Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ...
Қали СӘРСЕНБАЙ. ПАРАСАТ ПАЛИТРАСЫ
…Сұңғат таңалакеуімде пойыздан түсіп, қайда аяқ басарын білмей дағдарып тұр еді, күздің қара суығында желең киінген бір кісі желке тұсынан гүж ете қалды.
– Ей, итальянец!
Өз көзіне өзі сенер емес. Мелшиіп тұрды да қалды. Бір кезде барып тұра ұмтылды. Енесіне жамыраған қозыдай күй кешіп тұрды Сұңғат.
– Амансыз ба, Айбар аға!
– Тірімісің, ей!..
– Көріп тұрсыз ғой.
– Көрдік, қайдан?..
– Шақыртқан екен.
– Кім?
– Театр институты.
– Жыланның үш кессе де кесірткедей қауқары бар. Кім айтушы еді осы сөзді, есіңде ме?
– Қайтіп ұмытарсың, есімде ғой. Мұқаң ғой, Мұқаң, мәрт Мұқаң, мұзарт Мұқаң, марқасқа-мұзбалақ Мұқаңның любимый сөзі ғой.
– Слушай, өткенде сен туралы бір газеттен оқыдым. Тауып жазған екен. Шик… Бірақ сол осыдан кемі он жыл бұрын жазылуы керек еді. Распад личности деген осы.
– Шәкеңнің арқасы ғой.
– Ә, мұрт па? Мұрт мәрт қой. Ондай мұрттар мало.
Күздің қара суығында ойда-жоқта ұшырасқан екеу қауқылдасып жатты. Баяғы бас жаратын әзілдері жоқ. Сөздерінен тектіліктің тұқылы ғана байқалады. Ауыр тыныстайды, сынық сөйлейді.
– Ел жаққа ертерек шығып едім. Итальянец, сені маған Құдай кезіктірді-ау. Темекің бар ма?
– Жүріңіз, Айбар аға, жүріңіз, бәрі бар, – деп Сұңғат «Мальборо» сигаретін ұсынды.
– Әрі тарт, темекі емес, тезек мынауың, – деп Айбар насыбай атты.
– Мынауыңыз баяғы қыз емес, қысырақ дегеніңіз секілді естілді-ау.
Екеуі кеңкілдесіп күліп алды.
– Біздің қоғамда таланттан тезірек құтылудың жолдары — қызметке өсіру, ертерек арақпен ауыздандыру, болмаса пенсияға шығарып жіберу. Әр жағын өздері біледі. Айтпақшы, сонсоң түбін түсіріп көзіне мақтау, сыртынан даттау. Сен сол мақтаудың құрбанысың. Дұрысы — кезеңнің құрбанысың, сенің түбіңе жеткен система. Система сильных.
– Осылай қарайып жүргенімізге де шүкір дейміз ғой.
– Талантты тентіретіп жіберудің бір таптырмас тәсілі – әріптестеріңнің үнсіздігі, әдейі үнсіздік, қыжыл үнсіздік.
– Әдемі айттыңыз-ау, Айбар аға.
– Мен емес айтқан, Шопенгауэр.
– Шопенгауэрдің сізден қай жері артық.
– Сен, итальянец, бұл жолы құтылып кеттің, оңай құтылдың. Сонымен не дейді?
– Кім біледі бара көреміз ғой.
– Сен халыққа әлі де қарыздар адамсың. Осы сөзді сенің шешең екеуімізге жиі айтушы еді ғой. Шешең қайда?
– Несін айтасыз, апам қазір дертті. Аяғаннан басқа дәрменім жоқ. Қырымға апарып қаратады деген баласының түрі мынау.
– Мен де шешемді аяймын. Әй, бізді ұрып өлтіретін адам жоқ қой. Екеуіміздің, екі жесір еркектің бағына шешелерін тірі қойғанына ризасың ба бұ Құдайға, ей, итальянец, көкте бір Құдай, жерде шешеміз жар болсын.
