Қали СӘРСЕНБАЙЖүрекке тағы бір салмақ түсіруге тура келіп тұр. «Ақын боп өмір кешуді оңай дейм...
ҚАМБАР АТА ДЕГЕН КІМ?
Қазақ арасында осы күнге дейін «Жылқы пірі – Қамбар ата» деген ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан сенім бар. Асылында, Қамбар ата деген кім? Қазақ Қамбарды неге жылқының атасы деп құрметтейді?
Сонау сақ, сармат, үйсін, ғұн замандарында бабаларымыз арғымақтарды ауыздықтап, ат үстінде көшпенді өмір сүрген. Жылқы пірі ұғымы сол заманнан бастап санаға сіңген болатын. Этнограф Болат Бопайұлының жазуынша, жұмыр жердің төсінде, жұмыр басты пендеде, ең алғаш жылқы түлігін бағындырған қазақ «Қамбар ата» деп аталады.
«Қамбар – есте жоқ ескі заманда айдаладағы жабайы жылқыны ең алғаш қолға үйреткен ат бапкері, ат сыншысы, аттың тілін білген ат пірі. Ол – арқасына күн мен желден басқа ештеңе тимеген даланың жабайы жылқысының ішінен, шу асау қара айғырды ұстап, ноқталап мініп, алғаш ат арқасына қонған қазақ. Тұңғыш адам баласының бірінші ат бапкері, жылқы пірі атанған адам. Ол – қара айғырды алғаш тақымға басып жорғалатқан, сайын даланың шаңын жорғамен бұрқыратып, сейіл құрып, серуен жасаған саяхатшы. Сондықтан мың, миллион жылдар бойына ел ауызында аңыз бен ертегіге айналып қалды. Бүгін де айтылып келеді, болашақта да айтыла бермек. Қамбар қара айғырдың он екі жорғасын танып, он екі жүрісіне он екі түрлі ат қойып, атпен адамша сөйлесіп, сырласа алатын қара айғыр кісінесе, оқыранса, осқырса, жер тарпыса, шолғыса, құйрығын көтерсе, езуін жыбырлатса, құлағын тікірейтсе, қайшыласа, көзін жұмса, алайтса, тісін көрсетсе не тістесе, оның нені қалап, нені жақтырмай тұрғанын қас-қабағынан танып, бабын тауып, мінезін жөнге келтіретін», – дейді Болат Бопайұлы. Алайда Қамбар – тек қазақта ғана емес, түбі бір түркі жұртының көбінде бар кейіпкер. Соның ішінде теңіз көршіміз түркімендер арасында Қамбар жайлы аңыз көп.
Мифолог Серікбол Қондыбайдың жазуынша, Қамбарда үш мифологиялық функция бар. «Қамбар – жылқышылардың пірі, жылқы малының иесі. Зерттеушілер оның есімін мұсылман діни бейнесі, пайғамбарымыздың күйеу баласы Әзірет Әлінің атбегісі болған Ганбармен байланыстырады. Қамбар ата образы қазақтан басқа түркі-мұсылман халықтарының фольклорында бар, бірақ ол туралы түсінік түрікпендерде мол сақталған», – дейді Серікбол Қондыбай.
Атақты төрт сахабаның бірі, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың күйеу баласы Әзірет Әлінің Дүлдүл деген пырағы болған. Міне, сол Дүлдүлді күтіп-баптаған атбегінің аты Ганбар екен. Этнограф Владимир Басилов «Культ святых в исламе» кітабында түркімендердің Ганбары жайлы біраз мәлімет берген. Оның жазуынша да, Дүлдүлді осы Ганбар баққан. Ол туралы мынадай аңыз бар.
Бір күні Әли Дүлдүлдің азып бара жатқанын байқап қалады. Сосын Ганбардан Дүлдүлге не болғанын сұрайды. Ганбар шөбі шүйгін, суы бал жерге жаятынын айтады. Әли Ганбардың жауабына қанағаттанбай, бір күні арттарынан аңдиды. Мынадай көрініске тап болады: Ганбар жылқыны жайып қойып, дутарда ойнап отыр. Ал Дүлдүл болса, жанарынан жас сорғалап, дутардан шыққан сазға құлағын төсеп, шөп алмай тұр. Бұл аңыздың қалай аяқталғаны туралы мәлімет жоқ. Алайда түркімендер арасында таралған қиссаларда Ганбар Дүлдүлдің ет алмауына себепкер өзінің дутары екенін түсініп, Әлиден тұра қашады. Әли артынан қуады. Ганбар «Қара жер, қақ жарыл» деп бұйырады да, жерге сіңіп жоқ болады. Әли жерге басын қойып, Ганбарды атын атап шақырады. Алайда Ганбар қайтып оралмайтынын айтады. Әли Ганбардан «Қашан кездесеміз?» деп сұрайды. Жер астынан «Ақыретте» деген үні естіледі. Түркімендер арасында Ганбар жайлы осы тектес бірнеше аңыз бар. Олар Ганбарды тек жылқының ғана емес, дутардың да атасы деп есептейді. Бүгінде Түркіменстанда Ганбардың екі мазары бар. Ганбар жерленген жерді олар қасиетті орын санайды.
