Манарбек Қыдырбайұлы – МХР-дың Баян-Өлгеий аймағына қарасты Көксерке тауының бөктерінде...
Ұларбек ДӘЛЕЙҰЛЫ: «ПОЭЗИЯ МЕН ӨЛЕҢ ЖАН МЕН ТӘН СИЯҚТЫ»
АҚЫН ӨЛТІРУ» ОЙЫНЫ ЖОҚ
– «Ақын өлтіру» ойыны жүріп жатыр ма? Жүріп жатса, қалай және қандай жолмен? Әңгімеміздің әлқиссасын осыдан бастасақ…
– Менің ойымша, «Ақын өлтіру» ойыны дегеніңіз – белгілі бір идеологиялық топтың, яғни мемлекеттің сәтті қолданатын қаруы. Ол – әрине, сол топтың жүзеге асыруды мақсат еткен ісіне зиялылар кедергі жасап, жолын кескен кезде жасайтын тәсілі. Ежелден бері ақындар қауымының рөлі билік үшін қауіпті һәм пайдалы болып келді. Ал қазір ше? Мүлде басқаша. Ғаламдық масштабты кішірейтіп, өз еліміздегі бүгінгі жағдаймен қарайтын болсақ, бізде қазір ондай ойын ойналып жатқан жоқ деуге негіз бар. Бізде «Ақындарды тұншықтыру» ойыны теңдессіз шеберлікпен ойналады. Рухы кеміп, жігері жасып, беті қайтып, күйгелек күйге түскен жүз ақыннан ашық ойын майданында өліп кеткен бір ақынның даңқы мен тағдыры өзгені көбірек ойландыра алар еді…
ОДА ЖЫРЫН ЖАЗДЫРАДЫ
– «Ақын тұншықтыру» ойыны? Ол қалай?
– Түсіне білген адамға бұл өзі – бір қызық ойын. Ақынды өлтірмейді, тірі қояды. Бірақ аямай тұншықтырады. Оның екі жолы қарастырылған. Біріншісі сол жүйенің кереғар ұстанымдары мен екіжүзді сатқындығына қорықпай ашық қарсы келгендерді біртіндеп қоғамнан тысқары қалдырып, шеттетуге күш салады. Мемлекеттік қызмет атаулының барлық есігі жабылады. Ел көлемінде өтіп жатқан түрлі мәдени шара мен мерекелерде мүлде ескерусіз қалдырады. Жұрт қатарлы министрлік қаржысына шығуы тиіс кітаптары тұсауланып, қолжазба күйінде ұзақ жатады. Біртіндеп жұрт көзінен тасада қалған шерлі ақынды құсалық басады. Жігері құм болып, жасиды. Ал екінші түрі тіпті сорақы. Ел аузына аты ілінген мықты ақындарды сол билік жүйесі ептеп қолға түсіреді. Тақта ұзақ отырып алжи бастаған үлкенінен кішісіне дейін мақтау, мадақтау жырын жаздырады. Сұлу сөзді сапырып, Ай мен Күнге, аң мен құсқа теңеп дастандар, кітаптар жазады да, оған соны жазған байғұстың өзі де сеніп қалады. Ақыры қожасы кигізген арзанқол зерлі шапан мен көлемі жүз теңгелік темір ақшадай медальға алданып, екінші қайтіп ауыз ашпастай үні өшеді. Бұлардың соңғысы – ең қорқыныштысы!
АЗАМАТТЫҒЫ ЖОҚТАН АҚЫН ШЫҚПАЙДЫ
– Мұның бәрін өзіңіз көргеннен кейін айтып отырсыз ба? Осының барлығы басыңыздан өтті ме?
– Шет-жағасын көзімізбен көрдік. Біразы басымыздан өтті…
– Ал ақынның азаматтығы дегенді қалай түсінесіз? Елімізде орын алып жатқан жағдайға ақын өз үнін қосу керек пе, әлде?..
