(Жазушы-драматург Жолтай Әлмашұлының әңгімелері хақында) Кез келген елдің болмысын, дүниетанымы...
ИВАН БУНИН. ЗАЯ КЕТКЕН ҒҰМЫР
(әңгіме)
I
Осыдан отыз жыл бұрын, Стрелец қалашығының тынысы кең де қарапайым кезінде каникулға келген семинарист, псаломщиктің ұлы Кир Иорданский қызметтен тыс священниктің қызы Саня Диеспероваға ғашық болып қалған еді, қыздың соңынан ермегі таусылған шіркеу әкімшілігінің қызметкері Селихов та жүгіріп жүр екен, ол да демалыс күндерін пайдаланыпты. Уайым-қайғысыз ерке қыз бүкіл жазды қағанаты қарқ, сағанағы сарқ өткізіп, күнде кешке қала бағына, болмаса зират тоғайына барып серуендеп жүрді де, Мордваның алабажақ ұлттық костюмін киіп алып, тоқпақтай шашын қызыл жібек лентамен түйіп тастап, менен өткен сұлу жоқ дегендей жігіттердің ортасында он салып шалқақтаумен болды. Жалпақтаған жігіттердің ішінде ең жақсы көретіні Иорданский еді. Бірақ одан қорқатын. Оның үн-түнсіз ынтықтығынан, отты қара көзі мен көгілдір шашынан үріккен, көзбе көз кездесе қалса екі беті ду етіп жанып, сонда да оны байқамаған болып кербездік танытып жүрді. Селихов губерниялық сылқым сібер еді, басқалардан көрі елпек, құрбыларын күлдіріп, тапқырлығымен қыздардың тілін тауып кететін де бойы шарғы болғанмен таяқшасын ойнатып жүріп Иорданскийге кекесін көзбен қарайтын. Сорайған кедей семинарист Иорданскийдің қасында ол священникке де жүзі жылы іскер жігіт сияқты болып көрінген. Бірде, шілденің кеші еді, күн көше тұйығында батып бара жатқан, табын тұяғынан көтерілген қызыл шаңда қыдырған халықта қисап жоқ, Саня Селиховпен қол ұстасып зират тоғайына беттеген, соңдарында Саняның құрбылары мен түксиген Иорданский мен семинарист, гүжілдек алып Горизонтов еріп келе жатқан. Селихов иығынан оларға немкетті қарады да Саняның бетіне еңкейіп, қолын жайлап қана қысып:
- Александра Васильевна, осы қолды ғұмыр бойы ұстап қалсам арманым болмас еді, - деп сыбырлады.
II
Отыз жыл бойы кездесуден қашып, бір-бірін мүлдем көрмесе де Иорданский мен Селихов бір-бірін ұмытқан жоқ. Екеуі де бар күшін салып, ататын шығаруға тырысып, байлық пен құрметке жету үшін бәсекеге түсті. Екеуі де баяғыдан бері Стрелецкіде тұрады, бәсекенің нәтижесінде едәуір табысқа ие болды. Иорданский протоиерейдің дәрежесіне жетіп, бүкіл уезді ақылымен, қатаңдығымен де, ғалымдығымен де таңғалдырды. Селихов байыды, аяусыз өсімқорлығымен атағы шықты. Иорданский Песчаная көшесінен үй сатып алды. Селихов та одан қалысқан жоқ, қасақана соның қасынан, одан екі есе үлкен үйге ие болды. Кездесе қалса бір-біріне бас имей, құдды бір-бірін баяғыда ұмытып кеткендей сыңай танытса да бір-бірін күндіз-түні ойлап, өшпенділікпен күн кешті. Қатындарын да елеспей, ит етінен жек көрумен болды. Иорданский он жыл бойы отасып, сиықсыз зайыбынан қиналмай-ақ құтылды. Селихов Александра Васильевнамен тіпті сөйлескенді де қойды. Той өтісімен-ақ бір күні оның жылап отырғанын көрді: үстінде мордваның ұлттық костюмі, шашын қыз кезіндегідей бұрым қылып түйіп тастаған, түнемел бөлмедегі комодтың алдында, фотосурет салған неке қобдишасын ашып қойып түр екен, екеуінің ортасында Иорданскийдің суреті, домбығып кеткен бетіне опа жағып жатты, ернін жымқыра тістеп алған, көзінде жас. Иорданскийдің буған түк қатысы жоқ, бүл көз жасы -қыз шіркіннің тұмырында бір-ақ рет кешетін қызықты күндердің, жастық шақтың сағынышы екенін Селихов жақсы түсінді. Бірақ сол көз жасын кешірмей-ақ қойды. Қортиған тыраш неме өмір бойы оны Кирден қызғанумен болды. Ал Кир Александраға деген сезімнен жұрдай болып суынып, отан деген өшпенділігін ұмытса қане.
Күн соңынан күн өтті, жыл соңынан жыл өтті, Александра Васильеваның ойында жалғыз-ақ арман қалды - ол үй.
III
Одан бері шама кетті, оның үстіне толысты, көзі жасты, көңілде мұң. Селихов та қартайды. Бірақ өзінің өлер алдындағы аманаты туралы ләм-мим деп ауыз ашқан жоқ. Қашанда тап-тұйнақтай, сабырлы, бір жапырақ еті жоқ, иттің тұмсығыңдай қатып қалған суық қолын модадан шытып қалған панталонның қалтасына тығып алады да жабулы жиһаздың арасында, әлдебір жасырын оймен күлімсіреп йен бөлмесінде бүкірейіп жүреді де қояды. Өмір өтті, ақымақ жұртқа деген ашу да өшті, бойда тек жексұрындық қана қалды. Күн өткен сайын қурап, шөгіп барады, көзіндегі алтын пенснені құлықсыз шешіп, жұрттың кепілдікке әкелген заттарын көру үшін тана танауының ұшына ерттей салатын, бүл да анда-санда: ор нәрсенің құнын ол қазір жатқа біледі. Ағаш колонналы ескі үйді іргесіндегі бағымен бір помещиктен сатып алған. Үй керемет рақат болды. Сақырлаған аязды құлақты күнде - жып- жылы. Аулада күн шыжып тұрса - сап-салқын, нафталиннің дым тартқан иісі тынысқа рақат. Жазда сағат оннан үшке дейін үйдің күнгей жағы қайнап тұрады, бірақ қапырықтан сақтайтын қысқы терезе, оны ешқашан ашқан емес. Арбакештер вокзалдан вокзалға дүркіретіп шапқан кезде үй селкілдеп, люстралар сылдырап жөнеледі. Көшеден көтерілген қою шаң үйлердің шатыры мен қабырғасын тұтып қалады. Бірақ Селихов тысқа ешқашан шыққан емес. Бөлмелерді аралап, артында қалар мұрасын ойластырып, өсиетін сан рет өзгертумен әлек. Александра Васильевна аула жақтағы түнемелінде отырып шұлық тоқиды. Ойында өткен күндер, болашақтың үміті, кейде ісін үзбей жылап та алады. Сағаттың бірқалыпты тықылдаған тілімен жарыса күйеуі бөлмеден бөлмені жайымен шарлап, бірі жылаңқы, бірі ырбаң кепілдікке ақша іздеген тілемсектерді құлықсыз күтіп, кабинетке кіреді де әлденеден жұмбақ жымиып темір шкаптың тоқпақтай бүршігінің көздей ұясына қарайды. Кейде аяқ астынан тым-тырыс бола қалады: ол сағаттарды тоқтатып, абажадай жалпақ көне үстелге келіп отырады -бұдан соң бүл үйден тек қауырсынның бірқалыпты сықыры ғана естіледі... Бірақ Селихов не жазды? Қартайған шағында әйеліне не әзірледі екен?
