Ғұмырым білім мен ғылымға арналған соң, айтарым, бұл салада игілікті өзгерістер болмады деуге болмай...
«Қорқыт Ата» эпосы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізімінен орын алды
«Қорқыт Ата» түркі эпосы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгені туралы хабар, үкіметаралық комитеттің Маврикий республикасындағы Порт-Луи қаласындағы қабылданған шешімге сәйкес жарияланды.
«Қорқыт Ата» эпосын тізімге енгізу бойынша өтінішті ЮНЕСКО-ға Түркия өз тарапынан, ал Әзірбайжан мен Қазақстан бірлесіп дайындап, жолдаған екен. «Қорқыт Ата» эпосы - түркі тілдес халықтардың басын қосатын аса маңызды фактор», - деп ерекше аталған көрінеді.
Сонымен қатар Қорқыт Ата - түркі халықтарына бірдей ұлы ойшыл, жырау, қобызшы. Қорқыт Ата өмірде ізі, артында әдеби-музыка мұрасы қалған тарихи тұлға ретінде танымал. Қорқыт Атаның өмір сүрген уақытына байланысты әрқилы болжамдар бар. Дейтұрғанмен зерттеу нәтижелері Қорқыт Атаның Сырдария бойында өмір сүрген оғыз-қыпшақ тайпалық бірлестігінің өкілі деп шамалайды. Яғни X ғасырдың басында дүниеге келген деген топшылау бар.
«Жамиғ Ат-Тауарих» атты Рашид әд-Диннің тарихи шежіресінде Қорқыт Атаны қайы тайпасынан десе, Әбілғазының «Түрік шежіресінде» оның шыққан тегі баят деп айтылады.Оғыздардың елбегі болып, 95 жасқа жетіп дүниеден озған екен.
Сыр бойының сағасына таяу маңда Қорқыт атаның зираты болғаны туралы Ә.Диваев, т.б. ғалымдар өз еңбектерінде атаған болатын.
Ә.Қоңыратбаевтың зерттеу жұмыстарында Қорқыт ата XI ғасырдың басында қайтыс болған деген дерек бар. Әлкей Марғұланның еңбектерінде ол VII - VIII ғасыр аралығында өмір сүрді деген пайым айтылады.
Қазақ философиясы тарихында Қорқыт Ата - ел бірлігін нығайтқан кемеңгер қайраткер ретінде және күллі түркі дүниетанымының негізін қалаған ғұлама ойшыл, әлемдік ақыл-ой мәдениетінде өзіндік орнын алған философ-гуманист ретінде айшық тұр. Қорқыт Ата жайындағы аңыздарда оған тән үш түрлі өнері ерекше айтылады. Ең алдымен ол оғыз-қыпшақ ұлысынан шыққан құдірет қонған бақсы. Екіншіден - күйші, қобыз сарынын алғаш тебіренткен өнерпаз. Үшіншіден - әйгілі жырау, оның жырлары оғыз-қыпшақ өмірін кестелеген әдеби-тарихи мұра. Түркі халықтарының фольклорындағы Қорқыт Ата туралы аңыз әңгімелердің бірі оның өмірге келуі туралы дерекке құрылған.
Сонымен Қорқыт Ата - түркілердің оғыз ұлысынан шыққан теңдесі жоқ сәуегей, бақсы, күйшілік, жыршылық өнерлердің түп атасы.
madeniportal.kz