***Өлтірмеді Мені Мұң емдемеді,«Періште» деп сенгенім «пенде» ме еді?!Өзегім...
Абайдың қарасөздерінің зерттелуі - Жабал Шойынбет
Тәуелсіз қазақ елі атанып, Кеңестік кезеңнің құрсауынан құтылып, ғасырлап езгісінде болған отаршылдықтың санамызға сіңірген құлдық психологиясынан енді-енді арыла бастауымыз ұлттың асыл қазынасы – қазақ әдебиетінің мұраларына жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік туғызды. Бұл Абайтануға да игі әсерін тигізіп, әбден саясаттандырылған, идеологияландыру догмаларының құрсауынан шыққан Абай мұраларын бар жағынан ұлтымызға, тіпті әлемдік әдебиетке қандай үлес қосқандығын жан-жақты көрсетуге жол ашылды.
Әсіресе Абайдың қарасөздерізерттелу жағынан кенжелеу қалып қойды, себебі қарасөздерде діни-философиялық мақамдардың жиі ұшырасатындығынан болса керек. Идеологияның құрсауынан бүкіл ғұмырын Абай мұраларын зерттеуге арнаған, абайтанудың негізін қалаған, ғұлама зерттеушіміз М.Әуезовте құтыла алмады, оның Абай қарасөздері туралы өз пікірін кеңінен көсіліп, қыры-сырын молынан ашуға білімі-танымы жетсе де, ойына “кедергілердің” кесе көлденең тұрғаны байқалады:
“Сонда тыңдаушысы туралы Абайдың күдігі көп. Кейбір терең өсиет, озғын ойлары бұның тыңдаушыларының санасына жетпеуге мүмкін. Сол себепті өлең сөздерінде ұзақтан, тереңдеп айтылған кейбір ағартушылық, адамгершілік үлкен ойлары мен қоғамдық тартыстың қайшылықтарын ашатын, оның шыншыл және күшті азаматтық сындарын мынау қара сөздерінде оңайлатып, азайтып, қысқартып айтатыны да болады. Бұл ретте ақынның өлеңінде кездесетін қайшылықтар және тарихтық тар көлемді түсініктер көбірек көрінетін кездері болады.
Оқушы мен көпшілік тыңдаушыларының өз тұсындағы сенім-нанымдарын еске алғандықтан, ақын дін тақырыбын көбірек сөз қылады. Әрине, оның өз нанымы өзгермейді. Сондықтан өлеңіндегі сияқты дінді адамгершілік моральдің тәрбиенің қараңғылыққа қарсы, шартты түрдегі өткелі есебінде бағалайды”[1, 2 б] деген. Мұхтар Әуезовтің Абайдың “күшті азаматтық сындарын қарасөздерінде оңайлатып, азайтып, қысқартып айтатының деген сөзді М. Әуезовтің өзіне де қатысты деп алсақ әрі ол Абай қарасөздері жөніндегі пікірін әдейі “оңайлатып, азайтып, қысқартып” айтқан десек шындықтан тым алшақ кете қоймаспыз. М. Әуезов Абай өлеңдерінен қарасөздері “төмендеу едің деген ой ұшқынын да байқатады, мұнысы Абай – байшыл, Абай – діншіл деген кезіндегі улы жыландай зәрін төккен “төпелеген сыннан” өзі – мұсылман, Исламды терең меңгерген данышпан Абайды әл-әзірге өлеңдерімен ақын Абай деп ғана зерттеуді жалғастыра берудің мүддесінен, ақылдың “айласынан” шыққан сөз қолданыс деп ұқтық. “Осындай негізгі түсінік (убеждение) Абайдың қарасөзінде де көрінеді. Бірақ осымен қатар дініне иланған тыңдаушыларына құдайдың, пайғамбардың, иман, парыздың жайларын көбірек айтады. Мынау оқушылармен әңгімелескенде өз ойына соларды көбірек серік етеді. Және өлеңнен қарасөздерді төменірек түсіретін тағы бір өзгешелік бар. Онысы: дін тұтынушылар мен би-болыс, атқамінерлер жөніндегі аса аяусыз, сыншы, жазушы болған қалпын Абай қара сөздерде біраз жеңілдетті, ашуын азайтыңқырап аладың дейді М. Әуезов. Абайды бүкіл қазаққа ғана емес, бүкіл әлемге танытқан М. Әуезов қаншама шегініске барады, мұнысын әлі заман өзгерер, көңілі ояу, көкірегі ашық оқырманым дін туралы айтқанда Абай өз ойына оқушыларының ойын көбірек серік етті деуімді, тікелей Абайдың өз ойы еді деп нақтылай айта алмауымды, қарасөзді сәл төмен еді деуімді түсінер деген болжам жатқандай. Белгілі жазушы, қысқа да нұсқа жазудың майталман шебері Тәкен Әлімқұлов “Жұмбақ жан” зерттеу еңбегінде әуелі Мұхтар Әуезовтің “жұмбақтарын” шешуге ден қойғандай:
“Задында Абайдың қарасөзі мен поэзиясының ымы-жымы бір. Екеуі де “Халық!” деп ынтығады, оған қызмет етеді. “Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы, қиыннан қиыстырар ер данасы” деп эстетикалық қағида жасаған Абай екі жанрды да өз мұратына бағынышты етеді. Поэзиямызда “жылай жырласа”, ғақлиядағы оның көз жасы – қиялдан балқыған қорғасынның тамшысындай. Оның “сөзін” оқығанда күллі қазақтың хал-ақуалымен бірге автордың бейнесі көз алдыңа елестейді. Өлеңдегі жұмбақ адам – қарасөзде сұмдық салмақты. Асыл ойдың, шымырлаған қиялдың жиынтығы. Бұл тұста Абайдың ішінде екі пенде жасырынып жатқандай әсер етеді. Бірінші пенде “Шапқан атқа жеткізбес бөкен желіс, ыза қылдың қолыма бір тигізбей” деп өкіне желіксе, екінші пенде өзінің жиырма алтыншы “сөзіндең бәйгеге ат қосқан қазақтарды аяусыз шенейді. “Несіне күмпілдейсің, сорлы-ау!” деген тұжырымға келеді. Әсершіл ақын мен қамқор қайраткердің бір адамның ішкі әлемінен тоғысуы осындайлық қайшылық тудырадың деген болатын [6, 154 б].
Оқи отырыңыз: Абайдың 38-қара сөзіндегі қателер
Бұл жерде жазушы Тәкен Әлімқұловтың “задында Абай қарасөзі мен поэзиясының ымы-жымы бір” не болмаса “өлеңдегі жұмбақ адам – қарасөзде сұмдық салмақтың деуі жазушының ғалымға яғни Тәкен Әлімқұловтың Мұхтар Әуезовке қарсылығы деп ұқпай, қайта шәкірттің ұстазды, жазушының ғалымды түсіне білуге, жұмбақтап айтқан даналық сөздерін талдап-тани білуге ұмтылысы деп білеміз. Т. Әлімқұлов шешімінің шымырлығы соншалықты, оның әділ бағасын беруге М. Әуезовтің “тар заманда толғаған тамаша пікірлерінен” тамаша дүние жасағанын ғалымдарымыз бен сыншыларымыз енді-енді аңғарғандай. Тағы да Тәкен Әлімқұловтың пікіріне жүгінейік:
“Абайдың сөздері ақынның дүниеге, өмірге көзқарасын өлеңдерінен де тереңірек көрсетеді. Бұл сөздерінде Абай ғылымдық, моральдық, философиялық, салт-саналық жәйтттерді қозғай отырып, үлкен ой айтады. Оның көп сөздерінің халық ауызында ұмытылмас мақал, мәтел, нақыл боп қалуында ой-пікірдің терең тамыры бар. Абай зор гуманист-демократ. Бақыт – әлеуметтік категория деген пікірге келеді. Олай болса, қоғамдық құрылыстың әділетсіздігі де байқалмай қалмақ емес еді. Рас, бұл жайды ол барлық жерде ашып айта бермейді. Оған тарихи жағдай да жоқ-ты. Біз үшін, бүгінгі ұрпақ үшін, тар заманда толғаған тамаша пікірлері қымбат” [6, 155 б].
