«Ашу – дұшпан» деген рас екен. Ашуланған кезде адам баласын жақтырмай кетесің ғой....
Мұңлы Арлекин (монопьеса)
Қатысушы
Ахмет Қарамырзаев – актер 57 жаста.
Санаулы ғұмырында өз кейіпкерлерінің өміріне еніп, өз уақытын ұмыт қалдырған өнердің ақсүйектеріне арналады.
Бірінші көрініс
Грим бөлмесі. Ахмет Қарамырзаев бөлмеге үреймен кіріп келеді, есікті қатты жауып, арқасымен тіреп отыра қалады. Бетімен қолын басып, шапалақпен өзін – өзі ұрады.
Ахмет Қарамырзаев: Өлдім, біткен жерім осы. Өлген жерім осы жер. Қайтсем болады, не істесем болады тірі қалу үшін... (қайтадан бетін басып отыра қалады, қайта көтеріп) ...шешімі өлім. (орнынан тұрып айнаның алдындағы орындыққа жайғасады да, айнаға үрейлі көзімен қарайды).
Кешіріңдер ұлы өнердің арашысы, көзіқарақты көрермен! Мен, ажалсыз ат жетектеген сардар емеспін. Ажалым келді, тәнімнің емес, жанымның, рухымның ажалы. Мен енді сахна сардары болуға лайықты емеспін, ...олар айтты, маған... Мені мазақ етіп айтты, «сен бұл рөлде ойнамайсың» деді. Мен өлген жоқпын ба енді...
Тағыда керексіз болып қалдың ба, сорлы – ау? Жанарыңа жәй түскендей нұрың қашып кетіпті ғой Ахмет. Премьера болады деп жаныңды салып өнер көрсеткенің кімге керек, талантты түсінетін талғам болмаса оларда. Мен осы театрдың оты мен кіріп күлімен шыққан адаммын, 31 – жыл болды осы сахнада сан өліп, тірілгеніме.
Қарны аш адамға нан бермесең, бір жұтым су бермесең оның көзқарасынан, психологиясынан қалай қиналғанын көресің. Тек сырт келбеті емес, аштықтан іші бұратылып жатқан адамның организмі тамақты қалай қаласа, менің де жан – дүнием осы рөлге сондай құмартты ғой! Ішімдегі аласапыран мына бір өрт денемді күйдіріп барады. Қызғаныштың қызыл иті санамды жалағанда, өз – өзіме келе алмай қаламын.
Қызық кезінде мен рөл алғанда қызғанып көре алмаған адамдар болды ма екен? Мүмкін солар қарғаған шығар. Жоқ, жоқ мен қайта оларға қуаныш сыйлайтынмын, мен қарғыс арқаламадым. (пауза) Алғыста...
Адам өнерді емес, өнер адамды таңдайды екен. Сен жалқау бол, пысық, бай немесе кедей, қарамайды оған. Барлық өнер адамдарында бір белгі бар, ол – көңілі кеткен нәрсе үшін бәріне барады. Ол – адам ба, ақша, атақ па? Жолындағы ештеңені елемейді, тек қолы жетсе болды...
Біз театр әртістері Рим империясындағы колизейдің жауынгері секілдіміз, қаруымыз ұлы өнер. Қаруды қалай қолдану талантыңмен тәжірибеңе байланысты. Күндердің бір күнінде бір – бірімізге жау болып сахна деген аренада шайқасамыз. Ал халық болса әр күн сайын, әр батырдың ерлігіне тамсанып қайтады. Шымылдық - сахна мен көрермен арасындағы сиқыр. Ал – біз сиқыршылармыз. Біз оларды күнде алдаймыз, бір – ақ халық сонда да келеді! Өйткені көрермен сол сиқырға балаша сенеді. Біздің көрерменнен артық ештеңеміз жоқ, бізде ет пен сүйектен жаратылған адамдармыз, тек мақтанатынымыз біздің бойымызда ханға тән тектілік, билерге тән шешендік, серіге тән еркелік, батырға тән еркіндік бар. Осылардың қай – қайсысы болуда оңай емес, ал біз осының бәрін бір маңдайға сыйдырып жүрміз. Сыйдырғаныңа сый алсаң жарар еді – ау! Сыйдырып алып сыйа алмай жүрген жоқпыз ба. Мұңымды кімге шағамын? (айнаның үстіндегі шүберек түсіп, айнаның бетін жауып қалады) Тым болмаса сен теріс айналмашы досым ау! (айнаның жапқышын көтеріп қояды) Мұңымды сенен басқа кімге шағамын, әріптестеріме айтайын десем кім жетісіп жүр дейсің, бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы, сырымыз да мұңымызда белгілі. Ал сен білсең де мыңқиып отыра бересің. Бұл жолы мен сені тыңдайын, айтшы ал! Мен алғаш келгенде қандай едім, қазір қандаймын, келіншегіммен танысқанда ше, алдыңа Гамлет болып келгенім есіңде ме...? Айттым ғой әне, өмірі үндемейсің... Мен саған бір өсек айтайын құр отырмай. Өткенде театрға жаңадан келген бір жігіт, (пауза) жаңадан келген деп қоямын былтыр келген екен ғой, одан кейін ешкім келмегесін кеше келгендей көрінеді...
