Жетісу облысында жеңіл көлік жүк көлігімен соқтығысты. Жол апатынан үш адам қаза тапты, деп хабарлай...
«Жамиғ ат-Тауарих» және «Зикзал» кітаптары қазақ тіліне аударылды
«Жамиғ ат-Тауарих» және «Зикзал». Ұлттық дүниетанымымызды айшықтап, тарихымызды түгендеуге сеп болатын бұл еңбектер қазақ тіліне аударылды.
Шыңғысхан заманынан кеңес үкіметіне дейінгі кезеңді қамтитын тың туындылардың бүгін елордада таныстырылымы өтті.
Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тарихты түгендеуге тікелей түрткі болатын талай туынды жарыққа шықты. Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-Тауарихы» мен Бекасыл Биболатұлының «Зикзалы» солардың бірі әрі бірегейі. Мәселен, алғашқысы осыдан мың жыл бұрынғы түркі жұртының пайда болу кезеңінен сыр шертеді. Сол арқылы ұлтымыздың ұлы мұралары мен қалыптасу кезеңіне қатысты құнды деректерді төл тілімізде табуға болады.
Жалпы Кеңес заманында қазақтың өзі ғана емес, жері жайлы да қате пікір, жаңсақ жорамалдар көп айтылды. Ал нағыз ақиқатты айшықтайтын еңбектер жасырылып келді. Мәселен, ХІХ және ХХ ғасырда өмір сүріп, халқымыздың рухани танымы мен салт-санасын зерттеген Бекасыл Биболатұлының «Зикзал» кітабы тек 2000 жылдардан кейін табылды. Сөйтіп сол еңбек екі томдық болып қайта жарыққа шықты.
Дархан Қыдырәлі, Халықаралық түркі академиясының президенті:
- «Зикзал» кітабында қазақ халқының ежелгі шаруашылығы кеңінен көрініс тапқан. Оны оқи отырып, ата-бабаларымыздың ерте заманда өркениет көшінен қалыспағанын білуге болады.
Айта кетейік, қос бірдей еңбекті қазақ тіліне аударған – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ғұламалар кеңесінің мүшесі, түркітанушы ғалым Зәріпбай Оразбай.
Қос туындының таныстырылымына «Нұр Отан» партиясы, Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасы және Халықаралық түркі академиясы ұйытқы болды. Ал аударма ісі демеушілер тарапынан қаржыландырылды. Енді жаңа еңбектер оқу орындарына таратылады. Яғни жас ұрпақ түп тамырын танып білуге мүмкіндік алады.
Айта кету керек, туынды Еуразиялық Топтың (ERG) қаржылай қолдауымен жарық көрді.
Авторлары: Рауан Мыңбаев, Өмірбек Ізімов