Кешігіп болса да қайта жарқыраған тәуелсіздік таңы данышпан қазақ ұлының болжамының дұрыстығын паш етті.
Әдебиет тарихы бойынша М. Әуезовтің жасаған жұмыстары жоғары бағалануға лайық. Ол — қазақтың революциядан бұрынғы өткен ақын, жазушыларының творчествосы туралы көптеген мақалалар авторы. Бірақ бұл саладағы ең маңызды зерттеулері — қазақ әдебиетінің алып тұлғасы Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармаларын жан-жақты талдаған мақалалары мен монографиясы. Абайдың өскен заманы мен ақын шығармаларының тарихын зерттеу — ғалымның әдебиет тарихшысы ретіндегі басты еңбегі. М. Әуезовтің қазақ, орыс тілдерінде жазылған мақалалары, ғылыми талдаулары ұлы Абайдың қазақ әдебиетінін, тарихындағы орны мен мәнін жарқырата ашты, абайтану ғылымының негізін салды, бұл тарапта атқарылатын істердің бағдарын белгіледі. Абайдың өмірбаяндық мағлұматтарын жиыстырып; жүйелеп, ғылыми ізге түсіру, ақын талантының толысу, жетілу сатыларын анықтау, шығармаларының идеялық-тақырыптық құрамын көрсету, ақын туындыларының текстологиялық мәселелерін тексеру — міне, осы істердің барлығына да М. Әуезовтің сіңірген еңбегі маңызын жоймайды. Данышпан ақын әрі ойшылдың әдеби-эстетикалық, көзқарастары, қазақ өлеңінің түрлері мен құрылысын байытудағы жаңалықтары, әдеби тілді қалыптастыруы, оның шығармаларының қазақтың төл әдебиетімен, шығыстың, батыстың классикалық әдебиеттерімен байланыстары, аудармашылық өнері, прозасы, әдеби ортасы ғалым еңбектерінде байсалды айқындалады. Абай өлеңдері мен поэмаларының жазылған мерзімін хронологиялық жағынан белгілеу жөнінде де атқарған жұмысы көп.
М. Әуезовтің Абай мұраларына қатысты жасаған пікір, тұжырымдары күллі қазақ әдебиетінің тарихи дамуындағы заңдылықтарды тануға көмектеседі.
Қазақ тіл білімінің негізін салушылардың бірі, профессор Құдайберген Жұбановтың “Абай — қазақ әдебиетінің классигі” мақаласында Абай туралы еленбеген ерекшелік деп құнды ой-толғамдарға қозғау салған. Ол қазақ әдебиетінің тарихындағы Абайдың ұстайтын орнын босағаға қарай ысырмалаушылар, оған да місе тұтпай, табалдырықтан шығарып тастаушылар деп ызалана отырып олардың нені ескермей жүргендігін тайға таңба басқандай етіп көрсетеді. Оның айтуынша, даусыз бір моментті ескермей жүр: ол өз тұсында, жалғыз қазақ қана емес, басқа көршілес елдерден де, Абайдың әдебиеттегі үздіктігі деп қазақ ұлтын өрге сүйрейтін өрелі өнеге танытады. Ақын мұрасын терең оқып, әр қырынан көз жүгірткені және өзіндік жинақталған ірі ғалым ретінде ірі тұлғаны бағалаудың үздік үлгісін танытқан:
“1. Абай шағатай әдебиетімен жақсы таныс болып, оны баурап алып, соның үлгісімен өлең жазып та көрген. Бірақ оны қанағат қылмай, оның ішінде қалмай, сыртына шығып соныдан жол іздеген.
- Абай қазақтың халық әдебиетін жақсы біле тұра, оның айдын жолымен жүріп кетуге шамасы келе тұра, оны да өзіне баянды жол деп есептемеген, онан да шетке шыққан.
- Абай жер жүзінің классик әдебиетінің үлгісін таңдап ұстап, қазақ әдебиетін Байрон, Шиллер, Гете, Пушкин, Лермонтов, Толстой ізімен Батысқа жетелеген.
- Әдебиет арнасын басқа жаққа бұрумен байланысты өлеңнің мазмұндылығы, көркемдігі, бояуы — бәрі де өзгеруі керек деп табады. Бұл жөнінде:
а) Ауыз әдебиетінің өзгешелігі болып сақталып келген өлеңдегі басы артық бос сөздерді шығарып, өлең сөзінің мәнділігін арттырады;
ә) Бұрын жай қосақталып, негізгі тақырыппен жарыса жүріп, оны солғындатуға себеп болатын көлденең суреттерді шағындап, қиындап, олардан жаңа бейне құрастырады. Бұрынғы мақал, мәтел, халык сенімі секілділердің қатып, құрысып қалған суреттерін жанды жүрек кейіпке айналдырады;
б) Қазақ өлеңін түр жағынан байытып, жаңа өлшеулер, жаңа ұйқасымдар, жаңа ритмдер туғызады;
в) Әдебиет тіліндегі халық үлгісінің басы артық қосарларын жоюмен қабат, шығыс үлгісінен келіп жүрген араб-парсы сөздерін де қуып, әдебиет тілін тазартып, қазақ тілінің бар байлығын іске асыруға жол ашып, жазба әдеби тіліміздің іргесін қалайды;
г) Көркем шығармаларды өзі де шығарып, ірі ақындардан да аударып, әдеби аударманың, жаңа заман әдебиетіндегі бірқатар белгілі жанрлардың үлгісін іспен береді. Халық әдебиетінің кейбір тарауларының бірі болған мақалдардың жарамсызы көп екенін ашып көрсетіп, өзі де бірнеше мақал шығарады.
- Әдебиет жұмысында өзгеріс жасаумен қатар, әлінше қазақ музыкасында жаңалық ендірудің талабын істейді.
Міне, осының бәрі де құрғақ сөз емес, Абайдың істеген істері. Адамды істеген ісіне қарай сынайтын болсақ, бұл істерді, бұларды істеген адамдарды қалай бағалауымыз керек”[7, 56 б] деп көрсетті. Атақты ғалым Құдайберген Жұбанов ақын мұрасына көзқарастар туралы сұрақ қоя отырып, өз жауабын нақты әрі дәлелді айта білгеніне де куә боламыз.
Қазақ әдебиетінің алыптарының бірі Ғабит Мүсіреповтің Абай туралы айтқан сөзіне де тоқталуымыздың ерекше мәні бар. Қазіргі күндері жүз жылдығын атап өтіп жатқан Ғабит Мүсіреповтің шығармашылық жолына барлай қарасақ, жазушының қазақ халқының інжу-маржаны ауыз әдебиеті мұраларын үнемі оқып, саралап, қалам тартып отырғанын қалай аңғарсақ, сонымен қатар Абай мұрасына да дәл сондай көзқараспен, ынта-ықыласпен сүйсіне қарағандығын өзіне де, өзгеге де үлгі етуге ұмтылғандығын бірден байқаймыз.
Ғ. Мүсірепов кейінгі жылдары (шамамен 1970 жылдан бастап) жазған қойын дәптерінде де данышпан Абайдың мұраларына тоқталъш, ой-толғамдарын жазып жүргенін көреміз. Қойын дәптерінде жазылған: “Өз туыстарын жақсы көру мен халықты, одан әрі адам баласын жақсы көрудің арасы жер мен көктей, яғни бұл не екі айырым жол, не болмаса екеуі екі жаққа апаратын жол. Біреуі — көлбақаны көл жағасынан әрі жібермейді, біреуі — бері болғанда дарияға, өрісін айтсақ, мұхитқа апарады.
“Әкенің баласы болма, адамның баласы бол” (Абай) - деген сөздерде үлкен мән жатқандай [8, 34 б].
Ғ. Мүсірепов өзінің “Қазақ әдебиетінің өркендеу жолыңдағы Абайдың тарихи орның (1945 ж.) деген Абай шығармаларын талдау, мән-мазмұнын айқындау тұрғысында жазылған көлемді еңбегінде: “Абайдың әдебиеттегі өсиеті — шындық, шеберлік, адам баласына ортақ гуманизм, еліңді, Отаныңды сүю, не артқа тартып жатса, сонымен аянбай алысу, құртқанша алысу!” деп ертеректе жазғанын жоғарыда келтірген кейіннен жазған қойын дәптеріндегі жолдармен салыстырып қарағанда түйгеніміз, біз үшін өзі де данаға айнала бастаған Ғабит Мүсіреповтің Абай ойының түп қазығын дәл тауып, дөп басқаны әрі сол көзқарастан қайтпай дамытып отырғандығын білесіз. Ол — Абай айтқан адам баласына ортақ Гуманизм!!! “Әкеңнің баласы болма, адамның баласы бол” не болмаса, “Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және хақ жолы осы деп әділетті”.
