КЕЙДЕ КӨЗ АЛДЫНДАҒЫНЫ КӨРМЕЙМІЗ

БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ
3162

Оның картиналары Лувр мұражайында тұр. Қазақ қызының қылқаламынан туған туынды көпшілікті тамсан­дырады. Нью-Йорк, Тайвань, Сантьяго, Скотсдаль, Токиода өткен суретшілер байқауының жүлдегері. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» аталымына үміткер Анара Әбжановаға үндестік маңызды. Ол әр нәрсенің жаңа қырын ашуға құмар.

 – «Мүмкіндігі шектеулі» де­геннің тек сөз тіркесі екенін дә­лелдегендердің бірісіз. Сурет салуға құштарлық қашан пайда болды?

 – Мүмкіндігі шектеулі екеніне қарамастан, қоғамда құрметке бөленіп, жетістікке жеткендер жетерлік. Бұл сөз оларға тұсау болған жоқ. Керісінше қол қусы­рып отырмай, діттеген мақсатына жетуге күш берді. 

Шығармашылыққа кішкене кезімнен бейімім болды. Анам­ның сөмкесінен қарындаш іздеп, еденге, қабырғаға сурет салады екен­мін. Осыған қарап анам су­рет альбомын сатып алып беріпті. Кейінірек мультфильм кейіпк­ер­лерін бейнелеу сүйікті ісіме ай­налып кетті. Болашақта суретші болатыным бесенеден белгілі еді. 

Леонардо да Винчи бейне­леудің адамды байқауға бейім­дейтінін, бәріне бірдей назар аударуға үйрететінін тауып айт­қан. Көлеңке мен жарық, мекен мен пішін, түс пен қашықтық, қозғалыс пен тыныштық. Аталған ұғымдар сиқырлы күш тәрізді. Бұл күш кез келген байқай біл­мейтін детальді табуға үйретеді. Осы орайда жақсы жаңалықпен бөліскім келеді. Жақында ха­лық­аралық ІІ «Леонардо да Винчи – әмбебап суретші» байқауынан жүлдегер атандым. Байқау 2018 жылдың 20 қаңтарында Флорен­циядағы итальян музейінде өтті. Шара халықаралық белгілі Руссо арт-сыншыларының қолдауымен іске асты.

 – Картиналарыңыз арқылы әлем Қазақстанды көргендей болады. Шетелдіктер көзімен еліміз қандай?

– Иә, әлемнің картиналарым арқылы елімізді танығанын қа­лаймын. Қарапайым ғана обьек­тіден болмыс қалыптастырғым келеді. Әдемі көрініске кезіге қалсам, ішінен өзгелер байқа­ма­ған ерекшелік іздеймін. Жаныңа жақын мекенде жүргеніңмен, сол жердің өзгешелігін байқамай жатасың. Жылдар бойы іздеп жүргеніңнің тура көз алдыңда екенін кейін ұғынасың. 

Пейзаж адам назарын өзіне аударады. Себебі, картинаға қарағанда өзіңнің қоршаған ортамен байланысыңды сезесің. Бірде шетелдік қыз маған хат жолдапты: «Картиналарыңыздан Алматының басты ерекшелігін байқадым. Табиғат пен архи­тектура ерекше үйлесім тапқан. Сондай-ақ көріністен суретшінің еліне деген махаббаты мен қыл­қаламның сиқырын көрдім».

 – Акрилмен жазудың артық­шылығы неде? Сіз салған пей­заж өзгелерден қалай ерекшеленеді?

 – Акрилмен сурет салу техно­логиясы жаңа көзқарас сыйлады. Ол үшін су құрылымы бар бояу пайдаланамын. Аллергиялық реакция тудырмайтыны, сар­ға­йып кетпейтіні ұнайды. Акрил – акварель мен майдың қосындысы. Бояуды қолдану арқылы қанық түс алуға болады. Акварель мен майды қолданып көргендер акрилмен салуға тез бейімделеді. Бірақ акрил бояуы тез кеуіп кетеді. Бұл – Ресей, Италия және Голландияда жасалатын қымбат әрі жоғары сапалы бояу. 

Пейзаж – адам жанының күйі. Мұнда «басты кейіпкер» маңызды рөл атқарады. Кез келген мезгілде пейзаж салуға болады. Оған уа­қыт пен мезгіл кедергі емес. Пей­заж – бейнелеу өнеріндегі бөлек дүние. Себебі, суретші карти­на­сында тек табиғатты бермейді, сондай-ақ ішкі толқынысын суреттейді.

 – Шетелдіктер туындыңыздағы нені бағалайды? Коллек­ция­ңыздағы орны бөлек картина?

 – 2010 жылы салынған «Күн құшағындағы қыс» – алғашқы сериям. Қысқы сұлулықты су­реттеген картиналар топтамасы. Екінші серияны жинақтау бір жыл уақыт алды. Топтамадағы екі туынды Талдықорғандағы өнер музейінде және Астанадағы Президент музейінде сақтаулы. Қысқы пейзажды 9 рет салдым. Ойымдағы қысқы картинаны салуға ұзақ уақыт жұмсадым. Ерекше көріністі іздеуге тал­пындым. Қызығы, бір күні терезе алдынан аулаға көз тастадым. Көргенімді бейнелеуге тырыс­тым. Нәтижесінде, жарық пен жылуға толы әдемі картина пайда болды. Тағы бірде қар астындағы бақшаға бардым. Тез арада көрініс эскизін жасадым. Ашық аспан, ауылға, табиғатқа нұрын төгіп тұрған күн, күн сәулесімен ша­ғылысқан аппақ қар. Студент ке­зімде Чилидегі Сантьяго қала­сында өткен халықаралық топтық бәйгеге шақырды. «Күн құша­ғын­дағы қыс» картиналар топта­масын қоямын деп шештім. Дәл осы серия маған жетістік алып келді. Халықаралық арт-сын­шы­лар топтамаға жоғары баға берді. Себебі, туындыда ашық түсті бояу мен ерекше жылу бар. Топтаманы бақшада жұмыс істегенді жақсы көретін анама арнадым.

