Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясы Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік...
Денис Теннің өлімі: Прокурор сотталушыларды 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады
Сот алдына Арман Құдайбергенов, Нұралы Қиясов пен Жанар Толыбаева келді. Прокурор Қуандық Досовтың айтуынша, сот отырыстары барысында күдіктілердің кінәсі толықтай дәлелденді.
Арман Құдайбергенов «Ұрлық» «Қарақшылық», «Адам өлтiру» баптары бойынша айыпталып жатыр. Нұралы Қиясов та дәл сол баптар бойынша айыпталып жатыр («Ұрлықтан» басқа). Жанар Толыбаева «Ұрлық» және «Қылмыс туралы хабарламау» баптары бойынша айыпталып отыр.
«Арман Құдайбергеновті айыпты деп танып, 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын, жазасын максималды қауіпсіздік мекемесінде өтесін. Нұралы Қиясов айыпты деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылсын, жазасын максималды қауіпсіздік мекемесінде өтесін. Жанар Толыбаеваны айыпты деп танып, оны 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын», – деді прокурор Досов.
Сондай-ақ, мемлекеттік айыптаушы соттан жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорының пайдасына Құдайбергенов пен Қиясовтан 30 АЕК көлемінде (75 мың 750 теңге), ал Толыбаевадан 20 АЕК көлемінде (50 мың 500 теңге) ақша өндіріп алуды сұрады.
Еске салайық, былтыр 19 шілдеде Алматыда белгісіз біреулер Денис Тенді пышақтап кеткен болатын. Оқиға шамамен 15.00-де Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында болған. Кейін қалалық ІІД өкілдері Денис Тенге автоұрылар шабуыл жасағанын мәлімдеді. Сөйтсек, спортшы ұрылардың үстінен түскен болып шықты. Жанжал кезінде спортшының аяғына пышақ тиіп, көп қан жоғалтқан. Ол ауруханада көз жұмды.
Кейінірек Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында даңқты мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің құрметіне ескерткіш орнатылатыны хабарланған еді. Сондай-ақ, оған «Халық қаhарманы» атағын беру ұсынылған болатын.