ЖАҢАЛЫҚ ІЗДЕГЕН ЖАЗУШЫ

ӘДЕБИЕТ
2262

Сенбі күнгі шыққан «Айқындағы» мақаланы бүгін ғана оқып шығуға мүмкіндік болды. 

«Жарық іздеген жазушы» деп атаған екенсің, Нұртөре! Менің өте жақсы көрген, жақсы араласқан, тіпті 1979 жылы шыққан тұңғыш кітабыма жауапты редактор болған жазушы ағам – Марат Қабанбай туралы толғам! Жапония сапарында жақсы танысып-білісіп, сырласа алғандарыңды да осы жазба арқылы біліп отырмын. Сенің жазбаңның артық-кемі жоқ, бәрін де дөп басып айтып шығыпсың, бағасын да беріпсің – мен ол жайында емес, басқаны сөз етпекпін. 

Марат – көзі тірісінде Андерсен сыйлығын, тағы басқа да бірқатар әдеби сыйлықтарды иеленген десек те, шын мәнінде өзіне ылайық, көркем дүниелеріне деген шынайы бағасын толық алмай кеткен қаламгер. Тіпті осы кезде де алған жоқ – неге екенін қайдам, үнемі ұмыта береміз. Әдебиет сыншылары мен зерттеушілері көбіне атүсті атайды не оны айналып өтеді – бұның құпиясы неде? Біздіңше, Марат, ең алдымен өз ұстанымы болған, өзінше ізденген, өзгеге ұқсамайтын қаламгер! Турасын айтсақ – жаңалық іздеп шарқ ұрған «жихангер» жазушы! Алғашқы кітабы –«Бақбақ басы толған күннен» бастап, «Арыстан, мен, виоленчель және қасапхана», «Жихангез Тити», т.б. жинақтарының аты айтып тұрғандай, кісіні ерекше тарта түсетін, оқуға жетелейтін. 

Ол өзінше жазды, өзінше көркем сөз кестеледі, өзінше образ жасамаққа ниеттенді – оның нәтижелері қандай? Міне, ең алдымен осының басын аша тілге тиек етуіміз керек еді. Әрине, қандай да бір жаңаша төгіліс міндетті түрде тез қабылдана қоймайды, оған біршама уақыт қажет. Сонымен бірге, жанашыр жүрек пен ыстық ықылас болуы шарт – ол болмаған жерде қайсыбір қаламгерің де көптің ішінде көміліп, елеусіз болып қала бермекші. Марат Қабанбайдың аты аз аталып, әдеби сында тілге тиек болмай жатуының кейбір себептері тағы да осының салдары ма дейсің! 

Осындайда еске түседі, ол екеуміз де Оралхан аға Бөкейге жақын іні болдық – екеумізді бөліп қарамады. Әрине, Марат ағам әдебиетте менен ертерек танылды ғой, сөйтсе де Орекең «мына екеуіңнен үміт күтемін» деп қосарлап сөйлейтін. Оңаша бір кездескен кездерде Марат ағам қабағын түйе тілге келіп, «сен менің ағам Оралханды менен тартып алғалы жүрген жоқсың ба» деп әзілдеуші еді. О, жарықтық десе, сіз қайда, мен қайда! Орекең менің көңілімді көтеру үшін айтады-дағы ол сөзді!

Бәріне себепші –мына «Айқындағы» тамаша естелік-әңгіме болып отыр. Нұртөреге риза болатыным – осындай көп айтылмай жүрген қаламгер, журналистерді тез байқап, еске салып отырады. Биыл менің талантты қаламгер ағам, жаңашыл жазушы, марқұм Марат Қабанбай да 70-жасқа толған екен – аталмай жатқаны қалай? Ау, бір кісі тап осы жазушыдай-ақ ұлт әдебиетіне еңбек сіңірсе, ол аз ба? 

Қандай да бір адал еңбектің обалы бар – осыны әрдайым естен шығармай, үнемі айтып-көтеріп отыру ғанибет шаруа емес пе! Елдігіміздің алтын арқауы болмас па!.. Осыны есті жандардың есіне сала кеткіміз келіп еді...

Жолтай Әлмашұлы

author

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы

ЖАЗУШЫ

Медицина

Шығыс Қазақстан облысында дәрігерлер салмағы небәрі 700 грамм болып туған нәрестенің өмірін сақтап қ...

Жаңалықтар

Бұл мереке 1997 жылғы 24 қарашада Қорғаныс министрінің Қарулы күштердің қажеттіліктері үшін педагоги...