Күрд тұқымы, сириялық ақын, өткен жылғы Нобель әдебиет сыйлығының ең мықты үміткері Сәлім Баракатты...
Үн-түнсіз махаббатым
Алтыншаш Жақиянова, ақын, ҚР Журналистер одағы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі.
Түркістан облысы, Майдантал ауылында туған. Қапшағай қаласында тұрады.
Қаз.МҰУ-дың журналистика факультетін, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтының филология факультетін тамамдаған. Семей облысы Ақсуат аудандық «Ақсуат арайы» газетінде әдебиет және мәдениет бөлімінде әдеби қызметкер боп істеген.
Ақын Жақиянова Алтыншаш Жұманқызы облысымызға, қала берді республикамызға өзінің бұдан бұрынғы жазылған жыр жинақтары мен көркем-публицистикалық шығармаларымен танылған қаламгер.
Алтыншаш бірнеше дүркін жыр мүшәйралары мен аймақтық ақындар айтысының жеңімпазы. Оның «Жүрегімнің жұлдызы», «Өлеңім – өмір жолым», «Қаршыға ғұмыр», «Жаңбырлы жаз», «Қапшағай толқындары», «Жанымның нұры», «Сүмбіле», «Құлыншақ», «Сезімнің гүлі» т.б.атты жыр жинақтары және «Қанат жайған Қапшағай», «Менің Мұқағалиым», «Алып тұлға және айдынды қала» атты көркем публицистикалық жинақтары жарық көрген.
Көптеген ән өлеңдерінің авторы.
Үн-түнсіз махаббатым
***
Айла таппай қиналдым, амал таппай,
Қай қылығым қалды екен саған жақпай.
Онға бөліп ойымды отыз саққа,
Жүретін күнің бар ма алаңдатпай.
Әзір тұрдым сен үшін шоқ басуға,
Түстім талай малтығып отқа-суға.
Алдыңа сан барғанда неге менің,
Батылдығым жетпеді қоштасуға.
Сені ойлаудан ешқашан ерінбедім,
Қашан-дағы жүректің төрінде едің.
Бар сырымды айтсам деп барғанымда,
Арасынан достардың көрінбедің.
Кімге керек ішімнен егілгенім,
Қинап кетті беймезгіл көз ілгенің.
Күлге ұшып үмітім ақ қанатты,
Топыраққа тапталды сезімдерім.
Қиялымда өрбіді сан арманым,
Жақсы елестің сыйладым саған бәрін.
Қош деуге де жарамай кете бардың,
Мен де барып топырақ сала алмадым.
Тағдыр осы, сендік боп жаралмадым,
Өзіңменен көмілді бар арманым.
Бақыт іздеп кетіп ең басқа жаққа,
Сол кеткеннен, қалқатай, оралмадың.
***
Адасып қалған армандай,
Іздеумен өтті күндерім.
Үзіліп үміт қалғандай,
Күй кешерімді білмедім.
Жолығардай боп түбінде,
Жүруші ем үміт-күн кешіп.
Сен жоқсың, құрбым, бүгінде,
Қалмадым бір сәт тілдесіп.
Көрмесем-дағы бір жүріп,
Естімесем де күлкіңді.
Іштей бір сезім шыңғырып,
Іздедім сені бір түрлі.
Келетіндей-ақ күттім сан,
Есігімді кеп қағардай.
Болмас па еді ұқтырсам,
Отыңды өттім жаға алмай.
Сырлас қып ай мен жұлдызды,
Сырымды жанға шашпадым.
Есімде әлі сол қызды,
Көз алдымда алып қашқаның.
Жасырып іштей сезімді,
Сырымды неге ашпадым?
Сүйе де тұра өзіңді,
Ошағын жақтым басқаның.
***
Сезе тұра сезбеген болдың, бәлкім,
Кес-кестейді бөгет боп жолыңды әркім.
Жастық оты лапылдап, қайран жүрек,
Күтуші едім келер деп жолыңды әр күн.
Жатыр дейсің ол кезде бағалап кім?
Арыны асау айдынды жағалаппын.
Сол үшін де сыйлаймын, жүрегіме
Шамын алғаш сен жақтың махаббаттың.
Тағы да көз ілмедім
Естімесін аһ ұрған «әттеңімді»,
Көрмесін деп жасыған сәттерімді.
Ақ қағазға жырымды төгіп-төгіп,
Жер астына жасырдым дәптерімді.
Болмасын деп жария сезімдерім,
Білмейсің-ау алыстап кеткенімді.
Сезбесін деп қабақта кірбеңімді,
Көрмесін деп біреуге күлгенімді
Көрсетпейін деп мәңгі кеттім алыс,
Өзге жанға пенде боп жүргенімді.
Шамын өзге біреудің жаққанымды,
Көрмесін деп мұңайған шақтарымды.
Мен таптаған мөлдір-шық жапырақты,
Баспасын деп қыдырған бақтарымды,
Сенен жырақ кетіп ем көз көрмеске,
Сен «кеткен» соң бар сырым ақтарылды.
Қайтем енді жоқ жанның атап атын,
Мезі еттің-ау, үн-түнсіз махаббатым.
Сенен безіп кеткенмін, елден емес,
Көрмеген соң сүюдің шапағатын.
Күл-парша боп балапан-сезімдерім,
Естігелі жайыңды көзімде мұң.
Алыстағы үміттің шырағы өшті,
Қараңғыда қарманды төзімдерім.
Аттаныпсың келмеске сенім-серім,
Тағы да көз ілмедім...
***
Есіме ап сені
Сығып ап жасын жанардың,
Жанымды жеді ой
Қағазға тағы қадалдым.
Жаралы тәні
Тағдырын кештім маралдың
Маңдайға сені
Жазбаған мына, тағдырым
Бетінен жердің
Біржола жоқ қып неге алдың?
Бір жылы сөзі
Бұйырмай кеткен, қарағым,
Күрсініп салды
Қасірет шеккен дала мұң,
Қаланың емес
Елігі ең ғой даланың.
Ерке еді жаның,
Өртеді жалын жанымды,
Кім білсін қашан тарарын?!
Білмеппін, досым,
Мендегі сезім мәңгілік,
Осылай болып қаларын.
***
Жылап келдім өмірге
Жылап кетем,
Тербетеді жанымды
Тұрақ-мекен.
Өмір деген сылдырап ағын келіп
Бір күні тоқтап қалар бұлақ па екен?
Өмір деген жанған бір
Шырақ па екен?
Тағдыр неге тым алыс
Ұзатты екен?!
Өмір деген осындай шым-шытырық
Тарихта бір қалатын сызат па екен?
Енді міне,
Өмірде жоқсың мүлде
Достармен де жүре алған жоқсың бірге.
Туған жердің бұйырмай топырағы.
Жалғызсырап жатыр-ау жалғыз мүрде.
Сенен қашып жүргенде кезікті өлең,
Қош махаббат, ешқашан кезікпеген,
Сездің бе екен әлдекім жеткізді ме?
Ең соңғы рет қарап ең сезікпенен.
Содан бері көрмедім
Сағындым да,
Кете бардым тағдырға
Бағындым да.
Тым құрыса кетерде бір көре алмай,
Көңілім шерге толды,
Жаным мұңға.
Сен мені сағындың ба?
***
Мәңгі өмір іздеуші едің өлмейтұғын,
Шарладың жаныңа ешбір бермей тыным.
Сайран салып жастықпен білмедің-ау,
Қайта айналып өмірдің келмейтінін.
Келмес дейсің басына ажал кімнің,
Кеттің кіріп қойнына қара түннің.
Ширек ғасыр өткенде жыр жаздырған,
Ерте кеткен өмірден, қайран құрбым!
Бара алмап ем жаныңа, сырласпадым,
Бұлтқа толды беймезгіл мұңды аспаным.
Әдемі боп, сүйкімді, көрікті боп,
Көрінуші ең мен үшін, шыңды асқарым.
Жанымды өртеп тұрса да күйік демім,
«Қыздың жолы жіңішке» - иікпедім.
Мен үшін сен, әйтеуір сүйікті едің,
Жете алмадым, арман ең биіктегі.
Қош енді, амал қанша, бала ғашық,
Сағыныш пен мұң кетті араласып.
Күте бергін екі жол айрығында,
Жетермін мен көңілмен саған асық.
***
Жандай болып сенделдім жоқ амалы,
Көзім жұмсам сол бейнең оралады.
Бір сәт мені есіңе алдың ба екен,
Желбіреген алыстан орамалы.
Күтуші едім қыр асып келер күнді,
Құрбан еттім ұйқысыз нелер түнді.
Өзіңе арнап жыр жаздым таңға отырып,
Соқыр-сезім басқадай елер кімді?
Түбінде бір жүруші ем жолығардай,
Сырымды айтып, қалдым-ау жолыға алмай,
Өмір атты сапардан қайттың ерте,
Жолаушыдай өмірде жолы болмай.
Соқпағында өмірдің шиырлаған,
Сезбесең де, куә еді дүйім далам.
Қош бол енді, қиыспас қайран құрбым,
Бір ауыз жылы сөзім бұйырмаған.
І БӨЛІМ
ҚУЫРМАШ
ТӘТТІСІҢ
Тәттім-ау, таусылмайды тәттілігің,
Жылытар жүрегімді пәк қылығың.
«Апа, сені сағындым!» деген сөзің,
Бойыма жан жылуын жақты бүгін.
Тәттісің, қалай тәтті болдың екен?
Жоқ, әлде тәтті көп жеп қойдың ба екен?
Әйтеуір қашан келсең қылық ашып,
Қуасың бойымдағы ойды бөтен.
Ертегі тыңдаудан бір жалықпайсың,
Қиялмен биіктерге шарықтайсың.
Бір мінің – «көп жей берме тәттіні» деп,
Айтқанымды бойыңа дарытпайсың.
ҚЫЛЫҒЫ СӘБИДІҢ
Қылығы сәбидің -
Қызығы әр үйдің.
Ұйқысы қанған-ау,
Бүгін бір Әлидің.
Ұйқыда жатыр ел,
Оны ұғар жайы жоқ.
Әндетіп қояды,
«Әжемнің шайы» деп.
Тырқылдап күледі,
Томпаңдап жүреді.
Әнұран айтады,
«Оң жақта» жүрегі.
«Мен деген - Әлимін,
Мен әлі сәбимін».
Осындай «бұзығы»,
Болады әр үйдің.
ЕРІНБЕ
Неше алдың «Еркінтай?»
- деп сұрап әжесі.
Бәйек боп алдына,
Қояды көжесін.
Әжесі не дерін,
Түрінен сезетін,
Өйткені Еркінбек,
«Екі» алып келетін.
Әжеңде жоқ тағат:
«Қиналды-ау, көп сабақ.
Жалқаулық өзіңнен,
Қалмайтын боп барад.
Ерінбе, қарағым,
Жаз, оқы, санағын».
Десе де ашпады,
Кітаптың парағын.
Доп қуып жөнелді,
Қызыққа кенелді.
Ашпайтын боп алды,
«Әліппе» дегенді.
КҮНДЕ «5» ӘКЕЛДІМ
Ал, Шеру үйіне,
Күнде «5» әкелді:
«5»-імді көрсетіп,
Қуантам әкемді.
Қуантам анамды,
Болам мен жарамды.
Жалқаулық дегеннен,
Тазартар қоғамды.
Ертемен тұрамын,
Бетімді жуамын.
Мектепке баруға,
Дап-дайын тұрамын.
Ұйқышыл емеспін,
Оятпас мені ешкім.
Ата-анам сенеді,
Үлкенмен теңестім».
ӨКІНІП ЖҮРМЕГЕЙ
Ал, бүгін Әкімбек,
Жаза алмай отыр көп.
«Жаз» дейді ақырын,
Әжесі жақын кеп.
Жүгірер далаға,
Ол – білім бола ма?
Дейді қарт күбірлеп:
«Сана бер балаға».
Әжесі баладан,
Сөйлесті сыр тартып:
«Білім ал қалаған,
Мызғымас – бұл тәртіп!»
Кенеттен жабылған,
Кітабы сарт етті.
Бір ой кеп табылған,
Жанары жарқ етті.
Аптыға жүгіріп,
Кірісер ойынға.
Нан жатыр үгіліп,
Тығылған қойында.
Білім жоқ басында,
Ертең кім болады?
Алмаған жасында,
Қалай ол толады?
Білімді қуалап,
Жете алмай өтерсің.
Бір уақ тұра қап,
Ойлансаң не етер шын?
Қолыңды кеш сермеп,
Өкініп жүрмегей.
Оқысаң, нұр кернеп,
Өзіңе бір мерей.
ЖАЛҚАУБЕК
Жаза алмай өтірік,
Ерініп ол отыр.
Ертең-ақ өкініп,
Қалады көр де тұр.
Айтады інісі,
Тақпағын жаттап ап.
Осындай жүрісі,
Кім оны мақтамақ?
Ешкім де Жалқаумен,
Қаламас жүргенді.
Жүр бәрін алдаумен,
Ұнатпас білгенді.
Жалқаубек – жалқауға,
Бәрінен нан қайғы.
Келмейді алдауға,
Тоймаса, нанбайды.
Алдаса мұғалім:
«Жақсы - деп, Жалқаубек».
Ұстап ап құлағын,
Қалады аңқау боп.
БАЛАНЫҢ АРМАНЫ
Өскенде арманым –
Тігінші боламын.
Салатын аспанын,
Суретші боламын.
Мен болам мұғалім,
Сөзімде тұрамын.
Шәкіртке білімнің,
Ағызған бұлағын.
Боламын дәрігер,
Анама жәдігер.
Дәрігер шақырып,
Болмайды әбігер.
Мен шопыр боламын,
Айдайтын зырлатып.
Көлікті жүргізу –
Ол дағы бір бақыт.
Еліме ең тапшы,
Боламын мен сақшы.
Жүрекпен істесең,
Халқыңа сол - жақсы.
АҚ ҚАРЛАР – АҚ ТАУЛАР
Алақай!
Қар жауды -
Ақ күміс,
Басталды
Аспанда қақтығыс.
Асықпай жауады,
Алғашқы ақша қар.
Күз кетіп, күн суып
Сосын қыс басталар.
Ойнайды балалар
Жүгіріп,
Артына қарамай
Бұрылып.
Жер беті аппақ боп жаңарар,
Аққала жасайды балалар.
Тоңа ма жүгірсе алқынып,
Күн бата үйіне оралар.
Ақ қарға ақ қар кеп жамалар.
Бұл да бір майдан боп саналар.
Қуансын таңертең дегендей,
Түнімен жауады жаңа қар.
Тіп-титтей ақ қарлар
Ақ таулар жасайды.
Ақ киген ақ талдар,
Маужырап «масайды»...
ӘЛИДІҢ СҰРАҒЫ
Бұлт неге жүйткиді,
Күн неге жауады?
Жел неге ұйтқиды?
Айтшы, ата, жауабын!
Ай бүгін алыпты,
Биікке шарықтап.
Жүдеп-ақ қалыпты,
Бүгін ол арықтап.
Жапырақ неліктен
Сарғайып түседі?
От жақпай өріктер,
Қалайша піседі?
Көл неге қатады,
Күн неге батады?
Үнемі осылай
Деп сұрап жатады.
Айтқаны өзіңе,
Не бір ой жүктейді.
Осындай Әлидің
Сұрағы бітпейді.
***
Алма күзде піседі,
Піссе, жерге түседі.
Бала оны ап жейді,
Дәрумені көп дейді.
Жемісін жедім бақшаның,
Тоймайды қанша татса кім?
Өзің еккен жемістей,
Дәмі болмас басқаның.
***
Күзді біз қимадық,
Қуантар біздерді.
Жемісті жинадық,
Қыс күтер бізді енді.
Қия алмай қоштастық,
Бүгін біз күзбенен.
Қыспенен достастық,
Сағынып іздеген.
Қыс – қатал, десе де,
Ширатар адамды.
Аппақ боп көше де,
Қар басар алаңды.
Сырғанақ тебеміз,
Қыс қызық емес пе?
Шананы жегеміз,
Шығып ап белеске.
***
Ағасы да қамқорсып:
Дейді: «інім – жан торсық!»
Атасы айтып ертегі,
Немересі елтеді.
КІМ БОЛАРЫН БІЛЕ АЛМАЙ
Немеремнің дегені:
«Балықтай бір күйге еніп,
Суда жүзгім келеді.
Сүңгуді де үйреніп».
Қой десек те тіл алмай,
Бар өнерден жиреніп.
Кім боларын біле алмай,
Немерем жүр «күйзеліп».
***
Көктем келді, көктем келді,
Кілем жауып бөктерлерге.
Қуалады өктем желді,
Нұр сыйлады көк пен жерге.
КҮН РАЙЫ БҰЗЫЛДЫ
Қалған ашу-ызасын,
Төгіп-төгіп ғаламға.
Қағиданы бұзатын,
Қар жауып тұр даламда.
«Сәуір болса, күн тәуір»,
Дейтін еді аталар.
Сәуір айы – көктемнің,
Екінші айы аталар.
Соңғы қаһар, ылаңы –
Қар ұшқындап тұр, әні.
Сәуір кетті басталып,
Тәуір болмай тұр әлі.
Дала суық, бұрқасын,
Тал қорғалап тұр басын.
Өткеніне нали ма?
Аспан төкті көз жасын.
Алма гүлдей бастады,
Суық сәуір аспаны.
Ойламайды неге аяз,
Бір өзінен басқаны?
Күн райы бұзылған,
Аязға ел ұрынған.
Табиғаттың осындай,
Заңы бар ма бұрыннан?
Өмір деген бір қызық,
Бір суынып, бір қызып.
Алар ма еді, мұндайда,
Құстарды үйге кіргізіп...
ӘКЕМ ҚАЙДА ЖОҒАЛДЫ
Атам отыр, мәз о да,
Аяз ата келер деп.
Тақпақ айтқан балаға,
Мол сыйлығын берер деп.
Аяз-ата кеп қалды,
Үй ішімен қауышып.
«Мынау - саған» - деп қалды,
Таныс маған дауысы.
Көлбеңдеген етегі,
Ақ шапанын оранып.
Жымың-жымың етеді,
Бір құпия бары анық.
Апам, әне, осында,
Анам да бар қасында,
Көрінбейді әкешім,
Қайда кеткен расында?
Аяз-ата шақырам,
Деп кеткен ед далаға.
Қар атамыз кеп қойды,
Өзі әлі жоқ, о, тоба!
Дала суық, бекерге,
Жүре бермей келмей ме?
Аяз-ата әкелген,
Сыйлықтарын көрмей ме?
Көкем дағы үйде отыр,
Іздемей ме інісін?
Бір қуаныш күйде отыр,
Түсінбедім мұнысын...
Үсіп қалса, обал-ды,
Елең етпес ешкім де.
Әкем қайда жоғалды,
Болып кетті кеш мүлде?!
Аяз ата қуантып,
Талай сыйлық әкелді.
Сұрайыншы сыр тартып,
Көрмеді ме әкемді?
***
Жаңа жылда қуанып,
Би билейді бар бала.
Ақ көрпеге оранып,
Мүлгіп жатыр сары дала.
Сыйлықтарын арқалап,
Аяз-ата келеді.
Бар балаға шетінен,
Үлестіріп береді.
Әсем шырша жанында,
Жиналамыз бәріміз.
«Құтты болсын жаңа жыл!»,-
Деп шырқалар әніміз.
***
Жаңа жылда асыр салып,
Бал бөбектер ойнайды.
Күміс күлкі, қуанышпен,
Жаңа жылды тойлайды.
Бірі – қасқыр, бірі – қоян,
Бірі – лақша киінді.
Көру үшін тамашаны,
Ата-аналар жиылды.
Бірі билей дөңгеленіп,
Бірі сырнай шалады.
Ал ескі жыл сәл жымиып,
Қош айтысып барады.
ҚОЯНЫМ
Жатырсың бәрін жеміріп,
Ағаш біткенді кеміріп.
Жей берсең бәрін кеміріп,
Кетесің бір күн семіріп.
Алыпсың тіпті еліріп.
Қояным, жүрсің секіріп,
Қорқасың қалсам жекіріп.
Ұстатпай тіпті қашасың,
Қалмайық ертең өкініп.
Сенен де өткен мықты бар,
«Айт!» – десе, «шәйт», - деп, тік тұрар.
«Ит-құс бар, байқа» дегенді,
Күн бар ма саған ұқтырар.
СҮЙІКТІМСІҢ «БАЛДЫРҒАН»
Баланың тілін бал қылған,
Сүйікті журнал – «Балдырған».
Мұз-ағаң мен Қадірден,
Артына із қалдырған.
Бұрынғыдай әдемі,
Түрлі-түсті әлемі.
Әрбір жылы жазылып,
Бүлдіршіндер келеді.
Дамытады ойыңды.
Сергітеді бойыңды.
Бұл «Балдырған» сен үшін,
Ұмытпайды ойынды.
Оқып жаның жай табар,
Жұмбақтар көп ой салар.
Халықтың салт-дәстүрі,
Бетін ашсаң, байқалар.
«Бала тілі - бал» деген,
Өмір қызық баламен.
Әр маусымда бетіне,
Жазылады жаңа өлең.
***
Жетіқарақшым – желкенім,
Жетісуы – осы өлкенің.
Атамның ылғи аузынан,
Еститін менің ертегім.
Жеті рет пішіп өлшедім,
Болсын деп іске мол сенім.
Жолыма бағыт беретін,
Темірқазығым ол менің.
БӨБЕКТІҢ ҚЫЛЫҒЫ
Қылығы осы бөбектің,
Өзі де бір бөлек тым.
Шықпай қояр ішіне,
Кіріп алып себеттің.
Тостағанын басына,
Киіп кейде алады.
Қарамайды жасына,
Таудай биік талабы.
***
Сұлтан деген баламын,
Өзгелерден дарамын.
Барған сайын бақшаға,
Бәрін жаттап аламын.
Балалармыз, балдаймыз,
Бақшамызды таңдаймыз.
Бұл жер бізге ұнайды,
Басқа жаққа бармаймыз.
ОЙЛАП ІСТЕ...
Жақсы болсаң, өзіңнен,
Жаман болсаң, өзіңнен.
Қандай адам болсаң да,
Байқалады сөзіңнен.
Сөзің сылдыр болмасын,
Ісің бұлдыр болмасын.
Опық жеп қап артынан,
Көзің жасқа толмасын.
Ойлап істе әр істі,
Үйрен дұрыс әдісті.
Жалқауланып соңғы кез,
Жаман әдет жабысты.
Жағаласып, жарысып,
Үлкендермен алысып.
Сөйлей көрме, қаларсың,
Шапалақпен табысып.
АҚЫЛ
Тез тұрып кет, құласаң,
Ұят болар, жыласаң.
Жығылса да жыламас,
Баланы мен ұнатам.
Құлап жүріп өсесің,
Талай сыннан өтесің.
Болсаң егер шыдамды,
Биіктерге жетесің.
Тентек болмай ешқашан,
Жалқаулықты тастасаң.
Қуанады апаң да,
Жақсы бір іс бастасаң.
ТУҒАН КҮНІМ БҮГІНГІ
Әкемнің де ұлымын,
Шешемнің де ұлымын.
Атам менен апамның,
Жанарының нұрымын.
Қызықтайды тілімді,
«Болады, - деп, - білімді».
Толы болды сыйлыққа,
Туған күнім бүгінгі.
Атам биік көтерді,
Апам тортын әперді.
Самарқаннан жан көкем,
Сары қауын әкелді.
Тәтем тоқып биялай,
«Киші, - деді, - сия ма?»
Жинап қойдым барлығын,
Өз бөлмеме ұядай.
Әкем әкеп мылтықты,
Болып шықтым бір мықты.
Маңайдағы достарым:
«Ойнайық» - деп ынтықты.
Бес шырақты жақты анам,
Жиналды бар жақсы адам.
Үрледім мен,
Ішімнен,
Тілек айтып тастағам.
Беске келдім демек мен,
Туған күндей себеппен.
Кәне, бәрің келіңдер,
Торт кесейік әдеппен.
Ақыл кірді – өстім мен,
Бала болдым ес білген.
Киімімді кигіз деп,
Сұрамаймын ешкімнен.
Ертең ерте тұрамын,
Тісімді өзім жуамын.
Бақшаға өзім барамын,
Білем, қайда тұрағым?!
Шырақтай боп жанарым,
Жазуға да жарадым.
Таудай биік талабы,
Арманы көп баламын.
ТҮРКІСТАНМЕН ТАНЫСУ
Көне қала – Түркістан,
Мекен еткен бабалар.
Жібек жолы бойында,
Білесің бе, балалар?
Қоңырау таққан керуендер,
Батыстан да, шығыстан.
Ағылып кеп жататын,
Сауда жасап бар тұстан.
Мұсылман дінін пір тұтқан,
Яссы атанған қала бұл.
Қожа Ахмет Яссауи,
Әлем білер дана бұл.
Түркістан деп атанды,
«Түріктердің мекені».
Білесің бе, түріктің,
Бір бұтағы екенін.
Отырар, Тараз, Түркістан,
Медресе салған көрікті.
Медресенің ұстазы,
Қожа Ахмет болыпты.
Ахмет өзін «Яссауилық
Құл Қожа» деп атапты.
«Даналық сөздер» кітабы,
Кеңінен елге тарапты.
Адалдыққа шақырған,
Түркі халқы көсемі.
Түркістанның азырақ,
Тарихы бұл кешегі.
ТАБАНДА ТҮЗЕП ҚАТЕМДІ ...
Апамды бүгін қапа еттім,
«Бармаймын, - деп, - дүкенге».
Ортасында екі оттың,
Апам күйеді екен де.
«Мен барайын ендеше»,-
Дейді екен апам ұмтылып.
Сұқ қолын анам сермесе,
Жөнеле берем жұлқынып.
Тілазар бала мен емес,
Ұшып-ақ кетіп барамын.
Жалқаумен жаным тең емес,
Қолғабыс болып, жарадым.
Зыр жүгіре жөнелдім,
Табанда түзеп қатемді.
Бір шаттыққа кенелдім,
Жел сүйеді шекемді.
АШУДЫ САБЫРҒА ЖЕҢДІРІП
Ағам да ойнамай менімен,
Отыр ғой, әнеки, қасарып.
Неге мен оп-оңай жеңілем,
Жүгіре жөнелдім тас алып.
Осындай мінім-ай бір беткей,
Тас тисе қайтесің оқыста?
Ашуға сабырым жүр жетпей...
Лақтырдым тасымды қоқысқа.
ӨСЕ БЕРСІН...
Ақ торт сұрап Димаш отыр,
«Қоңыр тортты жемеймін», - деп.
Атаң болса, қиғаш отыр,
«Әкелемін демеймін» деп.
Төрт немерем төрт жағымнан,
Қаумалайды «кел-кел», - деп.
Жетем кезде мен сағынған,
Өсе берсін өркендеп.
Ақ торты не, қоңыры не?
Жей бермей ме талғамай.
Қарап бала көңіліне,
Апарайын алдамай.
АҚЫЛДЫ БОП ӨСЕЙІК
Бір үйде екеу ғанамыз,
Өспеген әлі санамыз.
Таласамыз кәмпитке,
Таласамыз фантикке.
Ренжісе анамыз,
Түсінгендей боламыз.
Біздер әлі баламыз,
Өсіп, әлі толамыз.
Шаршатпайық ананы,
Шаршатпайық әкені.
Азамат боп саналы,
Өссек ертең жетеді.
АҚ ЛАҒЫМ
Ақ лағым, лағым,
Қандай жұмсақ құлағың.
Секеңдеме бекерге,
Міне, тағы құладың.
Шығып кетпе қорадан,
Ит-құс қуып кетеді.
Деген сөзім «бол аман»,
Саған қашан жетеді?!
ӘНШІ БОЛАМ ӨСКЕНДЕ...
Әнді жақсы көремін,
Тез-ақ жаттап аламын.
Осы менің өнерім,
Өскенде әнші боламын.
Тамылжытып ән салам,
Атам мені мақтайды.
Өлең десе жан салам,
Мені апам да жақтайды.
«Балам әнші болар» деп,
Домбыра да әперді.
Төртеуінен олар тек,
Мені биік көтерді.
