Қазақстан тәуелсіздік алған 1991 жылы еліміздің болашағы бұлыңғыр көрінгені рас. Қай салада да әлеуе...
Асылан Тілеген: Таулар берік емес менің сертімнен...
ОРАЛМАН
Айдан оралдым, күннен оралдым,
Орала алмадым жылдардан.
Жалғыз бас жортқан түннен оралдым,
Сəттен оралдым жым болған.
Өлеңге ғашық кезден оралдым,
Өмірді сүйер емен тек.
Жетімдей жадау сөзбен оралдым,
Жалынын кеткен жел өртеп.
Зар күйім шерткен шақтан оралдым,
Орала алмадым шат күннен.
Бағымды іздеген бақтан оралдым,
Үңгір-үмітке баттым мен.
Дұғалы күннен, кештен оралдым,
Еспен оралдым адасқан.
Жарыммен кеттім. Доспен оралдым,
Көшпен оралдым əні асқан.
Қағанатыммен қайрала жүрмін,
Оқтай ғұмырлы орамым.
Құдайым білер... қайда қалдырдым,
Оралмас күннің обалын.
Қайтқан қиырдан жоғала алмаймын,
Оралмас күннен жат іргем.
Орала алмадым, орала алмаймын,
Жүректі сүйген сəтімнен.
КҮЗ
Берді ме көктемінің көзін ашып,
Келді ме сағынысып, тез ұласып?!
Шіркін-ай, мына күздің жасаруын,
Бұл күзге Алматының өзі ғашық!
«Жаз мырза,
Кешіріңіз,
Сіз ғой жалған!»
дегендей күз аруда сыздайды арман.
Жүрегі ару күздің жарылардай,
Секілді тірлік біткен күзге айналған.
«Жаз мырза, жүрегіңе қайғы алдың ба,
– дегендей, – сен жайлы əлде ойландым ба?!»
Ару күз – тойға барар құдашадай,
Таранды-ай зеңгір аспан-айна алдында.
Əлдекім ғашық еткен кім осыны,
Əлдене асық еткен кім осыны?!
Мына жұрт «Күз ханшайым» атап жүрген,
Арудың Алтын ба еді шын есімі?!
Байқашы, бұл аруда жалын бөтен,
Жетпей жүр жұбатуға жауын көкең.
...Əлдекім келетіндей жасаруын...
Алтын қыз кімді осынша сағынды екен?!
***
Үнсіздікте
Өмір бардың мысалы,
Алай-дүлей көңіл бардың мысалы -
Жауып тұрған мына қар.
Үнсіз,
Тілсіз жұбатар.
Жауатыны - жаңбырдай,
Қонатыны - (паң) қылдай.
Құдайым, мұны кешер ме ең,
Нөсерден көркем десем мен.
Көктемгі жаңбыр жылатып кеткен еді ғой,
Тағы бір мұңы бүр атып кеткен еді ғой.
Ал мынау жауған үнсіз қар,
Жұбатып тұр ғой,
Үр аңқып тұр ғой.
Мұң сыздар.
Жауыңдар əлі,
Жауыңдар таңға,
үнсіз қар.
Үнсіздігіңнен үрдей аяулы жыр сыздар.
Аяққа мына тапталу үшін емес-ау,
Шаттану үшін жалғыздық жандар,
Жүрекке жауып тұрсыздар.
***
Жоғалтып оны,
Ұзатып көпті,
Екеуміз қалдық,
Жалғыздығымды жүр екем жаннан бекер қызғанып.
Екеуміз қалдық –
Сен жүрсің сүртіп жасымды,
Жүрегіміздің түбіне түскен бір тұнба сынды.
Мен үшін мың бір құбылдың –
Шекем қызбайды,
Ал мен ше?!
Өлең оқып берейін екеуміз жайлы.
Кешердей өмір
өлмейтін Құдай үшін де адам,
Сол үшін сүйген жарымдай ұнайсың маған.