Содан қойшы, әлгі бала аялдамада шылым шегіп тұрса, жанына бір апа келіп «ей бала! Сен актер емессің ба?» - депті, содан әлгі жігіт өзін танып жанына келген апаға «иә, апа сол жігітпін ғой» десе, «темекіні бірінен соң бірін шегіп не көрінді, нашақорсың ба?» - деп айқайлап тастапты. Апасына ренжіп қалған әлгі бала рөлге дайындалып сақалын өсіріп жүрсе, анасының қасында кетіп бара жатқан кішкентай бала «мама, ана бахабисті қара!» демесі бар ма? Кәріден де, баладан да көңілі қалған жігіт қазір науқастанып жатыр, жағдайы жақсарып, беті бері қарапты. Ол бір жүрген әпенді, нағыз шаш ал десең бас алатын адам. Бір күні маған ренжіп, бөлмеме роза гүлін шашып кетіпті, аллергия барын біледі ғой, содан әлгі жүгірмек жеңгесін есіме түсірген...
Айна алдындағы дыбыс қабылдағыштан: Ахмет Қарамырзаев спектаклге 30 минуттан қалды.
(Айнаны қос қолымен ұстап алып) Айеке, сен менің келіншегімді білесің ғой!.. Мен Айнұрмен танысқанда, ...менің ағамның баласы қалаға алғаш қыдырып келген. Ой, ол бір өзі қызық болды. Ауылдан келген інімді қаладағы бір ресторанға апардым, қарсы үстелде қыз – келіншектер туған күн бе, білмеймін әйтеуір бас қосып жиналып отыр екен. Інім әлгі жерде қыздарға барайық деп мазаны алды, мен болсам ондай қылықтан ұяламын, інім қылқылдап қоймай қойды. Қайратқа «мен шылым шегіп келемін, сен қыздардың қасына бара бер, келгесін мен сенің жаныңа барамын» - деп жоспар құрдық. Мен шылым шегіп келсем Қайратым қыздардың ортасында отыр, жанына барып, не айтарымды білмей қысылып, бір мұздап, бір суып тұрғанымда інім «міне қыздар, асабаның өзіде келді» демесі бар ма. Маңдайдан тер шып ете қалды. Мен асаба болдым, қыздармен танысып, 4 тосттан кейін өзіміз болып кеттік. Олар мені мақтап, қошеметтеп, шапалақтаған сайын, ешіріп домбыра алдырдым. Сол сәтте күн көзінен тамған нұрдай, жанарында жалын оттың лебі бар, келбетіне тік қаратпайтын сымбатты даяшы менің өнердегі қолшоқпарымды қос қолымен ұсынғанда айтылмаған әннен, шертілмеген күйден күнә болушы еді. Ол менің өнерімнің қозғаушы күші болды, аздап өлең шығаратынымда бар еді... (тамағын кенеп)
«Мұқағали жырындағы арулар,
Хор қызындай ой салады санаға.
Мағжан ғашық болған кеше Зылиха,
Аңыз болды ел ішіне тарала.
Жұматайдың әніндегі Ләйлі қыз,
Үш көрініп музасына айналған.
Шахановтың жырындағы Танакөз,
Бұл ақынды көрсетпеді қай қырдан.
Шәмшіні өзіне ғашық қылған Изольда,
Қазақ әнін арнатпады ма өзіне.
Әзілханнің романындағы Меңтайда
Ғашықтықтан кетпеп пе еді көз іле.
Түсін енді көріктім ау шырайлым,
Тәкаппарды мейірімділікке құлыпта.