***
«Домбыра әпер, апа!» деп,
Қыр соңынан қалмаймын.
Әперді атам, енді мен,
Қолға алып, әуен арнаймын.
Ата жолын күйменен,
Бәлкім, солай жалғаймын.
Керемет қой күй деген,
Тыңдаудан еш талмаймын.
АЛМА БАҚ
Бақшамызда алма бар,
Әкем баптап өсірген.
Жағдай жасап талға бар,
Жеміс алған өсімнен.
Ақ алма бар, көк алма,
Қызылы бар – көп алма.
Өзі: «ал» деп тұрады,
Піспегенін сен алма!
Дәмі тәтті бал шырын,
Шекер сеуіп қойғандай.
Жуасың да, бар шыным,
Жей бересің ойланбай.
Тіл үйірер дәмі - бал,
Әкем еккен алмасы.
Түсіп қалар түрі бар,
Кел, кешігіп қалмашы!
CУДЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР
Сүреміз өмір суменен,
Тіршілік көзі – су деген.
«Сұрауы болар судың да»,
Ағаттық мұны білмеген.
Тамшыдан көлің құралар,
Сусыз кім өмір сүре алар?
Ағызып қоймай бекерге,
Үнемде суды, балалар!
БІЗДІҢ АУЛА
Қызық біздің аулада,
Кешке шығып ойнаймыз.
Сәті келсе жинала,
Туған күндер тойлаймыз.
Бірімізге-біріміз,
Қыдырамыз мәз болып.
Күлім қағып күніміз,
Тұрса ылғи жаз болып.
Бірімізде велик бар,
Бірімізде машина.
Бірімізде ролик бар,
Жомарт көңіл жаси ма?
Ауысамыз қызғанбай,
Біріміз бен біріміз.
Балалармыз біз қандай,
Ауламыздың гүліміз.
Көрші аулада тұрғандар,
Қызығады біздерге.
Дейді мойын бұрғандар:
«Бала болдық бір кезде».
Құлап қалсақ, біріміз,
Жұбатамыз тұрғызып.
Бұзылса егер береміз,
Машинасын жүргізіп.
Улап-шулап жататын,
Біздің аула бір қызық.
Адалдықты жағалар,
Өрге жүзер кемеміз.
Бірлігі асқан балалар –
Біз бәрін де жеңеміз!
БІЛУГЕ ТАЛПЫН
Бітірмей тамағыңды,
Айналма ойынменен.
Таусып же, қайда қашар,
Табылар ойын деген.
«Жаманнан жарты аяқ ас,
Қалады», - дейді үлкендер.
Жаман боп қалудан қаш,
Жасырып бой бүркенген.
Мақтанба «көп білем» деп,
Қашанда аз сөз алтын.
Уақытты өткізбе тек,
Білуге бәрін талпын.
***
Болмашыға дауласып,
Ініңменен жауласып.
Жатпа, ертең өсесің,
Бірге екеуің тауды асып.
Жалғыз-жарым қыр кешсең,
Пайдасы жоқ бекер шын.
Бірге екеуің бірлессең,
Биік болар жетер шың.
ӨНЕГЕ
Көрсетіп үлкенге ізет,
Кішіге қамқор болам.
Қарттарға көмектес деп,
Үйретті атам маған.
Сұраса ойыншығымды,
Ініме ұсынамын.
Ал інім бермей қойса,
Сол үшін қысыламын.
Еркелеп «қамал бұзып»,
Баспағын табалдырық.
Әдепті балаларға,
Жараспас жаман қылық.
Болса егер көп ақылың,
Тастама нан қоқымын.
Нан деген киелі ұғым,
Обалды біледі ұлың.
«Таянба бүйіріңді»,
Естисің жиі ұғымды.
Қастерлі қазағымның,
Дәстүрі бұл бұрынғы.
Суарған сумен жылға,
«Жайқалған көкті жұлма».
Жұлмаймын көкті бекер,
Тыйымы елдің бұл да.
Сөйлесіп тұрса шетте,
Кісінің сөзін бөлме.
Үлкеннің жолын кеспе,
Жамансың онда мүлде.
Өзіңе болып мықты,
Аттама ала жіпті.
«Олжа» деп алып жүрме,
Жатса алтын жолда тіпті.
Кемтарға күле көрме,
Келеді күлсең басқа.
Елемей жүре берме,
Тигенше басың тасқа.
Қолыңды шошайтпағын,
Аспанда Айға қарап.
Дәстүрді ұмытпағын,
Жүргенде Айға балап.
Себепсіз жылай көрме,
Жамандық шақырасың.
Ойбайлап аунап жерге,
Несіне бақырасың?!
Жүгірме үйді айнала,
Қарама түнде айнаға.
Бөркіңді теріс киме,
Өзіңді өрге сүйре.
Сүйенбе таяқ ұстап,
Көңіліне келер қарттың.
Қаласың соған ұқсап,
Сондықтан тізгін тартқын!
ӘЖЕМ МЕНІ ЕМДЕЙДІ
Жығылса да, сүрінсе де,
Дәрісіз-ақ емдейтін.
Әжем маған ешқашанда,
Жылауға ерік бермейтін.
Ұшықтайды, тазалайды,
Бойдағы бар пәледен.
Ырымдардың бәрін білер,
Келе жатқан көнеден.
Бар пәлені қуады кеп,
Адыраспан аластап.
«Жамандықтар жұғады», - деп,
Оған қайсың таласпақ?
Жөтелгенде, суық тисе,
Айтқызбай-ақ біледі.
Жатқыза сап, сылап-сипап,
Құйрық майға бөледі.
ҚУЫРМАШ
Жанына барсақ жағалап,
Ертегі айтар аташым.
Ертегі елін аралап,
Сан қызыққа батасың.
«Ерте, ерте, ертеде,
Ешкі жүні бөртеде -
Деп бастайды ертегін,
Бір бай болған ертеде».
«Қуыр-қуыр, қуырмаш,
Қуырса да таусылмас».
Деп айтқандай атамның,
Ертегісі таусылмас.
***
«Қоңыр қозым» келді деп,
Ет жүрегі елжіреп.
Әжем мені құшақтар,
Мейірімі – жел жібек.
Ұрысқан емес жан әжем,
Сыр шертеді көнеден.
Құшағына күмп беріп,
Тақпақ айта жөнелем.
Маған қарай ұшады,
Күндей ыстық құшағы.
Мейірімін аямай,
«Тәттім-ау» деп құшады.
ЕҢ ЖАҚЫН АДАМ
Ешнәрсеге болмай алаң,
Еркінсимін, батылданам.
«Әже» деген бір мен үшін,
Бәрінен де жақын адам.
Маған әркез көңілі алаң,
Дейтін құшып: «жаным, балам!»
Мейірімін аямайтын,
Болса екен әжем аман!
Сағындым, әже
Күттің бе екен балапаныңды,
Сағындым, әже, алақаныңды.
Өзің – қуат беретін,
Сезім – шуақ төгетін,
Саған табынам, әже!
Кетпейді естен күлімдегенің,
Басымнан сипап «күнім» дегенің.
Ертек, жұмбақтарыңды,
Күле тіл қатқаныңды,
Жүрмін сағынып, әже!
Ірімшік, айран, таба наныңды,
Сағындым қаймақ жалағанымды.
Тәтті балқаймағыңды,
Тосқан балдай дәміңді,
Аңсап қамығам, әже!
Мейірім төккен шуағың – нұрың,
Әжетай, сені сағынып жүрмін.
Мәңгі сағынышымсың,
Менің бағым үшін шын,
Өмір сүргенсің, әже!
***
Сүйсінесің ісіне,
Қамқор өзі кішіге.
Бір сөз айтсаң, екі етпей,
Ала қояр түсіне.
Жүзінде тұр иманы,
Әдепті де, ибалы.
Ата-анадан бойына,
Тек жақсылық жиғаны.
ЖАМАН БАЛА
Жаман бала жылаңқы,
Күнде онысы жалғасып.
Анасының тұрады,
Етегіне жармасып.
Алдындағы тамағын,
Төгіп-шашып ішетін.
Көрсетсе әке қабағын,
Тәубасына түсетін.
Сыйламайтын тәтесін,
Сыйламайтын анасын.
Түсінбейтін қатесін,
Біле бермес шамасын.
«Әпер» дейді үзіліп,
Жаңасына қызығып.
Ойыншықтары үйінде,
Тұрса дағы тізіліп.
Өп-өтірік «ойыншығым,
Қалды, - дейді, - бұзылып».
Ескірді деп барлығы,
«Алам,- дейтін,- жаңасын».
Жаман бала әр күні,
Алар елдің мазасын.
Үлкендердің сөзіне,
Киіп кетер араласып.
Қонақүйде жүреді,
Қонақтармен жағаласып.
Өзінен кіші баланың,
Ойыншығын ала қашып.
Берекеңді қашырар,
Күйер ме екен жаза басып.
ТЫМ ПЫСЫҚ
Інісін де бағатын,
Үлкендерге жағатын
Төсекті де кешкісін,
Өзі сала салатын.
Қоңыр қозым, тым пысық.
Қонақ келсе томпаңдап,
Кесе тасып жүгірген.
Бос отырмай, бәріне,
Пысықтығы білінген.
Алуа қызым тым пысық.
Қарай білер көңілге,
Кірген үйде сенімге.
Анасына ұқсаған,
Пысық болар тегінде.
ҚҰТТЫ БОЛСЫН АЙТЫҢЫЗ
Қабыл болсын айтыңыз,
«Құт болсын» деп айтыңыз.
Ауыл үйді аралап,
Айттап, апа, қайтыңыз.
Айтыңыз болсын мүбарәк!
Туған-туыс, жұрағат.
Айттап келген адамды,
Қарсы алайын тұра қап.
Аппақ марқа сойылып,
Құрт-ірімшік қойылып.
Мәз-мейрам боп қаламыз,
Осы күні тойынып.
Ақ дастархан жайылып,
Ақ самауыр қойылып.
Қазағымыз жатады,
Дәстүрімен молығып.
Ашу-араз болмасын,
Зор татулық орнасын
Айтың қабыл болсын деп,
Тілеуін ел жолдасын.
Әдепті сөз сөйлейік,
Қуанышты бөлмейік.
Жақсы киім киініп,
Көршілерге төрлейік.
Пісіріліп тағамдар,
Қойылады тәттілер.
Ұят болар әжеңе,
Жылама деп: «тәтті бер!»
Аруақтарға арналып,
Оқылады сүрелер.
Айттамасақ осыны,
Білер ме едік біз егер.
ЕРКЕЛЕТКЕН ТЕНТЕГІН
Еңбек етіп, бір сәт тыным таппайтын,
Қалт еткенде саяжайды баптайтын.
Арасында немересін қыдыртып,
«Ақылды боп өседі!» деп мақтайтын.
Ешнәрседен көрсетпейтін мұқтаждық,
Өзін дағы қажытпаған ұстаздық.
Атамыздың арқасында үйреніп,
Қолғабыс боп, бақша баптап, жер қаздық.
Біздер үшін аямайтын ертегін,
Ұрпағының ойлайтұғын ертеңін.
Атам менің дүниедегі жақсы адам,
Еркелеткен мына біздей тентегін.
ӨТІРІКТІҢ ЖАЗАСЫ
Бүгін үлкен «5» алдым,
Деді Әли өтірік.
Деп қараса «неше алдың?»
Алған екен «екілік».
Неге өтірік айтты екен?
Анасынан жасырып.
Кәмпит алмақ екен ғой,
Қулығын бір асырып.
Байқап қалып анасы,
Бір кәмпит те бермеді.
Тасып өкпе-наласы,
Үйдің бетін көрмеді.
Кезіп кетіп даланы
Ойнады кеп құмартып.
Онан дағы ананы,
Тыңдағаны мың артық.
Білмейді ме «өй, мұны»,
Шындық – жетер мекенің.
«Өтіріктің құйрығы,
Бір-ақ тұтам» екенін.
Содан бері Әлиге.
Сенбей кетті ешкім де,
Кіру керек сенімге
Болмай тұра кеш мүлде.
***
Үлкеннен бұрын қол созып,
Дастарханға жүгірме!
Мазақ етіп біреудің,
Білмесіне үңілме!
Білгішпін деп мақтанба,
Кішіге үйрет білмесін.
Ініңді ертең басқалар,
Ақымақ деп жүрмесін.
АПАМНЫҢ БОЛЖАМЫ
«Ай туыпты шалқалап,
Өз мүддесін арқалап.
Жасырады ақ ұлын,
Ақша бұлттар қалқалап.
Жайлы бәлкім өзіне,
Елдің сенсек сөзіне.
Шаруаға жайсыз-ау», -
Деп тұр апам сезіне.
МАҚТАНАМЫН СОЛАРМЕН...
Жалқаулықты жақтырмас,
Ихсан – атам есімі.
Апам – ақын-Алтыншаш,
Жат санамас кісіні.
Атам ертек айтады,
«Мақтақыз бен мысық» деп.
Апам мені мақтайды,
«Осы балам пысық» - деп.
Мен ақылды баламын,
Көмектесем анама,
Үйді жинай аламын,
Кішкентайға санама.
Сапарлардан оралар,
Екеуі де өнерлі.
Сахнада бірге олар,
Көрсетеді өнерді.
Әкем менің сырнайшы,
Қобыз тартар анам да.
Біз де ертең өнерлі,
Болып өссек жаман ба?
Мақтанамын атаммен,
Мақтанамын апаммен.
Мақтанамын әкеммен,
Мақтанамын анаммен.
Ағам аты – Шерухан,
Бақшаға ол да барады.
Екеумізді бақшадан,
Атам-апам алады.
СӘБИ ОЙЫ
Көбелек жүр ұшып-қонып,
Әр гүлге кеп қонады.
Ертең кетсе үсік болып,
Қанаттары тоңады.
Ойында жоқ күні ертең,
Күздің келіп қалары.
Нәзік әрі неткен көркем,
Жазға ынтық жанары.
Үй салмай ма бәрі бірге,
Жұмыла кеп, бірлесіп.
Бір кемеде жаны бірге,
Жатар еді бірге өсіп.
Сары, қызыл, ақ көбелек,
Гүлге келіп қонатын.
Қуаласып ойнайды, әне,
Талмайды бір қанаты.
Ұстай алмай әлек болам,
Әуреленем жүгіріп.
Алдап мені жүр ғой, бәлем!
Қалмайыншы сүрініп.
***
Көбелек-ау, көбелек,
Саған осы не керек?
Ұшасың да жүресің,
Ойлайсың ба сен елеп.
Жазда гүлге қонасың,
Бәрін шарлап, шоласың.
Үйің де жоқ паналар,
Күн суыса, тоңасың.
Саған, сары көбелек,
Үй сап берсек деген ек.
Жауғалы тұр ақ жауын,
Басталды, әне, себелеп.
Уайымдай қоймайсың,
Бір күніңді ойлайсың.
Жағаласып қарменен,
Қыста қалай ойнайсың?
***
Егіншімін,
Егінге бай айналам,
Айналамда қызу еңбек қайнаған.
«Сабан тойға» мол тартумен кеп тұрмын,
Қуаныштан көзімде от ойнаған.
***
Бақша пісіп, бағымда тұр бапталып,
Жаз бойғы еткен еңбегіміз ақталып.
Картоп, сәбіз – көкөністің бәрі де,
Тұрар қыста қоймамызда сақталып.
***
Алма, жүзім, өрік, алша, алмұртым,
Мол боп биыл, қарық болды ел-жұртым.
Алтын күзім, ару күзім, жомартсың,
Үлестіріп жатсың бәрін сен бүгін.
Жиып беріп ел азығын қыстағы,
Жомарттығын дәлелдеді күз тағы!
ҚҰТТЫ БОЛСЫН ЖАҢА ЖЫЛ
Ау, халайық, халайық,
Жылды қарсы алайық.
Келген жылды ырымдап,
Молшылыққа балайық.
Сансыз аппақ көбелек,
Секілді қар төгеді.
Қаңтар келді қақаған,
Аяз беттен өбеді.
Ал, балалар, балалар,
Құтты болсын жаңа жыл!
Бәрің бірдей жиылып,
Өнер көрсет жаңа бір.
Жаңа жылдың шыршасы,
Жалын атып жана біл.
Шырша тойын бастайық,
Кел, жаңа жыл, жаңа жыл!
Өнерлі бар қаншалық,
Би билейік ән салып.
Жаңа келген жыл жаңа,
Қалсын бізге тамсанып.
Безендіріп әдемі,
Шырша құрдық ортаға,
Аяз ата келеді,
Сыйлығын сап арқаға.
Қанша ертегі, қанша аңыз,
Қандай сұлу қарша қыз.
Жыл келді деп жаңадан,
Қуанамыз баршамыз.
ЖЫЛ ҚАЙЫРУ
- Мен – тышқанмын,
Жыл басына иемін.
Құлағына шығып алып түйенің,
Күнді алғаш көрген аңның бірімін.
Кіп-кішкентай болсам дағы ірімін,
Қулығым бар әрі еті тірімін.
- Мө-мө, мен сиырмын,
Барлығың да жаңа жылға жиылдың.
Маң-маң басып жүрсем дағы осындай,
Жиын-тойға әрқашан да үйірмін.
- Мен – барыспын,
Азуым алты қарыспын.
Жыл келгенін көрем деп,
Талай аңмен алыстым.
Үшінші боп жылға ендім,
Қалмайды ешбір қалысқым.
- Мен – қоянмын,
Мен де өзімше ноянмын.
Жаңа жылды тойлауға,
Елден бұрын ояндым.
Секең-секең етемін,
Асулардан өтемін.
Жеткізбеймін қасқырға,
Орман болар мекенім.
- Мен – кішкентай ұлумын,
Мен де өзімше сұлумын.
Бәрін елге беремін,
Бойымдағы жылудың.
- Ыс-ыс! Ысылдаған жыланмын,
Жүрсем бұлаң-сылаңмын.
Мойынына оралам,
«Екі» алған ұланның.
- Асыл туған жылқымын,
Босқа өтпейді бір күнім.
Адамдардың жолында,
Алған емен бір тыным.
Төрт түліктің төресі.
Желден жүйрік жануар.
Жібек жалды, саумалды,
Бал қымызым тағы бар.
- Мә-ә, қой дегенің мен болам,
Әр түлікпен тең болам.
Қойдың сүті – қорғасын.
Қойға толсын ен далам!
- Мешін, яки, маймылмын,
Орманда таңым атады.
Жаңа жылда адамдар,
Тойлап әркез жатады.
- Тық-тық, тық, мен – тауықпын,
Ит-мысықпен жауықтым.
Жерді шоқып ерінбей,
Дәнімді өзім тауыппын.
Жаңа жыл деп аталар,
Сәнімін мен де сауықтың.
- Ыр-р! Адамға жаққан жануар,
Мен боламын ит деген!
Жүрек таза болмаса,
Ойнай көрме итпенен.
- Доңыз-қабан мен едім,
Қай аңыңнан кем едім?!
Қорс-қорс етіп жүрсем де,
Орындалар дегенім.
***
Жыл санауды білеміз,
Барлық аңды сүйеміз.
Құр алақан қалыпты.
Сеніп бойға түйеміз.
Он екі жылда балалар,
Бір мүшелге толады.
Ат жалын тартып мінетін,
Ер азамат болады.
БАҒДАРШАМ
Барлығы да біледі,
Жасыл жанса, жүреді.
Қалып қойсаң орныңда,
Бала біткен күледі.
Қызыл жанса, тұрасың,
Оңға мойын бұрасың.
Асықпа еш, балалар,
Білмегендер сұрасын.
Қалсын жолда ойындар,
Сары жанса, дайындал.
Ережені білмесең,
Үйде анаң уайымдар.
Тыныштығын өмірдің,
Күзетеді бағдаршам.
Тез үйреніп аласың,
Ықыласпен қолға алсаң.
АЙНАЛАЙЫН, АБАЙЛА
Қызыл қазір сөнеді,
Жасыл бізге керегі.
«Дайындал, - деп, - жүруге»,
Сары белгі береді.
Тоқта, тоқта,
Қызыл жанды, тоқта.
Асықпаңдар, тоқтаңдар,
Өміріңді сақтаңдар.
Байқамай қап жатпайық,
Ережені жаттайық,
Айналайын, абайла!
Қызыл жанса, тоқтайық.
Тоқта, тоқта,
Қызыл жанған жоқ па?
Байқамасаң болмайды,
Жазым болсаң, зор қайғы.
Машиналар зуылдап,
Өтіп жатыр көшеде.
Ала таяқ сақшы тұр,
Белгі беріп нешеме.
Сары, сары,
Дайындалды бәрі.
Жасыл жанса, өте бер,
Мектебіңе кете бер.
Байқамасаң болмайды,
Асықпағын, балалар.
Айғай салып жүрмесін,
Жүргізуші ағалар.
Тоқта, тоқта,
Ережені жатта.
Велосипед мініп ап,
Жүрмегейсің ұрып ап.
...Қызыл жанса, тоқтаймын,
Жасыл жанса, жүремін.
Енді менің жоқ қайғым,
Бәрін жатқа білемін...
ШЕРУХАНМЫН
Сұрасаң менің атым – Шеруханмын,
«Жігіттің сұлтанына» келіп қалдым.
Орта жүзден таралған елім – Найман,
Жасымнан жеті атамды ұғынғанмын.
Айтбайдан тарайды екен Әнке батыр,
Арғы атам – Ахмади, қолдап жатыр.
Болат атам ағаштан түйін түйген,
Өзімнің атам – Ихсан, мыңға татыр.
Атамның баласымын – Шеру деген,
Туғанмын салтанатпен, шеруменен.
Өнерлі жанұяның перзентімін,
Келемін тек той-жиын көруменен.
Анкежан атама мен неменемін,
Деген ол: «Ұрпағыммен көгеремін».
Арғы атам – Ахмадиға шөпшек болам,
Болатқа арттан ерген шөберемін.
Әділеттің ұлымын әлпештеген,
Өз атама сүйікті немеремін.
Ал, апам бізді көрсе, қуанады,
Дейді бізге: «Шаттыққа кенелерім!».
Әкем-шешем өнердің ортасында,
Ылғи ән-күй, думанға бөленемін.
Атам менің - суретші, апам – ақын,
Мен де өнерді ұстансам деген едім.
БАТА
Бер десең, бата берейін,
Батаны жырмен төгейін.
Бүлкілдеп тұрса көмейім,
Кіші екен жасым демейін.
Аман-сау болсын басымыз,
Дарысын бойға асымыз.
Құт берсін осы шаңыраққа,
Болмасын ешбір қасымыз.
Пиғылы жаман жандарды,
Бассын деп тіле мысымыз.
Мен де бір бата берейін,
Үлкен боп бата берейін,
Көлбеңдей бермей кішіміз.
Жеген ас, ішкен – ақ болсын,
Бір Аллам бізге жақ болсын!
Көрінген бала-шағамыз,
Бәле-жаладан сақ болсын!
Мінгеніміз тай болсын,
Ел-жұртымыз бай болсын!
Қарынымыз тоқ болсын,
Уайымымыз жоқ болсын!
Әумин!
ЖАҢАЛЫҚ
Білесің бе мендегі
Жаңалықты,
Үйге кірдік жап-жаңа,
Жаңа тіпті,
Дейді әжем:
«Бұйрығы бір Алланың,
Аттамайтын жан едік ала жіпті».
Бәрі жаңа басталған өмірдейін,
Шаршамайын,
Уақытқа жеңілмейін.
Жаңа бұйым,
Жаңа зат, жаңа жиһаз,
Бәрі де бір
Жаңарған көңілдейін.
Жетсін мейлі, жетпесін
Көңіл сергек,
«Қалай алдың?» - деп сұрар
Көрші «тергеп».
«Балаларым сыйлаған үй» - деді әжем,
Ата-анаға осылай көңіл бөлмек».
***
«Өз тілімді ұмытып,
Қалам ба деп қорқамын.
Мен орысша сөйлеймін,
Кеселінен ортаның.
«Қазақ бақша баланы,
Ынжық етед», - дейді анам.
Достарым да орыстар,
Ұнамайды ол маған.
Апа, мені құтқаршы,
Ата, мына азаптан», -
деп, шырқырар немерем,
Ояна келсем, таң атқан.
Жарым жұлқып оятып:
«Түсің ғой», - деп, жұбатқан.
Немеремнің дауысы,
Кетер емес құлақтан.
Құлыным-ай, тіліңді,
Білмей өсер ме екенсің.
Әке-шешең түсінбес,
Обалыңды көтерсін.
Қолдан келер шара жоқ,
Ұқпасқа айтқан сөз жетім.
Менсінбесең тіліңді,
Күйер ертең өз бетің.
Өзге тілге баулыдың,
Ұқпау үшін жырымды.
Дерті меңдеп бауырдың,
Ет жүрегім тілінді.
Жайым осы бүгінгі,
Кім түсінер мұңымды.
Осы болар өмірде,
Түсіретін құнымды.
Қалай енді немерем,
Жатқа оқиды жырымды.
Өлең, міне, өсекші –
Жайып салды сырымды.
ӘЛИ:
«Али емес, Әлимін,
Кішкентаймын, сәбимін.
Елдің бәрі білетін,
Мен апамды танимын.
Кітаптары тұрады,
Сөресінде әр үйдің.
Мен атамды білемін,
Аман болсын, тілегім.
Ірге тасын қалаған,
Мен тұратын жаңа үйдің,
- деген үні келеді,
Құлағыма сәбидің.
Көрсетері - осы ма?
Мына жалған пәнидің?
МЫСЫҚҚҰМАР ДИАНА
«Үйде мысық бар ма?», - деп,
Сұрап алды Диана.
«Жоқ болса мен кетемін,
Ұнамайды бұл ара».
Әлек салып жиен қыз,
Соғыс ашты, сұрама!
«Мысық тауып беріңдер»,
Деп, айғай сап жылады ә.
Көше кезіп іздедік,
Жүре ме ол көшеде.
Көшедегі мысықтар,
Ұнамады нешеме.
Көршінің ақ мысығы,
Бар екенін білеміз.
Сұрап алдық бір күнге,
Ұнаса деп тілеңіз.
Ерке өскен ол мысық,
Қызық өзі болмысы.
Жатырқаған шығар-ау,
Тырнап алды, ол бұзық!
«Жатқанын-ай үй таңдап,
Же ет, кәмпит, бұл – жаңғақ.
Не жесең де дайын тұр,
Неге мынау бұлданшақ?»
- Ей, ақ мысық, тырыспа,
Сенің мұның дұрыс па?
Жанымда бол бір-ақ күн,
Мысығымнан жырақпын.
Мысығымды сағынып,
Сосын сені сұраттым.
Жүнің аппақ болса да,
Кірін қара құлақтың!
Неге жуып алмаған?»
Деді-дағы жалма-жан
Көтеріп ап мысықты,
Бір-ақ шықты ваннадан.
***
Өтірік айтып көргем жоқ,
Ешкімге жала жаппадым.
Өмірге босқа келгем жоқ,
Аз емес жақсы жақтарым.
Етпедім бүгін аз еңбек,
Тастадым үйді тазартып.
«Пысық қой қызым, сезем», - деп,
Анам да жатыр наз артып.
ӨТІРІК ӨЛЕҢ
Айтпаймын алтын берсең өтірікті,
Мен туғанда тасбақа өкіріпті.
Мен туғанда шөберем қуанғаннан,
Жүз метр биіктікке секіріпті.
Жиырма екінші ғасырда туылыппын,
Шілдеде аппақ қарға жуыныппын.
Әкемнің құрсағынан шыға сала,
Депутаттық жұмыстан қуылыппын.
Әкемнің аты – Айгүл, шешем – Талғат,
Ұл болып туылыппын құдай қолдан.
Әкемнің 50-інші қызы екенмін,
Жүргенде өлдім-талдым, көрген зарлап.
Бір сөзім жалған емес, Аллаға аян,
Жасымда жеткізбейтін болдым қоян.
Ержетіп 170-ке келген кезде,
Қасқыр түгіл соғымға түлкі соям.
Туғанда 11 оқып, 1-ге көштім,
Бір сәтте Арқа жақтан Сырға көштім.
Бес ғасыр өмір сүріп, сәби болып,
Осындай шат- шадыман өмір кештім.