Әйелдің білетіні бір-ақ нәрсе - бүкіл қалаға масқара қылып мұны қайыршы етіп қаңғытып жіберуге әзір, ақша, дүние-мүлік былай тұрсын, мынау баспанадан да айырып, түнемел бұрышсыз қалдырмақ. Осы уақытқа дейін ол мұны байқамаған болып, көзіне де ілген жоқ қой. Әуелі "сен" деп айтпа деп, ақыры ауыз аштырмай қойған жоқ па. Қонақ келе қалса ол мүлдем басқа адам, бәрімен сыпайы, әзілқой, сөзге тапқыр, сабырлы, тіпті карта дауында да өзін-өзі ұстай біледі. Бірақ қонақ дегенің де екі-үш-ақ адам, және баяғы сол адамдар -уезд полициясы бастығының көмекшісі, инспектор және нотариус - бұлар да жылына екі-үш-ақ рет келеді.
IV
Кир атай ішіп кетті. Аузы құрғамайтын әдетін жұрттан артық ақылдымын деп, соған қарамастан астық саудагерлерінің тас үйлері қоршаған сиықсыз соборы мен базар алаңынан басқа дымы жоқ, іргесін иен дала мен қайыршылық басқан адыра қалған Стрелецкіде тұрып жатырмын деп ақталды.
Ұзын бойлы, сымбатты, байбатшаға ұқсайтын; коп уақытқа дейін ажары мен қажыр-қайратынан айырылған жоқ. Бүл сабақ беретін әйелдер гимназиясында өңі түзу қыздардан бұған ғашық болмағаны жоқ, ішінде жасына жетіп толықсыған, күлгін түсті бұла шаш, үлбіреген жұмсақ жүзді, бетіне қаны тепкен ұяң бикештер де болды. Олар да мұның қарақат көз қырғи жанарына мөлиіп кеп қарайтын, қайызғағы аралас, иығында шашылып жататын көкшіл бұйра шашы, балауыз шырақ пен темекінің түтіні сіңген шекпені де оларға керемет эсер ететін. Тек бет әлпетін сол бұзатын - шылымды коп шеккеннен пайда болған мұрны мен ерніндегі болар-болмас ісік.
Қашанда кез келгенді бір-бірінен алаламай "сен" деп сөйлесетін: кезінде ақсүйектер мен князьдерге де, тіпті патшаның өзіне де "сен" деп сөйлесіп, оларға ақыл айтып, қатал сөгіп, тәубесіне келтірген пастырьлер де болды ғой.
- Ей, қойшы, маған батаңды бер, - депті бір байбатша сондай пастырьдің біріне.
- Бабамыз бен ұрпағымыздың, әулие-әнбиелеріміздің рухының құзырымен отарымдағы ең ақымақ қошқарға бердім батамды! - деп жауап қатыпты пастырь.
Кир атай көпестерді қатты шенеп, бастықтармен тез тіл табысатын да бейпілдердің аузын аштырмайтын. Стрелецте көркемді ашық хат иесін таба бермейтін. Ал Кир атай губернаторда қызмет істейтін жиені, белгілі шенеуніктен Кавказ бен Қырымның көріністері салынған әдемі хаттарды үзбей алып тұратын: осыдан бір хатым жоғалса, орныңнан айырыласың деп почтмейстерді қорқытып қойған. Бүкіл қала мұны мақтаныш қылып жұртқа жайған. Бүкіл қала Кир атайды мақтаныш тұтып, оның ғалымдығы мен білімпаздығын аспанға көтерді. Оны қонаққа шақырып, кұрметтеп сыйлау кімге де болса үлкен абырой еді. Бірақ Кир атай кез келгенге талғамай бара бермейтін де өз үйіне ешкімді шақырмайтын.
Үйі аса биік болмағанмен ұзын, әр кірпішіне дейін әктелген, күншілікте жарқырап тұратын. Мещандардың қутақыр алаңындағы қиқы-жиқы алманың кәрі ағаштары болмаса қалада торғай қонар бұта жоқ. Ал протоиерейдің темір шатырлы үйінің айналасы шаң басқан көкжасыл жас теректер. Ішке кірер калиткада есеп жоқ. Оның қорғанында жан ашпайтын жалғыз ғана қақпа бар, маңдайшасына мыспен "Кир Иорданский" деп жазып қойған. Қызыл көйлекті су тасушы шал келгенде болмаса, бүл да ешқашан ашылмайды. Кир атайдың отбасындағы тіршілігін осы шалдан басқа бір жан білмейді, онда да аяғынан етігі түспейтін ас пісіруші төртпақ қатынның ошағына борсылдатып су кұйып жатқан кезде сұрап алады. Кир атай асы су тасушыға ғана ыңғай білдіріп, қалжыңдасып қалатын, шал да оған қалжыңмен жауап қатып жатады. Бүл бір ғажап адам еді - ешкімнен қорықпайтын, ешнәрсеге ренжімей барға қанағат деп жүре беретін жан.
- Желудь! - деп айқай салатын Кир атай баспалдаққа шығысымен.
- Ay! - деп жауап қатады шал тыртыңдап қақпаны зорға ашып жатып.
- Тағы да толтырмай алып келдің бе?
- Дөп солай.
- Байқа, бір күні таяқ жейсің!
- Оған да шүкір! Ақымақты алтарьда да ұрады!
Бірақ бір күні шалдың Селиховқа да бір бөшке су әкеліп бергенін біліп қалған Кир атай оны қайтып жоламайтындай етіп қуып тастаған.
V
Қыста Песчаная көшесін қар басып қалады да жым-жырт қаңырап жатады, көктем келе протеирейдің шаңқандай ақ үйі жарқырап шыта келеді, тап-таза терезелері мен көк аспанға шаншылған зәулім теректері ғажап-ақ. Жаз айында өте ыстық. Бұрқыраған шаңнан аспан да шымылдықтанып қалады. Талма түсте қала шетіне, қыр астындағы вокзалға асыққан арбакештер құйындатып өтеді. Енді бір сағаттан соң баяу созылып кері қайтады, тасығандары жолаушы, көбіне саквояж дейтұғын кілем қоржынды өңгерген көпестер, болмаса граммофон саудалайтын қырма сақал жас еврейлер, бастарында ағылшын картузы, езулерінде ағылшын трубкасы. Кир атаймен кездескенде жасқанбайтын тек осы еврейлер, бірақ бұларды ол ит етінен жек көретін, әсіресе тілін: бірде вокзал басын¬да еврейлерге:
- Бүл жер сендерге синагога емес! - деп ана тілінде сөйлетпей зекіп тастаған.
