Көптеген жазушылар мен суретшілердің өз шығармаларында алыс болашақты, мәселен, өздері естіп-б...
Болат Омарәлиев. 50 жылдық фотоархивім 8 қап пленка болды
– Мұрағаты бай фотографсыз. Мұрағат жинақтауды қай кезден бастап қолға алдыңыз?
– Мұрағатымда 16 жасымнан бастап түсірген пленкасы сақталған суреттер бар. Өзім фототілші ретінде мұрағат жинауды 19 жасымнан бастап қолға алдым. Сол 19 жасымнан 67 жасыма дейін жинаған пленкамды 2015 жылы зейнетке шыққанда қарасам 8 қап болыпты. Пленкаларды орап-орап целлофан пакеттерге салып, сыртына жылын жазып сақтай бергенмін. Тіпті үйдегі кітаптардың арасына кесіп салыппын. Осыдан 44 жыл бұрын түсірген «Таң алдындағы ән» деген суретімді газет-журналдардың бәріне ұсындым, еш жер баспады, ешкімге ұнамады, сол күйі мұрағатымда шаң басып жатты. Суреттің жақсы екенін біліп тастауға қимай жүргенмін. Былтыр «Ауыл» партиясы ұйымдастырған, 200-дей фотосуретшілердің еңбегін сарапқа салған «Ауыл нақыштары» атты фотобайқауда осы «Таң алдындағы ән» деген суретім бас жүлдені иеленді.
– Өзіңіздің жаныңызға жақын, көңіліңіз толатын, ерекше ұнайтын суреттерді қай жылдары түсірдіңіз?
– Мысалы, он бала тапқан әйел балаларының бәрін бірдей жақсы көреді. Сол сияқты суреттерім де өзімнің ішімнен шыққан сияқты. Құдай адамға шығармашылықты беретін уақыты және бере алмай адамның тоқырайтын уақыты болады. Менің шабытты жұмыс істеген уақытым 1975-1988 жылдар аралығы. Жаныма жақын, ұнататын суреттерім көп, бөле-жара айтатын болсам, «Таң алдындағы кездесу» деген суретім. Осы суретті түсіргенде жасым 25-тен енді асқан. Қазірге дейін осы суретке рахаттанып қарап отырудан жалықпаймын.
– Газеттің фототілшісі болып талай елді араладыңыз, өңірге келген игі жақсылармен дастарқандас болдыңыз. Қазақ зиялыларының бейнесін таспаға түсіре алмай қалған сәттер болды ма?
– Ондай сәттер көп болды, әлі күнге дейін есіме түссе жанымды қоярға жер таппаймын. Тұлғалардың тек жай суреті емес, көркем қимыл-қозғалысын шығара алмаған сәттерім көп. Мысалы, бір тұлғаның көркем суретін түсіру үшін «мынаны ұстап тұрыңыз», «былай қарап тұрыңыз» деп айта алмай құримын. Қазақстанның халық әртісі, композитор Шәмші ағамызды 1 кадр түсіріппін де, аңқиып отыра беріппін. Өңі жүдеу, өзі күрк-күрк жөтеліп отырған ағамызға «былай қарап тұрыңызшы» деп айта алмадым. Бойымды аяныш билеп, есінен айырылған адамға ұқсап қалыппын. Өте өкінішті, әйтпесе Шәмші ағамызға нахалдық жасап 100 суретін түсіруіме болар еді. Сол сияқты қанша түсірсем де Ш.Уәлихановтың, академик С.Сартаевтың көркем, нанымды бейнесін ала алмадым.
– «Сыр бойы» газетінде 50 жылға жуық еңбек еттіңіз. Сізді Алматыға, бас қалаға жұмысқа шақыртқанда бармауыңыздың себебі неде?
– Шерхан Мұртаза мені он үш жыл бойы «Қазақ əдебиеті» газетіне жұмысқа шақырды. Барғым келмеді. Бала-шағамды шұбыртып, пәтер азабын тартқым келмеді, отбасым қиналмасын дедім. Бойдақ кез болса, қолды бір сілтеп Алматыға сіңісіп кетер едім. Сырда қалғаныма өкінбеймін. Қолымда Сырдың 50 жылдық фотошежіресі бар.
– Суреттеріңізді әлеуметтік желіде жариялап отыру туралы ой қалай келді?
