З. Этимова. Көртышқанның қаны

ӘДЕБИЕТ
974

(Болгария)  

Дүкеніме келетін адамдар тым аз еді. Олар қапастағы хайуанаттарды сатып алмайды, көбінесе, көруге келеді. Дүкенім қуықтай тар болғандықтан, сөреде тұра алмай, үнемі есіктің арт жағында ескі орындықта отырып, бақа, кесерткі, жылан, құрт-құмырысқалардан көз айырмай отырамын.

Бір күні дүкеніме ап-арық, қорыққанынан өңі-түсі қашқан бір сөдегей жүрісті әйел келді. Қасыма жақындап, жасқана қолын созған кезде денесі қатты дірілдеп тұр екен. Жығылып қалуынан қорқып, дереу сүйей қалдым. Ол қол орамалымен ернін әлсін-әлі сүртіп:

− Дүкеніңде көртышқан бар ма? – деді.

− Көртышқан дейсің бе? Бұл жерде ондай жоқ, – дедім.

Шынымды айтып тұрмын. Өмірімде көртышқан дегенді көрмеген екенмін. Ол үнсіз әрі мұңлы бейнеде артына бұрылды.

− Тоқтай тұр! – дедім мен, – көртышқанды тауып қалармын.

Айтарымды айтып алсам да неге бұлай айтқанымды өзім де аңғармай қалдым.

Ол шорт бұрылып, мұңая қараған шақта, қатты мазасызданып кеттім. Өйткені оған ешқандай жәрдем жасай алмадым ғой.

− Ұлым ауырып қалып еді. Көртышқанның қаны ауруына ем екен, – деді ол бәсең дауыстап, – үш тамшы қанын ішсе ғана болды.

Қайран қалдым. Әуелі, қараңғыда жауыз нәрселерді ұстайтындай сезімге кенелдім.

− Сізге су құйып берейін, – дедім мен. Ол сілейген қалпы тұрды, стакандағы суды қолына алғанда да қабағын ашқан жоқ. Арық та әлсіз денесі еңкіштеп, ақырын басқан аяқ дыбысы біртіндеп алыстай берді. Оны қуып жеттім. Іштей бір бекімге келген едім.

− Көртышқанның қанын беремін! – дедім дауыстай сөйлеп.

Ол жүрісін тоқтатып, екі қолымен бетін басып жылап жіберді. Бұл бейнесін көріп, расында, шыдамадым. Дүкен есігін ақырын жауып қойдым да  (осылай болғанда ол мені көрмейді), пышақпен сол қолымның білезігін тіліп жіберіп, қанды кішкене әйнек құмыраға құйдым. Құмыра он тамшы қанға лық толды. Дүкенге келгенімде, ол мені күтіп отыр екен.

− Мінеки, мынау көртышқанның қаны!

Ол жарқыраған әйнек құмыраны сипалап алды да, іле-шала қалтасынан ақша алып шықты.

− Болды, керегі жоқ! – дедім мен.

Ол басын көтермеген күйі ақшаны сөреге қоя салды да, тіл қатпастан шығып кетті.

Қалыпты, тыныш күндер өтіп жатты. Бір күні таңертең дүкенімнің есігін серпе ашып, әлгі әйел кіріп келді. Сәлемімді күтпестен жүгіріп келіп, мені құшақтай алды.

− Ұлым жүре алатын болды! – деді ол өкси жылап, – ол жүре алатын болды...

Маған ақша бергенінен, үлкен қара дорбаға толтыра салынған әр түрлі нәрселерді тартуға ұсынғанынан оның өжеттене түскенін аңғардым.

Тағы бір күні түстен кейін дүкеніме еңгезердей, сидиған, қорқынышқа тап болғандай бір ер адам кіріп келді.

− Сенде... көртышқанның қаны бар ма? – деді ол жанары өңменімнен өтіп.

Одан қорқып қалдым:

− Жоқ, бұрыннан көртышқан сатпаймын! – дедім.

– Жоқ, сенде бар. Өтінейін, үш тамшы қан болса болды... Әйелім өлетін болды!

Ол білегімнен қыса ұстап алды.

Тілінген білезігімнен шыққан қаным ақырын тамшылап жатты. Әлгі ер адам қан құйылған кішкене құмыраны қолына алып, кетерінде сөренің үстіне ұсақ қағаз ақшаларды тастай салды.

Келесі күні таңертең бір топ адам дүкенімнің алдында шуылдасып мені күтіп тұрды. Қолдарына қыса ұстаған әйнек құмыралары бар.

– Көртышқанның қаны!

− Көртышқанның қаны!

Олар бірін-бірі итеріп, айғайлап жатты. Әр адамның отбасында бір сырқат жан бар, әр адам қолына бір пышақ ұстаған ....

Аударған: Жеңіс Жәлелбекұлы

Картина авторы Александр Михайлович Любимов (Россия, 1879–1955) «Ана» 1950

Мәдениет порталы

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...