Сейсмологтар 28 ақпан күні сағат 07.17-де магнитудасы 4,4 болатын тағы бір жер сілкінісін тіркеді, д...
Неге мемлекеттік баспасөз баяндары бірінші орыс тілінде жазылуы керек?
Қазақша кім ойланады?
Тіл мәселесі 27 жыл ішінде әлі шешімін таба алмай келе жатқан, дау мен дауласуға апаратын қоғамдық үлкен мәселеге айналды. Мемлекеттік тіл ретінде өзіндік мәртебесі бар қазақ тілін тұрмыстық тілге теліп, үлкен отырыс пен басқосуларда алдыға орыс тілін шығарып та жүрміз.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін халықтың ғана көтеріп, билік өкілдерінің жауапсыздық танытуы қалай?
Қазір еліміздегі БАҚ өкілдерінің мемлекеттік орындардан баспасөз баянын алу кезінде қиналатыны бар. Себебі, баспасөз баяны алдымен орыс тілінде түсінікті және анық жетеді. Яғни, баспасөз баянын дайындаған адам (хатшы) орыс тілінде ойланып, орыс тілінде жазуға үйренген. Кейін дәл осы құжаттың қазақ тіліндегі нұсқасын алуға мәжбүр боламыз. Құжат екі жағдайда келеді:
Егер, орыс тілінде келген баспасөз баяны тез жетсе, бәрбір журналистке жұмыс табылады. Қазақ тілінде келген ақпаратты оқып отырып, екі сөздің басын бір-біріне қоса алмай, мағынасы түгілі «қазақ тілінде осындай сөз бар ма еді?» деп ойланасың. Ал кешігіп келсе, орыс тілінде жіберілген құжатты арнайы аудартып жасағанын байқауға да болады.
Келіп түсетін орыс тіліндегі құжаттар кейде қазақ тілінде қатар келеді. Қазақ тілінде жазылған баспасөз баяны аударылып келгенін бірден аңғаруға болады. Кейде тіпті Google аудармаға салып қалсаңыз, дәл сол мәтінді көріп жатасыз. Қазақша ойлана алмайтын адамдардың қазақ еліндегі мәселелерді шешуге араласып отырғаны қалай?
Соңғы кездері қазақ тілі дамып келеді, уақыт көшімен бәрін де жасаймыз деп жар салып келеміз. Алайда, бір нәрсені ұмыт қалдырдық. Ғылым мен техника тілін меңгеру мен ұлт ретінде қалыптасып, тәуелсіз ел болып отырған мемлекеттің бір құндылығын кейінге шегеру және оған көңіл толарлықтай әрекет жасамау – қылмыс. Қылмыс деуге толық себеп бар. Атаң заңның «Қазақстан Республикасының тіл туралы» бөлімінің, І тарау 4-бабында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп анық көрсетіліп жазылған. Одан кейін «Мемлекеттiк тiл - мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi» деп тағы көрсетілген.
Олқылық тек бұл ғана емес, балабақшадан бастап мектеп, білім беру орындарында да басшылық баяндамасын және баспасөз баянының үлгісін орыс тілінде дайындатып, оны қызметкерлердің біріне аудартады. Қарап отырсаңыз, басшы мен қызметкер де қазақ. Тек ойлау құндылықтары мен түсініктері екі әлем.
Қазақ тілінің мәртебесін көтеру дегеннің өзі мемлекет үшін қып-қызыл шығынға ұласты. Жыл сайын тілдің дамуы үшін бюджеттен ақша бөлінеді. Тек бұл емес, тіл мәселесін сылтау қылып, арнайы аударма жасату үшін де ақша сұрайтын басшылық бар. Бұл о бастағы қателік. Неге басшылық жұмысқа екі тілде еркін меңгерген азаматты жұмысқа алмайды?
Қазір жұмыс берушілер үшін вакансия жариялаған кезде: «қазақ-орыс тілінде жетік сөйлей алатын» деп ұсыныс жасалады. Алайда, жұмысқа орналасқан кезде оның қазақ тілін жетік меңгергені ескерусіз қалады. Бұл дегеніміз, бастысы жұмысқа кіретін адам орыс тілін жетік меңгерсе болды. Қазақ тілін көрсетіп қою қарапайым ғана әдістің бір түрі.
БАҚ өкілі ретінде баспасөз баянын алған тараптан мемлекеттік тілдегі нұсқасын талап етсеңіз (өтінбейсіз) заңды бес саусағындай білетін адам секілді «Тіл туралы» заңның І тарау, 5-бабындағы «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» дегенді алға тартады.
Айналып келген кезде Ата заң халықтың және сол халықты жасап отырған ұлттың мүддесіне жұмыс жасауы керек. Бейбітшілік пен достық қарым-қатынасты қазақ ұлтына заңмен түсіндірудің қажеті жоқ. Бабасынан қонақжай елдің генінде жауына да жүрегі жібіп тұратыны бар.
Арысын алмайық көрші Қырғыз елі конституциядағы орыс тілінің мәртебесін алып тастау туралы референдум өткізуді ұсынды. Қоғамдық құрылтай өкілі Әзімбек Бекназаров, орыс тілінің керек екенін, бірақ оның тек халықаралық тіл ретіндегі үлгісін қалдыруды айтып, барлық құжат тек қырғыз тілінде жүргізілуі керектігін ұсынды.
Марғұлан Ақан