Ұлы адамдар ғашық болған бикештер,
Осы сенен тым көрікті болып па?» -
дедімде домбыраны бір шертіп, Тоқтардың «Көздеріңе ғашықпын» әнін орындай бастадым. Ол, ал ол болса, жанарын жасқандырып, қос қолын кіндігінің үстіне қойып, тырнақтарын тырнай бастады. Мен арағыма сылқия тойып алған әртіспін, ол болса қызметтегі адам. Мен оған кездескен күннен бастап екі таңдау беріппін, қандай өкінішті? Нан тауып жүрген жұмысын істеу немесе өзі туралы ақиқатты тыңдап ән мен жырдың сағасында тұру. Оған біріншісі жөн болды, бізде көп отырмадық, әйтеуір ертесінен үйде екенімді көрдім. Мен сол ресторанға баруды әдетке айналдырдым, кейін ол театрға келе бастады. Ол келгенде мен өз образдарымды халыққа емес, Айнұрға ұнау үшін барымды салатын болдым. Мен ғашық болдым, бұл жолы шарапқа емес шаттықтан масайрай бастадым. Ғашық болу деген соқыр болу екен, мен айдың нұрынан басқа ешкімді көремедім. Құдайдың құдіреттілігін қарасаңшы «Ай» қараңғыны жарық қылатын жердің серігі емес пе? Қараңғылықты сезінетін жер. Ол театрға келмей қалса қызғанамын, білмеймін әйтеуір сайқал ой санамды сан жаққа жүгіртеді, денемді әлде не тырнап жатқандай күйге енемін, кейде оның жұмысына гриммен барған күнімде болған. Көзіммен көргенде ол сабылысқан адамдарға тамақ тасып жүреді, сонда ғана өз ойымды жеңіп рахаттанамын.
Сол уақыттың жаңа жылында ол менің үйіме қонақ болды, содан кейін үйде қонақ күтті. Премьера сайын роза гүлін алып театрдың алдында күтеді, менің ол гүлден аллергиям болсада жанында көзім қызарып, түшкіріп жүре беретінмін. Жайсыздығымның жағдайын сұраса бес жыл бойы гримнен көріп жүрдім. Бір күні театр ішінде болатын фестивальде бір актриса келіншегім екеумізге роза ұсынып кетіп қалды. Ойым сан жаққа жүгіріп, образымнан шыға алмай тұрғанымда «менің розадан алергиям бар, сен ұсташы» деп қолына беріп жіберіппін. Айнұр «мен де саған осы гүлді ұсынамын ғой, неге айтпағансың басында?» деген сөзіне, қысылып, қымтырылып «басқа келіншектердің гүлінен» дей салдым. Ол бәрін түсінді, ол ақылды... (пауза)
Арада біраз күндерді өткізіп оны мектепке жұмысқа орналастырдым, өзімді сахна қайта тартып алды. Мен күндіз түні дайындықта жүрдім, ол үйде. Үйге жиі қонбағасын махаббатымызды айқаймен дәлелдейтін болдық. Ол маған театрдан көңілдес тауып берді, сөзі бойынша. Арың таза болып күнде ақталған қорлық екен, өзімді репрессияның құрбаны сезініп жүрдім. Ештеңе істемейсің, бір – ақ ақталасың, олар халық жауы болса, мен қатын жауы. Мен үйдегі ұрыстан қашып, театрда жиі қона бастадым. Ал Айнұр болса қаңыраған екі бөлмелі пәтерде жар төсегіне зар болып жататын. Ара – тұра үйге барсам қабақ шытып, қырсығып жүреді де қояды, ал театрым мені құшақ жая қарсы алады. Қатынымның қабағын көтеру үшін түнгі үште үйімнің алдында театрдағы әріптестерімді ертіп серенада жасадым, сол менің қиялымның шарықтау шегі болатын, достармнан ұят болды. Оны да түсінемін мынандай материялисттік өмірде, қиялмен арпалысқан романтикті қабылдау оңай емес қой...! Ол бақытты болғысы келді.