Мен Тазша болмағанда, сот болар ем,
Сот емес, өтіріктен от қалар ем.
Үлгі алып алдыңғы жемірлерден,
Түйені екі-ақ асап жеп қалар ем.
Жинап ап тарақанды соттар едім,
Құмыртсқа өлсе, жата қап жоқтар едім.
Он ғасыр кейін туған атам келіп,
Шөпшегім ақыл айтса тоқтар едім.
ИНОМАРКА МЕН ЗАПОРОЖЕЦТІҢ АЙТЫСЫ
Иномарка:
Сұп-сұлумын, қарашы,
Ыңғайлымын жүруге.
Бүкіл адам баласы
Құмар мені мінуге.
Барар жерге жетемін,
Көзді ашып-жұмғанша.
Теледидар, мұздатқыш
Бәрі өзімнің ішімде.
Күшенбеймін сен құсап,
Он есе артық күшім де.
Мен болуды, запоржан,
Көресің сен түсіңде.
Запорожец:
Сүйегім мықты,
Моторым тұрар артымда
Ерекшелігім сол –
Багажнигім алдымда.
Ескі демесең,
Жанармайды да аз жеймін,
Жөнделуі оңай,
Салығы мүлде аз деймін.
Ал, сені қара, ха-ха-ха,
Жүрген кезде – көліксің,
Бұзылғанда – өліксің.
Тек түзу жолды іздейсің,
Не қиындық көріпсің.
Бір барғанда жайлауға,
Күл-талқан боп қаларсың.
Адам таппай айдауға,
Мүләйімсіп қарарсың.
Иномарка:
Жүргізбейді сені, аға,
Үлкен, әсем қалада.
Тракторға ұқсайсың,
Жетпейсің тез арада.
Көрінбейді жақсы ісің
Өте жайсыз, қаттысың.
Екі-ақ адам сияды,
Бір-ақ әлсіз ат күшің.
Күнің бітіп, кетерсің,
Свалкіге жетерсің.
Иномарка көкеңмен
Айтыспасаң не етер шын.
Запорожец:
«Көкеңмін» деп шалқыма,
Түсерсің сан талқыға.
Талай-талай жүрсің ғой,
Шығын әкеп халқыңа.
Ақшаның да сорысың,
Әйелі де иеңнің
Жек көреді сол үшін.
Жылтырайды тек сыртың,
Бүйткен күнің құрысын.
Алды-артыңа қарайлар,
Кезің бар ма абайлар.
Ұйықтап кетіп рөлде
Өліп кетті талайлар.
Талға барып соғылсаң,
Түгің қалмас, ап-анық.
Тастар сонда өзіңді
Өтел жаққа апарып.
Аямайсың адамды,
Білмейсің көп шамаңды.
Білетұғын бол енді,
Запорожец ағаңды.
АҚ ТИІН
Ақ тиін-ау, ақ тиін,
Елеңдеген сақ тиін.
Көрген елді қуантып,
Қызықтырар ақ күйің.
Аңдар ұстап алмасын,
Қолың тоңып қалмасын.
«Ақ тиін» деп өзіңе,
Ақын өлең арнасын.
Мамықтайын құйрығың,
Үлпілдетіп, түйді кім?
Талдан-талға секірген,
Аман болшы, жүйрігім!
Р-ҒА ТІЛІ КЕЛМЕЙДІ
Тракторды – «Касемсот»,
Шана деймін арбаны.
Шатасқан боп қоямын,
Сауысқан деп қарғаны.
Торғай десе, құзғын деп,
Қулығымыз біздің көп.
Р.S.
Вертолетті - тік ұшақ,
Жарғанатты – түнде ұшад.
Сиыр келсе, бұзау деп,
«Ару» десе, «қыз-ау» деп.
Р-ы жоқ сөз теріп ап,
Әлек болар Қызайбек.
Р-ды айтсын дейді ме?
Оған қояр сұрау көп.
- Семірдің бе?
- Жоқ, толдым.
- Бармадың ба?
- Жоқ, болдым.
- Қолың кір ме?
- Былғаныш.
- Кәрек пе бұл?
- Бұл - қамыс.
Әйтіп-бүйтіп құтылар,
Р-ды білмеу – бір намыс.
***
- Өтірік пе, немене,
Жалған айтқан емеспін.
«Р-ға тілі келмейд», - деп,
Ойламайды мені ешкім.
Қарындашты қаламсап,
«Келдік» деймін оралсақ.
Қашамын деп «Р-ыңнан»,
Болып кеттім жарамсақ.
***
Жалт-жұлт етіп конькиіміз,
Көкке жетіп ән-күйіміз.
Медеудейін мұз айдында,
Әр жексенді шалқимыз біз.
Дала аппақ, аппақ тал да,
Шомыламыз аппақ қарға.
Қыс қызығы таусылмайды,
Алға, достар, бәрің алға!
ІІ БӨЛІМ
ӘЖЕ ӘЛДИІ
ЗАМАНАУИ ӘЖЕ
Самайға түскен ақ қырау,
Күйіме қарап тап мынау.
Көңілі жас, жүрегі,
Әжені сен де таптың-ау.
Келсем де әже жасына,
Тақпадым шәлі басыма.
Жүн түтпек тұрғай, отырмын,
Нотбугымды алып қасыма.
Уатсап та маза бермейді,
Бойымды өлең кернейді.
Ертегі айтып берші деп,
Немерем кешке тергейді.
Өмірдің өзі - ертегі,
Ойыңнан өрбіп, өрлейді.
«Тағы да айтшы, апа!» - деп,
Немерем тыным бермейді.
«Қуыр да қуыр, қуырмаш»,
Қуырған бидай – ол да ас.
Өзіңе айтып беретін,
Апаңның жыры таусылмас.
БӨБЕГІМ
Қылығыңнан айналайын, құлыным,
Кім біледі, қашан кірер ұғымың.
Үй ішінде ат қып мініп шыбықты,
Былдырлайсың «мен апамның ұлымын».
Күміс көмей, балғын ғана бөбегім,
Албыраған ақ бетіңнен өбемін.
Сен жүргенде көз алдымда қуантып,
Әлі талай жырларымды төгемін.
Өсе бер сен, сәуле берер шырағым,
Сусындайтын, сарқылмайтын бұлағым.
Шаршағанда жадыратқан жанымды,
Шаттық күйім, таусылмайтын жыр-әнім,
Жайқала өскен жағадағы құрағым.
ӨЗДЕРІҢ БАРДА
Өздерің барда
Еңкейген жоқпын ешқашан,
Алды боп жүрдім қатардың.
Сендердің арқаларыңда,
Бақытты әже атандым.
Жарқырап жүзім
Биікте жүрдім үнемі,
Күлімдеп батты батар күн,
Арайлап атты атар таң,
Қалмадым ешбір қатардан.
Өйткені, сендер барсыңдар,
Баласы жақсы атанған,
Тәрбие алған атаңнан.
Алғысын елдің арқалап,
Игі жақсыдан бата алған.
Немерелерім,
Өздерің еске түскенде,
Үйімде шыдап жата алман.
Қуаныш пенен
Сағыныш билеп жүректі,
Жетуге жылдам
Зымырандайын от алған.
Асығып жетем сендерге,
Келгендей ұзақ сапардан.
ТӨРТ НЕМЕРЕМ – ТӨРТ ҚҰБЫЛАМ
Әміржан, айналайын, қара қозым,
Ең алғашқы немерем, дарабозым.
Шерухан, шерім басар сары қозым,
Дертіме шипа болар дәрім – өзің.
Алуа, елпілдеген ебелегім,
Көңілімнің көгіндегі көбелегім.
Көрмесем, әр күн сайын сағынамын,
Келеді көре бергім, келе бергім.
Темірлан - жаңа туған жалаңаш ұл,
Ұл тапқызған ұлдардың талабы асыл.
Әмір-Темір, Шеруге толы болсын,
Жаңадан енген мына жаңа ғасыр.
Өзіңді сағынғанда, қара балам,
Қыруар жұмысқа да қарамағам.
Өсе бер, өркендей бер, айналайын,
Ұрпағын ешбір қазақ санамаған.
ҚҰЛЫНЫМДЫ ҚОРҒАШЫ
Тыным көрмей, зырыл қағып жүгіріп,
Кеттің әне, байқаусызда сүрініп.
Аяғыңды ұрып алдың байқамай,
Көңілім тұр астан-кестен бүлініп.
Не болды енді, қой дегенде қоймадың,
Ештеме де болмайды деп ойладың.
«Байқап жүгір, абайлашы» деп күнде,
Қанша айтсам да бей-берекет ойнадың.
«Шыр» еткенің көз алдымнан жүз өтіп,
Әр сәтіңнің тыныштығын күзетіп.
Бір сәт, қозым, тыңдар болсаң, қояр ем,
Сәт жіберген қатеңді мен түзетіп.
Абайлашы, тағы құлап қалмашы,
Аман болсын ұрпағымның жалғасы.
Е, Құдайым, өзің жар боп кішкентай,
Оттан, судан құлынымды қорғашы!
***
Байқа, балам, өмір түгел қауіп қой,
Тоңып қалма көрпеңді де жауып қой.
Түн күзеткен күзетшідей отырмын,
Жаулап алды өн бойымды қауіпті ой.
Байыз тауып отыра алмай үйімде,
Көше кезіп кетсем осы күйімде.
Тілеуіңді тілеп сенің күні-түн,
Түн күзеткен күзетшімін бүгінде.
СӘБИ КЕЛДІ
Әмір келді!
Келді Әмір!
Сәби келді!
Кім келіп жатыр, ол да таниды елді.
Ақ қарда, аяз беті қайтқан шатқа,
Қуантып Сарыарқаны, Сары белді,
Сәби келді!
Бір Аллам аман-есен босандырды
Бойымды қуанышы масаң қылды.
Жан-жаққа хабар кетті сүйіншілеп,
Жүректі шат сезіммен жасандырды.
Кеңітіп тар құрсағын анасының,
Елеңдетіп, жақынын, жанашырын.
Екінші ақпан күні ымырт түсе,
Өмірге келді Әмір – қарашығым.
Әже болдым,
Сен – ата,
Ұлым – әке,
Сәби келді ымыртың өте-мөте.
Ата болдың,
Мен – әже,
Келін – ана,
Ұл әкелді өмірге жаңа ғана.
Қуаныштан біз тұрмыз жарылардай,
Достарым да ұшып жүр жаны қалмай.
Қызық екен ұрпақтан ұрпақ көру,
Керек шығар әжеге ұқсап келу.
Атын мейлі өздері-ақ қоя берсін,,
Біздікі тек «дұрыс» деп рұқсат беру.
НЕМЕРЕ ДЕГЕН...
Немере деген немене,
Немене, білгің келе ме?
Қуанып, мәз боп жүресің,
Көтеріп оны төбеңе!
Немерең бір күні әкелер,
«Мынау,- деп, саған шөбере».
Отырарсың омпиып,
Секілді бір шөмеле.
Өлмесең бір күн сыйлайды,
Шөберең: «мынау - шөпшек» деп.
Шөпшек сүйсең арман жоқ,
Тұра алмай жатып етпеттеп.
Бұдан да әрі бар болсаң,
Көрерсің бір күн «немене».
Алжыған басың аң-таңсың:
«Бұл қай бала, немене!?»
«Туажат» келер бір күні,
Әлдилеп оны «Немене».
«Туажат» сені танымас,
Бар да, жат енді «төбеңе»!
ЖАН-НҰРЫМ
Құтты болсын туған күнің,
Қызығым,
Қызым –
Жан-нұрым!
Мол болсын сенің өмірде
Бақытың,
Бағың,
Ән-жырың!
Өсе бер жайнап, жарқырап,
Талдырмаш,
Нәзік
Сән гүлім!
Қолымнан шыққан осынау
Сыйымды
Бүгін
Ал, күнім!
***
Аман болсын ұл-келін – тұңғышымыз,
Өздеріңмен өңделер тұрмысымыз.
Әмірдейін ұл келіп, немере кеп.
Қуаныштан, міне, өтті бір қысымыз.
Қос ұлым, қос келінім – келешегім,
Сәтімен берсін алла берешегін.
Назымтай бір ұл тауып берді, міне,
Әжелермен мен де енді теңесемін.
Бір алла сәтін салсын, тілегім сол,
Оңынан өздеріңе берсінші жол.
Құдайдан сұрап өткен өмір бойы,
Ұрпағы атамыздың – көбейсін қол.
ӨМІРІМНІҢ ЖАЛҒАСЫ
Сен, немерем, бірге келсең осы күн,
Апаң ашты елу жастың есігін.
Өмірімді жалғастырар сен барсың,
Мен өмірдің керуен тартқан көшімін.
Сен, Әмірім, жасқа келдің бүгін күн,
Бір сен үшін барлығына жүгіндім.
Жүгіріп шық мен барғанда алдымнан,
Керегі жоқ басқа маған түгіңнің.
Ботақаным, келдің бүгін бір жасқа,
Немеремсің, сенің жөнің бір басқа.
Апаң келіп қақты есігін елудің,
Елу жылды өткізген жоқ құр босқа.
Сен өмірдің енді аштың есігін,
Жалғасысың ата-баба көшінің.
Аманатын арқалар деп бабаңның,
Қойдық саған Әмір-Темір есімін.
Құтты болсын, Әмір қозым, бір жасың!
Жүрегімен апаң бүгін жырласын.
Би билеші алақанды шапаттап,
Қылығыңнан ұзарады бір жасым.
Немеремсің – тұңғышымның тұңғышы,
Сықылықтап күлер, келсе күлгісі.
Апаң сенің дәп қазір де елеңдеп,
Өзің жайлы келіп отыр білгісі.
Қымбатымсың жүрегіме сақтаған,
Мен жабықсам, сенің кінәң жоқ, балам,
Сен кішкентай сәбисің ғой, сен үшін,
Барлығына тәуба деймін, мақтанам.
Аз-кем тұршы иығыма асылып,
Еркелеші әлдекімнен жасырып.
Сенің титтей жүрегіңнің дүрсілін
Келем ылғи тыңдауға мен асығып.
Бәрін тастап ...
Жатсам ба екен дем алып,
Сосын бақта қыдырамын сені алып.
Екеумізді кім айыра алады,
Бұл өмірден кеткенімше «жоғалып».
***
Тойың өтті «Чин-Чин» деген кафеде,
Толды іші апа, ата, көкеге.
Келді небір жақын-жуық ағайын,
Дос-жоралар. Оларсыз той өте ме?
Қуанасың бал-бұл жайнап, Әмірім,
Қызықты да ұзақ болсын өмірің.
Ешқашан да ауырмасаң екен сен,
Сен ауырсаң, біздер үшін тегі мұң.
Ойнақтаған, былдырлаған құлыным,
Тілеймін мен өміріңнің ұзынын.
Аспандағы Айды әперем, сұрасаң,
Айналайын, томпаңдаған қызығым.
Екідесің, екеу болды бір жасың,
Үшеу болсын, бесеу болсын... бір басың.
Келді тойға бірге ойнаған достарың,
Інің - Шеру, бөлелерің, құрдасың.
КӨҢІЛІМНІҢ ШУАҒЫ
Қылығы балдан тәтті Темірімнің,
Келе жатқан жалғасы өмірімнің.
Жұмыстан шаршап-шалғып келгенімде,
Шуағы сенсің шаттың көңілімнің.
Келесің құстай ұшып, бал немерем,
Сен бір төбе, бір төбе бар немерем.
Жолыңа жаным құрбан, қошақаным,
Өзің деп ойланбай-ақ жан берер ем.
Суымның тұнығы сол – тұңғышымның,
Кішісі, осындай бір ұлды ұсындың.
Атадық «қара қозы», «ботақан» деп,
Өзіңе алғаш жазған жырды ұсындым.
Әйтеуір, жүзің жылы, балапаным,
Көре сала созатын алақанын.
Анасының сүтімен кірген үлгі,
Тәрбие бар, мен соны жаратамын.
Бостан-босқа байбалам салмайды ұлым,
Тойса, отырар монтиып, қоңыр құлын.
Ата-анаңды сыйлап өс, аялап өт,
Бір өзіңе сыйлаған өмір гүлін.
Айналдым қылығыңнан, құлыншағым,
Ер жете бер желбіреп тұлымшағың.
Жақия атаң бір келіп көрер ме еді,
Әулетінің жалғасы – құлындарын.
Немереме
Ұзақ күттік сені көріп кетуге,
Уақыт-сазбет асықпайды өтуге.
Қас қарайды, әлі жоқсың, немерем,
Шамаң жоқ қой өзің ұшып жетуге.
Әлден бізді күттіресің жарты күн,
Неге сонша кешігесің, жарқыным.
Сенің де ұлың кейін менің ұлыма,
Ұғындырар мәнін өмір парқының.
Ешнәрсе де кірмес сенің ойыңа,
Сен кіргеннен өкпе қалар жайына.
Ата-анаңа айт, біле тұра қыдырмай,
Отырсын деп бір келгенде айына.
САҒЫНЫП БІЗДІ ЖҮР МЕ ЕКЕН
Сағынып жүр-ау немерем,
«Атама қашан жетем?» - деп.
Қорқамын осы немеден,
Жат болып кетер ме екен деп.
Жылайды дейді етбеттеп,
Түсінер оны жан бар ма?
Аяқ киімін «топ-топ» деп,
Қолына ұстап алғанда.
Сермейді қолын боташым,
Әйтеуір кетесің ғой деп.
Қия алмай тұр-ау атасын,
Көңілге күдік, түрлі ой кеп.
Есікке қарап «аталап»
Сағынып бізді жүр бөбек.
Бірнәрсе десе, жата қап,
Өкпелейді екен дүр бөлек.
ЕСІМІН ҚОЙДЫҚ БАБАҢНЫҢ...
Шерухан, менің салтанатымсың, сәнімсің.
Жүректі кернеп айтылар шаттық әнімсің.
Бабаңның атын өзіңе бердік Шеру деп,
Хан болсын, ертең елі-жұртына танылсын.
Деп атаң қойды азан шақыртып атыңды,
Сүйегі асыл бабаңмен тектеп затыңды.
«Шерімді басар Шеруім!» - дейді, айналып,
Тынымды өзі, болады бәлкім, ақылды.
Сен туғалы бері Алла да нұрын төкті кеп,
Сан қонақ келіп, айтылды үйде көп тілек.
Қырқыңнан шықпай тосқанды біліп, түйсіндің,
Қуанар атаң «Шеруім – асыл текті»-деп.
Әкең де сенің үндемей жата беретін,
Кісінің бәрін өзіне жақын көретін.
Өскенде сен де азамат болшы әкеңдей,
Қолында барын досына бөліп беретін.
Нәрестем
Тұңғышы тұңғышымның - Әміртайым,
Барасың жақын болып келген сайын.
«Қолға үйреніп кетпесін»,- десе де атаң,
Елжіреп мен өзіңді қолға алайын.
Нәрестем, кіп-кішкентай Әміржаным,
Сен әлі түсінбейсің өмір мәнін.
«Жарығым, жүрегім», - деп құр айналып,
Әжеңнің сеземісің сағынғанын.
Жәудіреген көзіңнен, балапаным,
Атаңа қандай қызық қарағаның.
Өзіңді еппен ғана аялаған,
Әжеңнің сеземісің алақанын.
Иісіңнен айналайын, жаным балам,
Сен менің, дастанымсың жазылмаған.
Уілдеп, әжеңді іздеп еркелеген,
Жетеді қала жақтан назың маған.
ЕКІДЕГІ ТҮРІҢНЕН...
Былдыр-былдыр тіліңнен,
Есейгенің білінген.
«Құладым» деп, жылама,
Ешнәрсе жоқ бүлінген.
Томпаң-томпаң жүрістен,
Сыңғыр-сыңғыр күліскен.
Ыржиясың мәз болып,
Тісің аппақ күріштен.
Жылт-жылт еткен жанардан,
Келте кекіл таралған.
Осы кезде апаңа
Сені көру зор арман.
Отырсам да сағынып,
Бүгін саған бара алман.
Сағыныштан елеңдеп,
Жырымды да жаза алман.
Таңмен бірге оянып,
Былғамаған жаялық.
«Әпүшіңді» әкелші,
Бір түшкіріп қоялық.
Былдыр-былдыр етіскен,
Күліп-ойнап жетіскен.
Балапаным, Әмірім,
Бауырымен шекіскен.
Құшақтасып қауышқан,
Секілді бір сауысқан.
«Ауызы дәу» деп, мақтаса,
Алдағы асын тауысқан.
Әжесінен ұнаған,
Көтеруін сұраған.
Құлағанын байқасаң,
Одан сайын жылаған.
Дырылдатып мәшінін,
Қарап қояр ақырын.
Тымпың-тымпың жүгірген,
Осы ма өзі кәсібің?
Қарбалас сол нұсқадан,
Әкесіне ұқсаған.
Құшақтаймын деп бауырын,
Қылғындырып ұстаған.
Есейгені білінген,
Екідегі түріңнен.
Жарылғалы шақ тұрмын,
Қуаныштан бүгін мен.
СЕН – СӘБИСІҢ...
Сен – сәбисің,
Сен менің немеремсің,
Біз барғанда,
Шаттыққа кенелерсің.
Ата-анаңа хабарды жеткізуге,
Екі қолды шапаттап жөнелерсің.
Құстай ұшып,
Қуанып қарсы аласың,
«Апам-атам келді!» - деп, жар саласың.
Өзіңе-өзің әп-сәтте шаттық сыйлап,
Қылығыңмен жазасың жан жарасын.
Ал кетерде
Сен бізді қия алмайсың,
Қылық ашып,
Алдымда бұраңдайсың.
Жоқты тауып,
Жолыма бөгет жасап,
Әйтеуір, бізді есіктен шығармайсың.
Жұмысым көп...
Сен оны ұға алмайсың.
Қасымда ылғи болса деп қиялдайсың.
Сылтауратып
Болмасты тақырып қып,
Кетерде жылаудан да ұялмайсың.
Етегіме
Жармасып жібермейсің,
Үйрене бер,
Қашанғы жүрер дейсің?
Бұл өмірден,
Жоқ болып кетсек бір күн,
«Қайда кеткен?» - деп, бізді түгендейсің.
Бақшаңа бар,
Апаңа алаңдамай,
Мұның бәрін
Айтамын саған қалай?!
«Ертең келем»
Дей салдым көңлің үшін,
Ертең жұмыс
Барамын, балам, қалай?
Атаңменен келеді
Бір қыдырғың,
Біздер барған мереке-
Нұр бүгін күн.
Әлек салып тағы да
Аяқ-асты,
Кетемін деп біздермен
Тұр бүлінгің.
Жалғасады өмірім
Өзіңменен,
Қызығыңды көрсем ғой
Көзімменен.
Сені алдыма ап әлдилеп
Отырар ем,
Күндерімді қайтемін
Көз ілмеген,
Арпалысып іштегі
Сезімменен.
Осы екен ғой, шіркін-ай,
Өмір деген!
ҚОҢЫР МАРҚАМ
Күнім менің,
Мені көріп, «апа» деп күлімдедің,
Түсіме ендің,
Күткендей-ақ көзімнің ілінгенін.
Қоңыр марқам,
Ерекше қылығыңмен,
Сағыныштан жанымды тілімдедің.
«Келмейсің неге жиі?» дегендейсің,
Жаныңа жіпсіз мені көгендейсің.
Құшақтап жабысқанда еркелеп кеп,
Өзімнің ажырамас денемдейсің.
Сен – тәттісің,
Сүйкімді немеремсің,
Сені көрсем, шаттыққа кенелем шын.
Сен жол қарап жатқанда мен келемін,
Не деген болжай білер көрегенсің?!
Сен менің қуанышым, көз жанарым,
Сені көрсем әйтеуір мәз боламын.
Немере деген сондай тәтті екен ғой,
Өскенін білмей қалдым өз баламның.
ТЕКЕМЕТТІҢ ҮСТІНДЕ
Кереметі болар әрбір істің де,
Өзіңізді еске аламыз біз күнде.
Бақар-шақар өсіп, апа, жатырмыз,
Өзің басқан текеметтің үстінде.
Үш немерем ойнап жатыр алысып,
Бірін-бірі қуалайды жарысып.
Омақаса құласа да қыңқ етпей,
Қайта тұрар бір-біріне жабысып.
«Апаң көріп еске алады анасын,
Енді жоқ ол, жасамайды жаңасын.
алыспаңдар», - деп қоямын әредік,
зілсіз ғана өзіңе ұқсап, анашым.
«Тәуба!» деймін, былғаса да, шашса да,
Бүлінбейтін, тозбайтұғын тас қана.
«Енеміздің шешесінен қалған» деп,
Келіндерім қарап қояр жасқана.
Апа, өзіңнен қалған бұйым – текемет,
Сыз жібермес жерден.
Жылы, не керек!
Жетіп еді үш балам да үстінде,
Осылардай бірін-бірі жетелеп.
Пана болып жылы, жұмсақ төсеніш,
Апа, әлі жетілеміз, өсеміз.
Ию-қию базар қылып үй ішін,
Шілдехана және өткіздік кеше біз.
АҚ ҚҰЛЫНЫМ
Немерем, айналайын, ақ құлыным,
Ақпанда анаң сені тапты, күнім.
Қандай ыстық өмірге сен келген күн,
Қуаныш қой туған күн – дәп бүгінің.
Төртке келдің, алтыным, жарқылдаған,
Әр қимылың, әр сәтің алтын маған.
Ақылды боп келесің, ақкөңілім,
Көңілінде қалтқы жоқ аңқылдаған.
Құтты болсын, құлыным, әр қадамың,
Шырқалатын шаттықпен салған әнім.
Туған күнмен құттықтап шын жүректен,
Бұл өлеңім – өзіңе арнағаным.
Атаң сені сүйеді «ергенім» деп,
Апаң сені сүйеді «ермегім» деп.
Әкең сені «аумаған өзім» дейді,
Анаң сені «қара ұлым, қозым» дейді.
Тәтең сені сүйеді «бауырым» деп,
Ақыл кірген ересек тәуірім деп.
Сені жақсы көреді таудағы атаң,
Нағашылар күтеді қауымың боп.
Әділет пен Меруерт «балам» дейді,
Кішкентайдан қамыңды жаман жейді.
Қарындасың – Алуа «ағам» дейді.
Ал, Шерухан еркелеп балалықпен,
Сендегі бар ойыншықты алам дейді.
Ерхат көкең сүйеді «жиенім» деп,
«Қол жұмсауға болмайтын киелім», - деп.
Ал біз жүрміз - атаң мен екеуіміз,
Көзім барда өзіңе иемін деп.
Құтты болсын туған күн, Әмір қозым,
Ерте туған – алғашқы қоңыр қозым.
Сен есейіп артыңнан бауыр еріп,
Болсын жолың қашанда жеңіл, қозым!
СЫЙЛЫҒЫМ
Асығыс саған келгенім,
Өзіңді жақсы көргенім.
Бүгінгі күннің сылтауы –
Екіге сенің келгенің.
Бүгін сен келдің екіге,
Тола бер өсіп, жетіле.
Шеруім менің шөлбасар,
Қарайсың күліп бетіме.
Әкеңнің тұңғыш ұлысың,
Тәтті қозымның бірісің.
Мейірбан болып өсе бер,
Күйетін бірі-бірі үшін.
Атаң мен апаң кеп жетті,
Екіге келдің, ержеттің.
Ұмтылған сәтің талпынып,
Жанымды қатты тербетті.
Шертілді қанша күй бүгін,
Күлімдеп көкте сүйді күн.
Қуантты сені ерекше,
Өзіңе алған сыйлығым.
***
Шеруім, кешір мені, балапаным,
Сәбисің атқан күліп жаңа таңың.
өзіңе, жүрмін ғой, деп, бір бара алмай,
Ала алмай ақындықтың бір атағын.
Талпынып тәй басасың бірер қадам,
Жетуге асығасың маған таман.
Кеудеме басып, бір сәт құшақтасам,
Сол күйім үлкен демеу болар маған.
Іздемейді апам деп ойыңа алма,
Алып жүрем түсімде сені қолға.
Кеп тұрушы ем өзіңе жұма сайын,
Жұмыстан қалт еткен бір уақыт барда.