Серікбол Қондыбай да кітабында осы аңыздың қазақша нұсқасын жазып қалдырған болатын. «Уақытында бір сахаба Қамбар есімді балаға тұлпарын бақтырады екен. Қамбар қолына домбырасын алып, тұлпарды жайылымға алып кетеді. Жердің оты аса мол жыл екен. Бірақ тұлпар қоң жинап, көбеңсудің орнына әбден титығына жете арықтайды. Бұл қалай болғаны? Сахаба аңдап қараса, ат тұсаулы. Қамбар домбыра шертіп отыр. Ал тұлпар домбыра сазына аса бір іңкәрлікпен ұйып, жайылуды білмейді екен. Мұны көрген сахаба «Тәйт, бейқасиет» деп сес бергенде, Қамбар домбырасын иығына асып алыпты да, қаша жөнеліпті. Ал сахаба болса, соңынан қуып берген ғой. Қара жер қақ айырылып, соған Қамбар түсіп, құрдымға кеткен де, домбырасы қалып қойған. Міне, осы оқиғаның соңы жылқының пірі Қамбар атаға ұласып жүре берген» деп жазады Серікбол Қондыбай.
Қамбар сөзінің шығу төркінін де ғалымдар түрліше таратады. Соның ішінде көңілге қонымдысы – Таласбек Әсемқұлдың қисыны. Ол Қамбардың шығу төркінін парсының «хаумаварга» (сақтар) сөзінен таратады.
«Хаумаварга» мен «Қамбар» – екеуі бір халықтың аты. «Хаумаварга» деп парсылар, «қамбар» деп қаңлылар айтқан. Иран мен Тұран бөлінбей тұрғанда, осы екі сөз бірдей қолданыста болған сияқты. Енді «Қамбарға» келейік. Серікбол Қондыбаймен бір тілдескенімде, бұл құрама түбір болуы мүмкін деді. Оның айтысында, «қам» – «бақсы», «шаман». Мысалы, бақсының ойыны кейбір түрік тайпаларында «қамлау» деп аталады. Орыстың «камлание» деген сөзі осыдан шыққан. Ал осы құрамадағы «бар» – «бөрі» болуы мүмкін. Сонда жинақтап келгенде «қамбар» – «қамбөрі», яғни «қасқыр терісін киген бақсы» дегенді білдіруі мүмкін. Бақсының немесе «қамның» жындарды қуатын сиқырлы құралы «қамшы» (қам+шы). Демек, қамшы әуелде бақсының құралы болған, содан соң, уақыт өте ғана соғыс қаруына айналған» деп түсіндіреді Таласбек Әсемқұл.
Таласбек Әсемқұл Серікбол Қондыбайға сілтеме жасап отыр. Ендеше, Серікболдың мақала басында келтірген ойын қайта жалғайық. Сөйтіп, Қамбардың қайдан шыққанына түйін жасайық. «Түрікпендік Ганбар баба – қазақтың Қорқыты сияқты сазгерлер мен әншілердің, ақындардың пірі болып саналады. Ол «дутар» делінетін саз аспабын ойлап тапқан деседі. Қамбардың тағы бір мифтік функциясы – оның су стихиясымен байланысы. «Көл иесі Қамбар-ау, Шөл иесі Қамбар-ау, Қарағыма көз сал-ау» – осының нышаны. Міне, Қамбарға берілген үш мифологиялық функция: сумен, жылқымен және музыкамен байланысты. Мифологияда музыка табиғатын сумен, су айдынымен байланыстырады. Ал су мен жылқының бір бейнемен тең дәрежеде байланыстырылуы бір мифтік тұлғаға барып тіреледі. Ол – теңіз жылқылары (суын) туралы түсінік. Міне, осындай үш сипатты ұштастырған Қамбар (Ганбар) бейнесінің қазақ-түрікпендік сипатының қалыптасу ареалы біреу болмақ, ол – Маңғыстаудың Хасарлы теңіздік жағалауы» деп жазады Серікбол Қондыбай.
Су жылқысы кейпіндегі мифологиялық кейіпкер «суын» деп аталады. Түркімендер мен қазақтар суынды Каспий (Хасарлы) теңізінде мекендейді деп сенген. Белгілі бір уақытта суын айғыры теңізден шығып, жағалауда жайылып жүрген бір биеге шабады-мыс. Сол биеден туған құлын бәйге бермейтін сәйгүлікке айналады-мыс. Содан болар түркімендер мен қазақтар биелерін теңіз жағасында жаюға тырысқан. «Көл иесі – Қамбар» мен суын арасында біз білмейтін бір байланыстың болуы бек мүмкін.
Жұрт жадындағы аңыздарды жоғарыда мысал еттік. Алайда заманында Бөкей ханның жайлауында жортқан жүйріктерге (сауранат) орыс императоры І Павел мен француз императоры Наполеонның қатты қызыққанын, соның бір себебінен Бөкейге теңіз жағалауын жайлау үшін жер бергенін, ал түркімендердің атақты ақалтекесі айдай әлемнің аңсарын аударғанын ескерсек, әр аңыздың артында ақиқаттың елесі менмұндалайтыны анық.
Серікбол ХАСАН
aikyn.kz