Бақыт деген не? Бақытты әр адам өмірлік тәжірибесіне сүйеніп әр түрлі түсінеді. Ал мен бақытты – бірінші сәтсіздіктен қашып, екінші сәтсіздікке ұрынар алдындағы сезім деп айтушы едім, немесе бақыт – уақыт, ал уақыт тұрақсыз, демек бақытта... Тұрақсыз өмірде тұрақты бақытты іздеу, жоқ нәрсені қалау емес пе, демек барлық адамдар қияли?. Барлықтары қиялда құрған әлемнен тыс өмір сүреді, мен сияқты. Оларға қарағанда мен бақыттымын ғой! (қолымен сахнаны көрсетіп) Қиялымды әрекетке әкелетін, ал олар сол қиялынан ары аса алмайды. Кімнің хан болғысы келмеді, қане кім болды? Ал мен болғам екі сағат болсада тақта отырғанмын, уақытша отырсамда арманыма жеттім ғой! Мен өмірде мұратсыз, мақсатсыз болудан қатты қорықтым, арманынан адасып қалған достарымды көргенде аяймын. Олардың бойындағы күш жігерді жұмсауға білімі аздау болды. Олар үшін бақыт әңгімелері бір шөлмектің күшімен жалғасса болды, бір – біріне бақыт тілеп жүре береді, құр бақыт тілегеннен бағы ашылған адамды көрмедім. Олар үшін мына заман жұмбақ, рас олар баяғы сталиннің заманында қалып қойғандар. Құрдастарым менің замандастарым болғаны үшін кешірімді, жаңа заманмен туылып көне заманмен өмір сүретін балаларын көргенде жаным ашып кетеді. Олар тек ауылда отырып алып «біздің қазекеңдер кезінде...» деп мақтанғанда әлемнің бәрі өзіміз сияқты көрінеді, баяғы көшпелі уақыттың ерлігін айта – айта бала тәрбиесі де сол заманда қалып қойған.
Бір күні өзімнің оқып кеткен мектебімнің мұғалымдері оқушылармен кездесу ұйымдастырып, қонақ болып кеттім. Сонда көзім жеткені әлгі оқушы балаларда талғам жоқ, ұялшақ, қазіргі қоғамнан тыс өмір сүріп жатқан секілді. Мына заман техника мен білімнің заманы, ал олар болса мал бағып баюды мұрат етеді. Өзімнің өмірімді, шығармашылық жолдарымды айтып болдым, олар өз ойындағы сұрақты қоюға жасқанады әлі. Мүмкін оларды өнер қызықтырмайтын шығар, ата – анасы өнер туралы ақпарат бермеген. Ертеректе «жындардың музыканты» деп аталып кеткен атақты скрипкашы Паганини ауыр сырқаттанып жатқанда, шырақшыға «Мен құдайға ренжулімін» - деген екен. Сонда шырақшы шошып кетіп «сөзіңді қайтып ал!» - деп жалыныпты оған. Паганини жарықтық «Құдай маған ешкімде жоқ өнер берді, бірақ өнерді түсінбейтін ортаға жібергені үшін ренжимін» - деп қыршаңқы мінезімен теріс қарап жатып қалыпты. Міне нағыз өнер адамы, Паганини, қоғам сол бәз баяғы қалпында, өзгерген түкте жоқ, сенен кейін қаншама өнер адамы заманының сайқал саясатымен еленбей кетті. Өнер – ол бәріне бірдей қона бермейтін тылсым күш, ол тап – таза тарих... Өнер – ол шығармашылық. Ал шығармашылық адамдардың көзіне «міне, мынау ғой!» - деп көрсететін зат емес. Қоғамның пікірінше өнер адамдары жәй, бір ауа қуалап жүрген адам сияқты, ол рас! Бізге қарағанда материялист адамдар әлде қайда бақытты, себебі олар күнде көзге көрінетін шаруа істейді, мысалы мұнайшылар, құрылысшылар... Бізде өз саламыз бойынша мұнайшымыз, құрылысшымыз, тіпті Зевспіз, біз бірақ өз денемізді бұрғылаймыз, шабытты шығару үшін. Ал ол шыға ма, шықпай ма белгісіз. Санамызға, ойымызға өнер деген ғимаратты саламыз, онда біз өз қиялымыздағы кейіпкерлерді орналастырамыз. Оларда қарапайым адамдар, бір – бірін көре алмайды, өсектейді, жанжал шығарады сол үшін біз оларды үнемі бақылап отырамыз. Ал жасаған жұмыстарыңды көбісі көрмегеннен кейін біз туралы не болса соны айтады. Осыншама өнердің, қиялдың арпалысында із – түссіз кеткен қаншама адам бар, кім ескеріп жатыр, ешкім?! Өмірде жаңа буын шығуға жанталасқанда алдыңғы буынды ысырып жібереді, тек бағы бар адам ғана көненің көшін бастайды. Қай дәуірде де бір қағида заман тек мықтыларды ғана үлгі етеді. Мықты болу үшін қиялымыздағы тұрғындарды мына өмірге үйрету керек. Менің буыным, менің әріптестерім қазір сиреп қалған, өйткені жаңа буын бізді ысырып барады, өміріміз ылғи күреспен өтеді.