Ғабит Мүсіреповтің “Қазақ әдебиетінің өркендеу жолындағы Абайдың тарихи орның еңбегін оқығанда жазушының замана екпініне ойысып “орыс халқының ұлы мәдениетін меңгеру” деген сөз тіркесін сол кездің көзқарасымен өте орынды деп бағаласақ, ал бүгінгі күн көзқарасымен бұл сөздің тым жиі айтылып-қолданылғандығын, асыра сілтенгендігін түсіністікпен қарап, пайымдасақ, Абай туралы түйдек-түйдек құнды ой-толғамдарға кезігесіз.
Ғабит айтады: “Алысты болжаған терең ойдың, үлкен сарынның ақыны Абай алды-артын шолып, қазақ халқының жалғыз әдебиеті емес, бүкіл рухани мәдениетінің келешегіне жөн сілтеп кетті. Абай өз заманынан анағұрлым биік тұрған ақын еді. Ол өз заманы мен өз елінің қайғы-мұңын көтергенде соны тарихи даму жолындағы бар адам баласының тақырыбына айналдыра алды”.
Абайдай ұлы бар, ақыны бар, данасы бар қазақ ұлтының тарихын беріден бастап, әдебиеті тек “мифтен” тұратын томаға-тұйық “балалығы арылмаған ел” деп шулайтындар Ғабит Мүсіреповті оқымаған болар, әйтпесе “бар адам баласының тақырыбын” көтеруге беттеген әдебиетті “балаң” деп қалай ғана айтуға дәті шыдайды. Қазақ әдебиеті “адамзат тақырыбын” тереңнен қозғау үшін қаншама қилы-қилы кезеңдерді өткеріп, сан ғасырлық тәжірибе жинақтап, сап асылды тану үшін сан ұрпақ санасының сараптауынан өткізді емес пе, соның нәтижесінде Абайдай ұлы тұлғаларға қол жеткізді емес пе?!
Кеңестік кезеңде Абайды “қазақтың Пушкині”, Мұхтар Әуезовті “Шығыстың Шолоховы” десек, тіпті Ұлы Отан соғысында “көзсіз” ерлік жасаған қазақтың батыр ұлдары — Сұлтан Баймағамбетовті, Нүркен Әбдіровті, орыстың Матросовы мен Гастеллосының ерлігін көріп “қайталаушылар” деп міндетті айтып отырдық. Яғни мұның астарында “ұлы халықтан” асып туынды жаза алмайсың, ерлік жасай алмайсың, сенің орның әрқашан төменде деген ұғымды білдіреді, оны бәріміз қуана “інілікке жарадық-қой” деп жамырай құп алушы едік, сірә “ұлы халық” өкіліне жете жаздағанымыздың өзі бізге асқан мәртебе еді..?
Сонау 1945 жылдары жазған осы еңбегінде қабең Абайдың үлгі тұтқан ұлы ағалары — Пушкин, Лермонтов, Некрасов деп сан құбылтып жазса да олардан Абайды төмен санамайды, “шығармалары үндесті, қабыстың деп келеді де “Абайда еліктеу де жоқ, “қарыз алу да” жоқ, табыну да жоқ, поэзияның өмірдегі орнын сол Пушкинше, Лермонтовша ұғыну бар” деп түйіндейді. Дәл және нық айтып Абайды оларға теңестірумен қатар тереңірек ойланған жанға “соларша ұғып білу үшін олармен тең түсіп ғана қоймай асып түсуің керек” деген астарлы меңзеуді аңғарасыз. Шындығында Абай аудармаларын оқығанда Пушкин, Лермонтов өлеңдерін қазақтың төл тумасындай етіп, олармен құлақ тістесе шапқанын, оза түскен тұстарын айқын көресіз. Яғни қазақтың төл тумасын жасауда әлемде Абайға теңесер дана-ақын таппайсыз, Пушкинді “орыстың Абайы” деп айтудың артық екенін түсінесіз, жасандылықтың әдебиетке жараспайтынын ұғынасыз.
Баласағұн мен Абайдың дидактикалық, ғибраттық ойлары арасында қаншама орайластык жатканын көретіні күмәнсіз” деген болатын [10, 187 б].
Тарихшы-ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қойшығара Салғараұлының Абайдың қарасөздеріндегі тек бір ғана “Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы” айтқанынан ғылыми еңбек жазып, кандидаттық диссертация қорғауы үлкен істің бастамасы, Абай айтып, Мұхтар көрсетіп кеткен алтын көмбені арши бастауымыздың дәлелі. Ол Абайдың өмір сүрген уақытын ой елегінен өткізіп, ұлы ақынның тарихи танымын қалыптастыруына, оның өрісін кеңейтіп, өресін биіктетуіне негіз болған, бұрын мәлім және өзіміз анықтаған әдеби көздерге қорытынды жасайды. Абайдың өз заманы үшін аса бай кітапханасы болғанын көрсетеді. Сөйтіп есту арқылы көкірекке ұялаған халықтың ауыз әдебиетінің бай мұрасының сыртында Абай Шығыстың атақты шайырларынан – Фирдоусидің, Низамидің, Хожа Хафиздің орыс ақын-жазышыларынан – Жуковскийдің, Пушкиннің, Крыловтың, Лермонтовтың, Некрасовтың, Салтыков-Щедриннің, Толстойдың; ойшыл демократтардан – Белинскийдің, Добролюбовтың, Чернышевскийдің, Герценнің; Европа ақындарынан – Байронның, Гетенің; философтардан – Сократтың, Дауанидің, Спенсердің, Спинозаның, Бокльдің, Милльдің, Дрэпердің; зерттеуші ғалымдардан – Рашид-ад-Диннің, Әбілғазы Баһадур ханның, Хондемирдің, Бинаидің, Уәлидің, Кухстанидің, Бабырдың, Бичуриннің, Аристовтың шығармаларын және ақынның таным деңгейін көтеруге ықпалы тиген қазақ және орыс тілдерінде шығып тұрған жоғарыда аталған мерзімдік басылымдарды оқыған деп түйін жасауға болады. Әрине, Абайдай кемеңгер ақынның оқығанын осы аталғандармен шектеуге болмайды. Бұл тек өзіміздің қол жеткізген материалдардан суыртпақтағанымыз ғана. Ал әлі қол жетпей, құпиясын қойнына басқан, кезінде Абай және сол сияқты сауатты қазақтар оқыған парсы, араб, түрік тілдеріндегі шығармалар қаншама! Оларды игеріп, игілікке асыру – егемендігін алған елдің ертеңгі ұрпақтарының басты міндеті, ардақты парызы болмақ екенін естен шығармауды ескертеді.
Одан әрі қарай Қ. Салғараұлының Абайды ел тірлігіне жастай араласып, әлеумет қайраткері дәрежесіне көтерілген, көп дүрмегімен күн кешудің күндік тірліктен әріге апармайтынын, ел мүддесін, болашақ қамын ойлаған жанның әрі көп, әрі терең білу керектігін ерте аңғарған жан дейді. Тек терең білім ғана құбылыс пен болмыстың барша сырын жан-жақты қарастыру арқылы білім аясын кеңейтіп, өз халқы бастан кешірген әлеуметтік тәжірибеге сүйене отырып, бүкіл адамзаттың өткенінен дұрыс қорытынды жасай алатын тарихи саналылыққа жеткізерін сезеді. Тарихи санадан айырылған ұрпақтың халқының ғасырлар бойы жиып-теріп өзіне аман жеткізген асыл қазынасын аяусыз шашып, аз мерзімде бәрінен жұрдай болып, онысымен де қоймай, өзге жұрттың қолынан шыққан игіліктің бәріне жатырқай не менсінбей қарап, қарадай рухани мүгедектікке ұрынатынын көреді. Сондықтан “Адам алдын, артын, осы күнін — үшеуін де тегіс ойлап, тексеруі” қажеттігін ұғады. Ал бұл тарихи санаға төтелей тәуелді, Тарихи сананы қалыптастырудың бірден-бір жолы — өз ортаңның, туған халқыңның, бүкіл адамзаттың тарихын білу, оларды бір-бірімен салыстыра зерттеу, сол арқылы адамдар мен халықтар арасындағы ұқсастықтар мен өзгешеліктердің түпкі сырларын жете түсініп, екеуін де достық пен жарастыққа, өткенді аңсауға емес, ертеңіңді армандауға қызмет еткізуге үйрену. Өз жұртына ұстаздық етуді мұрат тұтқан ұлы ақынның тарихшылығы да, тарихи танымын кеңейтудегі ізденіс тәжірибелері де, міне, осы мақсат аясында өрбиді. Біздің Абайдың тарихи танымының қайнар көздерін іздегенде ұстанар бағыт-бағдарымыз да осы аядан өріс тартпаққа керек.