– Желіге кіргенде сурет саламын деп ойлаған жоқпын. Мен көп көргенмін, көп білем, көп оқыдым, соны жазып отырам деп ойласам, желіде менен көп білетін білімді азаматтар отырады екен. Солардың жазғанын көріп аузым ашылып қалды. Менің білетінім түкке де тұрмайды екен. Шежіре туралы бірдеңе жазып едім, қып-қызыл дау болды да қалды. Содан жазғанымды өшіріп, тұра қаштым. Таныс достың бірі «Болат, сен жақсы суретшісің. Неге суретіңді салып отырмайсың?» деді. Осы сөз көкейіме қона кетті. 8 қап суретті 4 жыл отырып сканер деген аппаратпен компьютерге электронды нұсқасын аударып алдым. Аударып жатып арасында бірер суретті желіге жылт еткізем, бәрі шу ете қалады. Байқаймын, суретіме жұрттың ықыласы бөлек. Осыған дейін қанша сурет жариялағанымды есептемеппін. Мен тек ешкім көрмеген, ешқайда жарияланбаған суреттерімді салып жатырмын. Менің түсіргендерімнің көбі кезінде газет талабына келмеген суреттер. Газет жұмысымен жүргенде осындай шығармашылық суреттердің бейнелері кездеседі. Ондай сәтті қалт жібермей түсіріп аламын. Осыдан 49 жыл бұрын түсірген Арал теңізі толып тұрған кездегі суретімді де енді жариялап отырмын.
– Сіз фотоларыңыз арқылы адамның өзіне беймәлім қырларын ашатын секілдісіз. Өзіңіз объективті қолға алғанда түсіретін адамға қарап, бірінші не туралы ойланасыз?
– Рақмет, мен түсірген адамның беймәлім қырын сезіп жатсаңыз қуанамын. Бірінші суретке түсіретін кейіпкеріме қарап бұл кісінің болмысын қалай жеткізе аламын деп ойланамын. Сосын түсіре бастағаннан-ақ миға ой келе бастайды. Қызылорда облысында соғыста 2 баласы хабарсыз кеткен жасы 100-ге келген Қалампыр әжейді екі күн бойы суретке түсірдім. Алғашында әжей суретке түсуге көнбеген соң амалсыздан «Әже, ұлдарыңыз тірі, хат жазыпты, онда апамның суретін салсын депті» деп алдадым. Әжейді алдағаныма әлі өкінемін. Екі күнгі түсірілім барысында 100 кадр түсірдім. Бірақ соның 99-ы жарамады, тек біреу кадр ғана жарады. Осыдан-ақ шығармашылық фотосуретшілердің еңбегін біле берсең болады.
– Бүгінде қолына сапалы фотоаппарат ұстаған жастар көп. Бірақ селт еткізер ерекше суреттер аз…
– Бүгінгі фотосуретшілерге жетіспейтіні – білім. Жастар кітап оқымайды, кітап түгіл өлең оқымайды. Смартфон шұқылап отырғандары. Қарапайым адамнан тұлғаларды ажырата алмайды. Жақсы суретші ақын сияқты сезімтал болу керек. Қайбір жылдары «Соғыс жесірлері» деген сериялы суреттерді үш жыл түсірдім. Жесірлер жоқтау айтып жылағанда қосыла жылаған күндерім болды.
– Сіз жайында «Қоғалыкөлдің «Құлагері» деген кітап жазылып жатқанын естідік.
– Жазушы, телевизия саласының ардагері Тілеген Бекарыстанов мен туралы кітап жазып жатыр. Бұл – көркем шығарма түрінде жазылған дүние. Тілеген екеуіміз кітапты осы көктемге дейін шығарамыз ба деп жүрміз. Екеумізде кітап шығаратын ақша, не демеуші жоқ. Алғашында аз ғана данамен шығарып көрейік, кейін сұранысқа қарай шығара береміз деп отырмыз. Кітаптің ішінде 150-дей шығармашылық суреттер бар. Бұл жай суреттер емес, бүкіл Сыр бойының тарихы, қазақтың бүкіл ірі тұлғаларының қимыл-қозғалыс үстіндегі суреттері. Бірақ менің өнерімнің қазаққа керегі жоқ қой деймін. Әйтпесе осындай кітапқа Қызылорда облысының әкімі демеуші бола алады ғой. Өкінішке қарай, әкім менің кім екенімді білмейді, білсе де білгісі келмейді. Кезінде Мәскеудің үш жерінде, Украинаның Армавир қаласында және Польшада көрмелерім өтті. Бірақ туған жерім Қызылордада бір көрмемнің өтпеуі қынжылтады.
Сұхбаттасқан Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