Кездесу барысында Дәулет Сәрсенбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ғылыми орталықтың қазіргі атқары...
Құқығы қорғалғанның намысы тапталмайды
Жуырда Қазақстан Республикасы Адам құқықтары жөніндегі уәкілі (Омбудсмен) Асқар Шәкіров Гонконг қаласында Ұлттық құқық қорғау мекемелерінің Азиялық-Тынық мұхит форумының (АТФ) жыл сайынғы отырысына қатысып қайтқан еді. Бұл отырыста осы ұйымға мүше мемлекеттердің атқарған жұмыс нәтижелері қаралды. Осы орайда Омбудсмен еліміздегі жасалып жатқан жұмыстармен қатар, Мемлекет басшысы айқындаған конституциялық реформа мен өзге де бағдарламалар шеңберінде жүзеге асырылып жатқан институционалдық дамудың келелі жақтарына да тоқталған болатын:
- Қазіргі таңда Омбудсмен мәртебесін көтеру маңызды мәселеге айналып отыр. Оны конституциялық түрде бекітіп, Париж қағидаттарына сәйкестендіру қолға алынып жатыр. Осы орайда БҰҰ, ЮНИСЕФ, ЕҚЫҰ, Еуропа Кеңесі және АТФ секілді адам құқықтарын қорғаушы әлемдік және аймақтық серіктестермен қарым-қатынас үдеп, қарқынды жұмыс басталды.
Сондай-ақ осы есепті кезең аралығында біз балалар мен әйел адамдардың, қарттардың және қамқорлыққа қажет өзге де әлеуметтік әлсіз топтардың мүдделерін қорғау жөнінде мониторинг жүргізіп, біршама жұмыстар жасадық. Және Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерін ұлттық заңнама негізіне сейкестендіріп, заң шығаруға ат салыстық.
Айта кететін болсақ, Азаптауларға қарсы ұлттық алдын алу тетігі мандатының тізбесіне қосымша заң жобасын Парламент бірінші оқылымда мақұлдады.
Сонымен қатар, Орталық Азия ұлттық құқық қорғау мекемелері арасында Қазақстан бастамашылығымен ортақ мүдделі «жол картасы» әзірленетін болды. Осы жиынға қатынасқан шет елдік әріптестер нәсілдік және кемсітушіліктің өзге де түрлеріне қарсы күрес туралы бастама көтерді. Біздің еліміздегі этносаралық және конфессияаралық келісімнің жағдайына ерекше көңіл бөлді. Бұның шектеулі ел ішіндегі ғана емес, әлемдік мәселе екенін баса айтты.
Өз тарапымыздан мемлекеттің осы саладағы саясатын және Қазақстан халқы Ассамблеясының Омбудсмен мекемесімен ынтымақтастық туралы Меморандум жасасқаны туралы хабардар еттік, - деп атап өтті А. Шәкіров.
Сонымен қатар, Азиялық-Тынық мұхит форумыны отырысында ұйымға жаңа мүшелер де қабылданды. Соның бірі Қырғыз Республикасының Омбудсмен мекемесі болды.
Қазақстанның омбудсмен институты адам құқықтарын сақтау барысындағы қауқарлы құралы екенін күннен-күнге танытып келеді. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мемлекеттік органдар мен азаматтық сектор арасындағы қарым-қатынасы айтарлықтай дәрежеге көтерілген. Осы мекеменің жыл сайынғы баяндамаларында қылмыстық-атқару саласындағы жиналған кемшіліктер, заң аясында жіберілген олқылықтар кеңінен жариялыққа ие болуда. Осындай проблемалар түзеу мекемелерін, тергеу изоляторларын нақтылы тексерулер барысында анықталып отыр.
Келешекте осы секілді заң бұзушылықтың алдын алу үшін қоғамдық бақылауды күшейте түскен жөн секілді. Сонымен қатар адам құқықтары жөніндегі уәкілдің жанынан бас бостандығынан айрылғандардың құқының бұзылмауын бақылайтын Қоғамдық кеңес те құрған артық болмас деген ұсыныс туындайды.
З. Самалбекұлы