Қойшығара Салғараұлы өз тақырыбына негіз еткен ақынның өмірінің соңына қарай жазылған, рет санымен “Қырық алтыншы сөз” деп есептеліп жүрген, “Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы” деп аталатын осы мақаласының жазылуы төңірегінде былай дейді:
“Себепсіз салдар болмайды. Осы ретте “ақынның тарихи тақырыпқа қалам тартып, қазақтың шығу тегін іздеп, ол жөніндегі өз ойын ортаға салуына не себеп болдың деген сұрақ туады. Бұл сұраққа жауапты, менің пайымдауымша, абайтануға сүбелі үлес қосып, мейлінше еңбек етіп жүрген ғалым М. Мырзахметов өз зерттеуінде нақты жауап беретін секілді. “Бұған себеп,— дейді ғалым.— Абайдың осы тарихи тақырыпқа жазылған мақаласына дейін “Түрікстан уәлаятың мен “Дала уәлаяты” газеттерінде қазақтың тегі қайдан шыққандығы туралы жұртты шатастыратын бірнеше мақалалар басылып таратылған еді. Мысал ретінде айтар болсақ, Ташкенттен шығатын “Түрікстан уәлаятың газетінде 1876 жылғы 8 апрельдегі санында жарияланған “Қазақ хусусында Қарқаралыдан жазылып келген сөз” деген мақала мен “Дала уәлаятының” 1894 жылғы 22 майда жарық көрген Әбдірахманов Ахунның “Қазақтардың асыл түбінің қайдан шыққанының хикаясы” мақаласын дәлел ретінде айтуға болар еді. Бұл мақалалардың негізгі ой қазығы — қазақтың түп төркіні, тегі пайғамбар сахабаларының бірінен таралған-мыс деген панисламистік уағызға негізделгенді” — деп, жұрттың түсінігін шатастыратын осынау мақалаларға қарсы Абай өзінің, ғылыми пайымдауға негізделген осынау атақты мақаласын жазуға мәжбүр болған секілді деген ой аңғартады. Ғалымның осы пікірі шындыққа келетін тәрізді, Себебі, Абай сол кездегі баспа жүзін көрген басылымдарды түгелдей алдырып, оқып тұрған ғой. Оның сыртында, Абай жалпы қазақтың тегі болсын, тарихы болсын, діні, тұрмыс-тіршілігі болсын, солар туралы сын пікір айтқанда оның көздегені өткеннің қамы емес, болашақтың қамы тұрғысында. Сол себепті де ол өз ұрпағына қазақтың тым артта қалған ел екенін ұғындырғанда да, оған себепші кеселдерді көрсеткенде де, қалайда тезірек алдыңғы қатарлы ел болып, соларға теңелу қамын көздейді. Демек, әлгіндей ғылымға жат, жұрт түсінігін бұзар зиянды мақаланы оқып тұрып, ұрпағыма өнеге қалдырамын деп ағартушылық мақсатты мұрат тұтқан Абайдың оған үндемей қалуы мүмкін емес. Ендеше ғалым М. Мырзахметовтың пайымдауында өмір шындығы бар” бар дейді [11, 116 б].
Абайдың қарасөздерінің жанрлық және стильдік ерекшеліктері туралы пікірлер әр түрлі. Бұған себеп Абай қара сөздерін қалыптасқан проза жанрының біреуіне тели салудың қиындығынан туындайды. Бұл қиындықты заманымыздың кемеңгер жазушысы Мұхтар Әуезов туу бастан яғни Абай шығармашалығын зерттей бастағаннан-ақ сезсе керек: “Жалпы алғанда Абайдың осы барлық қарасөз дейтін мұралары көркем прозаның өзіне бөлек, бір алуаны боп қалыптанады. Бұлар сюжетті шығармалар емес. Бұрынғы жазушылар қолданған естегі, мемуар да емес. Стиль, мазмұны жағынан алғанда, осы шығармалар Абайдың өзі тапқан, бір алуан көркем сөздің түрі. Кейде бұлар сыншылдық, ойшылдық және көбінше адамгершілік, мораль мәселелеріне арналған өсиет, толғау тәрізді” [1, 204 б] деп ой қорытуында үлкен мән, терең астар жатқандай әсіресе “Абайдың өзі тапқан, бір алуан көркем сөздің түрі” деуі көптеген шешімін таппаған сұрақтарға жетелейді. Бүкіл ғұмырын Абай шығармашылығын зерттеуге арнаған, энциклопедиялық білімі бар ғұлама-жазушының “қарасөздердің Абайдың өзі тапқаны дейді, бірақ жаңалығы деп ашып айтпайды, көркем сөздің түрлерін талай-талай ғылыми еңбектерінде бүге-шігесіне дейін талдайтын, әдебиет теориясының білгірі мұнда жұмбақтап, әлденеге меңзеу ғана бар: “Өзінің адамгершілік, әлеуметшілік, ағартушылық ойларын айтуда, Абай педагогикалық жақсы әдісті қолданады. Оңайдан қиынға қарай, жақыннан жыраққа қарай, қызықты, күлкілі жайдан, үлкен толғаулы қорытындыға қарай біртіндеп жетектейді. Сатылап отырып үгіт-насихат асырады” деген болатын [1, 205 б].
Абайдың қарасөздерінің жанрлық және стильдік ерекшеліктері туралы арнайы зерттеген Х.Ж. Сүйіншәлиев оны алты топқа бөледі: “Олар: 1. Өсиет-ғақлия (поучение, рассуждение). 2. Тастих (утверждение) ретінде келетін философиялық трактат; 3. Нақыл сөз (афоризм, изречение); 4. Кеңес әңгіме (беседа), дидактикалық насихат (назидание); 5. Сын мақала ретіндегі публицистика; 6. Көркем прозалық элементтері бар әңгіме” [13, 122 б].
Х. Сүйіншәлиевтің Абай қарасөздерін әр қырынан талдауға барғаны, “ертеден мәлім прозалық шағын түрлерді” қолданған деп қорытындылауы сөз жоқ үлкен істің бастамасы, Абай шығармашылығына ден қойған ғалымның “Абай қарасөздерін негізінен жай проза деп атау керек: өйткені, өлең нормасына түспеген, жай сөзбен жазылған шығармасын басқаша атау мүмкін де емес” деп өзіндік топшылау жасауы деп бағалаймыз. Тек сол кездегі замана желінің табы білініп, бірыңғай орыс әдебиетінің ықпалын басым етуге мәжбүр болуы, Абайдың прозаны Пушкинше бастап, бірақ Пушкин ірі прозашы болып қалыптасып көркем проза берген, ал Абай Пушкиндей бола алмай шағын прозашы болып қалды деген салыстырулардың қазіргі күнгі көзқараспен қарағанда “сәтсіз” шыққандығы бірден байқалады. “Бірақ, осы жай прозаларының өзі бұрынғы өсиеттерден өзгеше мазмұнда, өткір көркем тілмен жазылған жаңа идеядағы еңбек болып шықтың деп қанша мақтағанмен Пушкин сөз болған жерде Абай “дәрменсіз болып” қала берер еді, Абайдың шығармашылық жетістігі Пушкиннің шығармашылығына жетсем деген талаптану ғана болмақшы. Олай болған күнде Абайға жетем дегендердің деңгейі қандай дәрежеде қалмақ?