***
«Туған күнім таяды!» - деп,
Жүр ме екенсің күн санап.
Ертеңгісін оянып ап,
Күнпараққа бір қарап.
Екінші ақпан туғансың сен,
Ақпан жақсы, алайда.
Мұқағали туылған ғой,
Аңыз болған талайға.
***
Темірлан келді екіге,
Ұрпағым берсін жетіле.
Шақырды келін құрметтеп,
Жеткізсін Алла ниетіне.
Дені сау болсын ботамның,
Солармен «апа» атандым
Тек ұлы болмай ұлымның,
Перзенті болсын Отанның.
Азамат болсын Тимошым,
Жұтаң бір киім кимесін.
«Қозы» деп айтар атасы,
Деп ойлап тіл-көз тимесін.
Мейірімді болса немерем,
Нұр құяр Алла төбеден.
Соларды көрсем қуанып,
Шаттыққа үлкен кенелем.
Немерем болсын ғұмырлы,
Естісін әлем үнімді.
Құтты болсын қос жасы,
Біз тойлап жатқан бүгінгі!
***
Алдымнан шығып боташым,
Қуантар ма апасын?!
Сағынып жүрсе немерең,
Қалай тыныш жатасың?
Көрейін барып «күнімді»,
Естиін тәтті үніңді.
«Апа, қашан келесің?!»
Деген сөзің бүгінгі.
ойландырып тастады,
Қалаға қарай бастады.
Немеремнің елестеп,
Елеңдеп мені тосқаны.
«Бота» деп сені атайын,
Қызығыңа батайын.
Саулығың сұрап Алладан,
Тілеуің тілеп жатайын.
САҒАН АРНАП...
Сен менің өміріме көрік бердің,
Сен барда сенімім де берік менің,
Өзің жесін тамсанып, келгенде деп,
Бақшадан саған арнап өрік тердім.
Сен кеттің серкеш даулап нағашыңа,
Мен отырмын су құйып ағашыңа.
Сен менің өмірімнің өзегісің,
Қымбатсың, жан жетпейтін бағасына.
ҚОНАҒЫМДАЙ ҚЫП КҮТСЕМ...
Төрт қозым тәтті,
Сағынып қатты.
Өздерің болып беталдым.
Қалаға барып,
Төртеуіңді алып,
Келуге, міне, бет алдым.
Үйге алып келіп,
Барымды беріп,
Қонағымдай қып күтсем деп.
Дүкенге барып,
Сыйлығымды алып...
Жоспарлағаным тіптен көп.
Көпсіте қағып,
Төсегін салып,
Ұйықтатсам айтып ертегі.
Ұйқысы қанып,
Жүзі бал-бұл жанып,
Оянса күліп ертеңі.
Р.S
Оянып бірде,
Қарамай түнге,
Әуенге басты кішісі.
Арқадан қағып,
Төртеуін бағып,
Бұзылды түннің тынысы.
Ертесін тұрып,
Жұмысқа келіп,
Қалғып та кете жаздадым.
Бағасың бала,
Өскенше ғана...
...Айтпай-ақ қойсам ар жағын.
ӨМІРІМНІҢ МӘНІ СЕН
Төрттемін деп қуанып,
Көрсетесің қолыңмен.
Жыласаң, тез жұбанып,
Жөнін айтса, орынмен.
Қаңтар айдың жетісі,
Сен төрт жасқа келген күн.
Барлық әлем күлімдеп,
Саған көңіл бөлген күн.
Атаңа да еркелеп,
Апаңа кеп асылып.
Тұрдың бүгін ертерек,
Жүрсің әне асығып.
Былдырлаған құлынсың.
Тәп-тәтті бір шырынсың.
Өмірімнің мәні - сен,
Байқамаппын бұрын шын.
Құлыншағым, боташым,
Еркелеп тіл қатасың.
Жүрегімен ақтарған,
Алшы апаңның батасын.
Менің тәтті немерем,
Саған жұқсын өнегем.
Өзіңменен өркендеп,
Өзіңменен кенелем.
Құтты болсын төрт жасың,
Аман болсын от-басың.
Ағаң – Әмір қамқор боп,
Ешкім беттен қақпасын.
АҚ НЕМЕРЕМ АҚЫЛДЫ
«Апа, - дейді, жақындап, -
Ертегі айтып бер маған».
Ақ немерем ақылды-ақ,
Алтыға әлі толмаған.
Хабары бар суреттен,
Бәрін жақсы көреді.
Бала бақша үйреткен,
Әндер айтып береді.
Үні келер құлаққа:
«Апа, алып кет!» - деген.
Күнім жүр ғой жырақта,
Күндер мынау өтпеген.
ТУҒАН КҮНІҢМЕН
Сегізге келдің секіріп,
Келесің, міне, жетіліп.
Тәртіпті ғана баласың.
Айтпайсың әсте өтірік.
Екісі бүгін ақпанның,
Шуағындайсың ақ таңның.
Есімде бәрі, есімде,
Сен өмірге келген шақтардың.
Сегізге келдің, сары ұлым,
Санаңа бойлап сан ұғым.
Есейіп, міне, келесің,
Үш тілді оқып, таныдың.
Аман бол, күнім, жарығым!
АЛУАҒА
Алуа, құтты болсын бес белеңің,
Сәбисің жөнін білмес ештеменің.
Өзіме ұқсасын деп пысықтығың,
Бір жаста тұсауыңды кескен едім.
Пысықсың, қағілезсің, бір тал гүлім,
Бес жасқа толған күнің сенің бүгін.
Келдім саған арнайы сыйлық алып,
Жолаушының арқалап ауыр жүгін.
Қуаныш құтты болсын, Алуашым,
Жоқ шығар тапшы ойыншық, зәру асың.
Сапарға шыға қалсаң ата-анаңмен,
Ең алдымен апаңды сағынасың.
Үрпиіп желбіреген тұлымыңнан,
Айналдым тықылдаған қылығыңнан.
Аулада болпаңдаған талай қыздың,
Келмейді ешқайсы да жұлығыңнан.
***
Мен қалай үйде жатам, беске келсең,
Ортаны жол қылармын, өсте берсем.
Құтты болсын, Алуа, келген жасың,
Қалайша ұмытайын есте жүрсең?!
Бір қызсың төрт немере ортасында,
«Әже» атандым Алланың арқасында.
Туған күнің осынау мамыражай,
Тамылжыған тамыздың ортасында.
Өзімнен аумай қалған, Алуашым,
Бір апта көрмей қалсаң, сағынасың.
Зәру болып, жұмсауға жан таппасам,
Айтқызбай-ақ жанымнан табыласың.
НЕМЕРЕМ
Бара қалсаң айрылмайды бір елі,
«Қала тұрса екен» - оның тілегі.
Торға түскен баласындай торғайдың,
«Кетем» десең, лүп-лүп етер жүрегі.
АППАҒЫМ
Құшақтайын, келші бері, «ақ бала»,
Өзіңді айтып жыр қыламыз мақтана.
«Қара, қара»,- дейді осы жұрт сені,
Жүрсін дейді-ау тіл мен көзден сақтана.
Біздер үшін сен әйтеуір аппақсың,
Көзіңе айтып жатқаным жоқ мақтап шын.
Айта берсін, мейлі, «қара бала» деп,
Ақ ботам-ау, кімнің аузын жаппақсың?!
Менің титтей немеремсің, аппағым,
Жуылмапты-ау бетіңдегі сатпағың.
Кіп-кішкентай домбыраңды қолыңа ап,
Таусылмасын бізге айтатын тақпағың.
Аппағым!
ҚҰЛЫНШАҒЫМ, СӘТ САПАР
Желбіреген тұлымы,
Атасының құлыны.
Апасының қызығы.
Елден ерек жұғымы.
Мақтанышы әкенің,
Қуанышы ананың.
Бара жатыр мектепке,
Алды болсын баланың.
Шеру қозым, ақ қозым,
Аман болсын, бақ қозым.
Кеше алған формасы,
Өзіне дәл, шақ қозым.
Алғыр болып біліммен,
Ұстазыңа жақ қозым.
Алды болып сыныптың,
Алтын белгі тақ қозым.
Ал, құлыным, сәт сапар!
Байлық емес, бақ шабар.
Келешегің алдағы,
Бүгініңнен басталар.
Құлыншағы ұлымның,
Желбіреуін тұлымның.
Беріп жатқан садақа,
Қабыл болсын бүгін күн.
Ақ жол, кәне, тілейік,
Ойдағы мен қырдағы.
Аман болсын әйтеуір,
Атамыздың ұрпағы.
ҰЛЫМ МЕНІҢ
Ұлым менің,
Лаулаған отым менің!
Қуантады есейіп, жетілгенің,
Мен бармаған жерлерге сен бара алсаң,
Мүмкін емес өмірде өкінбегім.
Сол бір күндер менің де сағынарым,
Сонда мұңға мүмкін бе бағынарым.
Мен жетпеген арманға сен жете алсаң,
Мүмкін емес мұңайып, қамығарым.
Мен қонбаған шыңдарға қонар ма едің,
Үміт-арман кеудемде толар менің.
Мен шықпаған биіктен қол бұлғасаң,
Өміріме неге өкпем болар менің?!
Ұлым менің,
Өшпейтін отым менің!
Бақыт бізге есейіп, жетілгенің.
Мен шықпаған биікке сен шыға алсаң,
Мүмкін емес өмірде өкінбегім.
ЖҮРМІН СЕНІ САҒЫНЫП
Құлыным-ау, кетіпсің ғой жүдеп тым,
Сол қалпыңмен сағынышымды үдеттің.
Сенің тартқан сазды әуенің баянда,
Көңіл күйін тербеді ана-жүректің.
Келдім сені көру үшін асығып,
Аналық сол сезіміме бас ұрып.
Көрмеген соң жүре береді екем ғой,
Аймаладым, мауқым бір сәт басылып.
Құлыным-ау, жүрмін сені сағынып,
Кетті еріксіз жанардан жас ағылып.
Талмай самғап, өнер қуған ботам-ау,
Кеттің бе әлде өнеріңе табынып.
Көктем келді, келмейсің бе құлыным?!
Талдар көктеп, өріп жатыр бұрымын.
Ойлауға да уақыты жоқ өзіңді,
Мен бір жүрген қу тірліктің құлымын.
Жыр жазайын сағынышым тарасын,
Сүт бетінің қаймағысың, дарасың.
Мейлі, қанша ержетсең де, өссең де,
Маған мәңгі сәби болып қаласың!
БАЛА ҚЫРАН
Жарыстардан тұрмаған қайсы ғалам,
«Жолың болсын!» балаңа айтшы, далам.
Таңдандырып әлемді талантыңмен,
Тамсандырып шет елді қайтшы, балам.
Намысы үшін елінің бара жатыр,
Ел намысын бермейді ол қара да тұр.
Бір ұланын ұшырып көкірегінен,
Масаттанып, керіліп дала жатыр.
Мейіріміңді жолыңа шаш та бүгін,
Жақсылыққа шуақты баста, Күнім!
Шыңдарыңа құлаштап бара жатыр,
Баурын жазып төсіңде қасқа құлын.
Жеткізе гөр тәңірім, арманыма-ай,
Бір үмітке үмітті жалғап ұдай.
Талантты ұлды еліме тауып бердім,
Көтер енді ұлыңды, қолда, құдай.
Қолда тәңір, қолдай гөр аруақ-бабам,
Ақ сарбас қой атадым арнап саған.
Намысы үшін елінің бара жатыр,
Аспанында әлемнің самғап балам.
Жігер-қайрат байқалып қабағынан,
От ұшқындар алаулап жанарынан.
Бара жатыр қалықтап көк әлемде,
Томағасын сыпырған бала қыран.
Жарыстарда топ жарған дарабозым,
Игі ісіне еліңнің жарап өзің,
Қуанышпен аман-сау оралғайсың,
Жолың болсын, сәт-сапар, қара қозым!
ОН ЕКІҢМЕН...
Қызым – гүлім бағымда аялаған,
Бауырымда өзімнің саялаған.
Емін-еркін өсе бер анаң барда,
Мейірімін өзіңнен аямаған.
Қызым менің, қызғалдақ қырымда өскен,
Шығармассың бұл күнгі жырымды естен.
Жарқылдай бер әкең мен шешең барда,
«Қу жаныңа не керек, құлың» дескен.
Жылда-ақ жасап туған күн беретінмін,
Бұл күнге жыр жазуды сен өтіндің.
Ендеше жыр арнадым саған, ботам,
Бұл – сыйы келе жатқан он екіңнің.
Еркелік өскен келте бұрымыңнан,
Желбіреп, желкілдеген тұлымыңнан.
Алды боп қатарының жарқылдаған,
Айналдым, ақ маңдайлы құлынымнан.
Өнердің азабына көнер ме ең,
Тілегім, жұқпасын тек өлең менен.
Жыр арнашы, ана,- деп өтінесің,
Жаның жақын болғаны-ау өнерменен.
Жылаған боп кей сәтте, бейне күлген,
Сәби болып кетесің кейде мүлдем.
Жырым артық сен үшін болғаны ғой,
Сыйға тартар әдемі көйлегімнен.
Есейгенің келіпті көрінбей-ақ,
Тал гүлімсің өрілген өрімдей-ақ.
Керек болса саған жыр, ботақаным,
Жазайыншы бір дастан ерінбей-ақ.
Жыр-шумағы құралып жатыр ойдан,
Өнер сүйген айналдым ақыл-ойдан.
Болғаны ғой шынымен жырым қымбат,
Әперем деп мен айтқан топылайдан.
Тыным көрмей үй жиып ала таңнан,
Су шүберек түспеген алақаннан.
Жырым артық сен үшін болғаны ғой,
Саған арнап тігетін сарафаннан.
Жүрегімнің жұлдызы, сен өтінген,
Өзің үшін жыр қымбат желетімнен.
Ақыл-ойы толысқан қолқанатым,
Құттықтаймын бүгінгі он екіңмен!
***
Өрлей бер өрге, құлыным,
Ұзақ болсын ғұмырың.
Ұл-қызың аман ер жетіп,
Өмірдің көргін қызығын.
Тербеттім сені жырыммен,
Аймалап шуақ-нұрыммен.
Айналдым сенің, құлыным,
«Анашым» деген үніңнен.
Еркелеп бізге ер жеттің,
Жырыммен сені тербеттім.
Өнердің шықтың өріне,
Алғысын алып жер-көктің.
Ортаншым менің – Әділім,
Адал да әділ сары ұлым.
Күлімдеп қарсы алатын,
Шуағым менің жарығым.
Құттықтап туған күніңді,
Келіп те қалдық бүгінгі.
Ниеті түзу жандардың,
Барлығы көрді үйіңді.
Көбейсін енді бастарың,
Ұзақ болсын жастарың.
Қаумалап, жаны ашитын,
Көп болсыншы достарың!
АҚ ЖОЛ
Ақылды бол, ақ жолға баста бүгін,
Бір басыңа жетеді баста білім.
Еркелікті, есейдің таста, күнім,
Айналайын түріңнен, қасқа құлын.
Әкең, шешең сен үшін жанын жалдап,
Бар жасайды әйтеуір жоқтан қармап.
Білім қуып жасыңнан өскен өрен,
Талаптанып ұша бер биік самғап.
Жігіт болдың сындарлы, өнері асқан,
Біліміңе тәнті елің сонау бастан.
Сол білімді пайдалан елің үшін,
Үлесің деп таниық елге қосқан.
Болмайды ғой өмірде бас құралмай,
Үйленбей-ақ қойдың-ау қас қылғандай.
Алдымыздан томпаңдап жүгіретін,
Немереміз бар болса, жақсы қандай!
Балалар – көзге қуаныш ...
Баспана іздеп, алаң боп,
Көргем жоқ, жаяу емеспін.
Жағдайы төмен адам деп,
Ойлай да қоймас мені ешкім.
Ұлым бар – екі алтыным,
Қызым бар – көзге қуаныш.
Өтіп те жатыр әр күнім,
Соларды етіп жұбаныш.
Аллаға берген мың тәуба,
Алтындай немерелерді.
Жазбауға қандай сылтау бар,
Әлдиін әже төк енді!
БЕСІК ТОЙ
Қуанышқа кенелемін,
Бесік тойы шөберемнің.
Бесікке сап талай-талай,
Немеремді бөлегенмін.
Тек қызығын көре бергін,
Бесік тойы немереңнің.
Той жасадың «бесік той» деп,
Барын жайып өнегеңнің.
Каусар қыздың бесік тойы,
Келе жатыр өсіп бойы.
Титтей сәби аман болсын,
Елден тұрсын озып ойы.
Біздің тұңғыш шөбереміз,
Сіздің тұңғыш немереңіз.
Жатты, міне, тал бесікке,
Қуанышқа бөленеміз!
Қандай тәтті немереңіз!
ӘЛИ БАЛА
Сәби келді өмірге, Әли бала,
Әли үшін басталды өмір жаңа.
Менің інім ұлды боп қуанып жүр,
Қарап тұрсам, інімнің өзі бала.
Жүгіріп жүр ұлды боп, жаны қалмай,
Ақ түйенің қарыны жарылардай.
Қуанышқа ел-жұртын жинап алды,
Келіп жатыр қонағы бәрі қалмай.
Інім-дағы туылған Түркістанда,
Қуанбасын қалай ол ұл құшқанда.
Қоңыраттан тараған, Жетімдерден,
Саналамыз екеуміз туысқанға.
Ұзақ болсын ғұмыры Әлиіңнің,
Дені сау болсын қашанда сәбиіңнің.
Келінменен екеуің бақытты боп,
Түзу ұшсын түтіні жаңа үйіңнің!
ІІІ БӨЛІМ
ЖЕЛБІРЕСІН КӨК ТУЫМ
БҮГІН СӘБИ БОЛҒАНЫМЕН ...
Арналады бөбектерге жыр-әнім,
Бүгін сәби – былдырлаған ұланың.
Бүгін – сәби, ертең қайдан білесің,
Бәлкім болар ұлағатты мұғалім.
Мүмкін сақшы ел күзетіп тұратын,
Альпинист сол биік шыңға шығатын.
Бүгін сәби болғанымен, шындық қой,
Ертең оның болатыны ұлы ақын.
Бүгін – сәби, арманы асқақ жас талап,
Мүмкін Айға үй тұрғызар, тас қалап.
Талабына таудай үміт арталық,
Бар арманын сәби шақтан бастамақ.
Балбөбектер, тез есейіп, тез жетіл,
Сәби ғой деп қарамайық біз де кіл.
Бүгін сәби болғанымен, күні ертең,
Елбасы боп қалмасына кім кепіл!
ЕЛОРДАМ – ӘСЕМ АСТАНАМ
Елордам - бас қаласы елдігімнің -
Астана алтын зері белдігімнің.
Бүгінде бүкіл әлем танып отыр,
Арқасы бұл да Тәуелсіздігімнің!
Орын алып Сарыарқа кіндігінен,
Қала орнады Елбасы ерлігімен.
Керегесін қатайтып, уық тіктеп,
Түтіні түзу ұшқан түндігінен.
Жаңашыл, білгірлігі Нұрағамның,
Ел-жұрты тәубә дейді бұған әр күн.
Океанариум – әлемде жоқ ғаламат,
Этнопаркі – тарихы ұлылардың.
Бір кезде тың игерген аймақ еді,
Бірге өскен еңбекпенен қайнап елі.
Бейбітшілік сарайы, «Хан Шатыры»,
Көз тартар әсемдікпен «Бәйтерегі».
Елім деп бойда күші сарқылмаған,
Сән берер сәулет өнері жарқылдаған.
Көтерген әр тасынан Елбасының,
Құлаққа келеді үні «халқымдаған».
Мұрындық болған игі бастамаға -
Назары бар әлемнің Астанада.
Ат жалын тартып мінген он үш жаста,
Ұқсайды алтын айдар жас балаға.
Артта қап қиындықтың тас қамалы,
Еңбекпен гүлдендіріп жас қаланы,
Тәуелсіз мемлекеттің туын ұстап,
Ел-жұрты әнге қосар Астананы!
«НҰР ОТАН»
«Нұр Отан» ол – ер қазағым өрлеген,
Ешқашан да қолдан намыс бермеген.
Ол – халықтық демократиялық партия,
Бірге өсіп, бірге жүрер елменен.
«Нұр Отаным» - ар-намысым, шапағым,
Көтеретін елдің даңқын, атағын.
Қазағымның келешегі жақсарса,
Көшбасшысы оның да - «Нұр Отаным»
***
Оймен шолып бай тарихтың парағын,
Өнерімді сабақтайды талабым.
Дәріптейін егеменді елімді,
Осы жайлы толғап өтсін қаламым.
«Нұр Отанның» арқасында өрледі,
Жаңару мен жетістіктер елдегі.
Әл-ауқаты артып отыр халықтың,
Бұл партия дүниеге келгелі.
Өз еліне еңбегімен ұнаған,
Партияның кемеңгері – Нұрағам.
«Жол картасын» тосып елдің алдына,
Бес бағытпен жасалмақшы зор қадам.
Нұр ағам бар халқына сай жолыққан,
Ел-жұртының тілек-мұңын дәл ұққан.
Тіл заңына қосты қанша үлесін,
Бар әлемге елдігімді танытқан.
***
Бастан кешкен қиындықты сан ғасыр,
Ғажап әрі бай тіліміз мәңгі асыл.
Бұл заманда асыл мұра тілімді
Үйренбесе азаматтық арға сын.
Сараманды тіл туралы заңымыз,
Тап-таза тіл - ол – тап-таза арымыз.
Көтерейік мәртебесін тілімнің,
Тіл – тағдырым – қадірлейік бәріміз.
Ішкі-сыртқы саясатын қолдаймыз,
Елім үшін атты, міне, бұла таң.
Әр кез оны бір адамдай қорғаймыз,
Сенеріміз – тек бір Отан – «Нұр Отан».
***
Қазақ елі - керуен көші дастан,
Жатсынбай жатқа-дағы есік ашқан.
Қанатының астына алып бәрін,
Тілейді барлығына ашық аспан.
Тәуелсіз елім көкке созып қолын,
Келеді өзгелерден оздық дегім.
Еліне нұр жақсылық іздейді кеп,
Нұрағам дүниенің кезіп төрін.
Кеңіткен «Нұр Отаным» ел тынысын,
Сеземін жылдан-жылға серпілісін.
«Нұр Отан» дегеніміз – Нұрағамдар,
Әлі сан жақсылықтың төркінісің.
Қиындық аттап өтіп бел-белесін,
Кеп қалған сияқты атым кермеге шын.
Елім деп «Нұр Отанның» көшбасшысы –
Нұрағам қолын көкке сермегесін.
ТӘУЕЛСІЗДІК – МОЙНЫМДАҒЫ ТҰМАРЫМ
Тәуелсіздік – қасиеттім, ұраным,
Шырқалатын шаттық күйім, жыр-әнім.
Тәуелсіздік – ата-бабам арманы,
Тәуелсіздік - мойнымдағы тұмарым!
Аман болып құт-береке ел іші,
Кеңи берсін қазағымның өрісі.
Еліміздің үстем болса мерейі,
Бұл, әрине, Тәуелсіздік жемісі.
Бейбіт аспан дәлелдейтін көктігін,
Көктем түстес желбіресін көк туым.
Жиырма бес жыл бұлтсыз аспан астында,
Қазағымда уайым-қайғы жоқ бүгін.
Бостандығым, тосқан күнім, ұраным,
Еркіндінім, көгімде ұшқан қыраным.
Азаттығым, ғажап күнім – осы күн,
Көрсетпесін енді өмір сынағын.
Ата-бабам армандаған ежелден,
Елі үшін жауға оғын кезенген.
Кеудемдегі қуаныштан тулаған,
Уа, халқым, шаттығымды сезер ме ең?!
Құтты болсын тәуелсіздік мерекең!
АТА ЗАҢЫМ - ТІРЕГІМ
Ата заңым – тірегім,
Заңды жақсы білемін.
Ата заңым болмаса,
Қалай өмір сүремін?!
Ата заңым - айбыным,
Ана тілім – байлығым.
Ата заңым – ардағым,
Ардақтайтын ай-күнім.
Еркіндігім, елдігім,
Алшаң басар келді күн.
Күшіне енген ата заң,
Қазағымды көр бүгін!
Алға басты еліміз,
Жетістігін көріңіз.
Осы күнге жетуге,
Кетті қанша теріміз.
Ата заңым – тарихым,
Бүкіл әлем танитын.
Байрағым тұр көгімде,
Біріктірген бар ұлтын.
Әділ заң деп атаған,
Айбары асқақ ата заң.
Ерлігіміз – ел қорғау -
Келе жатқан атадан.
Пісіп-жетіп туатын,
Заң – заманның қуаты.
Елдің алтын діңгегі -
Ата заңнан тұратын.
Ел тірегі - Елбасым,
Аман сақтап ел басын.
Ата заңды шығарды,
Деп еліміз қолдасын.
Менің ата заңым бар,
Жастық отын жағыңдар.
Ата заңым тұрғанда,
Судан таза арым бар.
Өз заңымды білемін,
Еркін өмір сүремін.
Ата заңым – айбыным,
Ата заңым – тірегім.
ҚАЗАҚ ТІЛІМ
Өз тіліңді
Қашан дағы ардақта,
Қадірлей біл,
Мақтан тұтқын әр уақта.
Қазақ тілім -
Мәртебесі елімнің.
Байлығы ол
Осы байтақ жерімнің
АСТАНАМ
Астана, туған күніңмен,
Әлемді баура нұрыңмен!
Құттықтап ыстық жырыммен,
Қуанып тұрмын бүгін мен.
Көрікті, көркем Астанам,
Астанам, асқақ бас қалам.
Армысың ару баспанам!
Астанам, сұлу жас қалам.
Өрілген жырдай қымбатты.
Әсем бір саздай ырғақты.
Бой түзеп, міне, келесің,
Көрікті ұлдай сымбатты,
Сенімін елдің ақтаған,
Өзіңменғана мақтанам,
Құтты болсын, бүгінгі,
Он жеті жасың аттаған!
ЕГЕМЕНДІ ЕЛІМІЗ БАР
Егеменді елін ері қорғайды,
Қастер тұтып ерін елі қолдайды.
Өр намысты сақшыларым тұрғанда,
Ертеңгі ұрпақ болашақты жалғайды.
Егеменді еліміз бар еңселі,
Ел тағдырын қолға берген ел сеніп.
Сақшылармыз ел қорғаны қашанда,
Өз ісіне нық кіріскен белсеніп.
Қайырмасы:
Біз берікпіз антымызға,
Ертүріктік салтымызда.
Туымызды түсірмейміз,
Біздер осы қалпымыз,
Қалпымызда.
Алға сүйреп жетелейміз ел көшін,
Тәрбиелеп еркесін де, серкесін.
Әрқашанда ел мүддесін арқалап,
Сарбаздарым қорғар туған өлкесін.
Сақшымыз біз туған елін сақтаған,
Ұлан-байтақ жерімменен мақтанам.
Орнымыз бар ел көшінде орнықты,
Келешекті жақсылыққа бастаған.
Көтереміз егемендік, елдікті.
Сап түзеген салқшыларым тұрды алда,
Ешқашанда еңкеймейді еліміз,
Еліміздің батырлары – біз барда.
ЖЫРЫМ МЕНІҢ - ЖЕТІСУ
Жер жұмағы жайнаған - Жетісуым,
Ақсу, Көксу, Қаратал, Іле – суым.
Жағасында жайқала қол бұлғайды,
Сұлу қайың, қарағай, емен – нуым.
Биік таулар – шыршалы, қарағайлы,
Қайың, жиде, самырсын балалайды.
Тіл жетпейтін осынау сұлулықты,
Қанша көрсең құмарың тарамайды.
Таңғы ауасы ашады сарайыңды,
Тамсандырар Жетісу талайыңды.
Кең алқапқа нәр беріп қатар аққан,
Ақсу-Көксу – екі өзен ағайынды.
Халқы өнерпаз, ақжарқын көңілдері,
Сауық-сайран, жыр толы өмірлері.
Қалалары әдемі - Иранбақтай,
Болашаққа деген зор сенімдері.
Төрт түлік мал мыңғырып өрісінде,
Береке мен бірлік мол ел ішінде.