Стақандар сыңғыр-сыңғыр етті. Бірақ екеуі де ішпеді.
– Айбар аға, Мұқаңның күнделігін оқыған шығарсыз.
– Это не нам судить.
– Мына тексіздер тарақандай таламай тұрғанда жөнімізді табайық, итальянец, – деді Айбар. Сұңғаттың көз алдына Арқа даласы, қан қызыл көйлекті Жәкібай елестеді. – Жәкібайшина, – деді жиіркеніп. – Еркіңіз білсін, Айбар аға. Сұңғаттың даусы біртүрлі діріл араласып, сынық шықты. Айбар табалдырықтан аттай бере:
– Бұл өзі дұрыс болды-ау, мен сені көп іздедім, итальянец, – деп теріс айналып кетті. – Әрине, итпен іздегем жоқ, ешкімнен сұрағам жоқ, газетке хабарландыру бергем жоқ, біртүрлі алабұртып көңілім іздеді. Сағынады екенсің. Сен сері едің, сымпиып қапсың.
***
90-жылдардың басы. Күз айы. Қалихан көкеміздің «Қоңыр күзі» емес, сұрғылт аспаны бар, қара суығы өңменіңнен өтетін қытымыр, қыңыр күз еді. Сондай күндердің бірінде «Егемен Қазақстанға» атақты тенор әнші Аманкелді Сембин келді. Содан бірер күн бұрын басылымға әнші туралы «Қарғаш» деген эссем шығып, редакцияға қоңырау шалушылар жиілеп, хаттар көбірек келіп жатқан. Әбекең қарыз болып қалмайын деді ме, сол эссені атап өтуге келген екен. Аян Нысаналиннің бөлмесінде шағын дастархан жайылып, әншіні ортаға ала бергеніміз сол еді, біреу есік қақты. Айекең оған көп таныстың бірі ия осында жүрген иісшіл бір қу деді ме, аса мән бермеді. Сәлден соң әлгі тықыл тарсылға айналып бара жатты. «Аш есікті қиратады» деді Айекең. Үсті-басы малмандай су бір кісі кіріп келді. Желең киінген. Түсі суық. Маған бір қарап еді көзі өткір екен. «Асеке, Асеке» деп жалпылдап жатырмыз. Сонда барып, ол кісінің Асқар Сүлейменов екенін бажайладым. Бір мезетте қалт тұра қалды да, ұзын арық сұқ саусағын тура қадап тұрып: «ей, итальянец сен тірі ме едің?!» деді. Сөзі орысша-қазақша аралас. Екеуі сарт та сұрт құшақтаса кетті. Бұл кісімен бұрын бір мәрте телефон арқылы сөйлескенім болмаса, бетпе-бет кездеспеген едім. Бірде менің газетке Қали Жантілеуов туралы шағын мақалам шыққан. Сол күні бұл кісі бөлімге телефон шалып, оны кім жазғанын сұраған. Аты-жөнімді «Қали» деп едім, «ты что шутишь?» дегені бар. Сонсоң «Мен бірдеңе білсем, сен сірә Созақтан боларсың, әй, Сузакский, Аян нахал қайда?» деді. Сонымен әңгіме тәмам болған.
Мен Сарысудан едім, Созақ бізге тиіп тұр. Қалай шамалағанына таңырқап қалдым.
Мені таныстыра бастап еді Асекең «білем-білем» дей салды. Сонсоң маған қарады да: «Әй, Сузакский, сен кофе тауып келесің бе?» деді. Заманның қиын кезі, азық-түліктің қат тұсы ғой. Кофе қайдан болсын. Оның үстіне Әбекеңнің жасап әкелген еуропалық үлгідегі дастарханы байқаймын, жұмырымызға жұқ болмайтын тәрізді. Сонымен Айекең мені Көк базарға жұмсады.
