Талдықорғанда «Әлем таныған Қазақстан» атты облыстық форум өтті. «Рухани жаңғыру&r...
Ғарифолла Есім. "Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді"
Ғұмырым білім мен ғылымға арналған соң, айтарым, бұл салада игілікті өзгерістер болмады деуге болмайды. Әр жоғары оқу орындары өз әлдерінше тырмысып еңбек етуде, ізденісте. Бірақ ақылды адамдар бағдардан адаспау үшін компасты тегіннен-тегін ойлап таппаған. Мәселені Еуропа кеңістігіне қатысты айтсақ (себебі, біз Еуропалық бағдардамыз), бағдарды ертеректе дін айқындады, одан бергіде ағартушылық дәуірінде діннің орнын философия басты. Францияда, Англияда, Германияда т.б. елдерде осындай үрдіс басталып, қоғам өмірінде шешуші күштер секуляризация және зайырлылық болды. Қандай нәтижеге жеттік? Қуанарлық жағдай болмады.
Еуропада екі алапат жаһандық қырғын соғыс ұйымдастырылды. Еуропа елдері азып-тозып, бағыт-бағдар іздей бастады, олар демократиялық және либералдық жолдарға түсті. Ол дұрыс па, бұрыс па, компасқа қарау керек. Елдер, тұлғалар адасып жатыр. Компас тілі өзгермейді, ол үнемі Солтүстікті көрсетіп тұр, яғни бағынатын бір күш-қуат барын көрсетуде компас тілі. Ойлану керек!
***
Елімізде қанша білім, ғылым министрі болса, соншама реформа болды. Компас тілі далада қалды, «менбілемдікке» салынды.
Білім, ғылым саласы бүгінде сын көтерерлік жағдайда емес. Қандай істі болмасын, маман кадрлар шешеді десек, мұғалімдер мен дәрігерлер қауымының жалақылары Астана қаласындағы орташа жалақы мөлшерінен әлдеқайда төмен. Астана қаласының орташа жалақысы – 220 мың теңге. Жас маман болып қызметке кіріскен қай мұғалім, қай дәрігер осындай жалақы алмақ? Бұл мәселе жұртшылыққа мәлім.
Жоғары оқу орнындағы профессорлардың жалақысы – 160 000-200 000 теңге аралығында, ол нақты әр университет басшыларына байланысты. Жуырда Жапония еліне сапарым түсіп, Хиросима қаласында әріптестерімізбен сұхбаттасып қалдық. Біреу Жапон профессорының жалақы мөлшерін сұрады, ол айына 14 мың АҚШ долларын алатынын айтты, ол профессор менен сұрады, «Сіз қанша аласыз?» – деп, мен намыстанып, сол сіз алатын мөлшерде дедім. Қасымдағылар маған таңқалып, қарап қалыпты. Жағдай солай. Кедей профессорлар «кедей білім» береді, себебі, күн көру үшін өзге істермен айналысып кетеді, өзге амал жоқ. Біздің елдің профессорлары – кедейлер. Білім, ғылым саласының тағы ілгерілемей тұрғанының бір себебі бар. Еліміздегі жоғары оқу орындарында олигархтардың, министрлердің, әкімдердің, көптеген депутаттардың ұл-қызы, немересі отандық білім жүйелерінде жоқ, олар шетелдерде білім алуда. Мектептегі жағдайлары да солай. Демек білім жүйесіне кімдер қызарақтаулары керек. Ойланайық!
Сабақтастық дегенде осы мәселелерді ескермесек, қандай сабақтастық болмақ?!
Ғарифолла Есім