Несібесі – егіні жайқалып тұр,
Тіл үйірген дәмі бар жемісінде.
Жетісудың жанып тұр бақ-айдары,
Жігер тұнған жастардың тарайды әні.
Осылай тыныштықпен ата берсін,
Тәуелсіз еліміздің арай таңы!
ҚапшағаЙ туралы ода
Қапшағайым, күн сайын құлпырасың,
Жаңалыққа қашанда ұмтыласың.
Сабырлы қалпыңнан бір жалыққандай,
Арнаңа сыймай кейде бұлқынасың.
Баққа айналып құба жон құмданатын,
Қала орнады төсіне құм даланың.
Кіші Алматы сияқты қалам мынау,
Тәкаппарсып теңіз тұр тұлғаланып.
Атқылайды бұрқақтар қуанысып,
Бірі асып бірінен құрақ ұшып.
Аспанға атып шаттығын сүйіншілеп,
Болашаққа жатқандай тым асығып.
Қапшағай, мұнша әдемі болармысың,
Толықсып кемеріңе толармысың.
Жағаңа жататұғын толқын ұрып,
Ақ шағала-жырларым оралды шын.
Еріне бұйра толқын ырғалытып,
Ал бірде буырқанып, шыңға атылып.
Кей сәтте ару қыздың жанарындай,
Жатады жағалауың сырға тұнып.
Күн шыққанда теңізден көтеріліп,
Сол күнді шағалалар кетеді іліп.
Аспан көк, айдын да көк, көк әлемге,
Бір келіп сауық-сайран етеді жұрт.
Шығады жан-жаққа жол тармақтанып,
Пойыз да өтер бір әуен арнап қалып.
Бақтарыңды аралап кетсем кейде,
Жалғыз аяқ жол шығар жан-жаққа алып.
Жиырма бес шағын аудан аумағың боп,
Төсіңде жаңа өмір қаулағын тек.
Сағындырса құм кешкен балалығым,
Жағажайға тұрады аунағым кеп.
Көлбеген көк теңіздің төсіндегі,
Қапшағай көп қаладан көш ілгері.
Ойын-сауық, демалыс аймағы боп,
Керек-ақ Қапшағайдың көсілгені.
Қол бұлғайды алыстан көгілдір көл,
Жағасында қыз-ғұмыр көңілділер.
Дөңгеленіп көк теңіз көз алдымда,
Мәңгі-кемем сияқты көрінді Жер!
***
Бұл жерді Жібек жолы басып өткен,
Сол жолмен ұлы Шоқан сапар шеккен.
Сан жорыққа қатерлі белін буып,
Ұрпақ үшін Шығысты зерттеп кеткен.
Құм далада қала орнап таңғажайып,
Көркейіп келе жатыр қанат жайып.
Бір өңірін Түрксиб көктей өтіп,
Бір өңірін көк теңіз жатыр шайып.
Тұншықтырып, айырып тынысыңнан,
Дүлей боран қап-қара құм ұшырған.
Сол өлкені игеріп адам күші,
Қала бүгін халқына гүл ұсынған.
Ер қазақ мекен еткен бұл өлкені,
Таңбалытас, Бесшатыр - бір ертегі.
Кәміл ғой бір кездегі құм мекеннің,
Жерұйық болатыны күні ертеңі.
Қара дауыл құм борап тайталасқан,
Құлазыған кең дала, шаңдақ аспан.
Демалыс орталығы болды, міне,
Туристерге есігін айқара ашқан.
Жүректерді жырыммен тербеп үнім,
Ақын деген қауымның өрнегімін.
Алтынкүрек секілді жылы леппен,
Ода жаздым қалаға мен де бүгін.
Көрсін әлем, танысын, сенсін ғалам,
Тапсырайын жырымды еншіңе аман.
Аңызақ дала жұмсартып табиғатын,
Оны игерген ұлы күш – сенсің, Адам!
ҚАПШАҒАЙДЫ КӨРГЕНДЕ
Ойға қалдым Қапшағайды көрдім де,
Болады екен сұлулығы жердің де.
Қос өркеш тау қоршап жатса бір жағын,
Көмкеріпті жағалауын көлдің де.
Көмкеріпті жасыл мақпал жазықты,
Қапшағайдың жанарынан жаз ұқтым.
Ортада арал, айбынды бір көл жатыр,
Жер шарындай шыр айналған қазықты.
Шетсіз-шексіз көсіліп көл жатқаны-ай,
Пай-пай, шіркін, ұлан-байтақ Қапшағай.
Даласынан жусан иісі аңқиды,
Жол жағасы егіп қойған бақшадай.
ЖЕҢІС КҮНІНЕ
Жауды жеңіп, дәмін татқан жеңістің,
Тоғызыншы мамыр – Ұлы жеңіс күн.
Ұран болған қуанышын елімнің,
Келіп отыр мен де жырмен бөліскім.
Әңгіме айтса, тұла бойды ерітетін.
Гүлін алып, немересін ертетін.
Мәңгілік от басына кеп бұл күні,
Қарттар қайда шежіресін шертетін?
Тоғызыншы мамыр – жауды жойған күн,
Күн шапағын, нұр шуағын жайған күн.
|
Қарттарым да сиреп бүгін барады-ау,
Сырын шертіп, жырын айтар майданның.
Мерекесі тоғызыншы мамырдың,
Салтанатпен ел алаңға ағылды.
Соғыс жайын аңыз қылып айтатын,
Қарттарымды, шежіремді сағындым.
***
Міне, ата, өзіңізді көріп біз,
Қуандық. Сіз – ортамызға көріксіз.
Кешегі өткен қан майданның азабын,
Ұрпағыңа жеткізуге келіпсіз.
Жас ұландар енді соғыс көрмесін,
Ондай нәубат енді басқа келмесін.
Мәңгі бейбіт күн күлімдеп төбемде,
Ел басына қайғы бұлты төнбесін!
СОҒЫС
«Соғысы құрсын, лағнет атсын!» -
Деп отыратын әжеміз.
«Бауырым, қайран, қайда жүр?!» - деген,
Әкені көрдік және біз.
«Қос құлыным-ай!» - деп, көңілі күпті,
Нағашым үні құлақта.
«Келеді бір күн», - деп, жолын күтті,
Қайтпады олар бірақта.
Ақырғы рет хат жазған екен,
«Мәскеуден өтіп барам!» - деп.
Оқитын еді құранын әкем,
Көз жасы тарам-тарам боп.
«Ережеп, - депті, Ржевті білмей,
Сол жерге келіп тоқтадық!»
Сонан соң хабар келмепті тілдей,
Кетті ме, бәлкім, оқ қағып?
Он сегіз жаста соғысқа кеткен,
Адамбек көкем келмеді,
Қатыгез еді бұл соғыс неткен!
Қасірет еді елдегі.
Әкемнің жалмап бауырын туған,
Шешемнің екі інісін.
Етті ғой соғыс талайды құрбан
Тарылтып елдің тынысын.
Өлі ме, тірі – білмейді бірі,
Өмірі өтті күдікпен.
Жүргендей болып бір жерде тірі,
Күтетін әкем үмітпен.
Мен көрген жоқпын соғысты – зұлмат,
Зарлаған көрдім халықты.
Азалы үндер сананы улап,
Құлақта мәңгі қалыпты…
***
Таза білем тілімді – мақтанышым,
Мәртебе алып тілімнің жатқаны шын.
Қуанамын, тербетіп әлдиімен,
Анамның қазақ етіп тапқаны үшін.
Мен несін түсем, досым, әбігерге,
Жатқам жоқ өз тіліме әлім келмей.
Туылдым қазақ болып, тілім – қазақ,
Өз тілімде жырымды таныды ел де.
Мен несіне әбігер болам, досым,
Жетпіс жылдық бодан күн оралмасын.
Өмір – кезек, күн туды, ол – біздің күн,
Енді тілім ешқашан жоғалмасын.
Қос тілде де қарыштап, адымдаған,
Қазақтай халық әсте табылмаған.
Асып-түсіп жатады сөйлескенде,
Шетелдіктің өзінен жаңылмаған.
Қазақ тілі – жұғымды, жүйелі тіл,
Ұлттың да адалдығын сүйеді бұл.
Жұқпаған өзін сүймес «өзгелерге»,
Байқаймын, қазақ тілім – киелі тіл.
Абай – өлең өрілген
Өлең – өрен қызғалдақтай қырдағы,
Алдарыңда ашылар сан жыр бағы.
Ғарыштарда шарықтатыл әндерін,
Ғасырларға жалғастырар ұрпағы.
Құйып қойған саф алтындай жыр мүсін,
Баба рухы, әлем шарлап жүрмісің.
Жебей жүрші, демей жүрші, торына,
Қасіреттің түспесін деп бір құсың.
Ұлы тұлға, дара тұлға, ән-әлем,
Абай әні жаңғырады даламен.
Өлең сөздің патшасы боп ұлы Абай,
Ұрпақтарға жалғасады санамен.
Абай – өлең, өлең – Абай өміршең,
Жараспай ма, бүгін жыр боп төгілсем?!
Бабамыздың риза болсын аруағы,
Көрсет ұрпақ өнеріңді, не білсең!
Өлең – Абай, Абай – өлең өрілген,
Өлеңімен асқар шың боп көрінген.
Қара сөзі – ақыл-ойдың арқауы,
Бабам әні – мөлдір бұлақ төгілген!
Жатыр бүгін қаламызда думан боп,
Ән шырқасып ойын-сауық қуған топ.
Абай – дана, Абай – дара қазақта,
Ұлы ақындай ақын әлі туған жоқ.
Әлемді Абай, Абайды әлем таныған,
Өлеңімен қара тасты жаныған.
Дүниеге ұлы Абайды әкелген,
Айналайын қазағымның қанынан!
ЖАМБЫЛ БАБАМ
Алыбы асыл жырдың Жамбыл бабам,
Көгімде жұлдыз болып жарқылдаған.
Айбарлы Алатаудай биік болып,
Артында аты қалды алтындаған.
Той жасап, дүркіретіп халық әні,
Еске алып жыр алыбын сағынады.
Кезінде жалған емес шетелдіктер,
Қазақты Жамбыл деп те танығаны.
Жұртшылық тең келтірмес бар асылға,
Қазақта Жамбыл бабам, дара тұлға.
Су төгілмес жорғасы Жетісудың,
Жасынан жыр жайлаған санасында.
Байларды сынап, кедей жоғын жоқтап,
Сөйлеген Жамбыл бабам халқын қорғап.
Елінің мүддесі үшін аянбаған,
Шабытын шақыратын «Сүйінбайлап».
Піріне Сүйінбайдың сыйынатын,
Көмейден түйдек жыры құйылатын.
Өлеңге тұла бойы елтігендей,
Бүкіл ел маңайына жиылатын.
Айтысқан Доспамбетпен, Құлмамбетпен,
Айтысын Сарбасты да жеңіп кеткен.
Сыйлығын Мемлекеттік иеленіп,
Соғыста жігер беріп жырын төккен.
Ағайын жаны ашымас қылығынан,
Шыға алмай кедейшілік құрығынан.
Екі елдің бұзбайын деп тыныштығын,
Айрылды Жәкең сүйген Бұрымынан.
МАҒЖАНҒА АРНАУ
«Сарғайдым» деп, сары далаңды сағындың,
Абақтының қара аспанын жамылдың.
Қара түнек сары санаңды жаулап ап,
Тар қапаста айдан, күннен жаңылдың.
«Ас болмады қара сорпа, қара нан»,
Арылмадың елің үшін табадан.
Қайран, аға, өзің бүгін құрметтеп,
Ұлтымыздың мақтанышы санаған.
«Уға толып жас жүрегің, жабықтың»,
Алаш үшін, қазақ үшін қамықтың.
Елдің бетін, кең далаңды көре алмай,
Анаң даусын ести алмай зарықтың.
Не көрсең де Алаш үшін көргенің,
Атақ болды ұлтың үшін өлгенің.
Мағжан аға, ұрпақ үшін мәңгісің,
Дұшпандарың не істесе де өлмедің,
Сен мәңгісің, рух берер өр лебің.
Табынатын пірімсің ғой сен менің.
МАҒЖАН АҚЫН
(«М.Жұмабаевтың оқуларында» туған өлең)
Осылай күн өткіздің, Мағжан ақын,
Көгімде тұр жырыңмен жазған атың.
Қызығы аз, сан жетпес азабымен,
Маңдайыңа бұйырған аз ғана күн.
Жарқыраған көгіңде күн де болдың,
Кеш те болса қадірін білген елің.
Жырларыңды тебіреніп тыңдағанда,
Түйдек легі келеді жыр кеменің.
Жыладың да, күлдің де, күңірендің,
Қиналарын ертеңгі біліп елдің.
Жала жауып, жаныңды шырылдатып,
Жауыздар саясатын біліп едің.
Күн де болдың көгіңде жарқыраған,
Су да болдың арынды арқыраған.
Өзен болдың сыймаған арнасына ,
Бөгеттерге қарамай сарқыраған.
Түн де болдың түнерген, абақтыда,
Бірге жүрген «көзге дос» қаматты да.
Шыбын жаның шырқырап өтеріңде,
Лағнет айтып өмірге бараттың ба?
Жан дүниеңнің шаттығын тонаттың ба?
Жауһар жырды қардайын бораттың ба?
«Жан сөзіңде» шырылдап жас жүрегің,
Елді аузыңа өлеңмен қараттың ба?
Жарқыраған күн едің, күн боп өлдің,
Өзіңді күнге балап жүрген елмін.
Еліңнің жыршысы да сыршы да өзің,
Жарқырап тұрарыңды білген елің.
Айысың сен еліңнің көкте жүзген,
Інжу-маржан сөз терген көк теңізден.
Жырың бүкіл қазақтың жүрегінде,
Әнің мәңгі жасайды бірге бізбен.
Елден бездің, қаңғырып дала кездің,
Қызығын да көрмедің бала кездің.
Басыңа талай-талай күндер туды,
Елтімедің назына қара көздің.
Сөнді жүрек, алайда жырың мәңгі,
Нәуетекте мөлдіреп сырың қалды.
Жел боп, күн боп жырларың аралап жүр,
Өзіңе арнап шырқаймыз бүгінгі әнді.
Ж.АЙМАУЫТОВТЫҢ «ӘНШІ» ӘҢГІМЕСІ
(Әмірқанның ән айту шеберлігін суреттеу)
Ән айтқанда аруақтанып кететін,
Күміс дауысы құлағыңа жететін.
Сарыарқаның қоңыр салқын желіндей,
Тұла бойды тебірентіп өтетін,
Қайран, әнші Әмірқанның әуені-ай.
Ескектете, желпіндіре, желдете,
Ышқындыра, дауылдата, селдете.
Өлеңіне шөліркеген халқына
Кейде нөсер секілденіп көлдете.
Ән салады гүл-гүл жайнап нұр өңі.
Әмірқандай әнші бар ма әлемде,
Көмейі емес, ән салатын жүрегі.
Жаяулата, баяулата, балқыта,
Айдын көлдің аққуындай қалқыта.
Төмендете сорғалатып әуенін,
Қайта биік көтереді шалқыта.
«Ағаш аяқ», «Екі жирен», «Дудары»,
«Ақ сисасы» – ән төресі сырғалы.
«Сырғақтысы» - жан сала алмас сырлы әуен,
Өзі ғана білер қыры, сырларын.
Көзі, аузы, дене, қолы ән салған,
Тұла бойы әнге айналған Әмірқан.
***
Әнімен, өнерімен тамсандырған,
Артына өшпес әуен-ән қалдырған.
Тенордың жоғарысы, даусы – ерекше,
Құбылтып, айтқан әнін жандандырған.
Әмірқан қандай әнші деп білеміз?
Москва, Парижіңді таң қалдырған.
Салғанда «Ағаш аяқ», «Қызыл бидай»,
Маңына қалмайды екен ел жиылмай.
Еленбес жай жүргенде жан иесі,
Бақ қонған Қашаубайдың Әміресі.
ШОҚАНҒА АРНАУ
Аға сұлтан Шыңғыс керіп кеудесін,
Мұхамед Қанапия деп ұлына берді есім.
Сырымбеттің етегінде ержетті,
Сұлу Көкше сомдап сұлу бейнесін.
Білім қуып, зерек оқып жасынан,
Омбы кадет корпусында оқыған.
Потанин мен Достоевский сияқты,
Жақсылардың табылатын қасынан.
Қазағының зерттеп кеткен ән-жырын,
Салт-дәстүрін, Шығысының тағдырын.
Сан жорықта басын тігіп қатерге,
Қашғар, Қырғыз – аралады барлығын.
Шоқанымен мақтанады қазағым,
Көріп оның сан ісінің ғажабын.
«Қозы көрпеш-Баян сұлу», «Манасты»
Зерттеп кетті, көріп сапар азабын.
ҚАЗАҚТЫҢ ҚОНАЕВЫ
Аямай терін төккен қазағы үшін,
Тұлғасы тау тұрпатты дара мүсін.
Өмірі өнеге боп жылдан-жылға,
Шоқтығы биіктеп-ақ барады шын.
Қайырмасы:
Ел мұраты кетпеген өзегінен,
Халқының болашағын сезе білген.
Ел тізгінін нық ұстап, халқын сүйген,
Қазақтың Қонаевы дер едім мен.
Қастерлеген қазағы ұлы тұлға,
Мұндай жанды бола ма ұмытуға.
Алты алаштың баласы ардақ тұтып,
Аңыз қылар әр ісін қосып жырға.
Қарапайым араласып дүйім елмен,
Санасатын халқының күйіменен.
Маңдайына қазақтың мұндай жанды,
Тәңірімнің тартқан бір сыйы дер ем.
Қайырмасы:
Еш кетпей елге берген шапағаты,
Жаңғырығып әрдайым жатады аты.
Жастарды шықты алып желтоқсанда,
Халқының оған деген махаббаты.
ДИМАШ АТА - КЕМЕҢГЕР
Димаш ата таңмен бірге оянып,
Жүзі таңның шапағына боялып.
Қарсы алады шәкірттерді күлімдеп,
Мейірімін қалмайын деп аянып.
Ол туралы жазылады өлеңдер,
Тарихта бар өзі салған белеңдер.
Жүрегінде мәңгі қалар халқының,
Қадір тұтар, дана басшы, кемеңгер,
Мерейлі жас – жүзге келді жан баба,
Түсті елі өзі аңсаған арнаға.
Өзі ашқан мектебінде дәріс ап,
Бауырынан түлеп ұшты сан бала.
Ірге тасын қалап кеткен қаласы,
Гүлге оранды бүгін, міне, даласы.
Әр тараптан дем алуға жиналған,
Туристерге толды теңіз жағасы.
Димаш ата мейірімді жан еді,
Уақыт, міне, бәрін екшеп-еледі.
Құрметтейді, қадірлейді пір тұтып,
Шын жүрекпен сүйетұғын өз елі.
Туған күні - 12-сі қаңтардың,
Елі үшін еңбектері шалқар шың.
Қасиетін бағалады елінің,
Жүрегімен сүйе білді бар халқын.
Мерейтойы құтты болсын, 100 жасы,
Бүгін, міне, 12-сі қаңтардың!
ҚАДІР ТҰТҚАН ҚАЗАҒЫ
Димаш атам ұлылар санатында,
Бар әлемді өзіне қаратуда.
Құдіретін қарашы, дара туған,
Қасқалдағым қара өлең қанатында.
Армандап өткен қанша бабаларым,
Өтті аңсап Димекеңдей даналарым.
Тәуелсіздік туы мәңгі желбіреді,
Күдікті сейілтіп бар санадағы.
Жарты ғасыр басқарған қазақ елін,
Қазағы да сүйеді дара бегін.
Бағы едің қазақтың маңдайдағы
Игі ісіне еліңнің жарап едің.
Жаратпайтын өтірік сөйлегенді,
Артық айтып ешкімге «өй» демеді.
Димаш атам сүйетін сәбилерді,
Ұнататын пәк жүрек сөйлегенді.
Балаларды тым жақсы көретұғын,
Бар жақсыны соларға беретұғын.
Қарайтұғын сеніммен болашаққа,
Өсеріне елінің сенетұғын.
Ізгілік пен мейірім толған жаны,
Өз елінің қамы еді толғанғаны.
Ақыл беріп тұрғандай күлімсірер,
Димаш атам бейнесі ауламдағы.
Жарқыраған сәулелі жағы басым,
Еске алады ұрпағы сағынғасын.
Бүкіл халық мойындап құдіретін,
Атақ-даңқы әлемге арындасын.
Құшақ-құшақ маңына гүлді жиып,
Көтерілген теңізден күнді сүйіп.
Өз атында мектептің ауласында,
Ескерткіші қасқайып тұрды биік.
100 жыл, 1000 жыл туған күн мерекесін,
Тойлап өтер ел-жұрты басын иіп.
Қалың елі, қазағы қадыр тұтқан,
Өр тұлғасы бабамның неткен биік!
***
«Қазағым» деп, терін төгіп қаншалық, +
Елі үшін еңбек етті жан салып.
Болашаққа сенімменен қарап тұр,
Ұрпақтарын таңмен бірге қарсы алып.
Бейнесінен шуақ нұры төгілген,
Мейірімі қабағынан көрінген.
Атамыз тұр ауламызда күлімдеп,
Мектебінде өз есімі берілген.
Сабақты енді кілең «беспен» жақсы оқып,
Ал, балалар, шығайық сол сенімнен.
БАТАСЫН АЛДЫМ
Наурыздай ұлы мейрамда,
Қонаев атам кеп еді.
Салалы қолын жайғанда,
Айтары елге көп еді.
Батасын алдым атаның,
Қолдарын жайып құп көрген.
Ішімнен берген сертімдей,
Мойныма міндет жүктелген.
Өнерге бұрып өзегі,
«Көтеріл» деген сөзі еді.
Қолдады атам киелі,
Жүрегім соны сезеді.
Уақыт өтті арада,
Келді айтар сөздің кезегі.
Жағалай тұрған балаға,
Таратқан тәтті өзі еді.
ТАМАША КҮН
Тоғызыншы ақпан бұл – тамаша күн,
Барлығы да осында тамашаның.
Еш дауы жоқ ақынды сүйер елі,
Хантәңірі шыңымен таласатын.
Мұқаң жыры оқылған керемет күн,
Бәрі осында, шіркін-ай, кереметтің.
Бірі – жырын оқиды мәнерімен,
Бірі – әнін шырқайды, не демекпін!
Бірі – оқып ақынның поэмасын,
Келтіреді нақышпен боямасын.
Нағыз сурет келеді көз алдыңа,
Беймәлім сәт селт етіп оянасың.
Ажар берген ақ қары ғажайып күн,
Түгел бәрі осында ғажайыптың.
Тыңдарманы көбейіп, оқырманы,
Бір-бірінен осында «озайықтың».
Мұқаң десе жан берер топ ұлғайып,
Жыр сүйетін қауымның жаны байып.
Ақындар көп, бәрінің жеке аспаны,
Әбубәкір, Ұлықбек, Иран-ғайып.
«Ақын кеші боп жатыр қаламызда»,-
Деді, біреу саңқ етіп арамызда.
Қарасаздың ақиық мұзбалағы,
Мәңгілікке қалады санамызда.
ҒҰМЫРЫ ЖЫРДАН ЖАРАЛЫП
80-ге келді, мәңгі ақын үшін балалық,
Ғұмыры бүкіл өлең мен жырдан жаралып.
Қарасаз жақтан қалықтап ұшқан легімен,
Жырлары жатыр әлемге мына таралып.
Мәңгілік ақын айналған мәңгі көктемге,
Жырлары оның көкорай шалғын, көк белде.
Жырлары оның жыл құсы болып оралып,
Келеді қайта жаңарып жылда көктемде.
Келеді күнде аппақ таң күліп атқанда,
Оянып бір сәт, бір соғып қайтар ақпанда.
***
Мұқағали жырын бойға сіңіріп,
Ұлы ақынның өлеңдерін ұғынып.
Менің бүгін қуанышым ерекше,
Кәусар жырын жатыр бөбек сіміріп.
Жырын оқып, бірі әнін салады.
Бұл күн сәби жүрегінде қалады.
Ақын жыры баурап алып баланы,
Тереңіне тартып, әне, барады.
***
Жыр оқып, жыр тыңдайтын,
Қарбалас күн – тынбайтын.
Келді ақпанның тоғызы,
Аязыңа қыңбайтын.
Тоғызы кеп ақпанның,
Еріп жатыр қатқан мұң.
Жібітеді жырымен,
Шуағы боп ақ таңның.
Ақынды елі шын ұғып,
Жырыменен жылынып.
Дүние біткен тойлайды,
Жырға сусап құнығып.
Күз желіне тоналған,
Шабытымды жоғалған,
Таптым, бәрі ақпанның
Тоғызымен оралған.
«Өлең оқып берем»,- деп,
Өнері асқан өрен көп.
Туған күні ақынның,
Құйылады өлең боп.
АҚПАН КЕЛСЕ...
«Мұқағали» деп, елі еркелетті,
Ерке ақыны, алайда, ерте кетті.
Ақпан келсе алқынып асау жүрек,
Қыстың соңын көктемдей көркем етті.
Ақпан айдың тоғызы толғандырып,
Сілкіп тастап ақ қарын, орман күліп.
Жер-жерлерде оқылып ақын жыры,
Армандарға жетелеп, жалғанды үміт.
Шыңның-дағы ұнатар биіктігін,
Құрмет тұтар қазағы сүйікті ұлын.
Мойындатты жырымен, елі, міне,
Табынар биікке бас иіп бүгін.
Ұнатпайтын таудың да аласасын,
Биік қояр бәрінен Қарасазын,
Тыңдайды өлеңдерін сүйіп елі,
Сезініп жырларының тамашасын.
Аққуын іздейтұғын Жетімкөлің,
Бұл күнде көрсең, шіркін, жетілгенін.
Аққуы айнала ұшып, қаз қаңқылдап,
Малтығып су-моншаққа көмілгенін.
Желмен бірге ырғалып тұр қасында,
Қайыңдардың жапырақ-сырғасында.
Сонау бір сұмдық сәтті есіне алып,
Жылқышы қарап тұрар құз басында.
Бәрі тыныш, жүзіп жүр аққу, әне,
Айналаны сұрғылттау жапты көде.
Уақыт – емші, жазыпты жан жарасын,
Сұрақ қояр ешкім жоқ: «Атты неге?»
Өтеді жылдар тізген тізбектері,
Басымыздан тұр, міне, күз де өткелі.
«Бақытыма жетем», - деп, жүгіруші ең,
Бақытың жүр ғой қазір іздеп сені.
«Білмеймін, көгерем бе, көктеймін бе?» -
Қорқушы ең «кетем бе, - деп, - жетпей мүлде?».
Алыстағы бақытың өзі тапты,
Арманың боп, бір кезде жетпей жүрген!
***
Тіршілікте кім қадірін кім білген?
Неге көңілің қалды пәни бұл күннен?
Орман, таудан, арасынан қайыңның,
Ақын аға, өзіңді іздеп жүрмін мен.
КЕП ҚАЙТАДЫ СОЛ МАҢҒА
Мұқаң жыры – керемет бір жыр-аңыз,
Оның сырын тек өзінен сұраңыз.
Тіршіліктен, ақ қайыңнан, жауыннан,
Ақын жырын көреміз де тұрамыз.
Жетім көлдің жағасында, орманда,
Кеп қайтады ол аққу көлге қонғанда.
Ақ қайыңдар жапырағын жайғанда,
Құстар сайрап, тіршілік мәз болғанда,
Кеп қайтады Мұқағали сол маңға.
АЛ БАЛАЛАР ҰҚСАП БАҚ
Бүгін тағы ұлы ақынды еске алып,
Келді ұрпағы жырын жүрген жастанып.
Төрімізде баға беріп бәріңе,
Мұқа ағамыз қарап тұр ғой қасқайып.
Өткен кеше Қарасазды мекендеп,
«Өмір деген күндік сәуле екен» - деп.
Ал, балалар, болмасаң да, ұқсап бақ,
Бүгінгі күн белсен сыннан өтем деп.
Мұқа ағамыз өкпелеп қап жүрмесін,
«Болашаққа арыз жазып кетем!» деп.
