Мұратхан Орынтайұлы: «Жүрек неге бейуақ күбірлейді»

ӘДЕБИЕТ
5085
Жылымық

Бір мейірім төгіледі мезгілден,
Бозаң-бозаң нұр себеді кеңістік.
Ептеп-ептеп қашып шығып езгіден,
Ыстық-ыстық ерін тиіп өбістік.

Қуанышқа аздап-аздап жетелеп,
Тамырымда қан тасытты бір алау.
Бауырына еніп барам еркелеп,
Ери аққан қардан сәл-сәл жылылау.

Майда-майда леп сүйеді бетімді,
Салқын-салқын самал тарап шашымды.
Бәсеңдетіп іштегі өрт дертімді,
Жылы ауаға сүйей берем басымды.

Құшырлана желде шауып төс кере,
Ырғып жатыр, ырғып жатыр құлшынып.
Кеш пе, таң ба, күн бе, түн бе, түсте ме,
Сезінесің, сезінесің бұл шындық.

Ерте көктем

Таңсәрі ме бозғылтым, бөлме іші бұлыңғыр,
Сырығып түсіп уыстан құм шағылдай күнім бір.
Жатыр едім дел-сал боп, дертімді алып мысқалдап,
Жыл құстары кеудеме, бір шығып бір кіріп жүр.

Көгілдір нұр аймалап, көсіп беріп жұпарын,
Жұпар ауа даланы жалап-жалап жылытады.
Алма ағаштың көзінің құштарлығы жыр ұштап,
Бір бұрқ етсе қойнауы, гүл шашардай уыстап.

Тау сапырып қоңыр жел, тұла-бойын таранып,
Қозғап қалса тұлғасын қар сау етіп ағады.
Мұз моншақты үзіп ап, ылдименен зуылдап,
Ылай тасқын қар-қызын алып қашып барады.

Маңыраған қозы-лақ, мекіренген қой-ешкі,
Ой, қасқалар шуылдап, кеңесті-ай бір кеңесті.
Абыр-сабыр тіршілік, тіршілікке құлшынып,
Қыбыр-қыбыр етеді, қырқа-қырқа дөң үсті.

Қыз сағымға арбалып, бозаң-бозаң боз қайғым,
Шер көңілдің еменін сілкп-сілкп қозғаймын.
Қанатымды сабалап, жан-жағымды қармалап,
Адамдығымды ұмытып, ұшып кете жаздаймын.

Қоғам

От оранған қызыл сөз жалаң-жалаң етегі,
Сөз күйсеген көксоққан ербең-ербең етеді.
Тарихтан-тарихқа көшіп ұлы, қан кешіп,
Жеткен ел ек бұрыннан, маңдай соры бес елі.

Алдадым деп ойлаған, арбадым деп талайды,
Күннің өзі сол маңға күңірене қарайды.
Байтақ далам еңіреп, өксиді кеп түн жастап,
Ұлы жердің ұрпағы ұлы болса бір мақсат.

Езулерден дыбстар оңды-солды шашырап,
Шашыраңқы бастарды иықтарға артып ап.
Орақ орып барады қызыл қырман-қызыл тіл,
Қауызындай бидайдың үшкіл сөздер жүзіп жүр.

Аңқиады ағаштар, таулар солай үп-үнсіз,
Өмір сүре береді сенсіз, менсіз, бұл күнсіз.
Асқақтығы таулардың, ойлылығы орманның,
Аласаға қамсауы, аң мен құсқа қорғаны.

Сезінуге шеберміз, шындық сөзге сараңбыз,
Шыңырауда шыңғырған шындықтарға алаңбыз.
Желп-желп етіп жел есіп, жел мен етек тең есіп,
Ыққа қарай жығылып, желмен қалқып барамыз.

 Ақ Жайық

Айналайын, Ақ Жайық, Атырауым,
Жанымның жайып үнсіз жапырағын.
Жүзіңнен сүйсемдағы сүйкімді әлем,
Қайтейін, сағынышым басылмады.

Толқыныңды төгілтіп бұрымыңдай,
Сыр бүгіп сылқым-Жайық тынуыңды-ай.
Мың сағыныш балталап жүрегімді,
Жел кеулеген көңілдің ұлуын-ай.
Құт дарыған қазақы қалам менің,
Қымыз құйған қызыңның қылығын-ай.

Тұнығыңды ылайлап салып мұңға,
Даңғаза дәуірден бұл жалықтың ба?!
Байлығыңды сапырып басы айналған,
Жатбауырлар жаныңды ауыртты ма?!

