ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ МЕ МАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ МЕ?

ӘДЕБИЕТ
2276

Аударма деген ең бір жауапты жұмыс екені баршаға мәлім. Ал соны жауапкершілікпен атқарып жатырмыз ба? Көркем аударманы қойғанда ресми құжаттардың аудармасын түсіну бір хикмет! Арбиып-сарбиған сөйлемдерді құраған сөздердің мағынасын ұғу қиын-ақ. Сөзді ұқпаған соң сөйлемде қадір қала ма? Амал жоқтан түпнұсқасын іздейсің. Қазақ тілінің «ата тегі» - орыс тілі боп тұр. Себебі, бір де бір ресми құжат мемлекеттік тілде жазылып, одан өзге тілге аударылып жатпағаны шындық. Бұл Алдаркөсенің «әлеулайым бітсе, халауләйім бар» дегені секілді. Орыс тілі мемлекеттік тілімізге серік болсын деп қосақтап едік, желкемізден бір-ақ шықты. Қазақтың өзі секілді тілі де момын-ау... Ұртыңа шөңгеше қадалатын аудармаларды түйеден әрмен күйсей беретін болдық. Талғам мен талапты ұмыттық. Неге десеңіз мемлекеттік тілде жазу міндеттелгенмен, оны оқу міндет емес. Бәрібір түсінбейсің.  

Ал көркем аудармаға келсек, ол да соның ар жақ, бер жағы. Арнайы ашылған аударма бюросы да бар көрінеді. Оған да қыруар қаражат төгіліп жатқан шығар. Соңғы кездегі ұран бойынша қазақ жазушыларының шығармаларын неше бір тілдерге аудару науқаны жүріп жатқан сынды. Бұндағы басты кінарат: тікелей шет тілге аудармай, алдымен орыс тіліне аудару басым. Ал аудармашы болып отырған мамандардың көпшілігі - әдебиетке еш қатысы жоқ адамдар. Осы жайлы жазушы-аудармашы Илья Одегов қинала айтқан еді. «Қазақ тілінен орыс тіліне жолма жол жасалған аударманы оқып төбе шашым тік тұрды! Өте сауатсыз аударма! Ондай дүниені өңдеуден ат тонымды ала қаштым...». Осындай аударманы ағылшын яки өзге тілдердің біріне аударып жатса, не бетіңді айтасың. Шәлдір-шатпақ қотарғаны үшін ақысын алды. Оны ары қарай домалатып тағы біреуі кетті. Осы орайда ұлттық әдебиеттің шашпауын әмсіе көтеріп, «Сөз мырзасы» екеуі күйіп-пісіп жататын Жолтай Әлмашұлының оқшау ойына кезек берелік: 

«Сөз мырза қайта айналып соғып тұр: қабағында белгісіздеу мұң, әлде реніш, бәлкім салқындық...Әйтеуір көңіл күйі анау айтқан мәз көрінбеді. Даусы да тарғылданып шыққан. Былай деген: « Қазақ әдебиеті мазақ әдебиеті ме? Неге өз «қораларыңа» өздерің иелік ете алмай жүрсіңдер? Ойбай-ау, әркім өз саласына өзі жанашыр жүрек танытпаса, арты не болмақ?..» Әңгіме астарын түсінбегем. Тағы нені бастады? Түсінбей тұрғанымды жасырмай, ашығына көштім: « Маған бұны не үшін айтып тұрсың, Сөз мырза? Менің қандай қатысым бар екен?..» Ол шамданып, шамырқанып ала жөнелген. «...Әрине, бәрің де соны айтуға әуессіңдер. Ешқайсыңның да ешқашан қатыстарың жоқ болып шыға келеді, ал нәтижесінде ұлт әдебиеті мазаққа айналады. Бұны неге тілге тиектеймін? Анықтап айтайын. Мысалы, сендер өз ана тілінде жап-жақсы көркем туынды жазасыңдар. (Ондай шығармалар жоқ емес, бар! Көп болмаса да, саусақпен санарлық құнды дүниелер өмірге келген.) Сосын оны өзге тілге аударып, әлем оқырмандарына жеткізсек деп армандайсыңдар. Бірақ, аударма жұмысына шын жаны ашып, жанашыр көңіл аударып жатқан бірің жоқ, әйтеуір тезірек шықса сол олжа! Ол не? Шалажансар аудармамен әлем оқырмандарының мазасын алып, «мені оқы» деп, терезесін қаққанша, үндемей тұра тұрған да дұрыс емес пе? Шатты-бұтты тәржіма – кейбіреулер айтатындай, өзге елге танылудың төте жолы деп санау қателік, керісінше өзіңді-өзің қорлау деп біл! Қысқасы, не биік деңгейдегі аударма, не болмаса мүлде есікті жауып, үнсіз қала берген он есе артық!..» Енді ғана, ақылға сала ойланып, ой астарын бағамдағандаймын. Рас, көп уақыттан бері біз өз дүниелерімізді өзге тілге тәржімалауды екінші кезектегі шаруа деп, аса көп көңіл аудармағанымыз ақиқат! Сол себепті де, басқасын былай қойғанда, Ұлтымыздың нағыз талантты, ерекше мықты қаламгерлерінің өзі басқа тілде сөйлегенде, орта деңгейден аса алмай жатты. Кім кінәлі? Әрине, өзіміз! Өзіміздің селқостығымыз бен жалпақшешейлігіміз! Асығу мен аптығу! Жақсы-жақсы деп бас изеу! Сөйтіп, әлем кеңістігіне сауатсыз аударма ғана жолдаған жоқпыз, сол арқылы ұлт руханиятының маңдайалды төл туындысының жолын өз қолымызбен өзіміз байлап-матадық! Деңгей-дәрежемізді саналы түрде төмендеттік, өзгелерге қол қусырып, «сіздерге жету қайда» деп, жол бердік! Көркем әдебиеттің өзіне тиесілі әлемдік биігі тасада қалды! Сөз мырза, бүгін мені қандай күйге тап қылдың сен! Жансарайымда белгісіз бір қара дауыл оянып кетті ме, қалай?...»

Осындай жаны шырқырап, төл әдебиеттің бетіне салық түспесін деген қамқорлықпен қаламын оңды-солды сілтеп жүрген жанашыр жазушыны сөгетіндер де табылып жатыр. Бұл «Мәдениет порталы» деген - Жолтай Әлмашұлын насихаттайтын жеке арна ма деп? 

Ондай іштарлық танытқан ағайынға айтарымыз: «Айтарыңды айтып қал, құр бекерге мүңсімей!» дегіміз келеді. Мына аласапыраны арқыраған заманда сөз таластыру, сөз аңду деген сияқты күйкі қылық ұшпаққа апармайды. Жебірейіл халқы секілді, екеуінің басы қосылса «Данышпанның бірі мен болсам, екіншісі сенсің» деуге аузымызды икемдетсін.

Дайындаған Ажы Тран


author

Заман Төлеуов

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...