 – Анара, сұхбаттарыңыздың бірінде қыс пен күз көрінісін салған ұнайды депсіз. Неліктен аталған мезгілдер?

 – Қыстың алғашқы күнде­рінде жауған қарды жақсы кө­ремін. Ұзақ серуеннен келгенде үйден мандарин иісін иіскеу қандай ғанибет. Әлі есімде, қысқы кеш болатын. Мамам ертеңгі туған күніме орай торт пен тәттілер алып келемін деген еді. Биік мектептің терезесінен анамның келгенін тосып тұрдым. Дала суық, қалың қар жауған әрі боран соғып тұр. Тәрбиеші «тө­сегіңе жат» деп шақырғанмен, қырсығып бармай қойдым. Қо­лында көтерген сөмкесі бар анам ақыры келді. Жүзінен шаршағаны білініп тұрса да, мен үшін бәрін істейтін. Қиындық пен түрлі сынаққа қарамастан, алғаш рет шынайы қуаныш пен бақыттың қандай боларын сезіндім. Жақсы суретші болып, анамды бақытқа бөлеймін деп өзіме сөз бердім. Қар жауып тұрған қысқы көріністі жақсы көретінім осы хикаямен байланысты. Алматы мен Астана­ның пейзажын салғанды ұна­та­мын. Адам тәрізді қалада да өзін­дік мінез бен көңіл күй бар. Көр­геніңді қиыстыра білсең болғаны.

 – Алматы сізге жылдың қай мезгілі болсын ұнайды екен. Мың бояулы қалаға арнап топтама шығару ойыңызда жоқ па?

 – Елбасымыздың «Ұлы да­ланың жеті қыры» мақаласының ізімен мың бояулы қалаға арнал­ған 1000 картина жинау ойымда бар. Қазір Алматыны суретте­ріммен сөйлете білудің жолын іздеудемін. АҚШ-та әлемнің мен­­мін деген суретшілері қаты­са­тын байқау болады. Соған да­йындығымды пысықтауым қажет. Жыл мезгілдеріне арнап арнайы коллекция құрастырамын: «Та­биғат түсі», «Астананың 20 пей­зажы», «Алматының 1000 пей­за­жы». «Өмір гүлі» сериясы қызым Алуаға, анама және жер бетінің нәзік жанды аруларына арналады.

 – Өміріңіздегі ең айтулы же­ңіс? Шабытты қайдан аласыз?

 – Өмірдегі басты жеңіс – өзіңмен жүргізген күресің. Неге? Себебі, өзіміз өмірді түрлендіре аламыз. Әлемді өзгерткіңіз келсе, алдымен өзіңізді өзгертіңіз. Өзі­ңізден бастаңыз. Қазақстан табиғатына қатты ғашық болған соң, менде ерекше туындылар пайда болды. Пабло Пикассоның атақты цитатасын еске түсірейікші. «Жақсы суретші көшірсе, ұлы суретші ұрлайды». Пикассоның шығармашылық туралы ойы – түсіне білгенге теңдессіз жауап. Таңертең, түсте, кешке пей­зажға айналар көрініс іздеймін. Жаңа оянған қала тіршілігін тамашалау үшін таң атпай қала сыртына шығамын. Табиғат – шабыт алар қайнар бұлақ тәрізді.

 – Бір кездері шәкірт едіңіз. Қазір шәкірт тәрбиелеп жүрсіз. Ұстаз ретінде қалыптасып үлгер­діңіз бе?

 – Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын бітірген соң, оқы­тушы боламын деп ойламадым. Өйткені өзімді тек шығар­ма­шылыққа арнағым келді. Бірақ әріптестерім сенім білдірген соң, бас тартқым келмеді. Шәкірт­терімнің алдында үлкен жауап­кершілікті сезінемін. Ұстаздық жолымды өнер мектебінде, 

Т.Жүр­генов колледжінде бас­та­дым. Алғашында «сөйлей алатын балаларға қалай сабақ беремін» деген қорқыныш болды. Бірақ ішкі толқынысымды жеңдім. Шәкірттерім мені сыйлайды әрі түсінеді. Қазіргі таңда акаде­мияның 2-курс студенттеріне дәріс оқимын. Педагог екенімді мақтанышпен мәлімдеймін. Ең алдымен, педагог – кәсіп түрі. Ұстаз болу – мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілік. Студенттер ісін сүйетін ұстаз бен сабағын өтуге келген педагогты ажырата алады. Жастардың, шәкірттерімнің маған қарағанда ақылды, талантты болып өсіп келе жатқанына қуанамын. Педагог ретінде шәкірттерімді өзіндік «менін» табуға, бақытты өмір сүруге үйреткім келеді. Бастысы олар таңнан кешке дейін ерінбей еңбек ету керек.

 – Әңгімеңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан Айзат АЙДАРҚЫЗЫ

 aikyn.kz

Жаңалықтар

Астана тұрғындары интернет-алаяқтарға 3 млрд теңгеден астам ақша берген, деп хабарлайды madeniportal...

Жаңалықтар

Үндістанда 25 жастағы ер адам өзінің жерлеу рәсімінде тіріліп кетті, деп хабарлайды madeniportal.kz...