Базар жағалап келемін. Асекеңнің әлгінде «шашлыққа шикілік жарасады, қаны тамып тұрғанын ал» дегені де есімде. Кофе таптырмады. Төрт-бес тал шашлық, бірлі-жарым бәліш, әрине, ащы суы тағы бар желпілдеп жеттім. Әңгіме біраз жерге барып қалыпты.
– Ей, итальянец, мен сені көп іздедім, көңілім іздеді, – деп отыр екен. Әбекең де көңілшек кісі екен, қол орамалы бет жаққа жиі барғыштап отыр. Асекең де Салехетдин досының кенеп бетіне бояуды зікір салып соғатынындай сөзі де түйдек-түйдек шығып жатыр. Ғаламның аты шулы әнші, күйшілерінің бәрінің ғұмырын аралас-құралас адамдай сапырып (Бах, Гаидн, Бетховен), тіпті «жұлдыз ауруын» айтқанда, ауыз ашып, көз жұмасыз. «Жұлдыз ауруы» дегенді сол жолы тұңғыш естідік-ау деймін. Айтпағым, жоғарыдағы үзінді берілген «Сеньор Саттаров» хикаятының негізі сол жолы қаланып, жылдар өткен соң барып, екі заңғардың сол сәттегі көңіліме көшіріп алған диалогын сол күйінде пайдаланған едім.
Осыдан бастап Асағаңмен қауышу жиілей берді. «Егеменге» «Шашылып түскен тіркестерін» ұсынды. Дайындаған жаңылмасам, Әмірхан Меңдеке болар. Бөлімдегі телефон жақта сол тұста мен отыратын болуым керек. Бір күні Асағаң тағы телефон шалды. Алғашқыдай емес құлағым үйреніп қалған. «Кім?» деді. Ол кісі сірә, сол сәттегі көңіл қошына қарай амандасатын болуы керек. «Жантілеуовтің жанашыры ғой» дедім өзімше тауып айтқандай болып. «Не важно, сен, слушай, Аян нахалға айт, ана тіркестерден бір жол түсетін болса, мұрттың мұртын бір талдап жұламын» деді де телефонды қоя салды.
Осы мұрт мәселесі, тағы бір оқиғаны еріксіз есіме түсіріп отыр.
Ол кезде қызметке ерте келеміз. Таңғы сегіз шамасында кабинетте, Асекеңше айтқанда «камерамда» отыр едім, бір ұзын бойлы, толықша, ақсары әйел кісі кіріп келді. Өте ашулы. Қолындағы газеттің бір беті тұтас қызыл шимай. «Мынау қара бет мына өлеңдерін қай бетімен «ағаларым, жағаларым, паналарым» деп жазып отыр. Кім мұны дайындаған, ұсынған. Шерхан қайда, мен оның мұртын бір талдап жұлуға келдім» деді. Кейіннен білдім ғой, бұл кісінің аты-жөні Үміт Жансүгірова екен, егер қателеспесем. Белгілі ақынымыздың арыстарды жоқтаған бір бет өлеңдер топтамасы жарық көрген. Сонда отырып ойлаймын ғой, бұл неғылған мұрт жұлғыштар. Шерағаңның шықпай жүрген жаны. Сол күндері осындай айқайлар аз болмайтын. Кейін ойлаймын ғой. Тектілердің осы бір тартымды тартыстарынан көп тағылым түйіп өсіпбіз ғой.
Жылдар жылжып өтсе де аракідік Сүлейменов пен Сембиннің сонау бір қыңыр күздегі кездесуі есіме түсіп тұрады. Тектілік, дегдарлықтың исі аңқып тұрып еді-ау сонда Аян ақынның бөлмесінде. Сыртынан сүйсініп жүретін Сүлейменовтің сұңғылалығына сонда өзіміз куә болып едік-ау. Шылымын ширатып, сипалап отырып, сексеуілдің иір бұтағындай саусақтарымен суылдап тұрған бозғылт шашын салалап тарап, маралдайын маңғазданып сөйлеп бір бергенде отырған орнымыздан биіктеп кететін едік-ау. Бұл неғылған түпсіз тереңдік дейміз. Осы бір сәттік мезеттің толық нәзира нұсқасы «Алматы ақшамында» жылдар өткен соң жарияланады деп кім ойлаған.
