ТҮНГІ СЫР Аспанында...
ҚАРА ЕСЕК БОЛҒЫМ КЕЛМЕДІ
– Қара есек боласың ба? – Бұрын өте мәртебелі қызметте болған, қазір жеке шаруасын дөңгелетіп отырған, жасы жетпістен жаңа асқан бір ағам қазір ғана ұялы телефоныма хабарласты. Мені қара есек қып ерттеп мінбек екен.
– Сіз айтқан соң, қара есек болып көрейін, аға. Қанша күнге?
– Тынбай тепең қағып, есек аяңмен отырсаң, ары кетсе бір аптаның ішінде барар жеріңе тұяқ іліктіресің. Ілбіп бара жатсаң, көк желкеңнен шұқылап, анда-санда езулеп қойып, сауырыңа қамшы ұрып отырам ғой.
– Апыр-ай, ә. Уақыты тым тығыз екен дә. Созуға болмас па?
– Болмай тұрғаны сол. Тым асығыспын.
– Үлгерем бе оған?
– Не бопты үлгермей?!
– Неше шақырым, тойыс...
– Өй, сен секілді қара нардың күші барға түк емес. Бар-жоғы 350-ақ!
– Ім-м-м...Бағдар қай жақ?
– Орыс деп ойлап тұрсың-ау. Бұл жолы Қытай. Қытай мен қазақтың достығы үшін, қытайдан қазаққа қарай Қалбан деген қандасымыз жол салған екен. Сол жолдан сүрінбей, жығылмай өте алсақ болды.
– Көрмеген жердің ой-шұңқыры көп деген. Бұрын-соңды баспаған жерім екен дә.
– Баспасаң, енді басасың. Әрине, өзің айтқандай ой-шұңқыры, кедір-бұдыры көп. Оны менсіз де жақсы біліп отырсың. Тақтайдай тегіс болса, сені ерттеп мініп қайтем.
– Ақысын алдын ала білуге бола ма?
– Ақысын артынан есептесемін. Қорықпа, жақсылап тұрып төлеймін.
– Төлейтініңізді білем ғой... Бірақ, қара есек болғым келмей тұр.
– Е, неге?
– Сізден бұрын он бес күндей қара есек боп мықшыңдап, әбден қажып, арқам қан-қызыл жауыр болды. Білесіз ғой, бәріне қара есек керек. Енді...біртүрлі беттей алмай тұрғаным.
– Ай, бауырым-ай, ақшаңды жақсылап төлесек, атша желіп шыға келесің әлі. Өзім-ақ қара есек болар едім, әттең, уақытым жоқ.
– Менде де уақыт болмай тұрғаны, ренжімеңізші, аға...
Қысқасы, сан түрлі сылтау айтып, басыма жүген кигізсе де, қара есек болудан бас тарттым. Айтқанына көніп, айдағанына жүрмеген соң, қазір ағам сыртымнан қара есекке теріс мінгізіп жатқан шығар. Мінгізсе мінгізе берсін. Өзіңіз ойлаңызшы, ...қытай тілінен қазақшаға қалай болса солай қотарылған 350-беттік кітапты бір аптада әрбір һәрпі, үтір-нүктесіне дейін шұқшия қарап, өңдеп, редакциялап шығу – оңай шаруа деймісің. Ондай туындыны түзеу – жуынды ішкенмен бірдей...
Төреғали ТӘШЕНОВ