– Ежелден келе жатқан бір ғана ақиқат бар. Ол – кез келген ақынның қауымы мен туған Отанының көз ілмес қарауылшысы болуы. Азаматтығы жоқ жаннан ақын шығады дегенге өз басым сенген емеспін. Кешегі жырауларды қараңыз. Шетінен – ақын, шетінен – батыр. Бір ғана мысал: 29 жасында Азаулы шаһарының (қазіргі Азов қаласы) түбінде шайқаста шаһид кешкен ер Доспамбеттің ақындығы мен азаматтығы өз дәуірінің ең биігі еді. Қазіргі ақындардың сол бабадан жаны артық па? «Жер жекеге сатылады, шетелдіктерге жалға беріледі» деген хабар тарағалы, қалың қазақ алаң көңіл күй кешуде. Жердің жат қолына өтуі қазақ үшін өліммен бірдей. Мұндай сын сағатта үн қоспай, азаматтық ұстанымын білдірмей үнсіз қалған ақындарды қалың елі қалай сыйламақ? Ұлт, жер, ұрпақ тағдыры талқыға түсіп жатқанда, қызықтап қарап қана отыру екіжүзді бейшаралықтың ғана белгісі болмақ!
МЫСЫР – ҰЛЫ МӘДЕНИЕТТІҢ ЖИЫНТЫҒЫ
– Өлеңдеріңізден мысырлық нышандар байқалады. Неге Мысыр?
– Мысыр елі – ежелгі шығыстың, олар жасаған ұлы мәдениеттің жиынтық образы. Қазіргі Еуропа көне түркілердің, сосын байырғы шығыстың ғажап мәдениеті мен ерлігінің көшірмесін қайталап, соларға еліктеу арқылы ғана ел болды. Сонымен қоса бала күнімнен Нұрмұхан Жантөрин сомдаған «Сұлтан Бейбарыс» киносын көріп өстім. Қазір де жылына екі рет қайталап көріп тұрмасам, бірдеңем кем соққандай болады да тұрады.
БАСТЫ ЖҰМБАҚ – ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ЕРТЕҢГІ ТАҒДЫРЫ
– Пирамиданың жұмбағы жөнінде ізденіп көрдіңіз бе?
– Ондай сырлы ғажайыптар – Жаратушы тарапынан болатын сыртқы құбылыстар. Деңгейіміз жеткенше ғана пайымдай аламыз һәм біз үшін келіп-кетері де шамалы. Мен үшін жатсам-тұрсам басым қататын басты жұмбақ – Қазақ елінің ертеңгі тағдыры. Қауқылдаған бейқам қазақтардың ертең қалай ел болары. Өзімнің және әрбір шаңырақта өсіп келе жатқан миллиондаған сәбиіміздің алдағы ғұмыры.
У ҮСТІНЕ ТҰЗ СЕБЕМІН
– Осы жұмбағыңызды өлеңге төгесіз бе? Жаныңыздың жарасын поэзиядан іздейсіз бе?
– Әрине, жанымның жарасын киелі өлеңнің жұпар лебімен емдеймін. Емдеймін деймін-ау, у үстіне тұз себемін. Қанды жарамды тырнаймын. Сол арқылы ұйқы баса бастаған жігерімді қайта жанып, бір сілкініп аламын.
– Сонда сіз үшін поэзия деген не, өлең ше? Әлде екеуі бір дүние ме?
– Мен үшін поэзия дегеніміз – жаныңның ішкі толқыны, буырқанысы және сырлы даусы. Ал өлең – сол дауыстың өмірге, шексіздікке ұмтылуы.
– Айырмасы бар ғой сонда?
– Бар. Жан мен тән сияқты.
ҚҰР ТАЛАНТ – ЖЕЛКЕНСІЗ КЕМЕ
– Кімдерді оқып жүрсіз? Кімді оқу керек? Әлде ақынға талант болса болды ма?
– Кез келген шығармашылық адамы міндетті түрде үздіксіз оқып отыруы қажет-ақ. Құр талант желкенсіз кеме сияқты, айдалаға лағып кетуі мүмкін. Өз басым тарихи кітаптарды, көк түріктер дәуірін, әсіресе Мағауинды көп оқимын. Ол кісінің «Қазақ тарихының әліппесі» деген кітабы – менің жанымнан тастамайтын оқулығым. Ал өлеңде Жұмекен мен Нұрлан Мәукенұлына қайта-қайта оралып тұрамын. Жалпы, оқитын кітаптарымның қоры мықты сұрыпталған.
