Ж. Тәшенов ескерткіші туралы Қ.К. Тоқаевқа АШЫҚ ХАТ

Жаңалықтар
5074

Кешегі баһадүр бабаларымыз: «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деген дана сөзді біздің ұрпаққа өсиет етіп қалдарды. Аллаға шүкір, қазақ халқы қан майданда от кешкен ұлдары мен қыздарынан кенде емес. Қабырғалы қалың халқы үшін ажалға қарсы тұрған, ел намысын қасық қаны қалғанша қорғай білген аспантекті қаhармандарын ұрпақтары ешқашан ұмытпаған. Сондай тау тұлғалардың есімдері ұрпақтар жадында мәңгілік сақталуда.  
Халқымыздың санасында мәңгілік сақталған тұлғалардың бірегейі тау тұлғалы ұлт мақтанышы Жұмабек Ахметұлы Тәшенев.
Жуырда Елордада Тәшеневке ескерткіш орнатылады деген хабар бүкіл елге тарап кетті. Алайда қала әкімшілігі шұғыл шешім қабылдап, ескерткішті өте тар және  бірнеше ескерткіштер қатар тұрған жерге Ж.Тәшенев ескерткішін таса жерге орнатуды көздеп отыр. Осыған орай, "Мәдениет порталының" электронды поштасына келіп түскен Жұмабек Ахметұлының өмірі мен қызметін талай жылдан бері зерттеп жүрген журналист Мейрам Байғазиннің Қазақстан Республикасының президенті Қ.К. Тоқаевқа жолдаған ашық хатын жариялауды жөн көрдік.

Жұмабек Ахметұлы Тәшенев                                                         

                                                                              АШЫҚ ХАТ

Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.К.Тоқаевқа

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Жақсы жаңалық жерде жатушы ма еді. Дарынды мемлекет қайраткері, ұлт мақтанышына айналған, туған жерін қызғыштай қорғаған Жұмабек Ахметұлы Тәшеневке Елордада ескерткіш орнатылады деген жағымды хабар Нұр-Сұлтан қаласы түгіл, бүкіл Қазақстан аймақтарын шарлап кетті. Астана тұрғындарының басым көпшілігі Нұр-Сұлтан қаласында Жұмабек Тәшеневке ескерткіш орнату бастамасын қызу қолдауда. Тәшеневке қойылған ескерткіш, бүкіл қазақ ұлтына қойылған ескерткіш деп санайды олар.  Сөз реті келгенде Ж.А.Тәшеневке Елордада ескерткіш орнату мәселесін көтеріп, соған түрткі болған бір топ қызылжарлық азаматтарға және осыған байланысты  Нұр-Сұлтан қаласы әкімшілігіне нұсқау берген Сізге алғыстан басқа айтарым жоқ.

Жұмабек Ахметұлы Тәшеневке қай жерде ескерткіш орнату мәселесіне байланысты менің де айтарым бар. Өйткені, талай жылдан бері Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтің өмірі мен мемлекеттік қызметін зерттеу барысында көптеген жәйттерге көз жеткіздім. Жүз жылдық мерейтойын атау кезінде бірде бір мемлекеттік органдар қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалған ұлтымыздың біртуар перзентінің мерейтой шараларына қатысуға жарамады. Тиісті шаралар қоғамдық ұйымдардың және ынталы азаматтардың қатысуымен өтті. Осыған орай мына бір жайтты Сіздің назарына сала кетуді жөн көрдім.

Біріншіден, Ж.Тәшенев атындағы шағын көшеде бір емес, бірнеше ескерткіштердің тұрғанын назардан тыс қалдырмайық. Ұлт мақтанышы болып саналатын Ж.А.Тәшеневті аядай көшенің бір тасасына орната салу біріншіден, Тәшеневтің аруағын силамағанымыз, екіншіден, қазіргі ұрпақтың Жұмабек Ахметұлы Тәшенев алдындағы қарызымыз бен парызымызды өтей алмаған дәрменсіздігімізді көрсеткеніміз.

