Ү.ж. 5 қазанда Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай Анкараның К...
Жаңа емле – сындарлы қадам
Жыл басынан бері А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында әзірленген Емле ережесін ғылыми орта мен жаппай көпшіліктің талқысына салған, түзету, толықтыру, стандарттау жұмыстарын атқарған Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Жаңа ереженің алғашқы жобасын көпшілік назарына ұсынды. Кешеге дейін еліміздің түкпір-түкпіріне насихатталған Емле жобасынан қалың көпшілік құлағдар болды. 14 қазан күні өткен жалпыхалықтық диктантта жұртшылық өз тілінің жаңа жазуымен бетпе-бет «ұшырасты». Жазу реформасының мәнін түсінді.
Емле ережесі – жазба тілдің орфографиялық нормаларын ұсынатын және тұрақтандыратын, жаңа жазу мәдениетін қалыптастыратын ортологиялық еңбектердің ғылыми негіздері мен басты қағидаттарын айқындайтын негізгі құжат болып табылады. Базалық нормаларды қалыптандырады.
Емле ережесі қалай жасалды? Алдымен төл сөздердің емлесіне қатысты орфографиялық ереженің ұстанатын басты ғылыми принципі айқындалды. Ол дыбыстың негізгі реңкі бойынша орфографияланатын қазақ жазуының фонематикалық ерекшелігінен шықты. Бұл А.Байтұрсынұлы анықтап берген жүйеге – дыбыстың мағына ажырататын реңкін таңбалайтын фонемалық ұстанымға (принципке) – табан тірейді. Бұл ұстаным қазіргі жазу тәжірибемізден ауытқымауға, тілдік санада жатталған жазу дәстүрінен қол үзбеуге көмектеседі. Сондықтан емле ережесінің 70-80 пайызы қазіргі жазумен сәйкес келеді. Бұл жалпыхалықтық сауаттылықтан айрылмау үшін әлемдік жазу жүйесінде қолданылатын әдіс.
Емледе тілдің басты заңдылығы – тіл үндесімі. Ал ауызша сөздегі дыбыстық үндесімдер мен үйлесімдер, сөйлеу тіліне тән айтылымдар таңбаланбайды.
Сонымен, әуелі жазылуы әртүрлі болып жүрген төл сөздер бір формаға түсірілді, мысалы, бірде ы, бірде і әрпі жазылып шатастыратын ақырет, құдірет, қазірет, тауқімет, құзырет сөздері тек і әрпімен ғана жазылатын болады: aqіret, qudiret, qaziret, taýqimet, quzіret. Оның себебі бұлар толық игерілмей кірген шеттілдік сөздер, әрі бұлардың түбірлері ақыр, құзыр болуы сөз мағынасына әсер етіп тұрған жоқ. Сонымен бірге сөз аяғындағы е әрпі сөзді басынан бастап, жіңішке әуезде дыбыстата бастайды, яғни сөздің орфоэпиясы жіңішке үндесіммен айтылады. Ал дауысы/даусы, ауылы /аулы деген орфограммалар қалай жазылса да, daýsy, aýly деп ы әрпі көмескі естіліп, әнтек айтылатын болғандықтан және сөз мағынасына әсер етпейтіндіктен енді жазуда түсіріліп, ықшам және үнемді жазылатын болады. Өйткені ы фонемасы қазақ сөзінде а, е әріптерінен кейін жиі қолданылатын әріп болып табылады. Әрі бұл фонеманың қазіргі қазақ әліпбиіндегі таңбасы у болғандықтан сөз тұрпаттарын ұсынақты көрсете алмайды.
Емле жобасын құрастыру, талдау, сараптау, талқылау барысында келісе алмаған бір пікір – и, у әріптерінің емлесі болған еді. И мен у-ды бір әріппен таңбалап дағдыланып кеткен қазіргі жазуды өзгертіп, жаңа емле ұсынуда үлкен себеп болуы қажет. Сауаттылықты төмендетсе немесе оқу мен жазуда қиын болса, оқытуда ауыр болса, тіл табиғатына сай келмесе, айтылым сазына кереғар болса, сөз жоқ, жазу реформасын пайдаланып, мұндай ережені қайта қарау қажеттігі бар. Оқу-оқытуда мәселе тудырып отыр ма деп, мысалы, Астана қаласы №54 мектеп-лицейінің 1-4 сынып оқушыларының жазба жұмыстарын тексеріп көрдік. Сонда 102 оқушының 9-ы сиыр сөзін – сыйр, сыйыр; тиін сөзін – тіийін және т.б. түрде таңбалап, қате жібергені байқалды. Мұғалімдер «қате негізінен нашар оқитын оқушыларда жиі, бірақ «и» емлесі оқушыларға аса қиындық туғызбайды» дегенді айтты. Ал Қ.Жұбанов болса, керісінше өзі өмір сүрген кезеңдегі оқушы қатесінің көбі ый, ій әріптері болып отыр деген екен. Сондықтан сауат ашуда аса қиындық тудырмаса, жазуда кісінің уақытын үнемдесе, бір таңбамен жазатын қазіргі жазу дағдымыздан айрылмағанымыз жөн дедік.