МҰҚАҒАЛИҒА
Жылай білдің өмірде,
Күле білдің,
Өз дүрсілін тыңдадың
Жүрегіңнің.
Мен өзіңнен үйрендім
Жыр жазуды,
Сол арқылы өлеңді
Сүйе білдім.
Бір жарқ еткен жұлдызсың
Аспанымда.
Жай-күйімен санастың
Басқаның да.
Шамшырағын өлеңнің
Жағып кеттің,
Жырларыңды мәңгілік
Тастадың да.
Дәріптедің қазақтың
Қара өлеңін,
Қара өлеңді өлең деп
Санап едің.
Қара өлеңмен тербетіп
Сәбиді ана,
Қара өлеңмен жырланды
Қаралы өлім.
Дұшпаныңмен бетпе-бет
Тайталастың,
Құшағыңды досыңа
Айқара аштың.
Жалған дүние есігін
Ерте жауып.
Мәңгі өмірдің есігін
Қайта аштың.
Өлеңдерің самалмен
Тербетіле,
Жылу бердің арудың
Келбетіне.
Тасқа айналып,
Тауменен біте қайнап,
Келгендейсің қайтадан
Жер бетіне.
Тау ұлы боп өстің сен,
Тау жағалап,
Жүр ме екен рухың
Тауды аралап.
Қаяу түссе көңіліңе
Бұлт құрсанып,
Тау бұлқынған.
Өзіңді тауға балап.
ЖЫР ЛЕГІ
Бұлақтың естіліп күлгені,
Жетектей жөнелді жыр мені,
Жеткізе алмайтын сөзбенен,
Жүректе бір сезім гүлдеді.
Кеудемнің бүр жарып гүлдері,
Шақырды қол бұлғап ілгері.
Оқысам Мұқаңның өлеңін,
Ойыма келеді жыр легі.
ҚАРАСАЗДАН ҚАЙТАРДА
Әнебір бұлттар қазбауыр,
Қарашы жұбын жазбауын.
Өкпесі, назы секілді,
Бір төгіп өтті ақ жауын,
Қош болғын ақын туған жер,
Кіндігін кесіп қиған жер.
Шілделік тойын өткізіп,
Шомылдырып жуған жер.
Сәби боп Мұқаң осында,
Иткөйлегін киген жер.
Тәй басып алғаш ұмтылып,
Өкшесі жерге тиген жер.
Еркелетіп Мұқашын,
Апасы өбіп сүйген жер,
Алғаш қызға жыр арнап,
Көрікті ойын түйген жер.
ТАУҒА АЙНАЛЫП...
Тауда тудым деп едің,
Таудан өтіп барамыз.
Таудың ұлы екенсің,
Мына тауға қараңыз.
Тау айналып өзіңе,
Өзің тауға айналып.
Табиғат та сенімен,
Қалғандайын байланып.
Жырға қосқан көбелек,
Туған өлкең керемет,
Мекеніңді мақтауға,
Тілім жетпес, не керек.
Сені тапқан Қарасаз,
Мекен екен бақ қонған.
Елмен бірге сол күні,
Қарасазға аттанғам.
ШӘЛКӨДЕДЕ
Күн қызарып батады Шәлкөдеде,
Шашып алтын шапағын әр көбеге.
Биік-биік таулардан асып барад,
Алтын нұрын аямай бар төбеге.
Қазбауыр бұлт малынып шапағына,
Биік шыңдар боянып жатады ма?
Барлығы да қызмет етіп жатыр,
Ақынының бас иіп атағына.
Құстар ұшып барады легіменен,
Шәлкөденің жайлаған көгін өлең.
Аңқылдаған ақкөңіл ақын жүрек,
Қарасаздың қауыштым еліменен.
МЕДЕУ
Медеудей сұлу жер – осы.
Әлемге аты әйгілі.
Қоршаған шатқал, белесі,
Кереметтей мұз айдыны.
Биікте сонау қол бұлғап,
Тұрады жайнап Шыңбұлақ.
Медеуге келіп қосылған.
Арнадан асып мың бұлақ.
Медеуім, қалың ақ қары,
Шақырар әсем шатқалы.
Арудай мекен Алматы!
Думанды қызық шақтары.
Шыңына таудың орнаған,
Талайлар шырқар арман-ән.
Бұл менің әнім Медеуім,
Өзіңе бүгін арнаған.
Демалар жастар аймағы,
Спорттың ғажап айлағы.
Бұл Медеу мақтан ететін –
Қазақтың бетте қаймағы.
Медеуім – мекен ғажап тым,
Осында өтер ғажап күн.
Табиғат тартқан сыйы – бұл,
Маңдайындағы қазақтың.
ТУҒАН КҮН
...Бүгін менің туған күнім, ой, бәле-ай...
Мұқағали
Туған күнім...
Қуандым баладайын,
Қайта келмес
Күндерді бағалайын.
Өткен сәтті
Бір уақыт есіме алып,
Сырға толы
Бағымды аралайын.
Білер досым,
Келеді құшақ гүлмен.
Ақжарылып,
Назыма құлақ түрген.
Жылында бір
Сылтаумен бас қосасың,
Сағынысып,
Достармен жырақ жүрген.
Мен өмірге
Келіппін осы күні,
Ұмытпайды
Сыйласар досым мұны.
Менің туған
Күнім боп аталады,
Қақап тұрған
Қаңтардың отыз бірі.
ЖЫЛҒА ТІЛЕК
Кел, төрлет, жаңа жылым шаттығым боп,
Мол қуаныш сыйлашы тап бүгін кеп.
Аппақ қардай төгілген ақ тілекпен,
Жүректерге жылылық жақ бүгін тек.
Жарқыраған жаңа жыл, жаңа күнім,
Жылмен жаңа қауышып дала бүгін.
Жаңа келген сәбидей құрметпенен,
Қарсы алайық, ақ қарға ора бүгін.
Жаңа жылым еніпті есігімнен,
Ескі жылдың айырып ара жігін.
Жаңа жыл түні
Міне, қалды он екі де таянып,
Аш есікті, жылға құшақ жаялық.
Ән салайық, кәне, достар, шырқатып,
Сазымыздан тұрсын әлем оянып.
Көк түтінге бөленді алаң түнімен,
Құлақ тұнды «тарсылдақтың» үнінен.
Балкондардан қуанышты от-шашу,
Ағытылды үйге сыймай күнімен.
Тарсыл-гүрсіл қуанышты «оқ атып»,
Жер дүниені құдіретіне қаратып.
Шаттық күлкі, көңілді айқай-шуымен,
Келе жатыр жаңа жылдың таңы атып.
Аналар мерекесіне
Ана-өмір, ана-жыр, ана-жүрек,
Ақтарылған ағынан ана-тілек.
Құтты болсын бүгінгі мерекеміз,
Аймалаған көктемнің самалы кеп.
Ана болып төгеді күн де нұрын,
Мәңгілікке таусылмас ана – жырың.
Анаменен оянып бар тіршілік,
Құс та ана боп шырылдап салады үнін.
Балапанын қорғайтын қорғаш болып,
Сырлас, кейде кетеді жолдас болып.
Ана барлық адамның жүрегінде,
Онсыз өмір ешқашан болмас толып.
Ана – сенің қорғаның, ана – өмірің,
Сені көріп көтеріп жүр көңілін.
Сен қуансаң гүл болып ашылатын
Солдырмайық ананың нұрлы өмірін.
Жаны қалмай сен үшін асығатын,
Жақсыңды айтып, мініңді жасыратын.
Ана деген өмірде бар адамның,
Тәңіріндей құрметтеп бас ұратын.
Құтты болсын, аналар, төл мереке,
Сіздерменен кіреді мол береке.
Құттықтайық ендеше құрметпенен,
Мерекесі ананың келген екен.
ҚАРА БҰРЫМ
Ару келді шаштаразға бас ұрып,
«Сұлулыққа» – шаш қиюға асығып.
Қос бұрымын кестірді де тастады,
Қолаң шашы жатты жерде шашылып.
Табиғаттың сұлу сыйы аяқ-асты басылып.
Жалаңдады шаштараздың қайшысы,
Неге керек оған елдің қайғысы.
Ару тұрды жүнін жұлған тауықтай.
Бұрынғы өңін жоғалтып ап ай-мүсін.
Әдемі еді қолаң шашы төгілген,
Бұрымымен сұлу болып көрінген.
Иретіліп белге соққан жыландай,
Жерде жатты қара бұрым өрілген.
Сұлулықтың бөлшегіндей бөлінген,
Сол бұрымнан ару неге жерінген?
Орны толмас өкініш пен «әттеңді»,
Көріп тұрдым сол арудың көзінен.
ҚЫЗ СҰЛУ КӨРІНЕДІ
Қыз сұлу көрінеді қылығымен,
Жарыса төгілген қос бұрымымен.
Бұл күнде сұлулықтың үлкені – осы,
Қыз сұлу көрінеді білімімен.
Қыз сұлу көрінеді шашыменен,
Қиылған қиғаш қара қасыменен.
Қыз сұлу көрінеді толған айдай,
Он сегіз, жиырмадағы жасыменен.
Қыз сұлу көрінеді өрмегімен,
Төгілтіп сөз маржанын тергенімен.
Майыса бұратылып, майда басып,
Жаныңа наз қылықпен келгенімен.
Дарытқан бар асылды өз елінен,
Қыз сұлу көрінеді өнерімен.
Құлпырды гүл-көктемнің арулары,
Өткендей сұлулықтың елегінен.
***
Сиремей жеті жұлдызым,
Жетіле берсін ұл-қызым.
3-еуі – балам,
4-еуі – немерелерім – жұлдызым.
Аспанда «Жетіқарақшы»,
Жымыңдай күліп қарап тұр.
Тойыма ертең болатын,
Бұрымдарын тарап тұр.
ӨЛЕҢ СЕНЕН КЕТЕ АЛМАЙМЫН
Әлденеге көңілім қобалжиды,
Арман-ойлар кеудеме толар қилы.
Өз-өзіме кей сәтте ашуланып,
Өзіме-өзім бір сәтке болам сыйлы.
Мен өзімді кей кезде жек көремін,
Қалады-ау, деп бір күні шетте өлеңім.
Бірақ... бірақ бәрінен үміт басым,
Бір жарқ етпей қалайша текке өлемін.
Кейде өзімді шыңдардай биік көрем,
Ойнақтаған сол шыңнан киік көрем.
Мен әйтеуір, басымды өлең деген,
Киелі бір ұғымға иіп келем.
Өлең – айдын қасынан кете алмаймын,
Құлаш сермеп ағыннан өте алмаймын.
Жағасында жүремін жасқаншақтап,
Арғы бетке аптығып жете алмаймын,
Әйтеуір, өлең, сенен кете алмаймын.
***
Шөлдерден өттім жоғалтпай,
Көлдерден өттім жоғалтпай.
Кеудеме қысып өлеңді,
Баспадым қанша белеңді.
Бұралаң жолым батпақты,
Күндерде боран, аптапты.
Өзіммен бірге өлеңім,
Жоғалтпай мәңгі келемін.
Мойныма жүкті көп арттым,
Уақыттарымды жоғалттым.
Жоғалтпай бірақ өлеңді,
Кеудеме басып келем-ді.
Өзің боп өлең, серігім,
Жамандықтардан жерідім.
Толтырып жырға сөремді,
Мойныма салдың көгенді.
ӨЛЕҢІМ МЕНІҢ...
Өлеңім – менің өмірім,
Өмірім әрі серігім.
Тереңнен лағыл тергендей,
Жазамын сөздің керімін.
Өлеңім – менің азығым,
Байланған ерте қазығым.
Ақын болып өмірге,
Келгенім бе жазығым.
Өлеңім – менің тірегім,
Ұрпаққа айтар тілегім.
Соғады мәңгі тоқтамай,
Жырыммен бірге жүрегім.
Тұрғанда аман қазағым,
Тұрғанда алда қағазым.
Елімді ерек дәріптеп,
Аспанға атын жазамын.
Көрсем де мейлі азабын,
Біткенше дәмім жазамын.
Өлеңнің жүгін көтерген,
Мен болам қайтпас сабазың.
ІV БӨЛІМ
ТАБИҒАТ – ТАЛ БЕСІГІМ
ТАБИҒАТ ӨЗІ ЖЫРЛАЙДЫ
Көз жетпес сонау таулардан құлап,
Сыңғырлап ағар сырғалы бұлақ.
Ақ көйлекті ару назды үнін естіп,
Құшағын жаяр ырғалып құрақ.
Құлпырып тұр ғой гүлденіп аймақ,
Шуағын төге күн нұры жайнап.
Кекілін сипап оятты самал
Қайыңды тұрған әлдене ойлап.
Шығармай қойды-ау сезімдер шырмап,
Кеудемнен тәтті сағыныш ұрлап.
Қайталап тұр ғой бозторғай үнін,
Табиғат өзі күйші боп жырлап.
ҮШ ӨЛЕҢ
***
Боянғандай кешкі дала тым ғажап,
Жүрегімді гүл сезімге балады.
Көкжиектен арғы бетке сырғанап,
Күн даламен қош айтысып барады.
Алтындай боп көк аспанда күнімнің,
Соңғы шашқан сәулелері жүр жүзіп.
Жұлдыздарын енді келер түнімнің
Шағалалар сол сәуледен жүр сүзіп.
***
Кең даламды қимағандай құмартып,
Көкжиекке қалды иегін күн артып.
Жанарыма жаннат дүние сыйғызған,
Жаздың әсем, жайлы кеші тым артық.
Ақша бұлтпен қанаттасқан сезімім,
Жүрегімді жырға бөлер кезі мың.
Жазғы кеште әуезді ән естілсе,
Шаттық жырын, бақыт нұрын сезіндім.
***
Көктемнің бір маужыраған кеші еді,
Наурыз айдың жұмсақ желі еседі.
Құстар да әсем шықылықтап – күлісіп,
«Біз туралы сен де жазшы», - деседі.
Не екенін ұмыттырып қайғының,
Табиғат та қуанышқа бай бүгін.
«Алтын кеме» жалғыз жүзіп барады,
«Көк теңіздің» тіліп-жарып айдынын.
***
Жыл мезгілі ішінде,
Көктем – сұлу, көктем – жыр.
Ерек сыр бар түсінде,
Көңілімде көктем жүр.
***
Құлпырады жер әлем,
Көктем келсе қуанып.
Күйге енеді ерекше,
Жылғалардан су ағып.
***
Құстар қайта келеді,
Туған жерін аңсаған.
«Құстар қайтып келеді»,
Деп, қуана ән салам.
Төрт мезгіл жыры
Көгілдір көктем,
Сезімтал неткен.
Жылауық қыздай,
Көз жасын төккен.
Қиқуын салып,
Құс келіп жеткен.
Самал жел есіп,
Өбеді беттен.
Қызықты жазың,
Дәлелдеп азын.
Естідім - сұңқыл,
Құстардың сазын.
Күзіңде сары,
Сарғаяр бәрі.
Қылышын сүйреп,
Қыс келер тағы.
***
Көктем – көркем,
Бұралған еркем.
Көбелек қуып,
Жүре бер, жер кең.
Жаз – жарқын,
Қимылың – қарқын.
Ісің де өнер,
Ұзарып әр күн.
Күз – күрең,
Береді бір өң.
Сұрқай боп дала,
Көрінер кілең.
Қыс – қысқа,
Қысқа бір нұсқа.
Ақ шұнақ аяз,
Күтеді тыста.
Төрт мезгіл сыры -
Ақынның жыры.
Ұнайды маған,
Осының бірі.
Төгетін нұрын,
Тарқатар сырын.
Айтқызатұғын,
Махаббат жырын.
Өзіне қымбат,
Айтпаған бұрын.
Табарсың жұмбақ,
Көңілдің сырын.
***
Қызғалдақ терер,
Келеді көктем.
Құстарым келер,
Асыға жеткен.
Көңілді жазым,
Естілер мәз үн.
Тез өте шығар,
Дәлелдеп азын.
Күз түссе сары,
Сарғаяр бәрі.
Сонымен кірер,
Даланың әрі.
Қыс міне, түсті,
Аязы күшті.
Жамылды ақ қар,
Қара жер үсті.
Түседі қысың,
Ақ сақал мүсін.
Ысқырып бір сәт,
Көрсетер күшін.
Айналып тағы,
Кеп жетті қысың.
Өмірдің мәні
Не? Соны түсін!
Табиғат тамашасы
Көкте жүзген алтын кеме,
Көкжиекке жете бере
Жерге қарап көзін қысып,
Демалуға кете берер.
Күні бойы жерді шарлап,
Демалуға келді шаршап.
Күн Жерге шын ғашық екен,
Күйіп-жанды Жерді қоршап.
Маужырады түнгі аспан,
Басталды енді түнгі дастан.
Күзеттегі Күн шапағы –
Жұлдыз түннің бетін басқан.
Басын қойып қыр төсіне,
Қап-қара түн тұрды «есінеп».
Ал, жұлдыздар жымыңдайды,
Мақпал түннің бір шетінен.
Таңғы дүние нұрға ұмтылар,
Күн күзетке қайта туар.
Мезгіл сайын құлпыратын,
Жер-аруға мен де құмар.
СУРЕТТІ ПОЭЗИЯ
Жайқалып тұрған гүлдерді көрем,
Бұлақтар – сурет бәрі де.
Шұлғиды басын шыбындап тұрған,
Жайылып жылқы әріде.
Үстінен қырдың ұшады құстар,
Тіршілік барын білдіріп.
Бабаларымның тұлғасындай боп,
Қара бұлттар жүр дүрлігіп.
ҚЫЗҒАЛДАҚ ТЕРІП КЕТСЕМ БЕ
Қып-қызыл гүлдер шоқ болып жанып көк белде,
Өлкеме мына гүл көктем келіп жеткен бе?
Терезесінен секіріп түсіп пойыздың,
Қызғалдақ теріп кетсем бе.
Көңілім сыймай мына тар купе ішіне,
Қызыға қарап отырмын дала түсіне.
Қайтсам ба екен даламды кезіп бір ауық,
Қанып бір жусан иісіне.
Әсемпаз далам қызыл көрпесін жамылып,
Сылаңдар қайың, жасыл моншағын тағынып.
Отырмын қызық кино көргендей, әлемге
Әйнек ішінен табынып.
Өтер-ау өмір осылай жорға ағыммен,
Сан түрлі көктем, жаз өтер сары сағыммен.
Терезесінен қызықтап жүрдек пойыздың,
Аңсаумен келем өткенді іздеп жаныммен.
***
Көктем келді тағы да,
Бір қысымды тәмамдап.
Күткен көктем сағына,
Әкеледі маған бақ.
Келді тағы көктемім,
Бір қысымды азайтып.
Артта қалған өткенім,
Өлеңіме наз айтып.
Көктем келді, қар еріп,
Көл-көсір қып даланы.
Жас көктемді көрелік,
Көру абзал жаңаны.
КӨКТЕМІМ ТАҒЫ КЕЛДІҢ БЕ
Балауса шыбық бүрлеген,
Тербетіп самал үрлеген.
Көктемім, тағы келдің бе,
Үлбірек ерін гүлменен.
Сымпылдап ұшып қасқалдақ,
Тырналар келер аспандап.
Көктемді мен де сағынам –
Бәрі де содан басталмақ.
Асыртып тағы бір белең,
Көктемім келді дүрбелең.
Ат құлағындай қысқа өмір,
Өтсе ғой ән-күй, жырменен.
Жазар ма ем, шіркін, көсілтіп,
Төгілтіп ойдан нұрлы өлең.
Елтіп бір тыңдап тұрардай,
Ғажайып мынау сырлы әлем.
***
Көктем келсе,
Туады қайта бәрі,
Жер бусанып, су алып сай-саланы.
Қураған шөп, тыншыған бар жәндікке,
Жан беріп, тіршілікке қайтарады.
Жаз шыққанда,
Жадырап күн шығады,
Хош иіс қызғалдақтар құлпырады.
Алтыбақан басында айлы кеште,
Естіледі жастардың сылқым әні.
Күз болғанда,
Түсіп тал жапырағы,
Сары алтынға бөленер атырабы.
Бәрі пісіп, қазан боп күз айында,
Қыс қамымен күзекте ел отырады.
Қыс түскенде,
Келеді кәрі құда,
Ашу кернеп, түскенше қалыбына.
Ақ сақалын жұлмалап тау басында,
Уыстап ап шашады барлығына.
***
Міне солай, алған соң күзің түсіп,
Қыс келеді қаһарлы боран қысып.
Көктем туар күлімдеп сәби мінез,
Жаз шығады жадырап, күн де ысып.
Күзің қайта түседі, бәрі пісіп,
Жапырағы талдардың қайта түсіп.
Күз болған соң, кезекпен қыс та келер,
«Барар жерің жақын», - деп айта түсіп.
Адамзаттың көктемі тумас қайта,
Жазың келіп жадырап тұрмас қайта.
Күз артынан қыс келер едел-жедел,
Төрт-ақ мезгіл бұл өмір, соны байқа!
күз кеші
Көкте жүзген алтын кеме,
Көкжиекке жете бере
Жерге қарап көзін қысып,
Демалуға кете берер.
Асығамын деп несіне,
Қарап қалдым күз кешіне.
Сондағы бір ғашықтардың
Махаббаты түсті есіме.
Күні бойы жерді шарлап,
Демалуға келді шаршап.
Күн Жерге шын ғашық екен,
Күйіп-жанды Жерді қоршап.
Маужырады түнгі аспан,
Басталды енді түнгі дастан.
Күзеттегі Күн шапағы –
Жұлдыз түннің бетін басқан.
Басын қойып қыр төсіне,
Қап-қара түн тұрды «есінеп».
Ал, жұлдыздар жымыңдайды,
Мақпал түннің бір шетінен.
Таңғы дүние нұрға ұмтылар,
Күн күзетке қайта туар.
Мезгіл сайын құлпыратын,
Жер аруға мен де құмар.
Күз
Күреңітіп аспан түйіп қабағын,
Сұрғылт бұлттар сығып алып жанарын.
Тал-теректі жалаңаштап барады,
Долы дауыл сұрын алып даланың.
Қарашаның қара суық бораны
Бар әлемді суығына орады.
Жаз қызығын түйдек-түйдек бұлттарға
Түйіп алып, керуен көшіп барады.
Жарасым тауып...
Қызғалдақ көрдім қыста мен,
Жамылған ақ қар тыста емен.
Қасында тұрған қарадым
Қызғалдақ өңдес қызға мен.
Тұр екен толқып реңі,
Түрлене түсіп гүл өңі.
Қиыла гүлге қарайды,
Атқақтай соғып жүрегі.
Сетінетті сезім-сеңді бір,
Серісі берген белгі бұл.
Қуанту үшін аруды,
Қаншама жерден келді гүл.
Шығатын еді-ау жаз ала,
Қызғалдақ көрдім вазада.
Тыныш бір жатқан сезімді
Кетті ғой бір ой «мазалап».
Сыйлаған қызға қызыл гүл,
Жігіттің жайнар жүзі нұр.
Жарасым тауып тұрғаны-ай,
Тыста аяз, үйде қыз-ғұмыр.
АППАҚ ҚАР
Аппақ қар басып, ақ мамық көрпе даламды,
Қамтыды екен қалайша бүкіл ғаламды.
Кейбір жерлерге жеткізе алмайтын болған соң,
Жаз болып тұрар, қар баспай жасыл алаңды.
Не деген аппақ, біркелкі, қара дағы жоқ,
Аппақ қар жатыр даламның байтақ бағы боп.
Төрт мезгілдің бір маусымында ғана қар басар,
Болса ғой, шіркін, өмірдің аппақ жағы көп.
Көтеріп талдар ауыртпашылығын міндетті,
Ақ бас шал болып сахнада жүрген шың да епті.
Суық деп, қысты мезі боламыз кей-кейде,
Дегенмен, досым, «ақ» деген ұғым – құрметті.
Ертегідегі кейіпкерді еске түсіріп,
Аяз да бір сәт кәріне мінбей, кішіріп.
Мүлгіді қайың ақ желең жапқан арудай,
Ақ саусақтарымен ақ мамық елге ұсынып.
Біркелкі етіп күзеген шашын қарағай,
Қатарын түзіп өсер жол бойын жағалай.
Ақ қайың, әне, онсыз да сұлу мүсінге,
Ақ көйлек киіп ешкімге тұр ғой қарамай.
Малынып қарға, нәзік бұтақтары иіліп,
Қарайды өткен жолаушыларға қиылып.
Үп еткен желің айналып үлкен боранға,
Кетпесе екен сыпырып бәрін сиырып.
ЖАЛҒЫЗ ҚАЙЫҢ
Иен далада жалғыз қайың,
Жағасында бір көлдің.
Қайың жайлап тербеледі,
Көлдің беті біркелкі.
Бұл бір тынған шағы екен,
Сұрапылдан кейінгі.
Сырын ешкім ұға алмапты
Осы кезге дейінгі.
Сол бір өткен сұм сұрапыл,
Жалмап қайың достарын.
Көл бетіне снаряд пен
Бомбаларын тастапты.
Күрсінеді көл де ауыр,
Жара орны сыздатып.
Және адамның төккен екен,
Ыстық қанын мұздатып.
Жалғыз тұрған қайыңның да
Оң бүйірі жаралы.
Байқап тұрсаң айдынына,
Көлдің беті қаралы.
Сыбдырлайды – сыр айтады,
Қайың жайлап тербеліп.
Ал, Көл оны тыңдайды екен,
Қос жанары сел болып.
Жылдар бойы қайғы шегіп,
Тұрған бұлар осылай.
Бірін-бірі жұбатады,
Мәңгі серік досындай.
Жылдар өтіп жылжымалы,
Тазарар ма көл беті.
Қайың досын көбейтер ме,
Жыл тыңайтқан жер беті.
жусан иісі
Босап бітпес тіршіліктен қолымыз,
Түсті бір күн тау ішіне жолымыз.
Отырдық кеп автобусқа кішкене,
Қаптаған жан оңымыз бен солымыз.
Бәріміз де үнсіз келе жатырмыз,
Нелер биік артта қалып жатыр құз.
Сарғыш тартып жолдың екі жағасы,
Жолаушыдан сәлем жолдап жатыр күз.
Басып өттік сары алтындай белесті,
Әкеледі-ау ертегідей елесті.
Жүргізуші бір дөңеске келгенде
Автобусты тоқтатуға кеңесті.
Біз де түсіп, тамашалап маңайды,
Аштық-ау бір кең тыныстап сарайды.
Түспей қойған жас балалы жұбайлар,
Өзгелерге жалынышты қарайды.
Ұзақ жолда қатты ауырды жас бала,
Тәбеті жоқ ұсынылған асқа да.
Жатыр енді, ештеңеге зауқы жоқ,
Шешесінің оң тізесін жастана.
Түсті әкесі автобустан жай ғана,
Қарап алды маңайына ойлана.
Біраз жүріп, бірнеше тал шөп жұлды,
Шөп дегенің көп, әрине, айнала.
Бізге онысы көрінгенмен шөп болып,
Иіскеген соң жатқан бала өрт болып
Бас көтеріп маң далаға қарады,
Бұл өсімдік бір кәдеге жарады.
Қуанысып, біз де жымың етістік,
Өзімізше зор табысқа жетістік.
Біздер сырын ұға алмаған, кең дала,
Кешіре гөр, құдіретті кеңістік!
Жат көрінген техникасы қаланың,
Естен кетпес сол қылығы баланың.
Дала шөбін иіскеп жатып ұйықтады,
Ол шөбіміз – жусаны еді даланың.
|
ТАБИҒАТТЫ АЯЛА
Таза болса табиғат,
Аман болар адамзат.
Табиғатты қорғайық,
Емес ол да саған жат.
Адамзаттың жаны аман,
Таза болса мына маң.
Көтере жүр аялап,
Ағаш болса құлаған.
Күткеніңді қалайды,
Ластамайық маңайды.
Қазақ салақ баланы,
Әдепсізге санайды.
Көкті жұлма құр бекер,
Жас өскін ғой, бұл – бекер.
Ескерте жүр жандарға,
Табиғатты кірлетер.
Жемісті жеп, тастама,
Маңайыңды ластама.
Өзіңдегі үлгіні,
Үйрете жүр басқаға.