Сонымен Абайдың қарасөздерін тұңғыш рет жүйелі түрде зерттеген абайтанушы Х. Сүйіншәлиев “ХІХ ғасыр әдебиеті” (Алматы, “Ана тілі”, 1992) жоғарғы оқу орындары филология факультеттерінің студенттеріне арналған оқулығында — Абай прозасы ішінде ғақлия, нақыл сөздер де, ғылыми мақала да, ойшылық трактат та, өткір сын, мысқыл ретінде келетін сатиралық әңгіме де, адамгершілік өсиеттер де (дидактикалық рассуждение), публицистикалық насихат түрлері де, шешендік әңгіме кеңестері де бар және тек көлемді көркем проза жазбаған,— деп мынандай нақты тұжырым жасайды:
“Қысқасы біз: 1) Абайдың қарасөздерін негізінен прозаның шағын түрі деп атау керек, 2) Абайдың қарасөздерінде шағын прозаның мынадай түрлері бар деп білу керек демекпіз:
1. Өсиет ғақлияға Абайдың адамгершілік мораль, мінез-құлық туралы мысал жөнімен келетін өсиет мазмұнды эссе ретіндегі сөздері және діни ғибрат ретінде жазған біраз дидактикалары жатады. Олар: “Он үшінші”, “Жиырмасыншы”, “Жиырма сегізінші”, “Отыз сегізінші” сөздері деуге болады.
Абай өсиет ғақлия ретті эссені тек түр ретінде өз мақсатына сай жаңа мазмұн бере отырып, пайдаланған. Мұны Абай ағартушы насихатшылық талабына, өнеге, ақыл айтып кету арманына сай жазған. Сондықтан оны түр ретінде пайдаланудан қашпаған.
2. Тастих (утверждение) немесе философиялық трактат. Бұған Абайдың философиялық ойларын, дүниеге көз қарастарын білдіретін ғылыми пікірлер айтқан эсселері жатады. Мысалы, “Жетінші сөз”, “Он жетінші сөз”, “Қырық үшінші сөз”, “Қырық бесінші сөз”.
Бұдан басқа “Жиырма жетінші сөзі” мен “Отыз сегізінші сөзі” де трактат үлгісіне ұқсайды. Бірақ олар терең ойлылығы жағынан жақын болса да, түрі жағынан біраз алшағырақ. Сондықтан бұл сөздерді өсиет ретіндегі диалог-кеңес сөз үлгісіне (поучение, сұхбат формасына) жатқызған жөн.
3. Нақыл тұспал сөз (Афоризм, изречение). Абайдың өлеңдерінде де, қарасөздерінде тауып айтқан тұжырымды, үлгілі деп аталып жүрген сөзі түгелдей афоризм (23 афористік сөз), тұспал сөздер де көп. Қарасөздердің ішінде “Отыз жетінші сөзде”, бұдан өзге де афоризмдері көп. Олар әр жерде шашылып жатыр, өлеңінде де, қарасөздерінде де, әркімнің еске алған сөздерінде де кездеседі. Оларды өз алдына тізсе, мол дүние болып шығады.
Мысалы: “Сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан бала артық”, “Дүние бір қалыпты тұрмайды, адамның қуаты бір қалыпта тұрмайды. Ендеше көңіл қайдан бір қалыпта тұра алады” (Жиырмасыншы сөз). Осылайша, тұспал сөзбен ақыл айтып, тұжырымды ой беріп, әдебиетте тұспал мәтел сөз формасын дамытты.
Кеңестік кезеңнің сонау империялық-отаршылдық пиғылды өңін айналдырып, коммунистерше киінген шовинистердің “партиялық идея” ұранымен қазақ халқының тарихы күні кеше ғана Ресей империясының арқасында екі пайыз сауаттануға әрең жеткен, тарихын сәл ары жылжытсаң түбі көрінген, “шежіресі жұтаң ұлт” ретінде қарауы көркем туындыларымызды, оларды жасаушыларды әлемдік аренамен салыстырып бағалауға мүмкіндік бермеді. Қазақтан шыққандарды, мысалы, Абайды – “Қазақтың Пушкині”, Мұхтарды – “Шығыстың Шолоховы”, Ғабитті “пролетариаттың Горькиі”, Мұқағалиді – “орыстың Есенині” деп бір жақты салыстыруға, “жартыкеш” пайымдауға ғана барып және оны мақтанышпен місе тұтуды “санамызға әбден сіңіріліп жіберілгені” ақиқат.
Біз зерттеушінің қазақта Абай “бірінші нөмір” [42, 91 б] дегенін былайша түсіндік, дүниежүзінде қанша ұлт болса да соның ішінде қазақ ұлты атанғаны біреу-ақ, сондықтан қанша дәріптесеңде, ұқсатсаңда басқа ұлт қазақпен дәл тең дәрежеде оның орнын алмастыра алмайды, себебі қазақ ұлтының өзіне ғана тән ерекшелігі бар, ал онда сол қазақтың баласы, ұлттық мақтанышы классиктердің көшіне қосыла, ол да тек біріншілер қатарында аталуға тиіс емес пе?! Осы себептен зерттеуші Абайдың шығармаларының көркемдік құндылығы Пушкин, Гете, Петрарка поэзиясымен бір қатарда тұрды, қалың шетелдік оқырмандар үшін өзіміз (қазақтар үшін) “бірінші нөмірлі” қазақ ақыны деп қабылдағандай дәрежеде бағаланбауын оның шығармаларын аударуға күш жетпегендіктен дейміз бе деп сұрақтар қойып келеді де, әр ақынның сағаты соғар сәті болады, сол секілді ХХ ғасырдың соңында Абайдың әлем классиктерінің көшіне қосылуы арқасында қазақ әдебиетінің сәті келді дейді. Қазақ халқы дүниежүзі қауымдастығы арасында бірінші рет ресми мойындалғанын, мемлекет ретінде қалыптаса бастағанын, әлемге, бұрын болмаған дәрежеде өзінің ұлттық бастауларының ерекшелігін мойындай отырып, қажетсінуге, түсінуге мәжбүр еткенін айтады. Советтік кезеңде қазақтың Абайды Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсариндермен бірге мақтасақ да, даттасақ да белгілі деңгейден аса алмайтын біржақты, сол кезең үшін қолайлылығы әдейі ойластырылған “ағартушы демократ” ретінде ғана атанып жүре берді дейді.
Зерттеуші Абайдың қазақ көркем прозасының жасалуы мен дамуында шешуші роль атқарды деумен ғана шектелмей, оның шығармашылығының эстетикалық жаңалығының мазмұнын ашуға да талпыныс жасайды. А. Ісімақова стиль дегеніміз жазушылық жеке ерекшелігіне қатыссыз, арнайы жасалған құрылыс үлгісі емес, ол керісінше көркем сөз суреткерінің өзінен бұрынғылардан оқып-үйрене отырып, олардың материалдарын пайдаланып, жетілдіріп өзінің стилін қалыптастыратынын айтады, сонымен қатар стиль анық ерекшеленген суреткердің дарын-талантына, жеке қасиетіне, өмірлік, рухани тәжірибелеріне де қатысты екенін, бірақ ол стихиялы дамымайтынын ескертеді.
Абай сияқты ұлттық өнердің күшті дүмпуінен пайда болған стильдік таңбасы айқын ұлы тұлғалар қазақ әдеби тілінің дамуын, халқының психологиясын, ойшылдығының қол жеткізген дәрежесін, тәжірибесінің жетілгендігін көрсетеді. Сонымен қатар дәл осындай стильді ғана басшылыққа алсақ тек қана “жақсы жазасың” деп нұсқауға болмайтынын да естен шығармайды, бұл – стиль ерекшелігі. Классикалық қазақ әдебиетінде Абай стилі бар, әрі сол қалпында қазақ әдебиетінде бастаудың бастауы болып қала бермекші. Абай шығармашылығы – қазақ әдебиет дамуының ұзақ кезеңінің аяқталуын, жаңа кезеңінің қалыптасуын білдіреді, сондықтан Абай шығармашылығына классикалық стиль ұғымын пайдалануды орынды деп санайтынын айтады. “Классикалық” сөзін бұдан бұрын Абай поэзиясы жөнінде сөз қозғаған атақты қазақ тілінің маманы, академик І. Жұбанов та айтқан: “Абайдың арқасында 19 ғасырда қазақ әдебиеті өзінің атам заманғы “азалы ақ көрпесін сілке тастап”, Европаның классикалық әдебиетінің қалыбына түседі, сөйте тұра қазақ әдебиеті болушылығын да бұзбайды” деген [7, 58 б].