2012 жылдың қаңтар айы. «Алматы ақшамына» сәскеде Таласбек Әсемқұлов кіріп келді.
– Мына «Алматы ақшамы» элиталық, эстеттік бағытта шығатын басылым көрінді. Көңілімде жазсам деген үш-төрт адам бар. Соның бірі – Асқар Сүлейменов. Газетте бастап жіберсем қайтеді, – деді.
Іздегенге сұраған, Тәкеңді бірден қызметке алдым. «Кемеңгердің өмірінен бір үзік сыр» атты эссе «Ақшамның» оннан астам нөміріне 31 қаңтардан бастап жарияланды. Редакция телефон қоңырауының астында қалды. Эссенің шынайы жазылғаны сонша, тіпті сонау бір қыңыр күздегі кездесу үстінде айтылған, өз құлағымызбен естіген «социализмнің стақандарын сындырасың», «социализмнің түбіне жеткен анекдот» тәрізді біреулер өмір бойы жаза алмай, айта алмай кететін жол-жөнекей айтыла салған, кісі өлтіретін сөздердің сол күйінде өз орнын тауып пайдаланылуы еді.
Осы эссені оқи бастағанда менің есіме бір жағдай түсті. Евтушенко бала күнінде Борис Пастернактың үйіне жиі баратын көрінеді. Оның әр келгенін ақынның жары аса жақтыра қоймайды. Пастернактың өмірі, тағдыры да өте қиын болған адам ғой. Сондықтан оның басқа адамдармен кездесуін аса құп көрмесе керек. Десе де, жасынан өлермен Евтушенко ақынның үйіне түрлі сылтау тауып баруын қоймайды. Біздің Тәкең де бала күнінен сол Сүлейменов, Серікқалиев, Тоқбергенов тандеміне таңқалып өскен. Маған Таласбек те де сол бала Евтушенкодай көрінді. Ақыр соңында Евтушенко Пастернак, Таласбек Сүлейменов туралы жұрт іздеп жүріп оқитын дүние қалдырды. Рухтары шат болсын! Бұл эссе шынын айту керек, Асқартанудағы ешкімге ұқсамайтын өзгеше сүрлеу еді. Асқар туралы қалай жазу керектігінің кемел үлгісі еді. Кейіннен осы эссе түрлі басылымдарда, порталдарда, сайттарда (кейде «Ақшамға» сілтеме де жасалмайды) жарияланып, қоғамда рухани дүмпу туғызды.
Таласбектің аты шулы эссесі «Алматы ақшамын» ғана емес, алты Алаштың абыройын аспандатты десе де болады. Өйткені, «Жолбарыстың жонын шымшылап ойнағандай жүрек жұтқан» (Әбіш) оның мүлдем бөлек болмыс-бітімін ашу үшін де сондай жүрек, талантты тану үшін де соған жетеқабыл талант керек еді. Таласбек осы міндетті абыроймен орындап шықты.
«Ол арамызда жүріп-ақ жұмбақ жанға айналған, әр сөздің түбірінен ар іздейтін, Сүгір күйшінің қара сөздегі сыңары, болмыс пен танымды таразының екі басына салып безбендеген тума талант иесі» (Тәкен) оның музыканың асқан білгірі, жылқытанудағы өзгеше өресі қандай-ды! Таласбектің эссесінде бұл кісінің күй, күйшілік туралы пайымдарының ұшы-қиырына жетіп болмайсың ғой. Ақаңның (А.Сейдімбек) бір күндерде «Күй-шежірені» жазып жатқан тұсында Асекеңмен де кеңесіп тұратыны тегін бе?! Әдебиеттегі тенор Тәкеңнің өзі де оның пікірімен әрдайым санасып отырған. Ойшылдықтың орманына айналған оғыланның «Созақта домбыра тартпайтын адам ғажайып болып саналады, оны елдің барлығы жабылып қызықтайды» деген сөзінің тереңіне бүгінде бір бойлап көретін ұрпақ бар ма, шіркін?! Аты аңызға айналған Асанәлі Әшімұлының күнделігінде Асқар досына оралып отыруы бекер дейсіз бе? «Кейбіреулер осы Асқардың айтқанымен күн көрді. Оның айтқанын әбден тыңдап алып, содан өзі бірдеңе қосып, білімсінген болған талай сәттің де куәсі болып едім. Тіпті, Асқар болғысы келеді-ау» дегені бар еді бірде.
