Бастауын сонау "Ақкиіз" кәсіпкерлік ұжымынан алған Қолөнер орталығы аясындағы Qazaq-Oner қ...
2019 ЖЫЛДАН БАСТАП ІМЕІ-КОДЫН ТІРКЕМЕГЕН АБОНЕНТТЕРГЕ ҰЯЛЫ БАЙЛАНЫС ҚЫЗМЕТІ КӨРСЕТІЛМЕЙДІ
Елімізде ұялы телефондарды тіркеу ережесі өзгерді. Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын бәріміз жапатармағай нөмірімізді, одан қала берді телефонымыздың ІМЕІ-кодын тіркетіп, біраз әбігерге түсіп едік. Құқық қорғау органдары бұл бастаманың жоғалған телефонды тез табуға, қылмыстың бетін жедел ашуға, экстремистік пиғылдағы топтарды құрықтауға көмегі көп деген болатын. Бірақ, екі жыл ішінде керісінше, телефон ұрлығына қатысты статистика көбеймесе, азайған жоқ. Жоғалған 10 телефонның ары кетсе, екеуі ғана табылады. Қысқасы, бұл тіркеу іс жүзінде өзін-өзі ақтай алмады.
Сөйтсек, тек нөмір мен ІМЕІ-кодты ғана тіркеу телефонның шын мәніндегі иесі кім екенін анықтауға жеткіліксіз екен. Қулығына құрық бойламайтындар Sim-карталарын бір телефоннан екінші телефонға ауыстырып немесе өзінің емес, өзгенің құрылғысын пайдалану арқылы теріс пиғылдарын жүзеге асырып келді. Ал, келер жылдан бастап тіркеудің жаңа жүйесі енгізілмек. Енді сіз Sim-картаңызды, телефоныңыздың ІМЕІ кодын және жеке сәйкестендіру нөміріңізді қосып тіркеуіңіз қажет. Яғни, IMEI-кодтардың бірыңғай базасында қай телефонның және қай нөмірдің кімге тиесілі екені тайға таңба басқандай көрініп тұрады. Егер ол телефонға өзге Sim-карта салынса, байланыс бірден үзіледі. Демек, телефон ұрлаудың мәні қалмайды.
Енді ұялы байланыс операторлары абоненттерді 1 қаңтарға дейін тездетіп тіркелуге шақырып жатыр. Тіркелмесеңіз, телефоныңыз «қара тізімге» ілініп, мұндай құрылғылар байланыстан ажыратылады. Жарамсыз күйге түседі. Тіркеу десе, ұзын-сонар кезегінен зәрезап болатын жұрт бұл жолы да үрке қарап отыр. Жалпы, бұл тіркеу не үшін қажет, тіркелудің оңай жолы қандай?
Шынар АСАНҚЫЗЫ