Айна алдындағы дыбыс қабылдағыштан: Ахмет Қарамырзаев 15 минуттан кейін спектакль басталады.
Менің театрға келген күнім есіңде ме сенің? Саған тіл бітсе талай шындық ашылайын деп тұр ғой негізі, досым ау! Мен саған бағана сөйлеш деп едім ал сен әлі отырсың үндемей, менде отырмын былшылдап... Байқайсың ба негізі соңғы кездері мінезім ауырлап кеткен, әріптестерімнің де қалжыңын көтере алмай қалатын болыппын. Екі адам әңгімелесіп тұрса «мынау шалдың дәуірі біткені қашан, қашан кетеді мына қақбас» - деп өсектейтіндей көрінеді. Театрдың стенасына ілінген ескі афиша ғана көңілімді көтереді, өткен өмірімнің бос өтпегеніне қуанамын кейде. Жүйкем жұқарып, өзіммен өзім сөйлескеннен басқа амал жоқ, мұңымды кімге шағамын, жалғыздықтан қорқатын едім, оған да үйрендім, үйренбеске амал жоқ, достыңда жөні бір бөлек. Баламдай болсада досым секілді әңгіме айтатын аңқау жігіт ауруханада жатыр.
(Жан – жағына тамсанып қарап) Жастық шағымда грим бөлмесіне тек бет әрлеу үшін ғана кіретін едім, сахнаның кулисасынан халыққа ұрлана қарап «қазір менің кезегім» - деп іштей дайындалып тұратынмын. Ал енді қара жападан жалғыз, ешкімге керек емес адамдай айнаға қарап отырысым мынау. Шын көңіліммен айнаны ойлап тапқан адамға басымды иемін!
Дос болдым айнаменен,
Санаға кірмейді мың.
Мен қанша жылап тұрсам,
Білемін күлмейтінін.
(Айнаға көзі жасаурап қарайды) Мен не болып кеткенмін досым – ау! Өзім туралы ақиқатты мойындауға қорқып жүргенім де ылғи қартайғанымды бетіме басасыңда тұрасың. Уақыт сен жеңдің, менде күресетін күш қалмады, шарасыздықтан көз алдыңда сарқылып барамын...
(Жасын сүртіп) Мен көрермендерім үшін ғана өмір сүрдім, солардың қошеметі мен ықыласы мені әлі күнге дейін жасартып жібереді. Бес минут жасарғаның не керек, занавес жабылса бәрі бұрынғысынша. Жоқ, мен оған өкінбеймін, мені өкіндіретіні неге мені ешкім түсінбеді...
(пауза)
Мен осы сахнада әлі де ханды да қараны да ойнауға құдіретім жетеді. (пауза) Қабағымнан қар жауып тақта отырғанымда көзқарасымнан әріптестерім былай тұрсын партерде отырған көрермен сескенетін. Сосын олардың маған қараған бейкүнә жанарларынан шабыт аламын. Шабытыма арқау болған көрермендерді сол сәтте құшақтап кеп сүйгім келетін. Әттең, құшағыма халқым тұрмақ берген гүлдері әрең сиятын еді – ау! Көрерменнің ықыласы мені еріксіз баурап алып, кейде шабытыңа масайрап үйге қайтпай қоныпта қалатын едім, сондағысы ертеңгілік дайындыққа үлгермей қаламын деп. Не деген ақымақтық десеңші, әйелімді тыңдамай жасаған дайындығым екі – үш сағат қана, бар тәтті жері осы. Қойылым бітуге жақындап қалғанда жаныңды шүберекке түйіп уақыттың өтпеуін тілейтінмін. Бірақ уақыт мен сияқты бейбақ тіледі екен деп қатып қалмайды ғой, тоқтамасын білсемде тілей беруші едім, мен өнердің қияли адамы емеспін бе!? Әйелім менің өнерімді түсінбегесін қайтқым келмейтін шығар, ол кезде осыны түсініппін бе? (пауза)