Қайдан болсын. Луначарский деген кісі болған. Әлгінің шешендігі туралы сөз болатын бір кітапта «Егер ол кісінің қолына қарындаш беріп, сол туралы айт десең, тоқтамай төпеп берер еді» деген бір тұсы бар.
Біз білгенде Асқар Сүлейменов сондай еді. Сүлейменовтің ой иірімдеріне бір түсіп кетсең, надан боп кіріп, адам боп шығасың, рухани тояттайсың. Жалпы, өнердің тілін әркімдер түсіне берсе, біз әлемнің алдына шығып кеткен болар едік. Қазақ зиялысында бұл қасиет қонған кісі сирек. «Өмірді бүлдіргеннен, өнерді бүлдірген жаман» деп қарайтын ойшыл «Өнердің түбіне сорпа бетіндегі майдай қалқыған түсінікті идея жетеді. Жазушының бір міндеті – ой идеяны ашу емес, оны мұнартқа көміп, мұнармен бүркеу. «Шайнап берген ас болмас». Оқушы шыңғырғандай боп қиналса не ерсі? Алсын қамау терін!?» дейді.
Өнерді түсіну – бәрін түсіну. Аса күрделі музыкалық туындыларды, мәселен, Гаиднді талдағанда бұтарлап, Еуропаның төрінде отырған төредей тебіреніп, қазақ бояушы деп қарайтын бейнелеу өнеріңіздің ішіне кіріп кеткенде, содан келіп бір сөйлеп бергенде, сөз емес, саз, әуен секілді естілетін де бір құдіретті байқайсың. Қазақтың жалпы ойлау дағдысына төңкеріс алып келген, рухани жаңғыруыңызды сол кезде-ақ бастап кеткен оның «шашылып түскен тіркестерінің» әр жолы «түсініксіз» болу арқылы сізді ойландырар, күрсіндірер кереметімен түсінікті бола беретінін сонсоң барып сезер едің.
«Қазаққа ес кіргенде, Абай ескіреді» деген де Асекең. Абайдың айтқаны орындалса, ақсақалда арман жоқ болар еді дегені ғой.
Жай сөзінің өзі жай оғындай, тұлабойы тұнған парасат полотносы, мың бояулы парасат палитрасы одан біз неге жиі мысал алатынымыздың бір себебі де осы тұста қылаң береді. Сиректің аты сирек, дараның аты дара. Содан кейін де біз оған көп жүгінеміз. Кейде көңіл кеңістігін бір мұнар шалғанда, оны оқысаң сергисің, серпілесің, рухтанасың. «Шығармашылық дегеніміз – теңіздің бетіндегі айсбергтің сегізден бір бөлігі ғана» депті Эрнест Хемингуэй. Ол бар шығармашылық мүмкіндігін пайдаланбаса да, қалған мұрасының өзі біздің қалғып кетпеуімізге молынан жетіп-ақ жатыр. Бүгінде құбылыс, төңкеріс, сенсация деген ұғымдар өмірімізге алшаңдап еніп, оны емін-еркін әркімге тели беретініміз осы Асқарларды еріксіз еске түсіреді.
Қазақта ақын да, жазушы да, күйші де көп. Бірақ мәнер аз. Соның бірі де бірегейі еді ол.