«Адырна» республикалық әдеби-көркем журналының редакция алқасы өткен жылы жариялаған &la...
«Қазақ әдебиеті» газетіне жарияланбай қалған мақала
Кенесарының жұмбағы
Үш жүз жылдай патшалық Ресейдің езгісінде, онан соң жетпіс төрт жыл кеңестік империяның боданында болған қазақ елінің тарихы аласапыран мен ақтаңдаққа толы болуы заңды. Шаң басқан мұрағаттардан шындықты аршып алу – инемен құдық қазғандай күрделі. Десек те, осы жылдар аралығында бірқатар тарихи тұлғаларымыздың есімі қайта жаңғырды. Қазақ театр өнерінің майталмандары – драматургтер мен режиссерлер, артистер мен музыканттар ұлы дала перзенттерінің ғаламат істерін келер ұрпаққа жеткізуде аз тер төгіп жүрген жоқ.
Рас, қазақ театр сахнасында қазақ хандары туралы қойылым саусақпен санарлық деуге болады. Бұл орайда қазақ жазушы-драматургтері әзірге тек Абылай ханның өмірін терең зерттеп, бірнеше сахналық туындыны халық назарына ұсынды. Атап айтар болсақ, Ә.Кекілбаевтың «Абылай хан» тарихи драмасы, М.Байсеркенұлының «Абылайдың ақырғы күндері», Т.Ахтановтың «Ант», С.Жүнісовтің «Тұрымтайдай ұл еді», Иранғайыптың «Хан Абылай», Д.Рамазанның «Абылай ханның арманы» драмалары т.б. Ал опера жанрында жаңа туынды ретінде Е.Рахмадиевтің «Абылай хан» операсын айтуға болады.
Қазақ хандығының 550 жылдығы тұсында хандықтың негізін қалаған Керей мен Жәнібек туралы жаңа шығармалардың сахналанбауы өте өкінішті. Әзірге Жәнібек хан туралы Қ.Ысқақ пен Шаһимарденнің «Қазақтар» пьесасы ғана көңілге медеу.
Ал қазақтың соңғы ханы Кенесары туралы кезінде М.Әуезовтің «Хан кене» шығармасы бірнеше республикалық театрларда қойылды. Сонымен қатар, драматург-режиссер М.Байсеркенұлы «Кек қылышы Кенесары» драмасын өзі жазып, сахналағаны белгілі. Одан кейін қазақтың соңғы ханының өміріне қалам тартқан драматург ретінде Думан Рамазанды атауға болады. Оның қазақ театр өнеріне тосын тақырып болып енген «Кенесары – Күнімжан» пьесасының орны ерекше. Автор бұл тақырыпқа қалай келгені туралы былай дейді: «Кенесары – күрделі тарихи тұлға. Кенесарының Абылай ханның Қасым сұлтаннан туған немересі екені жалпақ жұртқа аян. Халқымызға қадірлі ұлы тұлғалар туралы жазу үшін ішкі дайындығың болуы керек. Менің Кенесары тақырыбын көптен бері зерттеп-зерделеп жүргенімді көзіқарақты оқырман білетін шығар. Кезінде ханның бас сүйегі мен дене сүйегін іздедім, өмірі мен көтерілісіне байланысты көптеген зерттеу материалдар жаздым. «Хан Кененің қазасы» атты кітап шығардым. «Кенесары хан» деректі фильмін түсірдік. Осының бәрі мені Кенесары хан туралы тарихи драма жазуыма алып келді». («Алаш айнасы», №101 (327) 18 маусым 2010).
«Кенесары – Күнімжан» қойылымының премьерасы 2010 жылдың 21 қазанында, Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай, Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрында өткен еді. Қоюшы режиссері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов қазақтың соңғы ханы туралы спектакль қоюды көптен бері армандап, іштей дайындалып жүрген екен. Думан Рамазан да бір сөзінде «Кенесары туралы пьеса жазуға қолқа салған Болат Ұзақов» екенін айтады. Яғни, автор да, режиссер де бұл тақырыпқа кездейсоқ келген жоқ. Екеуі де тақырыпты терең біледі, терең зерттеген, екеуі де Кенесарымен «ауырған».