Сымбатты, әрі сырдаң, үстінде қоңыр желбегей шапан, басында шетен қалпақ, саусағындағы кресті сонмен сипап қойып көшеде кердең басып келе жатқанда одан жұрттың бәрі қорқатын. Бір кезде етікші шарбағының іргесінде мещан балалары ақсүйек ойнаушы еді, қорғасынмен қорғанды тарсылдатып: "Плоца! Жог! Ника!" деп айқайлап кеп жататын. Бұдан басқа ермегі жоқ, шетінен тентек жүгірмектер. Бірақ протоерейден аулақтап, вокзалға жақын лашықтардың маңына тайып тұрысты. Балалар топ-топ болып жүгірісіп, аспанға батпарақ ұшыратын, олары ылғида телеграф сымдарына ілініп қалып, құйрығы жоғарыда желбіреп кеп тұрғаны. Балалар Кир атайды көре салып бет-бетімен тырағайлап қаша жөнеліседі. Белі аспанда, танауымен жер тірегендей бүкшеңдеп әлдебір ғаріп кемпір көлеңкені сағалап терезелері гүлге толған үйлердің ығымен келе жатады, сондағы бар мақсаты үйлердің салқын далдасы емес, қайткенде протоиерейдің көзіне түспеу: Кир атай кемпірлерді шіркей тоғайында ескі лашықта тұратын бүкір Яшаға қамқор болғандары үшін жек көретін, себебі ол табиғатынан кемтар көрсе жаны түршігетін. Екі қолы артында, басында жылы картуз, үстінде сырмалы қалың шапан, күнқақты мещан көшенің қақ ортасымен талтаңдап вокзал жақтан келе жатқан, емін-еркін жүрісіне қарағанда шамасы бейтаныс жолаушы болса керек. Кенет Кир атайды көре салып бас киімін шешті де тұра ұмтылды. Протоерейдің сол қолында басына күміс құйып тастаған ұзын таяқ бар еді. Оң қолымен мещанға оң сапар тіледі де өңмеңдеп іздеп жүрген ерніне саусағын тоса қойды.
- Қайдан келесің? - деп сұрады.
- Липецкіден, - деп мыңқ етті мещан.
- Картузыңды ки. Биылғы бау-бақшаларың қалай?
- Жақсы гүлдеп еді. Бірақ желі бар болғыр енді байланып келе жатқан бүршікті түгел қағып кеткені.
- Сендерді де бағбан дейді-ау, өңшең миғүла! Шаруаның шырқын білмейсіңдер. Жә, бар, жаратқан жар болсын...
Кир атай қаңғыбастарды, паспортсыз келімсектерді де жек көретін. Песчаная көшесі даңғаза ойын-сауықтан қашанда аулақ. Бір күні осы көшеге қоңырауын сылдырлатып маймыл ерткен серб келе қалған, қақпа сыртына жиналған халықта қисап жоқ. Секпіл бет сұрқай өңді сербтің құлағында тебіңгідей сырға, ырғайдай мойнына шұбар-ала шыт байлаған, үстінде әлдекімнің иығынан түскен жыртық пальто, аяғындағы бошпағы Стрелецтің күресінінде жатқан қасаң қайыстан да жаман. Қоңырауын қағып қойып әлдебір әнді мұңдана созады, онысы жұрттың ежелден бері естіп келе жатқан отан туралы зары. Алыста, ащы күннің астында шағыл тасты сұр таулар бар деп көпшілікке түсіндірген болады: Көгілдір теңіз, ақ шағала пароход...
Қасына ерткен маймылы ересен үлкен, әрі қорқынышты: бір қарасаң шал, бір қарасаң сәби, дөң маңдай, түлеген сабалақ кірпіктің астында адамның жанары секілді мөлдіреген мұңды көз. Жанат ішікке ұқсаған кеудесінде ғана қалың жүн бар, бөксе жағы жалаңаш болғандықтан қызыл жолақты шыт дамбал кигізіп қойыпты, оның астынан тылтиған аяқ пен қурап қалған оқтаудай тықыр құйрық ербейеді. Бүл да Стрелец жұртына түсініксіз бір нәрсені ымдаған болып, секіріп, бөксесін бұлтыңдатып әннің ырғағы мен қоңыраудың сылдырына ереді де сол сәтте тротуардан ұсақ тастарды теріп алып тесіліп қарайды, иіскеп, одан соң жақтырмаған кейіппен танауын тыржитып лақтырып жібереді.
Жұрттың соңынан келген дударбас етікші айқайлап, маймылды да, сербті де ұрыңдар, бұлар баукеспе ұрылар деп байбалам салды. Соның сөзіне ерген тобыр шуласып, өрекпи бастаған. Сол кезде сонадайдан Кир атай көрінді де көше құлаққа ұрғандай тым-тырыс бола қалды - бәрі де сымп беріп аула-аулаға сіңіп кеткен. Кир атай сербтің қасына келіп, енді қайтып бүл көшені қиып өтуші болма, қаладан табан астында тайып түр да еліңе жетіп адал еңбекпен айналыс деп бұйырды.
VI
Александра Васильевна сағынышты мол махаббат менің басымнан да өткен шығар, тек мен соны жүрегімде ғана сақтап келе жатырмын деп ойлайтын, тағдырдың тәлкегінен сүйгеніме жете алмай сүйкімсізбен бас қостым да жазмышқа бас ұрып, көмпістікпен күн кешуге мәжбүр болдым дейтұғын. Мүмкін ол Кир атайға ғашық та болмаған шығар, оның сағынышы қыз кезіндегі бұрымы, мордовалық костюмі, сонау алыста қалған жаз, уайым-қайғысыз салт күндері емес пе екен? Кир атай соборда қызмет етті, бірақ бүл оған бас сұққан емес, Никольск шіркеуіне барып жүрді, себебі Селихов соборға жолатпай қойған. Егер Кир атай священник болмағанда Александра Васильевна онымен құпия ашыналықты да аңсаған; тек қорыққаны - адамның дүниеге келгенін, некесін, дүниеден өткенін құдайдың құлағына жеткізетін де сол. Бір күні Александра Васильевна құлаққа жат бір жаман соз естіді: Кир атай сырқат екен, түсі суық, оның үстіне ішіп алған масаң, үйдің қасында Селиховпен кездесіп тұрып көзге шұқығандай таяғын сілтеп:
- Селихов! - деп айқай салды. - Селихов, естимісің, бүл менмін! Ақырғы деміңнің таусылар сәтін ұмытпа, одан әлі ешкім қашып құтылмаған! Мына мен, қаралы шапан киіп тұрып сенің басыңа шырақ қоятын да мен боламын, жарық дүниедегі соңғы рәсімді жасап, бетіңе көр топырағын шашамын.