Қойылым соңында актерлар көкжиекті бойлай барып халық алдына поклон беру сәтін күтеді. Сол кез сахнаның сылқымдары үшін ең қымбат. Көрерменнің алақаны алақанға тиіп шыққан даусын ешқандай симфониялық аспап сала алмайды. Жастық жалын кеудемізде лапылдап тұрғанда әріптестерімізбен кулисада бәстесетін едік, «кім ең көп қошеметке ие болады» - деп, және сол үшін сахнада аянбай еңбек етеміз. Халық қошеметіне бөленген сезіміңді ешкім де ешқашан да суреттеп бере алмайды, себебі сезім әр күні әр түрлі келеді. Санаулы сағатқа созылған қойылымда сенің талантыңа талмай қарап отырған көрермен поклоннан кейін, актерлерге деген махаббатын залға тастап кетіп қалады. Ал сен болсаң «халқым риза болсыншы» - деп сахнада кейіпкеріңмен бірге өмір сүресің, сондағы халқың өздерінің шынайы өмірлеріне еніп күнделікті ісіне кіріседі, олар тіпті театрдан кеткесін сені ұмытыпта кетеді. Ал сен болсаң сол уақыт аралығында киіміңді шешіп, гриміңді сүртіп баяғы сорлы өміріңе бақытсыз қадам басасың. Өзіңнің адамдарға уақыттша керек екеніңді сезінуден асқан қорлық бар ма? Сені кім түсінді, ешкім, тіпті «жаныңа жамандық тілемеймін, біз бірге бақытты боламыз» - деген әйелің де түсінбей тастап кеткен жоқ па. Өмір маған өз қалауын жасады, ал мен жасай алмадым, оған өкінбеймін. Бар өкінерім ешкімім жоқтығында, үйіме оралғанымда әйелімнің ыстық сезімін, қыздай бала секілді қылығын сағынамын. Оның маған еркелеп, кейіпкерлерімнің атымен атағаны, саған осы кейіпкер жарасады деп соның сөздерімен сөйлетіп қойғаны... (көзін сүртіп) ... бәрін сағындым.
Бір күні қойылымда мен үйде отрырып, артымнан әйелім келіп ұрыс бастау керек болатын, режиссердің қойып берген мизансценасында отырмын, партнерімді күту сәтім. Сол сахнада мен өз үйімде отырғандай сезініп кеттім, әйелім келсе шартты түрде бір ұрыс басталатын. Үйдегі жағдайларды ойланып отырып, әрі келіншегімді сағынып жүргенім бар, алдымнан кездейсоқ кездесіп қалса бәрі үшін, өміріне кездескенім үшін, домбыра әкелдіргенім үшін кешірім сұрайын деп оқталып жүргенмін. Жерге қарап, тесіліп отырған жанарыма бір нәрсе ілінгендей болды, қарасам өзімнің әйелім екен. Орнымнан еріксіз атып тұрдымда жүгіріп барып, құшақтап көтеріп алдым, диванға отырғыздымда жүзіне тік қарамай «кешірші мені, мен... Кінә менен...» - деп снамдағы сайраған ойларға шырматылып, не айтарымды білмей қалдым, орнымнан тұрып кулисаға кетіп бара жатқанда көрермендердің эмоцияларынан сахнада екенім есіме түсіп кетті. Артқа бұрылсам партнерім түк түсінбей, көздері бақырайып, шарасынан шығып кететіндей қарап тұр. Не істерімді білмей, есімді тез жинап алдым да «осының бәрін сен бұрыннан білгенсің» - деп едім, олда түсіне қойып ары қарай шебер ойнатып жіберді. Спектакль біткесін режиссерден қашып бара жатсам, алдымнан шығып, «сен менің ойымды іске асырдың, рахмет саған Ахмет» - деп кетіп қалды. Қуаныштан жүрегім жарылардай күн кештім, өмірімде бірінші рет ажырасқаныма қуандым. Осылай оны сағынып күндер өте берді. Қойылымның келесі кезегінде режиссер, (қолымен бөлмені көрсетіп) міне осы бөлмеге кіріп алып «Ахмет, маған өткендегі кейіпкерді сыйлашы, мен жоғарыдан адамдарды, сыншыларды алып келдім, сенің де жұлдыз болуға мүмкіншілігің осы, барыңды сал!» - деген болатын. Режиссерімді ренжітіп алдым да ролден қуылдым, тағы да көңілсіз күндер, сенімсіз әрекет. Сол кездегі бір сәттік сағыныштың сахнада келгеніне мен кінәлі емеспін ғой!