Қорыта келгенде А. Ісімақова Абай – классиктің тек өзіне тән стилі, классикалық қазақ әдебиетінің барлық қасиеттерін бойына сіңірген талассыз танымал, мойындалған өкілі екенін, оның өлеңдерінде де, “ғақлиясында” да қазақ сөзінің құдіретін танытатын сиқырлы сыры жатқанын танытады, абайтанудың жаңа беттерін парақтайды.
Абай қарасөздерінің жанрлық және стильдік ерекшеліктерін сөз еткенде бірден байқалатын тың пікірін Абайдың Шығысқа қатыстылығын түбегейлі зерттеп жүрген, профессор М. Мырзахметовтың пікірін басты назарда ұстандық: “Абай қарасөздерінің жанрлық стильдік ерекшелігіне ұқсас деректерді табуға мүмкіндік бар. Осылар арқылы сенімді де дәлелді ғылыми тұжырымдар жасауға болар еді. Біз осындай деректердің бірі – Шығыс әлемінде ертеден бері мәшһүр болған Кейкав ибн Вашагимрдің өз ұлына насихат етіп жазған “Кабус-намасы” (Шығыста “Насихатнаме”) деп білеміз. Бұл кітап академик М. Әуезовтің Абай: “өзі білген кітаптардан алған адамгершілік, гуманистік, бұқарашылдық идеяларды өзінің ұстаздық, тәрбиелік керегіне жаратуға тырысады”, – деп айтқан деректер ауқымында жатуымен бірге, бұл еңбектің дидактикалық характері мен жанрлық, стильдік ерекшелігі көп жағдайда Абайдың қарасөздерімен астасып сабақтасып жатады” деген [43, 175 б]. Абайдың “ғақлиясына” тереңірек үңілсек “Кабуснамаға” байланыстыруға, ұқсастықтар табуға болады деп пікір айтушылар көп болмасада бар екенін айтуымыз керек:
Ш. Елеукенов: “Кайкаус та, екі жаққа, Батыс пен Шығысқа бірдей үңілген адам. Ол антикалық ғұламалардың (Сократ, Аристотель) еңбектерімен, Шығыс жұлдыздарының ілімдерімен кең таныс екендігінің ізі “Кабуснамада” сайрап жатыр.
“Кабуснамада” болашақ білікті адамның, мемлекет қайраткерлерінің білуге тиісті салаларының бәрі бар дерлік. Алла тағаланы танудан бастап, астрономия, медицина, соғыс өнері, сауда-саттық, адамгершілік, мораль, құлықтылық мәселелері, не түрлі спорт ойындары, махаббат, жыныс қатынасына дейін қамтылмаған сала жоқ. Әр мәселе жеке тарауда талданады… Әр мәселені дербес толғау принципі жағынан “Кабуснама” тарауларына Абай сөздері сырттай ұқсас келетіні рас. Тіпті кейбір сөздерде үндестік те кезігеді. Кейқаус өз еңбегінің “Ақындық өнер туралы” отыз бесінші тарауында: “Ей перзенттерім, егер ақын болғың келсе, ақылды бол. Сөзге жеңіл, көңілге қонымды болсын. Түсінуге қиын қисынсыз сөздерді қолданудан сақтан, өзіңе түсінікті болғанмен, өзгелерге түсініксіз ауыр сөздерді пайдаланба” дейді. Абай өлеңі бұл дидактикадан көш ілгері. Дегенмен, “тілге жеңіл, жүрекке майда тиіп” деген жолдың төркіні “Кабуснама” болар ма? – деген ойға тірелетіні даусыз” [43, 37 б].
А. Ісімақова: “Жанровыми истоками “ғақлия” представляются как шешен-сөз, толғау, айтыс, так и более отдаленные классические тексты тюркской и восточной литературы. Восточные истоки творчества Абая явились предметом размышлений историков кзахской литературы. Они восходят как к “Кабус-наме”, так и к еще более дальним жанровым предшественникам. В этой связи особенно последовательными представляются работы литературоведа М. Мырзахметова. Это предмет специальных исследований” [41, 102 б].
Жазушы Бейбіт Сапаралы (Заман-Қазақстан, ғ1.1993): “Кейкаус перзенті Гиланшахқа ғибрат сөз бен мысал әңгіме негізінде баяндап беріп отырады. Ұлы Абай қарасөздерін төкпелегенде жанрлық ерекшелік тұрғысынан алғанда көсемсөздік-фәлсапалық трактат желісіне, әредікте бір сұрақ пен жауап (27-қарасөзде), нақыл сөз (37-қарасөзде) үлгісіне ден қояды. Кейқаус Алла тағаланы тану, тек Алла тағала ғана жалғыз, жеке-дара екендігін мәселе қып қозғап, ой қорытындылайды. Абай атақты “Алла деген сөз жеңіл”, “Алланың өзі де рас, сөзі де рас” деп келетін өлеңдерінде өзектес ғылыми-танымдық бағдар жазып, мұсылманшылдық, имандылық, жаратушы күшті тану туралы қарасөздерін жарық дүниеге жарқырата келтіреді. “Кабуснамадан” ішкілікке салынып кетпеу шарттары туралы екінші тарауда өз пәрменділігін он ғасырдан соң да жоймаған мына төмендегідей жолдар бар: “Ей, перзентім! Шарап ішуді қоя алмасаң, жұма күні кешқұрым ішпеуге әдеттен… Жұма күні түнге қарай ішпесең, бір апта бойы шарап ішуден көңілің суииды және оның зиянды салдарынан құтыласың”. Ал Абай қарасөздеріне келетін болсақ, тағаты таусылмай еңбектеніп, ғибраттанып оқып-тоқып шыққан адамға, тап бүгінгі таңда ауадай қажетті жүздеген ақыл-кеңестер қырық бес қарасөздің өн-бойынан көл-көсір табыла бермегі даусыз. Ендеше ғасырларды сабақтастырып, үндестіре жалғап жатқан “Кабуснама” мен “Қарасөздің айыра-бөлектемей, аталған ілкі мұралардан әр заман, әр орта, әр таным-талғам талабына сай ғибрат-өнеге боларлық ой маржандарын сүзіп алалық!”
“Кабуснаманың” авторы Кейкаус Каспий теңізінің оңтүстік жағалауында мекендеген Гилан ру-тайпасының ұсақ феодал семьясында (1021 – 1022 жылдарда) дүниеге келген.
“Кабуснаманың 63 жастағы Кейкаус ұлы Гиланщахқа арнап 1082 – 83 жылдары жазған. Парсы-тәжік әдебиетінде Кейкаусқа дейінде балалар тәрбиесіне арнап, олардың осы айтқандарды міндетті орындауын талап еткен өсиет дүниелер бар болатын, ал Кейкаустың “Кабуснамесінен” кейін бұл әдеби дәстүр кең түрде өрісін жайып, Низами, Жәми т.б. шығармашылығында жан-жақты жетілдірілді. Зерттеуші Е.Э. Бертельс бұл кітаптың жазылу тілін Иран әдеби тілінің ықпалы мүлдем жоқ, самонидтер ықпалындағы тәжіктікі дейді: “Тілі – Рудаки мен Фирдоусидікі. Міне, сондықтанда бұл кітапты парсыдан гөрі, тәжік әдебиетіне жатқызған жөн болар еді” [44, 213 б].
“Парсы-тәжік прозасының энциклопедиясы” кітабына жазған алғы сөзінде шығыстанушы И.С. Брагинский “Кабуснамең туралы былай дейді: ““Кабуснаме” состоит из 44 глав и 56 рассказов, содержащих поучения о том, как подобает вести себя в разных жизненных ситуациях, книга дает яркую картину феодального быта. Мягкий юмор и нежность по отношению к сыну придают ей интимный тон, создают иллюзию личной беседы с автором. Вставные рассказки, черезвычайно простые по стилю, изложены живо и увлекательно” [45, с 4]. (И.С. Брагинский. Энциклопедия персидско-таджикской прозы. Душанбе. 1990. с.4.)