- Оны кім біліпті, Кир атай, - деп Селихов кекесін жымиды. - Кім біледі, сенің басыңда мүмкін мен тұрармын. Маскүнем екеніңізді ұмытпа.
Екеуінің ең бірінші, ең ақырғы егестері осымен бітті. Өмір бойы бірінің пысын бірі басамын деп таласпен ғұмыр кешкен екеуінің арасында азап шеккен Александра Васильевнаның да күні күн емес еді, екі қырсық енді бір-біріне тек көрге барар жолдың кезегін ғана қиып түр, ал Александра Васильевнаның ендігі бар қалған арманы - үй.
Стрелецкідегі кез келген шенеунік, кез келген мещан, кез келген етікші де мейлі слободкада, қала шетіндегі қу тақырда ма, әйтеуір баспанам болса деп аңсайтын. Үйі барлардың бәрі де қара ормандарын әйелдерінің атына аударып тастаған, бүгінде бүкіл Стрелецтің қожасы әйелдер еді. Солардың ішінде тек Александра Васильевнаның көз жасы ғана босқа кетті.
Көрші қатындардың бәрі де: "менің үйім", "менің үйімде" деп сөйлейтін. Ал Александра Васильевна? Толысып кеткен денесін зорға сүйретіп, арсы-күрсі алқынып, алқымынан акқан терді сүрте алмай қолшатырымен еденді тоқпақтап тұрып шіркеуден кайтқан сайын ең болмаса төркінімнен келген жасауымды бөліп бер деп еңірейтін. Сен өлген күні туысқандарың мені бүл үйден қуып шығады деп сан дүркін жалбарынып та, жыртылып та айтып көрді.
- Оған бола уайым жеме, - деп жауап беретін Селихов. - Сен менен бұрын өлесің. Демікпе дертіңнің бар екенін ұмыттың ба?
Селихов күн өткен сайын кісі танымайтындай өзгерді. Кейде сағат бойы бет-аузын қисаңдатып айна алдында тұрып алады; кейде екі тәулік не түсте, не кеште тер мүңкиді деп тамақтан нор татпай қоюға бар. Граммофон сатып алып, оны да сөйлеткен жоқ. Бірде шамасы кеткен Александра Васильевна ертеңгілік мінәжаттың аяғына дейін шыдай алмай шіркеуден ертерек қайтқан, үйге артқы есіктен кіре беріп даңғаза би музыкасын құлағы шалды. Залға келгенде өз көзіне өзі сенбеді: граммофон: "Ай, ай, қарауыл, тонап жатыр, жүгіріңдер ағайын!" деп дарылдап түр да, — қураған кәрі Селихов күңгірт йен үйде трубаның алдында жалғыз өзі тыртыңдап билеп жүр.
Бақ ішіндегі күрке қасында жалғыз түп алма ағашы бар, Александра Васильевнаның өшіп бара жатқан кәртеміш жанарынан қаншама жас төгілгенін тек сол ғана біледі, жылай-жылай қалшылдаған басқа, лықылдаған самайға қаншама сулы орамалдың басылғанына да сол куәгер. Ал Селихов үйінің қақпа маңдайындағы жазу өзгермей қала берді: "Бүл үй Петр Семеновичтің меншігі. Бөтен жұртты қабылдамайды".
VII
Бір кезде Александра Васильевнаға өлердей ғашық болып соның соңынан қала бағына жүгіргеннің бірі Горизонтов еді. Губерниялық қалада отыз жыл өмірін өткізіп, зейнетке шыққан соң Стрелецкіге қайтып келді, келген бойда мұның да атағы Кир атай мен Селиховтан кем түскен жоқ.
Горизонтов семинарияны бітірді, академияны түгесті. Жас кезінде ол өте зерек, аса қабілетті әрі тәртіпті болды. Өзінің ең сүйікті әні: "Et tonat, et sonat, et pluvium coelum dat...''-ты айтқанда терезені жарып жібере жаздайтын. Ұзын бойлы, жауырыны жалпақ, оны көргенде көшедегі кездескен жұрт таңғалып тұрып қалатын. Оның болашағы зор еді. Бірақ ол қарапайым кәсіп - ұстаздықты таңдады. Соның жолын тауысқан соң туған қаласына қайтып келіп ертегіге айналды: өзінің түр-тұлғасымен, өзінің мешкейлігімен, өзінің өзгермейтін бірқалыпты мінезімен, өзінің қашанда былқ етпейтін сабырлылығымен, өзінің философиясымен.
Иығында желбегей сулық, басында жалпақ қалпақ, тұмсығы дорбиған былғары кебіс, бір қолында балдақ, бір қолында қашанда жалпақ қолшатыр. Қартая келе денесі бұрынғыдан да жалпайып, бұрынғыдан да биіктеп кетті де, еңкіш тартып, қорбаңдап жүретін болғандықтан бүкіл қалаға Мандрилла атанып кетті (ауыр мінезді адам). Ол алғаш рет шомылуға келгенде бүкіл жаға жағасын ұстады. Қолында шатыр, кебісін шешпестен бурыл қасын тыржитып суға бүгжиіп жайлап кірді, ерепейсіз зор денесі, еменнің кеуіп қалған жуан тамырындай бұжыр-бұжыр саусақтары қырық бұралғандай болды. Алдымен ол жағадағы жұртқа әдет бойынша бас шұлғып сәлем берген, сұсты, сабырлы қалпында асықпай шешінгенде оның алпамсадай алып денесін көргендер аузын ашып, көзін жұмды - жап-жалпақ күректей табаны, бір-біріне міңгескен иір-иір башпайлары, сорайған тырнақтары бұдан басқа адам баласына бітпеген. Ал ол жұртқа назар да салған жоқ, асықпай шешініп, асықпай он бес дүркін суға басын тықты... Содан бері ел оны жағадан күнде көретін болды. Күн сайын ол боқырауға дейін шомылып жүрді. Аспанды сүр бұлт басып, жағаны ұлыған күзгі жел жайлады, су беті суықтан қабыршақтана бастады, ал Горизонтов шомылуын қойған жоқ. Жағаны қырбық қар басты, сұрғылт аспанды сызғылап түстікке қаздар қайтты, собор қоңырау қаққан сағатта балдаққа сүйенген Горизонтов сүр желбегейін жамылып тағы да суатқа қиялап түсіп бара жатады.
Бір өзі он адамның тамағын жейді. Пәтер иесінің әйелі зар еңірейді. Бірақ ол алдын ала ескертіп қойған. Нақпа-нақ қадап тұрып айтқан:
- Сорпа, борщ, кеспені маған мескеймен беріңіз, тарелка дегенді мен місе тұтпаймын. Етті кесегімен турама, маған жұқ болмайды. Қуырдақ міндетті түрде картофельмен болсын. Қарақұмық, тары ботқасын шөгеңкесімен әкеліңіз...