СЫН МӘДЕНИЕТІ ҚАЛЫПТАСҚАН ЖОҚ
– Ал сынға деген көзқарасаңыз қандай? Сын жазылмайды дейміз, жазыла қалса, бәріміз оны табалаймыз. Бұл қалай?
– Бізде сын мәдениеті әлі қалыптасқан жоқ. Таза шығармашылық зердемен жазылған адал сынды қазақы көңілмен қабылдау үстемірек. Кемшілігін айтса, бірден жауласып шыға келеді. Артығымен мақтаса, өз бауырына тартып, «бір мафияға» айналып шыға келеді. Күлесің де қоясың. Ол үшін бізге әлі біраз уақыт керек екенін түсінесің.
– Сын мәдениетінің қалыптаспауы неден?
– Сын мәдениетінің қалыптасуы үшін, алдымен, сыншылар ішкі мәдениеті мен білімін тереңдетіп алуы керек. «Тура биде туған жоқ» деген аталық ұстанымда берік тұрып, қара қылды қақ жарар әділ сын жаза алса, әрине, қазақ әдебиетінің қабырғасы беки түсері хақ.
– Сізге айтылған сындарға қалай қарадыңыз? Әлде сізге сын айтылмай ма?
– Менің шығармаларым жайлы бірнеше сын жазылды. Оларды тура, дұрыс қабылдадым. Өлеңдерімдегі өзім байқамаған кемшіліктердің төбесінен түскені үшін авторларға алғысымды айтып, рахмет жаудырдым. Ал жеке мүдделік немесе басқа жағдайларға байланысты айтылған сынды да әуелі қабылдап, сосын саралаймын. Керегін аламын, керексізін сол сәтте ұмытамын.
ӘНДЕРІМ – АЛТАЙДА ХИТ
– Әнге өлең жазып көрдіңіз бе?
– Ертеректе жазған әнге жазылған бірнеше өлеңім Алтай жақта хит болған еді. Осы кездері ән тексін жазуға өтініштер келеді. Бірақ әуендері тым жеңіл, өзге саздармен ұқсастықтары кездесетіндіктен, бас тартамын. Жаным қаламаған дүниеге ежелден құштарлығым болған емес.
– Шығармашылық кеш өткізуге жоқсыз-ау деймін. Әлде дайын емессіз бе?
– Шығармашылық кеш дегенді өз басым тым биік деңгейде ойлаймын. Ұлттың бір қажетіне жарайтын, елдің есінде шынайы қалатын дүниелер жасап, кәдімгі тұлға ретінде қалыптасқан адам «міне, мен осындай еңбек жасадым» деп айта алатындай дәрежеге келгенде барып ұялмайтындай кеш өткізуге болады. Біздікі не? Бар жазғаным – жұп-жұқа екі-ақ кітап өлең, 5-6 әңгіме. Әдебиет әлеміне қызығатын аздаған адамдар болмаса, мені кім таниды дейсіз? Енді осы кейпіммен кеудемді соғып «кеш өткіземін, қарық қыламын» деп айқайлап жүрсем, жұрттан ұят емес пе? Сондықтан кеш өткізу жайын ойлап көрмеппін.
МЕН МОЙЫНДАҒАН АҚЫНДАР…
– Замандастарыңыздан кімнің шығармашылығын жоғары қоясыз?
– Бұл сұраққа жауап беру әлі ерте сияқты. Өйткені менің көзі тірі замандастарым әлі де өз миссиясын толық орындап, шығармашылық қуатын бүтіндей сарқып болған жоқ. Бірі қырыққа дейін, енді біреулері қырықтан кейін жазып бітірер. Уақыт өте келе мен мойындаған ақындар түкке тұрғысыз болып ұмытылып, мүлде елеусіз қалдырған адамдар ертең өз биігінде тұруы мүмкін. Сондықтан бұл сұраққа жауап беру қиынға түседі.