Автор Кенесары мен Қоңырқұлжа характерін параллель суреттей отырып, екі кейіпкердің қарама-қайшылығын көрсетеді. Сол қайшылық арқылы кейіпкерлер образын шынайы кескіндеп, кезең шындығын жайып салады. Бір қарағанда, екеуі де хан тұқымы, яғни, туыстар. Атақ-абырой, бақ-дәулеті жағынан бір-бірінен кем емес. Екеуі де Күнімжанға ынтық. Қоңырқұлжаның ынтықтығы – көрсеқызарлықтан, нәпсіқұмарлықтан туындаған менмендік, күшіне сенген өктемдік. Байлығына сенген сұлтан қалың малын төлеп, қызды айттырып қойған. Алайда, Күнімжанның таңдағаны Кенесары. Өйткені ол, автордың сөзімен айтсақ, «ел мен жер үшін жанын құрбан етуге даяр нағыз ер. Ал Қоңырқұлжа – аға сұлтандық үшін ақ патшаға қызмет қылған итаршы». Күнімжан тамам жұрттың көзінше қымсынбай Кенесарыға қымыз ұсынғанда, қолындағы орамалына жұдырықтай жүрегін қоса орап бергендей. Содан бері Кенесарының да көңілі Күнімжанға ауған. Алайда, Қоңырқұлжа оған өз қалыңдығын оп-оңай беріп қоймақ емес. Артында тұрған алып империяның, ақ патшаның атымен қорқытып, үркітсе де, Күнімжанды екі әйелдің үстіне тоқалдыққа алатынына сенімді.
Ақмоланың аға сұлтаны Қоңырқұлжа Кенесарыны «ақ патшаға қарсы шықпауға» үгіттейді. Алайда, «айдағанның алдына түсіп, ұстағанның жетегінде кете беретін» Кенесары емес. Қойылым басталғаннан-ақ сыртқы тартыс пен ішкі тартыс осылайша қатар өрбіп, қос кейіпкер арасындағы өнбес дау өзара өшпенділікке ұласады.
Кенесары өміріне қатысты тарихи деректерді терең зерттеген драматург Думан Рамазан Кенесары мен Қоңырқұлжаның көзқарастары да, іс-әрекеттері де бір-біріне мүлде кереғар болғаны тарихи шындық екенін айтады. «Қоңырқұлжа үнемі Кенесарының үстінен патша шенеуніктеріне арыз-шағым түсіріп отырған. Дәлірек айтсақ, отаршыларға көтерілісшілер туралы ақпарлар беріп тұрған. Кенесары көтерілісін басып-жаншудың жолдарын бірге қарастырған» дейді автор. (aikyn.kz). Қазақ мұндайда «іштен шыққан жау жаман» деген. Оған қоса, жалғыз қызы – Күнімжанының сөзін сөйлеген Тұрсынды да Қоңырқұлжа қамшының астына алып, байлап-матап, өз озбырлығына көндірмек болады. Осы тұста арашаға Кенесары мен Наурызбай келеді. Қоңырқұлжадан құтылған Тұрсын Кенесары мен Күнімжанға әкелік ақ батасын береді.
Екеуінің бақытты сәттері көпке ұзамайды. Бейбіт жұрттың той үстіндегі көңілді әзіл-қалжыңы мен ән-күйін жер-дүниені тітіренткен зеңбірек үні бұзады. Қазақ жерлерін басып алып, бекініс салып жатқан патша әскерлері жақындап қалған еді...