- Мандрилла, мандрилла! - деп соңынан шұбырған балалар қала көшесін басына көтеретін. Бірақ ол мойын бұрып қараған да емес, міз бақпаған қалпы адымдай басып, күн сайын шулаған класқа кіреді де күндегі әдеті бойынша:
- Жә, алдымен өткенді пысықтайық, - деп бастайды. - Есімізге түсірелік, жау жағы қауіп төндіріп тұрғанын жансыздардан естігенде Цезарь қандай шара жасады...
Оның философиялық пәлсафасының мәні сол, әрбір адам өзінін бар күшін тек ұзақ өмір сүруі үшін жұмсауы тиіс, ол үшін керегі: әбігері шаш-етектен, қашанда қазымыр, зердесі төмен әйел дейтұғын тіршілік несімен жыныстық қатысқа біржола тыйым салуы керек, өмірдегі әр түрлі құбылысқа қылп етпейтін сабырлықпен қарау, өзің ойлап тапқан әдетіңді қалт жібермей ұстану және денеңді аса бір мұқиятпен күту - ең алдымен тамақтан тартынбау, сонан соң әрқашан суға шомылып жүру.
Бір күні ауырып, жүнжіп кеткен Кир атай онымен көшеде кездесе кетіп:
- Nullus enim locus sine gcnio est! - деп кекеткен болды. - Горизонтов, серілігің жайында баяғыдан естіп жүрмін. Шыныңды айтшы, сен осы құшнашпысың, әлде данамысың? Мынау жарық дүниеде хайуанаттар заманындағы алғашқы адамға ұқсаған ерсі қылығыңа жол болсын?
Горизонтов төбесінен қолшатырын түсірместен балдағына таянып, тұқырайып ұзақ тұрды да, бір кезде кірпінің қылшығындай едірейген боз кірпігін көтеріп:
- Кир атай, алдымен өзің айтшы, сен не үшін өмір сүріп жүрсің? - деді,
- Мен сенен өмірдің мақсатын сұрап тұрғаным жоқ, - деді Кир атай. - Қалай өмір сүргеніңді сұрап тұрмын.
- Қалай өмір сүргенің өмір сүрудің мақсатынан тумай ма.?
- Солай де. Мақсат! Жарайды. Сонда сенің мақсатың не?
- Ұзақ өмір сүріп, соның рахатын көру.
- Сен соның рахатын көріп жүрсің бе?
- ІІІамамның келгенінше және мүмкіндігінше. Ғұмырым зая кетпесін деп тіршіліктің қадірін қолыма мықтап ұстап жүрмін.
- Зая кетпесін деп? - Кир атай оның сөзін кілт үзіп қолымен ауаны осып-осып жіберді. - Осы да өмір ме? Мынау көшеде? Сенімен сөйлескім де келмейді! Әлгі мазақ атыңмен масқара болып жүре бер!
- Топыраққа түскен соң адамның сүйегін хайуанның қаңқасынан айыра алмайсың, - деп Горизонтов балдағына сүйеніп көшеге түсті де кете берді.
VIII
Ақыры Селихов үйінің йен бөлмелеріндегі аяқ тықыры тым-тырыс басылды. Александра Васильевнаның тұрмысқа шыққанына отыз бір жыл толғанда, ұлы оразаның кешінде қаптаған тобырды қақ жарып бордай аппақ шалды Никольск шіркеуінен алып шықты: тап-таза киіндірген, крахмалданған қайырма жағалы ақ көйлек, қымбат тон, қолында қымбат алтын сағат. Екі күннен соң жаназасын шығарып та үлгерген.
Жұма күні еді, базардың күні, көктем де келіп қалған, быршыған батпақ көшелердің ұңғыл-шұңғылын доңғалақпен жырту арбакештерге де азап болды, базардың божыған қиын толарсақтан кешу жүк арқалаған мұжықтарға да азап болды, соборға жеткенше табыт соңынан салақтау Александра Васильевнаға да азап болды: оны қолтығынан демеген Селиховтың алыс бір ағайыны еді - Николаев шинелін киген қасқабас, қырғи көз адам, лепіре соққан жел желкесінен қайырып маңдайының каскасын жасырған бір уыс тұлымын қайта-қайта шаша берді, қасында қаралы киімді зайыбы, ұзын бойлы, шаршауды білмейтін қайратты әйел. Ауа дымқыл, әрі өткір еді. Дымқыл ауа мен көз жасынан Александра Васильевна да мас болды. Табыттың паршамен қапталған ақ кресті сарғыш қақпағын есік көзіне қалдырып, мәйітті аласа келген бірнеше күмбезді жып-жылы дәлізге кіргізді... Өксігі аралас қуанышты хор сол сәтте-ақ күңіреніп қоя берді. Екі иығы талыстай семіз дьякон қолын көкке көтеріп марқұмның бақиға аттанып бара жатқанын жария қылды. Қайғылы хорға исінген қаралы жиын өлікті қоршап алып томсарған қалпы бас иіп түр да, салмағымен еденді сықырлатып, табыт пен шырақтарды шыр айналып бет-жүзі қабарып кеткен масаң Кир атай әу баста сәуегейлікпен берген уәдесін орындап жүр. Құдай-ау, соңғы жылдары бұған да не болған! Даусында зіл де жоқ, жүрісінен сұс қашқан, өмірдің баспалдағында тағдыр жолықтырған пендені жалған дүниеден аттандырып тұрып та қаралы салтанатқа лайық кейпін таныта алмады. Түрі де кісі шошырлық: шеменнен аяғы күмпиіп кеткен, шағанақтаған қарын шекпенді теуіп тұр, бет қабарған, көз шыныдай, қайызғақ сынысқан аппақ шаш, қолдары қалш-қалш етеді... Александра Васильевна оны байқамағандай, жанары жасаурап өліктен көз алған жоқ. Қайғысы, қасіреті, күрсінісі жоқ о дүние туралы қаралы он кенет күмбезді жаңғырықтырғанда жүрегі қысылған Александра Васильевна шыңғырып құлап түсті де, есінен танып қалды.
Оны зембілге салып таза ауаға шығарды. Шығар ауызда тұрған Горизонтов сыпайы ғана жол берген, сосын тағы да алты канатты серафимдердің суретін салған аласа күмбездерді көзімен адақтап тұрып гүжілдеп хорға қосылды.
IX
Үш баспалдақты, күнге күйіп қурап кеткен үш терезелі тозған сенкеге тартылған тот басқан сымтемір селкілдегенін қойды, қабырғадағы қиуы қашқан ескі қоңырау сыңқылдауын қойды. Енді Александра Васильевна жабулы кресло, комод, үстелдер иін тірескен жиһазды йен бөлмелерді еркін аралайтын болды. Енді осының бәрі өзінікі еді: бөлмелер де, жиһаз да, қызыл түсті темір сөрелер мен өрт алмайтын темір шкафтардағы қымбат заттар да, аула да, сарайдағы сиыр да, бақ та, бақтың қисайып қалған қорғаны да; ақыл-есі дұрыс кезінде жиырма бір рет қайта-кайта көшірілген аманаттың құзырымен Александра Васильевна осының бәріне қожайын болды, бұған өзі де таңғалып, не істерін білмей есеңгіреп қалды. Қала жұрты бүл қатын енді рахатта өмір сүретін болды деп гулесті. Бірақ Александра Васильевнаның шақшадай басы шыр айналып, бұған тіршіліктің дәмі кеткендей көрінді, шіркеуден қайтқан сайын шаршап отырып ішетін кермек шайдан бетер.