Жалғыздығымды,
Жалғыздығыңды
Жыр етіп екеуміз қалдық,
Бар сенде менің жалғыз-ақ сертім –
Мекен бұзбалық.
А, Алматы?
ЗАР
Жар дегенің жанға керек жан екен,
Жалғыздарға жалқы Құдай жар екен.
Шаңырақтың шырағы екен келіншек,
Күллі əлемге күйіп-піскен көңілшек.
Көз-қуанышы екен үйдің келіні -
Сайын дала сəні болған елігі.
Сұлтанының асылы екен жеңгесі,
Бауырымен ең аяулы жерде осы.
Ақын-көңіл аңғал екен, байқапты,
Дос жырынан жары құйған шəй тəтті.
Жар дегенің жанмен кетер болсайшы,
Жалқы жүрек жармен кетер болсайшы...
***
Бұл күннің таптық қайдан көркемдігін,
Мына күн бүгінгі күн емес мүлде,
Адасқан кешегі əлде ертеңгі күн.
Төгіп тұр əлдеқайдан жап-жарық нұр,
Бір өлең жазғанымша күн өзгерді,
Ал қазір Алматыда қар жауып тұр.
Сол үшін алғыс айттық біз Құдайға,
Сыйыңа алақайлы адам біткен,
Қалдырып бара жатыр күзді қайда?
Уақытқа қараңызшы - қараша əлі,
Сұлу қыз кемпір рөлін сомдағандай,
Неге ерте оранады қала шəлі?!
Жанымыз қалды біздің ұзақ қанша?!
Мархабат, мен қалайын күз-сұлуды,
Көңілден көз ұшына ұзатқанша.
?
Жалғыздығым - жаныңнан,
Жалбыр мұңың - жолымнан.
Жарықтығың - барымнан,
Жалғандығым - жоғыңнан.
Жанқиярың - жаралым,
Жұмсақтығым - жібегің.
Жұмбақтығың - жанарым,
Жүректігім - жүрегің.
Жарықтығы - күнненбіз,
Жұпарлығы - гүліңіз.
Қайта туып жүргенбіз,
Бірімізбен біріміз.
Жүргендігім жан мұздай,
Құрысын ба?!
Құрысын!
Жапандағы жалғыздай,
Жан кешкенім - кім үшін?!
ПЛАЦКАРТ
Еріп кеткен мұз секілді,
Жүргендігі жиып қайғы.
Барлық əйел сіз секілді,
Неге бірдей ұйықтайды?!
Тұншыға кеп демаламын,
Кірпігіңнен күн санап ем.
Ұйқыдағы неге бəрің,
Омырауың - мың сан əлем?!
Ерте оянған күз секілді,
Күзетерім менің онда.
Барлық əйел - сіз секілді,
Ұйықтайтын еді ол да.
Жолдайтыным - аят-өлең,
Өзі ғашық нəзігі еді.
Мен қазір-ақ оятар ем,
Оята алсам қазір оны.
Мына пойыз мен секілді,
Баяу ғана үн қатып тұр.
Барлық əйел - ол секілді,
Ояныңыз...
Күн батып тұр.
ХАТЫМ
Өткенге оралғым келді,
Өзің бар жылдарға аттағым.
Бақидан хабар білмеді,
Жолданған жұмбақ хаттарым.
Неліктен гүлге ғашық ең,
Ғұмырын білсең еді оның.
Мен енді мұң ғана сүрем,
Гүл ұстап жүрсе де қолым.
Жыламан. Жыла демесең,
Жасым ол жылап ағатын.
Мен гүлге құмар емес ем,
Өзің ғой сұрап алатын.
Келістік.
Жат алаң жоқ-дүр,
Кеудеде көктейді күн-үр.
«Гүлім» деп атаған жоқпын,
Жүрекке жетпейді ғұмыр.
Гүл іздеп қырға да шықтым,
Адастым беткейде бекер.
Мен енді Күнге ғашықпын,
Жоғалып кетпей ме екен Ол?!
ХАҚ
Бір күйім бар, шертілмеген-шертілген:
Теңіз сенің терең емес көзіңнен.
