Бақыт туралы ақынның ойы

ӘДЕБИЕТ
949

Дүние дөңгелек. Аспан асты кең. Ғарыш шексіз. Онысыз да өмір қымқуыт. Тағдыр тайғанақ. Уақыт өлшеулі. Өткенге қайтып жол жоқ. Келешекке сенім аз. Үміт- арман ғана серігің. Әрине ол орындалса бек жақсы. Адам бір ғапыл. Әр нәрсеге әуре. Әдемілікке құштар. Жоқ нәрсеге әуейі. Өлермен көңіл өзімшіл һәм тойымсыз. Осынау тылсым ғаламның беймарал тыныштығы бір сәтке болса да өз жүрегіңізде орын алсыншы. Өзің үшін. Өзгелерге қажеті де жоқ.
...Ұшар басы көкті сүйген асқар тауларға жақыннан емес, алыстан ұзақ қарадыңыз ба?
Сылдырап сылқ- сылқ күліп аққан тұмса бұлақтың жағасына барып, сыңғырына құлақ түрдіңіз бе?
Жасыл шалғынға шалқалай құлап, көк шөптің иісіне кеңсірігіңді қытықтатып, түпсіз аспанға, жөңкіле көшкен алашұбар бұлтқа үнсіз қарап жаттыңыз ба?
Керілген кең далаға шығып, сарайыңды ашатын самала желіне көкірегіңді тосып, мұнарлы кең кеңістігіне көзіңізді суара алдыңыз ба?
Күзгі орманға, яки баққа барып, сарғайған, күреңіткен ғұмыр жапырақтардың бетінде ойнаған шуақты күннің ойнап тұрған сәулесіне қызыға қарадыңыз ба?
Түн жамыла көл жағалай жүріп, айдынның бетіне күміс сәуле сызған Ай шатырдың астында алақандарыңызды түйістіріп, алаңсыз қыдырдыңыздар ба?
Сібірлеп жауған ақ жауынның ауадағы аңқыма иісін сезініп, үстіңіз малмандай су болып тұрдыңыз ба?
Буырқанған долы теңіздің ақжал толқындары өркештеніп, өкіріп келіп жағадағы мызғымас қара жартастарды соққылағанын көрдіңіз бе?
Жауын бұлтының түйіліп, түнеріп келіп, шатырлай шатынап, дәл төбеңнен от ойнатқан найзағайынан қуат алдыңыз ба?
Қылаудай кір шалмаған ақ мамық қарды жалғыз кешіп, терең сайды өрлей ұмытылып, үнсіз мүлгіген тоғайлы таудағы өлі тыныштықты шын сезіне алдыңыз ба?. Тағыда сол секілді...
Онда сіз өз жүрегіңіздің қожасысыз һәм рухани тазасыз. Сіз өзіңізді һәм өзгелерді сүйесіз. Бастысы таза табиғатты, кіршіксіз өмірді.
Өмір қандай тамаша! Расында солай ғой? Тылсымның тыныштығы жүрегіңізде болсын, досым. Сонда сіз бақыттысыз!

Ерболат Баятұлы


author

Ерболат Баятұлы

АҚЫН

Жаңалықтар

Бүгін Ташкентте өтіп жатқан спорттық гимнастикадан Азия чемпионатында бірнеше жаттығу бойынша финалд...

Жаңалықтар

Елордада 18 мамыр күні Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында жоспарланған концерт ұйымдастырушыл...