Әулие фомина күні ертеңнен қара кешке дейін қала қоңыраулары күңгірлеп тұрды да қойды - қоңырау бұның жаңа өмірінің, алғашқы бақытты көктемінің құрметіне бола қағылған сияқты еді. Бірақ өмірге деген құлшыныс жоғалған. Ол бөлмелерді аралап жүріп байлыққа аянышпен қарап ернін жымқыратын. Басы қалтылдап, қолы қалтырап, бүл бөлмелерді мен не істеймін деп қиналатын. Аспазшы келеді. Александра Васильевна оған мейірімді еді, бірақ түскі, кешкі асқа не дайындатуды білмейтін. Ол күн құрғатпай Никольск шіркеуіне барып әбден шаршап қайтады. Бойы аласа болғанмен өте толық, күлгін тартқан бозғылт шашы сирек, нұры қашқан көзінде тек мұң ғана қалған. Үйде ол кемпірдің қара көйлегін, кемпірдің кебісін киеді. Шіркеуге ұзақ жиналып, қолшатыр ұстап шығады, үстінде кең қолтықты пальто, төбесінде кішкентай ғана шошайған шляпа. Сол көзінен толассыз жас сорғалап тұратыны бар, салтанатты қақпаның маңдайындағы иконға қараймын деп бәтес орамалмен сүрте беретін. Аяғы сыздайды, шіркеу қайнап кетеді, адамның көптігінен әрі қапырық. Жалпылдаған шырақтың жалыны, оның үстіне күмбезден түскен күн қызуы апшыны қуырады. Дьякон қолын көкке жайып қасиетті үйдің, қасиетті синод құзырының мәңгілігін мадақтауға кіріседі. Бірақ синодта мұның шаруасы қанша! Тіпті шоқынып, жалбарынатын да жөні жоқ екенін өкінішпен есіне алады. О дүниенің рахаты үшін бе? Одан үміттенетін мұның не қақысы бар еді? Жарық дүниеде бұл не тындырыпты? Не қылығы үшін мұны мүсіркемек?
Сәуірдің бір күнінде зират тоғайына барды - жай серуендеп, көңіл көтеріп, өткен жастық шақты есіме алып қайтсам деп еді, ал аспазшыға күйеуімнің моласын көріп келемін дей салған. Күн жаймашуақ, таза ауа, көгілдір аспан, ақшағырмақ бұлттар, көктемгі кең дала -бәрі де көңілге қуаныш әкелгендей. Бірақ тоғайға жеткенше көк белдің дөңесінде ентігіп сан рет тоқтады, сол жерден қалаға көз тастап, шатырлар мен мұнараларға, сай-жыраларға, енді көктеп келе жатқан талдарға, жар жиегіндегі мещандардың лашығына қарап біраз тұрды. Шет-шетінің көктей бастағаны болмаса тоғай әлі жалаңаш еді, іші сыз, зиратқа апаратын соқпақ қоймалжың батпақ. Кәрі ағаштың басына қонақтаған ұзақтарда қисап жоқ, көктемнің қуанышына ма, жабыла шулағанда құлаққа түрпідей. Көпес Ершов сағанасының үстіндегі шағын шіркеудің қасынан өту керекті, бірақ онда қашанда Яша отыратын, терезеден басын шығарып әлдебір жұмбақ, немесе бәдік сөзді айтып салуы мүмкін... Етегін көтеріп алып, сүріне-қабына Александра Васильевна бүгжеңдеп жүгіре жөнелген, күйеуінің зиратының үстінен қалай шыққанын өзі де білмей қалды. Бұған келемін деген жоқ, ойында басқа еді, бірақ амал жоқ, үстінен тап түсті. Шаршаған бойда көрші бір зираттың тасына отыра кетті де әлі толық көтеріле қоймаған моланың нобайына ұзақ тесіліп қарады. Ой дейтін ой да жоқ, есте қалған да ештеңе жоқ. Тек әлдекімге деген көктемгі ащы сағыныштың сезімі ғана - кімді сағынып еді - өзінін жастық шағын ба, Кир атайды ма, әлде Селиховты ма... Иә, оны да!
Қайтар жолдағы бар есіл-дерті құдай оңдап тек арбакеш кездессе екен деп еді, ақыры Яша аңдып-ақ түр екен. Часовнядан қатындар, мещандар шұбырып шығып жатқан, кейбірі шоқынып, кейбірінің көзінде жас. Кенет баспалдаққа Яшаның өзі атып шыққаны. Орта бойлы, тыртиған арық, жасы сексеннен асып кеткен, ұзын шапанның белін жіппен байлаған, басында қисайтып киген қызыл барқыт телпек. Қырқып тастаған мұрты мен сақалының қылшықтары езу жиегінен едірейіп түр. Көзінде жылмыңдаған қулық. Александра Васнльевнаны көрген сәтте алақанымен күн салып қарады да тұра ұмтылды.
- Қуана бер, Афродита! - деп қартамыштың күркілдек дауысымен айқай салды.
Ентелеп келген бойда түкірініп, құдды бір ұрлап беріп жатқандай белінен көк шыбықпен байлаған төрт шырпыны қолына ұстата салды.
Александра Васильевна қорыққаннан ашуланып қалды да қолын итеріп тастап одан қаша жөнелген, былай шыға беріп: Афродитасы несі, мынау торт шырпысы немене деп ойланды. Мұны неге байлап қойған?
Сол бір сәуірдің күндерінде құдайдың бала бермегеніне де қатты қайғырып жүрді, егер ұлы болғанда атын кім деп қояр едім деп те ойға қалды: неке қобдишасын ашып сондағы портреттерге де сан дүркін қараған. Әлдебір шаруаның шарбағына сүйеніп, мордва костюмін киген сәби жүзді қылымсыған жас қыз көзіне оттай басылған, қасында мытым денелі иықты семинарист, торсық мандайын жапқан бұйра шаш, түксиген қабақ астында шақырайған өткір көз, атжақты шықшыты білеу-білеу, ал томпиған ерні сондай нәзік те тәтті секілді. Селиховтың да портреті бар еді. Әлдебір жас шенеуніктермен суретке түсіпті. Олар креслода қаперсіз жайғасып жатыр да бүл - сәнқой жас жігіт, солардың аяғын ала еденде отыр.
Бір рет қала багының маңынан Горизонтовты көріп ымдап шақырып еді. Ол сыпайы ғана бас иіп жауапсыз өте берді. Бүл жасқанып, әрі таңғалып соңынан ұзақ қараған.