Кенесарының патша ағзам Николай І-ге «қазақ жеріне қол сұқпауын, сегіз дуанды және барлық бекіністерді жоюын» сұрап хат жазуы – оның әлі де жақсылықтан үміті барын көрсетеді. Ол хаты, әрине, Батыс-Сібір генерал-губернаторы Горчаковтан ары аспайды. Тіпті, осы хаттан кейін генерал-губернатор патша ағзамның «қазақ жерлерін отарлап, Орта Азияға шабуылды бастау керек» деген жарлығын орындауға білек сыбана кіріседі. Оған аға сұлтан Қоңырқұлжа қосылып, өзінің бес жүз жасағы мен Горчаков берген орыс отрядтарымен қазақ ауылдарын жаппай қыра бастайды. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен жармасқан» еді. Осы тұста Кенесары бес мың қолмен Қоңырқұлжа жасағы мен орыс әскерлеріне қарсы бетпе-бет келеді. Осы соғыста жеңіске жеткен Кенесары Ақмола бекінісін толық орыс әскерлерінен азат етеді. Бұл оның алғашқы жеңісі еді. Одан кейін он жыл бойы тақта емес, ат үстінде өмірі өткен қазақтың соңғы ханы, «толарсақтан саз кешіп, ауыздықпен су ішіп», тәуелсіздік жолында күреседі. Бірнеше бекіністі азат етеді. Алайда, қапияда сатқындардың кесірінен жеңіліс табады.
Болат Ұзақов әр қойылымға ерекше дайындалатын, жауапкершілігі өте жоғары, өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан режиссер. Ол көптен бергі арманына жетті – азаттық үшін күресіп, елі мен же¬рі үшін шыбын жанын құрбандыққа шал¬ған Кенесары хан туралы спектакль қойды. Ол автордан Кенесары туралы пьеса жазуды өтінгенде «барынша жаттандылықтан қашып, жаңалыққа көбірек көңіл бөлуін» баса ескерткен еді. Автор бастапқыда пьесаның екі-үш нұсқасын жасайды. Бұл туралы Думан Рамазан былай деп еске алады: «Тіпті жаңалық деген осылай болатын шығар деген оймен, бас кейіпкерді бастан-аяқ бас сүйек қылып алмақ та болдым. Атасы Абылайды да рух берушісі, жебеушісі ретінде кіргізгім келді. Қысқаша айтқанда, эксперимент жасағым келді. Алғашында сол нұсқаға өзім қызықтым. Алайда Болат Ұзақов «...бұнымыз қалай болар екен, ертең сын мен неше түрлі сыпсың сөздердің астында қалмаймыз ба, оның үстіне біздің көрермендер ондай эксперименттерге әлі дайын емес...» деген көңілге қонымды ой айтты. Ақыры екеуара ақылдаса келе, «Кенесары-Күнімжанның» осы күнгі қойылып жүрген нұсқасына тоқ-тадық...»
«Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей, спектакль сәтті шықты. Режиссер автордың ойын дөп басқан, идеясын бұзбай, бұрмаламай, нақты жеткізген. Болат Ұзақов уақыт атмосферасын, кезең көрінісін, дәуір тынысын әртүрлі детальдарды ұтымды пайдалану арқылы шебер де нанымды суреттеген. Шымылдық сырғи ашылғанда күңгірт сахнада теріс қарап отырған кейіпкерлерді көресіз. Авансценада – сол кездің батырлары асынған қару-жарақ – семсер, қалқан, садақ, жебе... және ДОМБЫРА. Режиссер қойылымның өне бойында домбыра күйлерін ұтымды пайдаланған. Киелі аспап шанағынан күңірене, күмбірлей төгілген күй біресе замана зарын шерткендей мұң шақса, енді бірде бойыңа қуат бергендей, жігерлендіреді.
Сахнада алғаш көрінген кейіпкер – Нысанбай жырау бейнесіндегі Ержан Нұрымбет батырлардың иесіз қалған қару-жарағының қасына келіп тізерлей отырып, олардың әруағына құран бағыштайды. Сонан соң қолына домбыра алып, тебірене толғап, бір жырды бастайды:
«Өмірге ерте туып, асыға өскен,
Дүниеге адам қонақ түней көшкен.
Ер туып, ел қорғаған ата-бабам,
Бұл күнде ізі жатыр, тозаңы өшкен...»
