұқтыра білетін.
Құдайды танып мойындаған адам,
Пенделік нәпсіге бой ұрмаған адам.
Адамдық арды ту етіп ұстап,
Жүректе қазақ, ойында Ғалам...
Ығатын еді көлеңкесінен,
Асып ағатын кемер төсінен.
Мәнімен кетті мәңгілігіне,
Қазақиядай кең өлкесінен.
Дәулетбек Байтұрсынұлы