Абайдың қолжазбасы сақталмағандықтан, оның қарасөздерінің санын әзірге 45 деп айтып жүруіміз, әрі “Кабуснаманың” тарауларының тақырыптары санымен жобалас болуы да мүмкін кездейсоқтықтық емес шығар.
Сөз басында Кейкаус өзінің баласы Гилон шахқа арнап: “Ей, перзентім, мен қартайдым, тәнімді күн сайын қуатсыздық жайлап келеді, өлім уақыты да жақындап қалды. Тірлікте мәңгі өлмейтіндердің бірі – кітап, оны құртып жіберетіндей құдіретті күш жоқ. Мен өзімнің төрімнен көрім жақын екенін сезіп, өлім жарлығы қолыма тимей тұрған шақта, білген ақыл – кеңесімді кітапқа жазғым келеді. Әрбір қиын істі жеңіп, сонғы ұрпақтарға үлгі болатындай жақсы атақ қалдыру үшін әрекет жасау жөнінде бірнеше әңгіме баяндаймын, сен ғибрат алғайсың, ал мен аталық парызымды өтейін”,– дейді. Абай өзінің бірінші қара сөзінде былайша бастайды: “Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық: қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қойып, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын” деген [46, 10 б].
Екі автордың өнеге сөздерінің айтылу мәнері, сөз саптасының уақыт алшақтығына қарамастан ұқсастығы да байқалады. Екеуі де “жер ортасы жасқа келген”, айтар ойларының төркіні де мазмұндас, көрген – білгендерін, тәжірибелерін кейінгіге өнеге ету, тек біреу “баласына” деп арнаса, екіншісі “белгісіз тыңдаушысына” арнайды, дегенмен Кейкаустың да, Абайдың да көздегені келешек ұрпаққа ғибрат қалдыру екені анық. Әрі бұл жолда екеуі де не мол байлықты, не әлдебір заттай құндылықты қалдыруды емес, тек “Сөздің қалдыруды ғана мақсат етеді. Абай ол ойын былай жеткізеді: Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен кезекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ” деп алдағы айтар ойын жинақтап, тиянақтап дайындық жасайды. Ал Кейкаус өз сөзін былайша қорытындылайды: “Енді, ей, перзентім, мен білгенімнің бәрін сен үшін кітапқа жаздым. Өзім білетін әрбір ілімді, өнерді, әдет-ғұрыпты, қырық төрт тарауда баяндадым. Білім алған, жас кезімдегі менің әдетім, саған жазып қалдырғаным сияқты еді. Мен алпыс үш жасты осы сияқты әдет, мінез-құлықпен өткіздім. Бұл кітапты төрт жүз жетпіс бесінші жылдан бастадым, Егер бұдан кейін Аллатағалам өмір беріп тірі болсам, тағы да осы мінезім-мінез, әдетім-әдет болып қалады. Егер сен бұдан жақсылау жолды білсең сол жолмен болғын. Осы жазылғанды өзіме де, саған да лайықты дедім. Егер сен менің осы үгіт насихаттарымды тыңдамасаң, оны амалға асырмасаң, мен сені зорламаймын. Талай адам бұл кітапты оқыр және түсінер. Осы кітаптағыларға сай іс істер. Ал менің әрбір сөзім бақыттың бастау бұлағындай. Аллатағала саған да, маған да кітапты оқығанда және жазғандарға да оны дүниеде есепсіз рахым шапағатын нәсіп етсін …”
Келтірілген мысалдарды салыстыра оқығанымызда екі айтушымызда жазып қалдырғандарының бір кәдеге асатынына, көздері жететіндігі әрі өздеріне лайықты деп санағандықтан яғни әбден ойланып-толғанып, көңіл елегінен өткізіп барып өзгеге де лайық деп санайды, бірақ ешкімге де тыңда, орында деп зорламайды, өзінің қалауың білсін дейді. Екеуіде бұдан өздерінің де, өзгенің де яғни жазғанның да, оқығанның да әйтеуір зиян көрмейтініне нық сенімді, пікірлері ортақ.
“Кабуснама” мен қарасөздер дидактикалық сарынмен жазылуымен қатар, айтар өсиетін жеткізу, талдау да әр кезеңнің сөйлеу мәнері, өзгешелігі байқалғанмен, түптеп келгенде түсіндіруінде де үндестік жатқандай. Осы айтқанымызды дұрыс-бұрысын дәлелдеу үшін “Кабуснаманың” алтыншы тарауындағы “Өнердің абзалдығы, қадір-құрметі және өнегелі болу туралы” айтылған сөзден үзінді келтіріп, оны Абайдың он тоғызыншы қарасөзімен салыстырайық. “Кабуснамадан” үзінді: “Ей перзентім, қанша дана болсаң да, сен өзіңді халықтан данамын деп есептеме, сен өзіңді кіші санасаң, ұлық боласың, надан санасаң, дана боласың. Өзін қарапайым ұстап, білімсіз дейтін білімдар – нағыз дана сол. Сократ хакім: “Егер бір кісі “Сократ хакім данышпан, оның данышпандығын бүкіл дүние жүзі біледі десе, жоқ, олай емес, мен еш нәрсені де білмеймін, қарапайым жанмын” деп жасқанбай жауап қайтарар едім. Шын мәнінде, бұл сөздің өзі де мен туралы айтылған асыра дәріптеу” депті.
Демек, ілімге тоқмейілсіп мастанба. Әр істі ойлап істе, кеңескен істе кемшілік аз болады. Ақылды, жанашыр достарыңмен кеңескейсің. Білгенің жөн, бір кісінің ой-пікірі, екі кісінің ой-пікіріндей болмайды, бір көз екі көзбен көргендей болмайды. Тәуіп өзін-өзі емдей алмайды”.
Он тоғызыншы қарасөз: “Адам ата-анадан есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескере, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады. Мұндай сөзді естігенде шайқақтап, шалықтанып не салбырап, салғырттанып естісе, не есіткен жерде қайта қайырып сұрап ұғайын деп тұщынбаса, не сол жерде сөздің расына көзі жетсе де, шыға беріп қайта қалпына кетсе, естіп-есітпей не керек? Осындай сөз танымайтұғын елге сөз айтқанша өзіңді танитұғын шошқаны баққан жақсы деп бір хакім айтқан екен, сол секілді сөз болады”.
Кейкаус “дана адам” десе Абай “есті адам” дейді, екеуінің айтары “тоқмейілсіп мастанба, өзгелердікін ескер, жақсы-жаманын салыстыр” дейді. Патша баласының да, қалың көпшіліктің де даналыққа, естілікке ұмтылу жолы – бір. Кейкауста, Абайда өз тұжырымдамаларында хакімнің айтқанына көбірек сілтеме жасап отырады, бұл артық айтып адаспаудың ең тура жолы және бірінен-біріне жалғасқан даналықтың үндестігі десен болар.
“Кабуснама” мен Абайдың қарасөздерін салыстырғанда заман өзгергенмен адамгершілік құндылық ешқашанда өз қасиетін жоймайтынын және ол туралы қай кезде айтсаңда бір-бірінен алшақ кетпей тұрғанын көреміз. “Кабуснамада”: “Ұят иманға тән” деген екен. Бірақ көп жағдайда шамадан тыс ұяңдық өзіңе зиян келтіреді. Әдеттен тыс ұялшақ болмағын. Ұялшақтық әр кез қателесуіңе себепкер болып, бастаған ісіңе нұқсан келтіредің дейді алтыншы тарауда өнерлі, өнегелі болу турасында. Ал отыз алтыншы қарасөз былайша басталады: “Пайғамбарымыз салалаһу ғалейһи уәсәлләмнің хадис шарифінде айтыпты: “мән лә хаяһун уәле имнун ләһу” деп, яғни кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ екен деген. Біздің қазақтың өзінің мақалы да бар: “ұят кімде болса, иман сонда” деген. Енді бұл сөзден білінді: ұят өзі иманның бір мүшесі екен. Олай болғанда білмек керек ұят өзі қандай нәрсе? Бір ұят бар – надандықтың ұяты, жас бала сөз айтудан ұялған секілді, жақсы адамның алдында жазықсыз-ақ әншейін барып жолығысудан ұялған секілдің дейді. Тіпті Кейқаус баласына: “Жаман істерден, өтіріктен, қанағатсыздықтан ұял; тура сөз, ізгі тілек, жақсы бастамадан ұялма” десе. Абай тыңдаушысына шариғатқа теріс, я ақылға теріс, я абиұрлы бойға теріс істер шын ұятқа жатқызамыз деп сараптайды.