– Ал өзіңізді ше? Сізде күмән мен күдік басым ба, әлде сенім бе?
– Өзімді тарихтың сұрапыл сынынан аман өтіп, болашаққа шалдықпай жетер ардагерлер қатарына жатқыза алмаймын. Қанымда, жанымда не бар, соны жырға айналдырып беремін. Ал талант-дарыным кем түсіп жатса, «сүйреп қосқан тазы қасқыр алмас» дегендей, оған менің амалым нешік?
– «Бес-алты әңгімем бар» деп қалдыңыз… Прозаның салмағы қандай?
– Алғашында проза жаза қояйын деген ойым болған жоқ. Балалық, жастық шағымдағы естен кетпес кешірмелерім ойымнан бір сәт кетпей қойды. Сосын тұман басқан қараша айының бір кешінде аса тебіреністі көңіл-күймен бірінші естелігімді жазуды бастадым. Сөйтсем, ол естелік емес, әңгіме болып шықты. Содан іркес-тіркес бірнеше шығарма жаздым. Оқыған жұрт ұнатып, әр түрлі пікір білідірді. Енді, Алла сәтін салса, өз өмірімді өзек ете отырып, көлемді шығармалар жазуға іштей дайындалып жүрмін. Менің балалық шағым күрделі кезеңде өтті. Алтайдағы көшпенді қазақтардың біртіндеп отырықтаса бастаған тұсына тура келді. Асқар таулардағы дырдуы көп көшпенді өмірді ұмыта алмай, төрт қабырғаға қамалған егіншілік тіршілікке үйрене алмай екіұдай күй кешкен ата-әжелеріміздің самарқау көңіл-күйі маған да әсер етті. Шалғайдағы аз ғана қыстақ тұрғындарының қым-қиғаш өмірі бізді ерте есейткендей болды. Жиырма жастан аса бергенде өзімнің туып-өскен даламды қиып, Қазақ еліне келдім. Бұл жақта – мүлде басқаша мәдениет. Оны бірден қабылдай алмасам да, ақырындап үйрендім. Қысқасы, тұтас ғұмырым әр түрлі өмір мен салт-санаға бейімделумен өтті. Бұл – әрине, шығармашылық адамы үшін бай кешірме ғой.
– Бір өлең оқып берсеңіз…
– ДАЛА
Жорықтар тұтқыны шулаған,
Сары дала төсінде жөңкиді Күн-ғалам.
Секундтар сыртылы ғасырларды ұрлаған,
Алдаспан жүзінен ақиқат іздеген,
Көшпенді сардары қол бастап мыңдаған.
Бейуаққа үрейді жамылып,
Тапжылмай түнеріп қарайды шоқылар,
Періште тілімен дұғалар оқылар.
Ежелгі шығыстық шайырлар
Бандура сазына елітіп,
Кешкі бақ сәулесін жамылып отырар.
Ғашықтық хаттары…
Үздіге сағыну,
Семсерге серт байлап, есінен жаңылу.
Жас сұлу көне бір ғашықтар жырымен,
Майдандағы арысын аңсайды түнімен.
Ырысы арнадан төгілген,
Қоян жон алаптар аңыздар тіліндей,
Бүгінді сезбейсің кешеге үңілмей.
Белестер…
Елестер кешегі
Бүгіннен ертеңге аңыз боп көшеді.
Ежелгі қас сақтың қаһарман сарбазы
Қанжардан қанданған сауытын шешеді.
Көшпенді сардары!
О, менің үлгі алар ұраным,
Бұл дала – мәңгілік тұрағым.
Бір сүйем жер үшін у жұтқан
Рух жырыңмен
Ұлымның бесігін аластап тұрамын.
О, менің қасиеттім, пырағым!
Ертектер ғасыры,
Мен одан кеш қалып,
Қиуасыз жерлерден қиуалы дос тауып.
Күп-күрең кеш қанын сіміріп отырам,
Аңыздағы әлдекімді еске алып…
– Риясыз әңгімеңіз бен жырыңызға рахмет!
Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ,
Аймақтық «Арқа ақшамы» қоғамдық-саяси газеті (№16(150) 28 сәуір 2016 жыл)