И, у таңбалары сөздің айтылу жүйесіне кереғар болған жоқ. Бір ми сөзінің айтылу нормасы өзгерді деп қазақ сөзінің бүкіл айтылым нормасынан айырылып барамыз деп байбалам салудың қисыны жоқ. Ми сөзі түбір күйінде жиі қолданылмайды. Ол миыма, миың, мидай тұлғасында жазылып, [мійімә], [мійіңә], [мійдәй] түрінде айтылып көрген емес. Сөз, қосымша құрамындағы дауысты әріп арқылы алдыңғы буындағы дыбыстың жуан не жіңішке екенін тілтұтынушы аңғарып келеді. Сондықтан қазақ тілі емлесінің жаңа ережесінде қазіргі кирилнегізді жазу дәстүрінен қол үзбей ı (й), ý (у) әріптері дауыссызды (aı, úı, demeýshi, qaýyn) және уı (ый), іı (ій), uý (ұу), úý (үу) дыбыс тіркестерін таңбалайтын болды (ıgilik, ınelik, ınabat, ıman; kıim, tıin, álipbı, tarıhı; ýyldyryq, ýyz, ýildeý; týys). Бұл емле ережесі бастауыш, орта мектеп мұғалімдері, студенттер және жалпы көпшіліктен алынған сауалдама нәтижелері және ЖОО оқытушылары пікірлері негізінде бекіді.
Шеттілдік сөздерді (жазба тұрпаты түпнұсқасынан үлкен айырмасы болмайтын өзге тілден енген сөздер) таңбалауда бүгінгі кирилл жазу санасында жатталып қалған ұрпақ пен кирилл жазуын білмейтін келешек ұрпақты тоғыстыратын емле жасау басты назарда болды. Шеттілдік сөздер негізінен әліпби шегіндегі әріптермен қазіргі донор тіл – орыс тілінің орфографиясымен таңбаланады: akvarel, stil, lager, artıkl, kegl, fılm; moderator, marker, vaýcher, sýpervaızer, blokbaster. Бірақ қай әріп жазылса, сол әріптің білдіретін фонемасы дыбысталатын қазақ орфоэпиясына сай оқытуы қажет, яғни модератор сөзі мадератыр емес, модератыр немесе модератор түрінде айтылуы қажет.
Жаңа жазу ықшам, үнемді, оқуға оңтайлы болуы қажет. Қазақ тілінің жалғамалы сипаты, яғни сөздің түбірге қосымша жалғану арқылы түрлену, жасалу сипаты сөз тұрпатын ұзартатыны белгілі. Сондықтан жинақы жазу мақсатында артық әріптердің біреуі қысқартылады. Нақтыласақ, сөз соңы мен ортасында қайталанатын қосар әріптің біреуі түсіріледі: klas, hol, profesor, gramatıka, kardıogram; metalýrgıa, sılabýs. Бұл қазіргі емлемізде бар тәжірибенің жалғасы ғана (класы, кластың).
Ю, я, щ әріптері бар кию, күю, сия, ащы сөздері kıý, kúıý, sıa, ashshy түрінде жазылады. Сөз соңы мен ортасында и әрпінен кейін тұрған ю әрпі у әрпіне ауысады. Себебі екі и (ı) қатар келетіндіктен, біреуі түсіріледі. Мысалы, кию - kıý, қию - qıý, ию-ıý. Ал дауыстыдан кейін немесе бірбуынды сөздерде ю әрпі и мен у әрпінің тіркесін таңбалағандықтан, әрине, ıý жазылады. Мысалы, ою - оıý, аю - аıý. Ю әрпінің 3 түрлі таңбалануын бағдарланбаған автоматты техника ғана бір таңбамен, мысалы, не ү, не иу, не у түрінде таңбалауы мүмкін. Ал тіл, жазу адам санасы арқылы ғана жүзеге асатындықтан қарапайым тілдік білім, тілдік сана, интуиция болса жеткілікті. Бұл орфограммаларды түсіндіру қазіргі кирилл жазуымен дағдыланып қалған буын үшін ғана уақытша қиындық болуы мүмкін. Мысалы, үш позицияда кездесетін ою, қию, абсолют сөздерін таңбалағанда біріншісін ойу деп жазылуға тиіс екенін кирилдағдымен де жүріп білесіз. Ал қию сөзін жазғанда тілдік, фонетикалық сауаты орта не төмен жазармандар ю әрпінің орнына иу жазып, и әрпін және жазып қояды (қииу). Бұл шындығында қазіргі кирил-қазақ емлесін жасарда кеткен қателік еді: қыйыу деп айтылатын сөздің түбірі [қый], қи-ға тұйық етістік жұрнағы жалғанда қиу болады, бірақ иу орнына ю жазылса, қю тұрпаты шығады, сондықтан екі әріпті и арқылы байланыстырған. Сол себепті екі и әрпін жазуға болмайтынын білетін тілдік білім болуы керек. Ал абсолют сияқты көптеген шеттілдік термин сөздер ú әрпімен таңбаланады: parashút, absolút. Оның себебін ашсақ: 1) ú таңбасы ағылшын әліпбиіндегі u таңбасынан шығарылғандықтан ағылшын түпнұсқасына сай келеді; бұл parashýt, absolýt деген тұрпаттан әлдеқайда ұсынақты; 2) қосымшаны парашуттың, парашутқа, абсолуттың, абсолутқа деп жуан түрде емес, parashútке, absolútter түрінде, соңғы буынның әуеніне қарай, жіңішке тембрмен қосымша жалғай аласыз; 3) бұл әзербайжан, түрік емлесіне де сәйкес келеді.