Таулар берік емес менің сертімнен,
Гүлдер жұпар емес сенің сөзіңнен.
Арманымнан шексіз емес аспан да,
Ерініңнен тəтті де емес жеміс түк.
Жанарыңнан мөлдір емес бастаулар,
Сағынышым бүкіл оттан ең ыстық!
Жорылмаған түстерден де елессің.
Маған сөзді дұрыс айтқан жоқ ешкім.
Қайғысыздан наласызсың демессің,
Соңғы сəттен шарасызбын демеспін...
КҮЙ
Бақыт бары, көңіл жоғы –
«міне, бағыт – өзің» дескен.
Темір жолы – өмір жолы –
жүрек жолы - сезім көшкен.
Сағынысқан жүректі аяп,
кеуделерде ән-күй ақты.
Осы жолдар – жібектей-ақ,
осы пойыз – арлы-ұятты.
Сезім көшті дала-шыңға,
беруге асық жанға тыным.
Бір сезім бар, арасында
Астана мен Алматының.
О, осынша асыл жыр ма ең,
әлгіндегі қайда уайым?!
Жердей жүрек тасып жүрген,
жалғыз пойыз –
Айналайын!
***
Қалған жан – жартысы кем бір күлшелік,
Кетердей бұл дүния бір күн сөніп.
Суынған үмітімді үрлеп ішіп,
Сендегі жалғыз сөзге жүрмін сеніп.
Сол сөзің менен бұрын таңда тұрған,
Сол сезім өзің жаққа жол батырған.
Сол сөзің апармайтын жат қалаға,
Сол сезім əкетпейтін Алматымнан.
Сол сөзің - жан сөзіңдей шын байландым,
Бейкүнə дəруіштей күнді айналдым.
Жаныңның жарығына ұшып шығып,
Қанатым күймесін де білмей қалдым.
Баратын күнді айналып, айға да ұшып,
Мейлі оған қай мекендер, қай қалашық...
Жанымнан жарып ұшқан жалғыз сөзім,
Қалдың сен, қайда адасып?!
***
Үнсіздігіміз секілді біздің,
Мұңсыз күніміз секілді біздің.
Нəзіктігің секілді сенің,
Жазықтығым секілді менің.
Ұяңдығың секілді сенің,
Қиялдығым секілді менің.
Кіршіксіз сенетініңдей сенің,
Бəріне көнетінімдей менің
Қар жауып тұр...
***
Күз кеп тұр. Қыркүйекке үлгерді анық,
(Еске сап әлденені күлді ырғалып)
Тамыздың тастай түнін жалаң кешіп,
Тұр енді есік алды дір-дір қағып.
Білмеймін,
Қайда кетті, келді қайдан?!
Әйтеуір мендегімен тең мұңайған.
Шапаны қырық жамау, қажыпты әбден,
Шыға алмай тұрғандай-ау мөлдір ойдан.
Мың мадақ!
Есендікте жолықтырған,
Бәрін де біздегіні көріп тұр маң.
...Күз – менің ескі досым, танысыңыз,
Мені іздеп Алматыға келіп тұрған.
ЖАН
Өзіңе ұқсас әлемім,
Болса да қанша өзімде.
Жанымнан табылар едің,
Жабырқап жүрген кезімде.
Бір бақыт бізді тапты да,
Айтпаппын бірақ «Жаным» деп.
Жалғыз-ақ Жаббар Хақ куә,
Ештеңе жасырғаным жоқ.
Жалғызым жоғалатындай,
Жан сөзім ұшып кетердей.
Қасиет қонған затымдай,
Атасам бекер екендей.
Кеспірсіз деймін кейпімді,
Ауыр да жанмын жерден де.
Түтіп жер шешем, дейтін-ді:
«Жан бар ма сенің кеудеңде?»
Енді оған керек жәйт неше,
Жазылған азап маңдайдан.
Жоқ шығар деймін, әйтпесе,
Шықпай да жүрген қандай жан?!