Барша түстің негізін қызыл, сары, көк түс құрайды. Жетпейтін түсті осы үш түстің қосындылары арқылы...
Туыстық байланыс және ататек
Ата-бабаларымыз адамдардың туыстық байланысын анықтау үшін, жігітке қатысты пайымдау арқылы «жігіттің үш жұрты бар» деген тұжырым жасап, сол арқылы туыстықтың тамыр жайып таралатындығын паш еткен.
«Адам өзі мың жасамайды, ұрпағымен мың жасайды» деген сөздің астарында ұрпақ арқылы адамзаттың өсіп-өніп, өркен жаятынының дәлелі жатыр. Жігіттің үш жұрты дегені – өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты болса, өз жұрты - өзінің туыстары, нағашы жұрты – шешесінің туыстары, ал қайын жұрты – балаларының нағашылары болып, бірімен-бірі байланысып жатыр. Туыстар осылар арқылы өсіп-өніп, өрбиді.
Өз жұрты немесе әке жағының туыстары сүйектес туыс (сүйек туыс), шеше жағының туыстары ет жақын (етене) туыс болып аталады.
Сүйек туыс деген ұғым патриархалдық өмір салты қалыптасқан кезден бастау алып, тайпа, рулардың жалғасы болып сақталып келе жатыр және ол рудан сүйекке бөлініп, туыстықтың салаланып таралуының белгісі. «Ағаштан бұтақ тарайды, Алаштан сүйек тарайды» деген сөз осыдан қалса керек.
Ал ет жақын туыс дегеніміз – анасына қатысты айтылады. Яғни, анасының туыстарын немесе баланың нағашыларын ет жақын (етене) туыстар деп атаған. Дана бабаларымыз құрсақтағы баланың алдымен сүйегі қалыптасып, сонан соң ол етпен қапталатынын білген ғой. Баланың етпен қапталуы ана құрсағында болып, кіндік арқылы ананың қанынан нәр алып, ет пайда болатындықтан, ет жақын (етене – ененің еті) аталған. «Бала нағашысына тартады» дегенде оның сыртқы келбеті, бет-әлпетінің нағашысына ұқсайтынын білдіреді. Ал «сүйегі асыл, текті атаның баласы» дейтін де сөз бар. Бұл сөз сүйектің ата тегіне байланысты, ген арқылы берілетінін меңзейді. Мұндай ұғым түбі бір түркі тектес болып есептелетін монғол ұлтында да бар. Олар да әке жағының туыстарын сүйек туыс (ясан төрөл – сүйек туыс), шеше жағының туысын қан жақын туыс (цусан төрөл – қан туыс) деп атайды. Сонда бұл «ет жақын» сөзінің баланың нағашыларына қатысты айтылып тұрғанын айғақтайды. «Бала – адамның бауыр еті» деген сөз де аналарға қатысты айтылған сөз сияқты. Бала әке-шешеге ортақ болғанымен, ананың орны бөлек екені де белгілі. Өйткені тағы да монғол ұлтының осы мағыналас бір сөзі ойға оралады. Монғол аналар да баласына «етім мен қанымның бір бөлшегі ғой» (мах цусны минь тасархай шүү) деп еміреніп жатады.