Пісте шағып маңайға,
Жұмыс қылма талайға.
Табиғатты өзіңдей,
Күте білгін, жарай ма?
Жұпар атса маңайың,
Ден сау болар ағайын.
Табиғатты сүюді,
Үйренген жөн талайың.
Жеген жеміс қалдығын,
Қоқысқа сал барлығын.
Сындырмасаң бұтағын,
Саялайсың тал түбін.
Табиғат – ана – тал бесік,
Анаңмен бірге селбесіп.
Өсірді сені аялап,
Екеуі бірге тербесіп.
Табиғатты аяла,
Бағында әсем саяла.
Ол да сені күтеді,
Таңсәріден ояна,
Табиғатты аяла!
НҰР ЖАУЫП ТҰР
Әп-әдемі ақ ұлпадай көрінген,
Нұр жауып тұр, нұр жауып тұр көгімнен.
Бұл сыйлығы менің туған күніме,
Аспанымнан шашу болып төгілген.
Жерге қонып жатыр орнын тапқандай,
Мөлдірейді талдар моншақ таққандай.
Үсті-үстіне жауып жатқан аппақ қар,
Шабытыма шабыт қосып жатқандай.
Әлем бүгін ақ сандығын ашады,
Арша-шырша ақ маржанын шашады.
Дәп осы күн тойлап бүкіл табиғат,
Сырнайлатып,
Ән мен күйге басады.
V БӨЛІМ
ТУҒАН ЖЕР – АЛТЫН БЕСІК
АУЫЛЫМ
Көбелек қуып, қызғалдақ терген ауылым,
Айнымас достар, құшағы ыстық бауырым.
Ардақты анам, сағына күткен сарғайып,
Қауышып бүгін қуанды дос-жар – қауымым.
Арнаға сыймай тау суы ақты сарқырап,
Күміс толқыны шағылды күнге жарқырап.
Қарсы алып мені құшағын жайды ауылым,
Ақ самалменен тербеліп кетті балқұрақ.
Алқынып жүрек, асығып келем өзіңе,
Асқақтап тауым көрінді ыстық көзіме.
Аптығып көңіл, тағатсыз алға тартады,
Сан түрлі ойлар кимелеп алып сезімге.
«МАЙДАНТАЛ»
(Сәтберген атама арнаймын)
Мөлдір шығың кәусар бұлақ суындай,
Сағынышым басылар ма жуынбай.
Анам тартқан ақ жаулығы секілді,
Ақша бұлтың қасиетті туымдай.
Туған мекен, мейіріміңді сағындым,
Қанат байлап сенен ұшқан сарыңмын.
Мені жіпсіз байлап қойған, шіркін-ай,
Құдіретіңе, қасиетіңе табындым.
Мақтанымсың, қасиетті мекенім,
Сенен білдім сағыныш не екенін.
Саған деген мәңгі махаббатымды,
Өзімменен жыр ғып ала кетемін.
Ата-бабам топырағын басқан жер,
Өнерменен көкірегімді ашқан жер.
Өзіңменен бірге соғар жүрегім,
Байрағымдай мөлдір, тұнық аспан-көл.
Шабыт болып ақ нөсерің жауар-ақ,
Суың, ауаң көкірегіме науа дақ.
Атам еккен майда талдар бүгінде,
Жеміс берген ұрпағына мәуе бақ.
Жүгіреміз қазір қайда пайда бар,
Атамыздай қасиетті қайда нар.
«Майдантал» деп ауыл атын шығарған,
Сол баяғы атам еккен майда тал.
CАҒЫНАМ САРЫ ҚАУЫНЫН
Гүл терген қайран ауылым,
Бал күнім, думан қауымым.
Сағынып жүрмін әнімді,
Қайталап айтар тау үнін.
Сағынам сары қауынын,
Соғатын үдеп дауылын.
Дауылдан кейін түнеріп,
Селдетіп өтер жауынын.
Жуынып алып қыр-жотаң,
Бөленер еді нұрға таң.
Өзіңе жырын арнайды,
Оралмай кеткен бір ботаң.
Кеудемді кернеп күз-қайғы,
Қалтырап бойым мұздайды.
Жүрмін деп жырақ елімнен,
Шым-шымдап жүрек сыздайды.
Гүл үзген қайран қырқалар,
Қырқадан күліп күн қарар.
Аңсап сол кезді кеткенде,
Көзге жас, ойға жыр толар.
Қаратау сынды тау-мекен,
Ақ бұлтың қайда жауды екен.
Үш өзен қайсы теңізге,
Сылдырап барып ауды екен.
Жазамын сен деп жыр-балаң,
Түскенде ойға шырғалаң.
Өзің деп өлең толғайды,
Қайрылмай кеткен бір балаң.
Түркістан
Ел ардақтап қасиет тұтқан туған қалам – Түркістан,
Өз төсінен қияға ұшқан думан қалам – Түркістан.
Қала десең қала болып, дала десең даладай,
Жайқалады жас терегі аспан тіреп, күн құшқан.
Жап-жасыл-ау жол жағасы, егін егіп қойғандай,
Қала іші сән-салтанат, шат-шадыман той қандай.
Бақша толы жүзім-алма, шекер-алуа жемістер,
Нар қауыны алып ұрып бағлан қозы сойғандай.
Бұл қаланың жандарының пейілдері кең қандай,
Барша байлық осы шаттық пейіліне қонғандай.
Қара нарға кілем жауып жүре бере жетектеп,
Бүгінгі той танысы емес, туысында болғандай.
Сан қаланы жалғастырған жол торабы – Түркістан,
Көзін салмай өте алмайды жолаушы да бұл тұстан.
Ақ білекті ару қыздар жинап жүрген мақтасы,
Үйім-үйім қар секілді, қалып қойған бір қыстан.
Бұл тарихи көне қала, қатпар-қатпар сыры көп,
Қасиетті тайқазан тұр алыптардың бірі боп.
Қожа Ахмед Иассауидің ғимараты тұр алда.
Бүгінгінің музейі боп, сан ғасырдың пірі боп,
ҚАРАТАУ
Қаратау!
Қадіріңді білдім бе екен?
Өзіңде ойнап-күліп жүрдім бе екен?
Есімде қалмаған ба,
Қаратауым!
Бұл күнде шетке кеткен қызбын бөтен.
Қаратау!
Қарт Қаратау!
Қасиеттім!
Өзіңді бір көруге асық еттің.
Мен сенің перзентіңмін төсіңді емген,
Азабын тартқызбашы қасіреттің!
Қаратау!
Қаратауым!
Туған тауым,
Бетімді бұлағымен жуған тауым.
Төсіңде ойнаушы едім асыр салып,
Төбеден нөсерлетіп құйған жауын.
Қаратау!
Сырымды айтсам
Тыңдар ма едің?
Еркіме жеткізбейді шыңдар менің.
Төсіңде аунап-қунап барып қайтсам,
Шық тұнған көздің жасы құрғар ма еді?
Қаратау!
Сенде тудым,
Сенде өстім,
Кеткенмін жетегінде өмір-көштің.
Қырыңның қызғалдағын жидым қанша?
Талай-талай сауықты күндер кештім.
Қаратау,
Қош Қаратау!
Туған мекен,
Ермегім жоқ деймісің жырдан бөтен.
Сағынғанда өзіңді көргім келіп,
«Көңіл жүйрік...» қиялмен жылдам жетем.
САҒЫНЫШ
Майдантал – туған мекенім,
Өзіңе қашан жетемін.
Зираты жатыр төсіңде,
Аяулы ана, әкенің.
Асуын асып кезеңнің,
Жол азабына төзермін.
Сылдыры қалды құлақта,
Сылдырап аққан өзеннің.
Қызғалдақ гүлдей қырмызың,
Айналған жырға нұр-жүзім.
Өзіңе қашан жетем деп,
Сағынып, аңсап жүр қызың.
ЖАН АСЫЛЫМ
Қайран анам, бөленген жаны нұрға,
Сені ойласам жалғасар әнім жырға.
Көз алдыма келеді асыл бейнең,
Күле қарап тұрған бір қалыбыңда.
Сағынышым самсаған қайран ана,
Ақ тілеуін жолыма жайған ана.
Хат жолдауды сиретіп кетсем кейде,
Сөкпе, анашым, көп мені ойлама да.
Күрсінгенде қабырғам сөгіледі,
Сағынышым жыр болып төгіледі.
Түн ішінде сәбиім оянса да,
Өзіңді ойлап жүрегім егіледі.
Ана ғана ұғады бала сырын,
Түсіме еніп жүресің, жанашырым.
Көз алдымда жаулығың көлеңдейді,
Сағындым ғой жан сырым, жан асылым.
Анама сыйлық
Неше күндер кезім еді сыйлық іздеп сабылған,
Жол кешемін күні ертең жан анама сағынған.
Алтын сырға алар едім ойланбай-ақ, ол жай тас,
Керек емес ондай сыйлық қиындықсыз табылған.
Көздің жауын алатындай жылтыраған орамал,
Алар едім, дайын сый ғой деп жасадым жорамал.
Перзенті едім Оңтүстіктің тұрмыс құрған алысқа,
Жыл құсындай туған елге жылында бір оралар.
Қандай сыйлық алам дедім анашыма, қиналдым,
Сыйлық іздеп дүкендерді аралауға жиналдым.
Не бір қымбат бұйымдардың ұнамады бірі де,
Ойлап-ойлап, гүлді мата анашыма сыйға алдым.
Үйге келіп көйлек піштім зейін қойып, ойланып,
Анашымның аласалау шағын бойын ойға алып.
Биыл жазда аяулы анам толушы еді алпысқа,
Сондықтан да бұл сыйлықты барайыншы тойға алып.
Анам жайлы, далам жайлы сағынышым толғайды ән,
Жылдар бойы хатым ғана жөнеледі шалғайдан.
Ақтай алмас бұл сыйлығым жан анашым, әрине,
Бір күніңді сағыныштан сабандай боп сарғайған.
Сағынышын жүрегімнің кестелеп әр жолына,
Анама арнап көйлек тіктім инемді алып қолыма.
Дайын болып қалған сайын әсем бұйым тоқылған,
Шаттық кернеп, қуаныштан қараймын оң-солына.
Сағынбасам қолдан тігіп ащы терім төкпес те ем,
Сыйлық неге әкелмедің, деп, анашым, сөкпес те ең.
Қымбат, яки, дайын сыйлық алар болсам ол анық,
Кетер еді ұлы сезім жүрегіме жетпестен.
Кестеледім, кеудемде бір сағыныштың күйі ақты,
Тереземнен құмарлана Ай қарайды қияқты.
Мың түніңді кірпік қақпай өткіздің ғой мен үшін,
Мен де саған бір түнімді арнау керек сияқты.
Қуанамын, о бастағы ізі қалмай сызаттың,
Түннің соңғы сағаттарын көзімменен ұзаттым.
Балаң үшін кестелеген шығарсың-ау жүз көйлек,
Саған арнап мен де көйлек кестеледім ұзақ түн.
Өтелмейді-ау, әттең, бірақ бұдан менің қарызым,
Десе дағы бүгін менің өтелгендей парызым.
Анам құйған, далам құйған бала жастан санама,
О, қарапайымдылық, тірлігімнің арысың!
КӨКТЕМЕДЕ
Жайқалады өрік гүл көктемеде,
Көктем келді керіліп Көктөбеге.
Отырсың-ау алаң боп, апатайым,
Бермеді деп бір хабар, өкпелеме.
Емен-талдар жайды ма жапырағын,
Алма ағаштар құлпыртып атырабын?
Қызғалдақтар қырдағы гүл жарды ма,
Қолын бұлғап алыстан шақыратын?
Күйкі тірлік күйбеңі ермегім боп,
Бейхабармын жайлардан елдегі көп.
Жүр ме екенсің бұртиып, бауырларым,
«Әпкем бізді ұмытты, келмеді!» -деп.
Жетемін ғой, сендерді ұмытпаймын,
Сағыныштан кеудемде тұнып қайғым.
Құлы болған алдымен қу тірліктен,
Босарымды алайын біліп қай күн?!
Шыт көйлек
Анашым тікті шыт көйлек,
Ешкім жоқ жатқан «шыт қой» деп.
Шытырман қызыл гүліне,
Отырмыз қарап «мықты ой» кеп.
Қол ұшын беріп қалмақпыз,
Үзілген жібін жалғап біз.
Біткен соң көрші-көршіге,
Байғазы сұрап бармақпыз.
Біткенше тағат таусылып,
Көрініп аз жер айшылық.
Көмекке келіп, ұстастық,
Жатқанда жеңін қаусырып.
Етегі, жеңі бүгілді,
Қадалып түйме тігілді.
Кие сап көрші-көршіден,
Байғазы сұрап жүгірдік.
Етектің, жеңнің далақтай,
Кеңіне көңіл қаратпай.
Жүгірдік көрші апаға,
Ол кісі кетті мадақтай.
Үшеуміз бірдей тізіліп,
Байғазы алдық сызылып.
Көршінің қызы – Зибаш та,
Қарайды бізге қызығып...
Балалық көңіл, бал көңіл,
Артымда жылжып қалды өмір.
Ешқашан қайталанбайтын,
Шіркін-ай, тәтті сол көңіл.
Қаншама жылым, өт мейлі,
Есімнен сол кез кетпейді.
Анашым тіккен көйлекке,
Еш сәнді көйлек жетпейді.
ТУУ ТУРАЛЫ КУӘЛІК
Куәлігім – туғанымды растар,
Беттерінде жатқандай-ау бір астар.
Әкем, анам қолына алып қуанып,
Көңілдері көтерілді-ау бір асқар.
Туғанымды растайтын құжат бұл,
Ортасынан сан бүктелген сызат тұр.
Иісі сіңген әкем менен анамның,
Иіскегім келер елтіп ұзақ бір.
Әке-шешем ойлап қойған атым бар,
Қоспасы жоқ, шыққан таза затым бар.
Қаншама жыл сақталыпты сандықта,
Енді өзіме қайтаруға қақым бар.
Төл құжатым, иісі сіңген анамның,
Иісі сіңген жусанды сол даламның.
Менің де, әне, сандығымда сақтаулы,
Куәлігі өзім туған баламның.
Куәлігің туғаныңды растар,
Әкеңменен көтерілген бір асқар.
Туылған соң осы тектің қанымен...
Аян болар сөзімдегі бұл астар.
***
Сағынып жүрмін гүлін туған жердің,
Жауыны қыр-жотасын жуған белдің.
Еркелетіп өсірген бауырында,
Мен-дағы перзентімін думанды елдің.
Туған жерде ағайын, сыйласым бар,
Онда менің ата-анам, қимасым бар.
“Бірге тумақ болса да, бір жүрмек жоқ”,
Сондықтан да, ағайын, сыйласыңдар.
***
Жемісі алмұрт талдың албырайды,
Бұтағын көтере алмай тұрған иіп.
Үшөзен таудан төмен сарқырайды,
Ойнайды қырқасында арқар, киік.
Жанарым жататұғын боталап қап,
Есімнен шығармысың бұл күн менің.
Жүргенше ғазиз басым қапалақтап,
Кешер ма ем топырағыңды, шіркін, сенің.
ШЕШЕ
Шеше,
Дүниеге әкелдің осы күні,
Шықты алғаш қызыңның тосын үні.
Осы күні өмірмен таныстым мен,
Сол күнменен байланды өмір жүгі.
Шеше,
Бүгін, міне, өнердің өріндемін,
Сен сыйлаған өмірдің төріндемін.
Бөлініп, жер астына кетсең-дағы,
Ойдан жырақ ешқашан бөлінбедің.
Шеше,
Қыстың сонау қақаған аязында,
Керзі етік көнетоз аяғыңда.
Су алуға өзеннің мұзын ойып,
Қызың үшін жаныңды аядың ба?
Кешір, ана, қызыңды, балалықпен,
Бара алмаған нәрсенің оябына.
ТЫРНАЛАР КЕЛДІ ТЫРАУЛАП
Тырналар, келген тыраулап,
Аулымнан менің келдің бе?
Анашымның алыстан,
Зиратын жатқан көрдің бе?
Тыраулап даусың қарлыға,
Қанатың, құстар, талды ма?
Анашым жатқан төбеге
Көз қырыңды салдың ба?
Ұштыңдар биік селбесіп,
Сапарың ұзақ алдыңда.
Әлдилеп жатқан жер-бесік,
Сәлемін анам алдың ба?
Көктемнің келген белгісі,
Ызғары қыстың қайтты ма?
Қыратта жатқан анашым
Сендерден сәлем айтты ма?
Көктеуге ауыл көшіп пе,
Жамылып жасыл тұс кілем.
Құлпырып гүлдер өсіп пе,
Өттің бе ауыл үстінен?
Көктей өтіп қиянды,
Шаршап та келген шығарсың.
Туған жер - мекен-ұяңды
Аңсап та келген шығарсың?
Тырналар, келдің тізіліп,
Қараймын жерде қызығып.
Тартқандай сыммен тізбегің,
Кетпесе екен бұзылып.
ҚОЗЫ БАҚҚАН ІЗДЕРІМ
Қар астында қалып қойған гүлдерім,
Үсік шалып кеткен жоқ па, білмедім.
Қыр астында қалып қойған күндерім,
Мен сендерді өмірімнен іздедім.
Жалаң аяқ қозы баққан іздерім,
Мен сендерді құба жоннан іздедім.
Қияр едім өмірімнің қалғанын,
Сол бір күнді қайтарса егер кімде-кім!
СЕНДЕРДІ ІЗДЕП
Ойласам-ақ қылықтарын бәрінің,
Сол бір кездер әрі қызық, әрі мұң.
Менен қалса сен кисін деп бойшаңдау,
Көйлегімнің кең алушы ем әдібін.
Сіңлілерім, бірге туған анадан,
Өсіп-өніп бір шаңырақтан тараған.
Жүгіруші ек бәрін алып келердей,
Әпкелерім келе жатса қаладан.
Сендерді іздеп бақта жүрсем гүл теріп,
Сағынышым көкірегімді жүр керіп.
Телефонға шақыруға қаймықтым,
Төсегінде жатыр ма деп бүркеніп.
Алып-ұшып сағынысқан сезімім,
Шақырғанша күтем, бітіп төзімім.
Соңғы кезде, келмеске анам кеткелі,
Сендерменен сөйлесудің өзі - мұң.
ЖОРАБЕК
Жорабекпен туысқан,
Әрі жақын көрші едік.
Достар да едік ұғысқан,
Жатпайтұғын өлшеніп.
Бала күнді өткердік,
Майданталдай ауылда.
Бірге жүріп гүл тердік,
Бірге түстік қауынға.
Бірге оқыдық мектепте,
Жора алғыр болатын.
Күнделігі тек «беске»,
Маржандай боп толатын.
Деп келетін, білсе де:
- Дайынсың ба сабаққа?
Қадағалап жүрсе де,
Қарайтұғын қабаққа.
Бұлданбайтын бәлсініп,
Өскелең ек тал шыбық.
Жауын жауса, астында,
Жүгіруші ек малшынып.
Жаңбыр жауса, бағыма,
«Шашым өсед», - деуші едім.
Шаш өсер деп тағы да,
Желкені де жеуші едім.
Бірге өткізген бал дәурен,
Өтті осылай балалық.
Көреміз деп алдаумен,
Алыстады аралық.
***
Қырау тұрып далама,
Көл бетіне мұз қатар.
Бармағаным анама
Жүрегімді сыздатар.
Қыс келеді қыраулап,
Күн ызғары білінер.
Қырбақ жауып қылаулап,
Шөп басына ілінер.
Мойынымды бұра алмай,
Жүрмін, апа, сөкпеші.
Қалам кейде ұға алмай,
Ағайынның өкпесін.
***
Қырымның қызғалдағы,
Қозы-лақ қырлардығы.
А-а – һоу, мен келдім ғой,
Алдымнан шықсаңдаршы.
Кешегі шалғын белдер,
Жарқырап айна көлдер.
Бұрыммен алысатын,
Арынды асау желдер.
Бәрің де бой бермейтін
Асау ма еңдер?
***
Қайда екен балалығым,
Құлпырған лала гүлім.
Сезіндім өзімдей боп,
Бозарған дала мұңын.
Қайда екен ақ көйлегім,
Өзіме шақ көйлегім.
Алыстан қол бұлғайды,
Сағым боп көк жейделім.
Ішінен көп жиденің.
Қош күнім, қызық думан,
Қыр кезіп, қызық қуған.
Өмірдің ағымында,
Кинодай қызықтырған.
Қош енді көк кигенім.
Жастығым өтті менің.
Қолға енді алтын балық,
Түспейді, тек білерім.
VІ БӨЛІМ
ЖЫРЫМДЫ АРНАП
ДОСТАРЫМ
Өздерің барда , достарым,
Күлімдеп тұрар аспаным.
Тыңдамай назын басқаның,
Өздерің болдың тосқаным.
Ойламай кейде бас қамын,
Сендерді күттім, достарым.
Қосылса жиі бастарың,
Жараспас менің қашқаным.
Сырыңды жайып, ашқаның,
Ұнайды маған, достарым.
Кеп қалдым, міне, құшақ жай,
Шынымен болса тосқаның.
НҰРӘДІЛГЕ
Нұр болсын жаны, нұр болсын,
Халқының әділ ұлы болсын.
Көкірегіне әлем сыйғызған,
Ұлы бір жанның бірі болсын.
Тастамас халқы аузынан
Елінің айтар жыры болсын.
Дұшпаны жоқ боп өмірде,
Досының сақтар сыры болсын.
Атына заты лайық,
Тұлғасы-дағы ірі болсын.
Тіл-көзден сақта, әйтеуір,
Аманы жақсы, тірі болсын.
Қуантып ата-анасын,
Өмірге кепті бір Әділ.
Бөлелерімен бөліскен,
Жай Әділ емес, Нұрәділ.
Бізді де қалды қуантып,
Көңілде шуақ нұр артып.
Азамат болсын Нұрәділ,
Тамсанар елі құмартып.
ДАНАҒА
Туған күнің құтты болсын, Дана қыз,
Анасының бір тал гүлі – дарамыз.
Қуыршақ пен гүлімізді көтеріп,
Сені бүгін қуантуға барамыз.
Ал, бес жасың құтты болсын бүгінгі,
Тойламаққа келдік туған күніңді.
Ойна, биле, бүгінгі күн сенікі,
Естиікші шат-шадыман үніңді.
***
Құттықтауға келдік бүгін Дананы,
Пәк сезімге толды сәби жанары.
Қадірлеген ата-анаңның қашанда,
Таусылмасын қарсы алатын қонағы.
Жора-жолдас, келді жақын ағайын,
Көкірегіне жырдан шашу тағайын.
Қалдырайын мәңгілікке бейнеңді,
Кел, суретке бір түсіріп алайын.
АРМАНТАЙ
Армантай,
5-ке келдің сен де бүгін,
Естілер құлағыма елдегі үнің.
«Ой, мынау Майдантал ғой»,-деп қуанған,
Қалғаны-ай қаңғып ана ермегінің.
Көктеммен бірге бүгін 5-ке келдің,
Сәбисің жөнін білмес ештеменің.
Желіні сағыныштың сыздап ақты,
Жырыммен өлең жолын дестеледім.
Армалёк,
Бүгін, міне, 5-тесің сен,
Ұмытам қалай, ылғи есте жүрсең.
Бір күні сендерді ойлап жынданармын,
Өсте берсем.
НАЗЕРКЕГЕ
Әлі-ақ өсіп, толарсың,
Биік болсын қонар шың.
Секен атаң секілді
Бәлкім, күйші боларсың.
Талпынарсың биікке,
Шың басына қонарсың.
Күні ертең-ақ ер жетіп,
Он сегізге толарсың.
Жасқа толған күніңмен,
Құттықтаймын бүгін мен.
Ел-жұртыңды таң қалдыр,
Өнеріңмен, біліммен.
Айналайын, Назерке,
Жүрегі ақ, жаны ерке.
Секен атаң сияқты,
Күйлеріңді жаз, ерте.
Өзің толған бүгінгі.
Алып ұшып жырымды.
Тойлайық деп кеп тұрмыз,
Сенің туған күніңді.
Былдырлайсың , тұнығым,
Тілің тәтті, қылығың.
Құтты болсын бүгінгі
Сен туылған ұлы күн.
***
Он беске толдың шәкіртім, бүгін, он беске,
Достарың келіп ұсынып жатыр гүл десте.
Бар жақсылықты тілейін саған, аямай,
Жамандық аты алыстап кетсін келмеске.
Біреудің бір тал гүлісің өскен бағында,
Ата-анаң аман болсыншы дәйім жаныңда.
Өзіңді көріп оралды еске жастығым,
Құлын-ғұмырым, айналған мұнар-сағымға.
Желкілдеп өскен сен де бір жалбыз жағада,
Осыдан артық не керек абзал анаға.
Өзіңе қарап қия алмай қайта қарадым,
Жастығымды алып, алыстап кеткен жағаға.
Гүл болсын бағың, жет дәйім биік арманға,
Жаманға жаным, сырыңды ашпа жалғанда.
Өнерің жанып, өрлей бер шығар шыңыңа,
Әдемісің сен, әдемімін деп паңданба.
ЕРКЕНАЗҒА
Біртоға, момын ғанасың,
Тәрбие қонған баласың.
Ұнайды бізге қиыла,
Жымиып қана қарасың.
Адамды жақын тартасың,
Өзіңе сенім артасың.
Ұқыпты қызсың қашанда,
Таза ұстар дәптер, партасын.
Үлкенді тыңдап, сыйлайсың,
Бойыңа білім жинайсың.
Бала болсаң да үлкеннің,
Көңілін әсте қимайсың.
ТАУСЫЛМАСЫН ШАТ КҮЛКІҢ
Туған күнің құтты болсын, бүлдіршін,
Жайнап өсіп келе жатқан бір гүлсің.
Сенің әрбір қадамыңды қызықтап,
Туған-туыс әр қыс сайын жыр қылсын.
Құтты болсын туған күнің, балақан,
Аяласын мәңгі аялы алақан.
Сенің әрбір қылығыңа қуанып,
Өлең арнап жүретұғын бар апаң.
Үнемі үйден шаттық үнің естілген,
Ерке болып, әдемі боп өстің сен.
Тымпың-тымпың жүгіресің, өйткені,
Бір жасыңда тұсауыңды кестім мен.
Аппақ бетің, бұйра шашың қап-қара,
Ең кенжесін сіңлім баптап тапқан, ә?
Сақылдаған сары аязы қаңтардың,
Өрнектеген бар өнерін ақтара.
Екеуміз де бір «суқұйғыш» екенбіз,
Туылмадық аппақ қыста бекер біз.
Бәлкім аппақ жырымызбен екеуміз,
Елімізді сусындатып өтерміз.
Кесіп едім тұсауыңды, бөбегім,
Келші, бүгін ақ бетіңнен өбемін.
Сенің-дағы таусылмасын шат күнің,
Саған деген таусылмасын өлеңім.
АРМАНҒА
Сен биыл он төртке келесің,
Артта қап бір мүшел белесің.
Туылған күніңді анаңмен,
Және де басқамен бөлесің.
Сен ертең келесің 14-ке,
Өзіңді деп күттім: «Ер жетсе!».
Жат болып сен өсіп келесің,
Ал, әкең аттанды келмеске.
Әкең де кеткелі 14 жыл,
Тұрады мұң-дертім меңдеп кіл.
Өлгенше сағынып іздейтін,
Ең жақын адамың мен деп біл.
Төрт жасар кездегі елесің,
Көзімнің алдына келесің.
Қылығың тәтті еді, сүйкімді,
Амал не, тағдырға көнесің.
Бәріміз қонақпыз өмірге,
Өздерің алданыш көңілге.
Жүректен құйылған бұл жырым,
Санаңда жүрсінші сенің де...
Өскенде ұғасың, іздейсің,
Ол күнді көрем бе, кім білсін?
Өзіңді жанымен іздейтін,
Апаң бар - мендей бір туысың.
ӘПКЕ, ТУҒАН КҮНІҢМЕН
Шеше орнына шешемсіз,
Әке орнына әкемсіз.
Бала-шаға аман боп,
Еңбегіңіз өтелсін.