Нысанбай – әрі жыршы, әрі жырау, әрі тарихшы, әрі шежіреші, әрі уақыт куәгері бейнесінде. Сол кездің оқиғасын жырмен өріп, келер ұрпаққа баяндаушы екенін түсінесіз. Бұл орайда кейіпкерінің бар болмысын өз жандүниесінен өткізген актер Ержан Нұрымбеттің образды сомдаудағы шеберлігіне тәнті болдық. Әр сөздің мағынасын, астарын айқын жеткізе білуі, жырды тебірене орындауы, домбыраны шебер тарта білуі актердің өз кейіпкерін адаспай тапқандығы дер едік. Ойлы көздері от шашады. Нысанбай образы – актер талантын жан-жақты ашуына мүмкіндік берген бейне.
Спектакльде образдық-символикалық бір деталь – арқан. Тура осылай жоғарыдан төмен салбыраған арқандарды басқа да қойылымдардан көргеніміз бар. Бір қарағанда, жаңалық емес сияқты. Алайда, «Кенесары-Күнімжан» спектаклінде режиссер Болат Ұзақов сол арқандарды орынды пайдаланып қана қоймай, оларды ойната білген, сөйлете білген. Ол арқандарды біресе қазақ халқының мойнына салған орыс патшасының қыл тұзағы сипатында көресіз. Енді бірде қол-аяғы арқандаулы қазақ жұрты құлға айналғандай көрініс береді. Ал Кенесары хан ондаған, жүздеген... арқандар тізбегін жинап алып, уысына біріктіргендегі көріністің әсері ерекше. Бұл суреттен бодан болған қазағының басын қосып, тізгінді қолынан жібермеуді, елін өзгеге билетпеуді, жерін жатқа таптатпауды аңсаған хан арманын аңғарасыз.
Баһадүр батыр, қаһарман хан – Кенесары бейнесін сомдаған «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Сырым Қашқабаев өз кейіпкерінің бар арман-мұратын, қайғы-қасіретін терең сезінеді. Ол сахнада өзін ұмытқан. Оның Кенесары екеніне сенесіз. Қарсы келген дұшпанын осып түсер алмас қылыштай жарқ-жұрқ етеді. Кенесары – қазақтың кек семсері. Актер соны түсінеді. Қабағы түйілгенде айбынды, қаһарлы. Ақыл-парасаты терең хан жаумен шайқаста әр мәселені жан-жақты ойлап, күрмеуі қиын дүниенің түйінін шеше біледі. Алысты болжайтын көреген саясаткер, батыр қолбасшы. Қазағы үшін, елі үшін, ұлан-байтақ жері үшін, келешек ұрпағы үшін жанып-күйген хан образын Сырым Қашқабаев маңдайынан тер, көзінен жас сорғалап, шынайы кескіндейді. Актердің өзі қандай еңселі болса, кейіпкері де сондай тұлғалы, тұғырлы.
«Батыр аңғал келеді» дегендей, аңғалдық бұл қойылымда Кенесарының інісі Науанның – Наурызбайдың бойынан аңғарылады. Алайда, актер Жанат Оспанов Наурызбайды аңғал етіп көрсетемін деп, кей тұстарда ақымақ етіп бейнелегенін өзі де аңғармай қалады. Сөз жоқ, ол қызуқанды шығар, ашуының алды бар, арты жоқ ақкөңіл шығар, бірақ ақымақ емес. Ол да, біріншіден, хан тұқымы, екіншіден, Кенесары ханның туған інісі, оң қолы. Әскерін бастаған сенімді қолбасшысы. Демек, Наурызбай батырдың Кенесары ханға лайық болуы заңды. Яғни, Жанат Оспанов сомдаған батыр образына салмақ жетіспейді. Жеңілтек. Осы жағына актер де, режиссер де көңіл бөлуі тиіс. Жанат Оспанов – болашағынан мол үміт күттірер актер, оның әлі талай рөлді ойдағыдай сомдап шығаратынына сенім мол. Өйткені актердің бойында талант та, тазалық та, шынайылық та, ақыл-парасат та, актерлік потенциал да бар.
Ал Күнімжан рөліндегі жас актриса Айнұр Жетпісбаева образының бір қайнауы ішінде. Жаттандылықтан – табиғилыққа, жасандылықтан – шынайылыққа қарай жақындау үшін әлі де біраз тер төгуі керек.