Үштік, жетілік, тоғыздық сандарын киелі деп санаған бабаларымыз ататек таратуды да үш буынға бөліп, әр буынды жеті атадан есептеген. Алғашқы жеті атаны жақын туыстар (аталас туыстар), екінші жеті атаны арғы аталар, үшінші жеті атаны арғы бабалар деп атаған. Бірінші жеті атаның ұрпақтары бір-біріне аталас жақын туыстар болады. Ал бірінші жеті атаның ұрпақтарына арғы аталардың ұрпақтары ағайындар делініп, 14-інші ата түп ата деп аталса, арғы бабалардың ұрпақтары жамағайындар деп аталып, 21-інші ата тұқиян делінеді. Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деген кітабы осыны айғақтайды және ол кісі өзінің ата-тегін 21-інші атаға дейін жеткізген. Ата тек таратуда да осы үштік жүйені алға тартып, әке буын, ата буын, баба буын деп үшке бөлген. Бұл үш буын өзара деңгейлес замандарда өмір сүрген қос буыннан (әкесі мен оның әкесі, атасы мен оның әкесі, бабасы және оның әкесі деген сияқты) тұрады. Өзінің тегін таратуда осы атауларды пайдаланып, қос буынның үлкендерінің алдына «ұлы» деген сөзді қосып атап, үлкенді құрметтеудің, ұлықтаудың үлгісі болдырған. Сондықтан жеті атаны атауда әке, ұлы әке, ата, ұлы ата, баба, ұлы баба деген қарапайым ғана атауларды қолданған. Әкесінің әкесін ұлы әке деп атау осы күнге дейін кей жерлерде сақталып қалған. Ал жетінші атаны «тек ата» деп атайды. Тек ата сол әулеттің тегін ауыстыруға болатынын, тегіне сол адамның атын алу керектігін көрсетеді. Рудан тарайтын «сүйек» деген атау осыдан шыққан. Тек ата өзінің алдындағы жетінші атаға немесе 14-інші атаға жекжат болады. Осыған байланысты туыстық қатынаста «жеті ұрпақ» деген де ұғым бар. Жеті ата – сол адамның өзінен жоғарғы жеті атасы болса, жеті ұрпақ өзінен төменгі жеті буын ұрпағы болып саналады. Өзі ұрпаққа да, атаға да кіріспейді. Себебі өзінің атасы мен ұрпағын есептеуге тиіс. Ал жеті ұрпақ атаулары бала, немере, шөбере, шөпшек, жүрежат, туажат, жегжат, жұрағат болып аталады. Бұл атаулар ежелден тілімізде бар, ұрпаққа қатысты атаулар болмақ. Әрі бұл атаулар бабаларымыздың «жеті атаға дейінгі туыстар өз араларынан қыз алысуға болмайды» деген ұстанымдарына да генетикалық жағынан сәйкес келеді. Себебі жүрежат, туажат, жегжат деген сөздердің мағынасы да соны меңзеп тұр.
Бабаларымыз жеті атадан кейінгі ұрпақтар өз араларынан қыз алысуға болатынын ұйғарғанда, тек генетикалық жағынан қанның алыстағанын, қан жақындығы болмайтынын ғана пайымдап айтқан. Әйтпесе туыстық тұрғыдан алыстап кетті дегенді білдірмейді. Өйткені, бір рудың адамдары өзара бір-бірін туыс санайтыны осы күнге дейін сақталып келеді. Ал генетикалық жағынан алыстау дегеніміз – ұрпақтардың басқа рулардан қыз алу арқылы қанның алыстауы болып табылады. Сонда бесінші ұрпақтан бастап қан алыстап, жүрежат ұрпаққа, алтыншы ұрпақ туажатқа, жетінші ұрпақ жегжатқа ауысады деген сөз. Сегізінші ұрпақ «жұрағат» делініп (ұрпақ-жұрағат), сол тектің ұрпағы дегенді білдіреді. Сонда бабаларымыз генетиканы білмесе де, дәлме-дәл атауларды қалай тауып қойғанына қайран қаласың.
«Жекжат» деген сөз шекжат дегеннен туындаған (туыстық пен жаттықтың шегі), ол сөз дыбыстық өзгеріске түсіп, жекжат болып өзгерген. Құда-жегжат деген тіркес те жегжаттардың құда болуларына болатынын меңзейді. Алайда туыстықты қастерлеген қазағымызда туыстар арасынан құдаласу сирек кездеседі.