X
Қырық күн өткенде Селиховқа ас берді. Бөлме біткенді қара майдың иісі алып кеткен соң басымды ауырта ма деген қауіппен Александра Васильевна самауырды бақ ішіндегі өзінің сүйікті алма ағашының көлеңкесіне алып шығындар деп бұйырған. Мамырдың мамыражай күні еді, жасыл бақ, жалтыратып ысқан самауыр бұрқылдап түр, аппақ асжаулық, жарқыраған ыдыс-аяқ, Никольскінің көңілді священнигі танауы шелектей болып тіршілік жайында әңгіме соғып отырған, жалпақ белдемшесін күміспен аптаған жалпақ белдікпен шырта буынып алыпты. Шай құйған Александра Васильевна оның сұрақтарына күле жауап беріп отырды. Ағаштың сұйық көлеңкесі жылжи-жылжи күннің ащы сәулесі Александра Васильевнаның қасқа маңдайынан ұрғанда көзінің алды қарауытып, аяқ-қолы икемге келмей қалды...Есік біткенді аңырайтып ашып тастап диванға әкеліп жатқызған, қайта-қайта сырғи берді де торсиған қолымен алтын шашақты көне жамылғыға жармасып, ыңырсып, қақалып-шашалып бірдеңе айтқысы келгендей болды.
Бірақ жағы түсіп, тілі күрмеліп, нұры қашқан мағынасыз көзінен мөлдір тамшы сорғалай берді.
Алайда таңдай қағып бекерге абыржысқан екен, жеңіл ғана күн өтсе керек. Горизонтовша айтқанда, оның су ішкілігінде бір ілкім болса да дәм қалған екен. Қартайған жүрек сол дәмге шөліркеген болар - Александра Васильевна тәуірлене бастады. Төсекте жатып өмірге қайта оралғанына қуана шүкіршілік еткен Александра Васильевна аспазшы әйелге қырқыншы күні мамырдың жарық түнін айқаймен өткізгенін айтып берді: айқайлағанын сезіпті, бірақ қайдағы бір жаман түс кеудесінен басып ояна алмапты: түсінде екі жас монах түнемелге кіріп келіп мұны шешіндіре бастапты, бүл қарсылық жасап арпалысса керек, сөйте тұра біртүрлі көңілденіп, әрі ұяттан қатты қысылыпты, өмірінде мұндай рахатты бастан кешпеген екен. Монахтар қоймастан шешіндіріп еденге жатқызыпты, қимылдауға дәрмен жоқ, тек қорқыныш пен ұяттан, қуанғаннан айқайлай берсе керек... Осыны айтып жатқанда Александра Васильевнаның көңіліне Кир атайға деген мейірімді нәзік бір сезім ұялады. Мынау жарық дүниеге қайта оралған ғұмырын онымен бір дүркін, ең соңғы рет кездесу үшін құрбандыққа шалуға бар еді... Жоқ, соборда оның үрей шақырған дауысынан, өліп қалған жауына жасаған соңғы мінәжатынан қорыққан жоқ еді. Екеуінің бетіне қараудан қорыққан, сол бір бақытты кезді еске алудан, қыздың пәк жүзін еріксіз күйдіріп албыратқан махаббат сезімін еске алудан қорыққан, алыста қалған, арманына жетпеген сол махаббат жүрегін сыздатқан - енді міне, сүйгені де, сүйкімсізі де бір бейне болып көз алдында елестеп тұр; сүймеген сүйкімсізімен қос болып бар ғұмырын өткізді, сүймесе де бір кезде сулығы мен қолшатырын ұстап, қолын жүрегіне басып:
- Александра Васильевна, осы қолды ғұмыр бойы ұстап қалсам арманым болмас еді! - деп еді той.
XI
Ай бойы ол оныншы маусымда Кир атайды көретін шығармын деген арманмен жүрді: оныншы маусымда Стрелецке маңызды бір үлкен шенеунік келмек екен, соны құрметпен қарсы алу үшін көше тұйығына салтанатты арка орнатып, бормен сылап, көкжасыл шырмауықпен бөледі. Ырыл арық жирен тігіншіні ертіп Александра Васильевна "Ортақ пайда" дүкеніне барып, жаңа көйлек тіктіру үшін қоңыр жүн мата сатып алды. Сол көйлекті бойына шақтап өлшеп жатқанда ашық терезеден қоңыраудың қақалған үні, боздаған дауыс, айғай-шу естілді. Тігінші де, Александра Васильевна да сыңар жеңді көйлекпен баспалдаққа жүгіріп шыққан: көшеде топырлаған жұрт жортып барады, Кир атайдың қақпасының алдында да қаптаған тобыр, тағы да Стрелецке кеп қалған сербті дударбас етікші төбесінен қоңыраумен төмпештеп жатыр екен... Александра Васильевна өксіп-өксіп жылап жіберді: құдай-ау, Кир атайдың да күні таусылғаны ма!
Оныншы маусымда күн ғаламат ыстық болды. Жаңа көйлек, желбегей сулық киіп, саусағына түрлі-түсті сақина тағып Александра Васильевна арбакешпен вокзалға кеткен. Сол арбакешпен городовой оның өлі денесін үйіне алып қайтты: қалың тобыр таптап, езіп тастапты.
Жерлеу кезінде ешкім жылаған жоқ, тек тігінші ғана көз жасын сыққан болды, ол да марқұмды жақсы білмейді екен. Шағыр көз мырза тағы да келді, бүкіл шаруаны соның билікшіл қатыны басқарды. Балаларын ерте келген екен - ауызы итаяқтай пысық қыз бен үйдің астаң-кестеңін шығарған тентек реалист. Коленкормен бүркеген мәйіт залдағы үстелде жатты, одан сескенген де ешкім болған жоқ. Қаралы күнде айна біткенді бүркеп тастаған. Псалтырьді тәптіштеп тұрып, есерге ес кірсін дегендей мәнерлеп оқыған монахиня Александра Васильевнаның туысқаны еді, айрандай аппақ бетін қара орамалмен милықтата таңып тастаған көзілдірікті ерепейсіз жуан қатын уезд монастырінен әдейі келіпті. Бірақ отбасында тәртіптің де, қайғының да ізі білінген жоқ. Балалар асыр салып, қонақ бөлменің ашық терезесінен шыбын-шіркей буып, шақырайған ащы күннің сәулесі апшыны қуырды.
Жерлеуден соң үй қараң қалды. Жиһаз атаулыны тысқа шығарып арбаға артты да вокзалға алып кетті. Кемпірлер еденге көк теректің жапырағын шашып жуып шықты да есік, терезелерді аңқитып ашып тастаған, торт құбыласынан жел гулеген бөлмелер бұрынғысынан да қараңғы тартып көрдей боп көрінген. Әйнек бетіне хабарландыру жапсырған соң пәтерші де табылды - Хитровоның әбден тырпы қашқан дворянині екен, мұрты салбыраған маскүнем, басында түбек қалпақ, үстінде дөңгелек етек сүртік. Жаңа пәтерге ол арбамен келді, қасында қарғыбауынан ұстаған сарыбауыр гордон ит. Арбаға тиегені екі орындық, бір үстел, абажадай қызыл шкаф - басқа жиһаз байғұсқа бітпеген екен. Дворянин жалғыз-ақ бөлмеге жайғасып да терезеге газет тұтып тастады. Кешікпей онысы күн көзінен сарғайып, қурап қалды.