Біздің үлкен әпкемсіз,
Мерейтойға жеткенсіз.
Ақыл сұрап сан мәрте,
Алдыңыздан өткенбіз.
Келсе-дағы қату күз,
Жездемменен татусыз.
Басқарасыз отанды,
Бәрін шешіп ашусыз.
Бірге туған қыздармыз,
Бес жігітке біз жармыз.
Көмек керек болғанда,
Сіңлілерің - біз бармыз.
«Бірге тумақ болса да,
Бірге жүрмек жоқ екен».
Аман болсын ұл-қызың,
Арта берсін берекең!
***
Жұлдыздай жарқыраған,
Жұлдыз қыз – алтын адам.
Осынау еп-елгезек,
Ұнайды қалпы маған.
Ешқашан сызданбайды,
Жақсыңды қызғанбайды.
Жарқылдап амандасып,
Жасамас мұздан қайғы.
Қоңырау соғылмастан,
Кітабын жаба салмас.
Өмірі нағыз дастан,
Ешқашан аласармас.
Жолда туған жолдар
Көлік жүйткіп келеді,
Жол жағасы көкпеңбек.
Жазып келем өлеңді,
Отыра алмай тектен-тек.
Жолдағы уақыт – ол-дағы,
Өтіп жатқан өмір ғой.
Жанды жеген жолдағы,
Жырларымнан жеңілді ой.
Жан қинадым жаралап,
Кешіре гөр, пендеңді.
Алла берген аманат,
Сақтайыншы кеудемді.
«БӘЙГЕДЕН» АЛҒАН ТҰЛПАР-СЫЙ
Жыр-пырағы – тұлпарым,
Келдің бүгін үйіме.
Шаттық құйдың шалқыған,
Менің көңіл күйіме.
«Қозыкүрең» деп саған,
Ат қояйын, пырағым.
Жыр жазғанда менімен,
Бірге болшы, сыңарым.
Күлдір-күлдір кісінеп,
Шабытымды шақыршы.
Демеу болып қасымда,
Ақ таңымды атыршы.
ӘКЕШІМ, 50 ЖАСЫҢМЕН
Жарты ғасыр – 50 жас -
Тақырыбы бүгіннің.
Енді бір 50 жасаңыз,
Тілегі осы қызыңның.
Өмірге келген төрт қызың,
Сеніміңді өтесін.
Ортамызда аман-сау,
Жүзге де бір күн жетесің.
Әкешім, жүрші, жарқылдап,
Бізден не тірлік артылмақ.
Өзің салған сүрлеуді,
Қоямыз әлі алтындап.
Төрт қызың – төрт жақ құбылаң,
Ата-ана қымбат, ұғынам.
Айналып тұрсың, қызыңның,
Жүректен шыққан жырынан.
Өсірдіңіз мәпелеп,
Еркелетіп біздерді.
Өмір бойы «әкелеп»,
Сыйлап өтем сізді енді.
«Балдай болсын қызым» деп,
Балжан қойды тұңғышын.
«Құндызым, - деп, - жағада»,
Құндыз қойды бір қызын.
Менің атым – Аида,
Болайын деп тұр қызың.
Шырын келед тәп-тәтті,
Күн жайлаған нұр жүзін.
Аман болсаң, әкешім,
Асырайды төрт қызың.
50 – ердің жасы ғой,
100-ге жетсін дәм-тұзың!
АҚЕРКЕГЕ
Ақерке, еркесі едің анашыңның,
Дәл анаңдай өзіңе жаны ашыр кім?
Туған екен өзіңді есті қылып,
Сезгендей ерте кетіп қалатынын.
Менің де шәкіртім ең, қарашығым,
Жазайын жүрегімде тарасын мұң.
Томпиып жүр екенсің қай жерлерде,
Өмірде тауып теңін, жарасымын.
Өкпелеп маған, Еркем, жүрмісің сен,
Ұядан қанат қаққан бір құсым ең.
Талпынған биігіңді нысанаға ал,
Күйбеңдеп кеттің бе әлде тұрмысыңмен.
Алды боп қатарыңның жүретінсің,
Айырып жақсы, жаман білетінсің.
Бүкпесі жоқ сырыңды жайып салып,
Риясыз көңілмен күлетінсің.
Өмірдің бізді айырды талаптары,
Сен кеттің білім қуып, қанат қағып.
Мен сені бір сәтке де ұмытпаймын,
Отырам суретіңе қарап қалып.
***
Сен менің гүлімсің ғой
Аппақ қана,
Жүретін жүрегіме
Сақтап қана.
Бір жерден жарып шығар
Қыз боларсың,
Сол кезде бүкіл елге
Жыр боларсың.
Құттықтап туған күнмен
Сый қыламыз.
Қуансын сыйды көріп
Дилямыз.
***
Жаны нәзік, жүрегі ақ,
Арқын-жарқын шәкіртім.
Ортамыздан кетсең ұзап,
Ұмытпай жүр, ақылдым!
Сен түсініп, білетін ең
Достарыңның жағдайын.
Алға сүйреп жүретін ең,
Сыныпты да әрдайым.
Айдай болып жарқыраған,
Менің аппақ шәкіртім.
Жарыстарда жан салмаған,
Менің алғыр, ақылдым!
Сабақ жазып қайтқаныңша,
Отырасың тып-тыныш.
Жазғаның да, айтқаның да,
Бәрі-бәрі дұп-дұрыс.
САНЖАРҒА
(4-вагондағы бөбекке)
Әкесіне еркелеп,
Шешесіне еркелеп.
Сүп-сүйкімді балақан,
Тілі шыққан ертерек.
Еркеліктен нәр алып,
Келеді өсіп, таралып.
Ата-ананың шуағы –
Махаббаттан жаралып.
Екеуінің ермегі,
Сондарынан ергені.
Сәби үшін қашанда,
Тыныш болсын жер беті.
Былдыр-былдыр етеді,
Әрі-бері өтеді.
Еркелікпен жүгіріп,
Әкесіне жетеді.
Жолсапарда, вагонда,
Бір адам боп қоғамда.
Келе жатқан ботақан,
Жыр арнадым саған да!
CЕНДЕРГЕ АМАНАТ
Шәкірттерім-ай,
Өнерге шөлдеген,
Жырыма құмарсың,
Жаныңды тербеген.
Толқып бір, тебіреніп,
Жыр оқып көрмеген.
Тілейсің қашанда,
Кезімді өрлеген.
Көңілдер тап-таза,
Сәбидей аңғалсың.
Осы бір өлеңім,
Сендерге арналсын.
Сәби боп қалсаң ғой,
Осы бір қалпыңда.
Сендерге аманат –
Жыр қалар артымда.
«БАЛАМ ӘНШІ ЕМЕС, СОТ БОЛАДЫ», - ДЕГЕН АТА-АНАҒА
Сот не керек, шіркін-ау, от боп балаң тұрғанда,
Өнер деген бір бақыт басына кеп қонғанда.
Құс боп көкте қалқысын, ата-анасы, сіз барда,
Алла берген өзіне өнерден еш қызғанба.
Өнер деген өлтірмес, шырқатары болмаса,
Қор болмайды балаңыз бұл өнерін жалғаса.
Тежемеңіз баланы, тек өнерге баулыңыз,
Дінішев боп шығады, бір құдайым қолдаса.
***
Алла берген өзіңе құдіретін өлеңнің,
Сенің шығар күні ертең биігіңе сенермін.
Қуанышыңды бөлісіп, куә болып жүлдеңе,
Аман болсам әлі сан концертіңе келермін.
Әр жүлдеңе шаттанып, қуанышыңды бөлістім,
Риза болып іштей де, сырттай құптап келістім.
Жете алмады сан жүйрік ілесе алмай шаңыңа,
Топты жарып сан мәрте дәмін таттың жеңістің.
Сен ән салсаң тұрады ет жүрегім елжіреп,
Сетінетер сеңді бір толқытқандай көлді леп.
Өз балам бір бәйгеден олжалы боп келгендей,
Естігенде қуандым «бас жүлде алып келді» деп.
ГҮЛДАНАҒА
Өрге жүзсін өнері Гүлдананың,
Арнап әнші түлекке жыр жазамын.
Еңбектеніп күндіз-түн тыным көрмей,
Жақсылыққа сүйрейді әр жаңа күн.
Тамсандырдың әніңмен, өнеріңмен,
Тал бойыңнан бір биік көремін мен.
Түсіп үлкен оқуға кетсең екен,
Қиындықты қызсың ғой жеңе білген.
Ақылды, өнерлі қыз, арамызда,
Білуші еді өзіңді қаламыз да.
Білім үшін өнерді жиып қойдың,
Қаласың сен мәңгіге санамызда.
ЖҰЛДЫЗ
Берік білім қаланған санасында,
Сен де мектеп бітіріп барасың ба?
Алды болып жүресің достарыңның,
Жұлдыздайын жарқырап арасында.
Сыныбыңда озат боп жүрдің ұдай,
Білімді де жаныңмен сүйдің құлай.
Жүз пайыздан ешқашан түскен жоқсың,
Көзі ашық, білімді, саңлағым-ай!
Өз-өзіңді көрсеттің қиын сында,
Ұстаздарды әр кезде жүрдің тыңдай.
Мен өзіңе сенемін Жұлдыз шәкірт,
Сен бәрінен өтесің қиынсынбай.
Жолың болсын, қанатың талмасын еш,
Жақсылардың ізімен жалғасып өс.
Саған деген тілегім осы болсын,
Ешқашан да өткізбе өмірді бос!
ДИАНА ҚЫЗ
Алдағыны әлі де ойланбаған,
Жас кездерің, жалындап, сайрандаған.
Өмір деген күрес қой, Диана қыз,
Осыны ұқ шәкіртім, жайраңдаған.
Ақкөңілсің, жүрегің тап-таза анық,
Қылығың бар кей-кейде мақтанарлық.
Жүз пайызға жеткізіп әр пәніңді,
Сенімдерін ұстаздың ақта барлық.
АЙГЕРІМГЕ
Сындырған нандай мінезі,
Қандай жанның қызы еді.
Айгерім де мектептің,
Беске оқитын түлегі.
Салмақты мінез қашан да,
Ойланып ылғи жүреді.
Үндемей ғана жүріп-ақ,
Өз жұмысын біледі.
Арманыңа жете бер,
Ұстаздардың тілегі!
***
Жарыстарға шықтың талай,
Жырымды оқып мінбеде.
Жеттің, міне, самғап ұшып,
Қоштасатын күнге де.
«Мен шығам» - деп тұрушы едің,
Жарысыңнан жасқанбай.
Өнеріңмен өрге жүзіп,
Биіктей бер аспандай.
Болып едің жыр-кешіме,
Үлесіңді қосқандай.
Мен де саған жырымды арнап,
Қостым, кезек тосқандай.
VІІ БӨЛІМ
ҚОҢЫРАУ
ТАЛМАСЫН ЕШ ҚАНАТЫҢ
Балабақша бүлдіршіні кешегі,
«Келдік, міне, мектебіме», - деседі.
Жүректері алып-ұшып-қуанып,
Жүздерінен шуақ нұры еседі.
Үйде қалып еркелігі күндегі,
Келді бүгін мектебіне енгелі.
Бірін әке, бірін ана жетектеп,
Гүл жайнайды балғындардың өңдері
Он бір жылдай білім-тәлім алатын,
Ақыл кіріп толысатын санатың.
Қадамыңа құт тілейміз, бүлдіршін,
Шарықтай бер, талмасын еш қанатын.
МАҚСАТҚА
Тереңнен ойды қазатын,
Маржандай тізіп жазатын.
Ізденіп жүрер үнемі,
Бермейді жанға маза тым.
Өңірі, жаға кір шалмай,
Сабаққа келер бір қалмай.
Қарақат тұнық көздері,
Шайылған сынды кір қалмай.
Ұнайды жанға елегі,
Шәкірттерімнің бөлегі.
Сыныпта үздік – бір өзі,
Ойы да биік, өрелі.
Мінезі – жұмсақ, биязы,
Үйінің, бәлкім, ұяңы.
Қылығыменен бәрінің
Көкірегіне сияды.
***
Айналайын, жаз-жарқын жүздеріңнен,
Аластайтын жаныңды күз көңілден.
Мен сендердің мәңгілік тілекшіңмін,
Тілеу тілеп тұратын іздеріңнен.
Күтсін ылғи алдыдан күліп бағың,
Жоғалмасын ата-салт, ғұрыптарың.
Мәңгі есте сақталар қылықтарың;
Бала кейіп, сидиған тұрықтарың,
Осы күнді ешқашан ұмытпағын.
***
Сендер үшін бәрін қидым күнімнің,
Саяхатқа шықтық тағы бүгін күн.
Күн жақсы еді, мен де мәз боп сол күні,
Шат күлкіңді,бал күлкіңді сімірдім.
Арқан тарттық, «Соқыртеке» ойнадық,
Бал көктемнің балғын шағын тойладық.
Кештің қалай батқанын да аңдамай,
Сол бір күннің қызығына тоймадық.
***
Сол күні табиғаттың,
Әсем бір сүздік жерін.
Бейнесі суда жүзген,
Бұл – менің үздіктерім.
***
Сенбілікте өте тың,
Бірі қалмай жететін.
Сенбіліктің өзі бір,
Саяхат боп өтетін.
***
Қызғалдағы таусылғандай бөктерім,
Тастағандай жаздың айын өткеріп.
Сол күндердің белгісіндей қолымда,
Тексерілмей қалған жалғыз дәптерің.
***
Қаншама жыл көз алдымда үздік оқып келесің,
Өрге сүйреп өміріңнің білім атты кемесін.
Қатарының алды болып жарқыраған шәкіртім,
Бағындырып талай шыңды, сан қиынды жеңесің.
Сен – шәкіртсің, мен – ұстазбын - тілекшіңмін мәңгілік,
Келсем де үйге құлағымда тұрар үнің жаңғырып.
Менде арман болмас еді, талмай ұшып қанатың,
Ең биіктен көрінсең сен, мына әлемді таң қылып.
Ойың өсіп, ер жеттің сен, бойың-дағы таралып,
Сенің мына өн бойыңда зор таланттың бары анық.
Ренжітіп әлдекімді жатқаныңды көрмедім,
Қалыптасқан бар болмысың ізгіліктен жаралып.
Көз алдымда өзің жүрсең, ортам толып тұрғандай,
Сөзбен айтып жеткізе алмас сезім күші бұл қандай?
Бала болып көңілімді қалдырған бір жоқ күнің,
Саған, балам, жарасады жазсам-дағы жыр қандай!
***
Тағы да сабақ басталды,
Алғашқы қоңырау соғылып.
Ойындар артқа тасталды,
Балалар келді ағылып.
Сыңғырлап күміс қоңырау,
Шақырып жатыр білімге.
Гүл толы бүгін омырау,
Асығып бәрі кіруде.
Басталар сабақ сол күннен,
Ашылып мектеп есігі.
Көзінен шуақ көрдім мен,
Тербеткен білім бесігі.
ҚАЗЫБЕК БИ АУЫЛЫНАН КӨРІНІС
(Наурыз мерекесінде)
Қазыбек:
Ел-жұртым, есенбісің, балаларым,
Құйқамды шымырлытып барады әнің.
Той күні өздеріңді бір көруге,
Алдыңа келді, міне, бабаларың.
Төрелік, әділдікті азық еттім,
Ешқашан шаршатпады назы көптің.
Әу баста әз анамнан әділ туған,
Қақ жарған қара қылды Қазыбекпін.
Өткенде асуынан ала белдің,
Тұсынан ауылымның қара көрдім.
Наурыздың көжесінен дәм татсын деп,
Әйтеке, Төле биді ала келдім.
Аулыма жиналыпты ел азы-көпті,
Қар кетіп, жер-ананың жазы кепті.
Наурыз күн тойлы ауылға келіңіздер,
Өнерлі ұрпағымды көріңіздер,
Ауылы бұл – Қаз дауысты Қазыбектің.
«Күлтөкпеге» тастаймыз
Жүргізуші:
Күресейік, кәне, достар, қарап тыныш жатпайық,
Келе жатқан жас ұрпақты шұбар тілден сақтайық.
Шұбарлауды көтермейді қасиетті тіліміз,
Мұндай сөзді келместей қып күлтөкпеге тастайық!
- Тастаймыз ба?
- Тастаймыз!
- Солай ұран тастаймыз!
Шұбар тілді баланы,
Көпшілік боп жасқаймыз.
Ана тілім тұрғанда,
Мүдіріп неге ақсаймыз!
МАХАМБЕТШЕ
Мен, мен едім, мен едім,
Елден шыққан ер едім.
Он жасымнан осылай,
Өлең жазып келемін.
Топқа түстім ақын боп,
Жүректі кернеп өлеңім.
Махамбетке еліктеп,
Шындықты айтсам деп едім.
Таңдайын қағып тыңдарман,
Бағамды әділ берер ме?
Ел намысын қорғаған,
Махамбетке теңер ме?
Отаным деп толғайын,
Жаным құмар өлеңге.
Ақиқатты қолдайын,
Үңіле түсіп тереңге.
Гүлденіп қалам өрлер ме,
Гүл шығып құмды жерлерге.
Ақындарым ұқсаса,
Махамбеттей ерлерге.
50 елдің қазағым,
Қатарына кірер ме?
Келер ұрпақ тілімнің
Қасиетін білер ме?
Қазағым саны көбейіп,
Жиырма миллионға жетер ме?
Азия барысы атанып,
Алшаңдай басып өтер ме?
Әр қазақтың он-оннан,
Үйіне бала толар ма?
Мрамордан қаланған,
Зәулім үйі болар ма?
Бала бақша су тегін,
Кезекке тұру болмаса.
Қазағымның осылай
Басына бақ орнаса.
Барлық елдер таң қалса,
Біздегі мына ғажапқа.
Ұлты басқа болса да,
Сөйлеп тұрса қазақша.
Осындай заң шығарып,
Халық оны қолдаса.
Күшіне еніп теңгеміз,
Долларды ешкім алмаса.
Алдына шығып бар елдің,
Қатарынан қалмаса,
Жарқырап жанып жұлдызы,
Көңілді кір шалмаса.
Жалтақтамай ақындар,
Махамбеттей толғаса!
Бабалардың аруағы,
Ұрпағын мендей қолдаса!
СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ
Сыңғырласын күміс қоңырау соңғы рет,
Бүгін – өмір бір томынан соңғы бет.
Күмбірлеген күміс қоңырау әуенін,
Сыңғырлатшы, сыңғырлатшы жас түлек!
Он бір жылда білім алған мектебім,
Қош, мен бігін биік шыңға беттедім.
Қош болыңдар қимас достар, парталас,
Арман қуып, алыс сапар шеккенің.
Биігіне жетелеген шың-құздың,
Ұстаздарым – әкесіндей ұл-қыздың.
Талай рет жығылдым да алдыңда,
Шаршамадың, қайрап қайта тұрғыздың.
Асыл ұстаз, шыңға сүйреп қат-қабат,
Қарызыңды мен жүрмеспін арқалап.
Арман биік, жетсем соған шаршамай,
Серік болып жүректегі зор талап.
Сыңғырласын күміс қоңырау соңғы рет,
Бүгін – өмір бір томынан соңғы бет.
Күмбірлеген күміс қоңырау әуенін,
Сыңғырлатшы, сыңғырлатшы жас түлек!
ТҮЛЕКТЕРГЕ
Алқынып арман тұнған жүректері,
Бұл күн-дағы өмірдің бір өткелі.
Орындалып ойлаған армандарың,
Тас қияға өрлеңдер, түлектерім!
Күтсін дейміз алдыдан күліп бағың,
Жоғалмасын ата-салт, ғұрыптарың.
Кір келтірме ата-ана, мектебіңе,
Өскен орта, ұяңды ұмытпағын.
Орындалсын өмірде армандарың,
Көз алдымда жақсы балл алғандарың.
Жарқырасын жалындай шырақтарың,
Жайқалыңдар шалғындай, құрақтарым.
Бәрің көркем, шетіңнен әдемісің,
Тұрсыңдар сондай бүгін ұнап бәрің.
Құтты болсын, ата-ана, қуанышың,
Жасқа толды кәмелет жұбанышың.
Қанап қомдап ұядан ұшқалы отыр,
Бір биікке күні ертең шығары шын.
Тарыдай боп келіп ед кеше ғана,
Таудай ұл-қыз болыпты өсе бара.
Он бір жыл білім нәрін сусынданып,
Мектепті де бітірді есен-аман.
Алдарында жол жатыр таралған мың,
Шақырады қол бұлғап сан арманы.
Жеткіншектер жеткізіп мұраттарға,
Орындалсын әке мен ана арманы.
Өлкесінің айналсын өртеңіне,
Сенімдердің айналсын серперіне.
Ұстаздарың тілейді ақтарылып,
Тек сәттілік елімнің ертеңіне.
Айналайын жаз-жарқын жүздеріңнен,
Аластайтын жаныңды күз көңілден.
Біз сендердің мәңгілік тілекшіңбіз,
Тілеу тілеп тұратын іздеріңнен.
Сақталады жүректе таңбаларың,
Айыра алмас «ң», «н-ді» жаңғалағым.
Бүгін мектеп бітіріп отырсыңдар,
Сан ұмытқан дәптерін, аңғалағым.
КӨНЕРГЕН СӨЗ
(М.Мақатаев өлеңдеріндегі көнерген сөз)
Көнерген сөз – құлаққа жылы естілер,
Атамаған бұлай деп мұны ескілер.
Тоқып алған ойына бала ақын,
Кезінде-ақ ұғынып, күні ес білер.
Лашығын да теңемей хан тағына,
Қанағатпен қараған жан-жағына.
Құрсағанын жақтырмай анасының,
Суыртпақтап сыр айтқан өз халқына.
Өреден құрт ұрлаған бала кеше,
Ақ бас шалға айналған қала берсе.
Алтынмен аптағанды ұнатпайтын,
Шонжарды жақтырмайтын жан емес пе?
Табиғатқа арнаған – Бозқараған,
Соңғы кезде қазақта аз тараған.
Сирень гүлі деп кеткен тілге сіңіп,
Әдемі сөз емес пе – Бозқараған?!
Зерттеуімді осылай тамамдадым,
Ақ қағазға түсіріп санамдағын.
Мұқағали жырларын зерттеуге,
Өмірімнің арнаймын соған бәрін.
Неге мен де ақын боп жаралмадым,
Ақындықтың аулына қона алмадым.
«Білгің келсе, - деп едің, - зертте мені»,
Бұл менің сол жұмысқа бел алғаным.
***
Қос мектеп – қаладағы қос қанатым,
Ақындары – бәйгеге қосқан атым.
Тарлардардың талантын ұштай түссек,
Нар тәуекел, несі бар жасқанатын!
Мұқағали – осылар күні ертеңгі,
Жыр жайлайды көр де тұр бұл өлкеңді.
Абай, Қасым, Фариза, Тұмекең мен,
Қайталайды осылар Жұмекеңді.
«Осылар, - деп, - елімнің сүлейлері»,
Жетелейді осылай бір ой мені.
Өлең сөзді пір тұтар қазағымның,
Қашан-дағы ақынсыз жүдейді елі!
ЖАҢА ҒИМАРАТҚА
Армысың, әсем ғимарат,
Асылдың бәрін жинап ап.
Амандасып қояйын,
Көрсетіп мен де инабат.
Бабалар өтті өмірден,
Өткеріп қанша азап күн.
Бақытты өмір кешсін деп,
Қара домалағы қазақтың.
Осындай күнді біз деген,
Ғасырлар бойы іздеген.
Осы күнге де кеп жеттік,
Бабалар салған ізбенен.
Мақтауын алып мың озат,
Осында оқып жүр қазақ.
Ішінде, шіркін, адасып,
Жүргеннің өзі бір ғажап.
Мәрмәрдан қашап салғандай,
Пай-пай-пай, шіркін, талғамды-ай.
Іші мен сырты тең жатыр,
Көңілдің хошы толғандай.
Басқарған үлкен ұжымды,
Сыйлағын, қазақ, қызыңды.
Қалаға салған жаңадан,
Алғашқы мектеп түзілді.
«ӘЛІППЕ» - БІЛІМ БАСТАУЫ
Білімнің бар бастауын,
Әліппеден бастадым.
Үйренуге талпынып,
Ұмтылады жас жаным.
Әліппенің бетінен,
Елтаңбамды таныдым.
Көк байрағын қазақтың,
Білдім әуен әнінің.
Мектепке алғаш келгенде,
Білмеуші едік әріп те.
Үйреткен мені әріпке,
Рақмет саған, әліппе!
Барлық ілім, білімнің,
Бастауысың, Әліппе!
Саған талмай үңілдім,
Айналдың дос, серікке!
ЖАС МАМАНДАР ЖЫРЫ
Білім алып жоғары,
Еңбек жолын бастадық.
Қиын әрі қызықты,
Кетті өмір басталып.
Қайырмасы:
Алаулап нұр өңіміз,
Лүпілдеп жүрегіміз,
Біліммен сусындатар,
Өнегелі ұстазбыз.
Үйретеміз білімді,
Жас ұрпаққа талмастан.
Ыбырайдың бүгінгі
Дәстүріміз жалғасқан.
Қайырмасы:
Қарсы алып түлектерді,
Баураған жүректерді,
Білімге жол ашатын,
Біз жас маман - ұстазбыз.
МҰҒАЛІМДЕР ВАЛЬСІ
Зырлайды уақыт шіркін,
Белгі жоқ өткен күнде.
Жаңа оқу жылы – бұл күн,
Қарбалас неткен мүлде.
Таңдады уақыт бізді,
Жақсын деп шамшырағын.
Ұстаздар жарқын жүзді,
Шәкіртпен жансын бағың.
Шақырып сыңғырлайды,
Мектепке қоңырау үні.
Ұстаздар бір тынбайды,
Басталып оқу жылы.
Әсем би – мектеп вальсі,
Жатады жаңғырып кеп.
Шаттықпен алып қарсы,
Жалғасар мәңгілікке.
ҰСТАЗДАР МЕРЕКЕСІ
Дәріс берген ұстаздарым,
Құтты болсын мерекеңіз.
Ауызбірлік артып ылғи,
Арта берсін берекеңіз.
Құтты болсын гүл сыйлаған,
Төл мереке күндеріңіз.
Жадымыздан ұмытылмас,
Жымиып жай күлгеніңіз.
Әрбір үйдің еркелерін,
Оқытатын талмастан.
Келеді ылғи ертеменен
Сабағынан қалмастан.
Мектеп үшін жүгіретін,
Білімі деп баланың.
Арқасынан қағып тұрып,
«Оқы! – дейді,- қарағым».
Қашандағы, ұстаздарым,
Саулық берсін деніңізге.
Елдің болашағы үшін
Еңбек еткен елімізге.
Бойдағы бар күшті сарқып,
Шәкіртіне беретұғын,
Құтты болсын төл мереке,
Жылында бір келетұғын.
***
Меруерт, сен аққудай ақ баласың,
Айырмайтын өмірдің ақ-қарасын.
Ерке, шолжың, әдемі қылығыңмен,
Есімізде мәңгіге сақталасың.
Бұл мектепте жасыңнан оқығансың,
Талай білім бойыңа тоқығансың.
Апайыңның осы бір естелігін,
Қолыңа алып, еске алып отырарсың.
Сені жақсы көруші ем, ізбасарым,
Әдебиетші боп, талай қырды асарым.
Жолың болсын әдемі, ақ шәкіртім,
Өмір жайлы толғанып, сырласарым.
***
«Кетем», - деп жүрсің, жүректі тілім-тілім қып,
Арқаңда сенің уақытқа желдей іліндік.
Ақылы асқан дана бір қызым – Зульфия,
Жүрегімменен арнаған саған жырымды ұқ.
Есейіп сен де келесің, міне, бойжетіп,
Алды боп сынып жүресің ылғи ой жетік.
Ақкөңіл, адал, біртоға сен бір шәкіртсің,
Үндемей кейде қоясың елді сөйлетіп.
Сабақтан қалмай, білімді талмай оқисың,
Кіл «5»-ін алып, жарқырап жүрген оқушым.
Қалдырдым саған өлеңнен жазған қолтаңба,
Мектептен ұшып, сағынған кезде оқырсың.