Айна алдындағы дыбыс қабылағыштан: Ахмет Қарамырзаев басталды, 10 мин. Кейін сіздің сахнаңыз, кулисаға келіңіз!
Қашанда адамның ішкі сезім толқынысы сыртқы жағдайына кері әсер етеді. Менің тұрмыс жағдайымның дұрыс болмауы, санамды бір қалыпты ойлатпауы жұмысыма қиыншылық тудырып жатыр. Өзімнің ойнаған рөлдерімді салыстырсам, қазір мен көптің бірі сияқтымын. Менің бұл театрға келгенім де бір церимония болатын... (күліп жасын сүртіп) Күлкі мен көз жас деген осы шығар бәлкім. (пауза)
Тіс дәрігерінен өлердей қорқамын, әкемнің танысы болғасын қорқасоқтап бардым көкеме. Театрға кіре алмай жүрген кезім, тісім ауырып мазамды алғасын көкеме барып төрт азу тісімді жұлдырттым. Көкем ертесінен басқа қалаға кетіп қалды, үш ай болды келмеді, жұлдырғанда ауырған, салдыруғада құлқым жоқ. Күндермен санасып, үйдегі айнаның алдында өнер көрсетіп жүргенімде... (айнаға сұқ саусағын көрсетіп, мақтанған түрмен) көрдің бе, сенің бауырларыңмен бала кезден араласқам, так что тыңда аяғына дейін. Сол уақытта театрға жұмысқа орналастым. Алғаш келгенде бойым ұзын, түрім жарасымды, барлық рөлге фактурам келеді, ал реплика оқи бастағанда аяғына дейін сахнада өзім қаламын. Ең бірінші ойнаған рөлдерім ауру адамдар, мылқау кейіпкерлер, бірақ шеберлікпен шығарамын. Ең бірінші дауысым шыққан рөл «бремен музыкасындағы» иттің рөлі болатын. Дауысты тіске емес ерінмен шығарғасын оңай болды. Жалпы театрда режиссерлердің қатты қиналатыны киім жағы, «гардероб» деген бөлме бар, ішінде киім жоқ, бар бір - екі киім бірақ олар әкімшіліктің концертінен босамайды. Ит болып жүргенімде әріптестерім мені «сақау ит» - деп мазақ қылатын, иттің аяқ киімі аяғымды қажап «ақсақ ит» - атанып кеттік. Сахнада ақсаңдап жүргесін өмірде әдетке айналып кейбір әскери қойылымда ақсаңдап кететін болдым, кейін бағыма орай көкем келді. Көкем келгесін бәріне көкелерін көрсеттім, ойнамаған рөлім қалмады, кейде әйелдің рөліне дейін сомдап жүре беретін болдым, режиссердан өтініп итіме тіл бітіріп кеттім әйтеуір. Итімді көрген адамдар бұрынғысы жақсы еді дегесін қайтып оралмадым, олардың айтқандарына келісемін, тіл жоқ жерде энергия әрекетке жұмсалады. Ойнаған рөлдерімнің ішінде анау жақсы, мынау күшті дейтіні жоқ, бәрін өз ойыңнан өткізіп, бойыңа сіңдіресің. Шығармашылық процестің ішінде жанымды қинап, мазамды алғаны «Гамлет» болды. Осы рөлді қалай армандадым десеңші... Гамлет пен Абайды ойнау кез келгеннің қолынан келе бермейді, екеуіде тұнық философияға тұнып тұр. Мен Абайды ойнауға дайын емес екенімді Гамлетті бес рет ойнағаннан кейін білдім, сол уақытта барып мен өз кейіпкерімнің жан дүниесін түсіндім, бірақ толық емес...
Гамлеттің кек алуға деген мақсаты мен адалдыққа деген махаббаты бәріне де даяр еді. Мен өзімнің санамдағы кейіпкерімді тәнімнің бағындыра алмайтынын білдім, ол тек өмірге деген махаббат емес, ол санаң мен тәніңнің, тәнің мен рухыңның, рухың мен ешкім естімес жан айқайыңның арпалысы еді. Мен осыны түсініп Гамлет болып сахнада үш сағат өмір сүруден бас тарттым, оны шын түсінген адам үш минутта өмір сүре алмайтын еді. Режиссерімді ренжітіп жұмыстан шығып кете жаздадым, ол менің қалай болсада ойнағанымды қалады. Менен кейінгі ойнап жүрген адамға мемлекеттен сыйлық алып берді. Ал мен кезекті қойылымға дайындықты бастап кеттім, ол қойылым Абылай хан болатын.