Жүзіңдегі кірбеңді жасыра алмай,
Іштегі мұң-құсадан атылардай.
Сәл ашумен жағаны толқытасың,
Толқынасың зарығың басылардай.
Батқан күнге жүз беріп жүдеп тұрдым,
Жыр оқуға жігерім батына алмай.

Жүзімде ойнап солбір сәт мұң кескіні,
Құлай ағып жанымның жыр көшкіні.
Жүрегімді құшақтап тұрдым жылап,
Тағдыр бізді үп-үнсіз тылдестірді.

Дүбірге толмады ма құла дүзің,
Шаюға батпадың ба күнә жүзін.
Исатайдың қазасы қансыратып,
Кеткен бе, неге Жайық, құлазыдың?!
Махамбеттің өлімі жерденде ауыр,
Сөгілткен қабырғаны мына біздің.

...күнбатысым көміліп жалқын нұрға,
Арнамнан Аралдайын сарқылдым да.
Қара түнге жұтылып кете бардым,
Жағаңа жарты жанды қалдырдым да.

   23.11.2017ж. Атырау

 Оралхан

Оу, ұлы жазушы жырлап өткен,
Сағыныш бар кеудені тырнап-өпкен.
Бұқтырма өзен булығып жатыр ағып,
Өр Алай ұлын іздеп мұңға бөккен.
 Автор


Одырайған оқыс мінезі,
Қарына Мұзтау оранған.
Тәкаппарлығынан тау үріккен,
Аспандай биік жаралған.
Келісті келген келбеті,
Алтайдай алып Анадан.
Суықтау сыртқы тұрпаты,
Алты ай қысқы бораннан.
Қиялының шексіз нүктесі,
Ғарыштан әрі жол алған.
Сүлейдің сұлу кестесі,
Шыңғыстайынан таралған.
Сөзінің тентек тіркесі,
Бұқтырмадан нәр алған.
Жібек сезімнің көрпесі,
Ұзақ тауындағы самалдан.
Ойының қалың өлкесі,
Катондағы жыныс орманнан.
Көңілінің тұнық айдыны,
Марқакөл деген қайнардан.
Мақамның тәтті әуені,
Кербұғы салған сайраудан.
Жанының көркем байлығы,
Шабанбайдағы жайлаудан.
Шашының толқын бұйрасы,
Бұйрат қырлар мен сайлардан.
Серінің жұмбақ қоймасы,
Бозталдай жұмақ қойнаудан,
Күркіремедегі сайлаудан.
Жүректің оқыс тоқтауы,
Ертелеу кеткен Айманнан.
Арманның іште кетпеуі,
Айхан менен Айжаннан.
Алтайдай ұлы Оралхан,
Алтайына айналған.

Күз

Күз келсе ойға батыратыны несі екен,
Сары уайымға жанды шақыратыны несі екен?!
Сабағында қалтырап-тоңып жапырақ,
Өлім биіне бас ұратыны несі екен?!

Бір қимас жанды сағындыратыны несі екен,
Үнсіздікке оңай бағындыратыны несі екен?!
Алыс бір жаққа күні ертең ертіп кетердей,
Сағымға көзді талдыратыны несі екен?!

Күз келсе адам қиял құратыны несі екен,
Сұлулар мұңмен жиі ауыратыны несі екен?!
Барқыт тау жақта бата алмай тұрған күн көзі,
Бақиды еске тіры алдыратыны несі екен?!

 *****

Жүрек неге бейуақ күбірлейді,
Көңіл нені құлазып сағынады.
Асыл аға, армандай інілерді,
Ойлай ма құрбы жанды.

Ағам кеште жол шекті, бара алмадым,
Қарашаның кешкендей боран-қарын.
Жіпсіз байлау құтымды қашырғандай,
Тарығып, жанға тағат таба алмадым.

Інім жүр, теңіз жақта тебіреніп,
Үзік-үзік сыр айтып, еміреніп.
Дауыл болып теңізді сапырғандай,
Ғашықтардың хаты боп оқылғандай.

Не ойлайды, құрбыжан, білмейді ішім,
Білдіреді белгісіз бір кейісін.
Үнсіздікке жұтылды, тынды бәрі,
Тартылмай шылым шоғы мыжғыланды.

Жүрек неге бейуақ күбірлейді,
Көңіл нені құлазып сағынады.
Асыл аға, армандай інілерді,
Ойлай ма құрбы жанды.

*****

Тұйықталғыш боп алды көңіл неге,
Ауырғыштау боп алды жүрек неден?!
Баяғыдай қар жауады…
Тебіреніп,
еміреніп кетпейді, еміреніп.