«Кенесары-Күнімжан» қойылымында, әдеттегідей, актерлық ансамбль өте жоғары деңгейде көрінді. Қалибек Қуанышбаев театрының өзге театрлардан айырмашылығы да, ең үлкен артықшылығы да осы – актерлер жұмысының тұтастығы, бірін-бірі толықтыра білетіндігі, сахналық серіктерін сезініп, бірге жұмыс істей алатындығы, «арбаны» бірге сүйрей білетіндігі. Бұл театрдың артистерінде бар «жұмысты» бір-екі актердің мойнына артып қою деген түсінік жоқ. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, олар қойылымның бар ауыртпалығын бірдей сезініп, әрқайсысы өз жауапкершілігін толық түсініп, спектакльді жабыла биік деңгейге көтере алады.
Драматургияға қатысты бірер ой... Автор Думан Рамазан кей тұстарда оқиғаларды әлі де біраз күрделендіре, шиеленістіре түссе дейміз. Кей сахналар, мысалы, Кенесарының Күнімжанмен кездесіп, танысып, табысуы, Күнімжанның әкесі Тұрсынның оп-оңай серттен тайып, қызын Кенесарыға бере салуы, Қоңырқұлжамен қақтығыс сахналары, бекіністі алған алғашқы жеңісі т.б. бәрі оп-оңай бола салады, оп-оңай шешіле салады... Шиыршық атып, ширығу жетіспейтін тәрізді. Режиссерлік шешім, пластикалық шешім арқылы ла осы олқылықтың орнын толтыруға болар еді деген ойдамыз.
Қойылым соңында Кенесары рөліндегі Сырым нық үнмен: «Мен қасиетті Сарыарқа төрінде ұрпағымның азаттық байрағын желбіретіп, ұлы жеңістерді тойлайтынына сенемін!» дегенде, оның жалт-жұлт еткен көзінен жеңіске деген, болашаққа деген сенім отын көресіз, жүрегіңізбен сезесіз. Сезіп қана қоймай, соңғы хан армандаған сол жеңісті – Тәуелсіз қазақ елін бүгінде өз көзіңізбен көргеніңізге, өзіңіздің сол елдің бір бөлшегі екеніңізге қуанасыз. Драматургтің, режиссердің қойылымды Кенесарының жеңісімен аяқтауы – көрерменге оптимистік рух беріп, жалынды жігер сыйлайды.
Сол бір қуанышты сәтінде Кенесары Күнімжан берген орамалды өзіне көрсетіп, «...ішіне бір ауыз сөз жазып түйіп қойдым... Жүрегім соғып тұрғанда оны ешкім ала алмас... Жүрегім тоқтаған күні түйіншегін шешіп оқырсың, бұнда менің бар құпиям сақтаулы» дейді.
Шығармада шешілмеген осы түйін, осы құпия Кенесарыдай күрделі тұлғаның әлі де ашылуын күтіп жатқан жұмбақ қырларына нұсқағандай...
Сәуле ӘБЕДИНОВА
ЕСКЕРТУ: Осыдан бес жыл бұрын Сәуле қарындасым хабарласып, осы мақаланы жазғаны туралы әңгіме қозғады. Бірінші Құдай, екінші Сәуленің өзі куә, мен «Кенесары – Күнімжан» туралы мақала жазшы» деп айтқан емеспін. Сәулеш өзі жазды және жақсы жазды: «Қазақ әдебиеті» газетіне ұсындым, Жұмабай Шаштайұлы ағам шығарамын деп уәде берді» деді. Бірақ ол мақаланың «Қазақ әдебиетіне» шыға қоятынына сенбедім. Несін жасырайын, пендемін ғой, мүмкін шығып қалатын шығар деген де үкілі үмітім болды. Өйткені, мақаланы ұсынып тұрған мен емес, Сәуле Әбединова ғой! Және ол жалаң қылышпен елін қорғаған Кенесары бабамыз туралы болса...