Ю әрпін ү әрпімен таңбалауға әзербайжан емлесі 2004 жылдан бері 2 рет реформалап барып, әрең қол жеткізсе, біз бұл дұрыс емлені бірден қалыптандыра аламыз. Ал ономастикалық атаулар өзге әлем тілдері сияқты транслитерацияланып жазылады. Бұл – әліпбидегі әріптер шегінде түпнұсқадан айнытпай таңбалау дегенді білдіреді, сондықтан мысалы, Федор, Петр, Юра, Юрмала деген сөздер әліпби шегінде былай жазылады: Fiodr, Piotr, Iyrmala, Iyra, Iypiter. Ономастикалық атаулардың емлесі 2019 жылы жеке ереже түрінде жарық көреді.
Я әрпі төл, кірме сөздерде (Ясауи, япыр-ау, яғни, ядро, яһуди т.б. сөздерде) ıа – әріп тіркесінің таңбасы екені белгілі. Тағы да көзі қарақты, санасы сауатты тіл тұтынушы жаңа әліпбимен ıа түрінде таңбалауы тиіс. Бірақ зияткер, қиямет, алдияр тәрізді сөздерді жазғанда тілдік, фонетикалық сауаты орта не төмен жазармандар я әрпінің орнына иа жазып, и әрпін және жазып қояды (зииаткер). Шындығында, бұл орфограмма да, жоғарыдағыдай, кирилл емлесін қабылдағанда болған нормадан ауытқу еді. Сондықтан жаңа емледе бір ı (и) түсіріліп жазылады. Мысалы, zıatker, qıamet, aldıar, mıa, avtonomıa, химия - hımıa, Ásıa (Әсиа).
Кирилл әліпбиі орыс тілі үшін, оның дыбыстық құрылымына, грамматикалық ерекшеліктеріне адекватты ең озық фонологиялық әліпби болды. Алайда қазақ-кирилл әліпбиіндегі өлі әріптердің (ь,ъ), екі-үш дыбысқа ортақ теліме әріптердің (ю, я) және ц, щ, ё, э-лардың ұлттық тіліміз үшін графемалық жүктемесі болған жоқ. Бұлар орыс тілінен енген сөздерді орыс тілінің орфографиясы бойынша жазу үшін қолданылды. Сөйтіп, кирилше қазақ әліпбиі гетерогенді сипаттағы қосамжар орфографияны жасады. Тіліміздегі терминдердің барлығы орыс тілі емлесімен бірдей болды.
Осы орайда айта кететін өзге түркі тілдеріндегі кірме әріптер жайлы қосымша бір ақпарат бар: кирилл-әзербайжан әліпбиінен 1947 жылы Цц әрпі алынып тасталған. 1958 жылы Ээ, Юю, Яя әріптері ығыстырылып, Йй әрпі Јј-мен ауыстырылады. Яғни әзербайжан әліпбиінде қазақ әліпбиі сияқты 42 әріп емес, 32 әріп болған. Бұл әліпби ресми түрде 90-жылдардың аяғына дейін қолданыста болды. Қазір Ресей аумағындағы әзербайжан жазуында да қолданылады. Яғни әзербайжан жазуында 50-жылдардың аяғынан бері ю орнына ү әрпі таңбаланып келген. Алайда латын әліпбиіне көшерде ю әрпін у әрпімен жазып, ү графемасын таңбалауға енді ғана көшіп отыр. Сондықтан жоғарыда айтқандай, ю әрпін ү әрпімен таңбалауға әзербайжан емлесі 2004 жылдан бері 2 рет реформалап барып, әрең қол жеткізсе, біз бұл дұрыс емлені бірден қалыптандыра аламыз деп ойлаймыз.
Ереже жалпы қазақ мәтінінің (төл сөздердің де, термин сөздердің де) емлесін қамтиды. Сөздердің жаңа әліпби негізіндегі тұрпаты алғашында мүлде бөтен, оғаш болып көрінгенмен, көре-көре көзге жатталады, қолға үйренеді, сөйтіп санада орнығады, жазу мен оқу автоматтанады. Емле ережелерінің негізінде орфографиялық сөздік және анықтағыштар құрастырылады. Сөйтіп, жазуға ықшам, оқуға оңтайлы ұлттық жазудың негізі қаланады.
Құралай КҮДЕРИНОВА,
филология ғылымдарының докторы, профессор