Қара көздің қиылып қарауын-ай,
Мергеннің көздеп тартар садағындай.
Жараланғыш көңілдің жадауын-ай.
Қарашаның түсіңкі қабағын-ай.

Сарқып ішер ашыған қымызға ұқсап,
Құрбыжанның жүрген-ай, сызылып қап.
Бұл кеуденің түйнеуі қояр ма екен,
Қарашаның қанайын мұңын ұрттап.

Ауырғыштау боп алды жүрек неге,
Тұйықталғыш боп алды көңіл неден.
Ойым ұйықтап қараңғы түнектерде,
Ішімде қилы-қилы сөзім өлген.

*****

Жанарың түпсіз тұңғиық па еді,
Күлімдеп ішті жылатар.
Жүзіңе нұрлы күн ұйыппа еді,
Гүл құйып жанға құмартар.

Секемшіл дала елігі ме едің,
Елітіп алып, қас керер.
Қылығыңа үнсіз көміліп едім,
Өрімдеп көзге жас келер.

Деміңнің жұпар шарабы шалқып,
Мастанып көңіл құлайды.
Қолаң шашыңнан қалампыр аңқып,
Аңсарын жанның улайды.

"Айдай бір бір бейнең басылған көзге"
Қанатын қаздай жайған ақ.
Құмарым-лағыл шашылған жерге,
Құлын мүшеңнен тайғанап.

Қаршығадай бір қайырыламын,
Алыстап барып, кете алмай,
Төзімнен-тағат айырыламын,
Жақындап тұрып, жете алмай.

*****

Көктеменің алғашқы жаңбырындай,
Жұпар шашқан жауһазын, жарығым-ай.
Ақ жүзіңнен лып еткен ерке толқын,
Еркелеп кеп, кеудені қаруын-ай.


Көктеменің үлпілдек самалындай,
Жанға жайлы, жайдары қабағыңды-ай.
Жүрек-патша қамалған сарайымның,
Бұзып-жарып кіресің қамалын-ай.


Көктемеде бүр жарған жауһазындай,
Жауһазынға ауады аңсар ұдай.
Балбұл жайнап жүргенің балқытады,
Он сегізде оянған бал шағымдай.


Ерте оралған көктемгі жыл құсындай,
Сыңғыр-сыңғыр дауысың, сырлы-сырнай.
Теңеу таппай тентіреп кетер ме екем?!
Хор қызының жердегі құрбысынай.

Жаратылыс

Теңіз тынып жатады,
Тереңдігін тыныс қып.
Толқынын тулап атады,
Шамырқанса қылыш қып.

Таулар маңғаз маңқиған,
Ауырлығы болғасын.
Тағдыры-өр тартылған,
Жүз ғасырға тозбасы.

Керім дала керілген,
Кеңдігі оның боз сағым.
Орманы-бұрым өрілген,
Бұлақтар-сыңғыр моншағы.

Күннің ыстық алауы,
Жалпылыққа сияды.
Мейірге толы жанарын,
Кірпігін қақпай қияды.

Ай-ақ маңдай бір сұлу,
Бір де барда, бір де жоқ.
Қылығынан қымсынып,
Қиылады түнде кеп.

Жұлдыздың жымың жанары,
Қарасаң басың айналар.
жаныңды шырпып алауы,
Жарқ етіп ағып жоғалар.

*****

Іңір сәті, елбең-елбең қар жауған, 
Қармен бірге мұң жауып тұр жалғаннан. 
Қарды кешіп, қара кеште қалбаңдап, 
Біреу іздеп келетіндей...
 алданғам. 

Қар жауып тұр-ақ көбелек, ақшамда, 
Қамықтырды, қанатымен қаққанда. 
Абыржулы, әрі-сәрі күй кештім, 
Түйірдей дерт түйнеп келіп батқанда. 

Қар жауып тұр, бозаңданып кешқұрым, 
Тозаңданып кетті жаным, ескірдім. 
Өрмекшінің торындағы шыбындай, 
Сағынышқа матарыңды кеш білдім. 

Қорғасындай ауыр оймен құрсаулап, 
Қара кеште қар жауып тұр мың саулап, 
Мынау аппақ дүниені-қор сынып, 
Албастыдай түн келеді, тұмшалап. 

Жаңалықтар

2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша елорда аумағында 4100-ден астам интернет-алаяқтық дерегі т...

Спорт

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының экс-ойыншысы Ұлан Қонысбаев Euro-football.ru сайтына берген с...