Мұндағы айырмашылық патша баласын “ұят істерден” сақтандырса, ал патшалық Ресей отаршылдарының іс-әрекетін жүрегі сезіп, көңілін суытқан Абай тыңдаушы – халқының арасынан ұялмақ түгіл қызармайтындардың көбейе бастағанына налиды, ұялтайын десем “мен-ақ ұятты болайын, өзің де сүйтпеп пе едің” не болмаса менен басқалар оңып тұрған жоқ деген ұялудың орнына дау айтады деп өз-өзіне сұрақ тастайды: “Осысы ұялған кісі дейміз бе, ұялмаған кісі дейміз бе? Ұялған десек, хадис анау, жақсылардан қалған сөз анау. Осындай адамның иманы бар дейміз бе, жоқ дейміз бе??”.
Біз бұл салыстырулардан мысалға келтіре отырып Абайдың Шығысқа қатысын өзінің зерттеу объектісіне көбірек алып жүрген М. Мырзахметовтің “… “Кабуснаме” мен Абайдың қара сөздерінің құрылысы мен жанрлық, стильдік туыстығы барлығын ескермеуге, әрі ол ерекшелікпен есептесуге болмайды да. Осы себепті біз Абайдың қарасөздерінің өзіндік сипаттарының түп-тамырын шығыс әдебиетінде өріс алған “намелер” дәстүрімен сабақтасып жатқан құбылыс деп танимыз” деген Абай қарасөздерінің “намелерге” байланыстылығын байқата отырып, белгілі ғалым Сейіт Қасқабасовтың “… жанр – қатып қалған тас емес. Оның мазмұны да, түрі де әр дәуір мен қоғам талабына сәйкес дамып, өзгеріске түсіп отырады. Сондай-ақ эстетикалық формула да бір жанрдың ішінде өзгеріп отырадың дегеніндей “намелердің” Абай қарасөздерінде дәлме-дәл көрініс береді деп айта алмаймыз.
Абай данышпандығының бір қыры айтар ойын жалқыдан жалпыға, қарапайымнан күрделіге, ең бастысы өз айналасынан яғни қазақ халқының өзінен мысал келтіре отырып жеке пікірден ұлттық деңгейге, тіпті адамзаттық деңгейде айтарын аңғартып, тамырын тереңге жаюуы, М. Әуезов сөзімен айтқанда Абай: “… өзінің ой-сезім дүниесіне әсер еткен ағымдардың бәрін өзінің өздік ерекше елегінен өткізіп, қорыта өзгертіп өзіндік етіп алады” [1, 172 б].
Бір қарағанда Абай Әбішті балаларымның ішінде “ерекшесі” осы еді деп “әке баласына сыншы” деген әрбір әкеге тән қағиданы айтып тұрғандай, ал түптеп келгенде “толық адам”, “жәуенмәртілік” қасиеттерін өз ұлтына тән сипатта көргісі келсе, Әбіштің бойындағы осы қасиеттерді Абайдың баласы ғана емес қазақтың баласына “балай” отырып, соларға тән сипат ретінде көргісі келеді және Абайдың талап етуі негізсіз емес. Жомарттық – қазақтың ұлттық үрдісі. Ол бастауын сан ғасырлық фольклордан алған Атымтай Жомарт немесе жеке басынан халық қамын жоғары қойған адал қызмет етуші Іамбар батыр болып ауыз әдебиетінде көрініс берсе, жазба әдебиетте Абай мен Алтынсарин шығармаларында қайта түлеген Атымтай мен Әбіш бейнелерінде шынайы өмірдің ортасындағы өміршең, қалыптасқан кейіпкерлер екенін танытты. Іамбар батырдың күш-қайратын, аңшылық кәсібінде халқынан аямады, ал Атымтайдың егіншілік кәсібімен еңбегін, Әбіштің әскери кәсібімен білімін елінен аямайтыны аян. Жәуанмәртілікке тән үш қасиет (ақыл, әділет, рахым) бұларда бар әрі оның дәлелі – бұлар халық үшін істі қолға алғанда мақтан үшін, не әлде біреудің айтуымен емес, осы қасиеттердің қозғауымен өздері қолға алады. Жомарттықтары есепке құрылмайды – міндет етпейді, ақы талап етілмейді – жүрек қалауы, нағыз қазақы сақылық. Абай жәуанмәртіліктің арғы-бергі тарихын әріден таразылай отырып, қазақ халқының бойындағы асыл қасиеттің бірі ретінде бағалай келе ары қарай дамытуын қалайды, “толық адам” дәрежесіне дамытуын Әбіш арқылы жеткізеді: “Жаңа жылдың басшысы – ол; Мен ескінің арты едім”, “Ғылымға көңілі зеректі …”, дей келе былайша жырлайды:
Тура сөзді жақтаған,
Бала айтса хақ сөзді,
Бұрылысмастан тоқтаған.
Аямаған кәріптен,
Қолдан келген көмегі…
Бөтен көзде көрсе жас,
Ойнаймын деп күлдіріп …
Дүниелікке көңіл тоқ,
Ағайынға бауырмал.
Дана Абай кім-кімге де “адам болам десеңіз осындай бол” деп гуманизмнің биік шыңындағы, биік тұлға бейнесін үлгі етеді, сол жолды таңдауға үндейді.
“Кабуснеменың” қырық төртінші тарауында жомарттық туралы кеңінен тоқталып, былайша басталады “Ей, перзентім, егер сен жомарт адамдар сияқты халқыңа қызмет етуді ұнатсаң әуелі жомарттықтың не екенін және оның қайдан келіп шығатынын білген. Адамның адамдық қасиетінде үш нәрсе бар. Бұл үшеудің бірі – ақыл, екіншісі туралық, үшіншісі – жомарттық (адамгершілік, сақылық, қолы ашықтық).
Халықтың жалпы талабына шындық көзбен қарасақ бірде-бір адам ақыл, жомарттық және туралықсыз жұмыс істей алмайды. Өйткені бұл үш қасиет болмайтын адам жоқ, бірақ салғырттық, енжарлық, парасатсыздық және даурықпалық халыққа сол ұлы жолды жауып қойған”. Осы жолдарды оқи отырып Абайдың айтатын адамдық қасиеттер – ақыл, әділет, рахымның бастауы “Кабуснамада” да жатқандығы аңғарылады. Абайдың “Кабуснаманы” оқып-талдағаны дау тудырмайды десекте болады. Абай “Кабуснаманың” араб-парсы тіліндегі түпнұсқасын оқыды ма, әлде аудармаларын оқыды ма, (түрікше 1432 жылы, шағатайша 1860 жылы, татарша 1881, 1898 жылдары, орысша 1886 жылы) сол жағы ғана бізге белгісіз.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
- Әуезов М.О. Абай Құнанбаев, Алматы, 1967, 389 б.
- Әлімқұлов Т. Жұмбақ жан, Алматы, 1993, 221 б.
- Жұбанов І. Шығармалар мен естеліктер, Алматы, 1990, 206 б.
- Мүсірепов қ. Әдебиет – кәсіп емес, өнер, Алматы, 1987
- Бердібай Р. Жұлдыздар жарығы, Алматы, 2000, 246 б.
- Салғараұлы І. Таным баспалдақтары, Алматы, 1993, 118 б.
- Сүйіншәлиев Х.Ж. Абайдың қарасөздері, Алматы, 1956, 150 б.
- Ісімақова А. Қазақтың көркем прозасы, Поэтика, жанр, стиль. Алматы, 1998, 392 б.
- Мырзахметов М. Абайтану тарихы, Алматы, 1994, 191 б.
- Елеукенов Ш. Әдебиет және ұлт тағдыры, Алматы, 1997, 354 б.
- Кабуснаме. Мәскеу. 1953, 213 б.
- Кабуснаме. Алматы, 1992, 157 б.