Кейбіреулер жүрежат, туажатты жиендерге қатысты атау деген пікірлер айтады. Ол дұрыс емес. Жиендерді көп алысқа таратпаған, жиен, жиеншар деп қана таратады. Ал одан әрі таратса, көгеншар, дегеншар деп атайды деген пікірлер кей жерлерде кездеседі. Бірақ бұл нақты емес. Өйткені «Жиен ел болмайды, желке ас болмайды» дегенді де жайдан-жай айтпаған. Жиеннің мінезінің бұрыстығын емес, басқа рудың адамы болып есептеліп, нағашысының руының адамына қатысы жоқ екенін меңзеп айтылған сөз. Бұл да жоғарыдағы ойымызды растайды. «Қыз – жат жұрттық» деген сөз де осыған саяды.
Қазіргі кезде оқулықтарда жеті атаны әке, ата, баба, арғы ата, түп ата, тек ата деп өзінен жоғары алты ата болғызып жазып жүр. Ал жеті ұрпақты бала, немере, шөбере, шөпшек, немене деп өзінен төмен бес ұрпақ болғызып қана жазады. Немене деген атаудың өзі түсініксіз, қалай атау керектігін білмей айта салған сөз сияқты ой тудырады. Ал кейбір басылымдарда жеті атаны өзінен жоғарғы үш ата және өзінен төменгі үш ұрпаққа өзін қосып, жеті атаға толтырып жазып жүрді. Бұл мүлдем дұрыс емес. Өйткені ата деген – өзінен жоғарғылар болу керек. Атаға өзі де кіріспейді. Ал бұл жеті буын ұрпақты көрсетеді. Алдыңғы үш атасын, соңғы үш ұрпағын көретін адам болуы мүмкін. Ондай кісіні «жеті буын ұрпақты көрген ұлағатты адам» деп ардақтайды. Ал ата тектегі арғы ата, түп ата деген атаулар жоғарыда айтылған ұғымдарды білдіреді. Өйткені арғы ата деп төртінші атаны, түп ата деп бесінші атаны атасақ, жақын аталарымызды алыстатып алатын боламыз. Сондықтан ұлттық менталитетімізге сай келетін байырғы атауларды қолданғанымыз жөн. Сонымен ата тегіміз бен ұрпағымызды қалай атауымыз қажет екенін көрсетсек:
7. Тек ата
6. Ұлы баба
5. Баба
4. Ұлы ата
3. Ата
2. Ұлы әке
1. Әке
0. өзі
1. Бала
2. Немере
3. Шөбере
4. Шөпшек
5. Жүрежат
6. Туажат
7. Жегжат
8. Жұрағат
Мұндағы «ұлы әке» деген атау кейбіреулерге ұнамауы да мүмкін. Бұл ататек таратуда ғана қолданылады. Әйтпесе ұлы әкесін ата деп атай береді. «Ата» деген сөз – қай атаға болса да келе беретін жалпылама атау. Сол сияқты әкесінің әкесін «ұлы әке» дегеніндей, әкесінің шешесін «ұлы шеше» деп те атаған. Бұны да кеңейтіп қолданып, жеті атамызға сәйкес жеті әжемізді де осылай атауымызға да болар еді. Олай болса, шеше, ұлы шеше, апа, ұлы апа, әже, ұлы әже, әз әже деген атаулар жарасып тұрған жоқ па? Жеті атаны өмірге әкелгендер осы апалар мен әжелер ғой. Қазір «апа» деген сөзді балалар анасына айтатын сөз болып таратылып жатыр (телехикаяларда). Бұл да дұрыс емес, анасын шеше немесе ана, анашым деп атауға неге болмасқа?! «Апа» деген атау немере сүйіп отырған аналарға, «әже» деген атау шөбере сүйген аналарға айтылуға тиіс. «Апа» да «ата» сияқты жалпылама атау.
Бұрынғы салт-дәстүрімізді дәріптеп, қайта жаңғыртып жатқанымызға сәйкес тілімізде бар, ділімізге жақын, байырғы атауларымызды пайдаланып, ататек шежіремізді жазып, туыстық қатынас жайлы ұрпақтарымызға мәлімдеп отырсақ, ұлтжандылыққа, отан сүйгіштікке баулитын ізгі қадам болар еді.
Тәліп Мекеш
Астана қаласы