XII
Маусым айының кеші. Жаңбыр сіркіреп түр. Пойыз Стрелец темір жолымен заулап келеді. Екінші кластың күңгірт вагонында әрқилы мырзалар отыр, әңгімелері де әр түрлі -бірі кімнің қайда бара жатқаны туралы, екіншісі орыс теміржолындағы тәртіптің жоқтығын соз етіп, енді бірі жалпы Ресей жайында, оның байлығы мен мәдениетсіздігін әңгіме қылысты. Вагон салдыр-күлдір тарсылдап теңселіп келеді, булықтан ұлыған жел дамылсыз боздап, жамбастап ұрған сірке жаңбырдың сытыры естіледі.
Алдыңғы жақтан жалпақ йен жазық көрінді, одан соң жайылма сулы өзек, ирелеңдеген өзен, өзеннің арғы бетіндегі қияда - Стрелец, тапал тамдардың темір, тақтай шатырлары, мұнаралар, зират маңындағы түнерген тоғай... Ысқырып, шиқылдап безек қаққан ескі көпірден пойыз мамырлап өтті. Өзені тайыз, әрі лай, шан басқан қала өте кедей сияқты көрінді. Сірке жаңбырға шағылысып бекеттің алғашқы шамдары жылтырады...
Он бес минут аялдап пойыз тағы да жылжыды. Кондуктор біріне бірін сүзістіріп мыртық шырақтарды жақты. Әуелде жарқырап кетіп еді, күңгірт фонарь кигізген соң жыртиды да қалды. Жолаушылар бір-бірімен танысып, жатуға ыңғайланып, тағы да әңгімеге кірісті. Бір кезде есік ашылып, бір қолында саквояж, бір қолында қолшатыр, вагонға Горизонтов кіріп келді, қорбаңдаған алып денені көргенде әңгіме сап басылып, жүргіншілер оған аңырайып қарасты. Жұртпен сыпайы ғана сәлемдесіп есік көзіндегі кішкентай диванға барып отырды.
Бәрінен де коп сөйлеген диван аркалығына сүйеніп тұрып алып шалбарының аспа бауын шешіп жатқан көзілдірікті бәкене еркек, сөзіне қарағанда мәскеулік, қоғамдық пікірде Мәскеуге белгілі теріс ауыздың бірі. Стрелецкінің вокзалында жұтып алған еді. Мыжырайған беті қызара бөртіп долырып түр. Көзілдірігі жарқ-жұрқ етіп, майлы шашы онды-солды желпілдеп, сөзді де кесек-кесегімен төгеді. Жаңа жолаушының бас-аяғына үңіле қарап алып, көпке дейін оны жорта байқамаған, оған мон бермеген боп бақты да ақыры шыдай алмай:
- Сіз алысқа жол тартып барасыз ба? - деп сұрады.
- Мәскеуге, - деп жайлап қана жауап берді тізесінің арасына қыстырған қолшатырын батпандай қолымен нығыздап ұстап отырған Горизонтов.
Көзілдірікті мырза оған қадалып біраз ойланды.
- Әсілі, біз жаңа ғана өткен қалашықта тұратын боларсыз?
- Иә, Стрелецкіде тұрамын.
- Мәскеуге, әрине, шаруамен бара жатқан шығарсыз?
- Шаруамен, - деді Горизонтов. - Мәскеудің императорлық университетінің анатомиялық театрымен келіссөз жүргізбек едім. Мәскеудің императорлық университеті менің жіберген фотографиялық суретімді алған соң мен өлгеннен кейін сүйегімді сатып алуға келісім беріпті.
- Қалайша? - деп көзілдірікті мырза оған тандана қарады. — Сіз сонда өз қаңқаңызды сатпақсыз ба?
- Сатпағанда ше? - деді Горизонтов. - Егер бұндай сауда менің тұрмыс жағдайымды көтеріп, маған ешқандай зиян келтірмейтін болса неге сатпасқа...
- Тоқтай тұрыңыз! - деп көзілдірікті мырза оның сөзін бөліп жіберді. - Сізге бүл ерсі көрінбей ме... дәлірек айтсам, бүл сұмдық емес пе?
- Түк те емес, - деп жауап берді Горизонтов. - Мәскеудің императорлық университеті сатып алған тауарын жуық маңда пайдалана қоймас деп ойлаймын. Қазіргі күш-қуатыма қарағанда тоқсан беске келмей мен де өлмейтін шығармын.
Ол терезеге тесіліп отырып көзілдірікті мырзаның сұрағына жауап берген, вагондағы фонарьдің жарығы әйнек бетіне шағылысып, тыста салақтап тұрғандай болып көрінген. Пойыз көкорай егіннің алқабын кесіп өтті, көкорай алқаптың төбесінен қалықтаған ала бұлттар артқа қарай жөңкіліп барады. Вагон булығы гуілдеп, жолаушылардың күлкісі мен әңгімесі таусылар емес... Ал Стрелецкінің ымыртқа сүңгіп бара жатқан көшелерінде тірі жан жоқ, тым-тырыс. Етікші лашығының іргесіндегі сәкіде Желудь отыр, қаңғырып қалған бүкір шал осы жерден пана тауып еді, қызыл көйлегін қымтана киіп әлдебір мәні жоқ әнді ыңылдаған болады. Қараңғы үйде бет-аузы күптей болып көптен бері төсек тартып Кир атай жатыр. Хитровоның дворянині ішімдіктен ораза ұстаған, қолында мылтығы, гордонның соңынан еппен еріп, шылқыған сұлы алқабын кезіп келеді, оқта-текте пыр етіп ұша жөнелген бөденелерді көздеместен беталды барқ еткізіп жаңбырлы аспанға атып қалады. Зират тоғайында Александра Васильевна мен Селихов мәңгілік ұйқыға кеткен, екеуінің моласы о дүниеде де қатар түсіпті. Құшынаш Яша часовнясында көпес Ершовтың сағанасын жасаймын деп әуре. Күні бойы қолын жалап, алдына келіп жасын төккен кемпірлерден құтылған соң балауыз шырақтың тұқылын тамызды, шырақ жарығында сатал-сатал шапаны мен шолақ күртесін киді, жалпылдаған сағымда жылпос көзі жылтылдап, мыж-мыж бетіндегі сирек қылшықтар едірейіп шыға келді. Жұмысын қадалып тұрып істеуде: қабырғаға түкіріп жіберіп, кемпірлердің сыйлап кеткен апельсинімен айғыздап сүйкей бастайды.
02.09. 1913.