Сәулемен тағы бірде осы мақала туралы сөз болды. «Қазақ әдебиеті» Кенесары туралы мақаламды шығармай жатыр» деді.
«Қазақ әдебиетіне» жарияламаса, басқа басылымға ұсынып көрсеңші» дедім. Сәулеш сенімді түрде: «Жоқ, аға, мен жақында Жұмабай ағаны тағы көрдім. Мен сұрамасам да, өзі келіп, «Сәуле, мақалаңды шығарамын!» деп айтты. Міндетті түрде шығарады. Ол кісі уәдесінде тұрады» деді.
«Сәулеш, мәселе, сенің жазған мақалаңда емес, менде болып тұр ғой!» деп айтайын дедім де, айтпадым. Сол бойы шықпай қалды. Мені қойшы, елі үшін, халқы үшін, жері үшін, тәуелсіздік үшін, Жұмабай Шаштайұлы, Сәуле Әбединова, Думан Рамазан сияқты ұрпақтарының бостандығы үшін жанын құрбандыққа шалған Кенесары бабамнан ұят болды-ау!..
Әрине, мен ол мақаланы шығарғым келсе, шығарар едім, сол кездегі Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалинге айтсам да. Тіпті екі күннің бірінде хал-жағдай сұрасып телефонмен хабарласып тұратын сол кездегі Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай ағама да айтпадым. Ол аз десеңіз, туған ағаларымдай болып кеткен сол кездегі «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ұлықбек Есдәулет ағама, «Ақиқат» журналының бас редакторы, марқұм, жатқан жері жайлы болсын, Аманхан Әлім ағама, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Самат Ибрайым ағама, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп ағама, «Жас алаш» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Әмірхан Меңдеке ағаларма қолқа салсам, сол мезетінде-ақ шығарып беретініне сенімді едім. Бірақ, Сәулеш мақаласының «Қазақ әдебиеті» газетінде шыққанын қалады. Өкінішке орай, шықпай қалды... Нендей себеп болғанын айту қазір маңызды да емес... Мүмкін ұмытып кеткен шығар... Ондай да болады... Әйтеуір, шықпағаны анық. Сол беті бұл мақала туралы әңгіме қозғалмады.
Уақыт өте берді. Әрине, мен Жұмабай Шаштайұлының алдына бармадым... хабарласпадым... Не деп хабарласамын?!. Жоғарыда аттары аталған басқа ағаларым болса, «менің шығармам туралы мақаланы неге шығармайсыздар?» деп өзімсініп інілік наз айтуым да мүмкін еді. Бірақ, ол ағаларым менің аты-жөнімді көріп қалса, өздері де жатқызбас еді-ау!.. Жұмабай Шаштайұлы менің шығармашылығым туралы үш мақаланы шығармай тастады. Бірақ үшеуін де «шығарамын» деп уәде беріп еді. Біреуіне сайтқа шығып кетіпті деген сылтау айтты. Бірақ, интернет басылымға шығып кеткен нешетүрлі материалдарды басып жатты. Әрине, бұның маған келіп-кетері шамалы. Бұл үшін Жұмабай Шаштайұлына бір ауыз әңгіме айтқан емеспін. Тек еске түсіп жатқан соң жазып жатқаным ғой!
Кеше мұрағатымды ақтарып отырып, Сәулеш жіберген сол мақаланы тауып алдым. Оқып көрсем, тәп-тәуір мақала. Бір сөзі түгіл, бір үтір, бір нүктесіне де тиіскен жоқпын. Тисетін де ештеңесі жоқ. Сол мақаланы, Сәуледен кешірім сұрай отырып, фейсбуктегі парақшама жариялайыншы деп шештім. Жұрт оқысын. Себебі Сәуле кәсіби театр сыншысы ғой, «Кенесары – Күнімжанның» рухын ақ қағазға толық түсіре алған.
Мен Сәулені бүгінгінің Кенесарысы, бүгінгінің батыры, бүгінгінің қаһарманы деп білемін.
Рахмет, Сәулеш! Жүз жаса! Құдайым бойыңа да, қаламыңа да қуат берсін!
Думан Рамазан