Енді мына бір тарихи оқиғаға назар аударсаңыз. 1960 жылдың қазан айы. Сол кездегі Целиноградтағы қазіргі Нұр-Сұлтан қалалық концерт залы және филормония - ол кезде Тың игерушілер Сарайында КСРО басшысы Н.С. Хрущевтің шақыруымен республикалық Кеңес өтті. Н.С.Хрущев көтерген басты мәселесі Қазақстанның солтүстік облыстар аумағын түгелдей Ресей Федерациясының құрамына беру. Осы мәселеге байланысты Ж.А.Тәшенев Н.С.Хрущевке  қарсы шығып, волюнтаризм шешім қабылдауға дағдыланып қалған Хрущевтің келтірген уәждерінің күлін көкке шығарып, өз дегеніне жетті, сөйтіп, Атамекен жерінің тұтастығын толықтай сақтап, онымен қоса сол кездегі санақтағы төрт миллионнан аса Қазақстан халқын ел аумағында қалдырды.

Осындай сын сағатта Ж.Тәшеневтің азаматтық ерлігінің дүниеге келуіне себепші және куәсі болған осы ғимарат алдында Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтің ескерткішін орнатуды жөн деп санаймын. Еңселі ғимараттар алдында тарихи  ескерткіштер орнату бүкіл әлем мәдениетінде қалыптасқан дәстүр.

Екіншіден, осы арадан төртжүздей метр жерде бұрынғы парламент ғимаратының алдында Абай атамыздың ескерткіші тұр. Қазіргі қалалық концерт залы – филармония  ғимараты алдында Тәшенев ескерткіші орнатыла қалса, бұл да халқымыздың екі ұлы тұлғасының қарама қарсы тұруы да тарихи заңдылық деп санар едік. Кезінде Тәшенев Қазақ ССР Министрлер Кеңесін басқарғанда Алматыда ұлы Абай ескерткішін орнаттырып, сол арадан бастау алатын Абай даңғылын салдырған да Тәшенев болатын. Осындай тарихи сабақтастықтарды неге ескермеске және осы екі ескерткіштер арасы адамдардың көптеп жүретін, шетелден келген қонақтардың ұлтымыздың бетке ұстайтын тарихи екі тұлғаларға қойылған ескерткіштерін көруге ынтазар болатынын естен шығармайық.
Қандай бір тарихи тұлғаға ескерткіш орната салу оңайға түспейтін іс және орнатылған ескерткішті бұзып, басқа жерге орнату одан да қиын шаруа. Сол себепті, осындай істе асығыстыққа жол бермей,  көпшіліктің пікірлерін ескере отырып, Жұмекеңе арнап қойылатын ескерткіш мәселесін ақылмен  шешкен дұрыс деп санаймын.

Жұмабек Ахметұлы Тәшеневке халқы қандай сый көрсетсе де артық емес. Ол өзінің бүкіл саналы өмірін ұлтына адал да үлгілі қызмет көрсетуге арнады. Егер Солтүстік Қазақстанның бес облысының сақталуын бүгінгі тәуелсіз еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму сатысымен сараптай қарайтын болсақ, Жұмекеңнің ерлігі мен қайсарлығының мән - маңызын ештеңемен салыстыру және өлшеу мүмкін емес!

Құрметпен, 

М.Байғазин,
Қазақстанның құрметті журналисі,
Нұр-Сұлтан қалалық ардагерлер
Кеңесінің мүшесі, Ж.А.Тәшеневтің
өмірі мен мемлекеттік қызметін
зерттеуші

author

Жұмабек Тәшенев

ҚАЙРАТКЕР

Жаңалықтар

2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша елорда аумағында 4100-ден астам интернет-алаяқтық дерегі т...

Спорт

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының экс-ойыншысы Ұлан Қонысбаев Euro-football.ru сайтына берген с...