«Тәуелсіздік:Сөз бен Сурет» жобасы аясында «Мәдениет порталы» ...
Жеңіс Кәкенұлы. Дәуренбектің картиналары жайлы аз-кем...
Осыған дейін ақындар арасында «Папирус» айдарын жүргізгеніміз ел назарында. «Тәуелсіздік:Сөз бен Сурет» жобасы аясында сол тағылымды дүниені қайта қолға алмақпыз. Осы жолы әрине суретшілер арасында. «Мәдениет порталы» аталмыш айдарды жүргізе отырып, қазақ суретшілерінің шығармасын қалың жұртшылық арасына кеңінен насихаттауды мақсат етіп отыр. "Папирус" айдарында әр аптаның сәрсенбісінде бір кескіндеме шеберінің жазғаны жарияланып, аптаның қалған күндері сол жарияланған суретке жасалған анализдер мен пікірлер оқырман назарына ұсынылатын болады. Назарларыңызға «Папирус» айдарында шығармасы жарияланған Дәуренбек Бекназаровтың картиналарына суретші Жеңіс Кәкенұлының пікірін ұсынамыз.
Қазақ «болатын бала боғынан» дейді. Біздің Дәуренбек, бала кезінен-ақ анау мынау емес, тап Пикассоның өзімен «ауырған» бала (көріп отырсыздар ғой, мына картиналардан ептеп Паблоның лебі еседі). Сол суретшіге бала кезінде еліктеймін деп жүріп, осы күні өз жолын тауып кеткені ме қалай? Біз емес болашақ ат қоятын, әлдебір «изм» бас көтере ме, немене?
Әлем бір тұтас. Адам ат мен Хауа анадан тараған ұрпақтың жұтқан ауасы мен ішкен суы ортақ. Құттай жер шарының кез келген жерінде өнген өнердің әлденесі бізге де тиесілі. Дәуренбек суретші осы аксиоманы картиналарымен, дәлелдей білген суретші. Сонау Генри Мур, Диего Ривера, Альфаро Сикейростай алыптарды зерттей отырып, олардың шығармашылық мәнерінен қазақтың қолтаңбасына, бояу палитрасына, оның пластикасы мен сызықтарына ұқсастықты байқап, көп тұлғалы, адамдары мол картиналарын түртініп-талдап, іздеп тауып, солардан керегінше нәр алған шығармашылық иесі. Және тапқан-таянғанын көрушіге қандай әдіспен беруді дәл таңдаған суретші. Бұл жолда оның композициясы мен суреті, кескіндемесі, қолының қаруы, көз шоласы – Ертөстіктің жолдастарындай қапысыз екені көрініп тұр.
«Ойсыл баба» дейді. Бұл картина сонау бағзы кезде, әлдебір алмағайып шақта, отыз ұлдан қапыда айырылған Ойсыл баба қасіреті туралы әпсана шығар? Ойсыл бабадан, қаға беріс қалқада, зәуде аман қалған жалғыз тұяқ, Сіргелі жайлы әңгіме сірә болар? Сіргелі ата қанатын сұңқардайын жайып, осы күнге Дәуренбектей ұрпағын жеткізгені туралы тылсым картина болар-ау?
«Адамзатқа шабуыл» дегені адамзат баласынан қысастық көрген табиғаттың шегінер жері қалмай, серіппедей аталып адамзаттың өзіне шапқаны болар? Рас, не істемеді адамзат баласы? Көлдерді улады, жайылымдарды құртты, орманын өртеді. Ауасын түтін, жер астын құрдым етті. Айсбергтер ерімегенде қайтеді, табиғат адамның өзіне тайфун болып ұмтылып, арыстан болып қарғымағанда қайтеді? Жалғыз үміт – босанған ана, кесілген кіндік, келген ұрпақ.
«Құрбылар» каринасына келгенде біз тағыда зарлай бермей, сарнай бермей, оны жақсыға жорыдық. Жақсы құрбылар туралы картина болса екен деп тіледік. Дәуренбектің, анау Махамбет пен Исатайдай, арасынан қыл өтпейтін, арқасынана жау өтпейтін достарды аңсап отырып жазғаны болар деп жобаладық. Арманы іске асса екен, Абай атам айтқандайын, «бірін қазақ бірін дос көрсе» екен деп тіледік.
Суретші Жеңіс Кәкенұлы
Дәуренбек Бекназаров. "Құбылыс" атты картиналар топтамасына жазылған анализдер мен пікірлерді оқи отырыңыз:
Сембіғали Смағұлов. Шешімі табылған композициялық шығарма