Сыртқы саясаттағы үстемдік: Түркияның «Жаңа Азиясы»

Жаңалықтар
1221
Режеп Тайып Ердоған (Фото: Burhan Ozbilici / AP)

Алдағы күндері Түркия маңызды екі дипломатиялық қадам бастамақ: Мысырмен экономикалық қарым-қатынас және Ресей-Украина дағдарысы бойынша талқы. Египетпен байланыс сыртқы істер министрлері деңгейінде, ал Украинадағы бейбітшілік тақырыбы БҰҰ-Түркия-Ресей-Украина тараптарының техникалық кездесуінде талқыланады. Ресей басқыншылығынан кейін сыртқы саясатта белсенділігі күшейген Түркияның соңғы жылдары Орталық Азиядағы ықпалы да арта түскен, деп хабарлайды "Мәдениет порталы" Janabastau.kz сайтына сілтеме жасап. 

І қадам: Украинадағы қауіпсіздік кепілдігі

Қазіргі уақытта Украина-Ресей арасындағы қақтығыстармен параллель түрлі бағыттағы келіссөздер де жүргізіліп жатыр. Қауіпсіздік кепілдігін қамтамасыз ету және атысты тоқтату мәселесі тараптардың ең маңызды тақырыптары саналады. Мұндай бастамада Түркияның, әсіресе, ел президенті Ердоғанның сыртқы саясаттағы беделі артады деген гипотеза бар. Сондай-ақ Украина саясатына ашық қолдау білдіріп отырған Түркия алты державамен (Р5+1) де байланысын нығайта түспек.

ІІ қадам: Мысыр мен Израиль

Жақын арада Израиль ғана емес Египет-Түркия экономикалық байланысын талқылау мақсатында екі елдің сыртқы істер министрлері ресми кездесу өткізеді. Аталған елмен қарым-қатынас жайлы Ердоғанның дипломатиялық хабарламасында: «Түркия үшін Египет және Израиль аймақта маңызды мемлекет болғандықтан, саяси байланысты нығайту керек. Қандай да бір мемлекетпен кез келген байланыс «үзілгелі тұрған жіп» деңгейінде болса да, сақталады. Сондықтан да біздің тарап екі мемлекетпен де қарым-қатынасты үзбейді», – делінген.

Түркия мен Израиль байланысы 2010 жылы Израиль арнайы күштерінің Газа секторына көмек тасымалдаушы «Мави Мармара» түрік кемесіне жасаған шабуылынан кейін шиеленіскен. Осы жағдайдан кейін қос ел елшілерін кері қайтарып алған. Наурызда Израиль президенті Ицхак Герцог Анкараға ресми сапармен барып, екі ел арасында түйіні тарқамай жүрген мәселелер бойынша пікір алмасқан болатын.

Орталық Азиядағы үстемдік

Кеңес Одағы тарағаннан кейін Орталық Азия елдерімен әріптестігі нығая түскен Түркия соңғы жылдары саяси сахнадағы имиджін оң бағытта қалыптастыра бастады. Таулы Қарабақ қақтығысында ұпай қосқан Анкараның биыл Украинадағы Ресей басқыншылығынан кейін де Орталық Азиядағы үстемдігі бұрынғыдан артқаны анық.

Дәл қазір Ресейдің агрессиялық саясатынан аулақ болуға ұмтылған Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстанның бұл қадамын Анкара тиімді пайдалана бастады. Бұл да өз кезегінде аталған дамушы мемлекеттердің державалармен сыртқы саясаттағы байланысын қайтадан жоспарлауға септігін тигізіп отыр.

Ердоған-Тоқаев-Мирзиёев үштігінің биылғы басқосуларын сарапшылар «дипломатияның жаңа дәуірі» деп бағалаған. Тараптар бірнеше стратегиялық мәлімдемелерге қол қойып, «Жаңа Азия» жобасының маңызын арттыра түсті. Мәселен, Қазақстан және Түркия арасында екіжақты, транзит тасымалдауын дамыту және Тоқаевтың Ресейді айналып өтетін Транскаспий көлік бағытын тілге тиек етуі де мұның екі ел үшін маңызды қадам екенін білдірсе керек.

Дегенмен, де-факто тұрғысынан сыртқы саясаттағы рөлі арта түскен Ердоғанның ішкі саясаттағы беделі уақыт өте азайды. Жылдық инфляция деңгейі 80%-ға жеткен Түркияда билікке наразылар қатары артқан. Ердоғанның отставкасын талап етушілер «елде демократия, сөз бостандығы жоқ» дейді. Соған қарамастан, түрік президенті 2023 жылы өтетін президенттік сайлауға үшінші мәрте қатыспақ.

janabastau.kz

Жаңалықтар

Әлеуметтік желіде қазақстандық трансгендердің соққыға жығылған видеосы  тарады, деп хабарлайды...

Жаңалықтар

Өскемен қаласының 27 жастағы тұрғыны ірі көлемдегі алаяқтықтың құрбаны болып, полицияға жүгінді, деп...