Сен сұлудың» сыры Бұдан жиырма бес жыл бұрын, бірде бөлмедегі радиодан беріліп жатқан әнг...
Julio Cortazar. Continuidad de los parques
Ол романды бірнеше күн бұрын оқи бастаған болатын. Алайда осы кітаптың әріптерін сөзге, сөздерін мағынаға айналған күннен бері барлығы қарбаласып кетті. Жұмыс... жұмыс... жұмыс... Әйтеуір күнұзақ қу тіршіліктен соң пойызбен үйге қайтып бара жатып, кітаптың мұқабасын қайта ашты. Бейне бір қазына аңсаған қарақшыдай оқиғалардың өрімі, кейіпкерлердің ерекшелігі оны біртіндеп қызықтыра бастады. Осылайша кітаптан бас алмай үйге жетті. Келесі күні түстен кейін өзінің өкіліне хат жазып, үй қызметшісімен серіктестік туралы келісімді талқылағаннан кейін, терезесі емен ағаштарына қараған жұмыс бөлмесінде кітапқа қайта оралды. Кез-келген адамға бөлменің құшағын жайып тұрған есікке арқасын беріп, жасыл орындығын сол қолымен сипалап отырған күні романның соңғы бөлімдерін оқи бастады. Қанша мәрте үзіп-үзіп, араға уақыт салып оқығанымен кейіпкерлердің есімдері және олардың ерекшеліктерін жадында сақталып қалған екен, көп ұзамай өзі де сол романның ортасына түсті де кетті. Қол ұстасқан әріптермен үлкен бір әскерге айналған сөздердің соңынан ерген сайын өзінен-өзі ұзап бара жатқанын сезді. Бірақ жасыл барқыт орындықта басының жайлы тұрғанын, шылымының шырыны әлі тілінің ұшында екенін, терезесінің арғы жағында күннің өзі емен ағаштарының астында би билеп бара жатқанын анық біліп тұр. Сөздердің салып берген жолымен жүріп келе жатып, таудағы лашықта болған соңғы кездесудің куәсі болды. Уәде етілген мекенге алғаш жүрегін қолына ұстап әйел келді. Әнеу бір жерден жас шыбыққа бетін тілгізіп ғашық жігіт келе жатыр. Бетінен аққан қанды әйел сүйіп тоқтатқандай болды. Бірақ жігіттің дәл қазір әйелді құшу емес. Бейне бір жас шыбықтардың жапырақтары мен сол мекенге алып келген аяқ іздерімен қоршалған әлемге құмарлық үшін келмеген адамдай. Қолындағы қанжары мен кеудесіндегі шарасыздығы оның тұлай бойын тұншықтырып барады. Әр парақты аударған сайын жылан секілді олардың сөздері де қолды-аяққа тұрмай зымырайды-ай келіп. Барлығы кездеспей тұрып шешіліп қойған секілді-ау шамасы. Сүйіктісін райынан қайтару үшін жасаған әйелдің құшағы, сүйісі, әрбір әрекеті жігіттің жолында тұрған басқа бір адамға тиесілі болатын. Оны жолымнан тайдырмасам жігіт атым құрсын деген секілді қанжарды мыжып жіберердей ұстап тұр. Әрине, ештеңе ешқашан ұмытылмайды. Жігіт үшін де, әйел үшін де... Тек ең өкініштісі, дәл қазір әр сәттің арқасына өздерінен де үлкен жүк артып қойғандарында еді. Ал олардың белі сынып кетеді-ау ойлап жатқан ешкім жоқ. Қанжарын қолына қысып ұстаған жігіт жоспарын соңғы бір пысықтап алды да, әйелдің иегінен сипады. Осылайша шарасыз һәм көңілсіз кездесудің дәргейінде күн қарая бастады.
Енді олар өздеріне жүктелген міндетті орындаулары үшін бір-біріне қарамай лашықтан шығуға бекінді. Әйел солтүстікке қарай бет алған іздердің артынан жүруі керек. Жігіт қарама-қарсы бағытқа бет түзіп бара жатып, шашы толқынданып жүгірген әйелге соңғы рет қарау үшін артына бұрылды. Сосын ымырттың қойнына сіңген ағаштардан, қоршаулардан аулақ, үйге қарай жүгіре жөнелді. Жасырын келген бұл жолдың бойында иттер үрмеуі керек болатын, үрмеді. Үй қызметшісі де ол уақытта үйде болмауы керек еді, болмады. Демі деміне жетпей, аптыққан күйі баспалдықтың үш сатысын басып үнсіз ғана ішке кірді. Қанша қатты жүгіріп келсе де әйелдің айтқан сөздері бейгеге шапқан жылқыдай артынан бір елі қалмапты, әлі жаңғырып тұр: әуелі көк зал, сосын кең дәліз, кілеммен жабылған баспалдақтар. Жігіт көтеріліп келеді. Жоғары қабатта екі есік. Бірінші бөлмеде ешкім жоқ. Екіншісінде де ешкім жоқ. Жұмыс бөлмесіне жігіттен бұрын жылт-жылт қанжар кірді. Қанжар секілді емес терезеден бөлмеге имене кірген күннің сәулесі жігітке алақ-жұлақ қарайды. Жігіттің алдында арқасы биік жасыл орындық, содан соң орындықтан басы ғана шығып тұрған адамның кәлласы...
Аударған: Жомарт Жылкелдіұлы