Ұзақ іздендім, кітап, фильм, естеліктер хандар туралы жазылған... Жалпы білем тақта отыруды, бәрінен де қараның хан болғаны қиын екен. Қара басымның қамын ойлай алмай жүргенде халықты көзқарасыңмен бақылау, ойыныңмен көрерменді сендіру керек, тарихи тұлғаны сахнаға алып шығу, ол – денеңе ине кірсе ауыратынын біле тұра тығу секілді жағдай. Өйткені, әр адамның санасында әр түрлі образда қалып қойған ханды «міне, мынау!» - деп көрсету оңай емес. Тұрақсыз уақыттың ығына жығылып жүріп, ханның рөлімен халықты бір сендіріп алдық, енді қошеметіне бөлену, оныда көрдік.
Айна алдындағы дыбыс қабылағыштан: Ахмет Қарамырзаев! Ахмет аға, Ахмет аға. Барып алып келіңдерші тез!
Осындай өтірікке толы өмірде адамдарға махаббаттың, адамгершіліктің, ізгіліктің бар екенін түсіндіруге тырыстық, бірақ сені түсінуге кім тырысты, кім тырысты? Ешкім, тіпті өз әйелімде еркелігімді көтере алмай, «жалғыз тұр» - деп, қаңыраған бос үйдің кілтін беріп кеткен жоқ па? Ол бала сүйіп, ана болғысы келді, ал менің қолымнан не келеді? Істейтінін істедік... Жоқ әлде мені сахнада құдіретті болғасын, өмірде де солай деп ойлай ма? Менде пендемін ғой, Құдайдың бермегенін мен қалай берем...? Мен балалы болғанды қаламады дейсің бе, қаладым ғой! Сахнадан хан болып қайтқанда, үйіңе келіп, балаңмен бала болып ойнау бақытын керек етпеді дейсің бе? Қартаятынымды білдім, бірақ керексіз болып қартаятынымды білмедім ғой! Уақыт сен мені тонадың, сен мені жоқ қылдың, сен мені аямадың, ал мен саған еремін деп өзімді өзім жоғалтып алдым. Театр – сен өте қатыгез өнерсің! Менің балам жоқ, бірақ сахнада әке болуға тура келеді. Мен оған қиналмаймын, тек неге уақытша әке болуым керек менің? Мен өзімнің балама, өз балалығымның бар тәтті қылығын берем деп ем ғой! Неге мен оны тек сахнада режиссердің айтуымен беруім керек?. Менің қолымда не бар қазір, ештеңе жоқ... Ойнаған рөлдерім бе, Кімге керек ол? Кейіпкерлерімнің де маңызы шамалы. Мен өмірімде қаншама адамның бейнесіне кірдім, бір – ақ өз бейнеме кіруді ұмытқан сорлымын. Өзімнен басқа ешкімге керек емес өнеріммен масаттанып жүріп, өмір деген иллюзияға алданып қалыппын. Енді бәрі кеш, кері жол жоқ. Жол болған күннің өзінде мен мүлдем бөлек адаммын. Көп достарым «сен сахнада әке рөлін жақсы бересің» - дейді. Енді қайтем, тым болмаса сахнада әке сезінейін деп барымды салам. Менің рөлдерім – өз балаларым. Сол үшінде жұрттардың балаларым туралы жаман сөзін естімеймін деп, сахнада өмір сүремін. Адамдар мамық төсекте ұйықтап, керемет түс көріп жатқанында біреу оятып жіберсе, оятқан адамды қалай жеккөріп кетеді? «Неге ояттың?» - деп бұртиып, сөйлемей қояды, немесе қиялымен ары қарай жалғастырып көреді, біреу сөйлеп ойын шашыратып жіберсе, оны өлтіріп тастағысы келеді... Ал менде ол күнделікті өмірімде болады, уақытында білем, екі сағат...
Бір күні төсекке Абылай хан болып жатып, Ахмет болып ояндым, енді Ахмет болып жатып оянбай кететін сахнамды күтіп жүрмін... Мен өз өмірімде жолы болмаған Арлекинмін.
Ахмет орнынан тұрып жарықты өшіріп, шығып кетеді.
Соңы.
Хан Асанов